Досаева Б. Т., Койшыбаев Н., Жаугашева С. А


Пысықтауға арналған сұрақтар



бет38/137
Дата08.12.2023
өлшемі4.06 Mb.
#485902
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   137
annotation81765



Пысықтауға арналған сұрақтар


1. Ньютон заңдарының тұжырымдамаларын беріп, формулаларын жазыңдар; оларға кіретін шамалардың физикалық мағынасын түсіндіріңдер.
2. Импульстің сақталу заңының тұжырымдамасын беріңдер, оны жазып дәлелдеңдер.
3. Механикалық жұмыс дегеніміз не? Жұмыс пен энергия арасындағы байланыс қандай? Механикалық энергияның түрлерін атаңдар.
4. Энергияның сақталу және түрлену заңын тұжырымдаңдар, жазыңдар және дәлелдеңдер.
5. Қысым күші және қысым дегеніміз не?
6. Паскаль заңын тұжырымдаңдар.
7. Сұйықтың қысымы ыдыстың тұрпатына тәуелді ме?
8. Гидравликалық процестердің жұмыс принципін түсіндіріңдер.
9. Біртекті және әртекті сұйықтар үшін қатынаспалы ыдыстардың заңдарын тұжырымдаңдар.
10. Архимед заңы қалай тұжырымдалады?

2.МОЛЕКУЛАЛЫҚ ФИЗИКА ЖӘНЕ ТЕРМОДИНАМИКА


2.1. Молекулалық –кинетикалық теорияның негіздері

Заттың құрылысы молекулалық-кинетикалық теория бойынша молекулалардан тұрады (латынның “молес” – масса деген сөзінен “молекула” – кішкентай масса). Молекула деп заттың химиялық қасиеттерін сақтайтын ең кішкентай бөлшегін атайды.


Молекула атомдардан тұрады (“атомос” – бөлінбейтін деген грек сөзінен). Мысалы судың молекуласы сутегінің екі атомынан және оттегінің бір атомынан тұрады, ол мына түрде жазылады: H2O. Қандай да бір табиғат құбылыстары кезінде молекулалар өзгеріссіз қалатын болса, онда зат өзінің химиялық қасиеттерін сақтайды. Егер де молекулалар өздерінің құрылымын өзгертетін болса, немесе жеке атомдарға ыдырайтын болса, онда физикалық және химиялық қасиеттері басқа болатын жаңа заттар түзіледі. Мысалы судың молекуласын сутегінің және оттегінің атомдарына ыдыратуға болады. Осы газдарды химиялық жолмен одан да қарапайымырақ заттарға ыдырату мүмкін емес.
Қарапайым бөліктерге тіптен ыдыратуға болмайтын заттарды химиялық элементтер деп атайды: оттегі, қорғасын, азот және т.б. Әрбір химиялық элементке атом сәйкес келеді, оның Менделеев кестесінде белгілі орны (нөмірі) болады. Атомдардың топ болып бірігуі заттың молекуласын түзеді. Бірдей молекулалардың жиынтығы заттың белгілі бір түрін береді. Заттың химиялық және физикалық қасиеттері оның молекулаларындағы атомдардың санымен және түрімен анықталады. Заттың қасиеттері атомдардың бір-біріне қатысты орналасуларына да тәуелді болады. Мысалы, графит пен алмаз көміртегі атомдарынан тұрады және ішкі құрылысы жағынан олардың айырмашылығы атомдардың өзара орналасуында ғана. Бірақ бұл заттардың физикалық қасиеттерінің айырмашылығы бар: алмаз өте қатты, жарық үшін мөлдір, ток өткізбейді, ал графит өте жұмсақ, мөлдір емес, өткізгіш болып табылады.
Ақыры, заттың қасиеттері сыртқы жағдайларға да байланысты болады. Бұлардың барлығы да молекулалар мен атомдардың бір-бірлерімен әрекеттесетіндігімен және химиялық энергиясы болатындығынан шығады. Табиғатта бақыланатын құбылыстардың басым көпшілігі дерлік осы атомдар мен молекулалардың өзара әрекеттесуі және қозғалысымен түсіндіріледі.
Зат құрылысының молекулалық-кинетикалық теориясының негізгі қағидалары:

  1. барлық заттар молекулалардан тұрады;

  2. кез келген заттың молекулалары үздіксіз, тынымсыз және хаостық (бей-берекет) қозғалыста болады;

  3. молекулалар (атомдар) арасында азғантай қашықтықтарда тартылыс күштері де, тебілу күштері де әсер етеді; бұл күштердің тегі электромагниттік.

Енді осы қағидаларды дәлелдейтін кейбір құбылыстарға тоқтала кетейік.
Тәжірибе көрсеткендей, барлық газдар оңай сығылады. Бұл газ молекулалары арасында біршама жеткілікті ара қашықтықтардың бар екендігін дәлелдейді. Сұйықтар мен қатты денелер де сығылады, бірақ газдарға қарағанда сығылуы өте аз. Бұл – сұйықтар мен қатты денелерде де молекулалар-аралық бос кеңістік, аралықтың бар екендігін, бірақ олардың газдарға қарағанда әлде қайда аз болатындығын көрсетеді. Бір заттың молекулаларының екінші зат молекулаларының арасына еніп кетуінің нәтижесінде түрліше газдар мен сұйықтар өзара араласу, қатты денелердің сұйықтарда еру, сұйықтар мен қатты денелердің кебу құбылыстары өтеді. Газ молекулаларының берілген көлемді толығынан қамтуға тырысуы олардың молекулаларының тынымсыз хаостық қозғалыста болатындығын көрсетеді.
Молекулалардың хаостық қозғалысын көбіне жылулық деп атайды, себебі ол температура түсінігімен тығыз байланысты: дененің температурасы неғұрлым жоғары болса, солғұрлым оның молекулаларының жылулық қозғалысы жоғарырақ, солғұрлым оның әрбір молекуласына келетін орташа кинетикалық энергия көбірек болады. Кинетикалық энергия қозғалыс жылдамдығының квадратына пропорционал болатындықтан, денені қыздырған кезде оның молекулаларының орташа қозғалыс жылдамдығы артады, ал суытқан кезде кемиді.
Молекулалық физикада зерттелетін құбылыстар молекулалардың орасан зор санының қозғалысымен және өзара әрекеттесуімен анықталады, сондықтан мұндай құбылыстарды сипаттау үшін молекулалар әлемін сипаттайтын шамалардың орташа мәндерін пайдаланады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   137




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет