Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары



бет11/17
Дата13.06.2016
өлшемі11.32 Mb.
#133916
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17

1.08.08.
Өскемен арқылы түнгі 1145- де Алматыға келдік. Назым қарсы алды.

Ұшақтан Бесбоғдамен иықтасқан Мұзтауды көрдім. Ақбас шыңдар аққапталдана шоғырланып жатыр.

Мұзтау – Бесбоғданың батысында ұмтылып барып тоқтап қалыпты.

Ей, Алла! Бір беті тақыр, бір беті орман. Тумысы бір түркі жұрты тұтас Алтайды ұрпақтары төртке бөліп мекендейді, төрт жұрт оған төрелік етеді деп ойлады деймісің.

Сөйтіп, бұл сапар да тәмәт-тәмәм болды.

Бес Боғда осы күнге дейін түсіме кіреді.



ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ

(Анажұрт күнделігі)
Шағын ілеспе

Сәтіне дәті сай үйлесіп, жол қарасы жөнімен ұзарып, ана жұртты аңсарынан арыла аралауға орайы келген бұл сапардың болмысын «жолы болған жолаушы» деген аталы сөз ғана толық жеткізетін сияқты. Түркі тарихын әлмисақтан бастап төстабандап шыңдап, ата күшін Алтайдан алып, ана кіндігін Қаратеңізге байлаған зиялы адамның әр қайсысы: адамзат өркениетінің бесігі, түркі дүниесінің тұтқасы – Түркияның тағдырлы жолымен бір жүріп шығуды ойластырмауы мүмкін емес еді. Тоғыз жолдың торабындағы Станбол – түркі дүниесінің жүрегі болса да, оның қан тамыры – қара жолдарды бойлап шығып, бауырыңды жылытып, бауырыңды бауырыңа баса тартқанға не жетсін. Қойындасып кетпесек те қапталдаса қатарласуға орайын келтірген оқыс сапар Малтөбе университетінің ғалым-үйлестірушісі, бейтаныс қарындасымыз Гүлжанат Құрманғалиеваның Станболдан шайтанқұлақ шалып: «Біртұтас алаш идеясы және кеңестік жазалау» саясаты туралы халықаралық конференцияда баяндама жасап берсеңіз, Токио университетімен бірігіп өткізілетіндіктен де, оның ішінде «қазақтар қалай жапон шпионы болып жүр?», соған тоқталсаңыз. Хасен Оралтай аға бұл жөнінде Сізде қауіпсіздік комитетінің құжаттары бар. Ол адамды міндетті түрде шақырыңдар. Жолын өзі көтерсін, жамбас ақысын мен көтерейін – деп ұсыныс айтты», – деген өтінішінен басталды.

Тегін жүрісті өзім де ұнатушы едім, бірақ: «Жамбасақысыз», – деген сөз шымбайыма сәл батып, қытығыма тигендей болғанымен (күніне жүз жиырма доллардан кем емес), Хас-ағаңмен құланның қасысуындай көңіл шымшымамыз бар еді әрі: «Әттең екеуміз бір-бірімізбен жас кезімізде танысатын-ақ жігіт екенбіз, сонда біраз дүниенің басын қайырып тастауымыз мүмкін еді, барлауға күдіксіз шығатын жауқағар жонды жауынгер азамат екен», – деген іштей бір дәмелі өкінішім бар еді. Соны демеуретіп бір жолын табармын-ау. Ең ыңғайсызы: дүние ғалымдарының алдында өз ұлтыңның көсемдерінің «қалай жапон шпионы болғанын» жария ету үшін соншама қиянға алып-ұшып бару. Сол арада Хасекеңнің інісі Әбубашар, жеделдетіп Хасекеңнің өзі де дегбірлете хабарласып, бейтарап аймақта – Станболда оңаша бір әңгіменің орайы келіп тұрғанын, сөзінің соңына менің жиі қымқыра қолданатын сөзімді өзіме қаратып: «Әңгіме де, пәтер де тегін!», – деп бұйымтайын бұйыра қайырды. Түсінген адамға бұл сөз, шынында да, ағалық бұйрық-наз еді. Базына-бұйрыққа бойсынып «Жапон шпиондарының» тергеу істерінің құжаттарын қайта қарастырсам, боздақтардың барлығы да «Түркия мен Жапон шпионы» боп боздап кеткен екен. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевтің 1938 жылы 6 қаңтар күні КССР ішкі істер халық комиссариатына қарата жазған Мәлімдемесіндегі:

«Мен – Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды», – деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым», – деген (Ш.Елеукенов. Мағжан. 132-бет) «мойындауы» келісуге мойынса етті.

Шындығында да, олардың бұл құрбандығының құнын халықаралық қауымдастық, оның ішінде жапондардың өздері біле ме екен? Осы көрсетіндідегі «1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін» деген сөздің астарына алашордашылардың тағдыр талқысы да тоғысып тұр еді. Жапонияның Токио, Tsukuba университтерінің оқымыстылары ұйымдастырған, оның ішінде Орталық Азияның маманы профессор Х.Комацу бар екенін білген соң, сөзіміз жерде қалмай, жеріне жететіндей, дұрыс түсінілетіндей көрінді. Сөйтіп, аға мен қарындастың қолқасы, алаш идеясының астарлы тағдыры жөні келген, жолымыз болған жолға жетеледі.

Мұндағы Хасен Оралтай – Мұстафа Шоқайдан кейін елу жыл Американың Еуропа құрылығындағы «Азаттық» радиосы мен ақпараттар жүйесінде қазақтың бостандық идеясын насихаттаған атақты қаламгер және қоғам қайраткері. Шет елдегі қазақ диаспорасының көшбасы. Елуінші жылдары Шығыс Түркістаннан өкше көтеріп, Такламакан шөлін, Тибеттің жұт жотасын, Гималайдың ысты асуын, Бұланайдың мұздауанын, Кашмирдің құрғамайтын қара жаңбырын, Үндістанның аптабын, арабтың шөлін басып түркі жұртына қоныс тепкен «азаттық іздеген көштің» (Қ.Ынтыханұлы) көсемі Қалибек хакімнің ұлы, мұхажжир. «Елімайлар өткен өмір» атты ғұмырнамалық әфсананың авторы. Қазір Мюнхенде тұрады.

Күнделік кейіпкерлері
Қазақстандық және түркиялық нағашы-жиендер: сол жақта Хасен Оралтай, Никара Мұхамеджанқызы Бафина, Хадиша Қалибеккеліні, Назым Тұрсынқызы (арт жақта) мен Тұрсын Құдакелдіұлы және Ғалия апай және
Тұрсын Құдакелдіұлы мен салихлылық Еренгүл Шүкірәли қызы (Салихлы).

«Күнделікте» қамтылмаған, жолдың сәтін келтірген бір жайды шағын ілеспеде алдын-ала қамти кетейін. Малтөбе университетіндегі ғылыми конференция жұмысы мен үшін күтпеген жерден «Түріксой» деңгейіндегі наурыз салтанатына ұласты.

Күн жүйесіне қарасты ғарыш кеңістігінің көлеңкесі күнгейге ауысып, қара жердің бауырын жылытқан наурыз мерекесін исі түркі қауымы сонау әлмисақтан бері, нақты дерекке сүйенсек, Тарғытай заманынан бері қашан топырақтың тоңын ерітетін сәуірдің жаңбыры жауғанша тойлаған. Жер беті көгергенде «ұлыстың оңды, ақтың мол болатынына» көзі жеткен соң «Көктің құрметіне» тасаттық беріп, уызға тұз қосылып араластырылған дәнді мықтың үйіне шашатын болған. Ықылым заман өтсе де бұл дәстүр исі түркі қауымында бүгінгі күнге дейін сақталып келді. «Түріксойдың» ұйымдастыруымен 14 ұлттың өнер иелері қатысқан Түркиядағы наурыз мейрамы – бұл жұрттың түбі бір, тілі бір, ділі бір, қилы заманауи қопарылыстар мен төңкерістерге қарамастан тарихи танымдық тамырының үзілмегендігінің салтанатты дәлелі болды. Түрік дүниесінің мәдениеттерін байланыстырып, тамырын басатын ЮНЕСКО сияқты іргелі ұйымға айналуды мақсат еткен «Түріксой» халықаралық қауымдастығының бұл шарасына түрік, қазақ, қырғыз, азербайжан, татар, башқұрт, ноғай, қырымшақ, алтай, хакас, бурят, гагауыз, кібіріс (кипрлік түріктер) халықтарының әншілері, бишілері, күйшілері, қурайшылары, сыбызғышылары, сырнайшылары, қомызшылары, манасшылары, ашугтары қатысты. Солардың қатарында Ғылым министрінің, Мәдениет мнистрінің, Парламент төрағасы Көксал Топтанның қабылдауында болдық.


«Түріксой» ұйымдастырған исі түрік дүниесінің бишілері Малтөбе университетінің сақнасында.
Жеке бастың ғана әсері емес, жалпы түркі тарихы туралы ойлардың ұйытқысы сияқты көрінген жазбаларымды, жазушы болғандықтан ба, білмеймін, қандай да бір сырды көпшіліктен жасырып жүргендей көрінгендіктен де, жол жорасы ретінде «Күнделіктегі» жазбаларымды жұрт назарына ұсынуды жөн көрдім.
*** *** ***

16 – 17 наурыздың дүбарасы. Астана – Станбол: Зейтұнбұрын (Зәйтұнтұмсық). Алланың бір тәулікке өлшеп берген жарық сәулесін бес сағатқа ұзартып, батқан күнмен жарысып отырып Станболдың Ататүрік атындағы әуежайына қондық. Астана алақұйын борандатып шығарып салған. Мұнда қоңыр салқын ғана. Қарсы алған ешкім көрінбеді.. Жарты сағаттан соң алаңдай бастадым. Әужайы көзтаныстау еді. Бәрібір көңілге абыржу кірді: «Әлгі тегін құрметіміз осы болып жүрмесін» – деген ұры ой да қылт ете қалды. Оқығанда ұзынырғасы түсінікті түрік тілі сөйлеуге келгенде жатырқап кетеді. Әйтеуір полицияға түсіндірдім. Жауабын өзім де түсіндім. Сөйтсем күту алаңынан жаңылыппын. Сырттағыларға тосқауыл қоятын тоспа есіме сонда түсті. Шыға келгенімде шайтанқұлағын жағына жабыстыра: «Міне, шықты!», – деп саңқылдап Шүкірәли тұра ұмтылды. Сол екі арада Хасен ағамыз Мюнхеннен екі мәрте хабарласып үлгеріпті. Енді болмаса олар да полицияға бармақ екен...

Дауысымды естіп барып Хасен ағамыздың алаңы басылды. Сонда да: «Өзі Мюнхеньде тұрып Станболдағы жолаушыны қарсы алған қазақты көргенім осы», –.деп шымшып үлгердім. Миығынан күлген шығар. Жиендері Шүкірәли мен Рамазан маған одырая қарады да: «Ой, ағамыз қатты мазасызданып, сізді күту үшін мені сонау Салихлыдан (арасы тоғыз жүз шақырым) шақыртып алды. Қашан шығарып салғанша күндіз-түні көлігімізбен мына Рамазан екеуміз қасыңыздамыз. Өзі дәрігердің әбігерінен шыға алмай қалды. Соған өкініп, сіздің әр сағат-минутыңызды кестеге түсіріп қойды. Малтөбеге ертең барасыз. Қонақжайыңызды кеше көріп, жамбасақысын төлеттіріп қойды. Қалғанын тағы да өзі бақылап отырмақ», – деді.

Сөйтіп, әмір қатты екен. Мен Хасекеңнің туған қарындасы Ғалия апайдың үйіне ұя басады екем. Қазақ – қаншыл жұрт дейді, қазақ қаншыл емес, қазақтың қыздары қаншыл. Жігіт атаулыны қырық күрмеу, мың мұқтаждықтан шығаратын ең сенімді жандар – апайың мен қарындасың. Бұл да біздің бастан кешкен тәжірибе. Деген қулық оймен Ғалия апайдың есігін ашқан бетте-ақ ... арқам кеңіп сала берді. Өзімнің-ақ апайымның үйі екен. Енді алманиялықтар алаңдамаса да болады дегенімше Хасекең де шайтанқұлақты шырылдатып қоя берді. Қатардағы рахметті қоңылтақсып тағы да бір шымшығым келгенімен, сөзімнің шынайы ризалығы сезіліп қалды. Іле Станболдағы қазақтардың «Ассалаумағалейумы» басталып кетті. Түн ортасы, тосаңсып уақыт алатын емес. Осы әулетке тиесілі «бір шымшым шымшымам» бар еді, соған салып, қойны-қоныштарына кіріп кеттім. Қанша айтқанмен атадан қалған жөн-жосық емес пе, ол қулығым өзін-өзі ақтады. Ғалия апай үрім-бұтақты, алыс-берісті, қазақтасқан түріктің, түріктескен қазақтың ұябасар жанашыры екен. Нұрғожай батырдың естелік кітабын таратып бердім. Түн белдеуінен асқанда сәлемдесушілер де тізелерін жазды.

Бізден бұрын да Мұхтар Мағауин мен Рымғали Нұрғалидың жамбасын сарғайтқан түпкі оңаша бөлмедегі жұмсақ төсекте осы күнделікті асығыс қағазға түсірдім. Таныстықтың көкесі алда деген соң көп адамның атын есте сақтауға тырыспадым. Бұл жолдарды қағазға түсіртіп отырған Ғалия апайдың қою қызыл, ыстық және ... тегін шайы ғой! Жол жүргендегі алаңым шай болушы еді, Хасекең одан да құтқарған екен. Таң қараңғысымен Малтөбеге жүрмекпіз. Шетелге келгенім сезілместен көзім іліне берді...


Хасен Оралтай және...
17 наурыз. Станблол: Зейтұнбұрын – Малтөбе. Бұл бір бабымен атқан таң болды. Ал өлшемі қысқа күннің ырыздығын тіршіліктің үш күндік әсеріне баладық. Бабымен атқан таңның бабын келтірген Ғалия апайдың таңғы шайы болды. Шәйдің не төресін қанып-ақ ішіп жүрміз ғой. Бірақ мына таңғы дастарханның жөні басқа еді. Мен шешеден ерте айырылсам да әжем мен апайларымның, жеңгелерімнің алақанында өскен кесірлі жетім болдым. Олар таң атпай дастарханға барын салып, шайын демдеп, қашан керіліп оянғанша күтіп отыратын. Дауыстап емес, шәйнектегі демделген шайдың қалампыр қосқан иісімен, сондай бір мейірімді пейілімен үнсіз оятушы еді. Астафир-алла! Ғалия апай да мені тура сол «әдіспен» оятты. Ет-жүрегім елжіреп кетті... Сөйтсем, Шүкірәли мен Рамазан таңмен таласып келіп, күтіп отыр екен. Дастарханда, айттым ғой, әлгінде, тура менің бала кезімдегі ... уыз, сүзбе, қатық, кілегей, қаймақ, құймақ, ақ құрт, ірімшік, ақ тоқаш, бал, қуырдақ, сүт, айран, құрма, зәйтүн, бүлдірген тосабы, ыстық нан, сары май. Тура сол әжем Динақанның, апайларым Жабағы, Изагүл, Түбітқан, Айымхан, Рашқан, жеңгелерім Сәкеш, Күлімханның дастарханы. Әр қайсысының дәмін түгел татып шыққанда ғана тояттайтындай тәбетті, өлшемді. Ой, аллай! Мұндай да қайталау болады екен-ау! Тек Динахан әжем башпайымды уқалап-иіскелеп, Жабағы, Изагүл апайларым маңдайымнан сипап отыратын. Түбітқан мен Рашқан қазір де сирек те болса еркелетіп қояды. Енді, алпысқа келгенде олардың немерлерімен таласқым келмесе де, басым өзінен өзі соларға қарай иіле береді... Мен бұл ойымды, әрине, Ғалия апайға айта алмадым. Тек: «Ғалия апай, шешеден көрген тәліміңіз-ау! Нағшыларыңыз тәуір жерден болды ғой. Бәсе, шайыңыздың «қырықсеркештеніп тұрғаны», – деген болдым. Ғалия апай мен Сыдықан ағамыз түсініп, жымиды. Осы заманның «пәледиелері» (өкілдері) Шүкірәли мен Рамазан бір-біріне қарасты.

Бүгінгі ұзақ та жауапты күннің қарбалас қам-қаракеті асықтырып тұрса да жайбарақаттана қозғалдым. Жандүниемді тербеткен осынау бір жайлы таңда бөленген тебіренісімді, енді ғана қызғалдақтай ашылып келе жатқан шағында, осыдан алпыс жыл бұрын елінен іргесі ажыраған он үш жасар қыздың ана тәрбиесі мен өнегесін, ұлтының уызын сақтап қалған қасиетін бойыма сіңіруге тырыстым. Қазақы жұрттың өзінде ұмытылған дастархан мейірімін, елеске айналып кеткен өмір мен сағынған жандардың жан жылуын, әжем мен апайларымды еске түсірген Ғалия апай да менің өз апайым деген жолдарды күнделігіме түсірдім. Міне, түн ортасы ауып бара жатқанда да мен ол кісіні сағынып, ауанымды басу үшін, қаламнан қолымды алдым...

Қаламды қолыма қайта алғанда, Станболдың таңертеңгі көрінісі көз алдымда тұрды. Бұрын да беті ашық шаһар еді. Бірақ таңғы жетідегі қарбаласы да, кептелісі де, тар көшелердегі қиылыстар мен бұрылыстар да, арабалар (көліктер) тастақталарын жанап өтетін көне Константинопольдің қабырғалары да сені осыдан бұрынғы мың жылдың құшағына алып кетеді. Есте жоқ ескі дәуірден бастап Еуразияның қақпасы. Ес жиғаннан бергі дүние тарихының, өшкен өркениет пен өртеңге өскен елдің тағдырлы тоғысы. Антикалық әлем және түркі дүниесінің қарама-қайшылығы мен үйлесімі, қаланың кез-келген қолтығынан қылаңытып тұратын Топқапы, Айя София, Ахмет сұлтан мұнаралары тәулігіне жиырма төрт сағат, жылдың үш жүз алпыс бес күні және мәңгі ойлағың келмесе де – ойлантады, салыстырғың келмесе де – салыстыртады. Әр сүйем жер – тарих. Оны өлшеп те, танып та, көріп те тауыса алмайсың. Бұрма-бұрмамен бұралаңдатып, екі елі қыспақтан екпіндеп өтіп келе жатқан Рамазан: «Станболдың көне шаһарында арабаны көз жұмып айдаймын. Осында туып, осында өстім. Менің қалам да, далам да – Станбол. Малтөбеге өзге «пәледиелер» үш сағатта апарады. Мен Сізді бір сағатта жеткіземін», – деді. Сөйтіп жүріп төбе-төбенің, қолтық-қолтықтың, ой-қырымен бұқпантайлатып жүріп еуропалық көне Константинопольдің ескі ғимараттарын, айлақтарын, әскери қорғандарын, патша сарайын аралатып, Топқапының түбіндегі айлақтан бір-ақ шығарды. Тура қарсы алдымызда, теңіздің ортасында қазақ ертегісінде қызын ажалдан арашалау үшін судың ортасына мұнара салдырып, оңаша ұстаған, ақыры себетке жасырынып келген жылан шағып өлтірген ханның «Қыз калиесі» тұр. Түріктің көз жасы таусылмайтын «жылаңқы» киноларында көз қарықтыратын «Қыз калиесіне» міндетті түрде барып, суретке түсіп, айтып беруін өтінген кенжем Назымның тапсырмасын орындаудың ретінің түскені осы шығар. Әлгі ханның аты – Ақша хан ба еді, Ақназар ма еді, Қарахан ба еді. Бұл әлгі антикалық әфсанадағы ... Тоқта! О, мына, ой қайда алып қашып бара жатыр. Әс-сабыр... Ой қуатын уақыт емес.

Көне Станбол көріністері


Қос құрылықты жалғастыратын көпір аспанға тартылған сымдай боп сол қапталды ала төбемізде тұр. Онымен жүрсек Малтөбеге үш сағатта жетеді екенбіз. Көпір жақын. Жақын да болса жолы «кептеліс». Сондықтан да алыс. Аспанда ұшқан ұшақ түгілі әуелеп ұшқан құс та қонбай ұшпайды, он алты жарым миллион халық бар, яғни, мұқым Қазақстан жұрты еуразиянның осынау бір бұғазды, теңізді қолқасына ұйлыға орналасқан. Қаптаған төбелердің арасын бір-біріне тастан қиылып жалғастырған ғимараттардың қиыннан қиысқаны сондай, кейде бір қабатты жатаған үйдің іргетасын бойлап, қырық қабатты үйдің шекесінен шертіп өтесің. Сәулет өнерінің мың жылдық үлгілері үйлескен мұндай шаһар әлемде жоқ шығар. Демек, Станболға тән күрделі мәселелер де өзге қалаларға ұқсамайды. Бұл – Шанхай, Чикаго, Токио, Санкт-Петербург сияқты бірбеткей қала емес, күрделі шаһар. Сырттай түрік ұлты тұтас көрінгенімен, олардың өз ішіндегі сана, таным, тектік түйткілдерді ғимараттар мен үйлер, орамдар, маһаллалар үнсіз айтып тұрғандай. Солардың ішінде ең қауіптілері Нобель силығының лауреаты, жазушы Орхан Памук сияқты дөлмалар (қырықбуындылар) көрінеді. Ғалия апайдың түрік күйеу баласы Махмұдпен болған әдебиет туралы түнгі қысқа әңгімеде сол байқалып қалды. Памуктің мүслими түрік дүниесінде туған рухани яһудилік тамплиер екенін сезгендей оның «Менің атым – Қырмызы» романын оқығанда-ақ ішім мұздап кетіп еді. Әлемді мойындатқан тұлғаның өз еліне сүйкімі жоқ екен. Бізден де сондайлар шыға бастағаны өкінішті. Түркі дүниесінің түпкі күбірткісі осылар. Ескішаһарға арқамызды сүйеп, Мәрмәрдің толқынына қарап тұрып осындай мазалы ойға қалдым.

Көне Станбол көріністері: мына самауырдың ішінде «қою, қызыл, ыстық, бірақ сатулы шай екі иығынан демін алып тұр.

Азиялық Станболға мәрмәр теңізінің бұғазы арқылы пароммен өттік. Осы екі жағалауды теңіз асты арқылы жалғастыратын жол салынып жатыр екен. Бұрын шаһарды араласам да дәл Рамазан таныстырғандай оның тынысын сезінбеппін. Арасын өзен емес – теңіз бөлген, екі құрылықтағы сәулеті екі түрлі әсер ететін Жаңашаһар – азиялық Станбол Басыбиік, Тазтөбе, Тастөбе, Малтөбе... боп түріктеніп кете береді. Бірінің қолтығын, бірінің белін, бірінің басын шалып, шатқал қуалап, құлдилай өрлеп Мәрмәр теңізінің жағалауындағы биік қияға орналасқан Малтөбе университетіне мөлшерлі уақытта жеттік. Азан-қазаннан оңаша, алшынды, шыршалы, қарағайлы, үйеңкелі, оқудан басқаға алаңдатпайтын аңғарлы тешеге орналасқан университеттің тұрған жері бізге қатты ұнады. Заманның заманында пәленбей миллиондық шаһардың мал базары болған сияқты. Алғашқы жарты сағатқа дейін Станбол туралы ойдан арыла алмадым. Бүкіл Қазақстан – бір қала. Онда сенің туыстарың да тұрады. Антика ... Зевс... Геракль ... Троя... Бизан... Византия... Скиф ... Атей патша... Анақарыс... Күріш... Есекендір Зұлқарнайын... Санжар... Османлы... Бейбарыс... Қарамандар ... Ақсақ Темір... Мамай... Есенбұға... Құнанбай... Шәкерім... Мұстафа... Міне, енді біз. Айтпақшы, құба қыпшақтар ауған орта ғасыр, Мамайдың қосыны қосылған тұс... Еділдің елшілігін билеген түріктер... Ноғай ауған кейінгі ғасыр оқиғалары бар. Шіркін, ойың өстіп ашылып тұрғанда дәл қазір отыра қалып қағазға түсіріп, сол оқиғалар өткен кезеңді Османлы мұрағатына барып іздестірер ме еді! Ондай ерікті кім берсін бізге?

Міне, бізге бейтаныс Гүлжанат Құрманғалиева қарындасымыз да келді. Ілтипатты, іскер, биязыдан өжет, өжеттен биязы мінезді, әр кімді орнына қоя білетін ибалы қарындас екен. Жиырма алты елден келген ғалымдардың ішіндегі көзге ыстығы да, жанашырымыз да Гүлжанат болды. Түріктің келіні екен. Әйтеуір Малтөбе университетінің башқандарына өзі де, сөзі де өтімді көрінді. Ғылыми конференция он минуттан кейін Станбол залында басталды. Еріксіз сергіп, бұл күннің үшінші ырыздығын көруге бет алдым.


Суретте: Малтөбе университетінің ұйымдастырушы ғалымы Гүлжанат Құрманғалиева және...
Малтөбе университетінің Жапон университеттерімен бірігіп өткізген, Америка, Франция, Бельгия, Россия, Болгария, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Израйыл, Иран, Индия, Ауғанстан, Жапония қатарлы 24 елдің ғалымдарының басы қосылған «Орталық Азияның зерттелу мәселелері: өткені, бүгіні, ертеңі» атты халықаралық ғылыми конференциядағы баяндамалар ағылшын, түрік тілдерінде жасалды. Бағдарлама бойынша мәжіліс екі күнге созылмақ. Менің кезегім ертең екінтіде екен. Енді қатысатын секцияларды таңдадым. Мен тақырыбы өзіме таныс әрі ғылыми мүддеміз ортақ қырғыз, өзбек, татар, Ресей ғалымдары баяндама жасайтын секцияларға кезектесіп баруды жоспарладым. Қазақтардан тарих институтының директоры Саттар Мәжитов, тарихшы Клара Мақашева, содан кейін Еуразия университетінен тарихшылар Мара Ғұбайдуллина, Тайса Мармонтова және адамға жұғымсыздау бір сыйдам магистрант болды. Олардың тақырыбы қазіргі саясат екен... Саясатта тұрақты ғылыми тұжырым болмайтындықтан да, құбылмалы қитұрқыны қаламайтын ем. Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы, профессор Асқар ағамыз өзінің әкесі туралы баяндама жасау үшін келіпті. Танысып, ағаласып-бауырласып кеттік. Ағамызды әлпештей күтетін Әлмира жеңгеміз бізді де қамқорлығында алып, екі күн қатарынан «ыстық, қызыл, қою шәй» мәселесіне алаңдатқызбады. Күлкілі көрінгенімен, «ыстық, қою, қызыл шәй» Қазақстаннан басқа шет елдің бәрінде басты зәрулік болып есептеледі. Түрікшеден ағылшыншаға, ағылшыншадан түрікшеге аударылып-қотарылған және бәрі де акцентпен сөйлеген баяндаманы түсіну үшін жиырылып-жазылып он сағат отырғаннан кейін әңкі-тәңкісі шыққан миыңыздың құрыс-тырысын «қызыл, қою, ыстық шай» ғана жаза алады, шөліңді де басады. Демек... күлетін түгі де жоқ. Оны Асқар ағамыз да білген... Ол шәй болмаса осыншама ұзақ сөздер күнделікке де түспес еді. Студентті – өренжі – өркен, компьютерді – білгісаяр деп біз де қолдансақ жарасып-ақ кететін түрі бар екен.

Ғылыми конференцияның бірінші күнгі мәжілісінен (жиыны 74 баяндама) түйгенім: көтерілген мәселердің барлығы бізге де мәлім түйткілдер. Тек Кавказ жұрты, соның ішінде грузиндердің сөзі қышқылтым да, қызуы жоғары, мысқылы аралас шықты. В.Кикнадзе: «Мені орыс тілінде сөйлеп тұр деп есептемеулеріңді өтінемін», – деп сөзін бастайды екен. Ол түсінікті де. Ресейдің бодандығына еріксіз мойынсалық байқалады. Соған қарағанда Қап тауы ешқашанда аюдың тырнағынан босамайтын шығар. Жапон ғалымы Комацу ислам діні туралы сөйледі. Орталық Азияның ішкі-сыртқы қауіпсіздігі, ислам ықпалы сондай биязылықпен баяндалды. Неге мұны таңдады? Сөйтсек, исламдық қозғалыстар әлемді заманақырға жетелей ме деген алаңы бар екен. Бұрынғы кеңестік мұсылман мемлекеттерінде жүргізілген орыстандыру саясаты және тіл мәселесі жөнінде баяндама жасаған Израйылдан келген профессор Якуп Ландау үнемі алаңдап, әркімге бір сыбырласып жүрді. Сөйтсек қарт оқымысты бәрінен: «Мен яһудимін. Изырайылдан келдім. Маған ешкім тиіспей ме?», – деп сұрайды екен. Лифтінің ішінде бұл сұрақ бізге де қойылды. Түсініп тұрсам да: «Нәу инглишен» – деп құтылдым. Аңғал оқымысты шынымен алаңдап жүр ме, жоқ, жорта сынағаны ма? Мен соңғысы ма деп дүдәмалданып қалдым. Өйткені жаңағы сұрақты қойғанда екі көзі менің өңменімнен өтіп кетті. Бұл дегеніңіз 24 мемлекеттің, яғни, ұлттың қас-қабағын білу. Ал саясаткер оқымысты үшін бұдан артық қоғамдық барлау жүргізудің оңтайлы әдісі болмаса керек. Әйтеуір жымиып-жылмиған сүйкімді шал. Станбол – яхуди түгіл Бен Ладеннің өзі келсе де сіңіп кететін, адам жатсынатын шаһар емес. Өйткені ол мыңдаған жылдан бергі дүние қақпасы. Ал түріктерді сыртқы қауіп емес, өз ішіндегі дөлмалар қатты алаңдататын сияқты.

Бұл конференцияда профессор Әнуарбек Мөкеев бастаған қырғыздарың еңсесі биік жүрді, алымды да шалымды, емін-еркін сөйледі. Фильм көрсетті. Орталық Азия хандықтарының Османлы империясымен байланысы туралы Бұқара, Самарқанд, Хиуа кітапханаларындағы қолжазба деректерге сүйенген өзбек ғалымдары Зумырад Рахманқұлованың, Гүлшаһра Сұлтанованың, Санобар Шадманованың, Баһадүр Расиловтің, Қаһарман Ражабовтың ағылшын, түрік тіліндегі баяндамаларының мазмұны басым көрінді. Шетелге шыққан өзбек ағайындар қазақтарды кірдің суымен «тазалап кететін әдеті» бар еді. Шамсиддин Камолиддин акамыз: «Тарихшы Vasilos Vattatzis картасындағы Орталық Азия» деген баяндамасында: «Мұнда Өзбекстанды картаға түсіріпті. Өзге мемлекеттер жоқ», – дегені. Мен шақырылған қонақ болғандықтан да ұйымдастыру мәселесінен сырттап жүрдім. Шіркін, тұлғаның керектігі осындайда екен-ау! 1730 жылы Жоңғар шапқынылығы тұсында сызылған ол карта бізге де таныс еді. Шыдамсызданып: «Қазақстан картаға түспеп пе екен?», – деген сұрағымызға: «Ондай дерек жоқ. Мүмкін Қарақалпақстанның ішінде шығар», – дегені. Мұндай мақаупес маңғаздыққа не дерсің? Дауыстап: «Ака! Аққалпақтың (қырғыздардың) ішіне де, Қарақалпақтың ішіне де, ала тақияның ішіне де тымақ симайды. Ислам аканың емес, исламның жолымен жүрген дұрыс шығар», – деп дауыстадым. Ол үндемеді. Түріктер күлді. Жүргізуші қырғыз профессоры Әнуарбек Мөкеев түсінді, түсіне тұрып елеусіз қалдырды. Үзілісте; «Тайке! «Манастың» тең жартысы қазақ туралы. Сол қазақты тақияның ішіне емес, ең болмаса ақ қалпақтың ішіне сиғызбадыңыз ба?», – деп емеуіріндете әзілдедім. Қалыптасқан қалмақы күлкімен: «Шолай! Шолай!», – дей берді. Өзбек ағайындардың қазіргі санасы әсіреираншылдықпен, сартшылықпен уланған. Оларға түркі дүниесі мен тарихы жат. Христиан, иууда, кейін мұсылман дінінен қашып қоныс аударған, отқа табынушы маздақтар – көшпелі яһудилердің тұқымы, хазар қағанатын құлатқандарды қазақтар – сарт деп атаған. Ал тегі түркілер ғана таза өзбектер. Оларда міндетті түрде руы болуы керек. Сондықтан да аталған өзбек ғалымдарына: «Сіз өзбексіз бе, жоқ сартсыз ба?», – деп мәймөңкелемей ашық сұрадым. Мысырда, Иранда алдымызды орап, «сыбаға тартып кеткен» өзбек ағайынымыздан көрген құқайымыз жалғыз бұл емес болатын. Бәрі де өз руларын айтты. Тіпті Санобар Өкіреш атамыздың тұқымы, оның «қырық» деген тарауынан екен. Зумырад қана: «Руымды білемін. Бірақ айтпаймын. Бізде бөлінбейді», – деді. Жақсы ғалым, өзі қыз бала. Е, үкіметтік қысыммен бөліп тұрып, бөлінбеймін деген Ислам акамның саясаты өтіп кеткен екен! Әлде сыбыршыдан қорқа ма? – деген оймен қазбаламадым. Сол руы құрғырға мен де қарсымын. Тек өз ұлтын өзінен жиіркендіріп жатқан саясатқа ызам келеді. Жақсы күннің жанға батқан бір тікені осы болды.

Бұл саясаттың көрінісі исі түркі жұртының өнер иелері жиналып қойған наурыз кешінде де байқалды. Өзбекстан мен Түркменстаннан өнерпаздар келмепті. Бір тәуліктің ішіндегі төртінші құбылыс және жолды ұзартқан жоралғы осында басталды. Ақшамға қарай жоғарыдағыдай көңіл-күйде қонақүйдің дәлізінде ошарылып тұрғанымда қазақтың оюлы киімдерін киген қыздар көзіме оттай басылды. Жігіттер де көрінді. Іле таңдайымызға көк бауырдай жабысқан орыс тілінде сөйлеген неше түрлі ұлттың өнерпаздары үйіріле қалды. Олардың кім екенін сұрамай-ақ, татар, гагагуыз, әзірбайжан, алтайлық, хахас, тоба екенін бірден аңғардық. Бұларды кім бастап жүр дейсіз бе? Әрине, жетпісінші жылғы әлем оркестрінің бас скрипкашысы, дүние тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған, бұрынғы мәдениет министрі, қазіргі «Түрксойдың» бас директоры өзіміздің Дүйсен Қасейінов! Көріскенде құшағымыз айқаса кетуші еді. Сол дәстүрмен төс қағыстырдық: «Мен сен бар дегенде қуанып қалдым. Жұмысым бар. Көріспегелі көп болды, бірге болайық! Бар тілегіңді орындаймын», – деді де бұрылып жүре берді. Концерт бұрынғы кеңес өкіметі тұсындағы өнер онкүндігін еске түсірді. Бірақ мазмұны да, түрі де ұлттық, иә, иә, түркілік! Хакакс-алтайлықтардың:«Ұмай, Ұмай, алтын қубай (бесік). Жіберме тасқынға, ұрпақты ойлай!» – деген әуені ойымды билеп алды. Татарлар әнші әкелмегеніне таң қалдым. Ал қырымшақтардың биі, әсіресе, аққудың көгілдіріне ұқсаған қыздың саусақтары сөйлеп-ақ тұр. Қанша айтқанмен Бақшасарайда гарем ұстаған ел емес пе. Олардың биінің мазмұны мен ишаратынан әйели бегімдік танылады. Қырғыз «Манасымен», қазақ домбырасымен және «Аққу» биімен қатысты. Дені би. Кеш – бимен ашылып, бимен жалғасып, бимен жабылды.



Бақшасарай бишілері мен Қарағандының қызғалдақтары

Ақшамғы тікбақай (түрегеп тұрып тамақтанатын) дастарханда түркі дүниесін емін-еркін билеген, бәрін бас идіріп жүрген Дүйсекең дүйім жұртты жағалай жарылқай келіп: «Сенен өтінішім, мына он төрт ұлттан келген өнерпаздардың атынан ғылым және мәдениет министрлерінің алдында, Сенат төрағасының қабылдауында сөз сөйлеп бер. Жөн білетін жөндемі сен Түркияда жүр дегенде қуанғанымның өтеуін сөйтіп бір қайыр. Ертең Анкараға жүреміз. Одан Алтай ауылы мен Салихлыға барамыз. Бұдан бас тартпа. Жолың, жүріс-тұрысың тегін. Қалғанын Асқар бітіреді», – деді. Асқар Тұрғамбаев – Дүйсекеңнің мәдениет саласы жөніндегі Бас кеңесшісі. Докторлықтың пайдасы – диссертация қорғаған адам – ары кетсе ағайының, бері жүрсе – шәкіртің, немесе шәкіртіңнің шәкірті, тым болмағанда, кеңесте дауыс берген болып шығасың. Асқар «Шора» батыр дастанынан қорғаған. Рахаңның шәкірті. Ал Рахаңның барлық шәкірттері түрікшіл және кішіпейіл келеді. Осы жерлерді түбінде бір аралармын-ау деп аңсап жүргем. Ертең баяндамам бар. Оның үстіне, тегін нәрсені қанша жақсы көргеніммен де, қалай да осы жолдың себепкері, «тегін дүниенің» қормалы Хасен ағамыздың алдынан өтуім тиіс. Шүкірәли мен Рамазан таңертең келеді. Оның үстіне Ғалия апай Станболдың қазақтарын түгел үйіме шақырып, барша жұртқа қонақасы беремін – деп көпшілікке жар шашып қойғаны бар. Деген алаңмен Асқар аға екеуміз Әлмира жеңгеміздің қою, қызыл, әлсін әлі дәлізден демдеп әкеліп берген шайын ішіп, мен үшін 29 сағатқа, төрт сәскелікке бөлінген осынау ұзақ күнде көргенімді «Күнделікке» түсіруге отырдым.

Терезеден жеті қарақшы көрінеді, Малтөбенің ұшарынан Басыбиікке қарай, яғни, таңға қарай жамбастап барады екен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет