Дескриптор Білім алушы
- өлеңді мәнерлеп оқиды
- есте сақтауға жаттығады
4 - тақырып: Мамандық таңдау
Берілген мәтінді оқып, төменде берілген тапсырмаларды орындаңдар
Мамандық – қызметкердің кәсіп шегіндегі қызметінің нақты саласы. Ол лауазымнан өзгеше түрде белгілі бір білімді және арнаулы түрде оқып-үйрену немесе жұмыс тәжірибесін жинақтау барысында алған еңбек машықтарын талап ететін еңбек қызметінің тегін сипаттайды. Лауазымдық міндеттердің шеңберін айқындайды. Мамандық қызметкер еңбегінің бүкіл шеңберін қамтығанда ол кәсіп ұғымына сай келеді.
Мамандық - адамнан арнаулы білім, еңбек дағдылары мен іскерлікті талап ететін еңбек іс-әрекетінің түрі.
11 жыл бойы «инемен құдық қазғандай» жинаған білімдерін сындарлы сағатта дәлелдей алмай, опық жеген бітірушілер де аз емес. Десек те, мектеп бітірген әр түлектің алдында тағы бір маңызды қадам күтіп тұр. Ол – мамандық таңдау. Қазіргі уақытта қаладағы қай ЖОО-ның маңайына көз сүзсең де, ығы-жығы халықты көресің. Дені – жастар. Нақтырақ айтсақ, тесттің теперішінен өтіп, болашағына бағдар болатын мамандық таңдауға келген жеткіншектер. Ал олардың бірі – қалаған мамандығына құжатын тапсырып қойғанымен, түсер-түспесін білмей дал болса, енді бірі – әлі күнге дейін қандай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүр. Себебі бірі – ҰБТ-дан жинаған балына қарап, бірі – бөлінген грант санына қарап тосылады. Ал қалтасында қаржысы барлар оған бас ауыртып жатпайды. Бірақ ешкім «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары», «қазаққа қажет қарекет қайсысы» деген сауалдарға ойланбайды. Шындыққа көз жүгіртсек, қай ата-ана болсын «әйтеуір оқып, қолына дипломын алса болды, ары қарай көре жатармыз» деп баласының ертеңіне көз сүзбейді.
Алға тарт деп жас жүрек бұлқынады, Балалықпен қоштасар күн туады.
Қазаққа қажет мамандық.
Сарапшы мамандардың пікірінше бүгінгі күнде маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы мамандары жетіспейді. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандығына еліміз аса зәру.
Бұл мамандықты таңдаушылар қатары жоқтың қасы болса, қажеттілік жылдан-жылға артып келеді.
Күннен-күнге заманауи технологиялардың сан түрі шығарылып жатыр. Қазір кезінде арман болған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу да» таңсық емес. Адамзат жеті қат көкті де, жерді де зерттеп-зерделеді. Ғаламат ғарышқа да табан тіреді. Яғни төрткүл әлем техникаға телмірген заман болды. Осыған орай еліміз де ел экономикасының басты бағдары болып отырған мұнай-газ және энергетикалық салаға баса назар аударып отыр. Бірақ бір «әттеген-айы» бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен. Әдебиет пен тарих сынды гуманитарлық пәндерден алдына жан салмайтын оқушылардың көпшілігі физика мен химияға келгенде амалсыз тосылып қалады. Оған ұлттық бірыңғай тест барысындағы көрсеткіштер куә бола алады. Жапония, Корея, Қытай сынды Азия елдерінде сол техниканың небір түрлері жасалады. «Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі біздің жерімізде бар» деп кеуде кере мақтанғанымызбен, оларды игеруге келгенде өзгелермен иық тірестіре алмаймыз. Ал жоғарыда аталған елдерде, байқап қарасақ, қазба байлық та шамалы ғана. Бірақ олар тыңнан түрен салып, әлем елдерінің алдыңғы қатарына шықты.
Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – дейді. Рас, жас жеткіншек тек өз жүрек қалауымен ғана таңдаған мамандықтың шебері бола алады, яғни мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом ала салу емес, өмірлік жолыңды айқындау.
1. Берілген сөздерді орыс тіліне аударыңдар.
Мамандық, түлек, оқытушы, дәуір, табиғат, зерттеуші, құжат, бақылау, дерек, сапалы, әдемі, қайырымды, озат, кең, жарық, қанағаттанарлық, жақсы, тәуелсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |