Несиелік қабілеттілігі – ұйымның несие алу мен оны дер кезінде, яғни уақытында және толық көлемде есептелген пайыздарымен қайтару қабілеті. Банктер несиелік қабілеттілікті талдау үшін несиені өтеу алмау немесе, керісінше дер кезінде қайтаруға әсер ететін факторларды зерделейді.
Несиелік қабілеттілік қаржылық тұрақтылықпен тығыз байланысты және ол ұйымның несиені өтеу үшін қажет болған жағдайда әр түрлі көздерден ақша қаражаттарын жұмылдыру қабілетін көрсетеді. Несиелік қабілеттіліктібағалау болашақ төлем қабілеттілікті болжауға мүмкіндік береді, несиелік қабілетті талдау төлем қабілеттілік, қаржылық тұрақтылық пен капитал пайдалылығын талдаумен байланысты. Несиені қайтарудың негізгі кепілі ұйымның тұрақты жұмысы, рентабелділіктің жоғары деңгейі мен айналым құралдарының айналымдылығы болып табылады.
Ұйымның несиелік қабілетінің оның төлем қабілетінен бір айырмашылығы – онда өткен кезеңдегі немесе қандай да бір күндегі төлемсіздікті есепке алмайды, яғни мұнда алдағы уақыттардағы қарызды өтеу қабілеті болжанады. Өткен уақыттардағы қарыз алушының төлем қабілетсіздігінің дәрежесі клиенттің несиелік қабілетін бағалау барысында көңіл аударатын ең бір формалды көрсеткіш болып табылады.
Егер ұйымның мерзімі өткен берешегі болып, ал балансы өтімді және жеткілікті меншікті капиталының мөлшері болса, онда өткен кезеңдегі бір жолғы төлемдерді кешіктіру ұйымның несиені төлеуге қабілетсіз деп қорытынды жасауға негіз болып табылмайды. Несиелік қабілеттілігі бар ұйымдар банкке, жабдықтаушыларға, бюджетке ұзақ уақыт төлем жасамауға жол бермейді. Банк клиентінің несиелік қабілеттілігі нақты қарызды нақты қарыз алушыға берумен байланысты банктің жеке тәуекелінің деңгейін сипаттайды.
Әлемдік және отандық банктік тәжірибе ұйымның несиелік кредиттік қабілеттілігінің өлшемдерін белгілеуге мүмкіндік берді: ұйым мінездемесі; борышты өтеу үшін ағымдағы қызметі барысында қаражат табу қабілеті (қаржылық мүмкіндігі); капитал; несиенің қамтамасыз етілуі; несие мәмілесі жасалатын жағдайлар; бақылау (ұйымның қызметінің заңнамалық негізі, борыш сипатының банк және қадағалау органдарының стандарттарына сәйкестігі).
Ұйымның мінездемесі деп оның заңды тұлға ретіндегі беделі және менеджерлерінің беделі, қарызды қайтарудағы жауапкершілігі және несиенің мақсатының банктің несиелік саясатына сай келуі түсіндіріледі.
Ұйымның несиелік қабілеттілігінің негізгі өлшемі борышты өтеу үшін операциялық қызметі барысында қаражат табу қабілеті болып табылады. Мұнда баланс өтімділігіне, ұйым қызметінің тиімділігіне (пайдалылық), оның ақша ағындарына бағдарланған жөн.
Капитал ұйымның несиелік қабілеттілігін анықтайтын маңызды өлшемі болып табылады. Бұл ретте оны бағалаудың екі аспектісі маңызды:
капиталдың жеткіліктілігі, ол жарғылық қор және қаржылық леверидж коэффициенттерінің ең аз деңгейіне қойылатын талаптар негізінде талданады;
несиеленетін операцияға салынатын меншікті капитал дәрежесі, ол банк пен қарыз алушы ұйым арасында тәуекелді бөлуді растайды.Меншікті капиталдың салымы неғұрлым жоғары болған сайын, ұйымның несиелік тәуекел факторларын мұқият қадағалауға қызығушылығы соғұрлым артады.
Несиені қамтамасыз ету депұйымның активтерінің құны және несиелік келісімшартта белгіленген нақты борышты өтеудің қосымша көзі (кепіл, кепілдік, кепіл болушылық, сақтандыру) түсіндіріледі. Ұйым банкрот деп жарияланған жағдайда активтер мен борыштық міндеттемелердің арақатынасы несиені өтеуде маңызы болса, онда қосымша көздің сапасы қаржылық қиындықтар туындағанда өз міндеттемелерін уақытында өтеуге кепілдік береді. Кепілдің сапасы, кепілгер мен сақтандырушының сенімділігі банк клиентінің жеткіліксіз ақша ағыны жағдайында (өтімсіз баланс немесе капитал жеткіліксіздігі) өте маңызды.
Несиелік операция жасалатын шарттарға елдегі, аймақтағы, саладағы ағымдағы немесе болжамды экономикалық жағдай, саяси факторлар жатады. Аталған шарттар банктің сыртқы тәуекелі дәрежесін анықтайды және ақша ағынын, баланс өтімділігін, капитал жеткіліктілігін, ұйымның менеджмент деңгейін бағалауда банк стандарттары туралы сұрақтарды шешуде ескеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |