Ескеева Мағрипа Қайнарбайқызы



бет4/5
Дата26.02.2016
өлшемі0.52 Mb.
#26437
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн» деп аталатын V тарауда тіл дамуындағы тұлға мен мазмұны үйлесімділігі, көне түркілер мен қазақтардың таным ортақтығының тілдегі бейнесі моносиллабтық деңгейде сараланады. Әлемді, қоршаған ортаны, қоғамдағы адамның орнын айқындайтын дүниетанымды, идеялар мен көзқарастар жүйесін, танымдық, этикалық, эстетикалық қатынастарды зерттеуге бағытталған философия ғылымының алғашқы кезеңінде-ақ дүниені танудың негізгі тетігі ретінде таным мен ойлау және ойлаудың материалдық формасы – тіл басты назарда болды.

Тілді зерттеуде формула тәрізді тілдік модельдерді қолданған структуралық тіл білімінің әдіс-тәсілдері тілдің танымдық, биопсихологиялық қырларын терең аша алмағанымен, интралингвистикалық заңдылықтарды анықтауда үлкен нәтижелерге жетті, сондай-ақ барлық гуманитарлық ғылым салаларындағы тілдің рөлін, белсендiлiгiн, маңызын көрсетіп берді (Ф.де Соссюр, Э.Бенвенист, Н.С.Трубецкий т.б.). Структуралистік лингвистика анықтаған таңбалар мағынасы теориясы структурализмнің өзімен антиномиялық бағыттағы антропологиялық лингвистиканың мүдделерімен белгілі бір дәрежеде астасып жатқанын байқатады. Түркі тілдеріне қатысты көптеген құнды еңбектер структуралық лингвистиканың амал-тәсілдері мен ұстаным-қағидаларын негізгі алғанымен түбіртануға, ішкі құрылымға, сөз семантикасына, сөзжасамдық модельдерге, сөз этимологиясына арналған зерттеулерде, тіл онтогенезі, имитатив теориясы, этногенез бен глоттогенез бірлігі, тілдің этнолингвистикалық сипаты, әлеуметтік негізі жайлы антропоцентристік бағыттағы тілдің танымдық қырларын меңзеген тұжырымдар түркi тiл бiлiмiнде когнитивтi бағдар кеңiнен тарағанға дейiн-ақ айтылып жүрді. Алғашқы қалыптасу кезеңінде логикалық категориялардың тілге қатысы жөніндегі гипотезалар мен танымдық қағидалардың сипаттамалық негізіне ғана сүйенген когнитивті лингвистика бірте-бірте өзінің ішкі құрылымын, категориялық аппаратын, теориялық концепциясын, принциптерін айқындап, дербес лингвистикалық бағыт ретінде орнықты. Қазақ тiл бiлiмiнде де тiлдiң танымдық қырларын лингвокогнитологиялық, лингвокультурологиялық, лингвопсихологиялық аспектiде концептуалды жүйенiң iшкi, сыртқы құрылымдық модельдерiн сомдауға бағытталған бiрнеше зерттеулер жарияланды (Жаманбаева Қ., Ислам А., Тiлеубердиев А., Қосымова Г., Жапақов С., Әмiрбекова А. т.б.). Жалпы тiлдi танымдық тұрғыдан зерделеуде паремиологиялық жүйе, фразеологизмдер, көркем шығарма тiлiндегi бейнелi оралымдар, мәдени лексика мен ономастикондар, кәсiби сөздер мен терминдер негiзге алынуда. Ғаламның толыққанды тiлдiк бейнесi жетiлген, көркем тiл арқылы сомдалатындықтан бойына этно-мәдени ақпаратты молынан жинаған лексемалардың талдауға түсуi аса маңызды. Дегенмен тiлдiң танымдық қырларын анықтауда моносиллабтық деңгей де қалыс қалмағаны жөн. Бұл жағдайда iшкi мазмұнмен қатар сыртқы тұлға да қатысады. Себебі тілдің танымдық қырларын зерттеуде қолданылатын концепт ядросы адам санасындағы ең алғашқы археидея, олардың тiлдегi көрiнiсi – архитұлғасы дыбыстар мен дыбыс тiркестерi, бiршама жетiлген кезеңдегi бейнесi – моносиллабтар.

Түбiрлес моносиллабтардың семантикалық аясының ауқымдылығы, семантикалық өрiс шеңберiнде синонимдес те, антонимдес те ұғымдардың қамтылуы көп жағдайда архитұлға құрамындағы дыбыстардың өзгерiстерiмен немесе екi-үш құрамды моносиллабқа негiз болған iлкi түбiрлерге жаңа дыбыстардың қосылуымен ажыратылуы бiр буындылардың акустикалық бейнесiн тек материалдық жамылғаш ретiнде қарастыруды негіздей алмайды, яғни моносиллабтар табиғаты мұндай бiржақтылықты қабылдамайды. Архитұлға мен архисемада модификациялық қатынастағы байланыс бар. Бұл антропогенездік, глоттогенездік, онтологиялық және гносеологиялық, семиотикалық негізде, аталған ілімдерді сабақтастыра отырып қана анықтауға болатын құбылыс. Ал ішкі тұлға мен сыртқы тұлғаның арасындағы абстракциялық, ассоциациялық, аналогиялық қатынастар адамзаттың алғашқы дыбыстық тілі қалыптасқаннан кейінгі ақыл-ойдың жетілген кезеңдерінде, адам санасында бұрын танылған құбылыстар мен заттардың, қимыл, іс-әрекеттің тілдік жүйедегі орныққан атауларын қолдана отырып, сол ұғымның ерекше белгілерін жаңа танылған ұғымдармен салыстыру, ұқсату, байланыстыру нәтижесінде жүретін процесс. Тілді онтологиялық негізде зерделеу парадигмасы аясынан биофизиологиялық, психофизиологиялық, логикалық, семиотикалық амал-тәсілдермен қатар фонеманың, графикалық таңбаның идеялық қырларына сүйенетін идеофондық, идеографиялық болжамдар да тыс қалмағаны жөн. Кеңестік тіл білімінде дыбыстық таңбалардың идеялық-мазмұндық сипаттары әр жылдары, әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы қарастырылып келді (Журавлев А.Т., Гурджиева Е.А., Воронин С.В., Горелов И.Н., Хусайын К.Ш. т.б.). Имитативтер жүйесiндегi белгілі бiр идеяны білдіретін дыбыстар мен дыбыс тіркестері кездейсоқ қолданылмайтыны туралы пікірлер лингвистикадағы фоно-семантика теориясын қалыптастырды. Фоно-семантикалық зерттеулер нәтижелері ұғым-идеяның маңыздылығын мойындай отырып, моносиллабтық деңгейдегі дыбыстық тұлғаны кездейсақ «материалдық жамылғыш» ретінде қарастыруды қолдамайды.

Қазіргі жетілген, жүйеленген дыбыстық тілдің деректері негізінде алғашқы адамзат тілінің элементтерін анықтауды көздейтін «имитатив теориясының» ретроспективті талдау әдістерін көне түркі тіліндегі, қазіргі тіліміздегі еліктеуіштер мен бейнелеуіштерге қатысы жоқ саналатын бір буынды түбір-негіздердің архитұлғалары мен архисемаларын ажыратуда да қолдануға болатын сияқты. Себебі түркі тілдеріндегі имитативтер тобына жатпайтын жекелеген лексемалардан бейнелеуіш, еліктеуіш негізді сөздермен жақындықты байқауға болады. Мәселен, гомогенді бейнелеуіштердің үлкен шоғырын құрайтын *ža/*žï/*žu (жалт, жұлт, жылт, жылтыр, жалтыр, жарқ, жұрқ, жарық, жұлдыз, т.б.) имитатив негізді түбірлер мен жан, жақ, жалын, жылу т.б. тәрізді отқа, байланысты лексемаларға негіз болып тұрған *žï/*žu ілкі түбірін мағыналық-мазмұндық жағынан да, тұлғалық-сұлбалық жағынан да сабақтастыруға болады. *ža/*žï/*žu моносиллабы сегменттерінің семантикалық өріс шеңберіндегі таралу амплитудасы да әр қилы, кейде бір-біріне өте жақын тектес ұғымдарды бірдірсе, кейде аналогиялық жолмен бір-бірінен біршама алшақ ұғымдардың лингвистикалық бірлікке айналуына негіз болады. Жалт-жұлт, жылт, жарқ-жұрқ, жарқырау, т.б. сөздерінің ортақ семасы «сәуле шашу» болса, жалтыр, жылтыр лексемалары «жылтырауық, жалтырауық» мәнімен қоса «тегіс, кедір-бұдырсыз» семасына, жан, жақ етістіктері «жарық, жылу шығаратын құбылысты тудыру әрекетін» жалын сөзі «от жану әрекетінің нәтижесін», жалқын лексемасы «от жалынының түсін», жай, жасын «найзағай, нәтижесінде жарқыл, от ұшқындары байқалатын, табиғи құбылыс» мағыналарын береді. От бар жерде жоғары температура, қызу бар. Осы сема жылу сөзіне, жаз/жай (жайлау) «жылдың жылы мезгілі» лексемаларына негіз болып тұр. Төңірегіне сәулесін түсірер жарқыл, от бар жерде жарық бар. Жарық сөзінің семасы мағыналық ауысу негізінде жарқын (жарқын болашақ) «ашық, айқын», ақжарқын (жарқын көңіл) «ниеті таза, адал» ұғымдарын берсе, жайдары «ақжарқын», жайна «құлпырау» лексемаларына жылдың ең жылы, жаймашуақ мерзімі жаз сөзінің басты сапалық белгілері уәждік қызмет атқарады. «Жарқыл, жылу, от, жарық т.б.» семаларын бойында сақтаған *ža/*žï/*žu (түркі тілдері бойынша: *ja/ji/ju, *da/di/du, *sa/si/su, *ča/čï/ču ≈ *ša/šï/šu тұлғалы комплекске кіретін лексемалар тобы түркі тілдерінің қазақ векторының өзінде отызға жуық. Ал жалпы түркі тілдерінде, жалпы алтай тілдері бойынша тұлғалық та, семантикалық та парадигмасы әлдеқайда ұлғаяры анық. Қазiргi тiл деректерi негiзiнде *ža/*žï/*žu тұлғлары арқылы қалыптасқан моносиллабтардың даму жолы түркi тiлдерi дамуының бiрнеше кезеңiн қамтитынын аңғарамыз:

1 кезең. СV модельдi *ža/*zï/*žu тұлғалары құрамындағы дауыстылардың мағыналық реңктерге ие болуы – а «жарықтың, от жанудың, жыл табының айқындылығы күштiлiгi», ï «бәсеңдiлiгi», u «құбылыстың бiрде бәсең, бiрде айқын бiлiнуi»;

2 кезең. *ža/*žï/*žu моносиллабтарынан СVС модельдi тұлғалар қалыптасып, олардың бастапқы ортақ мазмұны дараланып, нақтыланып, дербес мағыналарға негiз болады, мұндағы даралаушы сема соңғы дауыссыздардың қызметiмен байланысты. *ža моделiнiң тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясын былай көрсетуге болады.



žaq «отты адам қолымен жасау әрекетi»

žan «оттың жану процесi»

žal «от жану процесiнiң нәтижесi»

žar «жарық, сәуле»

žаz «жылдың жылы, шуақты мерзiмi»

žaj «от шашатын табиғи құбылыс, найзағай»

žas «от шашатын табиғи құбылыс», «атмосфералық құбылыс»

žad «ашық, жылы, жадырау»

*za тұлғасының варианттары *žï, *žu модельдерiнiң тұлғалық парадигмасының таралу ауқымы шағын, семантикалық реңкi бәсең:

*žï → žïl «сәуле, сәуле шашу»

*žu → žul «ұшқындау, сәуле шашу», «сәуле шашатын аспан денесi»

3-4 кезең. Әрбiр моносиллаб одан әрi қарай даму жолына түседi, мысалы:



zalt → žaltïr

*žal zalïn *žad žadïra

žalqïn

žarq žajlaw

*žar žarïq žaj zajdarï

žarqin zajna
*žïl žïlt žïltïr žïltïraq
*žul žult žuldïz
Мұндай мысалдар дыбыстық символика мен мағына жүктейтін идеофондардың тіркесінен жасалған имитативтердің ілкі түбірі екі бағытта дамитынын көрсетеді: 1. таза имитативтік сипатын сақтай отырып, бірнеше дәрежелі индикаторларды қабылдау арқылы жүйелі түрде қалыптасқан өздеріне тән сөзжасам модельдері негізінде дамыса (*жа, жарқ, жарқыл, жарқылда, жарқыра, жарқылдақ т.б.); 2. еліктеуіштік, бейнелеуіштік мәнінен ажырап, шарттылық, таңбалық сипат ала отырып, семасиологияның жалпы заңдылықтарына орай түбір-негіздер жасалып (жан, жақ, жаз, жай, жал(ын) т.б.), одан әрі қалыптасқан сөзжасам модельдері арқылы туынды сөздер өрбиді. Екі бағытта да архетүбірлер мен архисеманың тарихи-эволюциялық дамуы белгілі бір тілдік ортадағы этностық сипаты бар қауымның қоршаған табиғи ортаны танып-білу деңгейімен, эстетикалық-образдық дүниетанымымен, жалпы болмысымен біте қайнасып жүзеге асатын процесс.

Ұлттық сананың өсуі мен ұлттық дүниетанымның қалыптасуы рухани бастауларға негізделетіндіктен қазақ халқының дүниетанымы да көне түркілердің рухани-танымдық құндылықтарынан бастау алады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан адам түйсігіндегі филогенетикалық белгілердің санада жаңғырып, оның тілінен көрініс тауып отыруына орай тіл этностың болмысын айқындайтын, оның барлық рухани-мәдени құндылықтарын (әдет-ғұрпы, наным-сенімі, өнер-білімі т.б.) кешенді түрде бойына сіңірген рухани күшке айналады. ҮІІ-ІҮ ғасырда өмір сүрген көне түркілер мен олардың қазіргі ұрпақтарының бірі қазақ халқының дүниетанымдық-мәдени сабақтастығы бабалар қалдырған көне жазба мұралар тілінен анық байқалады. Көне түркілер танымында ерекше орын алған қасиетті ұғымдар Umaj, qut мифонимдері арқылы беріледі. Көне түркiлер ұғымында да, қазақтар ұғымында да Umaj лексемасы өмiрдiң, өсiп-өнудiң, денсаулықтың, әдемiлiк пен әсемдiктiң, бақыт пен құт-берекенiң, үйлесiмдiлiктiң, өнер мен бiлiмнiң жиынтық мәнiнен тұратын мифологиялық концептiнiң лингвистикалық бейнесi, тұлғалық, мазмұндық жағынан қалыптасқан грамматикалық құрылым Umaj сөзінiң монғол тілінде «ана құрсағы», «жатыр» (МҚС, 509) мәнінде қолданылуы, қазақ тiлiндегi ұрғашы, ұрық, ұрпақ, ру, үрпi, үрiм (үрiм-бұтақ), көне түркi тiлiндегi urï «племя, потомок» Е., 26, urug «потомство» КТү. 10 (ДТД, 77), монғол тiлiндегi ургац «өнiм, түсiм, шығым, коктем» ураг «ұрық, тұқым» ураглах «құдаласу» (МҚС, 514, 512) т.б. лексемалары құрамындағы *ur, *ur моносиллабтарымен түбiрлес екенiн көрсетедi. Ескерткiштер тiлiнде Ү модельдi u «увеличивать» (ДТД, 74) етiстiгi тiркелгенi белгiлi. Ulga «расти», ulgat «вырастить», uluγ «большой, важный» (ДТД, 76) сөздерiне негiз болған *ul моносиллабы u етiстiгiнен дамыған, бұл топқа қазiргi қазақ тiлiндегi ұлы, ұлғаю, ұласу, үлкен лексемалары да кiредi. Жалпы түркi тiлдерiндегi «үлкею», «көбею», «өсу», «ұрпақ тарату», «жалғасу» т.б. семаларын сақтаған сөздердiң тұлғасында да сәйкестiктердiң болуы *ur/*ür ≈ *uγ ≈ *üg ≈ *um/üm ≈ *ul/*ül моносиллабтарын гомогендi тұлғалар ретiнде қарастырып, ортақ iлкi түбiрi «ұрпақ әкелу, көбею, жалғасу, өсу т.б.» мазмұнын сақтаған u/ü тұлғасы екенiн ажыратуға мүмкiндiк бередi. Көне мұралар тiлiнде ög «мать» oγul «сын, дитя», oγuš «племя», uγïš «многочисленный» (ДТД, 77, 75) сөздерiнiң қолданылуы жоғарыда көрсетiлген моносиллабтар кешенiне өс, өн, өр (өркенде, өрле) моносиллабтарын да қосуға болатынын көрсетедi. Демек о бастағы u етiстiгiнiң ü, o, ö варианттары да болғанына көз жеткiземiз, уақыт өте олардың мағыналық реңктерi даралана бастаса, дауыссыз l, m, n, t, s, q, γ, g дыбыстарын қабылдау арқылы бiршама дербес мағыналарға ие болған. Қазіргі түркі халықтары тілінде qut лексемасының жалпы семантикасы бір-бірінен алшақ кетпейді: тув. Kuwt «миф. Жан, өмір беруші күш» (ТувРС, 253); алт. kuwt «өмірлік күш-қуат мағынасындағы жан; ұрпақ, бақыт сайлаушы рух» (Верб. 103); хак. xuwt «тірі адамның жаны». Егер ол адамды тастап кетсе адам ауыра бастайды, қайтып келмесе өмірден өтеді; өзб. – qut «І. ас, тамақ; ІІ. бақыт, молшылық» quwtij učqïj «қатты қорқу» (УзРС, 663); ұйғ. quwt «бақыт» (УРС, 611); қырғ. kuwt 1. «миф. түндіктен қоламтаға түетін күрең қызыл түсті зат. Құтты ұстап алған адамға бақыт әкеледі (оны тек жақсы, таза, адал адам ғана ұстай алады, жаман адамның қолында нәжіске айналып кетеді)»; 2. «адам мен малдың қорғаушысы»; 3. «кие (идол)»; 4. «өмірлік күш-қуат, рух, жан» (КРС, 452), тат., ққалп., құм., башқ. тiлдерiнде де qut лексемасы «отбасына, жеке адамға береке-бақыт әкелетiн кие» мәнiнде жұмсалады, көне түркі тілі сөздігінде qut «счастье», «благо», «удача», «успех», «счастливый удел» (ДТС, 471). Көне түркілер танымында да қазіргі түркілер танымында да құттың символикалық сакральді мәні оның аталық негiзiн бейнелейдi. Қазақтар танымында да, басқа түркi халықтарының ұғымында да құт қонады, рухани құндылықтармен қамтамасыз ететiн кие. Құт ұғымының ұшу мүмкiндiгi qut мифонимiн qus сөзiмен байланыстыруға жетелейдi. Халық танымында қайтыс болған адамның жаны qut болып ұшып кетедi деген ұғымның қалыптасуы да осыған саяды. qut, qus сөздерiнiң iлкi түбiрi «ұшу, ұшу қабiлетi бар» семаларын сақтаған *qu тұлғасы болуы мүмкiн, -t, -s форманттары даралаушы семалардың мәнiн сақтаған.

Сан қабатты бiр концепт бойына жинақталған идеялық таңбалар тiзбегi ортақ белгiлерге негiзделген мәндес ұғымдарды да, аралық ұғымдарды да, антиномиялық ұғымдарды да қамтиды. Әрбiр тiзбектiң полярлық шегi қарама-қарсы мәнмен тұйықталады. Философтар диалектиканың дуалистiк теориясына орай концепт ұғымын қарама-қайшылықтар бiрлiгi ретiнде тануы да осындан туындайды. Лингвистикалық ғылым бойынша ноосфералық әлемдегi мұндай қарама-қарсылық коннекторлары тiлдiк әлемде бинарлық жұптар арқылы көрiнiс табады. Тiлдегi бинарлық қатынас алғашқы бейтарап ұғымның қарама-қарсы нұсқаларының танылуына байланысты мазмұнның полярлануы нәтижесiнде мағынаның қарама-қарсы бағытқа ыдырауымен қатар жүретiн құбылыс. Антиномиялық сипатқа ие бинарлық жұптардың орталық шегiндегi бейтарап ұғым оппозициялық ұғымдармен тепе-теңдiк қатынасты сақтайды. Түркi тiлдерi тарихи лексикологиясында түбiрлес моносиллабтардың антонимдiк сипаты ғылымда белгiлi құбылыс, сирек болса да кел ↔ кет, ат ↔ ал, сат ↔ сал, бас ≈ баш(ай), ұш ↔ ұс(та), ыз(ғар) ↔ ыс(тық) т.б. сөздердiң оппозициялық қырлары, олардың гомогендiлiгi туралы болжамдар айтылуда Түбiрлес моносиллабтардың антонимдес семаларының ыдырауына белгiлi бiр дәрежеде моносиллабтардың сыртқы тұлғасы да қатысатынын қарама-қарсы мәндегi түбiрлес сөздердiң тұлғалық ерекшелiктерiнен аңғарамыз. ҮII-IХ ғасыр мұралары тiлiмен қазiргi қазақ тiлi моносиллабтар жүйесiнiң тұлғалық ерекшелiктерiн салыстыра қарастырғанда да жалпы түркi тiлдерiне ортақ гомогендi оппозициялардың iздерiн байқауға болады.



*ur ↔ er: ұрғашы ↔ еркек. Қазiргi қазақ тiлiндегi Адам концептiсi мен оның көнетүркiлiк аналогы Кiсi концептiсiнiң тiлдiк моделi адам/кiсi лексемалары ұрғашы ↔ еркек бинарлық жұбының орталық, бейтарап нүктесiн бейнелейдi. Жалпы түркi тiлдерiндегi *ur, er моносиллабтарының генетикалық төркiндестiгi олардың жалпы тұрпатындағы ортақтық пен жалпы мазмұнындағы ортақ «жалпы тiршiлiк иесiнiң дүниеге келуi, өсiп өркендеуi» семасы арқылы сипатталады. *ur моносиллабы кешенiне кiретiн тiлдiк бiрлiктер аталған тұлғаның екiншi дәрежелi моносиллаб екенiн көрсетедi, iлкi түбiр бiр құрамды *u тұлғасы болуы мүмкiн. Көне түркi тiлiнде urï, urïγ «потомство» (ДТД, 77) сөздерiнiң «жалпы ұрпақ» мәнiнде, орта ғасыр ескерткiштерiнде oγlan сөзiнiң «жалпы бала» мәнiнде қолданылуы (Құрыш. 174) да *u/*o тұлғасының о баста гендерлiк текке қатыссыз жалпылама мәнде қолданылғанын көремiз. er моносиллабы *u тұлғасы негiзiнде емес, оның бiршама жетiлiп, жараланған тұлғасы *ur моносиллабы арқылы жасалған. Бұл жерде u дыбысының е дыбысына тiкелей ауыса алмайтынын есте ұстау қажет, көне түркi тiлiндегi е дыбысы мен қысаң i дыбыстары өзара ауысуға бейiм дыбыстар екенiн негiзге ала отырып, u ≈ е сәйкестiгiн u/ü ≈ о/ö ï/i ≈ е/ä тiзбегiнiң аясында қарастырған жөн. Түркi тiлдерi дыбыс жүйесiнiң өзара алмасу шеңберi аса кең. Фоно-семантикалық даму барысында жалпы «көбею, өсу, ұрпақ тарату» мәнiнде қолданылған *ur моносиллабының бастапқы аналық негiзi ұрғашы лексемасына, аталық негiзi ер/еркек лексемасына арқау болған сияқты. Ер-азаматтың бойындағы күш-қайрат сапасы ер «батыр» сөзiнiң дифференциал семасын айқындайды, аналық сема ем, емiзу т.б. лексемаларына да негiз болған. *ur ↔ er параллелiнiң гомогендi бинарлық сапасын монғол тiлiндегi эr ↔ эm коннекторлары айғақтай түседi: эр «ер, еркек», эр хүн «ер жiгiт, ер азамат», эр мал «еркек мал», эм «ұрғашы», эм мал «ұрғашы мал», эм хонь «саулық қой», эр эм болох «үйлену, тұрмыс құру, бас құрау» (МҚС, 770, 775).

Көне түркiлiк танымда адамзаттың өмiр сүруiне, өсiп-өркендеуiне жағдай жасаушы маңызды нысан ретiнде таңбаланған ақпарат jir – sub қосарлы лексемасының түпкi мазмұндық құрылымында сақталғандықтан ол «Табиғат» – «Адам» – «Қоғам» триадасын бiр-бiрiмен жалғастырушы дәнекер қызметiн де атқарады. Себебi жер, су моносиллабтары «Табиғат» концептiсiнiң негiзгi тiлдiк моделi бола отырып, мифологиялық сана бойынша адам тәнiн жаратушы «аналық негiз», ақиқат сана бойынша «адам мекенi» ретiнде «Адам/кiсi» концептiсiнiң, «белгiлi мемлекеттiң территориясы» ұғымы арқылы «Қоғам» концептiсiнiң тiлдiк модельдерiн құрайды. Моносиллабтық бірліктер арқылы айқындалатын концептілер тоғысы түркiлердiң табиғи болмыс-бiтiмiнде қалыптасқан даралық қасиеттерiн: жаратылыспен бiте қайнасқан табиғатпен үндестiгiн; туған жер – ата мекендi пiр тұтатын жершiлдiгiн; халқын, жұртын сүйетiн елдiк позициясының берiктiгiн; азаттық пен тәуелсiздi бәрiнен жоғары қоятын асқақ рухын сипаттайды.

Көне түркілер мен қазақтардың таным отрақтығының тілдегі бейнесін ономастикондар құрамындағы моносиллабтардың табиғаты тереңдете түседі. ҮІІ-IХ ғасыр аясында өмiр сүрiп, өзiндiк дара мәдениетiн қалыптастырған көне түркiлердiң бар болмысын, дүниетанымдық ерекшелiктерiн көрсететiн онимдiк бiрлiктер көне түркi жазба мұраларында молынан сақталған. Олардың негiзгi бөлiгiн топонимдер, антропонимдер, этнонимдер құрайды, Aj, kün, Ülker тәрiздi космонимдер, Täņri теонимi, Umaj, qut, ïduq jer-sub мифонимдерi, тұлпарларды атауға арналған зоонимдер қолданылады.

Дербес тiл белгiлi бiр тiлдiк қауым ыңғайында ғана қалыптасатындықтан этностық топтардың құрылымдық негiзiн, субэтникалық құрамын анықтау мен тiл табиғатын тану өзара сабақтас процестер. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде отызға жуық этнонимдер кездеседі. ҮІІ-ІХ ғасыр жазба мұраларында жиі қолданылатыны türk этнониміне талдау жасаған зерттеушілер сүйенген тілдік деректерді лексика-семантикалық жағынан екі топқа бөліп қарастыруға болады. 1. «күшті, қуатты, алдыңғы, ең, нағыз, таңдаулы, маңызды, сыйлы, басшы, билеуші т.б.» семаларын беретін көне түркілік türk «сильный, могучий», «самый, обильный, предельный» (ДТС, 599), орта түркілік türk jigit «достигший зрелого возраста, взрослый юноша», türk qujaš «верхняя кульминация, наивысшего положение Солнца на небе» (МК І, 353); қырғ. тілінде turk «крупный, жирный (об овцах)» (КРС ІІ, 284); бур. тіліндегі türüü «первый, головной, передовой, почетный» (БМРС, 458); монғ. тілінде tэrgüün «басы, алды, алдыңғы», «басшы, жауапты»; tör «үкімет, мемлекет», «заң, ереже, тәртіп» (МҚС, 473, 497); қаз. тілінде tör «құрметті, сыйлы орын», tөre «хан тұқымы, сыйлы, құрметті адам, билік басындағылар» сөздері; 2. «туу, дүниеге келу» семасынан тараған «туған үй», «туған ауыл», «туған-туысқан» мәнін беретін сөздер: монғол тілінде – töröx «туу», töröl «туыс, ағайын, туысқан», törölx «тума, туған, ата», törxöm «төркін» (МҚС, 474); қырғ. тілінде törö «родить», töröt «роды», törkün «родители и родня жены» (КРС ІІ, 260, 261); қазақ тілінде – törkin «әйел адамның туған-туысқандары, туған үйі, туған жері». Бірінші топтағы «күшті, билеуші, таңдаулы, кемеліне келген, сыйлы, нағыз т.б.» семаларын беретін tör/tor/tür тұлғасы мен екінші топтағы «туу» семасынан тараған tör тұлғасын гомогенді сөздер деп қарауға толық негіз жоқ. Алғашқы адамзат тілінің қалыптасу кезеңі негізінде онтогенездік ізденістер жүргізілсе аталған түбір-негіздердің гетерогендік сипаты теріске шығуы да мүмкін. Зерттеушілер пікірі арасындағы қайшылық та осыдан туындайды. Түркі халықтарының өткен тарихы, еркіндікті сүйген өмір-салты, өр, өткір болмыс-бітімі, образды ойлау жүйесі, жауынгерлік қабілеті анық байқалатын ҮІІ-ҮІІІ ғасыр жазба мұраларының тілі, мазмұн-идеясы тұрғысынан сараласақ түрк/түркі этнонимінің жалпылама мәні бірінші топта қарастырған törk/tork/türk лексемаларының семантикалық аясына сай келеді және бұл сөздердің тектес түбірден тарағаны да дау тудырмайды.



Көне түркі жазбаларының оқиға желісі негізінен сол кездегі түркі елдерінің басынан өткізген тарихи-әлеуметтік, саяси оқиғаларға, жаугершілік жағдайдағы халықтың жай-күйі мен ел бастаған қағандардың, олардың төңірегіндегі кеңесшілері мен қолбасшы батырлардың әскери-тактикалық іс-әрекеттерін, ел басқарудағы және көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатудағы іскерлігі мен кемшіліктерін баяндауға, тәңірлік идеясын барлық түркі жұртшылығын ынтымаққа, бірлікке шақырудың құралы ретінде насихаттауға құрылғандықтан ескеткіштер тіліндегі антропонимдер түркілік аристократияға тән гонорофорлық есімдерден тұрады. Сондықтан Орхон, Енисей, Талас жазбаларындағы кейіпкерлер есімдерінің басым бөлігіне титуларлық лексемалар қосарланып қолданылады. El: Eletmič, Elteris, Elbilgе – көне түркі тілінен қазақ тіліне тұлғалық жағынан да, мағыналық жағынан да ешбір өзгеріссіз жеткен el «ел, жұрт, мемлекет» лексемасы арқылы жасалған антропонимдерді түркі аристократиясының ең құраметті өкілдері ғана иеленген. Қ.Сартқожаұлы Екінші Түрік қағанатында Құтлығ қағанға Елтеріс (ел төресі), Біріккен түркі қағанатында Тур-айынға Ел етміш (ел етуші) атаулары берілгендігін, байырғы түркілер қағанатты алғаш орнатушыға ғана Ел сөзі қосылған лауазым беріп отырғандығын көрсетеді [Сартқ]. Осы дерек негізінде Екінші Түрік қағанатын құрушы Қутлығ-Елтеріс қағанның әйелі Елбілге/Ілбілге қатунның есімі де дана қағанның жары, серігі, Күлтегін мен Білгеқағандай ақылды ұлдардың анасы ретінде халық құрметінен туған лақап ат екенін болжауға болады. Көне түркілер тілінде ерекше қасиетті, қадірлі ұғымды білдірген el сөзі қазіргі қазақтар тілінде де өзінің терең мазмұнын, ұлттың бірегей болмысын айшықтайтын идеялық құндылығын, символдық мәнін сақтай отырып, антропонимдер жүйесінде кеңінен қолданылуда. Еl моносиллабы негізінде жасалған антропонимдердің мазмұнында «елін сүйетін, елі силайтын азамат» идеясы жатқаны белгілі. Қазақ танымындағы Елбасы, елағасы, еланасы тәрізді екінің біріне берілмейтiн құрметті атаулар да көне түркілiк дәстүрдің жалғасы. Ескерткіштер тіліндегі el/il моносиллабтары арқылы жасалған Еletmič, Іlbilge есімдерінің екінші компонентерін құрайтын et «ет, істе», bil «біл», моносиллабтары айқын ажыратылса, Еlteris антропонимін «Ел төресі» түрінде талдау әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін сияқты. Көне түркілік «билік, билік басындағылар, заң» мәнін беретін tör моносиллабы мен антропонимд құрамындағы teris тұлғасын бір сөздің варианттары ретінде қарастыруға толық негіз жоқ, біріншіден ö ≈ е дыбыстарының тікелей ауысуға мүмкіндігі аз, екіншіден көне түркі тілінде тәуелдік жалғаулары құрамында -is, -ïs морфемасы қолданылмайды, үшінші жақтың тәуелдік формасы -ï, -і, -sï, -sі жалпы түркілік антропонимдердің сөзжасам моделінде толық түсіп қалады, жартылай ықшамдалу кездеспейді. Мысалы Ilbilge антропонимінің толық құрамы ilbilgesi «Ел білгесі/ел данасы». Elteris антропонимінің екінші сыңары teris сөзі ter/tir «жина, тер» етістігінің ортақ етіс тұлғасы болуы мүмкін, ескерткіштер тілінде ортақ етіс -us/-üs, -ïs/-is, -uš/-üš қосымшалары арқылы жасалады. Күлтегін ескерткішінде tirilip, jetmis er bolmis «Жиналып жетпіс ер болды» КТү. 12 (Айд. І, 173) сөйлеміндегі tir/ter етістігінің мәні негізінде Elteris антропонимінің мазмұнында «елді жинаушы, қайта басын біріктіруші» мотиві жатқанын аңғарамыз.

Отыздан аса адам есiмдерiнен тұратын көне түркiлiк антропожүйе құрамында жиі қолданылған моносиллабтар қатарына: Beg: Beg-čor Тон., 31, Urugbeg Е., 26, Umajbeg Е., 28, Siligbeg КТү.; Tut: Bukag tutïq, Künš tutïq Е., 35, Oŋ tutïq КТү., 31, 32, Eltuγan tutïq Е; Čor/čur: Balu čor Е., 24, Qara čur Тал., 2, Küli čor, 13, Mojun čor МЧ., І, Tamγan čor Он., 4; Bars: Bars beg КТү., 20; jol: Jolïγ tegin; qul: Ešqulï; оz: Оzmïš tegin; qïj: Qïjaγan; qut: Qütlïγ; ög; alp: Ögdem ïnal alp т.б. көптеген тұлғаларды атауға болады. ҮII-ҮIII ғасыр түркiлерi мен қазақ тiлi антропожүйесiндегi моносиллабтардың жалпы мазмұны негiзiнде аталым уәжiндегi басты символдық-аксиологиялық белгiлер мен семантикалық идея моносиллабтар бойында жинақталатынын нақтылай түседі.

ҮІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген көне түркілер тілінен дерек беретін Орхон, Енисей, Талас-Шу жазбаларында елуден аса географиялық атаулар кездеседі. Олардың қатарында Тoγu balïq КТү. 44, Besbalïq БҚ., 28, Bökli КТү. 4, Bolču КТү. 37, Ezgent qadïz БҚ., 31, Bajïrqu КТү. 34, Burγa МЧ II, Bes kečen БҚ., 2, Bukegük МЧ III, Birkü МЧ I, Jabïš tokuš МЧ III, jarïs jazï Тон., 33, Jogro МЧ III, Qara bulaq МЧ II, Qara Jota МЧ II, Kejre МЧ I, Kergün МЧ II, Keņü Tarman КТү. 21, Kögür МЧ II, Kečin КЧ, 10, Kešdim Е., 24, Altun kapar Е., 29, Tüņker Sakïš МЧ, II, Šokak МЧ, III, т.б. ойконимдерді, Altun Т., 20, Beņlugek Тон., 44, Kögmen КТү. 17, Ötuken КТү. 3, Čugaj КТк. 6 сияқты оронимдерді, Aqtermel Тон., 25, Anï Тон., 27, Edük Qatun Е., 3, Jar ügüz МЧ I, Jïnčü КТк. 3, Jašïl КТү., 17, Idil Е., 36, Toγla БҚ. 30, Kök öņig БҚ. 42, Kem МЧ II тәрізді гидронимдер бар. Мұндай топонимдердің біразы қазір қолданылмайтын (Toγu balïq, Besbalïq жойылып кеткен тарихи қалалар) көне атаулар болса, бір бөлігі қазір де қолданылатын, бірақ бастапқы мән-мағынасы көмескіленген атаулар, енді бір тобы дыбыстық, морфологиялық, семантикалық заңдылықтар арқылы қазіргі атауларын анықтауға болатын топонимдер. ҮII-IХ ғасыр ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қазақ тiлi жер-су атауларында aq «ақ», al «ал қызыл», *aš(ïγ) «ащы», baš «бас», baj «бай», bal «бал», beš/bes «бес», *bul(aq) «бұлақ», *bur «бұр», bel «бел», er «ер», *ez(gi) «iзгi (жақсы)», jot(a) «жота», jar «жар», jaz(ï) «жазық», jïš «жыныс», köl «көл», kök «көк», qaz «қаз(құс)», *qar(a) «қара», *qam(ïš) «қамыс», öņ(gü) «үңгу», üg(üz) «өзен», üč «үш», šïp «су», toγ(la) «толы», toυ(gö) «төбе» т.б. тәрiздi моносиллабтардың жиi қолданылуы, топоним жасау модельдерiнiң ортақтығы көне жазба иелерi мен қазiргi қазақтардың ортақ топонимиялық стереотиптердi сақтаған бiр топонимиялық тұлғаның ұрпақтары екенiн айқын көрсетедi. Көне түркi мұралар тiлiндегi ономастикондардың моносиллабтық негiзiн ажыратып, олардың құрылымдық, мазмұндық ерекшелiктерiн анықтау жалпы лексикалық қордың өзегiн құрайтын түбiрлер мен түбiр-негiздердiң адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын сан қырлы рухани-функционалдық, ақпараттық-мазмұндық сапаны қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым екенiн нақтылай түседi.


ҚОРЫТЫНДЫ

ҮII-IХ ғасыр ескерткiштерi тiлiнде қыпшақтық белгiлердiң молынан сақталуы, сол белгiлердiң қазiргi қыпшақ тобындағы түркi тiлдерiнде бiрде әдеби тiлде, бiрде диалектiлiк ерекшелiктерде үнемi қайталанып отыруы, Мойун-Чур ескерткiшi тiлiндегi түрк-қыпшақ этнонимдерiнiң бiр этнос атауы ретiнде қолданылуы кезiнде белгiлi ғалымдар тарапынан ұсынылған «түрк», «қыпшақ» атауларының синонимдес мәнде жұмсалу мүмкiндiгi жайлы болжамның ақиқатқа жақындығын, көне жәдiгер иелерi тілі мен көне қыпшақ тiлдерiнiң тығыз байланысын бiлдiредi. Тiл лингвоэволюциясындағы мираскерлiк сабақтастық адам ағзасындағы, қанындағы генетикалық жалғастықпен пара-пар жүретiн феномендiк құбылыс. Сондықтан жалпы түркi жұртшылығына ортақ Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнен қазiргi қыпшақ тобына кiретiн тiлдердiң де алар үлесi де ауқымды болмақ.

1. Моносиллабтар құрамындағы анлаут q, k, t, s, č, š дыбыстарының толық сақталуы; анлаут ұяң b фонемасының кеңiнен қолданылуы; кей жағдайда анлаут b ≈ m корреляциясының екi нұсқасының да қатар кездесуi; ауслаут q, k, t, s, č, š дыбыстарының сақталуы; ауслаут t ≈ d, s ≈ š, č ≈ š фоно-корреляттарының кездесуi; анлаут дауысты a ≈ o, u ≈ o, ü ≈ ö, e ≈ i фоно-корреляттарының қолданылуы ескерткiштер тiлiнiң қыпшақ-оғыздық сипатын бейнелейдi.

2. Адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын сан қырлы рухани-функционалдық сапаны қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым болып табылатын моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттардың идеофондық, идеосегменттiк реңктерi мен фоно-семантикалық қырлары лексикалық байлықтың негiзiн құрайтын түркi түбiрлерiнiң ең шағын құрылымнан дамығаны жайлы көзқарастарды нақтылай түседi.

3. Тiл элементтерiнiң абстрактiлi-шарттылық сипаты неғұрлым басым болған сайын оның шынайы табиғатын танып-бiлу, тарихи даму жолын анықтау да күрделене түседi, адамзат өмiрiндегi маңыздылығы артқан сайын жетiлген дыбыстық тiлде оның бастапқы жай-күйiнiң сiлемдерi мен болмашы iздерi ғана сақталады. Түркi тiлдерiндегi V, VC модельдi моносиллабтар да сондай реликт белгiлер, өте ежелгi лексикалық қордың сұлбасы.

4. Зерттеу нәтижелері Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi және қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi дыбыс сәйкестіктерінің фоно-морфо-семантикалық табиғаты түркi тілдерiндегi дауыстыларға немесе дауыссыздарға басымдық беру жайлы тұжырымдардың тым бiржақты екенiн көрсетедi. Дербес мағыналы жаңа сөз тудыруда дауыстылар мен дауыссыздар бiрдей қатысады. Түбiрлес моносиллабтардың мәнi синонимдiк, омонимдiк (полисемиялы), антонимдiк сипатта да бола бередi және денотаттың заттық-құбылыстық, iс-қимылдық сапалары ескерiлмейдi. Түбiрлес моносиллабтарға ортақ мазмұн-идея негiзiнен бiрiншi дәрежелi V, СV модельдерiнде сақталып, екiншi дәрежелi VС, VСС, СVС, СVСС модельдерiнiң қалыптасуы нәтижесінде мағына нақтылана түседi, одан кейiнгi сөзжасам барысында моносиллаб мағынасы қайта күңгiрттенiп, жаңа тұлғаға сай жаңа мағына қалыптасады. Идеялық қабiлетi бар фоно-модификаторларды жетiлген агглютинативтiк кезеңдегi түбiрлерден айқын ажыратылатын сөзжасамдық аффикстермен бiрдей деңгейде қойып, қызметi айқын грамматикалық көрсеткiш ретiнде қарастыруға келмейдi. Түркi түбiрлерiнiң V, VС, СV, СVС, VСС, СVСС модельдерi түркiлiк тектiл дәуiрiнде-ақ қолданыста болған құбылыстар.

5. Түркi тiлдерi лексикалық қорының негiзiн қалайтын бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң белгiлi бiр дәрежеде тұрақтылығын сақтауымен қатар өзгеруге де бейiмдiлiгiн зертелуші тілдердің моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттар айқындайды. Жалпы тұрпат пен жалпы мазмұнның тұрақтылық сапасы гомогендi моносиллаб-корреляттардың дербес лексемаға ыдырауы нәтижесiнде өзгермелi, икемдi сапаға айналады. Тiл онтологиясының күрделiлiгi жүйелi тiлдiк құрылымның аясында кейбiр қайшылықтардың iз қалдыруымен де сипатталады. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштер тiлiндегi бiр буынды түбiр-негiздердiң құрылымын бейнелейтiн V, СV, VС, СVС, СVСС, VСС модельдерiнiң қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi тұрақтылық сапасы мен өзгермелi сапасының деңгейi де әртүрлi әрi мұндай құбылыстардың қалыптасуы да белгiлi бiр шеңбердiң, жүйелi заңдылықтың аясында қарастыруға келмейдi. Алғашқы моносиллабтардың бiрнеше рефлекстi варианттары болуы мүмкiн, бiрiншi дәрежелi V моделiне негiз болған дауысты мен СV моделiнiң құрамындағы ингредиенттердiң рефлекстiк варианттарды қамту мүмкiндiгi жоғары, лингво-эволюциялық процесте әрбiр рефлекстiк варианттар ортақ идеямен бiрге, дефинициялық белгiлердi де қабылдайды. Бұл ортақ мазмұнға негiзделген корреляттарды қалыптастырады. Сондықтан V және СV модельдi түбiрлес моносиллабтарды бiр ғана тұлғада реконструкциялау нәтиже бермейдi, олардың архитұлғасы мен архисемасы полиформалы және полисемалы болып келедi. Бұл қасиет мағына бiршама айқындалған екiншi, үшiншi дәрежелi моносиллабтар – VС, VСС, СVС, СVСС модельдерiнде бәсеңдеуi мүмкiн, фонетикалық заңдылықтарға орай аталған модельдерден екiншi дәрежелi V, СV тұлғаларының қайта туындауы ықтимал. Мұндай процестер тiлдiк құрылымға бiраз жүйесiздiк реңк бередi.

6. Сыртқы тұлға мен ішкі тұлға онтологиялық және лингвистикалық тұрғыдан тiлдiң дамуына жағдай жасайды, жаңадан танылған құбылыстар мен заттарды таңбалайтын, бейнелейтін ұғымның денотаттық және сигнификаттық атауларын қалыптастырады. Сыртқы тұлғаның да, ішкі тұлғаның да шарттылық сипаты адамзат тілі дамуының кейінгі кезеңдерінің жемісі. Тілдің таңбалық сипаты да ішкі тұлға мен сыртқы тұлғаның шарттылық сипаттарына негізделді. Тiлдiң танымдық қырларын зерттеуде қолданылатын концепт ядросы адам санасындағы ең алғашқы археидея, олардың тiлдегi көрiнiсi – архитұлғасы дыбыстар мен дыбыс тiркестерi, бiршама жетiлген кезеңдегi бейнесi – моносиллабтар. Сондықтан концепт жүйесiн анықтау ең алдымен адам санасында танылған архенышандар, археидеялар, археұғымдар, архисемалар мен архитұлғалардың арақатынасын көрсетуге негiзделiп, тiлдiк дерек ретiнде бiр буынды сөздердiң iшкi-сыртқы модельдiк құрылымы талдауға түсуi қажет.

7. Туыс тiлдердің моносиллабтық жүйесіндегі мазмұндық, тұлғалық сәйкестiктер сол тiл иелерінің этностық санасындағы концептуалды жүйенiң, табиғат пен қоғамды, бүкiл әлемдi тануы мен қабылдауындағы ерекшелiктерiн сақтайтын тiлдiк сананың ортақтығының нәтижесi. Сондықтан көне түркi тiлi мен қазақ тiлiндегi бiр негiзден өрбiген түбiрлес сөздердiң тұлғалық парадигмасы мен семантикалық таралу өрiсiндегi сәйкестiктер де таным бiрлiгiнiң көрсеткiшi бола алады.

8. Көне түркiлік онимдерге негiз болған моносиллабтардың қазақ тiлi ономастикалық жүйесiнде де сақталуы тарихи-лингвистикалық, ономасиология-лық сабақтастықтың берiктiгiн бiлдiрумен қатар аталым уәжiндегi басты символдық-аксиологиялық белгiлер мен семантикалық идея моносиллабтар бойында жинақталатынын дәйектейді.

Қорта айтқанда Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiнде қыпшақтық бояудың айқындығын ескерткіштер мен қыпшақ тілдері моносиллабтар құрамындағы фоно–корреляцияның көк түркілер тілінен де, қазіргі қыпшақ тілдерінен де орын алуы нақтылай түсед. Бұл - көне жәдiгерлер иесi тілі мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасындағы тығыз мирасқорлық сабақтастықтың көрiнiсi.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Малов С.Е. Памятники древнетюрской письменности (Тексты и исследования). –Москва-Ленинград: Изд-во АН СССР, 1951. –452 с.

2 Батманов И.А. Язык енисейских памятников древнетюркской письменности. –Фрунзе: Изд-во. АН КиргССР, 1959. –218 с.

3 Насилов В.М. Язык орхоно-енисейских памятников. –Москва: Восточная литература, 1962. –87 с.

4 Тенишев Э.Р. О наддиалектном характере языка тюркских рунических памятников // Turcologiсa. К семидесятилетию академика А.Н.Кононова. –Ленинград, 1976. -С. 164-172 .

5 Кононов А.Н. Грамматика языка тюркских рунических памятников. ҮII-IХ вв. –Ленинград: Наука, 1980. –256 с.

6 Баскаков Н.А. Ведение в изучение тюркских языков. — Москва: Наука, 1969.-384 с.

7 Кондратьев В.Г. Грамматический строй языка памятников древнетюркской письменности ҮІІІ-ХІвв. –Ленинград: Изд-во ЛГУ, 1981. –191.с .

8 Аманжолов С. Памятники древнетюрской письменности в их отношение к совремменным тюркским языкам // Орхонские надписи. –Семей: Дәуiр, 2001.-С. 131-133.

9 Закиев М.З. Татары: проблемы истории и языка. –Казань: ИНСАН, 1995. -464 с.

10 Кузеев Р.Г. Происхождение башкирского народа, этнический состав, история расселения. –Москва:Наука, 1974. -399 с.

11 Кумыков Т.Х. Этногенез балкарского и карачаевского народов в исторической литературе // О происхождении балкарцев и карачаевцев.–Нальчик: Кабардин – балкарское книжное издательство, 1960. -С. 16 - 32.

12 Янковский Х. Қырым татар тiлi және Орта Азия қыпшақ тiлдерi // Қазiргi заманғы түркология: теориясы, практикасы және алдағы мiндеттерi. Екiншi халықаралық түркология конгресi. I-бөл. –Түркiстан: Тұран, 2006. -26-30 бб.

13 Языки мира. Тюркские языки. Бишкек: Кыргызстан, 1997. -. 542 с.

14 Зайончковский А. К вопросу о структуре корня в тюркских языках: глагольные основы моносиллабические (односложные) типа С+Г (согласный + гласный) // Вопросы языкознания.— 1961. № 2. -С. 28-29.

15 Макаев Э.А. Вопросы построения сравнительной грамматики и тюркских языков // Светская тюркология. –1971, № 2. -С. 21-25.

16 Кормушин И.В. Лексико-семантическое развитие *qa в алтайских языках // Тюркская лексикология и лексикография. –Москва: Наука, 1971. -С. 10-14.

17 Томанов М. Тiл тарихы туралы зерттеулер. –Алматы: Ғылым 2002. - 614 б.

18 Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. –Алма-Ата: Наука, 1986. –323 с.

19 Кажыбеков Е.З. Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках. –Алма-Ата: Наука, 1986. –270 с.

20 Манкеева Ж. Методы вычленения мертвых корней в составе двусложных глаголов-императивов // Вопросы тюркского языкзнания. –Алма-Ата: Наука 1985. -С. 53-57.

21 Сағындықов Б. Қазақ тiлi лексикасы дамуының этимологиялық негiздерi. –Алматы: Санат, 1994. -166 б.

22 Шайхулов А. К проблеме корневых основ и корневых слов в тюркских языках // Түркология, 2004, №2. -С. 51-63.

23 Баскаков Н.А. Историко-типологическая фонология тюркских языков. –Москва: Наука, 1988. – 207 с.

24 Щербак А.М. Сравнительная фонетика тюркских языков // Ленинград: Наука, 1970, - 202 с..

25 Хусаинов К. Звукоизобразительность в казахском языке. –Алма-Ата:Наука, 1988. -232 с.

26 Базарбаева З. Әлемдiк тiл бiлiмiндегi фонема теориясының дамуы // Қазiргi заманғы түркология: теориясы, практикасы және алдағы мiндеттерi. –Түркiстан: Тұран, 2004. -359-367 бб.

27 Омарбеков С., Жүнісов Н. Ауызекі тіліміздің дыбыс жүйесі. Алматы: Мектеп, 1985. - 206 б.

28 Бернштам А.Н. Избранные труды. Т.1. – Москва: Наука, 1999. -670 с.




Шартты белгілеулер мен қысқартулар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет