Бақылау сұрақтары:
1. ХХғ. басындағы капиталистік қатынастардың дамуы
2. Столыпиннің аграрлық саясатының өлке халқының демографиялық жағдайына тигізген әсері
3. 1905-1910жж. кен жұмысшыларының көтерілісі
4.1916 жылғы көтерілістің тарихи маңызы
5. Ақпан төңкерісінің қазақ қоғамына тигізген әсері
Әдебиеттер:
1. Киреев Ф. Революция 1905-1907 гг. в Казахстане. - Алма-Ата, 1949.
2. Қозыбаев М.Қ. Жауға шаптым, ту байлап. -Алматы, 1994.
3. Козыбаев М.К. История и современность. -Алма-Ата, 1991.
4. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. - Алматы, 1995.
5. Маликов Ф.М. Февральская буржуазно-демократическая революция. - Алма-Ата, 1973.
6. Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. - Алматы, 1994.
7. Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. - Алматы, 1994.
8. Национально-освободительное движение в Казахстане и Средней Азии в 1916 году: характер, уроки, итоги. Составители Мажитов С.Ф., Жакишева С.А., Романов Ю.И. - Алматы, 1996.
9. Нурпеисов К.Н. Алаш һәм Алашорда. - Алматы, 1995.
10. Нусупбеков А.Н. Формирование и развитие сельского рабочего класса в Казахстане. - Алма-Ата, 1966.
11. Өмірзақов Ө. Ресейге қосылғаннан не ұлттық? - Алматы, 1999.
12. Сапаргалиев Г.С. Карательная политика царизма в Казахстане. - Алма-Ата, 1966.
13. Сафаров Г. Колониальная революция. - Алматы, 1996.
14. Сулейменов Б.С. Революционное движение в Казахстане в 1905-1907 гг. -Алма-Ата, 1977.
15. Турсунбаев А.Б. Казахстан в революции 1905-1907 годов. -Алма-Ата, 1987.
16. Царская колонизация в Казахстане. По материалам русской периодической печати XIX века. - Алматы, 1995.
Лекция №18
Қазақстан азаматтық қарсыластық жылдарында
(1917-1920 жж.)
Жоспар:
жылғы Қазан төңкерісі,оның алғышарттары
2. Алашорда үкіметі мен Түркістан (Кокан) автономиясының құрылуы
3. Азамат соғысы (1918-1920 жж) халық трагедиясы
4. Қазақ кеңестік мемлекетінің құрылуы
5. Қазақстандағы Соғыс коммунизм саясаты (1918-1921 ж. наурыз)
1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік-экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті.
Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес басталды.
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск зауытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады.
Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі, ауылдық және селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізді. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады.
1918 ж. көктемінде еліміздің шығысында Түркістан автономиялық Кеңестік социалистік республикасы құрылды. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария және Жетісу облыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Қазақстанның қалған жерінде — Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарында және Маңғыстауда қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан әрі жалғастырылды. „Алаш" зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді.
Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де, талаптарын да мойындағысы келмеді. Осылайша алаштықтардың Кеңес үкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға талпынысы нәтижесіз аяқталды.
Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін "Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы" деп атаған "Үш жүз" партиясы да ықпал жасады. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді.. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.
2. Азамат соғысы және социалистік құрылыстың басталуы
Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды, сол себепті де революция мен азамат соғысы арасында ешбір дәл шеқара болған емес. 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман Дутовтың басшылығымен ақ гвардия әскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак әскерлері кеңесінің "әскери үкіметі" және революцияға қарсы ошақ Оралда да құрылды. Құрылған облыстық әскери үкімет көп ұзамай жергілікті кеңесті таратып, өкіметті басып алды. Сөйтіп, Верныйда және Орал қалаларында ақгвардия диктатурасы орнатылды. Бұл үш "әскери үкімет" Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басты күші болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге, ауыл-село шаруаларына сүйенді және меньшевиктер мен "Алаш" партиясының жетекшілерінен қолдау тапты.
1918 жылдың көктемінде Алашорда большевиктерге қарсы күрес жүргізуге ұйғарды. Сөйтіп, азамат соғысының бастапқы кезеңінде алашордашылар ақтармен одақтасып, қызылдарға қарсы соғысты. 1918 ж. жазында азамат соғысы өршіп, кең етек алды. Ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай ең басты пәрменді күш — Сібір мен Оралда шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік шығаруына байланысты әскери қақтығыстар күшейе түсті.
Азамат соғысы тарихындағы партизан қозғалысының ірі ошақтарының бірі — Черкасск қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың "Тау қырандары" отрядтарының қозғалысы Қазақстандағы Азамат соғысы тарихынан өшпес орын алды. 1919 ж. жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйреуі батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі аумағы Дутов пен Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып, 22 наурызда кеңес әскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станциясын азат етті. 22 наурызда Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты станциясын, 25 наурызда атаман Анненковтың ставкасы тұрған Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе бүктіріп, атаман Анненков және Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтарын Синьцзянға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы майдан Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан қалпына келтірілді.
Сонымен, 1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар ақтарды талқандап, жеңіске жетті. 1919 жылдың көктемінен бастап, А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар қызылдар жағына шықты. Сібірдегі уакытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылы 22 қазан — 4 қарашадағы грамотасымен Алашорда Халық Кеңесі үкіметін таратып жіберді. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жа-риялады. Алашорда басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның жақтастарының үлкен тобы Кеңес үкіметінің жағына шықты. Желтоқсан айында Ә.Бөкейханов бастаған Алашорданың Шығыс бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады.
Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган — қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені әскери-әкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10- шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен "Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже" жарияланды.
Ереженің 3 - бабына сәйкес, Қазақ автономиялы республикасының аумағы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына "...Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды" делінген.
Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді.
Алғашқы күннен Қазревком әрекет-қимылда жүрген армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты және басқа тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АКСР-на жеткізу, яғни "соғыс коммунизм" саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың мәні — өнеркәсіпті жаппай национализациялау, басшылықты орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды тауарлардың бәрін бөлу, азық-түлік салғыртын, қарточкалық жабдықтау жүйесін, жалпыға бірдей еңбек міндеткерлігін, еңбекке бір мөлшерде ақы төлеуді енгізу, тауар-ақша қатынастарын жою болды.
Осының ішінде еңбекші халық әсіресе, шаруалар үшін ең ауыры азық-түлік салғырты болды. 1919 жылы қаңтарда астықты дайындау мен бөлу монополиясына азық-түлік салғырты қосылды. Өлкенің адам және материал ресурстарын жұмылдыру экономикалық әдіске жатпайтын күштеу әдістерімен жүргізілді. Кеңес үкіметі қала халқын және соғысып жатқан қызыл әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін астық өнімдерін, мал-мүліктерін қаруланған азық-түлік отрядтарын жіберіп, халықтан күшпен тартып алып отырды. Сонымен қатар, "әскери коммунизм" саясаты өлкеде жергілікті бюджеттерді жоюдан, оларды бірыңғай мемлекеттік бюджетке қосудан, біртұтас қазына құрудан, ұсақ және майда өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алудан көрінді.
1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және Түркістан майданының әскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин кол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын "Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы" тарихи Декреті жарияланды. 1920 ж. 4—12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. С.Меңдешевті бас етіп, Орталық Атқару Комитетін (ОАК) және В.Радус-Зеньковичті бас етіп Халык комиссарлары Кеңесін (ХКК) сайлады.
1920 жылдың көктемінен Қазақстан жерінде азамат соғысы жылдарында өлкенің жаудан азат етілген аудандарында кеңестік мемлекеттік органдар ұйымдастырылып жатты. 1920 жылғы қаңтар-наурызда өлкенің губерниялары мен уездерінде партия конференциялары өтіп, оларда халық шаруашылығын қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Басты шарттардың бірі — отын өндіруді арттыру және кэсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен транспортты қалпына келтіру болды. Жылдың аяғына қарай республикадағы 59 электр станциясының 45-і қалпына келтіріліп, пайдаланылуға берілді. Металл өңдейтін 6 зауыт іске қосылды.
Тамақ, жеңіл және қолөнер кәсіпорындары қалпына келтіріліп жатты. Губерния орталықтарының бәрінде диірмендер, былғары, тері, сабын қайнату, кірпіш зауыттары, аяқ-киім, ер-тұрман шығаратын шеберханалардың жұмысы қайта басталды. Жергілікті өкімет органдары орасан зор зиян шеккен темір жол транспортын қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлді. 1920 жылдың жазына қарай негізгі магистральдарда көпірлер, жол шаруашылығы, байланыс желілері қалпына келтірілді. 1920 жылдың аяғына таман республика өнеркәсібінде 162 кәсіпорын жұмыс істеді. Қазақстанды қалпына келтіру дәуірінің басында 1500-ге тарта ұсақ мемлекеттік өнеркәсіп кәсіпорындары болса, бұлардан тек қана ондаған зауыт-фабрика, кеніш, шахта, мұнай кәсіпшілігі, көміркен орындары ғана жұмыс істеді. Өнеркәсіп халық қажеттерін қанағаттандыра алмады. Еңбек өнімділігі өте-мөте төмен болды, шикізат пен отын жетіспеді. Азық-түлік енеркәсіп тапшылығы қатты байқалды.
1920 жылдың күзіне қарай Қазақстанда Жетісу облысын қосқанда 1039 коллективтік шаруашылық болды. Сол жылдары алғашқы ауылшаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылдың аяғында 939 колхоз жұмыс істеді.
1919 жылы сәуірде уездік және губерниялық Халық ағарту бөлімдерінің жанынан мәдени-ағарту ұйымдары құрылды. Оқу үйлері, кітапханалар, сауатсыздықты жою мектептері жұмыс істеді. Сол жылдары республикада 199 көпшілік кітапханасы, 196 клуб, 83 халық үйі, 1478 оқу үйі болды, үгіт қызыл керуендерін, ал темір жол бойында — үгіт вагондарын ұйымдастырды.
Қорыта келгенде, Қазакстанда Кеңес үкіметі негізінен және көпшілігінде күштеп орнатылды. Қазақ халқы Қазан төңкерісінің мәнін, Ленин бастаған большевиктер партиясының бағдарламасын түсінген де жоқ, қабылдаған да жоқ. Әлеуметтік революцияға Қазақстанда ешқандай негіз жоқ болатын. Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті халықтары үшін Қазан революциясының мән-мағынасы орыс үстемдігі жойылып, тартылып алынған жер-суымыз өзімізге қайтарылады деген үмітке ғана сайды.
Достарыңызбен бөлісу: |