22. Қазақ философиясының ерекшеліктері
Қазақ философиясында басқа халықтар тәрізді Әлем мен Адам екі дүниенің сырын ашуға ұмтылған. Аспан денелерінің қозғалысына тандана қарап, өзінше ой түйген. Көк аспанның сырын ашуға талпынған. Жұлдызды әлемнің жұмбақтарын ашуды арман еткен. Нәтижесінде дүние туралы түсінігі, көзқарасы қалыптасқан. Адам бойындағы небір тылсым күштерді де тануға ұмтылған. Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшелектері өзі өмір сүрген ортамен тікелей байланысты. Қазақ халқы басқа еуропа халықтары сияқты табиғатты өзгертуге немесе оған үстемдік етуді мақсат етіп қоймаған. Керісінше, табиғатқа бейімделіп, онымен гармониялық қатынас орнатуды мақсат тұтқан. Қазіргі заман тілімен айтқанда, көшпенді қазақтардың экологиялық санасы биік болған. Бұл - біріншіден. Екіншіден, қазақ дүниетанымының ерекшеліктерін айтқанда, ескерер мәселе, ол - қашанда олардың еркіндік пен бостандық сүйгіштігі. Қазақ жерінде ешқашанда құлдық болмаған. Үшіншіден, қазақ қашанда теңдік пен әділеттілік мәселесіне қатты назар аударған. Төртіншіден, теңдікке негізделген әділеттіліктен әлеуметтік айырмашылықтар мен әлеуметтік топталу аз болған. Бесіншіден, байлыққа жетуден гөрі ар-намысты жоғары ұстау халықтың қанына терең сіңген құндылық. Онымен тығыз байланысы бар нәрсе - бар затқа қанағат ету де қазаққа тән қасиет. Алтыншыдан, ұжымдық мүддені жеке мүддеден гөрі жоғары ұстау – ол да көшпенділік өмір салтынан шыққан құндылық. Жетіншіден, өне бойы көшіп-қону барысында қашанда әр қилы қиындықтарды, қауіп-қатерлерді бастан кешуге тура келді. Ол - ерлікті, батырлықты қасиет етуді талап етті. Сегізіншіден, көшпенділердің өмірі өне бойы қауіп-қатерлерден, соқтығыстардан тұрғаннан кейін ол күнбе-күнгі өмірді бағалап, алудан гөрі болуды жаратқан. Әрбір күнді той-думанға айналдыру, өзін шешен сөзбен, даналықпен көрсете білу, әртүрлі сайыстарға қатысу, «сегіз қырлы, бір сырлы болу» бабаларымызға тән нәрселер болған. Тоғызыншыдан, дүниеге, басқа халықтарға деген көңілінің ашықтығы, қиналғандарға риясыз қол ұшын беру - бұл да біздің халықтың керемет қасиеттерінің бірі болып саналады. Оныншыдан, көшпенділердің негізігі құндылықтарының бірі - ата-ананы, үлкендерді сыйлау. Әрине, халықтың мыңдаған жылдар шеңберінде бойына жинаған көп қадір-қасиеттерінің ішінен біз негізгілерін ғана көрсеттік. Қазақ философиясының ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ: Біріншіден, қазақ философиясында онтологиялық (болмыс) және гносеологиялық (дүниетаным) мәселелерден гөрі адам мәселесіне көбірек көңіл бөлінеді. Екіншіден, адам мәселесі, қазіргі тілмен айтқанда, көбінесе экзистенциялық тұрғыдан қаралады және ол көшпенділік өмір салтын түсірсек түсінікті де болар. Үшіншіден, Отандық философияда абстрактылы-теоретикалық жүйелер жасау өте сирек кездесетін құбылыс - философиялық ізденіс адамның нақтылы өмірдегі жүріс-тұрысын сараптауға, яғни практикалық мәселелерге көбірек көңіл бөлінеді. Төртіншіден, адам болмысының этикалық жақтарына: жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс, абырой т.с.с. категорияларға терең талдаулар жасалады. Бесіншіден, қоғам өмірінің негізгі мәселесі ретінде әрқашанда әлеуметтік әділеттілікке көбірек назар аударылады; Алтыншыдан, Отандық философияны аксиологиялық философия десек те болғаны, өйткені, онда құндылық әлеміне зор қөңіл бөлінеді. Енді мәселені нақтылай түсіп, Отандық философияның негізгі сатыларына қысқаша көз жіберейік. Басқа халықтардың философиясы сияқты Отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Егер аңыздармен бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейтін болар. Өйткені, өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды, ол оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар, нақыл сөздер. Олардың көбі жаңа ғана жарық көріп, философиялық тұрғыдан талдануда. Көне түріктердің түсінігі бойынша, бұл Дүние жоқтан бұрын пайда болған. Оны ұстаға ұқсайтын Жаратқан тудырды. Дүние негізінен: жер, су, от, ауадан тұрады. Ол неше түрлі қайшылыққа толы: жер мен күн, өмір мен өлім, адам мен табиғат, бақ, құт пен зардап, жарық пен қараңғы, жылы мен суық т.с.с. Аспанға көз жіберген ежелгі түрік бабаларымыз оны Тәңір Жаратқан әлеміне жатқызған. Сонымен қатар, көне түріктердің нанымында ерекше орынға ие болған әйел Құдай - Ұмай болды.
ХV-ХVIII ғ.ғ. философиялық ой - толғамдар негізінен жыраулық түрде дамыды. Қазақ халқының ақын-жырауларының ішінен Сыпыра жырауды, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырауларды атауға болады. Қазақ халқының тарихында XIX ғасыр ерекше орын алады. Бұл ғасыр қазақ мәдениетінде «ағартушылық философия» деп аталады.
Қазақ ағартушылық философиясының көрнекті өкілдері: Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев. Ш.Уалиханов (1835—1865) – ұлтының ұлылығын әлемге әйгілеген ұлы ғалым. Болашақ ғалым дала әніне, ана уіліне, түркілердің елдігімен ерлігіне әлдиленіп өскен. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек болған фольклорды қадір тұтты. Ол «Ер Едіге» жырының үш нұсқасын өзара салыстырып, жаңа нұсқасын жасаған кезде Шоқан небәрі жеті жаста еді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын да сол кезде қағаз бетіне түсірген. Елінің тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын, экономикасын жетік білген ел ағасы Шыңғыстан, өз заманының тек білімді ғана емес, сонымен қатар озық ойлы, парасатты, зиялы әкесінен болашақ оқымысты зор ғибрат алған. Ш.Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, Н.А.Добролюбовтың еңбектерін оқып-үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады. Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, барша шығармаларынан дерлік философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады Қазақ жеріндегі шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер - алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, «Тәңір (құдай)» мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдары себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді. Сонымен, Шоқан сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін, оның объективтік заңдылықтарға бағынатындығын мойындайтын философиялық көзқараста болғанын көреміз. Қазіргі кезде философияның негізгі мәселелерінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау XIX ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан түпсіз сырға толы ғажайып таңдану пәні болды деп көрсетеді. Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) дүниетанымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Ы.Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!» (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылдықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсариннің дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз. А.Құнанбаев (1845-1904) қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл. Оның шығармашылық мұрасы өлең, дастан, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай - өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» (А.Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), - дейді. Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді. Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдар бейнесін көруге болады. Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931) Шығармалары: «Үш анық», «Мұсылмандық шарты». Оның «Үш анық» еңбегінде ар-ұждан мәселесі қарастырылады. Шәкәрім біріншіден - онтологиялық жолындағы гносеологиялық, таныммен, екіншіден, дін жолындағы теологиялық дүниетанымды екінші анық деп көрсетеді. Ал үшінші анығы Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтереді. «Адамдағы: ынсап, әділет, мейірім - үшеуі қосылып ұждан деген ұғым шығады. Мұны орысша «совесть» деп атайды. Бұған нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң тазарта алмайды. Ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылмен сынап істесе, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды» - дейді.
Барлық құқықтар қорғалған. EL.KZ белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://el.kz/news/archive/content-28303/
Достарыңызбен бөлісу: |