4.8 Пардан басқа алғы егістерден кейін күздік дақылдар үшін топырақ өңдеу жүйесі
Күздік дақылдар, оның ішінде күздік бидай, негізінен Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы суармалы және ылғалмен жақсы қамтамасыз етілген тәлімі егіншілігінде өсіріледі. Суармалы егіншілікте олар көбіне екпелі пардан кейін орналастырылады, ал тәлімі егіншілікте таза парға себіледі. Сонымен қатар, күздік бидай пардан басқа алғы егістерден кейін де себіледі. Оларға сүрлемдік жүгері, көпжылдық шөптердің қыртысы, қант қызылшасы және басқа отамалы дақылдар жатады. Пардан басқа алғы егістерден кейін күздік бидайға топырақ өңдеу жүйесі жергілікті жердің ауа райына, алғы дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне, танаптың фитосанитарлық жағдайына жағдайына байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, күздік бидай бір танапта қатарынан екі-үш жыл бойы себілуі мүмкін.
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында күздік бидайды жинау шілденің ортасынан басталады. Сондықтан, ол танапты ерте босатады, келер күздік бидайды сепкенше ұзақ уақыт бар. Ол танапты сапалы өңдеуге мүмкіндік береді. Күздік бидайды орып алысымен танапты сыдыра жырқышпен алғашқы рет 6-8 см тереңдікке, содан 2-2,5 апта өткеннен кейін екінші рет осы құралмен 8-10 см тереңдікке өңдейді. Екінші өңдегеннен 2-3 апта өткен соң танап 22-25 см-ге егін себер алдында 6-8 см тереңдікке культивацияланады. Қант қызылшасы, картоп, сүрлемдік жүгері сияқты отамалы дақылдардың вегетациялық кезеңі ұзақ болғандықтан кеш пісіп, танапты уақытылы босата қоймайды. Сондықтан, көп кешіктірмей топырақты өңдеуге кірісу керек. Егер, аталған дақылдар вегетация кезінде жақсы күтіп-бапталудың арқасында арамшөптер, әсіресе көгентамырлы арамшөптер жоқ не аз болса, онда танапы күздік бидайды себердің алдында 6-8 см тереңдікке культивациялайды. Керісінше танапта арамшөптер көп болса, онда алғы егістерді жинап алғаннан кейін танапты сыдыра өңдеп, содан кейін егін себер алдында соқамен жырту керек.
Егін себер алында тұқым сіңіру тереңдігіне топырақты культивациялайды.
Күздік бидайды көпжылдық шөперден кейін сепкенде, оның қыртысын кесе көлденең екі бағытта сыдыра жырқышпен, не болмаса дискілі тырмамен өңдейді. Содан 1-2 апта өткен соң жерді 28-30 см тереңдікке артына тырма тіркелген шолақ түренді соқамен жыртады. Күздік бидай себер алдында топырақты 6-8 см тереңдікке культивациялайды.
Мүмкіндік болса күздік бидайды таза және екпелі парлардан кейін сепкен жөн, кері жағдайда оны жақсы алғы дақылдардан (отамалы дақылдар) кейін орналастырған жоғары өнім алуға болады.
4.9 Орманды көшеттіктерде топырақ өңдеудің маңызы
Егіншілік шаруашылығымен салыстырғанда топырақ өңдеудің айырмашылығы онша көп емес. Мұнда топырақ өңдеудің міндеті ормандық көшеттіктерде топырақтың құнарлылығын жоғарлату, құрылымын, физика-химиялық қасиеттерін жақсарту, ылғал жинау,сақтау, оны үнемді пайдалану, арамшөптерді, өсімдіктерің зиянды организмдерін жою, ауа-жылу режимдерін ретке келтіру.
Орман алқабынан жерлерді, ағаш түбірлерін жою, топырақты тегістеу, арамшөптермен күресу, шым қыртысын ұсақтау, топырақты қопсыту.
Орман шаруашылығында егіншіліктегідей топырақты негізгі (аудармай, аударып жырту, жазықтабан сыдыратілгіштермен қопсыту), жердің беткі қабатын (тырмалау, сыдыра жырту, культивациялау, нығыздау, шлейфтеу, жоспарлап-жүйелеу) өңдеу тәсілдері қолданады. Сонымен қатар топырақ өңдеу, оның ішінде пар өңдеу жүйелері жоғарыда толық жазылды. Бұл жерде орман көшеттеріндегі топырақ өңдеу ерекшеліктері туралы жазылған.
Топырақты алғашқы бастапқы өңдеу ормандық көшеттіктер салынатын барлық жер көлемінде жүргізіледі. Егер, ормандық көшеттіктер тың және тыңайған жерлерде салынса, онда топырақ өңдеу қара парды өңдегенде жүргізіледі.
Қара топырақ таулы-орманды және орманды-шалғындық топырақтарда оны өңдеу үшін қара парды өңдеу технологиясы толық сақталу керек. Ал, қызыл-қоңыр және сұр топырақтарда жер жырту тереңдігі олардың қарашірінді қабатының қалыңдығына байланысты, егер жерді бұл қабаттан терең жырту керек болған жағдайда төменгі қабаттарды топырақ қопсытқыштармен немесе қайырымсыз соқамен өңдеу керек.
Ауыспалы егістерді жыл сайын өңдеуге себілімдіктер мен екпе көшеттерін қазып алғаннан кейін, көпжылдық екпелі шөптерді және ауылшаруашылық дақылдарды жинағаннан кейін жер қара немесе сидералды пар т.рінде өңделеді, ал көктемде көшет отырғызу алдындағы топырақ өңдеу жүргізіледі.
Топырақты негізгі өңдеу көшеттерді қазып алғаннан соң күзде толық тереңдікке сүдігерге жыртады, немесе көктемде жыртады.
Көпжылдық екпелі шөптерден босаған танаптарды (тамыз айында), ең алдымен сыдыра жыртқышпен өңдеп, содан 2-3 аптадан кейін жыртып, содан соң тағы бір сыдыра жыртқышпен өңдеген жақсы нәтиже береді.
Көшет отырғызу алдындағы топырақ өңдеуге ылғал жабу, культивациялау, шлейфтеу, нығыздау, топырақты жоспарлап – жүйелеу (планировка) жатады.
4.10 Топырақты минималды, нөлдік және жылдам өңдеу
Топырақтың физикалық, химиялық, технологиялық қасиеттерін, танаптың фитосанитарлық жағдайын жақсарту мақсатында егіншілікте жерді бірнеше қайтара өңдеуге (негізгі өңдеу, егін себер алдында және егін сеуіп болғаннан кейін өңдеу) тура келеді. Бұлай топырақты бірнеше рет өңдеу оны үгітіп эрозияға ұшыратады, өзі аз ылғал топырақтан буланып ұшып кетіп ысырап болады. Топырақ өңдеуге егіншілікте жұмсалатын барлық шығынның 30-40 пайызы кетеді. Сондықтан, ғалымдар егіншілікте қолданылатын жердің әр гектарынан алынатын өнімді төмендетпейтін топырақ өңдеу жүйесін жетілдірудің жолдарын іздестіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы зерттеулердің нәтижесінде ауылшаруашылық өндірісіне топырақты минималды (аз) өңдеу жүйесі енгізілді.
Энергетикалық шығындарды кеміту мақсатымен топырақты өңдеудің саны мен тереңдігін азайтуды, бір жұмыс процесінде бірнеше топырақ өңдеу операциялары мен тәсілдерін біріктіруді топырақты минималды өңдеу дейді. Топырақты минималды өңдеу оны үгітілуден сөйтіп, эрозияға ұшыраудан сақтайтын, ал экономиклық жағынан алғанда еңбек пен қаржыны үнемдейтін тиімді агротехникалық шара. Осы жазылғандардың бәрін тұжырымдап келгенде, топырақты минималды өңдеу жұмыс уақытын үнемдеуді, агротехникалық шараларды қолайлы қысқа мерзімде жүргізуді, материалдық, жиналған ылғалды сақтау, топырақтың шамадан тыс нығыздалуын, еңбек өнімділігі мен дақылдардың түсімін жоғарылататын тиімді агротехникалық шара. Топырақты минималды өңдеу мына бағыттарда жүргізіледі:
1. Топырақ өңдедуің санын азайту, яғни танапты бір жүріп өткенде бірнеше топырақ өңдеу тәсілдерін бір агрегатпен жүзеге асыратын машиналар мен агрегттарды қолдану. Мысалы С3С-2,1А дәнсепкіші бір жүріп өткенде 4 операияны жүзеге асырады. Атап айтқанда, топырақты культивациялап арамшөптерді қырқады, тұқым себеді, топыраққа түйіршікті минералдық тыңайтқыштарды шашып сіңіреді және танапты жеңіл нығыздайды. Қазіргі кезде бір жүріп өткенде 6-8 техникалық операция жүргізілетін агрегаттар бар.
2. Жер өңдеуге алымы кең ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын қолдану агрегаттардың танап арқылы жүріп өту санын қысқартуға жәрдемдеседі. Мысалы, бұрынғы қолданылып жүрген КПП-2,2 КШП-3;6 культиваторларының орындарына КПШ-5, КПШ-9, КПШ-11 және кең алымды жазықтабан сыдыратілгіш культиваторлары, ал БИГ-3А тырманың орнына ЛДГ-15, ЛДГ-20, БМШ-15 құралы пайда болды.
3. Жер өңдеу тереңдігін азайту. Ол үшін топырақты жылда-жылда тереңге өңдей бермей, оны таяз өңдеумен алмастырып отыру керек. Терең өңдеу топырақты үгітіп, оның құрылымы мен құрылысын бұзады, танаптың төменгі ылғалды қабаты жер бетіне аударылғаннан кейін судың буланып ұшып кетуіне жол ашылады. Академик А.И.Бараев атындағы бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы институтының ұсынысы бойынша қысқа айналымды, дәнді-парлы, 4 танапты ауыспалы егісте топырақты пар танабында жазықтабан сыдыратілгіш КПГ-250 культиваторларымен 25-27 см тереңдікке қопсытып, ал қалған 3 жылда жердің беткі қабатын кеңалымды жазықтабан КПШ-5, КПШ-9 культиваторымен 14-16 см тереңдіккке өңдесе жеткілікті. Бұл жағдайда атпатамырлы көпжылдық арамшөптер гербицидтер арқылы жойылады.
4. Пар танабында механикалық өңдедуің санын қысқартып, оның орнына гербицид қолдану тиімді. Мысалы, таза парды бір рет механикалық өңдеп, оған қосымша гербицид қолданса, парды 3-4 рет механикалық әдіспен өңдегенде тең екендігін ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері толық дәлелдеді.
Кейінгі кезде топырақ өңдеу кезінде кететін шығын, қаржы мөлшерлерін азайту, еңбек өнімділігін арттыру, күзгі және көктемгі далалық жұмыстарды жүргізудің мерзімдерін қысқарту, топырақтың нығыздалуын азайту, сөйтіп ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында өндіріске нөлдік өңдеу немесе егінді тікелей себу тәсілдері қолданылуда.
Нөлдік өңдеу дегеніміз – топыраққа ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарымен әсер етпеу немесе тікелей тұқым себу.
Нөлдік өңдеу топырақтың гранулометриялық құрамы жеңіл, желі қатты соғатын республиканың ашық құрғақ далалық аймақтарымен оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жақсы нәтиже береді. Бұл дәстүрден тыс топырақ өңдеу тәсілінің негізгі мақсаты – танапта ылғалды барынша мол жинау, сақтау және оны тиімді пайдалану.
Топырақты нөлдік өңдеу Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде орналасқан Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі егіншілігінде қолданылады.
Топырақты нөлдік өңдеу тәсілдерін зерттеп, оны өндіріске кеңінен енгізіп жүрген В.Д.Двуреченский басқаратын Солтүстік-Батыс ғылыми өндірістік орталығы.
Республиканың оңтүстік-шығыс аймағында бұл мәселемен Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік тнститутының ғалымдары шұғылдануда.
Топырақты нөлдік өңдеу олардағы арамшөптерді гербицидтердің көмгімен жою арқылы жүзеге асырылады. Бұл деген топырақты негізгі және егін себер алдындағы өңдеулерден өткізбей-ақ СЗС-2,1А типтес дәнсепкішер сияқты машиналармен бірден егін себу.
4.11 Топырақты жылдам өңдеу
Егіншілік пайда болған заманннан бастап бүгінгі күнге дейін топырақ өңдеу жылдамдығы ғылым мен техниканың дамуына байланысты өзгеріп отырды. Алғашқы кезеңдерде, әсіресе өткен ғасырдың 20-30 жылдары, жер өңдеу құралдарын аттың немесе ірі қара малдың күшімен жүзеге асырды, сондықтан жерді өңдеу жылдамдығы сағатына 3-5 шақырымдан аспады. Бертін келе егіншілікте ЧТЗ, ХТЗ, ДТ-54 сияқты шынжыр табанды тракторлар егіншілікте кеңінен қолданылды. Сондықтан, жер өңдеу жылдамдығы сағатына 6-7 шақырымнан 9-10 шақырымға жетті.
Көптеген ғылыми-зерттеу мекемелері мен ғалымдардың зертеулері топырақы неғұрлым жылдам, өңдесе, солғұрлым еңбек өнімділігі артады, ал топырақты өңдеу сапасы сағатына 3-5 шақырым жылдамдықпен өңдегеннен кем болмайды, тіпті кейде артық болатындығын көрсетті.
Сонымен қатар топырақты жоғары жылдамдықпен өңдеу экономикалық жағынан тиімді, себебі машиналар мен құрал-жабдықтар, жұмыс күші, жанар-жағар майлар аз мөлшерде керек.
Топырақ өңдеу жылдамдығы бір орнында тоқтап қалған жоқ, әрі қарай өзгеріске ұшырады. Ауыл шаруашылығында қуатты К-700, К-701 дөңгелекті тракторлардың пайдалану арқасында топырақ өңдеу жылдамдығы сағатына 15-16 шақырымға жетті. Топырақты көрсетілген жылдамдықта өңдеу оның жақсы үгітіліп, өңдеу сапасының көрсеткіштері жоғарылайтындығын ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмыс нәтижелері көрсетті. Сөйтіп, топырақты жоғары жылдамдықта өңдеу барлық агротехникалық шараларды қысқа мерзімде орындауға, еңбек өнімділігін арттыруға, егіншіліктің мәдениелігін көтеруге мүмкіндік туғызды.
4.12 Жырту қабатының қалыңдығын ұлғайту
Топырақтың жырту қабаты қалың болған сайын оның құнарлылығы жоғарылайды, ауыл шаруашылғы дақылдары тамырларының терең бойлап өсуіне, сөйтіп өсімдікті ылғал және коректік заттармен қамтамасыз ету жақсарады. Сондықтан, егіншілікте топырақтың жырту қабатын қалыңдатудың маңызы үлкен. Оны жүзеге асырудың жолдарына мыналар жатады:
- қарашірінді қабаты мүмкіндік берсе, топырақты терең жырту;
- қарашірінді қабатының қалыңдығы жұқа болған жағдайда топырақтың астыңғы қабатын қопсытатын топырақты терең қопсытқышты пайдалану;
- топырақты жазықтабан сыдыратілгіштермен 30-32 см тереңдікке қыртысты аудармай терең қопсыту;
- топырақты екі немсе үш қабатты соқалармен терең етіп қат-қабаттап өңдеу.
Осы және басқада топырақ өңдеу тәсілдерін егіншілікте пайдалану оның құнарлылығын арттырып, мәдение түрге келтіреді, сөйтіп ауыл шаруашылық дақылдарынан мол өнім алуға мүмкіндік туғызады.
4.13 Топырақты өңдеу сапасына агротехникалық бағалау
Егіншілікте топырақты өңдеу сапасын анықтаудың маңызы зор. Біріншіден, сапалы өңдеу егіншілік мәдениетінің жоғары болуымен ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттырудың негізі. Екіншіден, жіберілген кемшіліктерді жою мақсатымен қосымша өңдеудің қажеттілігі жоқ, сондықтан еңбек, жанар-жағар майлар, материалдар үнемделеді. Үшіншіден, топырақты өңдеудің сапасын бақылау мен бағалауды жақсы ұйымдастыру механизаторлардың орындаған жұмысы үшін жауапкершілікті сезінуіне және еңбегінің түпкілікті нәтижесіне ынталандыруға тәрбиелейді.
Егіншілікте жүгізілетін жұмыстардың сапасын бағалау арнаулы нұсқауларда толық берілген. Сондықтан, бұл жерде біз мысал ретінде жер жырту және топырақы жазықтілігішпен өңдеу сапасын бағалауды келтіріп отырамыз.
Жер жыртудың негізгі мақсаты танапқа жеткілікті мөлшерде ылғал мен коректік заттар қорын жинау және минералдық тыңайтқыштарды, арамшөптерді, зиянды жәндіктер мен ауруқоздырғыштарды, аңызды және өсімдік қалдықтарын топыраққа сіңіру. Осыған орай жер жыртудың мына қасиеттеріне сапалық баға беріледі. Агрономиялық ұсыныстарға сай мезгілде жыртылуы, жырту тереңдігі, жылдамдығы, кесектілігі, аңыздық қалдықтарды топыраққа сіңіру дәрежесі, жыртылмай қалған жердің болауы. Алынған деректер мына 5-ші кестеге толтырылады.
5 кесте Жер жырту сапасын бағалау
Өлшеулер
|
Жырту мезгілі
|
Жырту тереңдігі, см
|
Жылдамдылығы, км/сағ.
|
Кесектілігі
|
Аңыздық қалдықтарды сіңіру дәрежесі
|
Жыртылмай қалған жердің болмауы
|
агрономиялық ұсыныс бойынша
|
Нақты-лы
|
Бірінші
Екінші
Үшінші
т-б
|
|
|
|
|
|
|
|
Осы алынған материалдар бойынша орындалған жұмысқа баға беріледі.
Жазықтабан сыдыра жыртқышпен өңделген жердің сапасын бағалау
Жерді аудармай өңдеудің негізгі – мақсаты арамшөптерді жойып, топырақты эрозиядан қорғау үшін танапта орылған егістің аңызын және басқа да өсімдік қалдықтарын сақтау. Топырақты аудармай өңдеудің сапа көрсеткіштеріне мыналар жатады: орылған егіс қалдықтарының сақталуы, өңдеу тереңдігі, арамшөптерді толық қырқу. Тексеру нәтижесінде алынған көрсеткіштерді кестеге түсіріп, оларды агротехникалық талаптармен салыстыра отырып, топырақ өңдеуге сапа бағасы беріледі.
Топырақ өңдеу сапасына трактордың жүру жылдамдығы да өз әсерін тигізеді. Көптеген тәжірибелердің арқасында трактордың егістік жұмыс жылдамдығы терең қопсытқышпен топырақ өңдегенде сағатына 9-10 шақырым, жазықтілгішпен - 10-11 шақырым, ауыр культиватормен - 8-9 шақырым, шанышқылы тырмамен - 10-12 шақырым, дискілі сыдыражыртқышпен - 10 шақырымнан артық болмағаны тиімді екені дәлелденді. Осылай барлық орындалған егістік жұмыстарға баға беріледі.
Бақылау сұрақтары
-
Топырақ өңдеу және оның мақсаттары
-
Топырақ өңдегенде жүретін технологиялық операциялар, олардың қысқаша сипаттамасы
-
Топырақтың технологиялық қасиеттерін, олардың топырақ өңдеу сапасына тигізетін әсерін атаңыз
-
Топырақы негізгі өңдеу және оның тәсілдері
-
Сүдігер жыртудың маңызы
-
Топырақты аудармай терең қопсыту, өңдеу құралдары
-
Топырақты арнайы өңдеу тәсілдері, құралдары
-
Топырақты арнайы өңдеу тәсілдерін атаңыз және оларға сипаттама беріңіз
9. Топырақты қат-қабаттап жыру, оның маңызы, жүргізетін құралдары
10. Топырақың беткі қабатын өңдеу және оның тәсілдерін атаңыз
-
Топырақы тырмалаудың маңызы, жүргізілетін мезгілі, құралдары
-
Культивациялау, маңызы, құралдары
-
Топырақ өңдеу жүйесі
-
Көпжылдық шөптерден кейін топырақ өңдеу жүйесінің ерекшелігі
-
Жаппай себілетін дәнді және отамалы дақылдардан кейін топырақ өңдеу жүйесі
-
Егін себер алдындағы топырақ өңдеу жүйесі
-
Егінді күтіп-баптау
-
Пар, түрлері, егіншіліктегі маңызы
-
Әр түрлі парларды өңдеу жүйесінің айырмашылығы
-
Топырақты минималды өңдеу
-
Топырақ өңдеудің сапасы
5 тарау. Топырақ эрозиясы және оның зияндылығы
Топырақ эрозиясы және онымен күрес шаралары. Адамдар өмірінде жер ерекше орын алады. Ол біріншіден, адамдарды асыраушы жер-ана; екіншіден, ауылшаруашылық өндірісінің негізгі құралы, үшіншіден, жер халық байлығы. Бүгінгі нарық заманында, жер жекеменшікке берілгенде оны көздің қарашығындай сақтау әрбір адамның, әр маманның алдында тұрған басты міндет.
Қазақстан Республикасы жер қорын басқару агенттігінің республиканың жері ұлан байтақ, дәлірек айтқанда онң көлемі 272,5 млн.гектар, сондықтан жер жүзінде 9-шы орында тұр. Ауыл шаруашылғында пайдаланатын жердің көлемі 222,5 млн гектар, соның ішінде егістік жер 21,4 млн. гектар, яғни республика бойынша әр адамға 1,4 гектар егістік жер келеді екен. Бұдан, жердің көптігінен, оған немқұрайлы қарау керек деген ұғым тумай, керісінше жерді келер ұрпаққа сақтау керек. Табиғатта топыраққа кері әсер көрсететін факторлар көп. Солардың бірі- топырақ эрозиясы.
Жер өңдеу кезінде топыраққа ықпал жасау оның құрылымы мен құрылысының бұзылуына және табиғи топырақ құрылу процесі бағытының өзгеруіне, ең соңында эрозия құбылысының пайда болуына әкеліп соқтырады. Эрозияның қатерлі, тіпті апатты зардабын сезіну үшін оның мәнісін терең түсіне білу керек.
Сонымен топырақ эрозиясы дегеніміз оның желдің немсе судың (жаңбыр мен қар сулары, қолдан берілетін сулар) күшімен бұзылып, басқа бір алыс не жақын жерге барып шөгуі.
Топырақ эрозиясы ауылшаруашылық өндірісіне орасан зиян келтіреді. Біріншіден, эрозияның әсерінен топырақтың беткі қабаты желмен ұшып немесе сумен шайылып кетеді, сондықтан шаруашылықар жердің құнарлы қабатынан, өсімдіктер коректік заттардан айырылады. Мысалы, Якубовтың деректері бойынша жердің 50 см қабаты желмен ұшып кетсе, қарашірігі аз құмдақ топырақтың әр гектарынан 11-16 тонна гумус, 150-300 кг азот, 120 кг фосфор жоғалатын көрінеді.
Францтың мәліметтеріне қарасақ, жел мен су жылда Еуропадан 840 млн тонна, Афркадан 21 млрд. тонна топрырақты мұқиттар мен теңіздерге алып кетеді екен.
Бүкіл материк жыл сайын эрозияның кесірінен жердің беткі 2 см қабатынан айырылады. Сондықтан, топырақтың қарашірігі кемиді. Мысалы, А.А.Зайцевваның зерттеулері бойынша Павлодар облысында топырақ эрозияға ұшырамағанша оның қарашірік мөлшері 2-3 пайыз болса, ал эрозиядан кейін 0,8-1,5 пайыз қалған. Табиғатта 2,5 см жердің беткі гумустық қабаты түзілу үшін 300 ден 1000 жылға дейін уақыт керек.
Екіншіден, эрозияның салдарынан дәнді дақылдардың жас өскіндерін топырақ түйіршіктері қырқып жібереді, яғни егістік жойылады. Атап айтқанда, тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы жылдарында Қазақстанда эрозияның кесірінен 2,9 млн гектар дәнді дақылдардың егісі жойылып кетті. Осы жылары республиканың астықты өңірлерінде жел эрозиясының кесірінен 12,8 млн гектар егістің өнімі төмендеп, одан 170 млн пұт асытық кем жиналды.
Үшіншіден, эрозия құнарлы егістік жерлерді жарамсыз қылып, оларды не айналымнан шығарып тастауға мәжүр етеді, немесе басқа түрге көшіруге тура келеді. Мысалы, 1962-1964 жылдары Павлодар облысының шаруашылықтары эрозияға ұшыраған 850 мың гектар егістікті шабындыққа, жайылымдыққа және басқа түрлерге айналдыруға мәжбүр болды.
Эрозияға ұшыраған жерлерге себілген ауылшаруашылық дақылдарының өнімі күрт төмендейді. Оның себеі эрозияның әсерінен топырақтағы қарашірік мөлшері азаяды, соның салдарынан ондағы коректік заттардың тапшылығынан өсімдік зардап шегеді.
Топырақ эрозиясымен күрес шаралары.
Су эрозиясымен күресуде шаруашылыққа тиісті жерді дұрыс пайдалана білудің маңызы зор. Бұл әсіресе бедері күрделі болып келетін таулы жерлерде және тау бөктерінде орналасқан шаруашылықтар үшін өте қажет. Су эрозиясына дөңес жерде орналасқан танапар өте бейім болады. Сондықтан, мұндай топырақты жиі қопсыта беруді қажет етпейтін дақылдар егу керек. Дөңес жерлердің топырағын су эрозиясынан қорғау шараларының ішінде дақылдарды еңіске көлденең, контур бойынша егу керек.
Эрозия кезінде қатты соққан жел жердің үстіңгі қабатындағы топырақты ұшырып, дақылдардың тамыры ашылып қалады. Ұшырылған топырақ түйіршіктері дақылдардың жапырағын зақымдайды. Ықтау жердегі өсімдіктердің көміліп қалуына әкеліп соғады, ал кей жағдайда егістікті көшкін топырақ басып қалады да егіннен ешқандай өнім алынбайды. Эрозия зардабынан өнім кемуінің мөлшеріне байланысты дақылдар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа мақта, күнбағыс, картоп, темекі, сәбіз, тары, күздік, жаздық бидайлар, жүгері, көкөніс дақылдары жатады. Бұл дақылдар өнімін қатты төмендетеді. Мысалы, топырағы эрозияға аздап ұшыраған жерлерде аталған дақылдардың өнімі 10-30% кемиді, орташа бүлінген жерлерде –30-70, ал қатты бүлінген жерлерде-65-90 пайыз кемиді.
Екінші топқа топырақ эрозиясына орташа ұшырайтын арпа, қарақұмық, бұршақ тұқымдас біржылдық шөптер сияқты дақылдар жатады. Бұл дақылдардың өнімі эрозиядан аздап бүлінген танаптарда 5-15 пайызға, орташа бүлінген жерлерде - 30-35, қатты бүлінген танаптарда 40-70 пайыз кемиді.
Сұлы, қара бидай, көпжылдық шөптер басқа дақылдарға қарағанда эрозияға төзімді келеді. Бұл дақылдардың өнімі шамалы бүлінген жерлерде 5-10 пайыз, орташа бүлінген жерлерде 15-40 пайыз, қатты бүлінген жерлерде 25-55 пайыз кемиді.
Эрозияның пайда болу факторлары. Топырақ эрозиясы негізінен екі фактордың әсерінен пайда болады. Олар: табиғи және адамдардың шаруашылық іс әрекеті (антропогендік факторлар).
Табиғи факторларға климат, жер бедері, топырақ және өсімдіктер жамылғысы жатады. Климаттың ішінде топырақ эрозиясын тудыратын ең басты фактор – жел. Оның әсерінен негізінен жел эрозиясы пайда болады. Ол әсіресе қуаңшыл және өсімдік жамылғысы нашар, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл аймақтарда күшті әсер етеді. Жел эрозиясының пайда болуы, желдің жылдамдығына байланысты. П.С.Захаровтың деректері бойынша жердің беткі қабатынан 10 см биіктіктегі желдің жылдамдығы секундына 8-12 м болғанда эрозия пайда бола бастайды, ал ол жылдамдық 12-15 м/сек жеткенде эрозия процесі күшейіп, желдің жылдамдығы 16-25 м/сек жеткенде күшті эрозияға әкеліп соқтырады.
Келесі эрозия тудыратын фактор – топырақ түйіршіктерінің мөлшері. Егер топырақ түйіршіктерінің мөлшері 0,05-0,15 мм аралығында болса, эрозия жер бетінен 15 см биіктікте желдің жылдамдығы 3,5-4 м/сек болғанда пайда бола бастайды, топырақ түйіршігінің мөлшері 1мм болса, онда эрозия тудыру үшін желдің әлгі биіктегі шапшаңдығы 9,6 м/сек , ал 1,5 мм болғанда-11,1 м/сек болуы керек.
Эрозияның пайда болуы тек ғана топырақ түйіршіктерінің мөлшерімен шектелмейді, ол топырақтың гранулометриялық құрамына тікелей байланысты. Мысалы, құмдақ топырақтарда жел эрозиясы пайда болу үшін жер бетінен 15 см биіктегі желдің күші қарақоңыр топырақтарда 3-4 м/сек, ал жеңіл саздақ топырақтарда - 5,0 м/сек болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |