1. Фронтальдық әдіс кезінде жаттығушылардың бәрі бір тапсырманы орындайды. Оқушыларды жаңа оқу материалымен таныстырғанда, сақтандыру мен көмекті керек етпейтін қарапайым жаттығуларды үйренгенде, жақсы меңгерген қозғалысты жетілдіргенде осы әдіс қолданылады. Оқушыларға қимыл-әрекетті көп орындату, яғни сабақ тығыздығын жоғарылата алу мүмкіншілігі құндылығын арттырады. Фронтальдық әдістің негізгі варианттары: жаттығушылардың тапсырманы бір уақытта орындауы, жаттығуларды кезектесіп орындауы, жаттығуларды толассыз орындауы және ауысымды орындауы. Бір уақытта орындау кезінде барлық жаттығушылар бір жаттығуды санақ бойынша, музыка сүйемелдеуімен орындайды. Дене тәрбиесі жаттығуларын кезектесіп орындауда екіден, үштен өзара көмектесу, өзара сақтандыру, өзара бағалау арқылы орындайды. Құрал-жабдықтар, снарядтар аз кезде бұл вариантпен жаттығулар жасау өте тиімді болып табылады. Жаттығуларды толассыз орындау кезінде алдыңғы оқушы жаттығуды аяқтамай, келесі оқушы жаттығуды бастап жібереді (мысалы, алдыға аунап түсуді үйренгендегі толассыз орындаулар). Ауысымды жолмен жаттыққанда барлық оқушылар бірнеше ауысымға бөлініп (4-6 одан да көп оқушыдан) бір жаттығудф реттілікпен «толқын» түрінде орындайды. Сабақ өткізу орнына, қолда бар снарядтар, құрал-жабдықтарға байланысты қолданылады.
2. Күрделі жаттығуларды тереңдете үйренгенде топтық әдіс қолданылады. Бұл кезде барлық жаттығулар жынысына, дене қуаты дайындығы деңгейіне байланысты бірнеше ұсақ топтарға бөлінеді. Әрбір топ мұғалімнің бақылауымен әр түрлі тапсырмалар орындайды. Сабақ кезінде топтардың тапсырмалары, жаттығу орындары ауысуы мүмкін.
3. Оқушылардың тапсырма алып, жеке өз бетімен дербес орындауын дара ұйымдастыру әдісі дейміз. Көбінесе жеке тапсырма дене қуаты дайындығына, денсаулығына байланысты беріледі.
4. Шеңберлі әдіспен ұйымдастыру деп жаттығушылар топтарға бөлініп, белгіленген тапсырманы бір «станциядан» келесі «станцияға» ретті ауыса (шеңбер бойынша) отырып орындауын айтамыз. Бұнда өткен материалдарды бекіту үшін және дене қуаты қасиеттерін тәрбиелеу үшін қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |