Публицистикадағы әдеби сын
С.Е.Тапанова
ф.ғ.д., профессор ЕҰУ
Сағат Әшімбаевтың тілімен айтсақ: «Сын – өнер. Сын – уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық эстетикелық, фиолософиялық ой-сананың өзгеше бір формасы»[1,267- б.].
Қазақ сынының алғаш тууына ерекше әсер еткен Абай шығармашылығы екені тарихтан белгілі. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері, тіпті поэмаларының тәрбиелік мәні қазақ тұрмысын, қазақтың мінез-құлқын сынға алу арқылы ерекшеленеді.
XIX ғасырдың екінші жартысында “Түркістан уалаяты”, “Дала уалаяты” газеттерінің бетінде әдебиетке қатысты материалдардың жиі көрінуі әдеби сын тарихындағы жаңа кезеңнің басы болды. “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті беттерінде жаңа кітаптардың шығуы туралы хабарлардан бастап, жекелеген жазушыларға арналған ғұмырнамалық мақалалар, әдеби шолулар, түрлі тақырыптағы мақалалар көптеп көріне бастады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров т.б. қазақ әдебиеті жайлы құнарлы пікірлер айтты.
XX ғасырдың 20-жылдары қазақ әдебиетінің жаңа дәуірде қандай бағытта дамуы керектігі туралы көрнекті әдебиет қайраткерлері жайлы қызу пікір алысулар болды. Әсіресе Абай, Мағжан шығармашылықтары жайлы айтыстар өткен ғасырдың жирмасыншы жылдарындағы әдеби сынның орталық мәселелеріне айналды. А.Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышы” (1927), Х. Досмұхаметовтің “Қазақ халық әдебиеті” (1928), Ғ. Тоғжановтың “Мағжанның ақындығы мен Жүсіпбектің сыны” (1926), “Әдебиет және сын мәселелері” (1929) сияқты еңбектер қазақ әдеби сынының жаңа биіктерге бет алғанын байқатты. Ұлттық әдебиетіміздің түрлі мәселелері жайлы С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Тоғжанов, Н.Төреқұлұлы, С.Қожанов, Ғ.Досмұхамедов, С.Сәдуақасов, Қ.Кемеңгеров, Ә.Бәйділдин, Х.Жүсіпбеков, Е.Бекенов, Ш.Тоқжігітов, Б.Кенжебаев т.б. өз ойларын ортаға салып, әдеби өмірде белсенділік танытты. Әдеби сынның аннотация, рецензия, мақала, айтыс мақала, шолу, шығармашылық портрет сияқты түрлері баспасөз бетінде жиі көрініп, жанр ретінде қалыптасты. Соғыстан соңғы кезеңде әдеби сынның көкжиегі кеңіп, әдеби ой-толғамдардың ғылыми негізі арта түскенімен, әдебиеттің партиялық принципі барынша қадағаланып отырды.
Әдеби сын саласында А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, Р.Нұрғалиев, Тоқбергеновтер көрінсе, оған жалғаса 70-жылдары С.Әшімбаев, Б.Сарбалаев, Қ.Ергөбеков, Б.Ыбырайымов, Т.Шапаев т.б. келді. Жетпісінші жылдары әдеби сынның дамуына мол мүмкіндіктер жасалынды. Мерзімді басылым беттерінен сын бөлімі тұрақты орын алды; “Уақыт және қаламгер”, “Сөзстан” сын мақалалар жинақтары тұрақты шығып тұрды. 80-жылдардың соңына қарай елімізде басталған түбірлі бетбұрыстар қазақ әдеби сынына да тың серпіліс әкелді; алға жаңа міндеттер қойды. Мұндай үлкен міндеттерді атқаруға сынның ғылыми сипаты артып, әдебиеттану ғылымының өрісі кеңейе түсті. Қазіргі кезде әдеби сын жан-жақты өркендеп, жанрлық түрлері дамыды. Аталған салада сыни мақала, сыни пікір (рецензия), шолу мақала, эссе (публистикалық немесе ғылыми очерк), сыни-монография т.б. жанрлық түрлері дами бастады.
Қазіргі қазақ сынының дамуы арнайы зерттелеген жағдайда Әмірхан Меңдеке есімінің аталуы орынды деп білеміз. Ол қазіргі қазақ журналистикасындағы үкілеп бетке ұстар көрнекті көсемсөзші ғана емес, сарабдал сыншыларымыздың бірі. Сағат Әшімбаевше айтсақ «бұл ешқандай да дәйексіз, дәлелсіз ділмарсу, елексіз еселеп енші бөліп беру ғана емес, бұлғаң-бұлтақсыз, бұлтартбай бас идіретін ақиқат жай» [1,272-б.]. Оның айғағы – 2001 жылғы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Сөз өнері ; серті мен дерті» атты сыни мақалалар жинағы.
Жоғарыда «сын - өнер» деп белгілі пікірді қайталадық. Өнер болса, оның да өзіндік ерекшелігі, жазылу стилі, мазмұны мен түрі, көркем заңдылықтары бары да күмәнсіз. Ә.Меңдеке сындары да осындай өзгешелігемен көзге ұрып тұрады. Өзгешелігі сол – автор сындары публицистикалық пафосқа толы келеді. Қай кезеңде болмасын ұлттың руханияты үшін еңбек етіп, қоғамдық ақыл ойдың өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан әрбір қаламгер шығармашылығын ғылыми тұрғыдан бағалап, болашаққа бағдар жасау сөз өнері атаулының атқаруға тиісті төл ісі болып саналған.
2001 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген «Сөз өнері; серті мен дерті» топтамасына аталған тақырып пен автордың сын мақаласы енген. Сыншы мұнда «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «XX ғасыр: қазақтың жүз әңгімесі» деген мәртебелі айдармен 70-жылдары жарық көріп, оқырман назарына қайта ұсынылған үш әңгімені тіліне тиек етеді. Енді автордың әдеби сынына өзек болған осы үш әңгімеге жекелей тоқталсақ.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі жарияланған Мұхтар Мағауиннің «Архив хикаясы» қысқа әңгіме болса да ауқымды мәселені көтерген. «Архив хикаясы» әңгімесінде М.Мағауин адам бойындағы арлылық пен арсыздық, достық пен дұшпандықты, әділдік пен әділетсіздік секілді мәселелерді күн тәртібіне қоя білді. Айналасы 20 айдың ішінде архивтен қазақ тарихына байланысты, әлі еш жерде басылмаған, ғылымға белгісіз аса құнды документті тапқан жас аспирант жігіт Сембек, дәл тура сол материалды Сембектен бұрын Сәмбет шалдың 7 жыл бойы іздеп тауып, бірақ жарияламаған, жариялауды қажет етпеген, атақ-дәрежеге қызықпаған, тек қана шындықты жазғысы келген, бірақ жаза алмаған, «жаздырмағанын» көреміз. Ал сол Сәмет шал Сембекке де материялды жариялауды тыйым салады.
М.Мағауин бұл жерде қысқа әңгіме бойына салмақты да салиқалы идеялық мазмұнды сыйдыра білген. Жазушы қай шығармаларында болсын өз қоғамының рухани – адамгершілік деңгейін көрсетуді мақсат қып ұстап, сол жолда авторлық позициясын мейлінше ашық айтып отырады.
Ал енді сарабдал сыншы тұрғысынан Әмірхан Меңдекеде «Архив хикаясын» өзіндік дүние танымымен талдайды. Аталған әңгімедегі Сәмет пен Сембек туралы «Мұның екеуі де - өте білімді, аса таланытты. Екеуі де ғылымды сүйеді. Еңбекқор. Ізденгіш. Қажырлы. Әлеуметтік қиыншылықтардан да, қоғамдық кедергілерден де қорықпайды. Бірақ мұның екеуі де ең зор кедергі-кесапаттың сыртта емес, өз іштерінде жатқанын, яғни өздерінің «өзімшілдік» дертпен ауырғанын сезіне алмайды. Және сезінбей-ақ мына өмірден өтіп кете барады»[2.46-б.] деп екі кейіпкердің өзі түйсінген пенделік болмысын оқушыға ұсынады. Бұл анықтамасын дәйектілендіру үшін Құран парақтарындағы адамшылық туралы айтылған Құдай сөздерінен(«Егер сендер ешбір күнә жасамасаңдар да, алдағы күндері күнәға итермелейтін өз бойларыңдағы құлықтардан қорқамын. Ол - өзімшілдік, өр көкіректік...») нақтылы үзінділер келтіреді.
М.Мағауиннің аталған әңгімесі мерзімді басылымда алғаш «Мұрагер» деген атпен жарық көргені белгілі. Сыншы осыны тілге тиек етіп, мақала соңында «Біз сонау Адам ата мен Хауа ана, Абыл мен Қабыл заманынан бермен қарай тек ізгіліктерді ғана емес, сонымен бірге іштарлықты, бақастықты, қызғаншақтықты да мұртын бұзбай мұраланып келе жатқан жоқпыз ба?» дей келіп осы тұрғыдан өзіне «Мұрагер» деген бұрынғы атау әлде қайда астарлы, ішті, мағаналы боп көріне беретіндігін жазады. Бұл ойына әңгімедегі Сәмет шалдың өзімшілдігін Сембектің мұралағандығын, енді Сембектің өзімшілдігін ертең тағы біреу мұраланатынын дәлел ретінде келтіреді.
Ал енді Шерхан Мұртазаның «Алтын тікен» атты әңгімесіндегі эстетикалық қадір-қасиетінің дәрежесі қай деңгейде? Бұған жауап іздеу үшін Ә.Меңдекенің аталған шығармаға жазған сын мақаласына үңілейік.
Сыншы жазады: «Көркемдікті жақсы көру, әдемілікті аңсай білу арқылы өз жанын өзі жылытып, өз көңілін өзі жуындырып жүрген Қалтырауық шалдың жүрегіндегі шұғыла мен нұрға, ынсапқа қарап отырып, Дәуіт пайғамбардың шамдалының жарығы түскендей, өз жаның да нұрланып, кеңейіп сала береді» деп. Мұндағы Қалтырауық шал кім? Ол Ш.Мұртазаның «Алтын тікен» әңгімесіндегі бас кейіпкер, өмір бойы ауыл-үйдің сиырын бағудан қолы бір босамаған қартайып, жасамыс тартқан қазақтың қарапайым қара шалы. Ойлы оқушыға осыдан өмір бойы ауыл үйдің сиырын бағып, бар ғұмырын тіршілік күйбеңіне құрбан еткен жұпыны шалдың мағанасыз өмірінде өзін өзі жұбата алатындай қайдағы әдемілік болуы мүмкін деген заңды сұрақ туады.
Бұл сұраққа жауапты аталған мақаласында сыншының өзі береді. «Рас, Қалтырауықтың өмірі әдемі емес. Әдемі деуге ешкімнің де аузы батып бара қоймасы анық. Алайда Қалтырауықтың өмірі әдемі болмаса да, оның өмірінде әдемі сәттер бар! Әдемі сәттердің жүректе қалдырған әдемі іздері бар! Қай жылы еді? Баяғыда, бозбала шағында Қалтырауық «тамағы ақ қағаздан да аппақ» сұлу құдашаның қылықты бойжеткеннің тұсына барып «Біздің ауыл бурылдың төрінде отыр» деп шалқытып бір ауыз өлең айтқан. Міне, осы сәулелі сирек сәтті Қалтырауық ұмыта алмайды. Ұдайы есіне алып, әлгі тым қысқа, тым шолақ, баянсыз, бірақ тәтті, шұғылалы әдемі сәтті көкірек көзі мен көңіл дүниесімен жиі іздейді» [2.48-б.].
Қасиетті Хадис бүй дейді:
«– Я, Расулалла, адамдардың абзалы қайсы?
– Әрбір таза жүректі адам.
– Таза жүректілік деген не?
– Көркемдікті жақсы көру, Әдемілікті аңсай білу»
Сыншы осындағы көркемдіктің бір ұшығын аталған әңгімедегі бас кейіпкер Қалтырауық шалдың жүрегіндегі сұлулықпен байланыстырады. Әмірхан Меңдеке өз мақаласында Ш.Мұртазаның «Алтын тікен» әңгімесін осылай талдайды.
Бұл туралы белгілі сыншы Дандай Ысқақұлы «Сөз өнері» атты кітабында былай деп жазады. «Эстетика өнердегі әсемдіктің, сұлулықтың заңдылықтарын зерттейтін ғылым және сол өнердегі бір бөлік көркем әдебиетті қарастыратын сала болып саналды. Жалпы сынды эстетикалық категория ретінде танитын ғалымдар да жеткілікті. Әдеби сынның көркемдік қасиеттеріне келетін болсақ, сын әдебиеттану ғылымының бір саласы болғандықтан, қашанда көркем бейне жасап, көркем шығарманы талдауда, өз ойын ашық айта отырып, дәлелдеу мақсатындағы бейнелер мен табиғат көрінісін әсемдеп көрсетуі мүмкін. Егер көркем әдебиет көркем образ жасай алатын болса, ол әдеби сынға да тән қасиет екенін айта кету керек. «Бастан аяқ бейнелі түрде жазылған шығарма көркем әдебиет те, ал талдауға құрылса ғылыми еңбекке жатады. Сонда сында осы екі түрлі қасиет те, оның ішінде көркемдік сипаттар да болуы керек»[3.15-б.].
«Міне, керемет!» қазақ қара сөзінің хас шебері Әбіш Кекілбаевтің 1978 жылы жазған әңгімесі болатын. Сыншы Ә.Меңдеке аталған әңгімеге өз сынын «Әлгі бір арифметика оқуылқтарында жазылатын еді ғой. Дәл сондай бір үлкен тораптық станцияға екі жақтан екі поезд келе жатты», - деп өзгешелеу басталатын осы әңгімеде жасырын психологизм арқылы берілген өзегіңді өртейтін қасірет жатыр» деп бастайды. Ол қандай қасірет? Әуелі осыған жауап іздеп көрелікші. Ол үшін аталған әңгімедегі автордың құрған оқиға желісін ой елегінен өткізгеніміз жөн болар. Әңгімедегі басты болған оқиға мынадай: «Станцияда бір мезгілде тоқтаған екі поездан сыртқа бой сергітуге шыққан екі жолаушы бір-бірімен кездейсоқ ұшырасып қалады. Кезінде бұл екеуі институтты бірге бітірген. Бірін-бірі көрмегеніне он жеті жыл болған. Енді бірін-бірі көрмегеніне он жеті жыл болған осы екі азаматтың, бүгінгі тілмен айтқанда қазақтың екі зиялысының ә деп көріскеннен бір-біріне айтқан әңгімесіне құлақ түріңізші.
«– Аудандағы азғантай бастықтың бірімін, – дейді шалғай облыс жақтан келе жатқан поездан түскен жолаушы.
-
Тресте орынбасармын, – Астана жақтан келе жатқан поездан түскен жолаушы.
-
Әйелім дәрігер, – дейді алыс ауданның азғантай бастықтарының бірі.
-
Менің зайыбым оқытушы, институтте сабақ береді, – дейді Астанадағы трест бастығының орынбасары.
Осы келтірілген мысалға тағы бір зер салып көріңізші. Бір-бірін он жеті жыл бойы көрмеген достар. Бір-бірімен сағыныса, достарша жағдай сұрасып тұрған жоқ. «Кім жақсы тұрады? Мен бе, сен бе? Кімнің қызметі үлкен? Менің бе, сенің бе?» дүние жарыстырып, қызмет таластырып тұр. Әмірхан Меңдекенің аталған әңгімеге жазған сын мақаласындағы «жасырын психологизм арқылы берілген өзегіңді өртейтін қасірет» деген талдауына енді көзіңіз жетеді. Станцияға аз ғана аялдаған екі поезд екі жаққа жүріп кетті. Әлгі достар да бір-бірімен «қимай қоштасып», әр қайсысы өз поездарына мінді. Жайлы купеде келе жатып та әлгі екі дос бір-бірімен ойша «тірлік жарыстырумен» болады. Біріншісі екіншісінің тірлігіне, ал екіншісі біріншісінің тірлігіне қызығады. Сондағы екеуінің бір-біріне қызығуының түрі мына сипатта: «Астанада пәтері, тауда дачасы бар екен....», «Туфлиы қандай әдемі...», «Институтта сабақ берсе, әлгінің әйелі нағыз сауын сиырдың өзі болып шықты ғой...», «Аудандағы азғантай бастықтың бірімін дейді, енді бір секірсе бірінші бастықтың өзі болып кетуі мүмкін...»[4.67-б.] және т.с.с.
Ә.Меңдеке өз сынында «Міне, керемет!» атты бұл әңгімедегі «жасырын психологизм арқылы берілген өзегіңді өртейтін бұл қасіретті» ғана айтып қоймай, керек десеңіз оқушыға осы қасіреттің түп-тамырын ашып көрсетіп, туындау себебін айқындап береді. «Міне, екі достың бір-біріне қызығуының түрі! Таза «гастрономиялық» қызығушылық. «Материалдық» талғамнан туындағы қасиетсіз, қортық қызығушылық.
Сыншы мақала соңында «автор өз кейіпкерлеріне ат қоймапты. «Екі дос», «Екі еркек», «Еркектер», «Жолаушы» деп қана атайды. Біздіңше бұл шешім әбден дұрыс болған. Рухани болмысын ұмытқан адамдарға ат қоюдың не керегі бар...» деп әңгімедегі тағы бір ерекшелікке тоқтала кетеді. Ә.Кекілбаевтің «Міне, керемет!» атты бұл әңгімесі бұдан басқа да сын мақалаларда тілге тиек етілген. Мәселен, белгілі сыншы Бекділда Алдамжаров «Өнердің таптырмас сиқыр шөбі» атты Ә.Кекілбаевтің жалпы шығармалары жайында жазған сын мақаласын аталған әңгіме туралы мынадай сыни пікір білдіре кетеді:
«Міне, керемет!» әңгімесінің формасы қызық. Мұнда да жазушы курстас достарды араға біраз жыл салып, өмір турасында қалыптасып біткен түсініктердің ішкі қақтығысын зертейді. Әр түрлі ортада болған достардың енді ой-түсінігі бір-бірінен бөлек. Өмірінің поездары да екі бағытқа қарай зулап барады. Олар жаңа ғана атшалдырған стансадан ойы бір, тілегі бір жас дәуреннің символындай болған қауынды сатып ала алмады. Сатып алуға хақылары да жоқ еді. Тіптен екеуінің де естерінен қауын шығып кетті. Тек оған екі бағытта кетіп бара жатқан екі бала ғана шынымен өкінеді. Автор осындай контраст арқылы өзгеше шешім жасайды. Өмірді өзінше көріп-білген, жігіт ағасы боп қалған кісілердің ойлары мен албырт балалардың қиялы қарама-қарсы қойылады. Осыдан-ақ суреткер позициясы анық танылады»
Әдеби сын қашанда әлеуметтік сипатымен ерекшеленеді. Сын әлеуметтік-саяси мәселелерге еркін араласа алады. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсыновтың мынадай сөзі бар: «Қара сөзде әдебиет жүзінде таласы көп сөздер әлеумет мәселелері турасындағы пікірлерде болады. Тұрмыс мәселесі – тоқсан түйіннің тоғысып, шиеленісетін жері. Оны дұрыс шешуге көпті көрген көсем болуға керек. Адамның, халықтың, я бір таптың мінезін, құлқын, салт-санасын, жан-дүниесін, ой-жүйесін, тарихын, мұң-мұқтажын жақсы білетін дана болу, ғалым болу керек... Тұрмыс мәселесі деп айтатын, айтылатын адамшылық мәселесі, яғни өмір бақытты болу мәселесі, ошақ басының, жұрт қамының, мемелекеттік жайлылығының, дүние тыныштығының мәселесі. Мұндай ұлы, ұйысқан мәселелерді шешу оңай нәрсе емес: ондай ірі іс ердің ерінің, дананың данасының ғана қолынан келмек» [5.221-б.].
Аңғара білсек жоғарыда біз тоқталып өткен Әмірхан Меңдекенің әдеби сынындағы әңгімелерге жазылған аталған сын мақалаларындағы негізгі тақырып та осы әлеуметтік мәселелер екені даусыз.
Бұл тарапта Әмірхан Меңдекенің сын мақалалары оқушысын осындай қырларымен өзіне тартып, ойлантып толғантып, баурап отырады. Ол ойыңа ой қосып қана қоймайды, өзімен бірге ойлантады.
Сын жазу кезіндегі мақсат сыншының арманындағы биік мұраттан туады. Анығырақ айтсақ, сын жазбас бұрын сол шығарманың табиғатын дәл танып, оның ешкім байқамаған ерекшеліктерін, артықшылығын анықтап алу қажеттігі кез келген сыншыға қойылатын талап-міндеттердің бірі. Зерттеуші, сыншы Зейнолла Серікқалиев өзінің «Сын кітабы» атты еңбегінде былай дейді: «Сын беделін көтеру сын қадірін түсірмеуден басталады. Сын беделін көтеруге ең алдымен сыншылардың өздері күш салуға тиіс. Әлдебір шығармасының сәтсіздігі үшін сыналған адам қатты қиналса да, сол сыналуын сынның өзіне деген достығы, туысқандығы, әдебиет жұртшылығының өзімен бірге қиналып, бірге қынжылуы деп білетін болса, яғни сөз етуге тұрарлық, үлкен әңгіме туғызуға татитын бірдеңем бар екен деп ұғатын болса қандай жақсы» [1.184-б.].
Әдебиеттер
1. Серікқалиев З. Сын кітабы. Алматы: Жазушы, 1997.
2. Меңдеке Ә. «Сөз өнері ; серті мен дерті». – Астана: «Елорда», 2001.
3. Ысқақов Д. Сын сымбаты. Алматы, 2000.
4. Меңдеке Ә. Үш әңгіме «Қазақ әдебиеті» газеті, №29 (1423) 17 қазан 2003. 5. Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы 1989.
«Қазақ» газетіндегі әйелдер теңдігі мәселесі
Тапанова С.Е.
ф.ғ.д.,профессор
«Қазақ» газеті өмірге келген XX ғасырдың бас кезі қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі өзгеріс, тың жаңалықтарға толы болды. Ол – ең алдымен ұланғайыр әлеуметтік-саяси төңкерістер, қалың халық бұқарасының тарихи шығармашылыққа тартылуы, осымен байланысты тарихи дамудың айрықша тездетіліп, қоғамдық ақыл-ойдың ұлы өрлеу ғасыры болды. Ресейде осы ғасыр бойында өткен ұлы тарихи оқиғалар мен өзгерістер қазақ халқының да өміріне, мәдениетіне, шаруашылығына, саяси тіршілігіне, әсіресе алдағы болашақ дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағынан алғанда бұл кезең монархиялық орыс патшалық, үкіметінің отыршылдық саясатының қазақ даласына құлдық қанауды күрт күшейтіп, әлеуметтік-шаруашылық жағдайы онсыз да оңала алмай жүрген панасыз елге тізесін батыра түскен ауыр жылдар болды. Жаппай орыстандыру саясатына тән өз дінінен, өз тілінен, өз мәдениеті, өнері, әдебиетінен шеттету жұмыстарын миссионерлік мақсат көздеген арнаулы адамдар жүргізді. Міне, осындай қиын да қилы тағдырды басынан өткерген қазақ жағдайын көзі ашық, көкірегі ояу, туған халқының қамын ойлай бастаған зиялы азаматтары қамсыз жатқан елдің тығырықтан шығар жолын іздеді, сол қиын жағдайдың бірден-бірі жолы халықты өнер-білім нәрімен сусындандыру, халықтың көзін ашу болды. Бұл орайда олар ағартушы ақындар мен Абай дәстүрін жалғастырып, осы бағытта насихат жұмыстарын өрістетті. Сол себепті де бұл зиялы қауым иелері қазақтың нашар халін көре отырып, сонымен бірге бір келеңсіз жағдай қазақ қыздарының, қазақ әйелдерінің сорлы тіршілігінен де көре білді. Әйел теңдігі мәселесін негізгі проблемалар қатарына қойды.
Жеке адамның бас бостандығы үшін күрес идеясының ғасыр басындағы баспалардың негізгі бір проблемасына айналуы заңды процесс болатын. Бүкіл қоғамның тең жартысынан астамы әділетсіздік, теңсіздік аталуының бар ауырытпалығын тартып отырғанда қандай да бір болмасын басқа бір бостандық туралы әңгіме өрбіту мүмкін емес еді. Өмір тауқыметі шеккізген осы шындықты қазақ баспалары өзіне өнеге етіп алды да, тиісті қорытынды шығарды. Соның нәтижесінде қазақ әйелі ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің, оның ішінде жаңа жанр – қазақ романының басты кейіпкері болды. Соған орай бостандық идеясын ту етіп көтерген әдебиетке тән еркіндік, азаттық, адамгершілік идеялары әйел образының тағдыры мен арман-мұңы арқылы өрбітілді.
XX ғасыр басындағы жиырма жылға толар-толмас тарихи қысқа кезеңде жарық көрген бірде-бір кесек туындының әйел теңдігі тақырыбына соқпай өтпеуі осы айтылған ойымызды қуаттап, растай түседі.
Дүниедегі барша іс-қимылдар ең алдымен Аналардың ақ адал пейілінен, әз-махаббатынан бастау алады. Қазақ жұртында әйел затын ерекше ардақ тұтатын салт-дәстүр бар. Қыз баланы аз күндiк қонақ ретiнде сыйлап, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп тақиясына үкi қадап, үлпiлдетiп өсiрген. Нәзiктiк пен сұлулықтың бастауы болған әйел затына ерекше құрметпен қараған қазақ халқының өткендегi тарихына үңiлсек, ел аузында аңыз боп тараған қажыр-жiгерi арқылы ел билеп, топқа түсiп, сөз сөйлеген әйелдерi де аз емес.
Елім деп еңіреп өткен кешегі заманда зиялы қауым қатарында болған арысымыздың бірі Міржақып Дулатовқа да еріксіз қолына қалам алдыртқан да осындай келеңсіз жағдай еді. Халқының үлкен қамқоршысы болған Міржақып Дулатов қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілік, күйін көрді, мұң-шерін, әрі өз сүйгеніне қосыла алмаған, өз махаббаты үшін күресе алмаған қыздардың өміріне ұлттық әдет-ғұрып, салт-сананың кедергісін көрді. Әйелдер тағдыры оны көп толғандырған. Қызын кім болса соған сата салу салтын, мал үшін кімге болса да, кәріге де, тіпті, әйел үстіне тоқалдыққа да мал, атақ, байлық үшін бере салатынын, қызынан «шырағым, бұған қалай қарайсың» деп бірауыз келісім сұрамайтынын, оның болашағын ойламайты-нын көріп қынжылды. Осыдан келіп, Міржақып Дулатов мынадай ой айтады: «Әйел – біреудің анасы, біреудің баласы, біреудің апасы, біреудің қарындасы екенін парықтамайтын қазақтың әдеті – бассыздық. Бүкіл халықтың тәрбиесі – әйелдің қолында, әйел – халық анасы. Сондай анаға теңдік әпермеу, оның сүйіспеншілігіне, махаббатына жол бермеу, оны оқытпау, тәрбиесіз қалдыру қылмыс»[1.] – деген ойын тебірене айтады.
Әйелдің бүкіл өміріне балта шабатын қалың мал сияқты ескі әдет-ғұрыптарға қарсы айтылған пікірлер, мақалалар баспасөз беттерінде шығып жатты.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде әйелдердің қалың мал алу мен көп қатын алу зорлығынан құтылып, өз сүйгеніне баруына қол ұшын беріп, әдет-салттарды жою жайында қазақтың зиялы қауым өкілдері – ақын-жазушылар, журналшылар өз пікірлерін білдіріп, бұл зиянды жайттардан қалай құтылу амалдарын ойластырған мақалалар жариялады. Қазақ әйелдерінің хал-жайы, бостандық, теңдік мәселесі сөз болған «Қазақ қыздарының аталарына» (7-сан. 1911 жыл), «Қалың мал құрысын!», «Бауырлас қазақ әйілдеріне», «Аналарымызға», «Аталарымызға» деген үндеулер және басқа да көптеген өлең, мақалалар басты.
«Қазақ» газетінде әр алуан тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайдың ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының, жер, басқа елдермен қарым-қатынас, оқу-ағарту, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жарияланды. Сонымен қатар сол кездегі өзекті мәселелердің бірі болып саналатын тақырып – әйел теңсіздігі.
«Қазақ» газетінде әйел теңдігі мәселесі туралы сөз еткенде мына жағдайларға ерекше назар аудару керектігін ескертеді. Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болуын, қалың малдың жойылуын, он алтыға толмаған қызға құда түспеуін, он алтыға толмаған қызға һәм он сегізге толмаған жігітке неке оқылмауын, молда неке оқыған кезде әйел мен еркекті қарама-қарсы қойып, ризалықтарын біліп оқуын, екінші әйел аламын деген кісі бұрынғы әйелінің ризалығымен алуын, жеті атаға келмеген жерден қазақтың қыз алмауын т.б. Осылардың қай-қайсысында болсын журнал қалың мал, әйел үсті, әмеңгерлік, қызды қаламаған, сүймеген адамға, шалға еріксіз берушілік сияқты ескі заң, зиянды салтқа қарсы күресті. Әйелдердің ерікті, ерлермен тең болуын, өз тағдырын өзі шешуін, қалағанына, теңіне қосылуын, қыз балалардың еркек балалармен қатар оқылылуын, әйелдердің еркек қатарлы қоғам жұмысына қатыстырылуын талап етті [2.407-б.].
Қазақ әйелдері туралы қазақ тілінде алғаш – «Қалың мал» (С.Көбеев), «Қамар сұлу»(С.Торайғыров), «Бақытсыз сұлу» (Ә.Ғалимов) романдарын жазған авторлардың да бірқатары осы газеттің жанашырлары болатын. Осы газетте шығармаларын жариялап тұрғандар.
Халықты аздырып-тоздырып бара жатқан әдет-ғұрыптың, ақсақалдық салт-сананың ойыншығына айналған әйелдердің тағдырын жырлаған бұл ақын-жазушылардың басты шығармаларындағы қоғамдағы осы әділетсіздік аса бір өткірлікпен айыпталды.
Қазақ әйелінің тағдыры бүкіл қазақ зиялыларының, әсіресе, ақын-жазушыларының назарынан тыс қалмағаны белгілі. Ойымыз дәлелді болу үшін мына бір тарихи көркем деректі келтірсек жеткілікті сияқты.
Жазушысы М.Әуезов «Өз жайымнан мағлұмат» деген ертеректегі өмірбаяндық материалдарында: "Алғашқы жазуларым сырлы әдебиет бетінде болмай, газет, журнал мақалаларынан басталады. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде «Адамдық негізі – әйел» деген нәрсе еді» [3,2-б.] – деп, онда замана толғағы болып келе жатқан мәселені сол кезде айтқаны белгілі.
Әйел тағдыры, теңсіздікті бастан кешкен әйел бейнесі барлық қаламгерді тебірентті де Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев әйел тағдырын шешуге дұрыс жауап тауып, әдебиеттегі қазақ әйелінің образын жан-жақты жасаумен қатар білімге, өнерге үндеу идеясын жүзеге асырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар қазақ қызының теңсіздікте мұң кешіп отырғанын бейнелеп, оларды өздерінің бас бостандығы үшін күреске шақырса, Сәбит Дөнентаев қалың малдың құлы болған әкенің қаталдығы мен мейрімсіздігін аяусыз әшкереледі.
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде жазылған тұңғыш қазақ романдарының әрқайсысы әйел теңдігі тақырыбына әр деңгейде әр қалыпта келді. Мәселен, белгілі бір роман жалпылай алғанда осы әйел бейнесін сомдап, әйел тағдырын әңгімелеуге арналып, әйел теңдігіне байланысты әлеуметтік маңызы зор үлкен қорытындылар жасап, мәнді пікірлер айтса, ал қайсы бірі бұл тақырыпты ғасыр басындағы азаттық, бостандық мұраттарымен астастырып, тиіп-қашып болса да кішігірім штрихтер негізінде осы тараптағы өзінің авторлық нақты көзқарасын білдіреді. Сайып келгенде, осы алғашқы қазақ басылымдарының түгелі дерлік өздерінің негізгі тақырып арқауы болған әйел теңдігі мәселесін үлкен әлеуметтік проблема ғып көтеріп, оны дұрыс шешуде алдағы мақсаттың басты нысаны етіп қойды.
Бір ғана қаламгердің емес, тұтас бір дәуір әдебиетінің алтын арқауына айналған тақырыптың алғашқы қазақ басылымдарында негізгі тақырыпқа айналуының өзіндік себептері бар. Себебі әйел тағдыры, әйел теңдігі мәселесі қазақ акын-жазушыларын қатты толғандырды. Ғасыр басында, жалпы алғанда, тек қазақ халқында емес, бүкіл Азия құрлығында әйел халі аянышты да ауыр өлшем биігі болды. Ғасыр басындағы үлкен әлеуметтік өзгерістерді әдебиет тілімен әрлі де нәрлі сөйлетіп, халық санасына терең ұялату үшін жаңа түрлік және жанрлық ізденістердің қажеттігі туды да, қазақ зиялы қауымының осы тұстағы алдыңғы қатарлы, озық ойлы өкілдері болып танылған көрнекті ақын-жазушылары өздері өмір сүріп, бастан кешкен кезең келбетін жинақтап, ондағы әлеуметтік қайшылықтар мен күрделі оқиға-ларды, адамның ішкі жан-тебіренісінде болып жатқан түрлі өзгерістерді суреттеуде кең құлашты эпикалық жанр-романға жүгінеді.
Әйел теңдігі тақырыбын жазу озық, көркемдік әдіс ретінде XX ғасырдың бас кезіндегі демократтық-ағартушылық бағыттағы қазақ баспасын қысқа мерзім аралығында түр жағынан болсын, мазмұн жағынан болсын, біршама байытып өсірген үлкен оқиғаға айналды. Түр жағынан алсақ, қазақ әдебиетінде болмаған роман сияқты күрделі эпикалық жанр осы әйел бейнесін басты кейіпкер етіп алуға байланысты туып, үлкен де мәнді әдеби құбылыс болды. Ал мазмұн жағынан қарастырсақ, алғашқы романдардың әйел бейнесін жасау әдебиетінің реалистік, айқын ағартушылық-демократтық сипатының арта түсуіне біршама себебін тигізген фактор болды.
«Қазақ» газеті сол кездегі халықтың көзі, құлағы, тілі, білім таратушы, халықтың дауысы» болып, осынау аз ғұмырының ішінде барша қазақ зиялыларын ортақ мақсат жолында біріктірген, елі үшін аянбай еңбек еткен біртуар азаматтардың еңбегі - ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ елінің даму тарихындағы биік белес болып қала бермек.
Қазақ халқының «рухани көсемі» (М.Әуезов) өнер мен ғылымның сан саласын жете меңгерген, елінің ұлттық санасының оянуы мен азаттығы жолындағы күресте қатыгез тағдырға қайыспай қарсы тұрған Азаматтық нар тұлға – Ахмет Байтұрсыновтың атқарған жұмыстарына бүгінгі ой сана биігінен, осы тұрғыдан қарауымыз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Дулатов М. Шығармалары. – Алматы, 1996. – 280 бет.
2. Құрастырушылар: Субханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ. «Қазақ» газеті. – Алматы, 1998. – 560 бет.
3. Әуезов М. Шығармалар жинағы. 18 том. – Алматы, - 1985.- 447 бет.
4. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Алматы, - 1993. – 224 бет.
ҚАСЫМ ШӘРІПОВ – МАЙДАНГЕР ЖУРНАЛИСТ
Тапанова С.Е., ф.ғ.д., профессоры
Бақытгүл Абайқызы,Л.Н.
Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты
Профессор С.Қозыбаевтың «Майдандағы Қазақстан баспасөзі» атты тарихи-публицистикалық кітабында мынандай деректер көрсетіледі: «Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен төрт журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен жеті журнал шығарылса, оның 16 газеті мен 2 журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і – Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды» [1].
Аталмыш дерек кеңес армиясы құрамындағы қазақ сарбаздары тек соғысқа қатысумен ғана шектелмегенін айғақтайды. Қарумен бірге қаламын да қолынан тастамаған әскери жазушылар мен қаламгерлердің жазбалары бүгінгі қазақ журналистикасының тарихи құнды мұрасына айналып отыр. Ол кездің өзінде сарбаз қаламгерлер оқ пен оттың арасында жүріп, ұшқыр ойларымен өрнектелген ұранды сөздері арқылы қаруластарын алға жетеледі. Жауынгер қаламгерлер майдан даласынан елге жететін жаңалықтың жаршысы да бола білді. Соғыс жылдарында қазақ әскери журналистиканың негізін қалаған да майдангер жазушылар мен сарбаз журналистер еді. Олардың көш басшылары ретінде бүгінде Б.Бұлқышов, Б.Момышұлы, Қ. Қайсенов, Д.Снегин, М.Ғабдуллин, Қ.Аманжолов, Қ.Бекқожин, Ә. Нұршайықов, Б.Жұмағалиев, Т.Ақшолақовтар аталады. Әскери тақырыпқа қалам тербеген майдангер журналистердің арасында әлі де зерттелмей, танылмай жатқандары да баршылық. Солардың бірі – Қасым Шәріпов.
Үш жасында әкесінен, он жасында анасынан айырылған майдангер журналист Қасым Шәріпов Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді (1924–1929 жж.). Осында сауатын ашып, 6 сыныптық білім алады, комсомолға мүшелікке өтеді. Оқу-білімге деген ынтасы оны мектептен кейін бірден институт қабырғасына алып келеді. Ең алдымен, ол Орынбор қаласындағы Халық ағарту институтының дайындық бөлімін, кейін Мемлекеттік кинематография институты жанындағы рабфакты бітіріп, осы оқу орнының әдебиет факультетіне түседі.
Қасым Шәріпов өзінің болашақ мамандығы журналистиканы сол кезде ақ таңдап алды деуге әбден болады. Ол өмір жолын 1929 жылы «Лениншіл жас» газетінің хатшысы, «Социалистік Қазақстанның» тілшісі қызметтерінен бастайды. 1933 жылы жас тілші БКП (б) ОК Марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалына жұмысқа шақырылып, партия баспасының редакторы, 1935–1941 жылдары ҚКП ОК-і жанындағы Партия тарихы институтының аудармашы-ғылыми қызметкері жұмыстарын атқарады. Бұл жылдар оның қызметтегі ерекше бір жемісті кездері болатын. Өйткені Қ.Шәріпов айналысқан аудармашылық іс кез келгеннің қолынан келе бермейтін қиын да, тың және Республикамызда бір жүйеге түспеген жұмыс болатын.
Қ. Шәріповтың аудармашылық шығармашылығы алғашқы кезеңінен бастап-ақ осы қағидаға жауап берерліктей болды. Құжаттардағы: «Жолдас Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерін аударушы білгір маман ретінде әскер қатарына алудан босатуыңызды сұраймыз» [3] немесе КНИИМЛ дирекциясы отырысының «Қ. Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударуға қатыстыру туралы» хаттамасынан: «Жолдас Шәріпов марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару жұмысына толық қатыса алады, сондықтан оны аталған институтта қалдыруды өлкелік комитеттен сұраймыз. Лекеров» — деген ой пікірлер бұған дәлел [4]. Әрине аудармашы қаламы әрі де шыңдала түсер еді, соғыс басталмағанда...
Ұлы Отан соғысының алғашқы айларынан ақ майданда Панфилов дивизиясы 8 ротасының саяси жетекшісі, батальон комиссары, әскери тілші, бірқатар дивизиялық газеттердің редакторы — бұлар Қ. Шәріповтың қанжар мен қаламды ұштастыра ұстаған жауынгерлік және журналистік жолы. Ол жоғарыда аталған міндеттерімен қатар тілегі бір, тілі басқа жауынгерлердің арасындағы біріне бірін бауырластыратын, түсіністік танытатын алтын көпір де болды. Өйткені Қ. Шәріпов газеті екі тілде қатар сөйлеген-ді. Ол өзінің күнбе-күнгі жұмысы туралы «Жертөледе типографиялық мәшиненің қасында үш адамнан тұратын редакция «аппараты» келесі нөмірді дайындаймыз. Аса нақтылық пен тәртіп керек. Басынан-ақ қай материал орыс, ал қайсысы қазақ тілінде шығуы керектігін анықтап алу қажет. Біздің кішкене «амариканкамыз» тек қысқа емес, тез әрі жауынгерлерге түсінікті етіп жазуды талап етеді. Радиохабарларды қабылдап алысымен бірден аударып, жатқа жаздыртатынмын» - деп еске алады.[5]
Майдангер журналистің жауынгерлік жолы 1946 жылы 22 қаңтарында аяқталады. Алапат айқастың айғағындай оның майдандағы естеліктері «Братья по оружию», «Рядовой герой», «Мы – панфиловцы» кітаптарына енді.
Соғыстан кейін қызметіне қайта оралған Қасым Шәріпов сүйікті ісімен қайта қауышады. 1946 ж. 7 мамырда ҚКП ОК-нің бюросы Партия тарихы институты директорының есепті баяндамасы бойынша «И. В. Сталиннің шығармалары жинағын қазақ тілінде басып шығару туралы» арнайы шешім қабылдайды, онда «Сталиннің еңбектерін аударудың жауапты редакторлары: ҚКП ОК-нің хатшылары Шаяхметов, Әбдіхалықов, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары И. Шәріпов, Партия тарихы институты директорының орынбасары Қ. Шәріпов құрамымен бекітілсін» делінген [6]. Сондай-ақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару және баспаға дайындау бөлімінің есебінде «Ленин – Сталин бір томдық еңбектерінің аудармасы деңгейі төмен Өтемісов сияқтылардың қолында қалды, ал Шәріповтей деңгейі биік мамандарға жеңіл мәтіндер берілген» деген ескертулер жасалған [7]. Осы жылдары Шәріпов В. И. Лениннің «Что делать?», «Шаг вперед, два шага назад», «Две тактики социал-демократии в демократической революции» еңбектері мен В И Сталиннің «Вопросы Ленинизма» еңбегіне кіргізілген мақалаларының көпшілігін редакциялаған.
Өзінің «Қысқарған сөздердің қазақ тілінде қолданылуы» атты мақаласында Қ. Шәріпов: «Қысқарған сөздерді аудармалау мәселесіне өте абайлап қарау керек. Мен қысқарған сөздер деп орыс тіліндегі қысқарған сөздер терминдерінің күнделікті тұрмыстық жағдайда өздері-ақ тілімізге еніп үлгірген НЭП, ЗАГС, колхоз, совхоз т. б. белгілілерін айтып отырмын. Тілшілердің қысқарған сөздер аудармасында қандай да бір шектеу болуы қажет деулері өте дұрыс. Өйткені тілдің сөздік қорына олардың аз ғана мөлшері кіреді, көбі қызметтік ресми болып қала береді. Және де қысқарған сөздердің тым көп болуы, тілдің дамуына кері әсерін тигізеді»- деп өз пікірін алға тартады [8]. Осы мәселе жөнінде Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Д. А. Қонаев өзінің орыс тіліндегі қысқарған сөздердің қазақша қолданылуы туралы ҚКП ОК-ң хатшысы Л. И. Брежневке жазған хатында: «Шәріпов және Сағындықов жолдастардың мақалаларында орыс қысқарған сөздерінің қазақ тілінде қолданылуы мәселесі көтерілді, меніңше теориялық жағынан дұрыс және тәжірибелік мәні бар сияқты»- деп Мемлекеттік терминологиялық комитет шешімінің созылып кетуіне байланысты ОК бюросында қаруды ұсынған-ды [9].
Алға озып айта кеткенді жөн көрсек Қасым Шәріпов ҚазТАГ директоры (1964–1974) қызметінде жүрген кезінде де аударма саласына көп көңіл аударады. «Республиканың құзырлы орындары және елдегі әртүрлі мекемелер ресми жиындарда тәржіма жасауға ҚазТАГ-тың аудармашыларына ғана сенім артып, шақыртатын. 1969 жылы Мәскеудегі Кремльдің Съездер сарайында ІІІ-Бүкілодақтық колхозшылар съезінде тікелей ілеспе аударманы КазТАГ-тың қызметкерлері жасаған болатын. Ел ішіндегі, одақтағы және шет елдерде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отыратын ҚазТАГ-тың қызметі ел мәдениеті мен ғылым-біліміне тиісті дәрежеде ықпалын тигізіп отырды»- дейді аударма ардагері [10]. 1970-80 жылдары ҚазТАГ-тың Одақ көлемінде ТАСС пен РАТАУ-дан (Украина ақпарат агенттігі) кейінгі алдыңғы орындарды алып жүргені, тек қана орталыққа Республика хабарларын шұғыл, әрі сапалы жеткізудегі ғана емес, оның аударма қызметінің де үлесі мол болғандығының мойындалғандығы еді. Себебі, аударма арқылы қазақстандық оқырмандар одақ пен одақтас республикалардың тыныс-тіршілігін біліп отырды. Ал, одақтас республикалардың өзара бір-бірін біліп отыруы орталық үшін тиімді де еді. Одақтас республикалар арасында хабар таратуда үздік танылған ҚазТАГ-тың тәжірибесімен танысуға Арменияның, Өзбекстан мен Қырғызстанның және басқа да республикалардың өкілдері арнайы келіп жататын. Иә, біз бұл жерде аудармашылық жүре үйренетін мамандық емес, ақын, жазушы секілді тұла бойға туа бітетін талант десек, Қ. Шәріпов осындай таланттың үлкен тұлғасына айналғаны сөзсіз.
Қасым Шәріпов 1949 жылдың наурыз айында, ҚКП-ның IV-съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланғаннан кейін, съезд пленумы оны «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығына бекітті. «Ізденімпаз Қасекеңнің ұжым өміріне енгізе бастаған жаңалықты аз емес екен. Айталык, қызметкерлердің шығармашылық кабілеттері мен іскерлігін шыңдап отыруга септігін тигізетін ілездемелерді (летучкаларды) апта сайын міндетті түрде өткізіп тұруды берік дәстүрге айналдырылған екен. Ілездемеде редактор газетті шығару кезекшілігіне барғандардан ондағы мақалалардың калай қорытылғаны, кемшіліктері, көтерілмей жатқан мәселелер жайында айтуды талап ететін. – Газетте не берілгендігін сіздің жалпылама шолып шығуыңыздың бізге пайдасы шамалы. Әркім газет жұмысын қалай жақсартуға көмектесетін құнды пікірлерін ортаға салсын! - деуші еді. Қалай дегенде де газет шығару қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрделі жұмыс-ау. Мәселен, баспаханаға кезекшілігімізді атқаруға барғанда көбінесе Мәскеуден телетайп арқылы түсетін ресми хабарларды сарыла күтетінбіз немесе газетте қандай да бір қате кетіп бара жатса беттерді қайтадан құйдыртып әуре-сарсаңға салатын. Мұндайда редакторымыз әрдайым қасымыздан табылатын, әрбір қатені тапқандарды көтермелеп отыруға көп мән беретін [11].
1940-1950 жылдары кеңестік қоғамның бет пердесін аша түскен қаһарлы қаулылар қақпанына республикадағы бас газеттің редакторы Қ.Шәріповте ілікпей қала алмады. ҚКП ОК 1951 ж. 30 қарашада «Правда» газетінің 1951 ж. 29 қыркүйектегі «Теріс позицияда» мақаласы туралы» қаулысын қабылдайды. Осы қаулының 2 тармағында газет жұмысына басшылық жасай алмағаны, идеологиялық мәселелерде кемшіліктер мен қателіктер жібергені және Бекмаханов туралы кітапқа жазған сараптамасында үлкен қателер жібергені үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Қ.Шәріпов жолдас қызметінен босатылсын» делінген [12].
Бұл туралы белгілі жазушы Б. Қыдырбекұлы: «Қасым Шәріпұлы біздің газетті басқаруға (1949 жылдың наурызынан 1951 жылдың желтоқсанына дейін және 1955 жылдың тамызынан 1960 жылдың қыркүйегіне дейін) екі рет келіп, екі рет кеткен кісі. Мұндай оқиға өте сирек. Ол елу бірінші жылдың қыркүйегінде орнынан босады. Оған негізгі себеп деп тапқаны: «Қазақ тарихына» жазған сынында Кенесары Қасымовты мақтады деген айып тағылды. Ал, шынында Кенесары жөнінде тәуір пікір білдірген жалғыз ол ғана емес болатын. Кеңес-герман соғысы кезінде Қазақстан Компартиясының басшылығында отырған қатардағы хатшы ж. Шаяхметовтің де айтқаны бар-ды. Қасекең өзіне сол рецензиясы ірі пәле болып жабысатынын білген соң жазда демалыс алады да, Сочиға барып, сонда жатып мақала жазып жібереді.
Әрине ол мақаласында Кенесарыны кеңес-герман соғысы кезінде мақтаған ол ғана емес, басқалардың да болғанын, оның ішінде қазіргі бірінші хатшы Шаяхметовтың да бар екенін көрсеткен еді. Бірақ ол мақала басылмай сол бірінші хатшының қолына түсті де, Қ. Шәріповті орнынан босатты. Ол қаулының (Қ. Шәріповті орнынан алу жөніндегі) жүзеге асуы тура үш жарым айға созылды. Өйткені, редактордың жалғыз кінәлі еместігіне Мәскеу көңіл аударды»[13].
ҚКП ОК-нің 1955 жылы 14 маусымдағы шешімімен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып екінші рет тағайындалған Қ. Шәріпов, 1960 жылы билік қаһарына қайта ілігеді. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1960 ж. 12 қарашадағы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған Тұрар Рысқұлов туралы» мақаласына байланысты орнынан алынып, ҚазТАГ-тың директоры қызметіне жіберіледі. Бұл туралы белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері П. Бейсенов «Сірә маңдытып жұмыс істемейтіндер ғана жазаланбайды дегеннің мәні де осында шығар. Қажырлы Қасекеңнің бұрындары ешбір кінәсіз халық жауы деп жазаланғандардың енді ақтала бастағандығын елге ертерек қуана хабарлағысы келгені үшін ғана жапа шеккеніне қатты ренжідік» деп еске алады.
Міне, майданның ұрыс даласында шыңдалып, әскери журналистика арқылы баспасөзге келген көптеген жауынгер өжет қаламгерлер үнемі сый-құрметке ғана бөленіп, марапатталған жоқ. Ішінара қатал режимнің қаһарына ілігіп, жазықсыз жапа шеккендері де болды. Оның бір ғана мысалын әскери журналист Қасым Шәріповтың өмірі айғақтайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қозыбаев С. Соғыс шарпыған. Қазақ майдандық баспасөзі. – Алматы. – 2010. – 14 б.
2. Шәріпов Қ. Журналист и жизнь. Алма-Ата, 1976. 63–64 — бет.
3. ҚР ПМ. 811-қ. 8-т. 69-іс. 47-п.
4. ҚР ПМ. 141-қ. 1-т. 10175-іс. 7–8-п.
5. Шәріпов Қ. Рядовой герой. Алма-Ата, 1976. 103-бет.
6. ҚР ПМ. 811-қ. 8-т. 472-іс. 9–10-п.
7. ҚР ПМ. 811-қ. 8-т. 107-іс. 8–10-п.
8. ҚР ПМ. 708-қ. 28-т. 301-іс. 75–81-п.
9. Сонда. 75–81-п.
10. Шәріпов Қ. КазТАГ – информационный орган. Алма-Ата, 1978. 50-бет
11. Бейсенов П. Самғатып еді біздерді биіктерге. //Егемен Қазақстан. 13 қараша 2009 ж.
12. ҚР ПМ. 708-қ. 75-т. 358-іс. 27-п.
13. Қыдырбекұлы Б. Жетпіс бестің отыз жетісі.// Егемен Қазақстан. 8 желтоқсан 1994 ж.
Алғашқы ұлттық баспасөздерде әйел теңдігі тақырыбының көтерілуі
Тапанова С.Е.,
ф.ғ.д., профессор,
Еуразия ұлттық университеті
Әйел тақырыбы, әйел образы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетте орын алғанмен үлкен әлеуметтік мәселе деңгейіне көтеріле алмады да, ақын-жазушылар әйел бейнесін жырларына қосқанда «жақсы әйел», «жаман «әйел» сияқты дидактикалық сипаттағы сарындардан әрі асқан жоқ. ХVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясының туындылары әйел мәселесін жеке тақырып етіп қозғамаса да, жаңа мазмұндағы әйелге сипат беру, жақсы, жаман әйелді салыстырып тәрбиелік мәнге назар аудару жағынан ауыз әдебиетімен және осыған дейін ХV-ХVІІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Асанқайғы, Шалкиіз сияқты жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет түріндегі дидактикалық жырлар. Бұл ретте ауыз әдебиеті үлгісін ұстаған суырып салма ақын Шал Құлекеұлы өз өлеңдерінде ел өмірін, халық тұрмысын қамтумен бірге әділетсіздік, жүгенсіздік, парақорлық атаулыны сынай келіп, әйел бейнесіне де біршама назар аударған.
От басының берекелі болуын арман еткен Шал ақын адал достық пен кіршіксіз махаббатқа негізделген тату-тәтті үй-іші тұрмысын, бақытты тіршілігін аңсай келіп, адамның бар жақсылығы негізінен алғанда, оның ақылы мен көріп білген тәлім-тәрбиесінде болатындығын айтады да, бұл мәселеде үй-ішінің ажары да, сәні де, мәні де – дұрыс жар, яғни әйел таңдауға үлкен назар аудару қажеттігін баса айтады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ескі өміріндегі жағымсыз әдеттердің құрбаны болған әйелдердің аянышты тағдырына жоқшы болып, бұл кесапаттың тамырына балта шабар кездің таяу қалғанын халқымыздың сол кездегі ақындары батыл жырлап, махаббат еркіндігін, әйел теңдігін тілге тиек етті.
Қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов қазақ қыздарының теңсіздігін үлкен әлеуметтік мәселе деп танып, ол туралы батыл түрде өзінің пікірін білдірді. «Қазақта қыздарын тым жас кезінде және олардың ықтиярынсыз күйеуге беру сияқты жаман әдет бар»[1.143-б.] екендігін айта отырып, осы іске ел басқарушылар, патша әкімдері араласып, белгілі бір заң шығарса, жасы жетпеген ұлдар мен қыздарды дін жолымен зорлап қосуға тиым салынса деген пікірлерін білдіреді. Бұл – сол кездегі қоғамдық құбылыстың сырын түсінген батыл ой.
Шоқан пікірін Ыбырай Алтынсарин жаңғырта, жаңарта түсті. Ол қазақ топырағында қазақ қыздары үшін арнаулы оқу орнын ашып, игі істің бастамасын жасады. Олар өнер-білімге жетелесе, өз бас бостандығын өзі қамтамасыз етеді деген ағартушы-демократтың идеясын басым ұстады.
Әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысты. Ол қазақ қызының теңсіздікті басынан кешіріп, теңіне қосыла алмай келген ауыр халіне күйінішін білдіріп, осыған наразылық белгісі ретінде аянышты сезімге толы өлеңдерін арнады. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»- деп басталатын өлеңінде ескі салт бойынша қалың малға қартаң жастағы ханға тоқалдыққа беріліп, жас өмірі қор болған қазақ қызының аянышты халін суреттейді. Қанша байлық пен сән-салтанатта жүрсе де, хан сыйлаған алтын-күміс алқаға алданбай, өз ары мен намысын жоғары ұстаған қыздың әділетсіздік пен зорлық атаулыға наразылығын жақтап, қорлықта жүргеннен гөрі өлгенді жөн көрген қыз шешімін қолдайды.
Абайдың ақын шәкірттері мен оның әдеби дәстүрін жалғастырушы ақын-жазушылар ұлы ақынның әйел теңдігі мәселесіндегі адамгершілік қағидаларын насихаттап, өз шығармаларында осы мәселені ілгері дамытты, жаңа әдебиет мұраттарымен сабақтастырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақындардың әйел тақырыбындағы өлеңдері ағартушылық сипатта болса, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі әйел теңдігі үшін күрес әуені басты сарындардың біріне айналып, әйел образы прозалық шығармалардың негізгі кейіпкері болды.
ХХ ғасырдың бас кезі – қазақ әдебиеті тарихында жиырма жылға жетер жетпес мерзімді қамтитын қысқа да күрделі кезең. Бұл кезде қазақ даласында шаруашылық пен экономиканың біраз өсіп, теміржол мен сауданың дами түсуі, оқу-ағарту ісінің ілгері басуы, ұлттық баспасөздің көбейіп, баспа ісінің жандануы қоғам өміріне біршама қозғалыс әкелді де, мұның барлығы халықтың рухани өміріне игі ықпал етті.
Дәуірдің ұлт-азаттық қозғалысы ағартушылық-демократтық бағыттағы қазақ әдебиетіне бостандық идеясы мен ұранын әкелді. Бостандық мұраттары, біріншіден, қараңғылық пен надандық құрығынан бүкіл халық болып құтылу, азаттыққа қол жеткізу идеясы арқылы айқындалса, екіншіден, жеке адамның бас бостандығы үшін күресінен сезіледі. Ал жеке адам үшін күрес қоғамның осыған дейінгі бас еркі жоқ болып, теңсіздікте келген мүшесі – қазақ қызының тағдыры төңірегінде дамыды. Қазақ халқы өмірінде үлкен дертке айналып, шарықтау шегіне жеткен әйел теңдігі мәселесі сол кездегі ақын, жазушылардың шығармасының басты проблемасына айналды. Әйел образы, әйел теңдігі тақырыбы арқылы қазақ әдебиетіне адамдық ар үшін жеке адамның бас бостандығы үшін күресу тақырыбы келді.
Оянып, қозғалысқа келген бұратана ұлттар, олардың оқығандары өз тілдерінде түрлі кітаптар, газет, журналдар шығаруға, мәдени-ағарту мекемелерін, халық театрларын құруға кірісті. Олар мұның бәрін: ұйықтап қалыппыз, қатардан көп кейін қалыппыз. Енді ұмтылайық, ілгері кеткендерді тез қуып жетейік деген ниетпен, ұранмен асығып, тездетіп жасады.
Сөйтіп, ХХ ғасыр басында, 1905 жыл төңкерісінен кейін қазақ арасында көптеген мектеп, медреселер ашылып, қазақ тілінде кітаптар, газет-журналдар шыға бастады. Атап айтқанда: 1907 жылы Хажы Ыбрайымовтың редакторлығымен Петербургте татар тілінде шығып тұрған «Үлфат» газетінің қосымшасы болып «Серке» газетінің шығуы. Өмірі өте қысқа болған газеттің жабылу себебін былай түсіндіреді: «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын орыс халқына қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді»[2.16-б.] дейді. Газет либералдық-бурзуазиялық бағытта болды. Одан кейін сол жылы Тройцкі қаласында бір ғана саны шығып, тоқтап қалған «Қазақ ғазиты». Ресми мекемелердің адамдары шығарған (шығарушысы Хайм Шумлих Сосновский, бастырушылар Жетпісбай Андреев, Ешмухамбет Иманбаев) жартылай ресми газет еді.
1911 жылы 16 марттан бастап Ордада екі тілде, 6 бет болып «Қазақстан» газеті шықты. Алдындағы газеттермен салыстырғанда «Қазақстан» газеті осы жылы өзінің 4 санын шығарып, бұл да тоқтады. Араға екі жыл салып, Елеусін Бұйриннің редакторлығымен 1913 жылы, 28 қаңтардан бастап қайтадан жұмыс істеп, газеттің 13-14 санын шығарды. Газеттің басты мақсаты: кәсіп ету, ғылым үйрену турасында болды. Осы мақсатты айқындау барысында «Хал-жайымыз», «Еңбек етсең емерсің», «Тіршілік тартысы», «Әдебиет таңы» т.б. бірнеше мақалалар жарық көрді. Барлық мақаланың түйіні: «Дүние жүзінде қалғымыз келсе, адам баласын, ғайри жан иесін, бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым, өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап етелік», - десе [2.17-б.], «Әдебиет таңы» атты мақалада қазақ әдебиетінің сол кездегі хал-жайын айта отырып, Абай шығармаларына тоқталады. Абайдың:
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан. - [2.17-б.]
деген өлеңін келтіреді. Абайды әдебиетіміздің таңы деп бағалайды. Бұл газеттің басқа сандары да осы бағытта шығып отырған.
ХХ ғасыр басындағы газет, журналдардың ішіндегі ауыз толтырып айтатын, көптің көңілінен шыққан журнал – «Айқап».
«Айқап» журналы 1911-1915 жылдары Тройцк қаласында белгілі ақын, жазушы М.Сералиннің редакторлығымен шығып тұрды. Алғашқы жылы айына бір рет шықса, кейінгі жылдары айына екі рет шығуына мүмкіндігі болып, қазақ даласының барлық жеріне тарады.
«Айқап» қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді, көкейтесті мәселелерін сөз етті. Соның бірі - қазақ әйелдерінің хал-жайы, бостандық, теңдік мәселесі. «Қазақ қыздарының аталарына» (7-сан. 1911 жыл), «Қалың мал құрысын!», «Бауырлас қазақ әйелдеріне», «Аналарымызға», «Аталарымызға» деген үндеулер және басқа да көптеген өлең, мақалалар басты. Әйел теңдігі мәселесі туралы сөз еткенде мына жағдайларға ерекше назар аудару керектігін ескертеді. Әйелдердің саяси құқықта ерлермен тең болуын, қалың малдың жойылуын, он алтыға толмаған қызға құда түсупеуін, он алтыға толмаған қызға һәм он сегізге толмаған жігітке неке оқылмауын, молда неке оқыған кезде әйел мен еркекті қарама-қарсы қойып ризалықтарын біліп оқуын, екінші қатын аламын деген кісі бұрынғы қатынының ризалығымен алуын, жеті атаға келмеген жерден қазақтың қыз алмауын т.б. Осылардың қай-қайсысында болсын журнал қалың мал, қатын үсті, әмеңгерлік, қызды қаламаған, сүймеген адамға, шалға еріксіз берушілік сияқты ескі заң, зиянды салтқа қарсы күресті. Әйелдердің ерікті, ерлермен тең болуын, өз тағдырын өзі шешуін, теңіне, қалағанына қосылуын, қыз балалардың еркек балалармен қатар оқытылуын, әйелдердің еркек қатарлы қоғам жұмысына қатыстырылуын талап етті.
«Айқап» журналында әр кезде хатшы қызметкер, хабаршы болып Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жиһәнша Сейдалин, Әкірам Ғалимов істеді. Сонымен қатар қазақтың сол кездегі оқығандары, түрлі оқу орындарындағы оқытушылары мен оқушы жастары, хат білген адамдары тегіс қатынасты.
Қазақ әйелдері туралы қазақ тілінде алғаш – «Қалың мал» (С.Көбеев), «Қамар сұлу» (С.Торайғыров), «Бақытсыз сұлу» (Ә.Ғалимов) романдарын жазған авторлардың да бірқатары осы «Айқап» журналында қызмет істеді, шығармаларын жариялады.
Халықты аздырып-тоздырып бара жатқан әдет-ғұрыптың, ақсақалдық салт-сананың ойыншығына айналған әйелдердің тағдырын жырлаған С.Торайғыров, М.Сералин, С.Көбеев, С.Дөнентаев сияқты ақын-жазушылардың басты шығармаларындағы қоғамдағы осы әділетсіздік аса бір өткірлікпен айыпталды. Осы мәселе үлкен проза саласындағы қазақ әдебиетінің тыранақалды туындысы – «Бақытсыз Жамал» романында қозғалып, шығарманың негізгі идеясы - әйел теңдігі, қазақ болымысындағы қалың мал, әмеңгерлік сияқты кеселдерге үзілді-кесілді қарсылық білдірілді, романның өзі, оның бас кейіпкері – Жамал образы да қалың оқырман қауымы арасында үлкен пікір туғызып, қоғамдық санаға күшті ықпал етті. Жамалдың аянышты өмірінен қыз-келіншектер өз бастарынан кешкен қайғысын, мұң-зарын көрді. Әйелге бостандық әперіп, тең құқық беруді өздерінің шығармашылық мұраттарының басты идеясы қатарында қойып, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында да бұл мәселені батыл айтты.
«Айқап» қазақ әдебиетінің түйінді мәселелерін, өркендеу жолдарын сөз етті. Қазақтың Абай, Ыбырай негізін салған жаңа әдебиеттің, ұлы орыс халқының классик әдебиетіне, оның озат, демократияшыл идеясына бой ұрған, сонымен ауыл-үй қонып, аралас болған әдебиетінің өркендей түсуіне жетекші болды.
«Қазақ» газетінің өзі «Айқап» журналының тәжірибесінде туған, оның негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов та «Айқап» редакциясында қалам ұштаған жандар.
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде өлеңдер мен көркем әңгіме, повестердің жиі жарияланып отыруы тұңғыш қазақ романдары мен пьесаларының жазылуы оқырман санын көбейтуге ықпал етті де, кітап оқитын адамның көркемдік талап талғамын өсіріп тәрбиеледі, оқушының жеке бір кітап не шығарма немесе мақала туралы пікірі баспасөзде, жұртшылық арасында кең тарап, қоғамдық ой-пікірлердің туып қалыптасуына жағдай жасады. Осының өзі, сайып келгенде, әдебиеттің оқушыны, оқушының әдебиетті өсіруге тигізген әсері ретінде өзара байланыса отырып, нақты нәтижелерін бере бастады.
Сонымен ойымызды қорытындылай келе, көкірегінде мың көктем бүрін жарған әйел-аналардың жүрек жылуы, парасат-пайымы, қайрат-қажыры миллиондаған ер-азаматтардың жанын жайдары шуаққа, жақсы мұратқа бөлейтін аса құдіретті күш. Дүниедегі барша іс-қимылдар ең алдымен Аналардың ақ адал пейілінен, әз-махаббатынан бастау алады. Ана қуанышы, әйел бақыты – үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Қазақ әйелі - әуелі от анасы: шаңырақтың иесін, ошақтың киесін қашырмай ұстап отыратын құт дарытушы: сосын ұрпағын ұлы іске баулитын ұстаздық тағылымы бар жан – бесік жырымен емізіп, ертегісімен еліктірген, аңызымен уыздандырған, батырлар жырымен ерлік рухын ұрпағының бойына сіңірген: одан кейін ері жоқта елін қорғайтын батыл да жүректі, жауға намысын таптатпаған, ошағының отын өшірмеу үшін күрескендер. Міне, осындай бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аналардың теңдік алуына бар күштерін салып, арашашы болған, теңдікке қолын жеткізген Алаш азаматтарының еңбегін бір ғана мақала көлемінде айтып бітіру мүмкін де емес екендігі түсінікті. Ендігі жерде осындай қиындықпен келген теңдіктің қадірін білу - әйел-аналардың ардақты атына дақ түсірмеу. Әйел-ана тақырыбы заман талғамайтын, тамырын үзбей қазірге дейін жырланып келе жатқан - мәңгілік тақырып.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – А., 1991. – 207 б.
2 Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – А., 1993. – 248 б.
3 Қазақ. Құрастырушылар: Ұ.Сұбханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – А., - 1998. – 560 б.
Достарыңызбен бөлісу: |