Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет25/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Жиырма бесінші тарау
Мария Сильва жоқшылық зарын көп тартқан, кедейлік дегеннің не
екенін білетін əйел еді. Руфь үшін кедейлік тұрмыстағы белгілі бір
тарыншылық қана. Бұл туралы оның білігі осыдан аспайды. Мартин
Иденнің кедей екенін біле тұрса да, Руфь қиялында оның өмірін жас
Авраам Линкольннің өмірімен немесе мистер Бэтлердің не болмаса осылар
сияқты өмірін жоқшылықтан бастап, ақырында барша мұратына жеткен
адамдардың өмірімен салыстырушы еді. Кедейшілік қолайсыз екенін біле
тұра, оны ақылы мен қабілеті бар кісінің мансапқа жетуіне қамшы болады
дейтін буржуазиялық пікірді қостайды. Сондықтан Руфь Мартиннің сағаты
мен пальтосын зақылетке бергенін естігенде онша қобалжи қойған жоқ.
Қайта тезірек ақылы кіріп, əдебиетпен айналысуын қояр деп үміттенді.
Мартиннің жағы суалып, жүдеп кеткенін көргенде Руфь оны аштықтан
деп ойлаған жоқ. Қайта өзгере бастапты ғой өзі деп қуанды, қарашы, ажары
нұрланып, нəзіктік белгісі пайда болғанын, бұрынғы əрі еліктіріп, əрі
жеріндіріп тұратын жануарлық жабайы қыртысы таралған тəрізді-ау деді.
Кей уақытта Руфь оның көз жанарынан айрықша нұр көріп, таң қалушы
еді, жігіттің арманы, өзінің қалағаны — ақынға не ғалымға ұсағандай
көретұғын. Бірақ, Мария Сильва Мартиннің ұрты суалып, көзінің жайнап
кетуін өзгеге жорыды, осы белгілеріне қарап, ол Мартиннің шабан-шардақ
болғанын байқады. Бір күні үйден пальто киіп шығып, жер лайсаң күн
салқында пальтосіз қайтқанын көрген. Сонан кейін аз уақыт ажары кіріп,
көзіндегі аштық белгісі сөнгендей болған еді.
Мария көп ұзамай сағат пен велосипедтің де жоқ болып кетіп, сол тұста
Мартинге тағы жан кіре бастағанын байқаған. Мария Мартиннің жұмысты
өте көп істейтінін біліп жүрді. Өйткені, шамға құйған кəресіннің есебі өз
қолында ғой. Жұмыс! Мартиннің жұмысы өзгеше кəсіп болғанымен өзінен
кем бейнеттенбейтінін жақсы түсінеді. Бірақ, тамақты неғұрлым аз ішсе,
жұмысты солғұрлым көп жасайтынына таң-тамаша. Оқтын-оқтын Мартин
қатты ашығып жүр-ау деген күндері, бір баласынан жаңа пісірген нан беріп
жіберетін еді: татып көрсін, мұндай дəмді нанды өзі пісіре алмайды ғой,
деп қулық жасағанситын да. Анда-санда бір аяқ ыссы сорпа жібереді,


жіберуін жіберсе де, өзінің қаны мен тəнінен жаралған жас бөбектерінің
ризығын аузынан жыруға не хақым бар еді деп қынжылады да. Мартин
мұнысына қатты риза, себебі ол кедейдің кедейге деген рахымын бағалай
біледі.
Бір күні Мария кілең қызыл қарын балаларын бар тамағымен жаңа ғана
тойындырып бола бергенде, су ала келген Мартинді қалған он бес цент
ақшасына бір галлон арзан шарап алдыртып, қонақ еткен. Əуелі екеуі бір-
бірінің денсаулығына көтерді. Онан кейін Мария Мартиннің жұмысы сəтті
болсын деп, Мартин Джемс Грант жудырған кірінің ақшасын тезірек
төлесін деп тағы көтерді. Джемс Грант балташының көмекшісі, борышын
уақытында өтемей, Марияға түйдей үш доллар бересі-ді.
Аш қарынға ішкен қымыран шарап екеуінің де басына шықты. Бұлар
бір-біріне былайша мүлде ұқсастығы жоқ кісілер. Алайда екеуі де
қайыршы, жалғыз басты жандар ғой, ешуақытта жаман аты аталмайтын сол
қайыршылық екеуін бірге берік көгендеген тəрізді. Мария Азор
аралдарында туып, он бір жасына дейін сонда тұрған екен. Мартин Азор
аралдарында болып едім дегенде Мария бір қуанды. Мартиннің Гавайя
аралдарында болғанын естігенде Мария онан жаман қуанды. Себебі əке-
шешесі кейін сонда көшіп барыпты. Ал өзі тұрмысқа шығатын Мауйи
аралында да болғанын айтқанда Марияның қуанышы қойнына сыймай
кетті. Бақса, болашақ күйеуімен алғаш танысатын Кагулуи аралында да
Мартин екі рет болған екен. Ойпырай, кілең қант тиеген кемелер əлі көз
алдымда! Сонда болғаныңыз рас па? Жасаған-ау, дүние шіркін, тіпті, тар
екен ғой! Вайлукуда болдыңыз ба? Онда да болыпты! Ал плантацияның ең
басты бақылаушысын білесіз бе? Білмегенде ше, жігітіңіз оның да
денсаулығына арнап, кезінде бір стакан шарабын қағып жіберіпті.
Осылай өткен-кеткенді еске ала отырып, екеуі аш өзегін ашыған
шараппен алдады. Мартинге өзінің болашағы үмітсіз сияқты көрінген жоқ.
Ерте ме, кеш пе, мұратына жететінін, елге атағы жайылатынын білді. Сол
болашақтың тынысы мен лебін қазір-ақ сезіп жүр. Көп ұзамай уысына да
түсетін шығар. Осы арада ол алдында отырған əйелдің омсырайған
кескініне сынай қарады, жіберген наны мен сорпасы есіне түсті, қатты риза
болды, жақсылығына жақсылық қайтарғысы келді.
— Мария,— деді ол кенет дауыстап,— дүниедегі ең бір арманыңыз не?


Əйел түсінбей бетіне қарады.
— Осы қазір не керек, не тілер едіңіз?
— Жеті пар башмақ — балаларға.
— Ол тілегіңіз орындалады,— деді Мартин, Мария қуанып, басын
изеді.— Ал, онан гөрі қомақтырақ ештеме қаламайсыз ба?
Марияның көзінен қуаныш нұры жадырады. Мартин əзілдеп отыр ғой
деп ойлады. Оған ешкім бір ауыз жылы сөз айтпағалы не заман.
— Ойланыңыз, асықпаңыз,— деді ол Мария айтайын деп аузын аша
бергенде.
— Яхшы,— деді əйел,— ойландым. Маған үй кирак, өзімдікі үй кирак,
— тегін тұру үшін. Айына жеті доллар төлемеу үшін.
— Бұл тілегіңіз де орындалады,— деді Мартин.— Тез арада
орындалады. Ал ең зор тілегіңіз қандай? Мені бір не қаласаңыз соны
орындай алатын құдірет деп біліңіз де, іркілмей айта беріңіз.
Мария бір минуттей ойланып отырды.
— Айтсам — қорқасыз.
— Жоқ, жоқ, қорықпаймын, айта беріңіз,— деп күлді Мартин.
— Үлкен нəрсе ғой, ах, өте үлкен.
— Жарайды, жарайды. Айтыңыз.
— Яхшы.— Əйел өзінің ең ардақты, ең асыл арманын айтар алдында
балаша күрсініп қойды.— Маған кирак ферма — сүт ферма. Көп сиыр, көп
шабындық, көп-көп пішен. Сан-Лианның маңынан. Сан-Лианда апам
тұрады. Оклендке сүт сатам. Ақша көп болады. Джо мен Ник сиыр
бақпайды. Жақсы школға барады. Үлкен инженер болады жол салатын. Иə,
сүт ферма кирак маған.
Мария сəл кідіріп, екі көзі жайнап, Мартинге қарады.


— Бұл да болады.
Мария ыржиып күлді, уəде еткен дүниесін ешқашанда бере алмасын
білсе де дарқан мырзаның құрметіне бір ішіп қойды. Бірақ, Мария
Мартиннің шын ықыласына разы еді, бермесе де — бергендей көрді.
— Иə, солай, Мария. Ник пен Джо сиыр бақпайтын болады. Жыл бойы
сабақ оқиды, əдемі башмақ киеді. Үй-қорасымен үлкен фермаңыз болады.
Шошқа, тауық, бау-бақшаңыз — қысқасы не керек,— соның бəрі болады;
бір қызметкер, тіпті, екі қызметкер ұстауға да қаражатыңыз жетеді. Бала
тəрбиелеуден өзге түк істемейсіз. Егер қолайлы кісі кездессе, қосыларсыз,
ол фермада жұмыс істер, сіз бейнеттен босарсыз.
Сонымен, Мартин болашақтағы мол игілігінен береген қолымен біреуге
зор сый тартып, өзі бір киер жалғыз костюмін закылетке беруге алып кетті.
Бұл оған оңай соққан жоқ, бір киерінен айырылса, Руфьті де көре алмайды.
Мартиннің өзге тəуір костюмі жоқ, жамау түскен матрос курткасымен ет,
нан сататын дүкеншіге, оқта-текте апасынікіне ғана бармаса, Морздардың
үйіне қарай аттап баса алмайды.
Мартин бұрынғысынша тырбана берді, бірақ қайғы-қасірет жеңіп,
арманынан күдер үзуге жақын еді. Екінші ұрыста тағы жеңілдім деген ой
жиі келетін болды, қайтадан жұмыс іздеу керек. Бұған дүкеншілер, апасы,
Руфь, тіпті, тағы бір айға борышты болып қалған Мария да — бəрі разы
болар еді. Жалға алған жазу машинасының ақысын төлемегеніне екі ай
болған, енді магазин: не төле, не машинаны қайтар деп отыр. Тағдырға
мойын ұсынып, күресін қолайлы күн туғанша тоқтата тұруға ұйғарған
Мартин темір жол почтальоны болу үшін емтихан тапсыруға барды. Өзі
бірінші болып өткеніне таң қалды. Рас, орынның қашан босайтыны белгісіз
екен.
Осындай қысылтаяңда баспа машинасы жүрісінен бір жаңылды.
Тегершігі тайып кетті ме, жоқ майы таусылды ма, кім білсін, бір күні
таңертең почтальон желімдеген кішкене конверт əкелді. Мартиннің конверт
бұрышындағы «Трансконтиненталь айлығы» деген штампына көзі түсіп
кеткен еді. Жүрегі алып ұшып, дір етіп, кілт тоқтай қалды. Бүкіл денесі, екі
тізесі қалтырап қоя берді. Бөлмесіне барып, əлі ашылмаған конвертті
ұстаған күйі керуетіне отыра кеткен кезде қуанышты хабар естіген
адамның жүрегі қалай жарылып кететінін анық білгендей еді.


Əрине, мұнан артық қуаныш хабар жоқ. Мынадай кішкентай конвертке
қолжазба сыймайды, Мартин «Трансконтиненталь айлығына» «Қоңырау
күмбірі» деген бec мың сөзден тұратын «үрейлі» əңгімесін жібергенін
біледі. Жақсы журналдар қалам ақысын қолжазбаны алысымен төлейді
дейді ғой, сонда мына конверттің ішінде чек жатқан болар-ау. Əр сөзіне екі
центтен есептегенде, ғазіретіңізге мағлұм, мың сөзіне жиырма доллар;
демек, мынау жүз доллардың чегі екен ғой. Жүз доллар! Мəссаған!
Конвертті бұзып жатып, қиялында борышының бəрін есептеп үлгірді:
бақалшыға 3 доллар 85 цент; қасапшыға— 4.00; наубайшыға—2.00; овощқа
—5.00; жамғысы – 14.85. Хош, бөлмеге – 2.50, бір айының ақысын бұрын
төлеу үшін – 2.50; машинаның екі айлық ақысы — 8.00, бір ай бұрын төлеу
үшін – 4 00; барлығы 31.85. Тағы, зақылеттегі нəрсе-қараны алу үшін:
сағатқа—5.50; велосипедке — 7,75, костюмге 5.50 (60 процент өсімқорға —
мейлі бəрі бір ғой!). Нe бəрі— 56.10. Осы цифр көз алдында жарқырауық
əріппен жазылып қойғандай жайнап тұр. Қалған 43 доллар 90 цент зор
байлық, оның үстіне бөлме мен машинаға алдын ала төленіп қойылмақ.
Осы кезде конвертті ашып жіберіп, ішінен машинаға басылған бір
жапырақ қағаз алды. Чек жоқ. Конвертті сілікті, көзіне сенбей жарыққа
тосып қарады, жыртты. Чек жоқ. Сонан кейін хатты алып оқыды,
редактордың мақтау сөздерінің астарында жатқан шындықты, не себепті
чек жібермегенін білгісі келді. Себебін айтпапты, бірақ бір жерін оқығанда
төбесіне найзағай түскендей болды. Қолынан хат түсіп кетті. Көзі
бұлдырап, сылқ етіп жастыққа құлай кетті де, қалтыраған қолдарымен
үстіне одеялын тартып жамылды.
«Қоңырау күмбірінің» құны бес-ақ доллар бопты. Бес мың сөзге – бес
доллар! Əр сөзіне екі цент емес, жоқ, он сөзінe бір-ақ цент! Баспашы өзін
мақтаған. Əңгіме басылып шығысымен чегіңізді, іле-шала жібертемін
деген! Демек, əрбір сөзіне кемінде екі цент төлейді, қолжазбаны
қабылдаса-ақ ақшасын кідіртпейді дегендері жалған екен ғой. Шылғи
өтірік болып шықты ғой, қап, қармаққа түскен екен. Мұндайын білгенде
жазбайтын еді. Руфьтің көңілін алдау үшін — жұмыс істейтін еді ғой.
Жазуға кеткен есіл уақыты есіне түскенде, жүрегі тас төбесіне шықты.
Сонда, ақыр аяғында, осылай он сөзіне бір цент алу үшін итшіленіп,
арамтер болғаны ма! Айтпақшм жазушы дəулетті, құрметті кісі болады
деген лақап емексіту үшін айта салған газетшілердің сандырағы екен ғой.
Жазушы мансабы туралы жұрттан естігендері былшыл боп шықты: дəлелі
мінеки. «Трансконтиненталь айлығының» бір саны жиырма бес цент


тұрады, əшекейлі əдемі мұқабасына қарағанда ең жақсы журнал болуға
тиіс. Бұл ертеден келе жатқан, Мартин Иден дүниеге келмей тұрғанда шыға
бастаған қадірлі журнал. Оның мұқабасына «Трансконтиненталь
айлығының» биік мақсатын көрсететін дүние жүзіне əйгілі бір жазушының
нақыл сөзі əрдайым басылып тұрады, ол данышпан жарықтық мансабын
осы журналдан бастаған екен. Міне, сол биік мақсатпен рухтанған журнал
бес мың сөзге бес-ақ доллар төлепті! Осы арада жаңағы киелі нақыл сөз
айтқан автордың жуырда ғана шет жұртта қайыр тілеп жүріп, қайтыс
болғаны есіне түсе кетті де, бұған, сірə, таң қалуға болмас, деді.
Иə, тотитқан екен. Қармаққа іліккен екен. Жазушылардың қаламақысы
туралы газеттердің жазғаны бекер болды, солардың сандырағына ерем деп,
қайран екі жыл ғұмырын босқа сарп етіпті. Енді осы да жетер. Мұнан
былай бір ауыз сөз жазсам ба — көрерсіз! Ол Руфьтің өтінішін, өзге
жұрттың тілеуін орындайды — қызметке кіреді. Мартиннің есіне Джо
түсті. Ол қазір ешбір əрекетсіз сандалбайлап жүр. Мартин де қызыққандай
күрсініп қойды. Күн сайынғы он тоғыз сағат жұмыс титығына жеткен екен
— енді сезіп отыр. Бірақ Джо ғашықтықтың, ол жүктейтін
жауапкершіліктің не екенін білмейді ғой, сондықтан ешбір еңбек етпей
дүние ақтап кетуіне хақы бар. Ал Мартин жұмыс жасауға тиісті һəм
жасайды да. Күні ертең ол қызмет іздейді, күні ертең Руфьке: тұрмысымды
мүлде өзгертемін, енді əкейіңіздің конторына қызметке орналасамын деп
хабар етеді.
Бес мың сөзіне бес доллар, он сөзіне бір цент — міне, көркем өнердің
базар нарқы осы! Мұның алдау екені, əділетсіздігі, оңбағандығы жаныңды
күйдірмес пе. 3.85 цифры — бақалшыға бересісі, жұмулы жатқан көзіне
оттай басылды. Мартин тоңды, сай сүйегі сырқырады. Əсіресе, белі
қозғалтпайды. Басы зырқылдайды — төбесі ойылып кеткендей, көк желкесі
шаншып, бүкіл бас сүйегі мен миы солқылдайды; əсіресе, қабақ сүйегі
кеміріп, шыдатар емес. Көз алдында бəз баяғы 3.85 цифр жарқырап тұр,
жанын жеп барады. Осы беймаза пəледен құтылсам екен деп көзін ашып,
күндізгі күн жарығына көзі түйілді, қайта жұмды, 3.85 тағы да жарқ ете
түсті.
Бес мың сөзге бес доллар, он сөзге — бір цент. Міне, осы бір ой миын
бұрандалап тесіп барады, бұл да көз алдынан кетпей қойған 3.85 цифры
сияқты ойынан кетер емес, құтылуға дəрмен жоқ. Ақыры бір кезде цифр
бүлкіл қағып, бұзыла бастады, қайтер екен деп Мартин де қарай қалды,


бірте-берте өзгере келіп, ол 2.00 болып шықты. А,— деді Мартин,—
наубайшыға бересі борышым екен ғой. Онан кейінгі цифр 2.50. Өмірі мен
өлімін осы цифр шешетіндей Мартин керемет қызығып кетті оған.
Ойпырау, осы кімге екі жарым доллар берешегім бар еді, кімге? Осыны
анықтау керек, қалай да анықтамай болмайды. Осыған жауап іздеп ол
қатерінің ұзыннан ұзақ қараңғы коридорын аралап кетті, жадында қалған
əртүрлі керексіз ой үзігі мен мəліметтің бəрін қопарды, бұлың-бұлың қуыс-
тесігінің бəрін ақтарды. Осылай маталумен əлденеше ғасыр уақыт өткендей
болды оған. Бақса, ол Марияға беретін борышы екен ғой. Осы бір шым-
шытырық шатпақты ажыратып алғаннан кейін Мартин: уһ, енді
тынығайыншы деді. Жоқ, тыным көрер емес. 2.50 сөніп еді, орнына 8.00
цифры жарқ ете түсті. Иə, бұл сегіз доллар қай қарызым? Ой шытырманын
аралап, тағы да азапты ауыр сапар шекпек керек.
Қанша уақыт қаңғырғанын Мартиннің өзі де білмейді (түпсіз
шыңырауға түсіп кеткендей). Бір кезде есік қағып, Марияның: немене,
сырқаттанып қалдыңыз ба, деген дауысынан оянып кеткен екен, сəл есін
жинап, əлдебір танымайтын жат кісідей, жай, көзім ілініп кетіпті, деп күңк
етті. Бөлме қараңғы екен, таң қалды. Хат күндізгі сағат екіде келген, қазір
қас қарайыпты. Тегі, ауырса ауырған да шығар.
Мінеки, 8.00 цифры тағы пайда болды, тағы ойланды, тағы да
зорланды. Ендігі ойы қулық жасамақ. Ой шытырманын аралаудың қажеті
жоқ. Бұрын бұл қалай есіне келмеген! Қатерінің доңғалағын айналдырып
жіберсе болып еді ғой, ол айналды да — зыр айнала жөнелген доңғалақ
өзін де ілестіріп, қараңғы қуысқа алып кетті.
Мартин өзін бір кезде кірханада көргеніне таңырқаған жоқ, каток
астына крахмалдаған манжеттерді жазып салып тұр екен. Манжеттердің
бəрі цифрмен таңбаланған. Тегі, киімге жаңа белгі соққан-ау деп ойлап,
таңбасына қараса 3.85 цифры тұр. Осы арада бақалшының счеты есіне түсе
кеткен Мартин: жарайды, счеттардың бəрін катоктан өткізу керек деді.
Бірақ зымиян ой сап ете қалды оған. Счеттардың бəрін ол еденге шашып
жібереді, түк төлемейді. Айтты — бітті. Манжеттерді мылжалап-
мылжалап, лас еденге лақтыра берді. Үйінді таудай болды, бақса, счеттың
əрқайсысы өз-өзінен екеу, он, мың болып көбейіп кетіпті. Тек Марияның
екі жарым долларлық счеты көбеймеген. Олай болса, Мария өзіне қысым
көрсетпейді екен ғой. Ол соған ғана қарызын өтемек болды да едендегі
дода-дода жатқан қағаздың арасынан Марияның счетын іздеді; ол көп


ғасыр бойы ылғи іздеумен болды; бір кезде кенет қонақ үйдің иесі — əлгі
жуан голландиялық жетіп келді. Ашудан түтігіп кеткен, дүниені күңірентіп
айғай салды. «Манжеттердің құнын жалақыңыздан ұстап қаламын!»—деді
ол. Үйінді кенет тауға айналды. Мартин оның құнын төлеу үшін бір мың
жыл жұмыс істеуі керек екенін түсінді. Ендеше өзге ылаж жоқ, қонақ үйдің
қожасын өлтіріп, кірхананы өртеу керек. Сол кезде жуан голландиялық
желкесінен ұстай алып, сілкіп-сілкіп, үтік тұрған столдан, плита, каток, кір
жуатын, кір сығатын машиналардан асыра лақтырып кеп жіберді. Мартин
ауада шырқ үйірілді, тістері сақылдап, екі шекесі дыңылдады,
голландиялықтың мұншама қайратына қайран қалды.
Енді бір қараса, жуылған, катоктан өткен манжеттерді қабылдап, өзі
тағы да катоктың қасында тұр, оның ар жағында айлық журналдың
редакторы манжеттерді катоктың табанына төсеп, бері қарай өткізіп тұр
екен. Байқаса, əрбір манжет чекке айналып кетіпті. Мартин бəйек болып,
чектерге үрейлене қарайды, ешбірі толтырылмаған. Мартин соның ішінен
өз есіміне жазылған жалғыз чекті көрмей қалам ба деп қорқып, катоктың
қасында миллион жылдар бойы чек қабылдап тұрды. Бір заманда күткен
чегі шыға келді. Мартин қалтыраған қолдарымен оны жарыққа тосып
қарады. Бес доллардың чегі. Сол кезде «Ха-ха-ха!»—деп баспашы катоктың
қалтарысына тығыла қоймасын ба. «Жарайды, тап қазір өлтірейін сені»,—
деді Мартин. Балта іздеп, көрші бөлмеге кірсе, қолжазбаларды крахмалдап,
Джо тұр. Қап, қолжазбаны құртады-ау деп, Мартин қолындағы балтасын
Джоға сыбап кеп жіберді. Балта қалт етіп, ауада тұрып қалды. Мартин енді
кері жүгіріп катокка келсе — алай-дүлей ақ боран. Жоқ, ол ұйытқыған
қарлы боран емес, əрбіреуі мың долларлық қисапсыз көп чек. Чектердің
бəрін жинап, жүз данадан дестелеп, əр дестесін лентамен байлады.
Бір уақыт Джо жетіп келді. Ол жонглерше үтіктерді, сырт көйлектер
мен қолжазбаларды кезек-кезек атқылап, қақпақыл қылып тұр. Кейде
дестелеген чектерді ала сала аспанға ырғытып жібереді, чектер төбеден
өтіп, зым-зия жоқ болады. Мартин тұра ұмтылып еді оған, Джо қолындағы
балтасын жұлып алып, аспанға атып жіберді. Іле-шала Мартиннің өзін де
лақтырды. Мартин үйдің төбесінен тесіп өтіп, əуеде айнала қармалап
жүріп, қолжазбаларын жинап алып, бір құшақ қағазымен жерге қонды. Бір
кезде əуеге тағы көтерілді, шырқ көбелек айналып аспанда жүрді де қойды.
Жырақтан əлдебір əн салған баланың дауысы естіледі: «Билеші, Вилли,
менімен, тағы бір рет билеші!»—дейді.


Кілең чек, крахмалдаған көйлек пен қолжазбалар ағараңдап аспандағы
Құс Жолы боп кетіпті, балта да сонда тұр. Мартин жерге қайтқасын Джоны
дереу өлтірейін деп, балтаны алып алды. Бірақ ол жерге қайтқан жоқ. Түнгі
сағат екіде Мария Мартиннің ыңыранып, ыңқылдап жатқанын қабырға
арқылы естіді де, бөлмесін ашып кіріп, айналасына ыссы үтік, ісініп,
қанталаған көздеріне сулы орамал қойып кетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет