Қорытынды
Жұмыста М.Дулатовтың дүниетанымдық - адамгершілік позицияларының қалыптасуына ықпал еткен факторларға талдау жасап, оның тұлғалық өсу жолын айқындауға талпындық. Міржақыптың қоғам қайраткері ретінде толысуына қазақ халқының ғасырлар тереңінен бастау алған дәстүрлі дүниетанымдық құндылықтары үлкен әсер етті. Ақын жазушы осы құндылықтар мен қасиеттерді бойына дарыта отырып, ұлттық мүддені, ар-намысты аяққа бастырмауды өмірлік мақсаты етті.Міржақыптың тұлғалық,азаматтық қасиеттерін қалыптастырған екінші арна Шығыс халықтарының асыл-мәдени философиялық мұрасы. Ортағасырдан бастап Қазақстан Ислам өркениетінің аясына енеді. Ислам өркениеті көптеген халықтардың Қай дәуір болмасын ойшылдар өзін қоршаған әлеуметтік-тарихи дүниені тани отырып, өз еңбектерінде ой-толғамдары мен көзқарастарын білдіреді. Кеңестік уақытта " ұлтшыл", "халық жауы" айыптары тағылған ойшылдың, нағыз ұлтжанды, бүкіл саналы өмірін халқының мұң-мұқтажына арнаған азамат екенін, оның қоғамдық қызметі мен еңбектері дәлел бола алады. Оның не бәрі жиырма бес жасында шығарылған "Оян, қазақ!" өлеңдер жинағы халықтың санасын оятуға арналған. Тәуелсіздік туының астына халқын жинап, бодандықтан шығудың жолдарын іздестіреді. Патшалық Ресейдің отаршыл саясатының бетін ашып, халқын бірлік пен бірегейлікке шақырады. Оның мұраты азаттық, ол қоғам өмірінің жақсаруы мен дамуын егеменді ел болудан іздейді. Елінің егемендікке қолы жетпей өркендеуі, бақытты болуы мүмкін емес деп пайымдаған ақын, сол мақсаттың соңында жұмыс істейді. Аталмыш кезеңде Міржақып шығармаларының қоғамдық сананың өсуі мен қалыптасуына айтулы ықпал еткені анық. Оның ойынша ел ағарса, яғни жаппай сауаттанса, елдің санасы оянып, өзін-өзі, қоршаған ортаны ұғады деп түсінді. Сондықтан ол жаппай ағартушылықты уағыздады. Білімнің, ғылымның адамға берер пайдасын түсіндірді. Ол білім мен ғылым дамымай, қоғамның өркениетке жетуін жоққа шығарды.Міржақыпты қатты толғандырған мәселе ел бостандығы мен тәуелсіздігі. Бостандық адамның мәндік қасиеті. Адам бойындағы трансцендентальдық құштарлықтардың бірі - еркін өмір сүруге деген ұмтылыс. Міржақып осы мәселені әлеуметтік тұрғыдан қарастырды. Осы тұрғыда ол қазақ халқын бодандық күйге түсірген тарихи-саяси факторларды талдап, олардың әлеуметтік-саяси астар-сипатын айқындайды. Ел еркіндігі тәуелсіздік пен азаматтық әрбір адамның бойында бостандыққа деген ұмтылыс дәні себіліп, терең ұяланғанда ғана мүмкін екенін ақын-жазушы жақсы түсінді. Бостандық - руханилық ұғым. Бостандықтың мәнін түсінген адам ғана тіршілік мәнін аша алады. Ал оны түсіну - ақыл-парасат пен сана - сезімнің талмай еңбектенуін, ізденуін талап етеді. Міне сондықтан Міржақып саяси күресті ағартушылық күреспен ұштастырады. Адам бойына рухани азаматгық қасиеттер тәрбие мен білім беру арқылы дамиды. Қазақ ағартушыларының басты мақсаты халықты тек сауатты ету ғана емес, сонымен қатар жоғары рухани мұраттар өрісінде тәрбиелеу.Міржақып еңбектеріндегі тағы бір маңызды мәселе әлеуметтік әділеттілік, теңдік мәселесі. Әлеуметтілікті ол қоғамдық болмыстың темір қазығы ретівде қарастырады. Әділетті қоғамда ғана адамның адами мәні ашылып, оны дамытуға мүмкіндік туды. Ал, әділетсіздік жайлаған қоғамда адамның адамнан, еңбектен, табиғаттан жаттануы орын алып, әлеуметтік немқұрайлылық өрістейді. Ол иллюзорлы-сағымды өтпелі жалған сипатқа ие болады.Әлеуметтік әділеттілік теңдік ұғымымен тығыз байланысты. Теңдік Міржақып еңбектерінде саяси-әлеуметтік мәселе ретінде бой көтереді. Теңдікті Міржақып құқық теңдігі ретінде қарастырады. Әрине ол адамзаттың барлығының мүмкіндіктері, ой-өрісі бірдей еместігін естен шығармайды. Алайда мемлекет пен қоғам әрбір адамның білім алып өрлеуіне, еңбек етіп тұрмысын жақсартуына тең мүмкіндіктер беруі керек. Қазақ халқының басқа халықтармен терезесі тең болуының басты алғы шарты - ғылым-білімге ұмтылу. Тек сол арқылы ғана халқымыз кенжелеп қалған дамуын жеделдете алады. Міржақыптың саяси көзқарастарында болашақ Ресей Федерациясының құрамына енетін халықтардың осы мемлекеттік құрылымның тең құқықты субьектісі болуын жақтайды. Патша өкіметінің өзімшілдік-өктем империялық саясаты мен басқару тәртібінен құтылған жағдайда ғана әрбір халық өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін, елдігі мен егемендігін дамыта алатындығын ақын ашық айтады.
Өз еңбектерінде ол әйел теңдігі мәселесін қойып, оның қоғамдағы рөлін жоғары бағалайды. Ол тәрбие мәселесінде әйелдің орнын ерекше бағалап, қоғам өміріндегі адамгершілік мәселесінің жақсаруын тікелей әйелге байланыстырады. Сондықтан да қазақтың әйелге қатысты кертартпа кейбір салт-дәстүрлерін сынға алады. Тәуелсіздікті мұрат еткен ойшыл шығармасының өзегі -адамгершілік, әділдік, еркіндік мәселесі.Тарихтың ауыртпалығы мол.. Түптеп келгенде тарихи қайта өрлеудің, кемелденген қоғам құрудың негізі осы қасиеттер мен құндылықтар. М.Дулатовтың өмірі мен қызметі халқымыз үшін биік мұрат пен халқына деген асыл адалдықтың рәмізіне айналады. Аққан жұлдыздай болған оның қысқа ғұмыры, адам төзгісіз ауыртпалықтар мен халық мүддесіне қызмет етуге деген бағытқа толы болды. Сол арқылы келер ұрпақ үшін Міржақып болмыс мәнін өмір құндылығын дәлелдеп кеткендей.М.Дулатов шығармашылығындағы әлеуметтік философиялық ой-толғамдары, қазіргі өркениетке ұмтылған Қазақстан үшін берері мол мұра. Біз оның еңбектері мен қоғамдық қызметінің әлеуметтік, адамгершілік аспектілерін ашуға ұмтылдық. Әрине, Міржақып мұрасын түсініп білу үшін көптеген ізденістер мен зерттеулерді қажет етіп тұрған соны тақырып.
Достарыңызбен бөлісу: |