Әйтеке биге 370 жыл Әйтеке бидің ғұмырнамасы және оның есімін есте сақтау



жүктеу 86.19 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі86.19 Kb.

Әйтеке биге - 370 жыл

Әйтеке бидің ғұмырнамасы және оның есімін есте сақтау

Әйтеке би Қызбибі тауының етегінде ата-бабасының мекенінде Самарқан мен Бұқардың аралығында дүниеге келіпті.

Бейіті Науаи облысы, Нұрата ауданы Сейітқұл қорымы деп аталатын Қабірстанда екен. Қорымда Әйтеке бидің аталары Ораздың, Тоғжанның, Ақшаның, әкесі Бәйбектің бейіттері бар.

Әйтеке биді Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің жанына жерлеуге ұйғарым болған екен. Бірақ «ертең жолға шығамыз» - деп отырғанда «тағы да қалмақтар шауыпты» деген суық хабар келеді. Сөйтіп, Түркістанға жүру мүмкін болмай қалады. Әйтекені бабасы Сейітқұл әулие жанына жерлейді. Әйтекенің туған, бақилық болған жылдары туралы әр түрлі болжамдар бар.

Әйтеке би Төле биден Қазыбек биден де жасы үлкен болған екен. Оған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» өлеңіндегі:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен.

Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің,

Әйтеке, қаз дауысты Қазыбектен,-

деген шумақтары дәлел болмақ. Әйтеке биді зерттеушілер Ж.Мұратбаев пен Ө.Қойшиевтердің пікірі бойынша Әйтеке би 1700 жылы қазан айында қайтыс болған. Бұл туралы Қожаберген жырау:



Өткен жылы Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті,-

деп Әйтекенің жасын белгілейді. Сонда, Әйтеке би 1644 жылы туған болады. Осы жолдарды «Әйтеке би» деген кітабында жазушы Н.Әбуталиев те келтіреді. Сонымен қатар, екі би айтыс, даудың соңғы шешім сөзін, қорытындысын Әйтеке биден күтеді екен. Сөйтіп, тұжырымды тапқыр, биік парасатты Әйтеке би айтады екен. Жасынан зерек Әйтекенің тұлға болып қалыптасуына табиғат берген, тегі жалғастырған талантымен қатар оның өскен ортасының да үлкен әсері болған.

Әйтеке бидің атасы Ораз би (1299-1385) Тұран мемлекетінің негізін салушы, Самарқанды астана еткен Әмір Темірдің ең жақын бас кеңесшісі болды.

Темір мен Ұлықбектен кейін Самарқанның үшінші әміршісі болған Жалаңтас батырда Әйтеке бидің атасы еді.

Әйтеке бала кезінде жеті жасынан бастап Жалаңтөс батырдың, тағы бір атақты атасы Ақша ханның жанында болып тәрбие алады. Самарқанға үздіксіз келіп-кетіп жатырған хандар мен шахтарды, шетел елшілерін қабылдау, олармен ресми және достық жағдайда сөйлеу рәсімдерін көріп, басқару тәсіл-дәстүріне қанықты. Небір шешендік, даналық сөздерді, тапқыр, мазмұнды билік, ұшқыр ойларды естіп, санасына сіңіріп, көсем де шешен сөйлеуге төселеді. Көп нәрседен хабардар болады. Әйтеке өз дәуірінде жан-жақты білім алды. Ұлықбек медресесінде оқыды, араб, парсы, шағатай, өзбек, түрік тілдерін меңгерді. Самарқанның мұсылмандық мешіттерінің ішкі әшекей-безендіру өнерімен және Темірдің, Ұлықбектің, Жалаңтөстің мемлекет басқару әдістерімен танысып үйренді. Ақша хан атасынан әділдік, ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренді. Жалаңтөс атасынан әскери қолбасшылық дәстүрі мен дағдыларға жаттықты. Ұлықбек медресесінде Әйтеке дін, құқық, аспан әлемі, жағрапия, тарих, математика пәндерін оқыды. Ұлықбек медресесінен кейін Жалаңтөс салдырған сән-сәулетімен әйгілі тіллә-кари (Алтынмен қапталған), Шердор (Арыстанды) медресесінде білім алады.

Нұрата аймағы – Ораз қажы, Ақша хан иелік еткен, Сыр бойынан сол бір замандарда көшкен 40 мың алшынның тұрақты қонысына айналған жер. Осы аймақты мекендеген яғни Нұрата, Самарқанд маңындағы алпыс мың үйлі алшындар мен қырық мың үйлі қарақалпақтардың және өзбектердің «Ұлыс биі» болып сайланғанда Әйтеке 21 жаста болатын.

Әйтеке би – мемлекет қайраткері, кемеңгер ойшыл.

1680 жылы Салқам Жәңгірдің кіші баласы 1643 жылы туған Тәукені хан етіп сайлауға қатысқан Әнет баба, соқыр Абыз, Едіге, Майлы, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Қарақалпақ Сасық, құрама Мұхаммед, қырғыз Қоқым билер Тәукенің хан болып сайлануына ерекше ат салысты. Әйтеке би белсенді кірісті. Қолдады. Тәуке хан таққа отырғаннан кейін алғаш рет ресми түрде айрықша құқықты «Хан Кеңесі» сайланды. Әйтеке би кіші жүз жұртының атынан осы кеңестің он тоғыз жыл бойы мүшесі болды. Осы кезде бұрынғы «Қасым салған қасқа жолдың», «Есім салған ескі жолдың» заман өзгерісіне сай ескеруіне байланысты жаңа заң үлгілерін жасау қажеттігі туды. Тәуке хан және аталған тоғыз бидің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» заңы қабылданды. Күні бүгінге дейін негізі сақталып отырған ежелгі Солон заңымен (б.з.д.7 – 67ж) терезесі тең бұл заңның бытыраңқы елдің басын біріктіруге, халқымыздың әл-ауқатының артуына, ата дәстүрімізлің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. «Жеті жарғыға» Әйтеке би ұсынған баптарының ішінде екеуі ғана белгілі. Ол – «Сүйек құны», «Өнер құны».

Ол 30 жасында кіші жүздің Бас биі болып сайланды. Әйтеке би Тәуке хан құрған Хан Кеңесінің мүшесі болып, жыл сайын үш жүздің басшыларымен ең беделді адамдары бас қосатын Ордабасында, кейін Күлтөбе мен Ұлытауда өтетін құрылтайларға қатысып отырды. Осы құрылтайларда қазақ ұлтының бірлігі, әртүрлі даулар мен көзқарастар талқыланды. Үлкен де кіші де, алыстағы-жақындағы ауыл басшылары де өте өткір, шешімі қиын, ушыққан жанжал-дауларды шешуді өтініп Әйтеке биге жүгінді. Оған мемлекет қайраткерлері де, әскер басшылары да кеңесті.

Тәуке хан да, Әйтеке би де ел бірлігін, халық тағдырын мықты ойлаған, мемлекет іргесін нығайтуды жүзеге асыру үшін еңбектенген, сол үшін күрескен, қиындықты бірге бөліскен және көтерген тарихи тұлғалар. Ел басына күн туған, ең қиын кезде Әйтеке би хан кеңесіне өз ұсыныс-ойларымен келген және айткан, ел бірлігін мақсат еткен қайраткер.

Әйтеке болашақты болжағыш, көреген. Күлтөбе мен Ордабасындағы талай жиындарда оның рулық ойлау деңгейден оқ бойы озық тұлға екендігі көрінеді. 1699 жылы көктемдегі кеңейтілген хан кеңесінде халықты қырғыннан қорғау үшін қазақ елінің игі жақсыларына «Ат төбеліндей сіздердің байлығыныз халыққа қорған бола алмайды. Кейбір мансапқұмар төрелер қалмақпен қақтығысты өздерінің бас пайдасына бұрып, хан тағына отырамын деген есекдәмелі арам ойдың орамына шомылып жүр... Көрініп тұрған қырғынның алдын алмасақ, халық барлығымызға лағнет айтады - деген екен. Өкінішке орай бай – сұлтандар бұл ұсынысқа мән бермей, аяқсыз қалдырылды. Осы пікірге көңіл қойғанда мүмкін, зобалаң «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» - болмас па еді – деген ойлар мен болжамдар бар.

Әйтеке бидің өзі де, сөзі де ұмытылмайды. Себебі ол – ғажайып кемеңгер тұлға. Сөзі – қырандай биікте самғап, ғасырлар көшіне ілесе береді. Әйтеке би Отан қорғау үшін көрші мемлекеттерден соғыс қару-жарақтарын, зеңбірек, мылтықтар алуды және оған қажет қаражатты бай, төре, сұлтандар дәулетінен шығаруды ұсынады. Байлықтарын қимаған дәулеттілерге бұл пікір ұнамады. Сөйтіп, 1699 жылы Әйтеке би хан кеңесін тастап шығады. 1700 жылы қайтыс болады.

Төреден қолбасшы болмасын, төрелер арасы тату емес, бәсеке бар екендігін ескеріп , Әйтеке би хан кеңесінде «Қалың қазақ ортасынан шыққан батыр, көсем болып ел бастасын, сардар болып қол бастасын» - деген ұсыныс айтқан еркін ойдың иесі. Ондай адамды көрші мемлекеттерде оқытып, соғыстың ең алдыңғы қатарлы тәсілдерін үйрену қажеттілігін айтты. Бұл жағынан Әйтеке би стратегияны да, тактиканы тамаша меңгерген қайраткер екендігі көрінеді.

Әйтеке бидің қайраткерлік тұлғасын ірілендіре түсетін тағы бір қасиеті – ол қазақ қауымын өрге бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында. Адамды, азаматты ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын арыстардың көбейе түсуін көксегендігі.

Әйтеке бидің Отанға деген сүйіспеншілігі көпшіліктің есінде қалған мына:

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін,

Бай болып, халқыңа пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,

Өзгеден бөтен өз үйің күйсін» -

деген өсиет нақыл сөзінен көрінеді және ол бүгінде актуальды.

Әйтеке бидің мемлекет қайраткерлігін көрсететін тағы бір қасиеті оның дипломаттығы. Ол қазақ хандарының қырғыздар мен қарақалпақтармен, орыс-қазақ сауда және дипломатиялық, достық қарым-қатынастарды қалыптастыру, дамыту мәселелеріне белсенді қатысты.

Әйтеке би - шешен, қара қылды қақ жарған әділ қазы. Осы қасиеттері үшін халық Әйтекені «айыр тілді Әйтеке би» деп атаған. Ел жадында Әйтеке би айтқан билік пен шешендік сөздер, толғаулар көп сақталған. Мысалы, «Біреуге жақсылық жасасаң – жасыр, ал біреу өзіңе жақсылық жасаса – асыр» депті немесе «Өзгеден өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық жасама» - депті. Сонымен қатар, Әйтеке би туралы ел аузында аңыз әңгімелер мен жырларда жеткілікті. Соның бірі авторы белгісіз «Әйтеке би» деген ұзақ дастан.

Халық жырауы Қазанғап Байболұлы Төле биге арналған дастанында Төле биге, қаз дауысты Қазыбек биге мінездеме береді де, Әйтеке биге келгенде былай термелейді: Онан да өткен Әйтеке Құдан ұшқыр, құланнан. Мұндай шешен болмайды, Бір сөзін жүз мақалдап, сипаттап кандай тіркейді, Түршіктіріп денеңді, барған сайын өрлейді. Таудай сөзге тарыдай, қию тауып сөйлейді. Ерегіссе біреумен қара жерге теңейді. Қанша ділмәр дегендер, ширегіне келмейді.

Ертеде ауыл-аймағы алыс, бірін – бірі өте аз білетін, бұрын қарым-қатынасы жоқ бейтаныс жандар бір-біріне әртүрлі себептермен кездескенде, дау-тартыс кезінде «әуелі төрт тіреуіңді айт» дейді екен. Төрт тіреу дегендері «ауыл-аймағыңның пірі кім, байы кім, батыры кім, мырзасы кім?» деп сұрағандары екен. Ол кезде, яғни Әйтеке би заманында хандармен билер, батырлар өздеріне пір ұстаған. Сондай-ақ, атақты үш бидің де пірлері болған. Төле бидің пірі – Мағзаман, Қазыбек бидің пірі – ер Сейтімбет, Әйтеке бидің пірі – Мүсірәлі. Пір – тек адамның, малдың, табиғаттың ғажайып сырларының ғана сыншысы емес, ол болашақты болжап айта алатын көріпкел, аузы дуалы сәуегей. Мүсірәлі Баба түкті Шашты Әзиздің ұрпағы. Оның көріпкелдігі ел ішінде аңызға айналған. Сондықтан халық оны шын атымен Мүсірәлі деп атамай «Сұпы - Әзиз» деп ат қойған.

Әйтеке өсиетінің бірінде: «Түбінде Нұрата төңірегі қалың Алшынға қоныс болып қала алмайды, тарлық етеді. Қай жағынан жау шапса да, етек жеңін жинап үлгеруге ыңғайлы ата қонысымыз Сыр бойы» - деген екен. Әйтеке би жерленгеннен кейін ертеңіне – ақ қалың Алшын елі Сыр бойына қарай көшбасын түзепті. Оны басқарған Бекқұл болған екен.

Әйтеке би ұрпағы жайылған текті жан. Оның Өтебас, Қараменде, Байтемір, Қосыбай, Жалтыр деген ұлдары және үш қызы болған. Ал қазіргі кезеңде бидің ұрпақтары Ақтөбеде, Ырғызда, Қарабұтақта, Алғада, Әйтеке би аудандарында, Қызылордада, Аралда, Өзбекстанда тұрады. Бүкіл исі қазақтармен бірге олар баба есімін есте сақтап, ардақтап отыр. Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би қазақтардың бір тұтас мемлекет болуын аңсаған, сол үшін күрескен тұлғалар. Олардың арманы Тәуәлсіздік кезеңінде жүзеге асты.

Серікбол Қондыбай жазғандай «зерттеу нысаны біреу-ақ , «бұрынғы қазақ, бүгінгі қазақ, ертеңгі қазақ». Зерттелетінде, ұлықталатында бір қазақ – Әйтеке би. Әйтеке би туралы Ә.Кекілбаев – 1991ж, Н.Әбуталиев – 1995ж, Ж.Мұратбаев, Ө.Қойшиев, М.Есламғалиұлы – 2007ж. үлкен зерттеулер, болжамдар, әдеби-көркем шығармалар жазды.

Қазақстан Үкіметінің шешімімен 1993жылы 24-25 маусымда Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында республикалық салтанат – Әйтеке биді еске алу күндері өтті. Ас берілді, ұлттық спорт ойындары, жарыстар, бәйге, ақындар айтысы, конференция өткізілді. Музей ашылды, театрландырылған қойылым, концерт көрсетілді.

Әйтеке би атына Астанада, Алматыда, Ақтөбеде, Ақкемерде, Жемде т.б көшелер берілді. Астанада, Қарабұтақта, Қазалыда ескерткіштер қойылды. Ақтөбе облысында ҚР Президентінің 1997 ж 16 маусымдағы Жарлығымен Комсомол, Қарабұтақ аудандары біріктіріліп, Әйтеке би ауданы аталды. Темір жол станциясы бар.

Ақтөбе қаласында 2008 ж. 14 желтоқсанда Әйтеке биге ескерткіш қойылды. 2009 жылы шілдеде Өзбекстанда Науай облысы Нұрата ауданында Әйтеке биге үлкен көрікті Ә.Кекілбаев айтқандай «қазақтар қомсынбайтындай, өзбектер өкпелемейтіндей» кесене тұрғызылды. Сәулет өнерінің аса бір сәнді туындысы, Әйтекенің ұлылығын күллі әлемге әйгілеп тұрған тарихи ескерткіштің көрші елде бой көтеруіне кыруар қаржы жұмсап, дарқандықтың ел сүйсінер ең бір танымды үлгісін көрсеткен Шахарбек Усманов, ағайынды Қаражан, Бернард Сердалиевтер, Рахат Байзақов, Арынғазы Беркімбаев, Есенғали Байменов, Ибатулла Қалыбековтер бүгінгі заманның Атымтай жомарттары.

Ақтөбеде Әйтеке би атындағы облыстық мейірімділік қоры құрылған. Оның бірінші төрағасы, ұйымдастырушысы, Әйтеке би тікелей ұрпағы Сәлім Шынтасов болды. Қордың бастамасымен Әйтеке бидің оқулары, конференциялар, мәдени шаралар өткізілді. Москвада Герасимов атындағы Антропологиялық реконструкция лабороториясында Әйтеке бидің бас сүйегі бойынша бет бейнесі жасалды. Бұл ғылыми жұмыспен академик О.Исмағұлов, тарих ғылымдарының кандидаттары – москвалықтар Т.Валуева мен Е.Веселовскаялар айналысты. Облыстық музейде Әйтеке биге арнайы экспозиция жасалып, бюст сонда қойылды. «Әйтеке бидің ақ жолы» деректі фильм түсірілді.

Әйтеке бидей дананың есімі де, бет бейнесі де, қайраткерлігі де ел есінде, ұмытылмайды.




Еркін Жолмырзаұлы Құрманбек – ҚР мәдениет қайраткері, Әйтеке би атындағы Ақтөбе облыстық мейірімділік қорының төрағасы.

Аудандық ішкі саясат бөлімдері басшыларына «Әйтеке биге биыл 370 жыл» айдарымен тамыз-қарашада газетке жариялауға ықпал етіңіз.


Тел: 93-21-35. 87015568185

e-mail: kurmanbek44@mail.ru




28 тамыз 2014ж.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет