Орман мелиорациясы. Дақылдарды аңызақ ыстық желден, топырақты эрозиядан, өзендерді, көлдерді суалудан қорғау үшін олардың жағасына ағаштар отырғызылады. Өзендердің, көлдердің, каналдардың, айналасына отырғызылған ағаштар олардың жағасын бекітеді, сумен шайылып, эрозия болудан сақтайды және судың булануын азайтады. Ағаштарды танаптардың айналасына отырғызған уақытта бұлар ауаның ылғалдылығын көтеріп, топырақтағы судың орынсыз булануын азайтып, танаптағы егілген дақылдардың өнімін көтеруге септігін тигізеді және соғатын күшті желдердің екпінін қайтарып, топырақтың жел эрозиясына ұшырауына кедергі болады.
Танаптардың төңірегіне отырғызылған орман жолақтары дақылдарды суаруға жұмсалатын су мөлшерін 25 пайызға азайтады. Сонымен қатар көп жағдайда топырақты қайта тұзданудан сақтайды. Топырақтың қайта тұздануы суды өте көп беріп, оның терең қабаттарына судың мол жиналуынан болатыны белгілі. Сол тереңге кеткен су қайтадан жер бетіне көтеріліп, булана бастағанда ол өзімен бірге жер астындағы тұздарды да алып шығады. Осыдан топырақтың үстіңгі қабатындағы тұз көбейеді. Ал, ағаш отырғызылған жерлерде топырақ қайта тұзданбайды, себебі жер астына кеткен артық суларды ағаштардың тамырлары пайдаланады да, ол жер бетіне шығып, буланып үлгермейді.
Танаптарды қорғайтын орман жолақтарының егілген дақылдардың өніміне тигізетін әсерін мына мысалдардан көруге болады. Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан Алматы облысында орман алқаптарының әсерінен суармалы әр гектар жерден алынатын астық өнімі 5-7 ц, темекенің өнімі –1,7 ц , дәндік жүгері өнімі-4-5 ц көбейген.
Топырақ қорғау орман алқабы өзінің отырғызу құрлысы (конструкциясы) бойынша жел өткізбейтін тығыз, селдір және жел өткізетін болып үш топқа бөлінеді.
Жел өткізбейтін орман алқабында ағаштар жиі, яғни тығыз отырғызылады. Топырақты желден қорғау қабілеті осында отырғызылған ағаштың 15 биіктігіне тең. Бұл орман алқабында қар мол ұсталады, ол көктемде баяу еріп топырақты жақсы ылғандандырады.
Селдір құрлысты орман алқабынан соққан желдің 35 пайызы өтеді, ал топырақты желен қорғауы ағаштың 25-30 биіктігіне тең қашықтыққа дейін жетіп, желдің күші екі есе кемиді.
Жел өткізетін орман алқабында ағаштардың жоғарғы жағы бірімен-бірі түйісіп желдің өтуіне тосқауыл жасаса, ал төмені жағынан жел жақсы өтеді. Топырақ қорғау алқабының осы түрі қоршаған танаптарда микроклимат жақсарып, оларға қолайлы жағдай туғызады.
Топырақтағы, ылғалды сақауға арналған орман алқаптары жаз бойы танаптарды ыстық аңызақтан, құрғақшылықтан, шаңды дауылдан қорғап тұрады, желдің екпінін баяулатады, қыста танаптардан қардың ұшып кетпеуін қамтамасыз етеді. Қар қалың болса топырақ қыста тереңге тоң болып қатпайды, сондықтан көктемде және жазда топырақты тез кептіретін өкпек желден қорғайды, ылғалдың орынсыз ысырап болуынан сақтайды. Сөйтіп, алқаптағы климат жұмсарып, дақылдардың өніп-өсуі жақсарады. Танап қорғайтын орман алқабының әсерінен ыстық күндері ауаның температурасы 1-1,5 С, ал топырақтың температурасы 2,5-4 С төмендейді, бұл судың булануын орта есеппен 15-20 пайыз азайтып, өнімінің көбеюіне игі әсерін тигізеді.
Ауыспалы егіс танаптарының жер бедерін және үстем соғатын желдің бағытын ескере отырып, топырақ қорғау орман алқабын екі бағытта, яғни көлденең және ұзына бойы отырғызады.
Ұзына бойы орман алқабы үстем соғатын жел бағытына кесе-көлденең отырғызылады. Орман алқабының ені отырғызылатын ағаш қатарларының санына байланысты. Ағаштар 2-4 қатарлы, қатар аралықтың ені 1,5-2,3 метр, ал қатардағы ағаштардың бір-бірінен қашықтағы 0,5-0,7 метр болып отырғызылуы мүмкін. Ауа райына, топырағына байланысты негізгі орман жолақтарының арасы 200-ден 600 метрге дейін, ал оған кесе-көлденең отырғызылатын қосымша жолақтардың арасы 1000-1500 м болады.
Қара топырақты далалық аймақтарда (Қазақстанның солтүстік облыстарында) негізгі орман жолақтарының арасы 400-500 метрден аспауы керек, қарақоңыр топырақты аймақтарда (республикамыздың орталық, батыс, шығыс облыстарының далалық аймағында) 300-500 м, сұр топырақты оңтүстік облыстарында –200м болады.
Күріш егілетін атыздар арасына тігілетін ағаштар әдетте өте биік-20-25 м болып өседі. Сондықтан, күріш танаптарындағы негізгі орман жолақтарының арасын 800 м етіп отырғызылады.
Орман алқабын отырғызғанда үш топ ағаш тұқымын (породасын) қолданады.
-
Басты немесе негізгі тұқым. Ол топырақты желден қорғайтын негізгі алқап.
-
Ілеспелі ағаш тұқымы топырақты көлеңкелеп қолайлы микроклимат жасайды.
-
Бұталы ағаштар тұқымы топырақты көлеңкелеп, арамшөптерді құртады.
Әрине ағаш тұқымдары жергілікті жердің табиғи жағдайын ескере отырып таңдап алынады.
Республикамыздың солтүстік, батыс, шығыс облыстарының қызыл-қоңыр топырақты аймақтарында қайың, сағыз қарағай, теректердің әр түрі, қарағаш, сондай-ақ акацияның әр түрі, жиде, қарақат, шие, сібір, алмасы сияқты тал-шіліктерді отырғызуға болады.
Жауын-шашын аздау болатын орталық облыстарда, соған жақын іргелес аудандарда, яғни қоңыр, боз топырақты аймақтарда отырғызуға болатын ағашардың түрлері азая түседі. Бұларға қарағаш, үйеңкі, жиде, қарақат еккен қолайлы. Оңтүстік облыстарының тәлімі жерлеріне отырғызуға болатын ағаштардың түрлері санаулы-ақ. Себебі, ылғалдың аздығына, ыстыққа көп ағаштар шыдай бермейді.
Қазақстанның суармалы аймағында кез-келген ағашты отырғызбай, тек бағалы, шаруашылыққа пайдалы ағаштар еккен жөн. Отырғызылатын ағаштар егінге ешқандай зиянсыз, әрі топырақты қайта тұзданудан сақтайтын болуы керек.
Мақта егілетін Оңтүстік Қазақсан облысында дренажы жақсы жұмыс істеп тұрған жерлерге емен, қарағаш, қайың отырғызуға болады. Жер асты суы жақын жерлерде теректің әр түрі отырғызылады (қара терек, канада терегі), ал суы тереңде жатқан жерлерде үйеңкінің әр түрін отырғызу керек. Бұл ағашар канал жағалауларының топырағын жақсы бекітеді.
Топырақта тұз болмаса, ол жерге грек жаңғағы сияқты жылу сүйгіш ағаштарды отырғызуға болады, грек қара жаңғағы суықтан онша қорықпайды, ол 40С суыққа төзеді. Алманың әр түрлі сорттарын (апорт, ақ розмарин, мильтон), алмұрттың орман сұлуы сияқты сорттарын, өрік, алша, құрма тәрізді жеміс ағаштарын да отырғызған жөн.
Тұзды жерлерге қарағаш, қараған, жиде ағаштарын отырғызған қолайлы. Қызылорда облысының ауа райы өте құрғақ болғандықтан, мұнда өсіруге болаын ағаштардың түрлері онша көп емес. Бұл өңірге қарағаштың аласа түрлері, ақ қараған, канада терегі, жиде жақсы өседі.
Жамбыл облысының қант қызылшасы, жүгері, жоңышқа, дәнді масақты астық дақылдары егілетін танаптарының төңірегіне емен, қайың, ақ қараған, қара терек, канада терегі, қарағаш, үйеңкі сияқты ағаштары егінге жақсы сая береді. Жеміс ағаштарынан алманың Апорт, Заилийское сорттарын, алмұрттың Орман сұлуы, Талғар сұлуы, қара өріктің, шиенің, әр түрлі сорттарын отырғызуға болады.
Климаты жұмсақтау болып келетін тау бөктерлерінде орналасқан танаптардың айналасына өріктің Гайрат, Қызыл исфарак сорттарын, отырғызуға болады.
Егісті қорғайтын орман алқабын отырғызу. Ағаш отырғызу жұмыстары барлық аймақтар үшін бірдей десе де болады. Егін қорғайтын орман алқабын отырғызу үшін жерді күзден бастап дайындайды. Күзде бұл жерлер терең етіп жыртылады, тырмаланып, тегістеліп қойылады. Қыстай оған жаңбырдың, қардың суы сіңіп, ағаш отырғызуға дайын болып тұрады. Мүмкіндік болса ондай жерлерді суарып, топырақтағы ылғалды көбейту керек. Каналдардың бойына орман алқаптарының түбін, жақтауларын цементпен, бетон плиталармен бекітіп болғаннан кейін келесі жылы отырғызады. Ағаш оырғызуға ең қолайлы уақыт-көктем. Кей жағдайда күзде де отырғызуға болады, бұл ретте ағаш отырғызар алдында міндетті түрде жерді қандырып суарады.
Көктем кезінде де ағаш отырғызыла салысымен, оған су жіберу керек. Жаз бойы ағаш жақсы тамыр алып, дұрыс өсуі үшін 5-8 рет суару қажет. Ағаштың қатараралықтары үнемі қопсып жатуы тиіс, арамшөптерді отау үшін жерді өңдеп тұру керек.
Бақылау сұрақтары
-
Мелиорацияның маңызы
-
Мелиорацияның түрлерін атаңыз
-
Жер суару және оның маңызы
-
Суарудың мезгілі мен мөлшері
-
Жер құрғату, қолданылатын аймақтары
-
Химиялық мелиорация, маңызы
-
Орман алқабында отырғызылатын ағаш тұқымдары
-
Орман алқабының құрылысын атаңыз
7 тарау Егістік жұмыстар
Егістік жұмыстар негізінен шаруашылықта себілетін дақылдардың тұқымдарын дайындаудан басталады, себебі тұқымның сапасы нашар болса, онда басқа агротехникалық шараларды қанша мұқият жүргізгенмен жоғарғы өнім алуға үміттенуге болмайды.
Ауылшаруашылық дақылдары тұқымдарының сапаларына мына көрсеткіштері жатады:
-
Тұқымның тазалығы-негізгі дақыл тұқымын анықтауға алынған жалпы үлгі салмағына пайызбен көрсетілген қатынасы.
-
Тұқымның өнгіштігі-көктеп шыққан өскіннің себілген тұқым санына пайызбен есептелген қатынасы. Ол лабораториялық және далалық өнгіштік болып екіге бөлінеді. Лабораториялық өнгіштік 100 пайызға жақындау керек, ал далалық өнгіштік аймақтың топырақ-климаттық жағдайына, жылдың ауа райының, дақылдардың түрлері мен олардың сорттық ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп тұрады.
-
Тұқымның өну энергиясы –оның жылдам және біркелкі көктеп шығуы.
-
Тұқымның себуге жарамдылығы-себуге арналған тұқымдағы негізгі дақылдың таза тұқым мөлшері.
-
1000 дәннің салмағы-оның құрғақ күйіндегі граммен алынған массасы.
-
Тұқымның ылғалдылығы-оның салмағындағы пайызбен көрсетілген гигроскопиялық ылғалдың мөлшері. Мемлекеттік стандарт бойынша тұқымның ылғалдылығы 14 пайыз шамасында болу керек.
Бұл келтірілген көрсеткішерден басқа тұқым ауруларға шалдықпаған немесе зиянкестермен зақымданбаған болуы керек. Бір сөзбен қорыта айтқанда дараланған ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдары төмендегі мемлекеттік стандартқа сәйкес болулары шарт.
Кесте 6 Кластар бойынша тұқым сапасының негізгі көрсеткіштері
Дақылдар
|
Класс
|
Негізгі
дақылдың тұқымы ,%
|
Басқа өсімдіктер тұқымының қоспасы, дана/кг-нан көп емес
|
Лаборатория-лық өнгіштік,
%
|
барлығы
|
оның ішінде арамшөп өсімдігі
|
Жұмсақ бидай МСТ 10467-76
|
І
ІІ
ІІІ
|
99
98
97
|
10
40
200
|
5
20
50
|
95,0
92,0
90,0
|
Қатты бидай МСТ 10467-76
|
І
ІІ
ІІІ
|
99
98
97
|
10
40
200
|
5
20
70
|
90,0
85,0
85,0
|
Арпа, сұлы МСТ 10469-76
МСТ 10470-76
|
І
ІІ
ІІІ
|
99
98
97
|
10
80
300
|
5
20
70
|
95,0
92,0
90,0
|
Тары МСТ 10249-90
|
І
ІІ
|
99
97
|
16
200
|
10
150
|
95,0
85,0
|
Ас бұршағы МСТ 10246-86
|
І
ІІ
ІІІ
|
99
97
97
|
5
15
50
|
0
0
0
|
95,0
90,0
|
Күнбағыс МСТ 9576-84
|
І
ІІ
|
99
98
|
5
15
|
2
5
|
95,0
90,0
|
Себілуге тек І және ІІ клас талабына сай келетін тұқымдар жіберіледі. Тұқым тек арнайы себілген танаптан ғана алынуы керек.
Ауыл шаруашылық дақылдарын себу Егін себу мерзімі ең жауапты кезең, себебі әр дақылды қолайлы мерзімде себу алынатын өнім тағдыры. Себу мерзімі ауылшаруашылық дақылдарының түрлеріне, олардың биологиялық, сорттық ерекшеліктеріне, республиканың әр аймағының топырақ-климаттық, көктемгі ауа-райына және басқа жағдайларға байланысты. Суыққа төзімді дақылдар ертерек, ал жылу сүйгіш өсімдіктер топырақ әбден қызып, оның тұқым сіңіру тереңдігінде орташа тәулік температурасы +10-12С қызғанда себіледі.
Ғылыми-зерттеу мекемелерінің көпжылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде барлық ауылшаруашылық дақылдарының әр аймақтағы себілу мерзімі анықталып, олар өндіріске кеңінен енгізілді. Мысалы, бұрынғы академик А.И. Бараев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы институтының (М.В.Карпенко) көпжылдық зерттеулері бойынша. республиканың ең бағалы және басты дақылы жаздық бидайды Қазақстанның солтүстік өңірлерінде 15-25 мамыр аралығында сепкенде ең жоғары өнім беретіндігі дәлелденді. Аталған мерзімде себілген жаздық бидайдың әр гектарынан ерте себілген уақытпен салыстырғанда 1,5-2,0 ц/га, ал өте кеш себілген жерлерге қарағанда 1,3-1,8 ц/га үстеме өнім жиналды.
Қ.Ш. Жаңабаевтың Павлодар облысының далалық-қуаңшыл аймағында жүргізілген тәжірибесі де осындай нәтиже берді.
Республиканың солтүстік облыстарында арпаны жаздық бидайға қарағанда сәл кештеу себеді. Оның қолайлы себу мерзімі 25-30 мамыр аралығы. Ал, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінде өсірілетін күздік бидайдың себу мерзімі тұрақты үсік түскенге 50-60 күн қалғанда екені анықталды. Бұл мезгіл таулы және тау бөктері жерлерінде ертерек (қыркүйектің екінші онкүндігі), ал осы аймақтың жазық жерлерінде және қиыр оңтүстігінде кешірек (қазанның басы) жүргізіледі.
Жылу сүйгіш жүгері, қант қызылшасы, мақта, көкөністер және басқа өсімдіктер топырақ тұрақты қызып, оның тұқым сіңіру тереңдігінің орташа тәуліктік температурасы ең кем дегенде 8-10 градусқа жылығанда себіледі. Бұл оңтүстік облыстарда сәуірдің 10-20 жұлдызы аралығында, ал солтүстікте 10-20 мамырға (сүрлемдік жүгері) сәйкес келеді.
Тұқым себу мөлшері (нормасы) әр дақылдың сорттық және биологиялық ерекшеліктеріне, тұқым себу мерзімі мен тәсіліне, аймақтың топырақ-климаттық және басқа жағдайларына байланысты. Ауылшаруашы- лық дақылдарының тұқым себу мөлшері әр гектарға килограмм немесе миллион данамен есептеледі.
Дәнді масақты дақылдардың тұқым себу мөлшері Қазақстанның орманды-далалық және қуаңшыл далалық аймқтарында әр гектарға 2,5 млн данадан (қуаңшыл аймақ) 4,0 млн. данаға (жауын-шашыны көбірек жауатын) орманды-далалық қаратопырақты аймақ дейін ауытқиды.
Қазақстанның орталық және батыс өңірлерінде бұл көрсеткіш 2,5-3,5 млн дана, ал шөлейт аудандарда- 1,5-2,0 млн дана болады.
Республиканың шығыс аймағында тұқым себу мөлшері көбірек. Мысалы, осы өңірдің қуаңшыл-далалық жерлерінде 2,5-4,0 млн.дана/га болса, ал тау бөктерінде әр гектарға 4,0-5,5 млн дана дән себу керек.
Еліміздің суармалы егіншілігінде өсірілетін күздік бидайдың бір гектарға себу мөлшері 5,0-6,0 млн., ал күріштікі –7,0-8,0 млн. данаға жетеді.Аталған аймақтағы қант қызылшасының себу мөлшері әр гектарға 180-250 кг, картоптікі-55-60 мың дана, орта талшықты мақтаның 1 гектардағы өсімдік жиілігі 100-120, жіңішке талшықты мақта үшін 120-130 мың дана болуы керек.
Тұқым себу тәсілдері ауылшаруашылық дақылдарының өніміне тікелей ықпал етеді, себебі өсімдіктердің коректену алаңы, яғни ылғал және коректік элементтермен қамтамасыз етілуі, осы себу тәсіліне байланысты.
Тұқым себу тәсілдеріне дақылдардың түрлері де әсер етеді. Дәнді масақты дақылдар жай қатарлы, яғни өсімдіктердің қатараралығы 15 см, (СЗП-24 типтес дискілі дәнсепкіштермен себілсе) немесе 23 см (СЗС-2,1 типтес дәнсепкіштермен), суармалы аймақтарда тар қатарлы (қатараралығы 7,5 см СУБ-48 типтес дәнсепкіштермен) тәсілдермен себіледі.
Дәнді масақты дақылдарды тоғыспалы әдіспен кесе-көлденең екі бағытта себугеде болады. Бұл тәсілмен себілгенде тұқым себу мөлшері екі есе азайтылады. Арамшөптерден қатты зардап көретін тарыны таспалы әдіспен, яғни қатараралығы 30-45 см, екі немесе үш жолды етіп себеді. Мұндай тәсілмен көкөністерді және дәрілік өсімдіктерді де себеді.
Отамалы дақылдар кеңқатарлы, шаршылы-ұялы, кеңқатарлы-нүктелі, ұялы және басқа тәсілдермен себіледі. Кеңқатарлы тәсілмен сепкенде өсімдіктердің қатараралығы 45 см, 60см,70см және 90 см болады.
Шаршылы-ұялы тәсіл 60х60см немесе 70х70 см схемасы бойынша әр ұяға 2-3 дән себіледі. Мұндай әдіс жүгеріні сепкенде қолданылады. Кең қатарлы-нүктелі тәсілмен сепкенде өсімдіктердің қатараралығы 90 см, ал қатардағы қашықтығы 18-20 см болады. Бұл тәсілмен көбінесе мақта егіледі. Оның себу схемасы 90х20-2 немесе 90х20-3, яғни өсімдіктердің қатараралығы 90см, қатардағы өсімдіктің бір-бірінен орналасу қашықтығы 20см, әр ұяға 2 немесе 3 дән себіледі. Кеңқатарлы тәсілмен картоп, қант, қызылшасы, темекі, күнбағыс, көкөністер сияқты отамалы дақылдар себіледі.
Тұқым сіңіру тереңдігі дәннің ірілігіне, топырақтың гранулометриялық құрамы мен тұқым сіңіру тереңдігіндегі ылғалдылығына, себу мерзіміне байланысты. Дәнді масақты дақылдардың (бидай, арпа, сұлы және басқа) тұқымдары орташа 5-7 см тереңдікке сіңіріледі, топырақтың беткі қабаты құрғақ, гранулометриялық құрамы жеңіл болса 6-8 см тереңдікке себуге болады. Жүгері, асбұршақ тұқымдары 7-9 см тереңдікке сіңірілсе, картоп 8-10см тереңдікке отырғызылады.
Тұқымдары ұсақ дақылдар (жоңышқа, қыша, зығыр және басқалары) 3-4 см тереңдікке себіледі.
Егістікті күтіп-баптау Ауыл шаруашылық дақылдарын сепкеннен немесе отырғызғаннан егін жинағанға дейінгі аралықта бір-бірімен тығыз байланыста белгілі бір ретпен орындалатын топырақ өңдеу жиынтығын егін сепкеннен кейінгі топырақ өңдеу жүйесі делінеді. Оны көбінесе өсімдіктерді күтіп-баптау деп те атайды.
Егін сепкенен кейінгі топырақ өңдеу жүйесінің негізгі мақсаты:
-себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымдарының бөртіп-өнуіне, жылдам және біркелкі көктеп шығуына, өсімдіктердің әрі қарай жақсы дамуына қолайлы жағдай жасау;
-топырақтағы ылғал және қоректік заттар қорын тиімді пайдалану арқылы өсімдіктерді оларға қажетті осы тіршілік факторларымен қамтамасыз ету;
-егістікті арамшөптерден, зиянды жәндіктер мен ауру қоздырғыштардан тазарту.
Егін сепкенен кейінгі дәнді дақылдар егісінде бірінші жүргізілетін жұмыс-топырақты катоктар арқылы нығыздау. Ол егін себумен бірге жүргізіледі, өйткені осы күнгі дәнсепкіштер әр қатарды нығыздайтын жеңіл катоктармен жабдықталған. Келесі орындалатын жұмыс-тұқым көктеп шыққанға дейін және жаңадан көктеп келе жатқан арамшөп өскіндерін құртуға, топырақ бетінде пайда болған қабыршақтарды жоюға көмектеседі. Ерте көктемде қар кетіп, топырақ дегдіген кезде күздіктерді жеңіл және орташа тісті тырмалармен тырмалау керек. Бұл ретте пайда болған топырақ қабыршағы жойылады, танаптан ылғалдың буланып ұшуы азаяды, ақ жіпше фазасында болған арамшөп өскіндері құртылады. Егін сепкенен кейінгі жүргізілетін маңызды агротехникалық шаралардың бірі-отамалы дақылдардың қатар аралығын культивациялау. Вегетация кезінде отамалы дақылдардың бос жатқан қатараралығында арамшөптер өседі, ал суарғаннан кейін оларда топырақ қабыршағы пайда болады. Осы жағымсыз жағдайларды жою үшін отамалы дақылдардың қатар аралығы культивацияланады. Оның саны және жүргізілу тереңдігі танаптың арамшөптенуіне және суару санына байланысты. Жаз бойы отамалы дақылдардың қатар аралығы 2-3 рет, 6-8 см ден 10-12 см тереңдікке қопсытылады. Отамалы дақылдардың қатар аралығын өңдеу кезінде олар үстеп коректендіріледі. Ол үшін КРН-4,2, КРН-5,6 және басқа культиваторлар қолданылады. Отамалы дақылдардың ішінде картопты түптейді. Ол топырақты қопсытып, картоптың түйнегінің ірі және жақсы болып өсуіне мүмкіндік береді. Бұл жұмыс КОН-2,8, КОН-4,2 түптегіш культиваторларымен жүзеге асырылады. Егін сепкеннен кейінгі топырақ өңдеу жүйесі жерді негізгі және егін себер алдындағы топырақ өңдеуге қосымша агротехникалық шара ретінде өсімдіктердің өсіп-дамуына қолайлы жағдайлар тудырып, олардың өнімін арттыруға әсер етеді.
8 Тарау Егіншілік жүйесі
Егіншілік жүйесі- өсімдік шаруашылығы саласын ғылыми тұрғыдан жүргізу деп белгілі орыс ғалымы профессор А.В. Советов (1826-1901) ғылыми негізде түсінік берген. ХХ ғасырдың басында академик В.Р.Вильямс минералды тыңайтқыштардың аз мөлшерде өндірілетінін ескере отырып шөптанапты егіншілік жүйесін ұсынды, яғни топырақ құнарлылығын минералдық тыңайтқышсыз көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптердің көмегімен қалпына келтіруге болатынын дәлелдеді.
Қазіргі кезде, егіншілік жүйеі деп жерді тиімді пайдалануға, топырақ құнарлылығын арттырып, ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары сапалы және тұрақты өнім алу мақсатына бағытталған агротехникалық, мелиоративтік, ұйымдастыру жұмыстарының өзара байланысқан кешенді жиынтығын айтады.
Ғылым мен техниканың дамуына байланысты, егіншілік жүйесінің міндетері күрделіне түсті. Қоғам дамыған сайын, өндірістік қатынастар өзгерді, ауылшаруашылық ғылымының дамуына орай топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және жоғарлату әдістері, егіс көлемі, дақылдар түрлері және өнімділік деңгейі өзгерді.Сондықтан, жалпы егіншілік жүйесі де өзгеріске ұшырады.
Бұрынғы замандағы және қазіргі кездегі қолданылып жүрген егіншілік жүйелері даму дәрежелеріне байланысты үшке бөлінеді: қарапайым, экстенсивті және қарқынды (интенсивті).
Егіншіліктің қарапайым жүйесі топырақтың тек табиғи құнарлылығын пайдалануға негізделген. Бұл егіншіліктің алғашқы даму кезеңіне тән ерекшелік, яғни ол егіншіліктің ең қарапайым жүйесі болып саналады. Ерте кезде адамдар орманды алқаптарға егін салу үшін, ағаштарды кесіп немесе өртеп, егістік алаңдар даярлаған. Орманнан тазартылған жерлерде 3-5 жыл бойы дақылдар егілген. Танаптарда арамшөптер көбейіп, топырақ құнарлылығы және өнім мөлшері төмендеген жағдайда, ол жерлер тасталып, егіс үшін жаңа жерлер дайындалған. Егіншіліктің бұл жүйесі отамалы отты өртеу деп аталады. Далалық аймақтарда ағаш мүлде жоқ, немесе жоқтың қасы, онда көбінесе көпжылдық табиғи шөптер өсетіні белгілі. Сондықтан, бұл жерлерде егістік үшін табиғи тың жерлер, жайылымдар мен шабындықтар пайдаланылған. Мұны тыңайған егіншілік жүйесі деп атаған.
Пайдаланылатын жерлердің өнімділігі төмендеп, арамшөптерді көбейіп, құнарлылығы азая бастаған кезде дихандар ол жерлерді тастап, басқа тың жерлерге ауысып отырған. Тастап кеткен танаптарда 15-20 жылдан кейін, табиғи көпжылдық шөптердің өсуіне байланысты, топырағының құнарлылығы қайтадан қалпына келген. Сол кездері, танап қайта жыртылып, егін себілген. Сондықтан, егіншіліктің бұл көшпелі тәсілі-тыңайған “егіншілік” жүйесі делінген. Қазақстанда көпке дейін егіншіліктің осы жүйесі қолданып келген.
Егіншіліктің экстенсивті жүйесі. Бұл жүйе егіске жарамды жерлерді пайдалануды жақсартты. Халықтың санының өсуіне байланысты, егіс алқабының көлемі ұлғайтырылды. Жерге жекеменшіктік пайда болды, сол себепті дихан кез-келген жерді жырту мүмкіндігінен айырылды. Енді, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мерзімін қысқарту қажеттілігі туды. Ондай талаптар жерді парға қалдыру арқылы жүзеге асырылды. Жерді парға қалдырғанда армашөптерді құртуға, топырақтың құнарлылығын жоғарлатуға мүмкіндік жасалды. Жерді тыңайту мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Дақыл егілмеген танапта арамшөптермен күресу жүргізіледі, яғни жаз бойы күтіп-бапталды. Осылай егіншіліктің экстенсивтік жүйесі пайда болды. Парға қалдырылған танаптарға органикалық және минералдық тыңайтқыштар сіңіріледі. Сөйтіп, табиғи жағдайда танаптың құнарлылық күші 15-20 жылда қалпына келетін болса, адам оны бір жылда құнарлы қалпына келтіретін болған.
Алғашында ауыспалы егіс екі танаптан ғана тұрды. Біреуін парға қалдырып, екіншісіне астық дақылдары себілді. Содан кейін екі танапты ауыспалы егістің орнына, 3-4 танапы ауыспалы егісті пайдалана бастады. Бұл экстенсивті егіншіліктің парлы жүйесі деп аталынды. Егіншіліктің бұл жүйесі қарапайым жүйесіне қарағанда жүйесі алға басқандық болды. Бұл жүйе бойынша мол өнім жинау үшін егіске жарамды жерлердің басым көпшілігіне дәнді дақылдар егуге мүмкіндік туды. Егіншіліктің экстенсивтік жүйесіне бұдан басқа көп танапты-шөпті, жақсартылған дәнді дақылдар, шөптанапты жүйелері жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |