Қазақ жүрегіне ерекше қымбат тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатұлы
Егемендікке ғасырлар тоғысында қол жеткізген Қазақстан мемлекеті, саяси, экономикалық, әлеуметтік жүйесін өркениеттік үлгіде қайта жаңғыртты және күні бүгінге дейін жаңғыртып та жатыр. Қазіргі Қазақстан мемлекеті әлемдік жаһандану (глобализация) процесімен ықпалдасуға ұмтылуда. Тәуелсіздікпен келген демократиялық бостандық халқымыздың рухани жаңаруының алғышарты болып табылса, рухани жаңару егеменді еліміздің саяси, экономикалық тұрақтануы мен қоғамымыздың өркендеуіне жол ашады.Егемендіктің мәндік негіздерінің, тәуелсіздіктің тұғырлы болу шарттарының бірегейі — рухани ояну. Қоғадық өмірдің түбегейлі өзгеруіне ұзақ жылдар бойғы теориялық ой түрткі болғаны күмән туғызбайды. Бүгінгі өркениетті саналатын мемлекеттердің тарихы осыған дәлел. Қайта жаңғыру қоғамнан саяси-экономикалық реформаларды ғана емес, ұлттық бітім мен сананың замана талабына сай өзгеруін талап етеді. Бұл процестің қозғаушы күші -ұлттық философия. Философия қоғам жаңаруының басты бағыты теориялық тұрғыдан талдайтын, әлеуметтік зерттеулердің басын біріктіретін ғылым болғандықтан оның аталмыш мәселелерді зерттеудегі маңызы зор. Нақтылай айтқанда, халқымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік мұралары мен рухани қазынасын зерттеу уақыт талабы екендігі сөзсіз. «Өзінің философиясы жоқ елдің тәуелсіз рухани мұрасы мен дамуы болмайды, әр уақытта басқа факторларға тәуелді болады», — деп жазды қазақ философиясының қалыптасуына белсенді үлес қосып жүрген ғалымдар Ж.М.Әбділдин, М.С.Орынбеков(1.28). Қандай бір болмасын халықтың еркін, рухани жетіліп дамуы үшін өзінің ұлттық философиясы болуы шарт. Қазақстан елінің ғалымдары мен философтары қазақ философиясын дүниежүзілік мәдениет шеңберінде қарастырып, еліміздің бай фольклорын, философиясын, рухани мәдениетін жоғарғы теориялық зерттеу дәрежесінде қарастырып жатыр. Кеңес дәуірі кезінде қалыптасқан пікір, көзқарастарға партиялық, таптық позициялардан басқа, жалпы азаматтық позиция тұрғысынан баға беру Қазақстан егеменді ел болғанда ғана жол ашылды.Қашанда бүгінгімізді түсіну үшін, өткенімізге көз жібереміз. Қоғамның дамуын ұғыну, қоғам қажеттерін білуге ұмтылғанда, қоғамның өткен кешесіне үңілуді, зерттеуді талап етеді.
Мемлекетіміздің ел басшысы Н.Ә.Назарбаев 1997 жылды саяси қуғынға ұшырағандарды еске алу жылы деп жариялауында үлкен саяси мән жатыр.Қазіргі қоғамымызда жүріп жатқанкүрделі әлеуметтік процестер, ішкі қайшылықтар мен шиеленістер, рухани мәселелердің өзектілігі ғасыр басындағы қоғамда болған қайшылықты процестермен ұқсас тұстары мол. Қазіргі еліміздегі сонылы мәселелерді шешуге өз үлестерін қосып жүрген қоғамдық қайраткерлері, зиялылары. Сондай-ақ, ғасыр басында да қазақ қоғамындағы қайшылықты шиеленіскен мәселелерді шешуге ұмтылған, тығырыққа тіреліп тұрған халқына шығар жолын сілтеуге тырысқан қазақ интеллегенциясы, яғни зиялылар еді. Сол кезде өмір сүріп, өзінің саяси-қоғамдық көзқарастарын әлеуметтік, философиялық тұрғыдан қарастырған ізденістерін жан-жақты көрсете білген зиялылардың бірі Міржақып Дулатов. Оның шығармашылық өмірі мен қоғамдық, ғылыми ағартушылық қызметі қазақ халқының өмірінде үш бірдей төңкерісті бастан кешіп, сұрапыл қайшылықтар кезеңіне тура келді. Ғасыр басындағы қазақ зиялылары сияқты М. Дулатов та сол уақыттағы орын алған тарихи — әлеуметтік, саяси-мәдени ахуалды терең пайымдап, оның қазақ қоғамы үшін үлкен перспективаларды ашып отырғанын көре білді және бұл ахуалды тек пайымдап қана қоймай замана ағымына ұлттық тиімділік тұрғысынан ықпал етуге талпынды.Қазан төңкерісінен кейін халқының мұң-мұқтажы мен мүддесін көксеген зиялылардың бірі болып, жазықсыз қуғындау мен айыптауларға ұшырады. Міржақыптың қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасына әділ баға беру, ең қуатты мемлекеттің бірі болған кеңес империясының ыдырауы нәтижесінде мүмкін болып отыр.Міржақып Дулатов өзінің еңбек еткен қай саласында болмасын халқына мәнді, мағыналы қызмет ете білді. Бұл оның туған халқының дүниетанымы мен рухани мәдениетін терең танып, халқын бар болмысымен сүйе білгенін дәлелдейді.Міржақыптың шығармашылық өмірі ғасыр басында қазақ қоғамы дамуының ең бір күрделі де, қиын кезеңіне тура келді. Бұл кезең Ресей патша өкімегінің отаршыл саясатының ақын өзі көрсеткендей «гүлдеу шегіне жетті», бірінен кейін бірі келген төңкерістер, оған қат-қабат келген бірінші дүниежүзілік соғыс ауыртпалығы елдің шаруасының еңсесін езіп тұралатты. Десек те қазақ халқының ұлттық сана-сезіміне қозғау түсіп, ояна бастаған да еді, қазақ даласы қозғалысқа түсіп белгілі бір дәрежеде рухани даму орын ала бастады. Көшпенді қазақ халқы отаршыл саясаттың қыспағы ғана емес, сонымен бірге қазақ ішіндегі шенеуніктердің қыспағына да түсті. Халық балаларын мұсылманша оқытумен қатар орысша оқытуға берді. Бұл — Ресей өкіметінің отаршыл саясатына қарсы болған, қараңғылықтан шығудың алғашқы қадамдары іспеттес еді.Біз Міржақыптың шығармашылық еңбектерінен айтылмыш уақыттағы қоғамымыздың саяси-экономикалық, қоғамдық әлеуметтік хал-ахуалы мен халқымыздың сана-сезім талғамын, дүниеге көзқарасы мен ой-өрісі, болмыс бітімін көреміз. Сонымен бірге оның еңбектерінде көрсетілген мәселелер бүгінгі біздің қоғамымыздың соны мәселелерге сай келіп, қазіргі біздің уақытымызбен үндесіп жатыр. Міржақып Дулатов шығармаларында көрініс табатын философиялық ой-толғамдары, саяси-әлеуметтік көзқарастары, дүниетанымдық пайымдаулары қазіргі таңда адам үшін берері мол, үйретері көп мұра, өйткені өткен ғасыр басында да қазақ қоғамы жолайрықта тұрды. Бұл — ғасырлар қойнауынан орын алған дәстүр жалғастығы мен өзгерістерді талап еткен дәуір қажеттілігінің тарих толқынында қабаттаса келген кезі еді. Қазақ зиялылары осы диалектикалық үрдісті шешудің тиімді (ұлттық мемлекетгілік тұрғысынан) бағытгарын іздестірді, теориялық және практикалық бағдарламаларды жасап ұсынды.Еліміздің қоғамдық ойы мен рухани мәдениетінің дамуы үшін, тарих бетінен аластатылған зиялылардың дүниетанымдық көзқарастары мен ойларының бетін ашу — бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселе екендігі күмән туғызбайды.Адамның дара тұлға болып қалыптасуында терең тылсымдық қабаттар мен рухани ізденістердің маңызы зор екендігі күмәнсіз. М. Дулатовтың рухани өсуіне әсер еткен Батыстық, Шығыстық және Қазақы бастаулардың арақатынасы тарихи-философиялық, ғылыми теориялық тұрғыдан талданған.
М. Дулатов шығармаларын зерттеу негізінде қазақ ағартушылығының екі буын арасындағы сабақтастық пен ерекшелік мәселесі ұлттық болмыс пен ұлттық сана, ұлттық менталитет және инновациялық уақыт өрісі аясында шешілген.Зерттеудің негізгі мақсаты Міржақып Дулатов шығармашылығындағы әлеуметтік философиялық дүниетаным, әлеуметтік дүниетанымының қалыптасуы мен дамуын, оған ықпал еткен тарихи, саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайларды сараптау. Оның шығармашылық өмірі мен туындыларының ішкі мәнін жан-жақты қарастыру. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер адам болмысының барлық жақтарында өз қолтаңбасын қалдырып, оның осы өзгерістерге деген көзқарасын қалыптастырады. XX ғасырдың басындағы әлемдік ауқымдағы тарихи оқиғалар, саяси- әлеуметтік процесстер мен либералдық — демократиялық қайта құрулар қазақ қоғамын да айналып өткен жоқ. Тарихи дамудың магистралдық бағытын дұрыс түсініп, бағалай білген ұлтымыздың ардақты азаматтары әрбір тарихи мүмкіндікті халқымыздың болашағына пайдаланып қалуға, игілігіне жаратуға ұмтылды. Осы мақсатта олар саяси күрестің барлық тәсілдерін ғылыми публицистикалық, көркем-әдеби шығармашылықпен ұштастыра білді. Олардың шығармаларында жеке адамдардың мұң — мүқтажы, арман тілегі сомдалып, тұтас халықтың ұлттық идеясы деңгейіне көтерілді. Қарапайым адамның қажеттілігі ұлт қажеттілігімен ұштасты. Әрине бұқара халықтың бәрі мұны саналы түсінді деп айтуға болмас, алайда, бұл көңілде жүрген, ғылыми тілмен айтсақ көмескі саналылық ұмтылыс еді. Өйткені, еркіндік, бостандық адамның мәндік сипаты болып табылады. Құлдық адам табиғатына қаншалықты жат болса, еркіндікке деген ұмтылыс оның болмысымен етене бітескен. Міне, сондықтан болар көкірегі ояу әрбір азамат бостандықты өмірден жоғары қояды. Тарихтан белгілі, өз халқының бостандығы үшін жеке өмірін сарп еткен боздақтар ерлігі осыған айғақ.
М. Дулатов өз шығармашылығында бостандықтың осы болмыстың — субстанциялық негізіне үңіледі. Бұл жерде біздің бостандықтың субстанциялық негізі деп отырғанымыз — ұлттық ерік-жігер мен ар-намыс, ұлттық сана. Сондықтан болар XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, соның ішінде, М. Дулатовтың арман-мақсаты ғасырлар бойы аяққа басылып, жаншылып келген ұлттық сезім мен сананы ояту болды.
Достарыңызбен бөлісу: |