Бақылау сұрақтары:
1. ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық жағдайы
2. ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы саяси жағдай
3. Қазақтардың Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы күресі
4. Есет батырдың қазақ тарихындағы орны
5. Ресей патшалығының қоныс аудару саясатын жүргізуі
Әдебиеттер:
1. Бекмаханов Е.Б. Казахстан в 20-40-ые годы XIX века. - Алматы, 1992.
2. Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. - Алма-Ата, 1957.
3. Бес ғасыр жырлайды. 1,2 ТТ. - Алматы, 1989.
4. Галузо П.Г. Туркестан-колония. Очерк истории Туркестана от завоевания царизмом до революции 1917 г. - М., 1929.
5. Галузо П.Г. Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1917 гг. -Алма-Ата, 1965.
6. Зиманов С.З. Общественный строй казахов первой половины XIX века. -
Алма-Ата, 1958.
7. Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца ХҮІІІ-первой половины ХІХвв. - Алма-Ата, 1960.
8. Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. - Алматы, 1992.
9. Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. - Алматы, 1994.
10. Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. - Алматы, 1994.
11. Сапаргалиев Г.С. Карательная политика царизма в Казахстане. - Алма-Ата, 1966.
Лекция №17
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан
Жоспар:
1. ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы капиталистік қатынастардың дамуы
2. ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қоныс аудару саясаты және столыпиндік модернизация
3. 1905-1907 жж. Орыс революциясының халықаралық маңызы және оның Қазақстанға әсері
4. XX ғ. басында Қазақстанда ұлттық-демократиялық, реформаторлық қозғалыстардың қайта көтерілуі
5. Қазақстандағы 1916 ж. көтерілісі: себептері, сипаты, сабақтары. Қозғалыстың негізгі ошақтары және қозғалыстың лидерлері
XIX ғасырдың екінші жартысында Еуропа мемлекеттерінде дамыған капиталистік қатынас Ресейге әсер етпей қоймады. Осымен байланысты Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де товар айналысының өсуін шапшаңдатты. Өлкеде үстем болған натуральды шаруашылық біртіндеп ыдырай бастады.
70—80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан рыноктарына Ресейден мата көп келетін болды. Фабрикаларда өндірілген арзан мақта-мата бірқатар шығыс елдерінің майдагерлік бұйымдарын шапшаң ығыстырды. Сонымен бірге күнделікті тұрмысқа қолданылатын бұйымдар (самауыр, қазан, шалғы, орақ, кетпен, ошақ, балта, пышақ т.с.с.) көтеріңкі бағамен сатылып отырды. Қазақстан бұл тауарларға айырбасқа мал мен мал шаруашылығында өндірілетін шикізат берді. XIX ғ. екінші жартысында Ресейге мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу шапшаң өсті.
Ресей саудагерлері Қазақстанға сауданың жаңа түрін — жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атбасарда) және 50-ден астам ұқсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. 1848 жылы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесі, ал кейіннен Шар (Семей облысы), Қарқара (Жетісу), Әулие ата (Сырдария облысы), Ойыл, Темір (Орал облысы) жәрмеңкелері жұмыс істеді.
Қазақстанда капиталистік түрдегі сауда-саттықтың күшеюі жергілікті сауда буржуазиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Осы кезде, Қазақстанда 30-дан астам қалалар мен 400 қазақ поселкалары пайда болды.
Кен өндіру өнеркәсібі өлкенің өнеркәсіп өндірісінің маңызды саласы бола бастады. 1896 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 70- ке жуық шағын мыс, 170 күміс-қорғасын, 3 темір т.б. рудниктер болды. Осындай кен қоры Баянауыл және Петропавл уездерінде де (тас көмір, алтын, мырыш т.б.) пайдаланыла бастаған болатын. XIX ғасырдың аяғында Жайық өзені мен Атырау теңізі жағалауында балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды.
XIX ғ 70-жылдарда ішкі Ресейден Қазақстанға темір жол тартыла бастады. 1874—1876 жылдары Орынбор темір жолы (Самара – Орынбор) салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды. 1880—1890 жылдарында Атырау теңізінің шығыс жағалауынан Ташкентке дейін темір жол, су және почта телеграф қатынасы Қазақстанды Москва және Орта Азияның басқа да қалаларымен тікелей жалғастырды. Қатынас құралдарының дамуы халықтың өзара байланысын тездетіп, тауар айналымының дамуына кең жол ашты.
Капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі көшпелі және жартылай көшпелі мал өсірушілікпен айналысатын қазақ ауылында патриархалдық-феодалдық қатынастардың ыдырау процесін тездетті. Өлкеде өнеркәсіптің жаңа салалары пайда болды. Қоғамдық еңбек бөлінісі одан әрі дамып, жұмысшы табы қалыптасты.
Патша өкіметінің аграрлық саясаты нәтижесінде XIX ғасырдың аяғында орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы бұқаралық сипат алды. Сөйтіп, қазақ еңбекшілерінің жерлерін басып алу кеңінен жүргізілді. Қазақ шаруаларын тонауды патша өкіметі "қоныстанушы", "жер қоры" деп аталатын желеумен іске асырды. Бұл қорды жасау үшін жергілікті халықтың жайлы қоныстарын тартып алып отырды.
Сонымен бірге патшалық Ресей Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен тау-кен байлықтарын пайдалануға айрықша назар аударды. Алтын, түсті металл, көмір өндіретін кәсіпорындар көбейді. Осы тұста мұнай өнеркәсібі де пайда болды.
Тау-кен өнеркәсібі негізінен Орталық және Шығыс Қазақстанда дамыды. Қазақстанға капитализмнің енуі, мұнда тауар-ақша айналымының дамуы патриархалдық-феодалдық қатынастардың ыдырауына, қазақ ауылында капиталистік қатынастардың дамуына жағдай жасады. Натуралдық шаруашылықтың ыдырауы қазақ шаруаларының кедейленген жақтарын "қосымша табыс іздеуге" мәжбүр етті. Негізінен өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істеу олар үшін ақша тауып күн көрудің көзіне айналды.
Әуел бастанақ көп ұлтты болып қалыптасқан жұмысшы табының 60 проценттейі қазақтар болды да, қалғандары орыс, украин, татар, баш- құрт және тағы басқа ұлттардың өкілі болды.
Қазақстанда марксизмнің тарауы Орталық Ресейден көп кейін басталды. Петропавл қаласында 1902 жылдың аяғында ұйымдастырылған тұңғыш маркстік үйірме негізінен жер аударылғандардан құрылды. 1903 жылы осындай үйірме Петропавл темір жолында, 1902 жылы Орынбор қаласында құрылды. 1903 жылы 1 мамырда Орал қаласындағы саяси үйірме мүшелері ереуіл ұйымдастырды.
Бірінші орыс революциясы кезінде патшалық тәртіпке қарсы күреске ұлттық аймақтардың езілген халықтары да көтерілді. Қазақстан еңбекшілерінің 1905—1907 жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланысты болды.
Бүкілресейлік ереуілдің әсерімен Шалқарда, Қостанайда, Верныйда, Оралда т.б. жерлерде ұйымдасқан ереуілдер мен бой көрсетулер социал-демократия ұйымдардың басқаруымен"Патша билігі жойылсын!", "Бостандық жасасын!" деген ұрандармен өтті.
Желтоқсан қарулы көтерілісінің әсерімен 1905 ж. 11 желтоқсанда Успен руднигінде жұмысшылардің ірі ереуілі болып өтті. Оның барысында орыс жұмыскері П. Топорнин мен қазақ жұмысшысы Ә. Байшағыров басқарған "Орыс-қырғыз одағы" құрылды.
1905—1907 жылдардағы революция жеңілгеннен кейін Ресейде реакция кезеңі басталды. Социал-демократиялық фракцияның мүшелері тұтқынға алынып,сотқа тартыл ды және жер аударылды. Реакция жылдары патша өкіметінің ұлттық саясаты халық мүддесіне қарсы сипатта болды.
1906 жылы Столыпин шаруаларды қауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды.
Столыпиннің аграрлық саясаты — Сібір мен Қазақстанға орыс шаруаларын жалпай қоныстандыруды көздеді. 1917 жылға дейін Казақстанның 45 милллион десятина жеріне ие болған көшіп келгендердің саны 1,5 миллионға жетті. Сөйтіп, патша өкіметінің қоныс аудару саясаты Қазақстанда жер мәселесінде қайшылықтардың шиеленісуіне, еңбекші қазақ бұқарасының жерсіз қалып күйзелуіне әкеп соқты.
1912 жылы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қорыту зауытында басталған ереуіл, 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл кемір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы жаңа революциялық өрлеу дәуірінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қолы жетті.
Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс
1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3—4 есе көбейді. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.
Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, оларды отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың туу туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын "қара тізімге қосты", ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасал бақты Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніш болып отырған феодал байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халыктың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жасақтарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейтқали Мендешев, Абдрахман Әйтиев, Маңғыстауда — Жалау Мынбаев, Ақтөбе даласында — Әділбек Майкөтов, Жетісуде — Тоқаш Бокин, Бөкболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т.б. басқарды.
1916 жылы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы экспедициялар жіберді. Көтерілісшілер патша әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Осы шайқастарды жүздеген қазақ жігіттері өздерінің батыр бабаларының ерлік дәстүрін жалғастырып, есімдерін өшпес даңққа бөледі. Торғай өңірінде Кенесарының қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелді, оның жауынгер серігі Кейкі батырдың аттары аңызға айналды. Үлкен қолбасшылық дарынымен бүкіл қазақ халқына танымал болған Амангелді бастаған Торғайдағы көтеріліс 1917 жылғы ақпан революциясына дейін жалғасты.
Қазақстан 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкеріс кезінде
1917 ж. 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктері тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша чиновниктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша өкіметтің органдары мен бірге халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңестері құрылды.
Қазақстанда Кеңестер 1917 ж. наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т.б. өлкеде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының ізінше сәуір-мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды. Сонымен бірге буржуазиялық Уақытша үкіметтің жергілікті органдары құралды. Бұл жаңа өкімет органдары өзінің әлеуметтік құрамы, басқару әдістері жағынан революцияға дейінгі патша әкімшілігі жергілікті халыққа қалай қараса, бұл да солай қарады.
Патша өкіметі құлатылған соң, Қазақстан большевиктері астыртын жағдайдан шықты. Орынбор және Торғайда, П. Кобозев, Ә.Жангелдин, А. Коростелев, Ақтөбеде В. Ф. Зинченко, Перовскіде А. В. Черняхов, Оралда П. Парамонов, П. Дмитриев, Шымкентте Н. Морозов, Семейде П. Салов, Петропавлда К. Сутюшевтер партиялық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Большевиктік партияның қатарында С. Сейфуллин, Б. Серікбаев, Т. Рысқулов, С. Арғыншиев және басқалар жұмысшылар мен шаруаларды, солдаттарды революцияның жеңісі жолындағы күреске топтастырды.
"Қазақ" газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жариялады. 1917 жылы 21— 26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қазақтық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т.б. кірді. Сол жылы 5—13 (18—26) желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде Қазақтың автономиясы — Алашорда үкіметі — Ұлт Кеңесі құрылды. Халық Кеңесі Төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді.
Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтарының ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі —Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тарих қойнауында, тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шабуылына көміліп қала берді.
Достарыңызбен бөлісу: |