Егіншілік семей -2013 Аннотация


Суару түрлері, мезгілі және мөлшер



бет14/16
Дата09.06.2016
өлшемі1.01 Mb.
#124423
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Суару түрлері, мезгілі және мөлшері Суарудың басты мақсаттарының бірі, өсімдіктің суды ең көп қажет ететін мезгілінде оларды ылғалмен қамтамасыз ету. Ол үшін ауылшаруашылық дақылдарының ылғалға ең мұқтаж фазасын білу керек. Мысалы, дәнді масақты дақылдардың ондай кезеңі сабақтану-масақтану фазасы. Дәл осы кезде оларды қолдан суарса жоғары өнім алуға үміттенуге болады.

Ауыл шаруашылығы дақылдары себілген танаптардағы су шығыны транспирациядан (өсімдіктің жұмсауы), топырақ бетінен буланып ұшып және төменгі қабатқа өтіп кетуінен құралады. Осылардың ішіндегі ең пайдалысы өсімдіктердің транспирациясы, ал қалған екеуі ылғалдың пайдасыз жоғалуы. Сондықтан, барлық агротехникалық шара ауыл шаруашылығы дақылдарының ылғалды мүмкіндігінше мол пайдалануына жағдай жасауға бағытталуы керек.

Транспирация мен буланып ұшып жоғалған шығын өсімдіктердің жиынтық су пайдалану коэффиценті деп аталады.

Қолдан суару өсімдіктер вегетациясы кезінде, яғни олардың көктеп шыққаннан пісіп-жеілуіне дейінгі уақытта жүргізіледі, оын вегетация кезіндегі суару дейді. Топырақта ылғал қорын молайу үшін егін сепкенше, тұқым көктеп шыққанша немесе егін жинап алғаннан кейін суаруды вегетациядан тыс (влагозарядковый) суару дейді. Мұндай суару негізінен күзде немесе қыста жүргізіледі, соның әсерінен топырақтың терең қабатында ылғал қоры көбейеді, оны өсімдіктер ерте көктемде және жаздың алғашқы айларында пайдаланылады. Әсіресе, күзде жүргізілетін ылғал жинау суының маңызы өте зор, себебі бұл ретте ылғал жинау мәселесі ғана шешіліп қоймайды, сонымен бірге топырақтағы температура режимі де жақсарады, соның әсерінен күздік бидай, көпжылдық шөптер, жүзімдіктер, көшеттіктер және жас ағаштар да ойдағыдай қыстап шығады, кейін олардың өнімдері де артады.

Бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институты ғалымдарының тәжірибесіне қарағанда, тек қана күзде жүгізілетін алғал жинау суаруының өзінен-ақ күздік бидайдың өнімін 2-3 есе арттыруға болады екен.

Ылғал жинау кезінде бір гектарға 1200-1500 м3 су берілуі тиіс. Ерте егілетін дақылдар үшін ылғал жинау суын міндетті түрде күзде беру керек. Ал кеш егілетін жүгері, мақта сияқты дақылдар үшін ылғал жинау суын ерте көктемде жүргізуге де болады. Оңтүстік Қазақстан облысының көп аудандарында су қыс айларында да қатпайды, сондықтан ылғал жинау үшін суару шараларын қыс айларында сор шаюмен бірге жүргізеді.

Себу алдындағы суару жұмысын топырақтың үстіңгі қабаты өте құрғақ болған жағдайда жүргізеді. Бұл ретте көбіне топырақтың жыртылатын қабаты ғана суарылады. Осы суарудың арқасында топырақ беті дымқылданып, себілген тұқым дер кезінде біркелкі көктеп шығады.

Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан облыстарының климаты бір жерден жылына екі өнім алуға, яғни аралық дақыл себуге мүмкіндік береді. Аралық дақылдар дәнді масақты немесе сүрлемге арналған дақылдар орылып алынғаннан кейін егіледі. Аралық дақылдар егілер алдында міндетті түрде жер суарылуы тиіс, онсыз егілген дән өркен бермейді, себебі дәнді масақты дақыл орылатын маусым-шілде айларында жауын-шашын Қазақстанның оңтүстігінде тым тапшы болады.

Көкөністер мен темекі көшеттерін отырғызар алдында да жерді суару керек, онсыз көшет жөнді тамырланбай қурап қалады.

Егін сепкеннен тұқым көктеп шыққанға дейін берілетін вегетациядан тыс суару топырақтағы ылғал өркенінің жер бетіне тез шығуына жеткіліксіз болған жағдайда жүргізіледі. Көп жағдайда өркен шығу үшін бір рет суару аздық жасайды, тұқым ісініп өнгенмен, олардың жер бетіне көктеп шығуына суарудан кейін пайда болған топырақ қабыршағы мүмкіндік бермейді. Өсімдіктің өсуі үшін вегетация кезінде берілетін суару өте жиі қолданылады және ол осы суарудың негізгі түрі болып есептеледі. Вегетация кезінде суару өсімдік өсіп тұрғанда беріледі. Суару мөлшері климатқа, топырақ жағдайына байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Суарудағы мақсат- дақылдардың өсіп-өнуін жақсарту, олардың өнімдерінің мол болуына мүмкіндік жасау.

Қоректендіре суару дегеніміз дақылдарды суаратын суға тыңайтқыштардың ерітінділерін қосып беру, ол өсімдіктерді коректік затпен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады, ал кей жағдайда коректік заттар вегетация кезінде беріледі. Тек қана өсімдікті коректендіру үшін жүргізілгенде суару мөлшері 100м3/га болады. Қоректендіру суын жаңбырлатқыш машиналармен берген өте ыңғайлы.

Салқындату суы жаңбырлатқыштар арқылы жаздың ең ыстық кездерінде беріледі. Салқындату үшін көбіне көкөністер, жеміс-жидектер суарылады. Суару мөлшері әр гектрға 50м3.

Сор шаю суаруы әдетте күзде, қыста, ерте көктемде топырақтағы артық тұздарды кетіру үшін қолданылады. Бұл көптен пайдаланып келе жатқан танаптарда жүргізіледі.

Суару мерзімі. Өсімдік қоректік заттарды тек ерітінді түрінде алатыны белгілі, сондықтан олардың тамырлары жайылған қабатта әрқашан ылғал болып тұруы керек.

Көп өсімдіктердің жақсы өсіп, жоғары өнім беруі үшін топырақ ылғалдылығы оның еркін су сыйымдылығының 65-70 пайызынан төмен түспеуі керек. Топырақ ылғалдылығы осы деңгейден төмен түсіп кетсе, дақылдардың өсуі тежеледі. Соның салдарынан өсімдіктегі зат алмасу процесі қиындайды, жапырақта фотосинтез процесі жөнді жүрмейді. Сондықтан, топырақтың еркін су сиымдылығы көрсетілген межеге жақындай бастағанда дақылдарды суара бастауымыз керек. Вегетация кезінде жауын-шашын мол болса суару мерзімі едәуір өзгеруі мүмкін. Егер, кезекті суару алдында 20 мм және одан көбірек жаңбыр жауса, онда суару мерзімі кейінге қалдырылады, жаңбыр 10-12 мм болса, суаруды 3-4 күн кідіртуге болады, жаңбыр 10 мм-ден аз болса, бұл ретте кезекті суару жұмысын белгіленген мерзімде жүргізе берген жөн.

Суару мерзімінің жиілігі дақылдың түріне де байланысты. Мысалы, қант қызылшасы мен жүгерінің біріншші және екінші суаруының арасы 20-30 күнге созылатын болса, келесі суару күннің ысуына, өсімдік массасының ұлғаюына байланысты әрбір 10-15 күнде беріліп тұруы керек. Көкөністердің алғашқы суаруы мен екінші суару арасы 15-20 күн болса, кейінгі суарулардың арасы 7-10 күннен аспауы тиіс. Көп жылдық шөптерді 20-30 күн аралатып суарып тұрса да болады.

Мәдени жайылымдықдардың суару мерзімін мал жаю мезгіліне сәйкестендіріп жүргізеді. Мал жайылып болғаннан кейін мәдени жайылымдықтағы шөп 26 тәулік ішінде орнына келуі керек, осы кезде жайылым екі рет суарылуға тиіс. Оның бірінші сурылуы мал басқа жерге ауысқаннан кейін 4-5 күнде беріледі, одан 15-20 күннен кейін екінші рет суарылады. Суару кезінде топырақ танаптан шайылып кетпеуі үшін мөлшерден тыс су беруге болмайды. Олай болғанда жағдайда су топыраққа сіңіп үлгермейді де, танаптың бетімен су екпіндей ағып топырақ эрозияға ұшырап, оның құнарлы органикалық қабаты мен майда түйірлерінің танаптардан сумен ағып кетуіне әкеп соғады. Содан топырақ құнарлылығы жыл өткен сайын төмендей береді. Артық берілген судың пайдасынан зияны көп, эрозиямен қатар, топырақтың төменгі қабатындағы тұздардың жер бетіне көтерілуінің себебінен топырақ екінші рет сортаңдануы мүмкін.

Су көздері және суару тәсілдері Су көздеріне үлкенді-кішілі өзендер, көлдер, тоғандар жатады. Суды көп жинау үшін кішкентай өзендерге су реттеуіш тоған салынады. Ал өзені, көлі жоқ жерлерде қолдан жасанды тоғандар жасайды, оған ерте көктемдегі еріген қар және жаңбыр сулары жиналады. Танаптарды сумен қамтамасыз ету үшін арнайы суару жүйеін жасайды. Оның негізгі элементеріне су көзі (өзен, көл, су қоймасы), негізгі жиналғыш қондырғы, бас канал, бөлгіш каналдар, уақытша суландыру тармақтары, суару қарықтары, атыздар және басқалары жатады.

Су буланып ұшып кетпеуі және топырақтан жоғалмауы үшін су тасылмайтын каналдар бетондалынуы немесе бетоннан жасалған науалар арқылы су танапқа жеткізілуі керек. Ауыл шаруашылық дақылдарын суару үшін мынандай тәсілдер қолданылады:

-жайып немесе жер бетімен ағызып суару;

-көлтабан суару;

-жаңбырлатып суару;

-топырақ астымен суару;

-тамшылатып суару;

Суды жер бетімен ағызып суару ерте заманнан бері қолданылып келе жатқан, әлі күнге дейін көп тараған тәсіл. Оның үстіне бұл тәсіл өте қарапайым, сенімді, көп қаражатты, күрделі құралдарды қажет етпейді, ылғал топыраққа жақсы сіңеді. Бұл тәсілмен суару үшін танапарда ұзындығы 50ден 250 метр, тереңдігі 12-25 см-дей қарықтар жасалады, олардың арақашықтығы 60-90см болады.

Ал кейде суды егістікке жайып жіберіп те суарады. Қарықпен суарғанда жерді су түгел жаппайды, демек топырақ беті түгел қатып қалмайды, оның құрылымы көп бүлінбейді. Ал, суды жайып, жер бетін түгел суға батыра суарғанда топырақтың құрылымдық түйіршіктері езіліп, жалпы құнарлылығы кемуі мүмкін. Сонымен қатар суарылған жер көбіне құрғай келе онда өсімдік тамырларына оттегі баруын қиындататын тұтасқан қабыршақ пайда болады. Жерді қарықпен жайып суарудың кемшіліктері де бар. Мұнда еңбек өнімділігі төмен, су көп шығындалады, топыраққа су көп сіңгендіктен ондай танаптар сазданып, оның тереңгі қабатта жатқан тұздары жер бетіне көтерілу мүмкіндігі арта түседі. Жайып суару тәсілмен дәнді дақылдар мен көпжылдық шөптерді суарылады.

Көлтабанды суару. Жайып суарудың бір түрі- көлтабан әдісімен суару, яғни табиғи шұңқырларда, ойпаң жерлерде жиналған қар суын пайдалану. Бұл тәсіл Қазақтсанның суарылмайтын қауаңшыл далалаық аймақтарында жайылымдықтар мен шабындықтарды суару үшін пайдаланылады. Оның негізгі кемшілігі жаз бойына бір-ақ рет суаруға болатындығы.

Жаңбырлата суару кезінде әр түрлі механикалық аппараттар қолданылып (ДДН-70, ДДА-100 МА,”Фрегат”, “Волжанка”, Днепр т.б.) су танаптарға шашылады. Жаңбырлата суарғанда еңбек өнімділігі 4-5 есе жоғарылайды, су өте тиімді пайдаланылады. Судың жайылу қашықтығы суару машиналарына және олардың қондырғыларына байланысты 7-8 метрден 30-40 метрге дейін болуы мүмкін. Бұл тәсілдің суды ағызып немесе жайып суарумен салыстырғанда, мынадай артықшылығы бар: егістікте қарықтарды жиі қазудың қажеті болмайды, бұл жер өңдейтін агрегаттардың жүруін жеңілдетеді; суды үнемдеп, мөлшерлеп беруге болады, әсіресе топырақ құмдауыт болып келгенде, су орынсыз ысырал болмайды; жер бетін мұқият тегістеп жатудың да қажеті жоқ; суды мөлшерлеп бергендіктен жер астындағы тұздар көтеріліп, топырақ екінші рет сортаңданбайды.

Жаңбырлата суару прогрестивті тәсіл болып есептеледі. Суару кезінде онымен бірге дақылдарға тыңайтқыштар, гербицидтер, дефолианттар және микроэлементтер беруге болады.

Дақылдардың ылғалға мұқтаждығын азайту үшін аэрозольдік аппараттар да қолданылады. Бұл аппаратардың көмегімен су өте майда бөлшектерге бөлініп, тұманға айналады да, дақылдар өсіп тұрған алқаптарға жіберіледі. Бұл майда су тамшылары дақылдардың жапырағының, сабағының ылғалдылығын 25-37% көтереді, өсімдіктердің топырақтан алатын су көлемін азайтады. Аэрозольдік тәсілмен суарғанда, әсіресе көпжылдық шөптердің өнімі едәуір жоғарылайды. Аэрозольдік аппараттар беретін жасанды тұмандар арқылы дақылдарды көктемгі және күзгі үсіктерден жақсы қорғауға болады. Дақылдарды аэрозольдік тұманмен ылғалдандыру суды үнемді жұмсауға мүмкіндік жасайды.

Топырақ астынан су беру тәсілі әлі көп тарай қоймаған суару түрі, оның келешегі зор. Бұл тәсілмен су жер астына орналасқан су құбырларымен дақылдардың тамыры жатқан тереңдікке тікелей беріледі де, жер бетінің 5-7 см қалыңдығы құрғақ қалпымен қалады. Сондықтан, танап бетінде қабыршақ пайда болмайды. Топыраққа жер астымен су беру еңбек өнімділігін арттырып, суару құрылғыларын пайдалануды арзандатады. Қазіргі кезде бұл тәсіл көбіне жылыжайларда қолданылып жүр.

Тамшылатып суару да топырақ астынан су берудің бір түрі. Бұл тәсілмен суарылғанда топыраққа су өте жіңішке түтіктер арқылы беріледі. Мұны қолдану үшін бір гектар жерге 3-10 мың метр диаметрі 6-20 мм полиэтилен түтігі қажет болады. Суды топырақ астына бірден беріп суарғанда ол өте үнемді жұмсалады. Өйткені жер беті құрғақ жатқандықтан судың орынсыз булануы жоққа тән болады. Бірақ, бұл әдістермен суару үшін өте көп қаржы керек. Өйткені мұның өзі өте күрделі жұмыс, сондықтан ауыл шаруа- шылығында тек келешекте кең көлемде жүргізілуі мүмкін.

Суару мөлшері. Дақылдың сумен қалай қамтамасыз етілгенін білу үшін, жоспарланған өнімге ол дақыл қанша су қажет ететінін алдын ала есептеп шығару керек. Дақылға қажет су мөлшерін сол жерге түсетін жауын-шашын мөлшерімен салыстыра келіп, суарудың қажет, не қажет емес екенін, ал егер суару қажет болса, қанша су керек екенін есептеп шығаруға болады. Ол үшін әр дақылдың транспирциялық коэффициентін білуіміз керек. Мысалы, бидай дақылының беретін негізгі өнімі- дән. Бидай бір центнер дән беру үшін қанша центнер су қажет етсе, ол соның су жұмсау коэффициенті болып есептеледі. Масақты дақылдар әр тонна дән беру үшін 4000 тоннадай су қажет етеді. Яғни, масақты дақылдардың су жұмсау коэффициенті 400-ге тең, ал дәнге өсірілген жүгерінікі –250, тамыржемістінікі –100, картоптікі-150, көпжылдық шөптердікі –500 ге тең болады. Осы көрсетілген коэффициентті жоспарланған өнімге көбейтіп қажетті су мөлшерін анықтауға мүмкіндік туады. Мысалы, суармалы жерден 50 ц жүгері дәнін алу белгіленді делік, ал 50 ц дегеніміз 5 тонна, оны жүгерінің су жұмсау коэффициенті 250-ге көбейтсек, 1250 тонна немесе 1250 текше метр су керек болады. Бұл жүгеріні өсіруге кететін су көлемі. Ылғалдың біраз бөлігі топырақ бетінен ұшып буға айналады, келесі бөлігі топырақтың терең қабаттарына сіңіп кетеді. Әсіресе, топырақтың астыңғы қабатында тас, құмдар көп болса, оған сіңетін су да көбейеді, ал судың үшінші бөлігін сол себілген дақыл мен өсіп тұрған арамшөптер пайдаланып, көбіне жапырақтары арқылы буландырады, бұл транспирацияға кеткен су болып есептеледі. Топырақтағы судың көбісі осы транспирацияға жұмсалады.

Барлық керекті судан, дақыл өсіп тұрған кездегі жауатын жаңбыр суын және топырақтағы бастапқы ылғалды алып тастап, суару кезінде танапқа берілуге тиісті су мөлшерін белгілеуге болады. Ол үшін мынадай формула қолдану керек: M=E-(P+A) Мұнда: М- суару кезінде берілуге тиіс су мөлшері (м3); Е-өсімдік өсуі үшін жұмсалатын барлық судың көлемі (м3); Р-дақыл өсу кезінде түсетін жауын-шашын мөлшері (мм); А-топырақтың тамыр жайылатын тереңдігіндегі бастапқы су мөлшері (м3);

Бір рет суарғанда әр гектарға берілетін суды суару мөлшері деп атайды. Суару мөлшері топырақтың түріне, оның ылғалданатын тереңдігіне және суару алдындағы топырақтағы ылғалдық мөлшеріне суару тәсіліне қарай да өзгеріп отырады. Егер, танаптың топырағы құм немесе құмдауыт болса, ондай топыраққа су тез сіңеді, олардың суды ұстап тұру қабілеті төмен болғандықтан суару санын көбейтеді. Жаңбырлатқыш машиналарды қолданғанда ғана суды тиісті мөлшерде дәл беруге болады. Жаңбырлату арқылы әр гектарға көбіне 300-500 м3 су беріледі, бірақ ол жиірек беріліп тұрады.

Суару мөлшері климат ерекшелігіне байланысты да өзгеріп тұрады. Климаты өте құрғақ аудандарда суару мөлшері 600-800 м3 /га-дан кем болмауы керек. Жауын-шашын көп жауатын аудандарда оны 300-400 м3/га дейін кемітуге болады.

Танаптың су сыйымдылығына, топырақтың көлемдік массасына, ылғалдану тереңдігіне байланысты суару мөлшерін есептеп шығаруға болады. Ол үшін мына формуланы қолдану керек: M= 100d х h (W-V).

мұндағы: m-суару мөлшері м3/га; d-топырақтың көлемдік массасы , г/см3

h-ылғалдандыруға тиіс тереңдік,см;w-топырақтың еркін су сыйымдылығы, қысқаша ЕСС, v-суару алдындағы топырақтың ылғалдылығы, мм.



Топырақтың еркін су сиымдылығы (ЕСС) деп оның белгілі мөлшерде суды өз бойынан төмен жібермей мейлінше көп ұстау мүмкіндігін айтады. Суару кең тараған Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарындағы егіс танаптары топырақтарының еркін су сыйымдылығы көбіне 24-28 % болып келеді.

Көптеген дақылдар үшін топырақтағы ылғал оның еркін су сыйымдылығымен салыстырғанда 70-80% төмендей түскенде суаруды талап етеді. Топырақтағы ылғал 60%-тен төмен түскенде суарылған дақыл солмайды, бірақ алынатын өнім едәуір кемитінін тәжірибе көрсетіп отыр.

Суару кезіндегі топырақтың ылғалдану тереңдігі дақылдың тамыр жаюына байланысты әр түрлі болады. Қант қызылшасы, жүгері сияқты тамыры тереңге кететін дақылдар үшін топырақтың ылғалданатын қабаты 70-100 см болуы тиіс, ал дәнді масақты, бұршақ тұқымдас дақылдардың топырақтың ылғалданатын қабаты да осындай болуы керек. Қызанақ пен қырыққабаттың көшетін отырғызу үшін топырақың 40-50 см қабаты ылғалды болса жетіп жатыр.

Жерді суландыру-ауылшаруашылық мелиорациясының басты элементтерінің бірі. Оның негізгі мақсаты Қазақстанның қуаңшыл шөл және шөлейт аймақтарындағы жайылымдықтар мен шабындықтарды суарып, олардың өнімділігін арттыру. Жерді суландыру егістікті суару жұмысымен ұштастыра жүргізілуге тиіс. Егістікке су беру каналдары жайылымдықтар мен шабындық орналасқан жерге жақын өтсе оларды суландыру үшін осы каналдың суын пайдаланады. Мысалы, Ертіс-Қарағанды каналы осындай мақсатты орындау үшін салынған.

Өзен мен көлдері жоқ жерлерде су көзі үшін шыңырау құдық суларын пайдаланады. Жер құрғату мелиорациясы. Қазақстанда жауын-шашын тапшы. Жыл бойына мұнда 100-150 мм-ден 350-400 мм-ге дейін ылғал түседі. Сондықтан, республикада батпақты жерлер жоқтың қасы. Ал, керісінше Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы (ТМД) елдерінде атмосфералық жауын-шашын өте көп мөлшерде түседі. Мысалы, Ресейдің Мәскеу, Ленинград облыстарында, Батыс және Шығыс Сібір, Орал өңірлерінде, Белорусь республикасында жылдық жауын-шашын мөлшері 800-1000 мм-ге дейін жетеді. Мұндай жерлерде , ылғал буланып үлгермейді де топыраққа сіңеді, жер астындағы суларға қосылып, ойпаң тұстардан бұлақ болып шығады. Ал, ойпаң жерлерден су ешқайда ағып кете алмайды, содан барып олар батпаққа айналады. Сазды жерге егін егу мүмкін емес. Оны құрғату үшін әртүрлі инженерлік шаралар қолданылады, сөйтіп артық суды басқа жаққа аударып, жер өңдейтін техникалар жүретіндей жағдайға келтіреді. Құрғату кезінде ойпат жерлерде тұрып қалған сулардың ағысын реттеу және жеделдету қажет, бұл жерге артық судың келмеуі қадағаланады, жер астын суның деңгейі төмендетіледі, топырақтың су және ауа өткізгіштік қасиеті жақсартылады. Құрғату жүйелері артық суды танаптардан алып кететін ашық терең оқ-арықтардан және жабық құрғатқыш кәріздерден тұрады.

Барлық құрғақ жүйе егіс бағытымен жүретін су жинағыш каналдардан, суды танаптан аударатын коллекторлардан тұрады.

Жер құрғататын жүйелер салынғанда әр түрлі бөгеттер, тоспалар да жасалады, мұндағы мақсат көктемде су тасығанда немесе су көбейген кезде ойпаттарда орналасқан құрғатылған танаптарды судың қайта басып кетпеуін қамтамасыз ету керек.

Топырақ бетіне жақын орналасқан жер асты суын кетіру үшін жасалынатын арықтардың тереңдігі әдетте 50-60 см, бетінің ені 100-120 см, табанының ені 20-30 см болады. Бұлар еңіске көлденең тартылады және бір-бірінен 50-200 метр қашықтықта орналасады. Арықтардың жиілігі ауа райына тікелей байланысты болады, жаңбыр өте көп жауатын және жаңбыр сулары буланып үлгермейтіндей ауа райы салқын болатын аймақтарда бұлар жиірек орналастырылады. Құрғатылатын жер мал жайылымына арналған болса немесе орман –тоғай ағаштары өсірілетін танаптар болса, онда құрғататын арықтар арнасы көбіне ашық болады, егер құрғатылатын танапқа астық егілетін болса, онда жер құрғатуға арналған арықтарды тереңдеу және жиірек тартқан дұрыс. Егер, сазды жердің топырағы суды нашар өткізетін ауыр құрылымды болған жағдайда артық суды ағызуға арналған әр түрлі тереңдікке дренаждар және жер астында орнастырылған қуыстар жасалынады.

Дренаж кәрізі деп жер астына көмілген құбырдан, қыштан, тастан жасалған топырақтағы артық су жүретін әр түрлі түтіктерді айтады. Кейде бұлардың орнына жер астындағы су жүретін қуыстарға буылған шыбықтар, қамыстар, тастар көміледі. Мұнда су жүруге болатындай жіңішке қуыстар қалады. Солар арқылы топырақтағы артық сулар ағып, каналдарға құйылады. Бұл түтіктердің ішінде ең көп тарағаны қыштан жасалған дренаждар. Олар судан қорықпайды, шірімейді, сондықтан көп жылдар бойы пайдалануға жарайды.

Саздарды құрғатуға арналған жүйелер біржақты және екі жақты қолданылатын болып бөлінеді. Біржақты жүйелер тек топырақтағы артық суды азайту үшін ғана қолданады. Екіжақты жүйелер көктем кезінде топырақтағы суды азайту үшін, ал жаздың ыстық кезінде, не жауын-шашын тапшы болған жылдары кез-келген уақытта топырақты суландыру үшін пайдаланылады. Бұл кезде танаптарға су жер астында орналасқан дренаж жүйелері арқылы жеткізіледі. Құрғатылған жерді игеру үшін алдымен оны өсіп тұрған ағаштардан, бұталардан, тастардан, томарлардан тазалау керек. Кездесетін шұңқырларға, сайларға топырақ төгіп, жер бетін тегістейді, органикалық және минералдық тыңайтқыштар шашады, содан кейін терең етіп жыртады.

Құрғатылған жерлердегі ағаштарды кесу үшін бұтақкескіш машиналары қолданылады. Кей жағдайда ағашарды жою үшін әртүрлі химиялық заттар да пайданылады. Тал сияқы жалпақ жапырақты ағаштарға қарсы 2,4 Д амин тұзын қолдануға болады. Кесілген ағаштардың томарлары мен түбірінен танапты тазарту үшін арнаулы томар жұлғыштарды (Д-513А) пайдаланады. Бұл құралдың арнаулы тістері болады, томаржұлғыш жыланбауыр тракторлардың алдыңғы жағына орнастырылады.

Танаптағы тастарды теріп, жинап, сыртқа шығару үшін тас жинағыш-томаржұлғыш (УКП-0,6 не УСК-0,7) механизмдерді қолданады.

Саздақ төмпешіктерді тегістеу үшін де әртүрлі құралдарды қолдануға болады. Егер төмпешіктің биіктігі 25 см-ге дейін болса, оларды бұталы-сазды жыртуға арналған соқалармен жыртып, тегістеп жіберуге болады. Ал, төмпешіктің биіктігі 40 см болса, оларды рельстерден жасалған ауыр малалармен тегістеп алып, содан кейін жыртады.

Кездесетін әр түрлі шұңқырларды бульдозерлермен, скреперлермен, аласа төмпешіктер мен сайларды фреза машинасымен, әр түрлі тырмалармен, малалармен тығыздатқыштармен (катоктармен) тегістейді.

Танаптарды жоспарлағанда су жүретін каналдарға қарап сәл еңістеу етіп жасайды, сонда артық судың өзі келіп каналдарға құйылады.

Игерілген жерлердің құнарлылығын арттыру үшін органикалық және минералдық тыңайтқыштар береді. Егер топырақтың қышқылдығы жоғары болса, оны әктейді.

Органикалық және минералдық тыңайтқыштардың мөлшері, түрі әр танапта әр түрлі болуы мүмкін. Ол топырақтың құнарлылығына, химиялық, гранулометриялық құрамына байланысты өзгеріп отырады. Әр гектарға берілетін әктің де мөлшері топырақтың қышқылдығына байланысты болады.



Топырақты химиялық мелиорациялау Дақылдардың көбісі топырақ ерітіндісі реакциясының бейтарап болуын қалайды. Ол қышқылды немесе сілтілі болса онда өсімдік нашар өседі. Мұндай топырақтың реакциясын бейтарапты жағдайға келтіру үшін оған әк не гипс береді, бұл шараларды топырақты химиялық мелиорациялау деп атайды.

Қышқыл топырақты әктендіру. Қышқыл реакцияны бейтараптан- дыру үшін оны әктеу қажет. Әктеу нәтижесінде топырақтың құнарлылығы жақсарады, онда егілген дәнді дақылдардың өнімі әр гектардан 4-5 ц, қант қызылшасның өнімі –50-60 ц, сүрлемдік жүгерінің өнімі 60-90 ц дейін көтеріледі. Әктенген жерлерде дақылдардың өніп-өсуіне тыңайтқыштардың тигізетін әсері де арта түседі. Топырақтың қышқылдығын азайту үшін әктің, доломиттің ұнтақтары қолданылады.



Сор топырақтарды гипстендіру. Сор топырақтар Қазақстанның шөлейт және шөл аймақтарында жиі кездеседі. Сор топырақтың құрамында натрий көп болса да, топырақ ерітіндісінің реакциясы сілтілікті көрсетеді. Сондай тұзды топырақтар сортаң және сор топырақтар болып бөлінеді. Егер, топырақтың барлық қабатында (соның ішінде үстіңгі қабатында да) суда тез еритін тұздар көбірек (0,6 дан 3 және одан көп) болса, оны сор топырақтар деп атайды. Тұздың концентрациясы жоғары болғандықтан, өсімдіктердің суды, коректік затарды сіңіруі қиындайды. Сондықтан, мұндай топырақтарда өсімдіктер жөнді өспейді, өссе де тек тұзға төзімді өсімдіктер ғана өседі. Сор топырақтар әдетте ойпаттау жерлерде, суы ащы теңіздер мен көлдердің жағасында кездеседі. Сор топырақтар құрамында кездесетін тұздардың түріне қарай хлоридті-натрийлі, хлоридті-сульфатты, кальцийлі-натрийлі, сульфатты, кальцийлі-магнийлі және т.б. болып бөлінеді. Мұның ішіндегі ең зияндылары NaCІ және NaHCO3+Na2CO3 тұздары. Сор топырақтың құнарлылығын көтеру үшін химиялық мелиорациялау–гипстендіру керек. Топыраққа гипсті енгізгенде оның құрамындағы кальций ионы топырақ сіңіру кешенінен натрий ионын ығыстырып шығады. Осының нәтижесінде топырақтың физикалық, биологиялық қасиеттері жақсарады. ТСК құрамынан натрий ионы ығыстырылып шығарылады да оның орнына кальций ионын енеді. Жаңадан құралған тұз- Na2SO4.суда жақсы ериді, сондықтан келесі суарумен немесе сор шаюмен топырақтың төменгі қабатына шайылып кетеді.

Топырақты гипстендіру оны сумен шаю жұмысымен бірге жүргізілуі керек. Бір гектарға 3-10 тонна гипс жұмсалады. Суармалы аудандарда жерді дұрыс суармаудың салдарынан топырақтың екінші рет сортаңдануы да мүмкін. Мұндай жерлер ауылшаруашылық дақылдарын егуге жарамай, істен шығып қалады. Сортаң топырақты алқаптарда шөп сиректеу өсетін болатындықтан мұндай жерлерді көбіне мал жайылымы ретінде пайдаланылады. Егер, ондай жерлердегі артық тұздарды сумен шайып тұрса, алынатын өнім күрт жоғарылайды. Сумен шаю жұмысы жүргізілен кезде топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштар қоса берілсе, оның құнарлылығы арта түседі. Сортаң жерді игеру кезінде оған тұзды жақсы көтеретін жоңышқа, түйежоңышқа, судан шөбі, тары сияқты дақылдарды егуден бастаған дұрыс.

Сортаң топырақтың табиғи құнарлылығы да төмен. Оның құнарлылығын көтеру үшін көп қаржы жұмсау керек, яғни топырақты гипстеу, пайда болған натрий сульфатын сумен шаю, не бұл тұз төменгі қабатқа сіңіп кететіндей жағдай жасау керек.

Тұзды жерді химиялық мелиорациялауға көп гипс керек. Сондықтан, көбіне топырақтың өзін-өзі мелиорациялауына жағдай жасалады. Ол үшін топырақтың гипсі бар қабатын жоғары шығарып, сортаң қабатпен араластырады. Бұған жерді терең жыртатын плантаждық соқалар қолданылады. Гипсі бар қабат пен тұзды қабат араласқанда топырақ құнарлылығы артады. Ал, егер топырақты сумен шаю мен бірге органикалық, минералдық тыңайтқыштар қолдану шаралары қоса жүргізілсе, оның құнарлылығы одан да жоғары болады, сондықтан бұл жерлерге көптеген дақылдарды егіп, мол өнім алуға мүмкіндік туады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет