12-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКТЕР
62-бап. Мемлекеттiк дендрологиялық парк ұғымы және оның
негiзгi қызметi
1. Мемлекеттiк дендрологиялық парк - ағаш және бұта тұқымдарын қорғауға, молықтыру мен пайдалануға арналған аймақтар бойынша белгiленген күзет режимдерi бар табиғат қорғау және ғылыми ұйымдар мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Мемлекеттiк дендрологиялық парктердiң негiзгi қызметiне Қазақстанның ағаш өсiмдiктерiн сақтаудың, молықтырудың және пайдаланудың ғылыми негiзiн әзiрлеу, Қазақстанның дүниежүзiлiк маңызы бар флорасының ресурстарын игеру жатады.
63-бап. Мемлекеттiк дендрологиялық парктердi аймақтарға
бөлу, оларды күзету мен пайдаланудың
ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiк дендрологиялық парктерде аймақтар осы Заңның 59-бабында көзделген мемлекеттiк ботаникалық бақтардағы күзет режимiнiң мақсаты мен түрi ескерiле отырып бөлiнедi.
2. Мемлекеттiк дендрологиялық парктер мемлекеттiк ботаникалық бақтарға осы Заңның 61-бабында белгiленген тәртiппен және шарттармен ғылыми, мәдени-ағарту және оқу мақсаттарында пайдаланылады.
13-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ТАБИҒАТ ЕСКЕРТКIШТЕРI
64-бап. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi ұғымы
Мемлекеттiк табиғат ескерткiшi - экологиялық, ғылыми, мәдени және эстетикалық тұрғыдан алғанда жекелеген бiрегей, орны толмайтын, құнды табиғи кешендердi, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiне жатқызылған шығу тегi табиғи және жасанды объектiлердi қамтитын ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
65-бап. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн құру тәртiбi
1. Маңыздылығына байланысты мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жекелеген түрлерi және табиғи кешендер республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi болып жарияланады.
2. Республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумақтарының шекарасы мен күзет режимiнiң түрiн Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумақтарының шекарасы мен күзет режимiнiң түрлерiн - уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
3. Республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi мен олардың аумақтарын олар қарауына тапсырылған тұлғалардың күзетуiне берудi уәкiлеттi орган, ал жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн - оларды ұйымдастыру туралы шешiм қабылдаған облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.
4. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқа түрлерiнiң аумағында орналасқан мемлекеттiк республикалық маңызы бар табиғат ескерткiштерi солардың құрамында ескерiледi.
Мемлекеттiк табиғи қорықтарды, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердi, мемлекеттiк табиғи резерваттарды құру немесе кеңейту кезiнде жергiлiктi маңызы бар табиғат ескерткiштер жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбесiнен шығарылады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аталған түрлерiн құру мен кеңейтудiң техникалық-экономикалық негiздемелерi болған жағдайда, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбесiне енгiзiледi.
Ескерту. 65-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
66-бап. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумақтарының
күзет режимi
1. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң аумақтарында мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi сақталуының бұзылуына әкеп соғатын кез келген қызметке тыйым салынып, мемлекеттiк табиғи қорықтардың күзет режимiнiң түрiне сәйкес келетiн қорықтық күзет режимi белгiленедi.
1-1. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумақтарында осы салада мамандандырылған ұйым әзiрлеген жобаларға сәйкес оларды сақтау мен қалпына келтiру жөнiндегi iс-шаралар жүргiзiледi.
2. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн күзету осы Заңның 32-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 66-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
14-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ТАБИҒИ ҚАУМАЛДАР
67-бап. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар ұғымы және олардың
түрлерi
1. Мемлекеттiк табиғи қаумал - мемлекеттiк табиғи-қорық қорының бiр немесе бiрнеше объектiлерiн сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтiң тапсырыстық режимi немесе реттелмелi режимi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
2. Өздерiнiң функционалдық мақсаты бойынша мемлекеттiк табиғи қаумалдар мынадай түрлерге бөлiнуi мүмкiн:
1) кешендiк - ерекше құнды табиғи кешендердi сақтау және қалпына келтiру үшiн;
2) биологиялық (ботаникалық, зоологиялық) - өсiмдiктер мен жануарлардың бағалы, сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар түрлерiн сақтау және қалпына келтiру үшiн;
3) палеонтологиялық - жануарлардың, өсiмдiктердiң және олардың кешендерiнiң қазып алынатын қалдықтарын сақтау үшiн;
4) гидрологиялық (батпақты, көлдi, өзендi) - сулы-батпақты жерлердiң құнды объектiлерi мен кешендерiн сақтау үшiн;
5) геоморфологиялық - сирек кездесетiн және бiрегей табиғи рельеф нысандарын сақтау үшiн;
6) геологиялық және минералогиялық - сирек кездесетiн геологиялық және минералогиялық түзiлiмдердi сақтау үшiн;
7) топырақтық - топырақтың әдеттегi және сирек кездесетiн түрлерiн сақтау үшiн;
8) гидрогеологиялық – жерасты суларының бiрегей көздерiн сақтау үшiн.
Ескерту. 67-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
68-бап. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар құрудың
ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерiнде құрылады.
Мемлекеттiк табиғи қаумалдардың шекаралары меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша айқындалады және жергiлiктi жерлерде арнайы белгiлермен белгiленедi.
Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мемлекеттiк табиғи қаумал орналасқан жер учаскесiн шектеулi түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың мемлекеттiк табиғи қаумал аумағындағы шаруашылық қызметiн шектеу Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде көзделген тәртiппен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерiмен белгiленедi.
2. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар:
1) мерзiмсiз - жұмыс iстеу мерзiмi көрсетiлмей;
2) ұзақ мерзiмдi - 10 жылдан астам мерзiмге;
3) қысқа мерзiмдi - 10 жылдан кем мерзiмге құрылады.
3. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар бекiтiп берiлетiн табиғат қорғау мекемелерi, мемлекеттiк орман шаруашылығы мекемелерi осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерiнiң күшiмен оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн күзету мен қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады.
Ескерту. 68-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
69-бап. Мемлекеттiк табиғи қаумалдарды күзету режимi
мен оларды пайдаланудың ерекшелiктерi
1. Егер кез келген қызмет мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтауға қатер төндiрсе немесе оларды молықтыруды нашарлатып жiберсе, мемлекеттiк табиғи қаумалдарда мұндай қызметке, оның iшiнде:
1) кешендi мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - табиғи кешендердi сақтауға қатер төндiретiн шаруашылық қызметке, өсiмдiктер мен жануарлардың бөтен түрлерiн жерсiндiруге;
2) зоологиялық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - уәкiлеттi органның келiсiмiмен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты бойынша ғылыми-зерттеу, өсiмiн молайту және мелиорациялық мақсаттарда алып қою жағдайларын қоспағанда, жануарлардың қырылуын туғызған немесе туғызуы мүмкiн басқа да әрекеттермен бiрдей дәрежеде аң аулауға, кез келген тәсiлдермен және құралдармен, балықтарды қоспағанда, жануарларды аулауға, өсiмдiктер мен жануарлардың бөтен түрлерiн интродукциялауға, ұяларды, iндердi, апандарды және басқа да мекендеу орындарын бүлдiруге, жұмыртқа жинауға;
3) ботаникалық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - мал жаюға, шөп шабуға, ағаш кесудiң барлық түрлерiне, гүлдер теруге, өсiмдiктердiң тамырларын, түйнектерiн және жуашығын қазып алуға, от жағуға, көлiк құралдарының бар жолдардан тыс жерлермен келiп кiруiне және жүруiне, өсiмдiктер мен жануарлардың бөтен түрлерiн жерсiндiруге, сол сияқты өсiмдiктердiң бүлiнуiн және жойылуын туғызған немесе туғызатын басқа да әрекеттерге;
4) гидрогеологиялық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - тас, қиыршық тас, құм және басқа да пайдалы қазбалар өндiруге, үңгiрлердi бүлдiруге, жер қазу жұмыстарын жүргiзуге, табиғи гидрологиялық режимдi өзгертетiн әрекеттерге, мемлекеттiк табиғи қаумалдың табиғи құрама бөлiктерiн бүлдiруге немесе қиратуға байланысты iзденiстер мен ғылыми зерттеулерге тыйым салынады.
1-1. Кешендi зоологиялық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда аң аулауға және балық аулауға мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сақталуына қауiп төндiрмейтiн, жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюдың мөлшерлi көлемiнiң биологиялық негiздемесiне мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган рұқсат етедi.
2. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар режимiнiң ерекшелiктерi паспортпен айқындалады.
3. Мемлекеттiк табиғи қаумалдар ғылыми, экологиялық-ағарту, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар белгiленген шектеулердi сақтай отырып, мемлекеттiк табиғи қаумалдарда шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
Ескерту. 69-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
15-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚОРЫҚ АЙМАҚТАРЫ
70-бап. Мемлекеттiк қорық аймағының ұғымы, мақсаттары
мен мiндеттерi
Мемлекеттiк қорық аймағы - мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар үшiн резервке қойылған жер учаскелерi мен су айдындарында мемлекеттiк табиғи қорық қорының объектiлерiн және биологиялық саналуандықты сақтауға және қалпына келтiруге арналған теңдестiрiлген күзет режимiнiң түрлерi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
71-бап. Мемлекеттiк қорық аймақтарын құру тәртiбi
1. Мемлекеттiк қорық аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерiнде жарияланады.
2. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мемлекеттiк қорық аймағы орналасқан жер учаскесiн шектеулi түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
72-бап. Мемлекеттiк қорық аймақтарын күзету мен
пайдаланудың ерекшелiктерi
1. Егер кез келген қызмет күзетiлетiн ландшафтардың табиғи келбетiн өзгертуi немесе экологиялық жүйелердiң тұрақтылығын бұзуы мүмкiн болған не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндiрген жағдайда, мемлекеттiк қорық аймақтарында мұндай қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк қорық аймақтарында учаскелер қорықтық және қаумалдық режимдi, сондай-ақ шаруашылық қызметтiң реттелмелi режимдi учаскелерi болып бөлiнедi.
3. Мемлекеттiк қорық аймақтары оларды күзету режимi түрлерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн көзделген барлық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қорық аймақтарында жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметiне шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
5. Мемлекеттiк қорық аймақтары бекiтiп берiлетiн табиғат қорғау мекемелерi, мемлекеттiк орман шаруашылығы мекемелерi осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметiнiң күшiмен оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи қорық қорының объектiлерiн қорғау мен қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады.
6. Мемлекеттiк қорық аймақтарының аумақтарында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiнде белгiленген арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша геологиялық зерттеулерге, пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат берiледi.
Пайдалы қазбаларды қазуға қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкiлеттi органның келiсiмiмен, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша ерекше жағдайларда жол берiледi.
Ескерту. 72-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.01.09 N 213 Заңымен.
73-бап. Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi
мемлекеттiк қорық аймағы
1. Едiл (Қазақстан Республикасының шегiнде) мен Жайық өзендерiнiң атыраптарын қоса Солтүстiк Каспийдiң шығыс бөлiгiнiң су айдыны Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi балық қорын сақтау мен бекiре тұқымдас және балықтың басқа да бағалы түрлерiнiң мекендеуi мен табиғи молығуына оңтайлы жағдай жасауға арналған мемлекеттiк қорық аймағына кiредi.
2. Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi мемлекеттiк қорық аймағында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiнде белгiленген арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, балық шаруашылығын, су көлiгiн дамыту, мемлекеттiк геологиялық зерттеу, көмiрсутектi шикiзатты барлау және өндiру үшiн мүмкiндiктер қамтамасыз етiледi.
Ескерту. 73-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.01.09 N 213 Заңымен.
16-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ТАБИҒИ-ҚОРЫҚ ҚОРЫНЫҢ ОБЪЕКТIЛЕРI
74-бап. Мемлекеттiк орман қорының ерекше құнды екпелерi
1. Мемлекеттiк орман қорының ерекше құнды екпелерiне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгiзiлуi не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына санаттарына енуi мүмкiн ерекше құнды орман алқаптары, орман жемiсi екпелерi, тоғайлы және субальпiлiк орман алқаптары жатады:
1) генетикалық орман резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
2) жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары;
3) субальпiлiк ормандар.
2. Мемлекеттiк орман қорының ерекше құнды екпелер учаскелерiнде осы Заңға және Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес оларды күзету мен пайдаланудың қорықтық немесе қаумалдық режимi белгiленедi.
75-бап. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар
1. Өсiмдiктердiң немесе жануарлардың сирек кездесетiн, нәзiк немесе жойылып бара жатқан түрлерiнiң немесе қосымша түрлерiнiң, ең алдымен халықаралық pecуpc болып табылатын қоныс аударатын суда жүзетiн құстардың едәуiр дәрежеде жиынтық мөлшерiнiң резерваттары қызметiн атқаратын теңiз су айдындарын қоса алғанда, табиғи және жасанды су бөгендерi халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар болып табылады.
2. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына енгiзiледi.
3. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарда суда жүзетiн құстар мекендейтiн жерлердi күзету мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн шаруашылық қызметтiң қорықтық және қаумалдық түрлерiнiң режимдерi немесе реттелмелi режимi белгiленедi.
76-бап. Бiрегей табиғи су объектiлерi немесе олардың
учаскелерi
1. Бiрегей табиғи су объектiлерiне немесе олардың учаскелерiне теңiздер, өзендер, көлдер, мұздақтар және басқа да жер бетiндегi су объектiлерi немесе олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бөлiктерi жатады.
2. Бiрегей табиғи су объектiлерi немесе олардың учаскелерi олардың маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң құрамына енгiзiледi, сондай-ақ олардың шекарасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерi құрылуы мүмкiн.
3. Бiрегей табиғи су объектiлерiнде немесе олардың учаскелерiнде осы Заңға және Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын қамтамасыз ететiн су пайдаланудың қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелi режимдерi белгiленедi.
77-бап. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және
рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы
учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерiне мыналар жатады:
1) геологиялық объектiлер - тiреуiш немесе айрықша тiлiктер, айрықша тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетiн тау жыныстары мен минералдары, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған қазба қалдықтары кездесетiн табиғи және жасанды жалаңаштанған жерлер;
2) геоморфологиялық объектiлер - рельефтiң пайда болу процестерiн айқын көрсететiн және туризм мен рекреация үшiн ерекше құндылық сипаты бар сатылы жерлер, су жайылмалары, үңгiрлер, сай-салалар, шатқалдар, сарқырамалар және рельефтiң басқа да нысандары;
3) гидрогеологиялық объектiлер - бiрегей және сирек қасиеттерiмен ерекшеленетiн жер астындағы сулар және олардың жер бетiне шығатын жолдары;
4) жартастағы суреттерi, ертеде кен өндiрiлген жерлерi және тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар жер қойнауын пайдалану жөнiндегi басқа да объектiлерi бар жер қойнауы учаскелерi.
2. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiнiң сақталуына қатер төндiретiн кез келген қызметке тыйым салынады.
78-бап. Өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн
және жойылып кету қаупi бар түрлерi
1. Өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
2. Мемлекет өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар түрлерiн қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Алып тасталды - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
4. Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн, оның iшiнде олардың дириваттарын алып қоюға:
1) арнайы жасалған жағдайларда өсiру және кейiннен мекендеу ортасына жiберу;
2) аң аулаудың ұлттық түрлерiн дамыту;
3) ғылыми зерттеулер;
4) селекция үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша айрықша жағдайларда жол берiледi.
Ескерту. 78-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
79-бап. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени
маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара
объектiлерi
1. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiне ғылыми ынта туғызатын және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар бiрегей қасиеттерiмен (шығу тегiнiң тарихымен, тiршiлiк ұзақтығымен, дiңiнiң, ұшарбасының пiшiмiмен және көлемiмен, гүлдерiнiң, жемiстерiнiң және тұқымдарының мөлшерiмен, басқа қасиеттерiмен) сипатталатын ағаштардың, бұталардың және шөп тектес өсiмдiктердiң табиғи ортада немесе жасанды жағдайларда кездесетiн дара даналары және (немесе) жекелеген топтары жатады.
2. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiн мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi ретiнде бөлу, жерге орналастыру, орман орналастыру, қала құрылысы жұмыстары кезiнде жүргiзiледi.
3. Мемлекет ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiн қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi болып жарияланған ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсiмдiктер дүниесiнiң бiрегей дара объектiлерiн қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
17-тарау. ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАР ЖҮЙЕСIМЕН
БАЙЛАНЫСТЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕЛIНIҢ ЭЛЕМЕНТТЕРI
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiмен
байланысты экологиялық желiнiң элементтерi ұғымы
1. Өздерiнiң экологиялық жүйелерiнiң жай-күйi және өздерiнiң орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiмен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық саналуандығын сақтауды қамтамасыз ететiн кеңiстiк тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су бетi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгi учаскелерiнiң жиынтығын бiлдiретiн табиғи кешендер экологиялық желiнiң элементтерi болып табылады.
2. Экологиялық желiнiң элементтерiне сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелерi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетiлетiн аймақтары, экологиялық дәлiздер, мемлекеттiк орман қоры, су қорғау аймақтары, су объектiлерiнiң алаптары және басқа да табиғи объектiлердiң қорғалатын учаскелерi, соның iшiнде аң аулау алқаптары жатады.
3. Сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы мемлекеттiк орман қорының жер учаскелерiн, су қорғау аймақтары мен су объектiлерiнiң алаптарын, аң аулау алқаптарын, балық шаруашылығының су айдындарын белгiлеу мен пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен реттеледi.
81-бап. Экологиялық дәлiздер
1. Экологиялық дәлiздер барлық санаттағы жер учаскелерiнде оларды жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоймай, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн, биологиялық саналуандықты сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтiн жануарлардың табиғи қоныс аудару және өсетiн өсiмдiктердiң таралу жолдарын қорғау мақсаттарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiнiң басқа да элементтерi арасындағы кеңiстiк байланысты қамтамасыз ету үшiн құрылады.
2. Экологиялық дәлiздер учаскелерiнде жабайы жануарлардың уақытша мекендейтiн жерлерiнде олардың сақталуын, қоныс аудару кезеңдерiнде олардың жүрiп өтетiн жолдарының сақталуын, жабайы өсiмдiктер өсетiн жерлердiң сақталуын қамтамасыз ететiн осы жерлердi пайдаланудың реттелмелi режимi белгiленедi.
Экологиялық дәлiздер режимiнiң ерекшелiктерi ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында айқындалады.
3. Экологиялық дәлiз құру туралы шешiмдi жаратылыстану-ғылыми негiздеме негiзiнде уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қабылдайды.
Экологиялық дәлiздердiң шекаралары табиғи географиялық шептер бойынша белгiленедi және жергiлiктi жерлерде арнайы белгiлермен белгiленедi.
Экологиялық дәлiздердi қорғау мен басқаруды табиғат қорғау мекемелерi жүзеге асырады. Экологиялық дәлiздер уәкiлеттi органның шешiмдерiмен табиғат қорғау мекемелерiне бекiтiп берiлетiн болады.
4. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамудың өңiраралық схемалары, қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен экологиялық дәлiздер аумағын қозғайтын өзге де қала құрылысы құжаттамасы уәкiлеттi органмен келiсiлуге тиiс.
Ескерту. 81-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
18-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
82-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын
бұзушылықтан келтiрiлген залалды өтеу
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiне залал келтiрген жеке және заңды тұлғалар келтiрiлген шығындарды ескере отырып, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн қалпына келтiруге жұмсалған шығындар мөлшерiнде табиғат қорғау ұйымдарына толық көлемде өтеуге мiндеттi.
83-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 83-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңымен.
84-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 32-бабын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 1997 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 жыл, N 17-18, 215-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; 2001 ж., N 3, 20-құжат; N 24, 338-құжат; 2004 ж., N 10, 57-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |