Көркем антропология төл әдебиетіміздің аз зерттелген саласы болып табылғанымен, оны өнертанудағы тіптен жаңа бағыт деп санауға болмайды. Өйткені ол жеке өнердің теориясы мен дағдысын зерттеуде антропология ғылымының жетістіктерін жинақтайды. Қазіргі қазақ прозасындағы көркем антропологиялық ізденістерді зерттеу, әр кезеңдегі әдеби үдерістегі жазушылар шығармашылығының антропологиялық образдарын айырып қарау әдебиеттегі адам бейнесін тарихи, типологиялық, салыстырмалы-салғастырмалы аспектіде танып-білуге мүмкіндік береді.
Бірақ қазақ әдебиетіндегі көркем антропология өз бағасын әлі алған жоқ. Тәуелсіздік кезеңі тұсындағы қазақ прозасында рухани болмысты ұлттық идея негізінде кейіпкер болмысы арқылы ашуға деген көркем антропологиялық ұмтылыстар кеңінен өріс алды. Адамның жеке дене мүшесіне көркемдік салмақ арту арқылы ұлттық дүниетанымға тән қасиеттерге, көзқарастарға келудің өзі де түрлі қолтаңбалық ерекшеліктерімен көрініс тауып отыр. Г.Шойбекованың «Бұрым» атты әңгімесі – шап-шағын, бар-жоғы екі-ақ беттік әңгіме. «Бұрымыңды кескенің – ақылыңды кескенің», – деді әкесі.
«Бұрымыңды кескенің – өмір жолыңды кескенің», – деді анасы.
«Бұрымыңды кескенің – жаңа өмірге келгенің», – деді құрбысы
«Осы үшеуінің қайсысы әулие», – деп ойлады ол», – [23, 137 б] деген Г.Шойбекованың «Бұрым» атты әңгімесіндегі қазіргі қазақ қызының типтік моделі өзгешелеу болып келеді. Жазушы бүгінгі әйел тағдырын ой өзегі ете отырып, уақыттың өзі тудырған бұл модельдің жан дисгормониясына үңіледі де, бүгінгі ұлттық таным шындығын мегзейді.
Суреткердің алып отырған көркемдік деталі ұтымды шыққан. Бұрым – деталь қызметін атқарғанмен, символға айналып отыр. Бұрым қазақ әйелінің сұлулығының, ұлттық бет-бейнесінің, танымының белгісі іспетті. Біздіңше, өз дүниетанымында, мінез болмысында лирик-романтик жазушының бұл әңгімесінде өмір-болмыс бейнесі авторлық «менімен» үндесіп әрі қым-қуыт қақтығыстарға түсе бейнеленеді. Оның кейіпкері – сырт қарағанда төрт құбыласы тең көрінгенімен, жан дауасын таппай жүрген жан. Автор-кейіпкердің жалғыздығы бір өлшемге сыймайды. Жазушы ұғымында Бұрымды қыздың жалғыздығы, жан жалғыздығы деген – тым күрделі нәрсе. Г.Шойбекованың «Бүйрек» атты әңгімесінің көркемдік әлемін тану үшін көркем антропологиялық ізденістер арқылы шешім табуға тура келеді. «Бір бүйрегің бұрып тұр ма?», «...Бүйрегім бүлк ете қалды...», «...безбүйрек екенсің», «бүйрек бет» деп қазақ атамыз тегін айтпаған. Бүйрекке қазақ сонша мән беруінде маңызы бар екен. Оның себебін Г.Шойбекова өзінің «Бүйрек» атты әңгімесінде ашып көрсетуге тырысқан. Жазушы кейіпкерінің сауалы арқылы өз жұмбағын алға тартады. Автордың ұсынып отырған жұмбағының түйіні шығармасының соңында бірақ шешіледі. Автордың айтпағы: кейіпкерлерінің қарым-қатынасын махаббатқа жорып, тым келте қайырмай, адамдар арасында махаббаттан да биік жақындық, табиғи туыстық болатындығын түсіндіріп, жеткізу.
Сондай-ақ, қазақтың бір қаны бөлек қытайдың бүйрегін салдырғандықтан, бір адам бүйректерінің, екі түрлі ағзада өмір сүрсе де бірін-бірі іздеуі екі бөтен болмысты туыстастыруы қызықты әңгімеленеді. Әңгімеден шығатын түйін: тағы да Адам болмысының бір туар даралығын, қайталанбас қасиеті, оған болмыстан тыс әсер етудің залалды зардабын көркем зерделеу.
М.Балмолданың «Көшпендінің жүрегі» [24] атты әңгімесінде суреткер әуедегі екі кейіпкердің екі түрлі танымы мен болмысын ақша бұлттар деталін беру арқылы жеткізген. Ақша бұлтты Сэм қазақтың кең сахарасындай қабылдаса, Томның көзіне тек қана ақша бейнесінде көлбеңдейді. Осы шағын деталь арқылы автор қасындағы серігі Томнан болмысы асып түспесе, кем емес кешегі темекі компаниясының қожайынының болмысы табиғи түрде өзгеріске қалай ұшырағанын шым-шымдап суреттейді. Автор екітүрлі орта, екі елдің табиғи өзгешелігін екі түрлі кеңістікті психологиялық салыстыру арқылы бейнелеген. Шығарманың фабуласын құрап келген жүректің иесі – қазақ жігіті Семсер Дәуіт. «Жүрекке әмір жүрмейді», деген осы». Және қандай жүрек? Қазақтың жүрегі... Білдей темекі компаниясының иесін, әйгілі миллиардерді алды-артына қаратпай, өзінің ғажапстанына алды да кетті,- дегенде Шарлоттаның жанары ұясынан шығардай шатынай аларып, өкіріп, жұдырығымен шекесін ұрғылай берді. Жанына келіп оны жұбатпақ болған Томның да иегі кемсеңдеп кетті». Автор шағын әңгімесін осылай аяқтап отыр. Суреткер пайымында: Ағылшын миллиардерінің өмірін басқа арнаға бұрып, өзгеріске ұшырауының себебі де – «бір кесек ет» − жүрек екен. Жүрек болғанда, басқа біреудің емес, ата жұртын аңсаған қазақтың жүрегі. Сол «бір кесек еттің» арқасында көзі тірісінде арман болған туған елі мен жеріне өлгеннен кейін де өзінің ата жұртына деген махаббатқа, сағынышқа толы үлкен жүрегі Сэмді дедек қақтырып алып жетіп отыр (ағылшын миллиардеріне өлген қазақ жігітінің жүрегі салынған). М.Баймолданың бұл туындысы антропологиялық ерекшелікпен жазылған, басқа шығармалардан басты айырмасы – жүрек тұжырымдамасын көркемдік деталь ретінде ала отырып, символдық рәмізге айналдыра білуінде, ұлтық идея мен мүддеге, қазақы танымға әңгіме өзегін құруында деп атап өтер едік.
Сонымен, қазіргі қазақ прозасындағы көркем антропологиялық ерекшеліктерге тоқталғанда қазақ қызының бұрымынан бастап, жүрек пен бүйрек турасында жазылған әңгімелерге тоқталып өттік. Жоғарыда талданған шығармаларға қосымша түрде Г.Шойбекованың «Ұлтабар» атты повесінде. «Бұл қазақтың да қоймайтын аты жоқ. Сөз таппай қалғандай «ұлтабары» несі?! Қайдағы-жайдағы жоқ «ұлтабар». Ауылдағы шешелеріміз мал сойылып, сыбаға таратқанда, жас келіндерге ұлтабар беріп жататын» – деп автор қазақы танымымыздағы ұлтабарға аса мән бере отырып, сюжет желісін құрайды. «Ұлтабар жемеген қазақта әйел заты бар ма екен?» деп сауал қоя отырып, осы ағзаны болашақ аналарға жегізуде не сыр барлығын, қазақтың ырымының астарында нендей жұмбақ құпия жатқандығының жауабын автор мен кейіпкері ғылыми медицинадан іздейді. Қазақтың ертеден оның атқаратын қызметін, пайдасын білгеннен кейін солай атап, ырым етіп қалдырғандығын повестің сюжет желісін ширату арқылы пайымдатады. Қаламгер ұлтабарды көркемдік деталь ретінде ала отырып, болашақ ұрпақтың рәмізіне айналдырып отыр. Әңгіменің ішіндегі дәрігердің әңгімесі арқылы ертедегі, ғылым-білім дамымаған ықылым заманда бабаларымыздың дәлелдеп қалдырып кеткен мұраларын әлі күнге дейін пайдалана алмай келе жатқандығымызды меңзейді. Бүкіл ғылым өзіміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізде тұрса да, өзгеден сонылық іздеп адасуымызды да ақырын ғана ишаратпен ұқтырғандай. Ырымды білген қазақтың, оның шығу тегін, бүгінгі күнге пайдасын ұмыт қалдырып жатқандығымызды еске салғандай.
Қазақ әдебиетінде М.Қабанбайдың аяқталмай қалған шығармасы «Кентавр», А.Алтайдың «Кентавры» мен «Түсігі»,А.Кемелбаеваның «Қоңыр қаз» әңгімесін қазіргі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның үлгісін көрсететін туындылар деп айтуға толық негіз бар.
А.Асқардың «Түсік» атты әңгімесі қазіргі қазақ әңгімесіне қосылған антропологиялық негізде өзгеше пішінде жазылған көркем туынды болып табылады. Автордың алып отырған түсігі – кеше ғана жер басып жүрген, ғұмырында тарлық көрмеген, барлықта жалғанды жалпағынан басып жүрген тұрақсыз сезім иесі. Түсікке айналған адам түлкі бұлаңмен өткеніне көз жүгіртеді.
Шығарма өзегі – трагедия. Адамзаттың өз қолымен өзіне өзі жасап жатқан трагедиясы. Қоғам трагедиясы.
Қазіргі жас прозаиктердің шығармаларындағы мифологиялық образдардың бірі – Кентавр образы. А.Алтай әңгімесін «Кентавр» деп атапты. Жылқытұрпат қазақтың қаны мен жаны жайындағы Асқар Алтайдың кентавры – біздің түркілік болмысымыздың негізі. Қазақ пен жылқы бір тұтас. Біздер үшін кентавр – Еуропаның көзіндегі номад, көшпенділер символы. Қазақтың архетипі. Автордың лирикалық кейіпкері ол таңғажайып болмыстағы кентаврға айналады.
Қаламгер «Кентавр» атты әңгімесіндегі көркем антропологиялық ерекшеліктерге тоқталатын болсақ, атап айтарымыз: құлын сәбидің дүниеге келуін шығармасына арқау еткен. Фантастикалық антропологияға жататын шағын әңгіменің ауқымына автор экологиялық, ата-аналық жауапкершілік, өмірге құштарлық, т.б. бірнеше проблеманы сыйдыра білген. Әңгіменің аты − «Кентавр», яғни жартылай адам, жартылай құлын пішінді адам турасында әлемдік әдеби үдерісте шығармалар аз емес. «...Особо яркое впечатление производят в искусстве существа химерические, сочетающие в себе элементы тела человеческого с частями тела животных, насекомых и каких-то фантастических существ. Такие существа часто являются в фантастических романах, в произведениях экзистенциалистов, сюрреалистов» [6].
Автор кейіпкері ертегідегідей тез өсіп-жетілуімен ерекшеленсе де, мифологиядағыдай түр-тұрпаты шығармаға ерекше реңк үстемелейді. Себебі, жазушының ұсынып отырған туындысы: Ертегі мен мифтің және әңгіменің қосындысы фантастикалық антропологияның белгілерімен тұтасып жатыр.
Қазақ прозасында айқындала көрінген бұл құбылысты архетип категориясы тұрғысынан талдаған А.Ісімақова: «Миф поэтикасы қазіргі әлемді ауқымды уақыттық мүмкіндіктер арқылы бейнелеулермен байытып, қолданыстағы мәдени метафоралар мен ассоциациялар қорын кеңейтеді. өз мағыналарын бұрын да танытып үлгерген поэтикалық формулалардың (архетиптердің) «қайта тірілуі» байқалады», – деген пікірді алдыға тартса [22, 38 б].
Қ.Түменбайдың «Періште» әңгімесі. Тақырыбы экологиялық апат болғанымен, мынау жалған қоғамдағы адам жалғыздығы. Қалыпты тіршілік сипатынан бөлек образдар арқылы ой айтудың астарында екі түрлі мән жатыр. Біріншісі, қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның көркемдік құбылыс ретінде көрініс табуы болса, екіншісі, жаңа пішін арқылы әлеуметтік өмір шындығын ашу. Мұнда қазақ халқының тарихындағы қасіретті тақырып − полигон зардабы көтерілген.
Бүгінгі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның іздерін А.Алтайдың «Көз жендет» атты әңгімесінен аңғаруға болады. Автор әңгімесіндегі «Соқыр», «Соқырлық» ұғымдарына терең символика жүктеген. Қаламгердің «Көзжендет» атты әңгімесінде автор бір әулеттің басына түскен трагедияны жұдырықтай алақанат сауысқанға апарып тірейді. Жазушы кейіпкерін өткеніне көз жіберткізіп, шегініс жасайды. Суреткердің шеберлікпен алып отырған психологиялық параллелизмі: соқыр сәби – соқыр адам «А.Алтай мифопоэтикалық ой жүйесі арқылы тарих пен бүгінгі күннің оногенетикалық тамырластығын тануымен, астарлы «қара» мысқылымен дараланады» [18, 514 б].
Қазақ әдебиетіндегі өрнекті прозаның прозаның көріністері фольклордан бастап, «Күлтегін», «Тоныкөк» жазбаларынан, жыраулар мен «зар-заман» поэзиясынан, Абайдың қара сөздерінен және ХХ ғасырдың басындағы Алаш әдебиетінен байқалады. Ең алдымен орнаментальді прозаға санаулы қаламгерлер ғана бара алғандығына көз жеткізуге болады.
Қазіргі қазақ прозасында өте сирек қолданылатын өрнекті прозаның үлгілерін М.Мағауин, Т.Нұрмағамбетов, Д.Әшімханов, Т.Шапай, А.Алтай, Г.Шойбекова, Д.Амантай шығармашылығынан байқауға болады.
М.Мағауин әңгімелеріндегі айшықты прозаның ерекшелігі − композициядағы ішкі ырғақтың жасалымынан байқалады. Мысалы: «Коммунизм! Не ішем, не кием демейсің. Жаппай теңдік. Бәрі ақылды. Бәрі білімді. Бәрі – бір тілде сөйлейтін бір ұлыс өкілі. Капитал әлемі қирап, аштан өліп жатқан кезде жер шарының алтыдан бір бөлігінде – Совет Одағында осындай пейіш орнамақ» [13, 41 б]. Бұл әңгімеде заман, қоғам екі уақыттық бөлікке бөлінген. Мысалы, «баяғыда», «өткенде» және «енді алда». Нешеме жыл мызғымыстай болған кеңес қоғамының, «Коммунизм» идеясының елесін суреттейді. Сондай-ақ композициялық ырғақ «Шипалы Арасан» хикаятында кеңістікті бейнелеуде «Гетенің қамалы» және «тас қақпа» деп беріледі.
Тас қамал – Үй – адамның жеке әлемі. М.Мағауин үшін үй образы «тірі жан» сипатында. Ол қуана алады, қайғыдан жылай алады. Ол өзінде тұрған барлық адамдарды есінде сақтайды, солардың аруағымен, жанымен тығыз байланыста. Үй – биік өрелі, ұлы ақынның тұрған жері. Құрылым құраушы лейтмотивтік қызметтер көркемдік кілт (код) түрінде келіп, автордың ұстанымын, кеңірек алғанда, авторлық дүниетанымын танытады. Үйдің аса маңызды атрибуттарының бірі ретіндегі терезенің мәні үйді әдемілеп, жарық күнмен байланыстыратын семонтикамен өзектес. «Ашық терезе» − көптеген қаламгерлердің әңгімелерінде осы мағынада қолданылған. Мағауиннің үйді игеру, иелену, қоныстану (обретение) мотивінің ерекшелігі: үй − адам баласының кіндік қаны тамған жер немесе ыстық пен суықтан қорғайтын қорған ғана емес, ол адам жан-дүниесіне тұрмыстың, өмірдің үйлесімін сіндіретін қасиетке ие.
Сапар, жол ұғымдары Т.Нұрмағамбетовтің «Туған ауыл түтіні» мен «Айқай» повестері мен Д.Әшімханов шығармашылығында үлкен маңызға ие. Жол шегу − уақытты ауыстыру, өмірді тану, сонымен бірге уақытты, кеңістікті шектеушіліктен арылудың жолы екендігін тұжырымдайды. Д.Әшімхановтың «Жер аңсаған сары атан» повесі − орнаментальды-өрнекті прозаның стилімен жазылған шығарма. Автор өрнекті прозаның стиліне «сары» сөзін икемдеп алады.
Автор оқиға желісін өткенге көз жүгірту арқылы шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгімені бастайды. Қаламгер бұл жерде де детальға жүгінеді. Жазушы өрнекті прозаның стилімен мамаағашқа екпін түсіре, алдағы келе жатқан трагедиялық жағдайды тұспалдайды.
Т.Нұрмағамбетовтің шығармаларындағы [25, 82 б] «иіс» аса маңызды, «Туған үйдің түтінінің иісі», «Ата қоныстың, кіндік қаны тамған жердің», «жалғыз ұлдың иісі» атрибут ретінде алынады. Баланың иісі, әке үйінің иісі (нан, ананың киімі, оның қабірінің бір уыс топырағы) − бұлардың барлығы кейіпкер жан дүниесінің тереңіне бойлап, көмескіленген анаға, туған жерге деген махаббатын қайта жаңғыртады. Иіс мотиві өзіндік авторлық ремаркамен беріліп «туған үй иісі» бүгінгі замандастарға адамның қасиеті туралы ой түсіріп, жан әлеміндегі тылсым, тұнық сезімдердің оянуына түрткі болады.
Ал. Т.Шапай шығармашылығындағы айшықты прозаның көрінісін беретін тағы бір атрибут − айна. «Айна сарай» мен «Әулие» әңгімесіндегі айна лейтмотиві – адамның әлемді оның алғашқы танымдык қасиеттерін тануын мегзейді. Бұл символ − «жарык дүние бастауынан, күннің шығысынан көрге дейінгі түсініксіз, беймәлім жайттардың» рәмізі.
Д.Амантай прозасындағы «ақ түс» ғажайып құбылыстарды тануға жұмсалған (әйел образы, түс, Ыстықкөл және қар, ақ түс және өлім). Ең алдымен «ақ түс» түс (ұйқы) образында табиғат тамашасынан эмоционалдық, сезімнің оянуы арқылы, қызға деген махаббаты оянуы арқылы кейіпкер күнделікті өмірдегі күйкі тірліктен биіктейді. Кейіпкер жан түкпірінде өзіне өзі есеп береді, өзіндегі өзгеріс себебінің таңғажайып сәтін, рахатын жібергісі келмейді. Сондықтан оның ернін жымқырып, үнсіз отыруына мән берілген. Дидардың кейіпкерлері әрдайым жалғыз, тек бір сәт қана өзге адамның жан дүниесімен шарпысып қалады. Сондай-ақ жазушы шығармашылығында қара су, қарағайлы орман, күн сәулесі, түн, жаңбыр негізгі рөл атқарады. Қар мен жаңбыр жазушы өмірінің тұрақты атрибуты. Қардың өзінің әр түрлі мағынасын кұлпырта пайдаланады. «Бір уыс топырақ» әңгімесіндегі қар ұшқыны, қалың қар т.б. Жазушының көптеген шығармаларына ене отырып, қар образы кейіпкердің жан түпкіріндегі сырын ашудың лейтмотивіне айналды. Ал, «Қасқыр құйрық қарағай» Алтай орманының, Қарқаралы өңірінің белгісі ретінде алынған.
Көпеген қаламгерлер шығармашылығында ішкі сюжет динамикасы жоқ болғанынан ол бір еске түсіруден екінші еске түсіруге көшу арқылы жасалады. Кейіпкер өз жан-дүниесіндегі қайғылы сәттерін еске түсіру арқылы жанын тазартады, айналасындағы бақытты адамдарға қарап қызығады, өмір мәнін түсінеді. Монтажды композицияда бейнелеудің рақурсы өзгеріп отырады. Мысалы, М.Мағауин «Тағдыр жазуы» және Т.Шапайдың «Жазу» ракурс ұшқан кұс биіктегенде көрінсе, уақыт пен кеңістік космостық кеңдікте алынып, кейіпкер жердің қозғалысын сезінеді. Кейіпкер санасында уақыт екі жақты көрінеді, жай және тез, қас-қағым сәт немесе жайбарақат қалып.
ХХІ ғасыр – ақпараттық технологиялар ғасыры. Қарапайым қарым-қатынастың өзі жаппай виртуалдық сипатқа ие болған заманда бұл виртуалдылық сипаттың қоғамның әр саласына, соның ішінде өнер мен мәдениетке де әсер етуі − заңдылық.
Әдебиетте басты назар виртуалды бейнеге емес, белгілі бір виртуалды бейнені қалыптастыратын мәтінге аударылады. «Таза» виртуалды бейне өздігінен талдау нысаны бола алмайды. Оқырманның танымында қандай да бір виртуалды бейнені қалыптастыратын мәтінге ғана талдау жасалады.
Көркем туындыларда виртуальды бейненің екі түрін бөліп көрсетсек;
номинативті виртуальды бейне;
виртуальды бейне-троп.
Виртуальды бейне-троп, адамның ішкі жан-дүниесін бейнелеуді білдіреді. Басқа сөзбен айтқанда, виртуальды бейне-троп − бұл тұлғаның өзін-өзі бейнелеуі болып табылады. Көркем туындыларда барлық кейіпкерлер виртуалды болып табылады, яғни, олар нақтылы өмірде емес, автордың ішкі дүниесінде, содан кейін барып оқырман туындыны оқыған кезде оның ішкі дүниесінде өмір сүреді. Сондықтан автор нақтылы өмірдің виртуалды сыңарын қалыптастырған кезде өзінің виртуалды адамдарына өздерін нақтылы өмірдегі адамдар сияқты қылықтар жасауына мүмкіндік береді: олар басқа адамды бейнелейді (олардың сыртқы бейнесін, мінез-құлқын, іс-әрекет ету жағдайын және т.б.), немесе өзін сипаттайды (өзінің жан дүниесін сипаттайды).
Осы виртуальдылықтың қазіргі қазақ прозасындағы көрінісіне келетін болсақ, Т.Шапайдың «Дос», Г.Шойбекованың «Адамгершілік», «Шындық», А.Алтайдың «Түсік», т.б. әңгімелерінде адам болып жаралғалы айтылып та, жазылып та, болашақта да жазылатын мәңгілік тақырыптар – адамгершілік, мейірімділік, жалқаулық, пендешілік, т.б. сөз болады.
Т.Шапай өзінің әңгімесін «Менің бір досым бар еді. Жанымдай көретін досым еді. Мен сол досымды жоғалттым» [10, 82 б], − деп бастап, кейіпкерін бір өкініш, бір сарғайған сағынышқа салып, өкіндіре мұңайтады. Тұрсынжан Шапайдың кейіпкерінің сағынышы бір бөлек, елден ерекше өз алдына бет-бейнесі де жоқ, елес тәрізді досын іздеп шарқ ұрады. Жазушының шеберлігінің өзі − осы жоқ, көзге көрінбейтін нәрсені көркем бейне персонажға айналдыруы. Иррациональды сипат Т.Шапай прозасына етене тән. Пәлсапа мен ғибратқа құрылады. Тегінде оның күллі прозасында қазақтың ұлттық әдебиетіне ежелден тән негіз, ұлттық дүниетанымның түйіні, қазіргі тілмен айтқанда менталитет көрініп тұрады. Мысалы, қазақ халқының мақал-мәтелдерінің түбінде түйіршіктелгендей сезілетін қара өлеңі жатыр. Бұл әңгімеде Дос кескінінде рухани ұлы қасиет, адамшылық ділі беріледі. «Досым мені көп қинамай, есімін өзі айтты: – Тәуба». Бірінші жақтан баяндау − автордың сүйікті тәсілі. «Жастығым, жарлылығым сол досыммен көрікті еді». Бұл − өзімшілдікті өмірдің шарты санайтын адам «менінің» таза кезі. Адам баласы араны ашылып, тәубасын жоғалта бастайды. Содан жаны азап шегетінін өзі де байқамайды. «Бейнесіз бір елестің сағынышы құса қылды». «Көң домалатқан қоңыздай тірнектеген тірлігім ақыры рәсуа боп, желге ұшты». Бұл да − қазақтың ұлттық дүниетанымы: «дүние боқ, дүниеқоңыз».
Автор өзара ұқсас, жылғалас, бір айдынға құятын өзеннің салалары тәрізді бір сарынды әңгімелерінде бір мотивті жиі пайдаланады. Ол − жалғыздық әбден бүріп, жанын депрессия, түңіліс, сары уайым меңдеген адамның өмірдің мағынасын іздеп аласұруы. Тылсым сарай, айна, көл, сайтан, әулие – бәрі де бір «жан дүние» – «меннің» түрленген атаулары. Кейіпкер ұдайы шыңырауға, көлге, лабиринт сарай, сиқырлы айнаға қарай береді. «...Бар ғаламның қайғысы көкірегімнен қопарылып бірге шыққандай, дертімнен құлан-таза айықтым». Бұл − осы әңгімедегі адам тәубесіне түскенде табатын жан рахаты. Тегінде автордың кейіпкері сайтанның арбауынан шығуға қимайтын шәкірт, яғни мұсылманшылықты басы бүтін қабылдай алмай жүрген, иманы толық емес, скепсистен кетуге дәрменсіз атеист сияқты әсер қалдырады. Бұл − біздің қоғамның ортақ болмысы.
Е.Батпановтың «Жанымдай көретінім жауым екен» атты мөлтек әңгімесі де лирикалық кейіпкер өзінің досы, жан жары туралы сыр шертеді. Былай қарап отырсаңыз, автордың айтып, баяндап отырғаны бәрімізге ете таныс жағдайлар тәрізді болғанымен, авторлық шешім басқада. «Мен оны жанымдай жақсы көріп жүрсем, жауым екен. Соның аты да қызық еді. Иә-иә, оның аты ЖАЛҚАУЛЫҚ болатын...» Сонымен Е.Бапанов ЖАЛҚАУЛЫҚҚА жан бітіріп, Т.Шапайдың досы (ТӘУБӘ-ге) ұқсас оны тірі образға айналдырады.
Г.Шойбекова «Адамгершілік» атты әңгімесін ертегі айтып отырғандай ерекше бір пішінмен бастайды. Жазушы шағын әңгіменің жұмбақтау түрін таңдап алыпты. Бірінші жақтан баяндалған әңгіменің ерекшелігі − «ертегі» дейін десең ертегіге, «кейіпкер бейнесінің екіге жарылуы» дейін десең, оған келмейтін виртуальдылық. Автор адам бойындағы ізгі қасиеттерді кейіпкер етіп алып отыр. Жалаң уағыздаумен адамгершілікті әспеттемейді. Керісінше, аталмыш қасиетті жабысқақ, адамды мезі ететін мінез иесі ретінде суреттеп, айтпақ ойын ым, ишаратпен оқырман талқысы мен пайымына оқиға желісін ширату арқылы жеткізеді. Қаламгер кейіпкер мен адамгершілік арасындағы виртуальды диалогты өкпе-наз түрінде береді.
Г.Шойбекова адамзат баласының жақсы-жаман қасиетттеріне жан бітіріп, тірілтіп оларды да адами келбетке келтіреді. Авторлық шешім кәріні жасқа айналдырып отыр. Г.Шойбекованың осыған және Т.Шапайдың «Тәубасына» ұқсас тағы бір әңгімесі бар. Ол әңгіме «Шындық» деп аталады. Ұқсас дейтініміз: шығарманың басталуы ұқсас стильмен басталады. Бірінші жақтан баяндалып, Шындық өз басынан кешкенін баяндайды. Дегенмен, сюжет желісі бөлек. Егер, Т.Шапай «Досының (ТӘУБА-ның) атын ұмытып, сол беймәлім досын іздеп шарқ ұрса, Г.Шойбекованың бірінші әңгімесіндегі қартайған «АДАМГЕРШІЛІГІ» ана құрсағындағы жас шаранаға айналса, мұндағы бас кейіпкері − «анасынан туғаннан Жалаңаш» жүреді екен. Автордың кейіпкерінен адамдар жерініп, жатсынған сайын ол жалғыздыққа бой ұрады.
Кейіпкер жалғыздықтан қашып, адамдарға бір табан жақын болу үшін бет-жүзін бояуға (маска киюге) мәжбүр болып отыр. Жазушының алға тартып отырғаны − «тазару», жай тазару емес рухани тазару. Жалпы қазақ тілі қолданысында «бүркемесіз шындық», «боямасыз шындық», т.б. деп қолданып жүрміз. Суреткер шеберлігінің өзі осы Шындық сөзінің сын есімдік тілдік қолданысынан сюжет желісін шығара білуінде. Тілдік қолданысымыздағы Бүркемесіз шындық авторлық танымда керісінше киім-кешек киген, үстіне шүберек жапсырған Бүркемелі шындыққа, ал, боямасыз шындық қаламгер шығармашылығында, керісінше, боямалы шындыққа айналған. Авторлық таным: ШЫНДЫҚ әрқашан да бүркемесіз, боямасыз болса екен», − деп қаламгер кір болып қалған кейіпкерін (ШЫНДЫҒЫН) жуындырып әлек, бірақ, қанша жуынғанмен тазарғанын көрмейміз. Біраздан соң бәрі қайта қалпына түсіп, шаң басады. Авторлық таным тән тазалығы емес, жан тазалығы қажет. Тәнімізді тазартқанда, жанымызды тазартуды да ұмытпалық», − деген ой түйдіреді.
Қазақ әңгімесіндегі виртуальды образдардың бейнелену пішіндерінің өзі әртүрлі. Мәселен, Т.Шапайдың «Аңыз» атты әңгімесі Ж.Қорғасбектің «Қасқыр адам» атты хикаяты бойынша жазылған. Автор ЖАҚСЫЛЫҚ атты басты кейіпкеріне қарама-қарсы етіп ЗҰЛЫМДЫҚТЫ Қасқыр бейнесінде алып отыр. Қаламгердің бұл шығармасының жоғарыда тоқталып өткен виртуальдық әңгімелерден еш айырмашылығы жоқ тәрізді болғанымен, бұл туындының өз ерекшелігі бар. Ол − бұл шығарманың итерпретация үлгісімен жазылуында, яғни жарық көрген бір шығарманы оқу барысында туындаған. «Аңыз» − бұл жанры этюд тәрізді, бір үзік ой. «Содан бері Жақсылық Зұлымдықты асырап келеді екен». Лейтмотиві − осы. Қазақ ертегілері мен аңыздарының сарыны.
Сонымен қорыта келгенде, қазіргі қазақ әңгімесіндегі виртуальды әңгімелер желісі өзіндік соны өрнектері, жаңа ой түйіндерімен ерекшеленеді. Бұл тақырыпқа көптеген суреткерлер қалам сілтегенімен айтар ойлары, көтеріп отырған авторлық танымдары бір. Виртуальды проза тамыр өзегін сонау фольклорлық шығармалардан алып, бүгігі күнге дейін өз өміршеңдігін жоймаған.
Мистикалық проза. Қазақтың қазіргі мистикалық прозасы өзінің арнау-бастауларын фольклордан алғаны бәрімізге мәлім, Осы фольклордағы мистикалық аңыз-әңгімелер қайта түлеп, реминесценция үлгісінде жаңа сипатқа ие болып отыр. Тұрсынжан Шапайдың «Жазуы» – мистикалық әңгіме. Себебі, онда діни кітаптарда айтылатын, адам өмірінің құпиясын жазған жазмыш тақтасы елес түрінде беріледі. Автор қарапайым ситуацияны трагедиялық биікке көтеріп жібереді. Кейіпкердің қыр соңынан қалмайтын, жел ұшыратын бір жапырақ қағаз − қазақ дүниетанымындағы маңдайдағы жазу. Автор ұлттық танымды мұсылмандық түсінікпен астастырып жіберген. Автордың бұл тұжырымдамасының бесенеден белгілі бұйрық, жазмыш, тағдыр дейтін танымдар ерекше пафоспен берілгендіктен, авторлық таным мен діни таным ара жігін ажырату қиынға соғады. Яғни, мистикалық тебіреніс арқылы автор әсер етудің көркемдік амалын тапқан. Ал, М.Мағауиннің «Тағдыр жазуы» да мистикалық әңгіме болғанымен, берілу пішіні бөлек.
Тұрсынжан Шапайдың «Жазуында» – жалпы адамзаттың тағдыры жатыр. Ал, М.Мағауиннің «Тағдыр жазуы» – бұл жалқы тағдыр. Жазушының жеке тағдыры. Оның «мені». Расында, «Мен» атты өз романының мистикалық нұсқасы. Жазушы Гораций, Пушкиндерден үлкен әдебиетте мирасқа қалған тұлғалық «менді» айтып тұр. Бұл оның өзіне деген анық сүйіспеншілігі, сол себепті асылық та танылмай қалмайды. Алғашқы әңгімеде (Т.Шапайда) Құдайға құлшылық идеясы астарлай білдіріліп тұр. Екіншісінде құдай идеясы жоқ. Балалық шақтың баянынан автор 60-тан асқан шағына бір-ақ тоқталады. Мұнда да өң мен түс. Жазушы фәни дүниедегі өз биігіне жеткен. Жазушылық болмысты ол Тәңірі құты деп таниды. Жазушы мұны зор мәртебемен айтса керек. Тағдыр мен шығармашылық тұтасып кеткен. Бұл − шығарма әңгіме осынысымен құнды. Өз тағдырына ерен разы тәрізденеді. Өйткені өлмейтін сөз ғана. Рух мәңгі жасайды. Көк тастағы жазу − сол рухтың бұйрығы. Соған бағынып жазушы жыраулар поэзиясын қайта жаңғыртты. Қазақты ұлтсызданудан сақтауға аянбай қызмет қылған, Абай жолын жалғаған Мұхтар Мағауин «Тағдыр Жазуын» осылай ұғады. Өз жолын қоса саралайды. Мұнда шынайы өмір мен мистика аралас. Автор мұның ара жігін білдірмей жібереді. Бұл әңгімеде «Болмасаң да ұқсап бақ» дейтін ұлы философия сарыны бар. Мистикалық сарын толыққанды көрінбегенімен, бір тақырыпты қаузаған екі ұрпақ өкілі (аға, орта буын) М.Мағауин мен Т.Шапай екі түрлі жол тапқан. Ортақ белгі – тағдыр, өлім болмысының ортақ ұқсастығынан туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |