Бақылау сұрақтары:
1. Әміршіл-әкімшілік жүйенің кешіліктері
2. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының экстенсивті сипаты
3. Халықтың орналасу құрылымындағы әлеуметтік өзгерістер
4. Экологиялық жағдайдың шиеленісуі
5. Ғылым, білім, мәдениет
Әдебиеттер:
1. Қонаев Д.А. Өтті дәурен осылай. Естелік эссе. –Алматы, 1992.
2. Артықбаев Ж. Қазақстан тарихы: Оқулық-хрестоматия.
3. Қазақстан тарихы. Очерк. ,Алматы.,1993
4. Күзембайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы. Алматы., 1998
5. Рысбаев Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2002 ж.
6. Қазақстан тарихы : Ақтаңдақ беттерінен. А., 1991 ж.
7. Ч.Мусин Қазақстан тарихы А., 2003 ж.
ХХ ғасырдың 80-ші жылдардың екінші жартысы мен 90-шы жылдардың басындағы Қазақстан
Лекция №26
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы
Жоспар
1.Реформалардың сәтсіздікке ұшырауы және дағдарыстың өршуі
2.Қайта құру жылдарындағы Қазақстан
3.Қайта құру саясатының негізгі кезеңдері және оның сипаттамасы
1985 жылғы сәуiр айында Кеңестер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетiнiң Бас хатшысы М. С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде шешiм қабылданды. Бiрақ бұл шешiм тек сөз жүзiнде қалды. Iс жүзiнде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездеттi. Оны Қазақстанның партия, Кеңес органдары қызметiнен байқауға болады.
Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды iрiктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Казақстан Компартиясының Орталық Комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н. Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып бердi.
Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында еңбекшілердің азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Халық арасында орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті.
Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемелекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.
Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан әрі тереңдеп өрістеуі кеңестердің қызметінен көріне бастады. "Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!"-деген ұран жанданды. Бұл мәселені ілкі кезде кеңестерге партия басшылығын күшейту арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеме шықпады. Өйткені кейінгі жылдары компартияның қызметінде елеулі кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Оның сапа құрамы төмендеп кетті. Партия комитеттерінің кеңестерге және тағы басқа да қоғамдық ұйымдарға басшылығы жеткіліксіз болды.
1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық XIX партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси системасына реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе - халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конферецияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған "КСРО Кониституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы" және "КСРО халық депутаттарын сайлау" жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты.
Жергілікті кадрларды қуғынға салған Г. В. Колбин Орталық партия Комитеті бюро мүшелерінің пікірімен санаспады, олардың талаптарын қабылдамады, мәселелерді көп жағдайда өз еркімен шешті. 1989 жылы наурыз айында Г. В. Колбин Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып Мәскеуге кетті. Оның орнына сол жылғы шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н. Ә. Назарбаев сайланды.
Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан партия Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ Орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет орны енгізілді. Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н. Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Мұның өзі елімізде және халықаралық аядағы оның беделін көтеруге үлкен әсерін тигізді. Н. Ә. Назарбаевтың президент болып сайлануы, республиканың өз ішіндегі саяси-экономикалық мәселелерді шешуде, жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді.
Президенттің Семей полигонында ядролық сынаққа тиым салуы, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілген азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету шаралары туралы жарлықтары Қазақстанда демократиялық қайта құрулар жүргізудің өзіндік бір белесі еді.
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында әрбір адамның мұқият зерттеліп жасалған, құқықтық және әділеттік процедуралар арқылы заң жүзінде бекітілген бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан шындық жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстанның саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едәуір кеңейтіп, республиканы мекендейтін барлық ұлттар өкілдерінің тілегіне жауап беретін еді. Республика парламентiнiң қазақ тіліне мемелекеттік тіл дәрежесін берген "Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын" 1989 ж. /қыркүйек/ қабылдауы үлкен уақиға болды.
Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тең құқықтық жағдайда өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты.
Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдык ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында Қазақстан комсомолының кезектен тыс XVIII съезі өтті. Онда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының делегаттары алдағы бірнеше айды өтпелі кезең деп жариялап, осы уақыт ішінде жастардың жаңа қоғамдық ұйымын құру ісін бастауды ұсынды. Бірақ съезд делегаттары бұл ұсынысты қабылдамай, республика комсомолын Қазақстанның жастар одағына ауыстыру жөнінде шешiм қабылдады. Оның алдында республика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті қойылды. Одан басқа республикада Қазақстанның мемлекеттік жастар Комитеті құрылып iске кірісті.
Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе, бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Олар өздерінің мүшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ комитеттері салалы кәсіподақ Кеңестері болып қайтадан құрылды. Әрине, кәсіподақтың басты қызметі еліміздегі экономикалық жағдаймен, оны шама келгенше жақсартумен тікелей байланысты болып табылады. Соңғы жылдардағы кәсіподақ ұйымдарының негізгі қол жеткен табысы - ол әр түрлі саяси және мемлекеттік ұйымдардан тәуелсіздік алу еді. Бұқара халықтың мүддесін қорғауда олар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мемлекеттік және шаруашылық органдарымен тең дәрежеде келісе отырып шеше алатын жағдайға қолдарын жеткiздi. Сондай-ақ, бұл жылдары әйелдер кеңесіне балама ұйымдар әдеттен тыс төменнен пайда болды. Солдат аналарының комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы, Көп балалы аналар, Жанұялар одағы, "Айша", "Ақ отау" және Іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 жылы барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.
Бұл жоғарыда көрсетілген фактілердің барлығы ХХ ғ. 80-ші жылдардың екінші жартысында қоғамды қайта құру барысында Қазақстан өмірінде қоғамдық-саяси және демократиялық қатынастардың кең өріс ала бастағанын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |