Уильям Шекспир ( 23 сәуір 1564 жылы, Стратфорд Эйвон, Англия — 23 сәуір 1616 жылы сол жерде) — ағылшынның ұлы драматургы әрі ақыны, әлемнің ең әйгілі драматургтарының бірі, кем дегенде 12 трагедия, 16 комедия, 6 тарихи хроника - соның ішінде бірнеше бөліктен тұратын 4 поэма және 154 сонеттен құралатын циклдар авторы. Оның пьесалары әлемнің түгел дерлік тірі тілдеріне аударылып, басқа авторларға қарағанда ең көп қойылады. Шекспирдің шығармалары ағылшының тілінің байытылуына орасан үлесін қосты. Мысалы, көптеген сөз тіркестері қанатты сөз ретінде күні бүгінге дейін қолданылады.
Уильям Шекспир 1564 жылы 23 сәуірде Эйвон өзенінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі айтарлықтай ауқатты қала тұрғыны еді (саудагер болған, қала мэры болып да сайланған). Уильям Джон Шекспирдің үшінші баласы еді, одан басқа тағы жеті баласы болған. 7 жасында Уильям ең жақсы деп есептелетін грамматикалық мектепке барды (1571-1578), онда латын және көне грек тілдерін үйренді. Әкесінің кедейленуіне байланысты мектепті бітіре алмай, 16-ға толар-толмас жасында жұмыс істеуге мәжбүр болады (ет сатушының шәкірті, ауылдық мектепте репетитор т.б.). 18 жасында Уильям Анна Хесуэй деген өзінен 8 жас үлкен фермердің қызына үйленеді.
XVI ғ. аяғында театр ағылшын халқының сүйікті өнері болды. Ол кезде Лондонда онға жуық театр болған. 1585-1612 ж. Шекспир Лондонда тұрды. Ол өзі жақсы көрген театрды төңіректейді: әуелі театрға келушілердің атын бағушы, соңынан актер, режиссер, драматург болады. Лондонға келген алғашқы күндерінен-ақ Шекспир студенттермен тығыз байланысты болды. Оның пьсалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылды. Сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болды.
1593 ж. Шекспир Джеймс Бербедж басқарған ең жақсы труппаға кірді. Труппаның мүшелері 1599 ж. «Глобус» театрын салды. Бұл театрда Шекспирдің пьесалары жиі қойылды.
1612 ж. Шекспир туған қаласына қайтып оралады. Оның айналасында туғандары болады, бірақ сүйікті театры болмайды, ал театрсыз Шекспир өмір сүре алмады. 4 жылдан соң өзінің туған күнінде 23 сәуірде 52 жасында Шекспир қөз жұмды. Ол Стратфорд шіркеуінде жерленді.
Шекспир ескі, феодалдық дүниенің күні бітіп жатқандығын түсінді. Бірақ ол ақша мен баюға құмарлық үстемдік еткен буржуазияның жаңа дүниесімен де келісе алмады. Жазушының пікірі бойынша жауыздық барлық жерді жайлаған, ол сезім атаулының – сенім, әділет, сүйіспеншіліктің бәрін де уландырып отыр. «Менің айналамда көріп отырғанымның бәрі де жексұрындық», – деп үндейді ақын.
Шекспир адамның ұлылығын терең түсінді. Шекспирдің ұлы трагедиясының кейіпкері Гамлет: «Адам қандай тамаша жаралған! Оның ақыл-ойы қандай ізгі. Іс-әрекеті қандай дәл, қандай тамаша. Әлемнің сұлуы», – дейді. Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында
Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар армандарының жүзеге аспайтындығын көрсетті. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтады. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеті жетпейді. Шекспир 37 пьеса (трагедия, комедия, тарихи драма), сондай-ақ көптеген өлең жазды. Шекспирдің антик мифологиясының сюжеттеріне жазылған 2 поэмасы бар («Венера мен Адонис», «Лукреция»).
Достарыңызбен бөлісу: |