Әубәкір Зәмзәгүл Молдыраманқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ



Pdf көрінісі
бет21/49
Дата31.03.2024
өлшемі0.87 Mb.
#497101
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   49
tleubekova bt omartai e moldiramanakizi az xx gasir basindagi kazak adebieti

Роман тақырыбы, идеясы. 
«Бұл – қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар ке-
зіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арнал-
ған қазақ әдебиетінің алғашқы көлемді шығармасы» [11, 9 б.]. 
Мұнда ақ патша заманынан бастап 1916 жылғы ұлт-азаттық кө-
теріліс, елді біресе ақтар, біресе қызылдар билеп, аласапыран болған 
кез, жұрттың малын тартып алу, байларға қысым секілді әлеуметтік 
ірі оқиғалар кең көлемде баяндалады. 
Осындай жағдайларды суреттеуде Жүсіпбек өзінің реалист 
жазушы екендігін дәлелдейді. 
Қазақ жерінен тыныштық кетіп, дүние астаң-кестең боп жат-
қанда Қартқожаның оқуға ұмтылуы, оқудың арқасында көзі ашылып, 
мұқтаждықтан құтылып, елге жаны ашитын, ел қамын ойлайтын 
азамат боп шығуы – роман идеясы. 


69
Роман 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап боп 
басылып шығады. 
 
Қартқожа бейнесі 
Негізгі кейіпкер Қартқожа шығарма басында былай сипатта-
лады: «Со кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде 
босаға жақта – астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан 
тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір 
жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-
11 шамасы болар ма екен, қалай… Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы 
да сатпақ, көзінің былшығы да бір тазармайды. Со баланың қақ-
соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны 
қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған сүйкімді бір бала болады ғой, 
тап сол бала осы еді [11, 32 б.]. 
Балалар да, осындай момынды басынады, ыза қылғысы келеді. 
Бірақ Қартқожа оларды елең қылмайды. Қағазын шұқылаудан жалық-
пайды, ойын баласы боп асыр салуды білмейді. Ерекше оқуға құмар-
лығы, ынтасы байқалады.
Қартқожаның әкесі Жұман да момын адам: кісіден тіленбейді, 
кісіге жағынбайды, бес уақыт намазын оқып: «А, құдай, бергеніңе 
шүкір» деп, барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз. Ол сұғанақ-
тық етіп біреудің дүниесін пайда қылған жан емес… Үзіп-жұлып 
шығатын артық білімі де жоқ, әйткенмен бір қазақтан ақылсыз да 
емес, желікпен, бұзықтықпен ісі жоқ» [11, 33 б.]. 
Әкесі қандай болса, балалары да соның ыңғайымен, тәрбиесімен 
өскендігі байқалады. 
«Қартқожаның шешесі де бір түрлі момын, біртоға жан. Күй-
беңдеп шаруасын істеп, балаларының үсті-басын бүтіндеп, анаған да, 
мынаған да «қарағым, шырағым» дегеннен басқа, бар дәмін кісіге 
бергеннен басқа бөтен мінезі жоқ. Кей қатын аузы сүйреңдеп өсек 
айтады; енді біреулер ауылды басына көтеріп, шаңқылдап баласын, 
байын қарғап жатады. Ондайдың бірімен ісі бола ма екен?! Жо-жо-
жоқ» [11, 34 б.]. 
Әке-шешесі бір-біріне сай, сабырлы, мінездері жақсы болса, 
Қартқожа олардан асып қайда барсын? 
Қартқожа жастайынан кедейліктен қорлық көреді. Бай балала-
рынан өзі талай қорлық-зорлықты көрсе, әкесі де бай, тілмаш, ауыл-
най, шабармандарға малын жегізеді. Қартқожа осылардан кек алсам 
деген арманмен өседі. 


70
Қартқожа молда болып, жаназа шығарып, құран оқитын болды. 
Бірақ бәрібір өзін де, әкесін де зорлықтан құтқара алмайды. Намаз 
оқып, құдайға, пайғамбарға, әулиелерге де жалбарынып көреді. Одан 
да түк шықпайды. 
Ол оқыған тілмаштарды көрсе қызығатын болды. Мектепке тү-
сіп оқығысы келеді. Медреседе оқитын бір шәкіртке жолығып, оқуға 
деген ынтасы одан сайын арта түседі. Сөйтіп жүргенде шаруалары 
қырын кете бастайды. Аты мен биесі өлгенде әке-шешесі жылайды, 
үйді айналып, Қартқожа да жылайды. 
Мұнан Қартқожаның үй ішіндегі жағдайға көңіл бөліп, жаны 
ашып отыратыны, көңілі бос, сезімталдығы көрінеді. 
Жұт жылы әкесі қарызға астық әкелем деп, суық тиіп, қаза 
табады. 
Қартқожа бір байдың үйінде бала оқытады. «Кісі жоқта бие де 
сауа салады. Қонақ келсе, шай жасап, төсек салып, даяршы да болып 
кетеді. Молда басымен даяршы болғанына қорланса да, сыртына 
шығармай, шыдап жүр» [11,48 б.]. 
Ол кісінің көңілінен шыға біледі, күй талғап жатпайды, кеуде 
көтеруді, шалқаюды білмейді, әлі де өзін байдың қасында төмен 
санайды. 
1916 жылғы июнь жарлығында Қартқожа он сегізде болса да, 
тізімге он тоғызда болып ілінеді. Тізімге ағасы да ілініп, үйде еркек 
кіндік қалмайтын болған соң, уайым күшейеді. Қара жұмысқа кете-
тіні белгілі болған соң, ауылға деген қимастық сезімі арта түседі: 
«Қартқожа үйге сүйеніп, ашамайды шынтақтап, ауылға қарап отыр. 
Оған ауыл бір түрлі жылы, бір түрлі қызықты, еттен ет бауыр болып 
көрінді. Қоңырсыған сүт, қаңсыған қазан, қайнатқан қаймақ иісі де 
тәтті. Күлімсі шуаш иісі шыққан қойлар да бірге туғандай, түтіннің 
иісі күндегіден жағымды тәрізді, ала бұзауын қуалап, құйрығынан 
алам деп, домалап жатқан Кенжетайы да бір түрлі жарастықты» 
[11,
58 б.]. 
Мұнда Қартқожаның туған жерге деген елжіресі, тіпті малына 
дейін ыстық көруі нанымды суреттелген. Кіндік қаны тамған жерден 
жырақта жүрген қай адам болмасын осындай күй кешері сөзсіз. Бір 
жағынан Қартқожада ауылды қайтып көремін бе, көрмеймін бе деген 
де алаңдаушылық бар. 
Қартқожа аулының жігіттері өздерінше көтеріліс ұйымдас-
тырады. Қартқожа да көптің бірі боп ішінде жүреді. Көпшілік оған 


71
желік бітіреді. Астында бір байдың жүйрігі, қасында қарулы жігіттер 
болған соң уайымын ұмытып, қыза түседі. 
Жасақта жүргенде жұбаныш болар ойларға кетеді: «Дәрмен сы-
қылды ерлері тұрғанда, Алабас сықылды таулары, гүл аңқып маса-
тыдай құлпырған жерлері тұрғанда, әлекедей жаланған жасөспірім 
жігіттері тұрғанда қазақты ешбір жау ала алмайтындай көрді. Біресе 
бұл жарлық әншейін қазақты шошытуға, тәубесін есіне түсіруге, 
ұйқысын ашуға жіберген «құдайдың сыны» шығар, ел боз қасқасын 
айтса, құрмалдығын берсе, жарылқайтындай көрінеді. Қайтсе де осы-
нау сар далада асыр салып сайраңдап, сай сүйекті сырқыратып жат-
қан жаны бірге жастарды ертең жоғалады деуге көңілі жібермеді, 
өлімге қимады» [11, 76 б.]. 
Бұл – Қартқожаның елі туралы алғашқы ойы, жеке басынан гөрі 
жұртын ойлай бастағаны. Қайткенде де ол уайымшыл, ойшыл, жүрегі 
жұмсақ. Басында бір үйдің баласындай болған жігіттердің арасында 
алауыздық туып, бірлік кете бастағанда Қартқожаның көңілі су сеп-
кендей басылады. 
Жасақ отрядпен соғысқанда быт-шыттары шығып, қаша жөне-
леді. Қартқожа да жан сауғалайды. 
Ауылға келсе, жасаққа қатысқаны үшін бір сиырын алып кетіпті. 
Қатысқандардың өзін ұстап жатыр дегенді естіген бір отағасы: 
– 
Сендерді іздейтін болса, шырақтарым, қашам деп, ауылды 
масқара қып жүрмеңдер. Алдымен өзіміз ұстап береміз, – деді. 
Мына сөз Қартқожаның өңменінен атып жібергендей болды. 
Туысқанның, ауылдың түрі мынау. Енді қайда барғанда жан қалады? 
Ағайыннан, ауылдан қайранның жоқтығын, қазақтың береке, ұйым-
ның бас паналатқандай ешбір тиянақтың қалмағанын, қиын-қыстау 
күн туса, әркім өз басын қорыштап кететінін Қартқожа сонда білді» 
[11
, 92 б.]. 
Бұл үзінді қазақта ынтымақ, береке, ұлттық намыс жоқтығын 
көрсетеді. Қолдаудың орнына қайта кері тартушылық кездеседі. 
Қартқожа ағасының орнына бүкірді жалдап, өзі майданға 
аттанады. 
Майданда жүзбасы болады. Талай техниканы көреді. 
«Қартқожаға «парақод», «пойыз», «аптамабел», «айырплан», «окоп», 
«бомба», «гранат», «пулемет», «самолет» деген сөздер ауылдағы 
Сәрсембай, ала сырмақ, қара кебеже, тор байтал дегенмен бір есеп 
болып кетті» [11,97 б.]. 


72
Жазушының жеңіл юморы байқалады, Қартқожаның ауылдағы 
мал мен үй жабдықтарынан басқа ештеме көрмей, басқа дүниеге топ 
ете қалғанын, оған да үйренгенін әзілдей отырып баяндайды. 
Қартқожа бір татармен Рига қаласын аралайды. Дүниенің қызы-
ғын көруге ақша мен ғылым ғана керек екен деген түйін жасайды. 
Майданда танысқан Андрейдің оған көп көмегі тиеді, орысшаға 
үйретеді. 
Қартқожа майданнан еліне қайтқанда туған жердің қадірі туралы 
жазушының өзі де шалқып, толғанып кетеді: «Туған жердің кәдірін 
туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін? 
Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай 
жыл өткен қыз білмесе, кім білсін? 
Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап 
сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт 
білмесе, кім білсін? 
Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара 
шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, қарта, сары қымыз көзінен бір-бір 
ұшып есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім 
білсін? 
Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал 
әженің бауырында еркелеп өскен, үлбіреген балапан жүректі 
Қартқожа қайтіп сүймесін?» [11,103 б.]. 
Қартқожа көзінің жасы мөлтілдеп, туған жерімен аман-есен 
табысады. 
Ауылда жүріп Андрейдің оқы дегені есіне түсіп, оқу іздеп 
Баянға келеді. Үй ішін кәсіп қыламын деп алдап кетеді. Орыстың 
байына малай боп, қора тазалайды, ат суарады, су әкеледі, отын жа-
рады, тақтай да тіліседі. 
Мектепте орын болмайды. Бір мұғаліммен танысып, содан газет, 
кітап алып, елдегі болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістермен 
таныса бастайды. 
Сөйтіп жүргенде ауылдан бір жігіт келіп, ағасының жылы біт-
кенін, жеңгесіне әмеңгер болу керектігін, жеңгесі кетсе, кәрі әжесіне 
қиын болатынын айтады. 
Қартқожа іштей ақылға салып, безбендейді. «Әжесінен соңғы 
үлкен көріп, сыйлайтын, сыпайы сөйлесетін жеңгесін, өзінен жасы 
үлкен апасындай жеңгесін, ағасының қойнында жатқан жеңгесін 
Қартқожа қалай қатын қылып алады? Ағасының аруағынан ұят қой! 
Өлгенді сыйламайтын заңды кім шығарады? Адамшылыққа лайық па 


73
деп бір ойлады. «Жоқ, оның балалық, шешеңді, жетімдерді аямаған-
дық. Әмеңгер болған жалғыз сен бе? Жеңгеңді алмасаң, кемпір қалай 
жан сақтайды? Ағаңнан қалған тұяқтар қайда қалады? Оларды кім 
күтеді? Қаның, бауырың емес пе? Сен оқығанда үйдегі шаруаңды кім 
ұқсатып отырады?. –деп тағы біреу айтып тұрғандай болады» [11,109 
Б.]. 
Қартқожа жас басымен өмір сынына түседі, ұят пен туысқандық 
борыштың қайсысын таңдарын білмей, қыс бойы басы қатады. Жеңге 
қойнына бармақ түгілі ол әлі бір қызға көңіл білдіріп көрген жоқ қой. 
Жасынан қызды ауылды торып өскен, әккі жігіттердей болған жоқ, 
қыз емес, оқуды ойлады. 
«Түн қасарғанмен, күн еркіне қояр ма? Қыз қасарғанмен, күйеу 
еркіне қояр ма? Өмір қасарғанмен, өлім еркіне қоя ма? Көнбейін десе 
де Қартқожаны тұрмыс еріксіз көндірді. 
Қартқожа бала еді. Жаны да, тәні де әйелден таза еді. Көрмеге-
нін көрді. Әйелмен «обалға» батты, жеңгесін «қатыным» деп айтуға 
батылы бармайды, көпке дейін «жеңгей» деп жүреді. [11,110 б.]. 
Жазушының шешендігі толғау, терме айтып отырғандай. 
Қартқожа басындағысын баяғының билерінше мақамдап жеткізеді. 
Басында момын боп өскен Қартқожа қалай бұлтарсын? Кезінде 
ағасын қалдырып, майданға да кетті емес пе? Өз бақытын әжесі, же-
тім інілері үшін құрбандыққа шалады. Туысқа жанашырлығын, қам-
қорлығын жасайды. Өз қара басын екінші орынға қояды. 
Баянға барғанда баяғы мұғалім жолығып, Семейде мұғалімдер 
курсы ашылып жатқанын, шығыны қазынадан екенін хабарлайды. 
Оқуды армандап жүрген Қартқожаның жүрегі жарыла жаздайды. 
Керек қағазын алып, көп шәкіртпен бірге ол да партаға отырады. 
Қала өмірімен танысады. «Өмір қызу. Қартқожаның жүрегі де қызу» 
[11
, 112 б.]. 
Қартқожа бір жыл оқып, елге мұғалім боп шығады, Қарашолақ 
ауылына қызметке орналасады. 
«Қарашолақтың арызы Қартқожаның қолынан шығады. Шел-
пекке құран оқып, молдалық та істеп қояды. Ерлі-байлы кісінің ара-
сына бүтінші де болып қояды. Мұндай бесаспап мұғалім кімге жақ-
пасын. Қарашолақ ауылы Қартқожаға қожадай қол беретін болды. 
Азды-көпті табысына құба төбел киім алып, көбін үй-ішіне керек-
жарақ алып қайтуға сақтады. Жаз шыға Қартқожа еліне қайтуға рұқ-
сат сұрады. Қартқожаның шолақ оқуы бітіп қалып, өзінен-өзі ұялып 
жүргенін Қарашолақ қайдан білсін…» [11, 115 б.]. 


74
Баяғы бай балаларына мазақ болатын Қартқожа бір ауылға сый-
лы мұғалім болды. Ақша тауып, үйін асырайтын халге жетті. Бірақ 
шолақ оқуы бітіп қалғанына қарағанда бұл оқуы жеткіліксіз. 
Қартқожа көңілі тағы оқи түсуді қалайды. 
Қалаға барса, большевиктер мен ақтар соғысы жүріп жатыр 
екен. Баянның жігіттерін іздеп жүріп, подвалға тығылып жатқан өз 
болысын көріп қояды, кезінде 1916 жылғы жарлықта Қартқожа тізім-
ге іліккені туралы білуге барғанда сөйлескісі келмей, «кет әрі мыжы-
май» деген болатын. Сонда Қартқожаның зығырданы қайнаған бола-
тын. Сол болыс жампаңдап амандасып, тығылғанымды ешкімге 
айтпа!» деп тапсырады. «Дүние – кезек» деген осы. 
Қартқожа елге келіп, інісін, жиенін, туыстарын оқыта бастайды, 
жастарды оқуға үндейді. 
Апасының ауылына барғанда ақтар келіп қалады. Қартқожа 
жолда солдаттарға тап болып, оларға лаушы болуға мәжбүр болады. 
Солдаттардың ауылды тонап, әйелдерін зорлағанын көреді. 
Бір офицер қазақтың сұлу қызын арбасына салып әкетіп бара 
жатқанын көріп, аяйды. 
Қартқожа Семейде ашылған қазақ институтына түседі. Қыстай 
отыны болмай, оқу аспабы жетіспей оқу нашар болады. 
Қартқожа елге келіп, оқуға қаражат табуға бала оқытады. Осы 
кезде байлардың малын алу туралы хабар шығады. Мал жиюшы от-
рядтың көзге түскен малды айдап кеткенін, малына ара түскен біреуді 
атып тастағанын көреді. 
Семейге оқуға бара жатып, Қартқожа жолдағы ел жайын байқай 
отырады: «Мына жерге не ғып мал бітсін? Мал не ғып тұрсын? Бұл ел 
қалай күн көріп жүрген» деген ой келеді. Бірақ бұл елдердің бір кезде 
бай болғаны анық, малды мыңдап айдағаны анық. Мал кеткен соң, 
елінен сән кетіп, жерге кінә қоясың. Әйтпесе қазақ жерінің көбі-ақ 
осындай емес пе? Әлде қазақ ұзын өріс кең жайлаудан, көк шалғын-
нан, қалың таулардан айрылған соң, түйеге қом, атқа үйек, қойға 
шайыр, сиырға әуке бітпей, малдан шұрай кетіп, мәйектене алмай, өңі 
жұқарғаннан қысқа шыдамсыз болды ма? Әлде малға сүйеніп күнел-
тетін қазақтың дәурені кеткелі тұр ма?» [11,129 б.]. 
Қартқожа осындай ойларға беріліп, елдің өткеніне, келешегіне 
көз жібереді. Қазақ отырықшы болып та күн көре алмайтынын өзі 
болған Қарашолақ аулынан біледі. Оның үстіне қазаққа жер жете ме 
деп ойлайды. 


75
Қартқожа елі үшін қызмет ететін азамат болатындығын, ел 
қамын ойлайтындығын, ел тұрмысына алаңдайтындығын, өз руы 
емес, жалпы қазағы үшін қам жейтінін байқатады. 
Қалаға жақындағанда қазынаға алынған малды көреді. Өңшең 
арық-тұрық, қотыр мал. Жұрт жақсыларын айырбастап алыпты. 
«Малдың алуын білсе де іс қылуын білмеген екен. Мал кім 
көрінгеннің қолында кетіпті. Не елге, не қазынаға пайда келтіре 
алмай, есіл малдың бей-берекет болғанына Қартқожаның жаны ауы-
рады. Амал не?» [11,131 б.]. Мұнда авторлық позиция да байқалады. 
Семейге келіп, қазақ институтына түседі, қосымша бала оқы-
тады. 
Басшы мекемелерде, оқу, сауда орындарының бәрінде қызмет 
етіп жүрген қазақтар екенін көрген соң Қартқожаны ұлттық мақ-
таныш сезімі билейді. 
Қартқожа гезеттен қазақтың үштен екісі аштан қырылып жат-
қанын оқып уайымдайды. Жазушы сол кезедегі көптеген саяси-әлеу-
меттік мәселелердің шет-жағасын көрсетіп отырған. 
Қазақша оқу Қартқожаның білімге деген шөлін қандырмайды, 
орысша үйренгісі келеді. 
«Орысша білмесем, кісіге де, өзіме де пайда тигізе алмаймын. 
Орысша оқымасам, адам болып жүрмеймін, не де болса орысша оқу-
дың соңында өлейін деп, Қартқожа өзіне-өзі серт қылды. Қартқожа 
біртоға, бірбет жігіт – сертінен қайтып көрген емес» [11, 134 б.]. 
Ол қасына інісін ертіп, жалғыз өгізі мен атын жегіп Омбыға жол 
тартады. Жолда аты өледі. Қырсықтың басы болып жүрмесін деп 
ырымдайды. Өйткені әйелін ренжітіп кеткен, әжесі де разы болмай 
қалған. Сонда да көнбістікпен шыдады. Шыдамаса, оңай жерден мақ-
сатқа жетем деп ойласа, жолға шықпас еді. 
Жолда 12 жасар шамасында қызы бар бір әйел бірге келе жа-
тады. «Қартқожа байқап жүретін. Әлгі кішкене қызды түскен жерде 
тезекке, суға айдайтын, жөнді тамақ та бермейтін. Түн болса, көлік 
күзеттіріп қоятын. Байғұстың жөнді киімі де жоқ. Шашы білте-білте, 
түрі жүдеу, арық. Қартқожа әлгі қызды ішінен аяп келе жататын» 
[11
,135 б.]. 
Әлгі әйел қыздың өгей шешесі екен, қалаға апарып біреуге 
сатпақ немесе жай беріп кетпек. Қартқожа қызды сұрап алады. Жол-
дастары мазақтап, күледі. 
– 
Атың бір жерде, арбаң бір жерде қалды. Өзің жаяу келе жатыр-
сың. Бұ қызды қайтпексің? Әй, Қожанасыр! – десті. 


76
Қартқожа оны өзіне қарындас етіп, оқытатынын айтады. 
Қартқожаның кісіні аяғыштығы, мейірімділігі, бауырмалдығы көрі-
неді. Жетім қызға жаны ашып, өзіне бауыр етіп алды. 
Қалаға барған соң өгізін сатып, пұл қылады. Құжаттарымен бір-
ге ақшасын базарда ұрлатады. Қарындасы, інісі үшеуі далада қаңғып 
қалады. «Қартқожа тағы ойланды. Жан-жағындағы еңгезердей үй-
лерге қаранды. Мыңдаған үйі, миллиондаған жаны бар қала тым бол-
маса есігінен қаратпады-ау! Мұны білімнің, адамгершіліктің орны 
дейді-ау! Адамгершілігі қайда? Білімді ел тас бауыр бола ма екен? 
Мына тұрғандар үй ме? Жыртқыш, жалмауыз ғой. Ай, кеңпейіл қаза-
ғым-ай! Қадірің осындайда білінеді екен ғой» [11,138 б.]. 
Қартқожа өзі болса көшеде панасыз сандалып жүргендерге кө-
мектесер еді. Қазақ даласының есепсіз қонақжайлылығы, мәдени 
орындары болмаса да жомарттығы қаламен салыстырылады. Қазақ 
ауылы кісіні далаға қондырмайды. Ақшаң жоқ екен деп үйден шыға-
рып жібермейді. 
Осылай қорланып жылап жатып, түс көреді. Әжесі қайда бару 
керектігін айтып, жұбатады. Қартқожа губерниялық атқару комите-
тіне барып, оқу бөліміне жолдама алады. Қанша қиындық көрсе де, 
төзіп, шыдап, армандаған оқуына қол жеткізеді. 
«Қос қабат тас болат үйдің үстіңгі бөлмесінде электр нұрына 
шомылып, Архимед, Торилел, Пифагор, Ньютон, Богданов, Каутский, 
Уйпперлермен айналысып, терең ойға бойлап отырған қошқыл жігіт 
кім? 
Үш қабат ақ үйдің аузында домалаңдаған, шолақ көйлекті қара 
торы қыз бала: «Ағатай-ау, мен пионер болдым!» деп жүгіріп келіп, 
мойнынан құшақтай алғанда: «Рас па, жаным?» деп, жымиып тұрған 
жігіт кім? 
«Сабағыңды жақсы оқы! Ұқпаған жеріңді келіп сұрап алып 
тұр!» деп, он екі жасар балаға ақыл айтып, шығарып салып тұрған
ажарлы жігіт кім? 
Күштіден зорлық көріп, не жері, не жесірі кетіп, арызын қайда 
берерін білмей қаңғып жүрген қазаққа ақыл айтып, жөн сілтеп тұрған 
қайырымды жігіт кім? 
Базарда ақшасын алдырып, зарлап келе жатқан қазақты есіркеп, 
қалтасындағы барлық тиынын ұстата беріп тұрған мейірімді жігіт 
кім? 
Әкесі зорлап малға сатқанына көнбей, қаладағы бір таныс 
қазақтыкіне қашып келіп, мұңын кімге шағарын білмей, басына күн 


77
туып отырған Гүлсімге ағалық міндетін атқарып, пәтеріне келіп 
оқытып тұратын қара жігіт кім? 
Бала оқытып тапқан тебен-теңгесіне қырық шақты кездей нәрсе 
алып, елге баратын қалашыдан әжесіне сәлемдеме жіберіп отырған 
бауырмал жігіт кім? 
Жаздыкүні Гүлсімнің ауылында 30 шақты үлкендерді оқытып, 
хат танытып, Гүлсім мен екеуі бірін-бірі сүйіп, күзге таман қалаға 
алып қашып келген ер жігіт кім? 
Шәкірттердің жиналысында ұйымның ісі туралы баяндама қы-
лып, кемшілікті тура айтып, өз міндетін дұрыс атқарып, сенім алып 
тұрған жігіт кім? 
Қартқожа, Қартқожа, Қартқожа…» [11,139 б.]. 
Қартқожа өзін ғана ойлаған жоқ, інісін де, қарындасын да оқыт-
ты. Қиналған кісілерден көмегін аяған жоқ. Сүйген қызына үйленіп, 
жеңгесіне ерік беріп, бақыт тілейді. 
Жазушы қазақ оқығандары Қартқожадай болса екен деген
мақсатта болған. Әйтпесе, сол кездегі оқығандардың бәрі Қартқожа-
дай елі үшін күйзелетін, басына күн туғанда қол ұшын беретіндей 
болған жоқ. Қартқожа қалада сандалып жүріп, адвокат Жайдарқанға 
көмек сұрап барғанда, ол үйінен қуып шығады. Ол да – қазақ оқыған-
дарының бір үлгісі. 
«Жазушы табиғатынан бұйығы, ұстамды, сабырлы, жоқ-жітік, 
кедей-кепшіктен шыққан адамның бірте-бірте оянып, жарыққа ұмты-
лып, зор қиындықпен білім алып, әлеумет күресіне тартылып, ақы-
рын-ақырын өзгере жүріп, жаңа күрескерлерінің қатарына қосылуын 
психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелеуін «Қартқожа» романының 
ең басты кемелді олжасы деп білеміз» [4,110 б.]. 
Қартқожаның өсу эволюциясы көз жеткізерлік. Қазақша, орыс-
ша білім алған Қартқожа елге қызмет ету үшін Баянға оралады. Елге 
пайдам тимесе, не үшін оқыдым деп ойлайды. Бұл да – жазушы 
идеясының бірі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет