Негізгі бөлім
Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы:
Бисмилләһи әр-рахман әр-рахим!
Бірінші бөлім ізгілікті діндегі Алла деп тануға тиіс нәрсе туралы: ол қандай болмыс, оның жауһары не, оны қандай сипаттармен сипаттау керек, одан болмыстар қалай пайда болды, ол қай жағынан олардың бар болуының себебі, оны қандай есімдермен атау керек және ол есімдердің қайсыларымен оған жалбарыну керектігі туралы.
Бұл бөлімде ең алдымен, ол Нәрсенің болмыстағы мәртебесі қандай мәртебе екендігі, Оның бүкіл болмыстардың алғашқы жасаушысы, сосын шегі, сосын формасы болғандықтан олардың алғашқы себебі екендігі, Оның кемшілік атаулыдан ада, оларға қатысы жоқтығы, Оның болмысынан абзал, кемел, қадым бір болмыстың болуы мүмкін емес екендігі анықталады. Сол себепті де, асылында, Оның жауһары мен болмысында жоқтық мүлдем болмайды және ол потенциалды болмыс та емес әрі қандай жағдайда да, бар болмауы мүмкін емес, керісінше Ол Ең Соңғы Кемел.
Содан кейін, Оның бар болуы үшін ол бағынышты болатын немесе оған қажет болатын себептің қандай жағдайда да, мүлдем болмайтындығы, Ол жауһарымен Әзәли (ежелгі), болуы үшін бақилығын ұзартатын ешнәрсеге мұқтаж болмайтындығы, керісінше, жауһарының өзі осыған жеткілікті екендігі.
Бұдан соң Оның болмысына ұқсас болмыстың болуы мүлдем мүмкін болмайтындығы әрі Өзінен басқа бір нәрсе үшін бар болуы да мүмкін емес екендігі, Оның болмыс мәртебесіне тең келетін және қарама-қайшы бола алатын нәрсенің ешқашан болмайтыны туралы. Содан кейін Ол басқа нәрсе мүлдем араласа алмайтын болмыста Жалғыз болғаны үшін Бір екендігі, Өзінің болмыс дәрежесінде Жалғыз екендігі, Оған не потенция, не әрекет араласпайтын және қандай жағдайда да, бөлінбейтін болмыс әрі жауһар екендігі, Өзінен басқа нәрселерден Оның Өзі болып табылатын бірлік арқылы ажыратып тұрған болмысы Өзінің бірлігі болатын Өзіне ғана тән болмысы екендігі және Ол бір болу мағынасының осы жақтарымен Бір болатыны жөнінде.
Бұдан кейінгі сөз Оның жауһарының не екендігі, Ол ғалым деген не мағына екені, Ол хәкім деген не мағына екені, Ол тірі деген не мағына екені, Ол мәні тұрғысынан кең өйткені Ол ең абзал ақыл әрі ілім иесі және оның шебері екені туралы болады. Әрі қарай Оның болмысы мен жауһары болып табылатын мағынасын түсінуіміздегі кемшіліктің себебі беріледі. Ол мәні тұрғысынан кең, себебі Ол білінуші әрі танылушы бола тұра Оны елестету мен қиялдау (қабылдау) біз үшін қалай қиын болатыны жайында. Содан кейін, Оның асқақтығы, ұлылығы әрі даңқтылығының мағынасы не және қалай болатындығы, Оның сұлулығы мен әсемдігі қандай мағынада, Ол сүйілген және ғашық болынғандығын және ләззатын қалай сезінетіні туралы.
Бұдан кейін өзінен басқа болмыстардың Одан қалай шыққандығы және қандай жағдайда да, Ол бұл болмыстардың кемшіліктен ада, оған мүлде қатысы жоқ жасаушысы болуы үшін қай жағынан оған сенілуі тиіс екендігі, болмыстардың Одан қалай пайда болғандығы және болмыстағы мәртебелеріне қарай қалай реттелгендігі, бір-бірімен қалай байланысатындығы, не нәрсе арқылы байланысып, бірігетіндігі сөз болады.
Әрі қарайғы сөз осы болмыс аталуы тиіс (болмысқа берілген) есімдердің қандай нәрсе болуы керек екендігі туралы. Және аталған есімдердің көптігіне қарай сол болмыстың бар болуы да көп деген түсінік болмау үшін ол есімдерге қалай дәлелдер келтіру керек екендігі және болмыстарда болатын кемшілік осы болмыста да бар деген қате түсінікке келмеу үшін ол есімдердің әрқайсысына қандай дәлел жасалу керек екендігі жайында. Осы болмыс аталып тұрған бұл есімдер шын мәнінде, біздегі әрбірінде кемшіліктен бір нәрсе болатын Одан басқа көптеген болмыстардың есімдері мен мағыналары. Сондықтан бұл есімдердің барлығын біз шын мәнінде, кемшілігі бар болмыстарды білдіруде қолданып әдеттенгенбіз әрі ол есімдер туралы біздің түсініктегі әдет бойынша олар арқылы Онда да нұқсан бар деп түсінуден әрі елестетуден аулақ бола алмаймыз немесе біз де көп деп түсінуге әдеттенген ол есімдердің көптігі мен көп мағыналылығы Ол болмыста да көп болып елестейді. Көптік болмыстың кемшілігі болып табылады. Сол себептен де, Онда асылында кемшілік бар деген қате түсінікке келмеу үшін осы есімдерге қалай анықтама берілуі тиіс екендігін білуге мұқтажбыз.
Содан кейін осы жағдайда еске алынуы тиіс болған нәрсе болмыстардың материясы болғандықтан және қандай жағдайда да, материя болатын нәрсе болғандықтан Оны ол болмыстардың себебі жасаудың мүмкін еместігі және оларға материя болғанда қай жағынан Оған кемшілік ілесетіні, Оған мүлдем кемшілік ілеспеу үшін Ол қай жағынан болмыстардың шегі жасалынуы керектігі, сондай-ақ, мүлдем кемшіліктен ада болуы үшін қай жағынан ол болмыстардың формасы жасалатыны анықталуы керек еді. Дегенмен, бұған қосымшаларда (зиәдатта) қайта ораламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |