Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде теміржол көлігінің инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу
қағидалары
І. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Одақ шеңберінде инфрақұрылым учаскелерінде инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті беру бойынша тасымалдаушылар мен инфрақұрылым операторларының қатынастарын реттейді.
2. Осы Қағидалардың 1-тармағында көзделген қатынастарды қоспағанда, бір мүше мемлекеттің аумағы шекарасында инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті беру саласында тасымалдаушылар мен инфрақұрылым операторларының қатынастарын реттеу осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы Қағидалар осындай тасымалдаушылар арасында жасалатын шарттар (келісімдер) негізінде көрсетілетін, мүше мемлекеттердің инфрақұрылымдық учаскелерінде локомотивтер мен локомативтер бригадаларын пайдалану жөнінде қызметтер көрсету бойынша мүше мемлекеттердің тасымалдаушылары арасындағы қатынастарға қолданылмайды.
ІІ. Анықтамалар
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«пойыздардың қозғалыс графигі» – инфрақұрылым операторының инфрақұрылым учаскелерінде барлық санаттағы пойыздар қозғалысын ұйымдастыруды белгілейтін, шартты тәуліктердегі масштабты торда пойыздардың жүруін график түрінде көрсететін, нормативтік (жоспарлы жылға), нұсқалық (уақыттың жекелеген кезеңдерінде) және жедел (ағымдағы жоспарлы тәулікке) болып бөлінетін нормативтік-техникалық құжаты;
«инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған ұзақ мерзімді шарт» – инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушы арасында кемінде 5 жыл кезеңге жасалған инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт;
«қосымша өтінім» – пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің қолданысы кезеңінде қосымша тасымалдауларды жүзеге асыру үшін тасымалдаушыдан келіп түскен инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті беруге арналған өтінім;
«инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу» –тасымалдарды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерді тасымалдаушылардың алу мүмкіндігі;
«ұлттық (жалпыжелілік) тасымалдаушы» – жүктерді, жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және мүше мемлекеттің бүкіл инфрақұрылымында пойыздарды құрастыру жоспарының іске асырылуын, оның ішінде арнаулы және әскери тасымалдар бойынша іске асырылуын қамтамасыз ететін тасымалдаушы. Ұлттық (жалпыжелілік) тасымалдаушы мәртебесі мүше мемлекеттің заңнамасымен айқындалады;
«график тармағы» – пойыздардың қозғалыс графигінде пойыздың жөнелту, межелі және баратын пункттері, жөнелту, келу, технологиялық тұрақтар уақыты, орташа жүріс уақыты, сондай-ақ пойыздың басқа да техникалық және технологиялық параметрлері көрсетілген жүру маршрутының графикалық бейнеленуі;
«инфрақұрылым операторы» – инфрақұрылымы бар және инфрақұрылымды заңды негіздерде пайдаланатын және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес инфрақұрылым қызметтерін көрсететін теміржол көлігі ұйымы;
«пойыздарды құрастыру жоспары» – тасымалдаушылардың пойыздарды құрастыру жоспарлары жобаларының негізінде инфрақұрылым операторы бекіткен және инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілеті мен станциялардың өңдеу қабілетін ескере отырып, теміржол станцияларында құрастырылатын пойыздардың санаттары мен тағайындалымын белгілейтін нормативтік-техникалық құжат;
«инфрақұрылым учаскесінің өткізу қабілеті» – инфрақұрылымның техникалық және технологиялық мүмкіндіктеріне, жылжымалы составқа және түрлі санаттағы пойыздардың өткізілуін ескере отырып, пойыздардың қозғалысын ұйымдастыру тәсілдеріне қарай есепті уақыт кезеңі (тәулік) ішінде инфрақұрылым учаскесі бойынша өткізілуі мүмкін пойыздардың және пойыздар жұптарының ең көп саны;
«пойыздардың қозғалыс кестесі» – пойыздардың қозғалыс графигінің негізінде белгілі күнтізбелік күндер бойынша пойыздар қозғалысы туралы ақпарат қамтылған құжат;
«қауіпсіздік сертификаты» – тасымалдау процесіне қатысушының қауіпсіздікті басқару жүйесінің теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларына сәйкестігін куәландыратын, мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген құжат;
«уәкілетті орган» – құзыретіне теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік реттеу және (немесе) басқару мәселелері кіретін, мүше мемлекеттердің әрқайсысының заңнамасына сәйкес айқындалған мүше мемлекеттің атқарушы билік (мемлекеттік басқару) органы;
«инфрақұрылым учаскесі» – мүше мемлекеттердің шектес екі инфрақұрылымының түйіскен жеріне іргелес жатқан, локомотив айналатын учаскенің инфрақұрылым операторы белгілеген шектегі теміржол көлігі инфрақұрылымының бір бөлігі.
4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар Үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы хаттамада, Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігінің көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізуді реттеу тәртібінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде теміржол көлігінің инфрақұрылымдық қызметтерін көрсету қағидаларында (бұдан әрі – Қызмет көрсету қағидалары) айқындалған мағыналарында түсініледі.
ІІІ. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге
қол жеткізудің жалпы қағидаттары
5. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік инфрақұрылым учаскелерінде беріледі және:
1) инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілеті шегінде техникалық және технологиялық мүмкіндіктер ескеріле отырып, аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген, тасымалдаушыларға қойылатын талаптардың теңдігі;
2) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес, инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтер саласында тасымалдаушыларға қатысты бірыңғай баға (тариф) саясатын қолдану;
3) инфрақұрылымның техникалық және технологиялық мүмкіндіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтердің тізбесі, оларды көрсету тәртібі, осы көрсетілетін қызметтердің тарифтері, төлемақысы мен алымдары туралы ақпараттың қолжетімділігі;
4) инфрақұрылымның өткізу қабілетін тиімді пайдалану және тасымалдау процесінің үздіксіз жүргізілуін, технологиялық процестердің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында инфрақұрылымды жөндеу, күтіп-ұстау және оған қызмет көрсету бойынша жұмыстардың ұтымды жоспарлануы;
5) тасымалдау қызметін жоспарлау, ұйымдастыру және инфрақұрылым қызметтерін көрсету процесінде белгілі болған, коммерциялық немесе мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің қорғалуы;
6) пойыздар қозғалысының нормативтік графигіне сәйкес инфрақұрылымның өткізу қабілеті шектеулі болған жағдайларда, тасымалдаушыларға инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік берудегі басымдық (кезектілік);
7) тасымалдаушылар пайдаланатын теміржол жылжымалы составының техникалық жай-күйінің тиісінше болуын олардың қамтамасыз етуі қағидаттарына негізделеді.
6. Тасымалдаушыларға инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік берудегі басымдық (кезектілік) қағидаты мынадай іріктеу деңгейлері арқылы іске асырылады:
1) басымдығы (кезектілігі) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес немесе аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерімен айқындалатын пойыздың санатын айқындау;
2) пойыздардың санаты бірдей болған жағдайда:
тасымалдау көлемдері бойынша шарттық міндеттемелердің орындалуы ескеріле отырып, инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған ұзақ мерзімді шарттардың болуына;
тасымалдаушының инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін пайдалану қарқынына;
инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған қолданыстағы шарттың (бұдан әрі – шарт) болуына қарай;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген критерийлер бірдей болған жағдайда, аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес конкурстық рәсімдерді жүзеге асыру.
IV. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге
қолжетімділік беру шарттары
7. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті инфрақұрылым операторы тасымалдаушыларда:
1) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген тасымалдау қызметін жүзеге асыруға лицензия;
2) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген қауіпсіздік сертификаттары;
3) тасымалдау процесін ұйымдастыруға, басқаруға және жүзеге асыруға тартылған білікті қызметкерлерде - аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес олардың біліктілігі мен кәсіптік даярлығын растайтын құжаттары бар болған кезде береді.
8. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік:
1) инфрақұрылым учаскесі шегінде пойыздардың жүрісі мен маневрлік қозғалыстарды ұйымдастыру үшін инфрақұрылымның техникалық және технологиялық мүмкіндіктері;
2) жүк пойыздарын құрастыру жоспары және пойыздардың қозғалыс графигі;
3) инфрақұрылымның қолда бар өткізу қабілеті және тасымалдаушылардың инфрақұрылым учаскелерін пайдалану жөніндегі ұсыныстары және инфрақұрылым операторының инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін осы Қағидалардың 3-бабында айқындалған инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу қағидаттары негізінде бөлуі;
4) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес теміржол тасымалын жүзеге асыруға кедергі келтіретін тыйым салулар мен шектеулердің болмауы;
5) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда, тасымалдаушыда басқа органдармен және ұйымдармен келісулердің болуы негізге алына отырып беріледі.
9. Графиктің белгілі бір тармақтары бойынша инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу құқығы тасымалдаушыларға, ұзақ мерзімді шарттардан туындайтын құқықтарды қоспағанда, пойыздардың қозғалыс кестесінің қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге берілуі мүмкін.
V. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге
қолжетімділік беру
10. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік беру аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекет заңнамасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады және мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) инфрақұрылым операторының инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерін әзірлеуі және жариялауы;
2) тасымалдаушының инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік алу үшін өтінім беруі (бұдан әрі – өтінім);
3) инфрақұрылым операторының өтінімді қарауы;
4) пойыздардың қозғалыс графигін және пойыздардың қозғалыс кестесін бекіту;
5) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасына сәйкес инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт жасасу.
Егер тасымалдаушы бір мезгілде пайдалану үшін жоспарланып отырған инфрақұрылым операторы болып табылса, өтінім беру және шарт жасасу талап етілмейді.
11. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигінде көзделмеген қосымша тасымалдар бойынша инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік беру осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен қосымша өтінімдер негізінде жүзеге асырылады.
VI. Инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктері
12. Инфрақұрылым операторы жыл сайын, өтінімдерді қабылдау басталған күнге дейін 3 айдан кешіктірмей аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленген тәртіппен, инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерін жасайды, бекітеді және жариялайды.
13. Инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерінде:
1) пойыздардың жүрісін және маневрлік қозғалыстарды ұйымдастыру үшін қажетті, инфрақұрылым учаскелерінің ұзақтығы мен тартқыш түрі, пойыздар составтарының салмағы мен ұзындығының нормалары, түрлі санаттағы пойыздардың жүріс жылдамдықтары көрсетілген инфрақұрылым учаскелері мен станциялардың техникалық сипаттамалары;
2) халықаралық жолаушылар қатынасы үшін пойыздардың қозғалыс графигі тармақтарының жобалары;
3) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің шешімімен айқындалған әрбір мемлекетаралық түйісу пункті бойынша жүк пойыздарын қабылдау-тапсырудың (алмасудың) болжамды уақыты;
4) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес, ұлттық (жалпыжелілік) тасымалдаушыға тасымалдауды орындау үшін қажетті инфрақұрылым участкелерінің өткізу қабілетін қоспағанда, инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілеті көрсетілуге тиіс.
14. Инфрақұрылым операторы инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерінде өзге де мәліметтерді және инфрақұрылым учаскелерінде тасымалдауды жоспарлауға және пойыздар қозғалысын ұйымдастыруға арналған шарттарды көрсетуі мүмкін.
VII. Инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге
қолжетімділік алуға арналған өтінімді беру және қарау
15. Тасымалдаушы инфрақұрылым операторына осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім береді.
16. Өтінімдерді қабылдауды бастау және аяқтау, оларды қарау, пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын қалыптастыру мерзімдері, сондай-ақ осы Қағидалардың 24 және 26-тармақтарында көзделген ақпаратты беру мерзімдері аумағында инфрақұрылым орналасқан мұше мемлекеттің заңнамасында және (немесе) аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасына қайшы келмейтін инфрақұрылым операторының актілерінде белгіленеді.
17. Өтінімге:
1) жоспарланып отырған график тармақтарының жобасы;
2) тасымалдаулардың жоспарланып отырған жылдық көлемдері туралы ақпарат (тоқсандар мен айлар бойынша, сондай-ақ жүк түрлері бойынша бөліп көрсете отырып);
3) тасымалдауға жоспарланған пойыздар саны туралы ақпарат;
4) тасымалдауды қамтамасыз ету үшін тасымалдаушы көздеген локомотивтердің үлгілері мен сипаттамалары туралы ақпарат;
5) тасымалдаушының осы Қағидалардың 7-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріледі.
18. Тасымалдаушы инфрақұрылым операторына қағаз жеткізгіште беретін өтінім мынадай талаптарға сәйкес болуға тиіс:
1) өтінім және оған қоса берілетін құжаттар тігілуге, нөмірленуге және тасымалдаушының мөрімен, сондай-ақ оның басшысының не ол уәкілеттік берген тұлғаның қолымен куәландыруға тиіс;
2) қоса берілетін құжаттар түпнұсқа немесе олардың көшірмелері болуға тиіс, соңғы жағдайда өтінімге қол қоятын басшы не ол уәкілеттік берген тұлға олардың анықтығын және толықтығын жазбаша түрде растауға тиіс;
3) өтінім және оған қоса берілетін құжаттар орыс тілінде не инфрақұрылым операторының заңды тіркелген жеріндегі мемлекеттің тілінде ұсынылады және оларда түзетулер немесе толықтырулар болмауға тиіс. Өзге тілде жасалған өтінім және оған қоса берілетін құжаттар белгіленген тәртіппен куәландырылған орыс тіліне аударылған мәтінімен қоса берілуге тиіс.
19. Электронды түрде берілетін өтінім осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес электрондық құжат айналымының талаптары ескеріле отырып ұсынылады және оған электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылуға тиіс.
20. Өтінімді инфрақұрылым операторы өтінімнің реттік тіркеу нөмірі, қабылдау күні және қабылданған құжаттар тізбесі көрсетілетін құжатты тасымалдаушыға бере отырып тіркеуге тиіс.
21. Инфрақұрылым операторы келіп түскен өтінімдердің осы Қағидалардың 17 – 19-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
22. Өтінім осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда, инфрақұрылым операторы өтінім келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тасымалдаушыны бас тарту себебін көрсетіп, өтінімді қарауға қабылдаудан бас тарту туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
23. Өтінімдерді қарау кезеңінде (бірақ өтінімдерді қарауды аяқтау мерзімі біткенге дейін кемінде 1 ай бұрын) инфрақұрылым операторының қажет болған жағдайда тасымалдаушыдан пойыздар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастыру үшін қажетті қосымша мәліметтерді (деректерді) сұратуға құқығы бар.
Инфрақұрылым операторы сұратқан қосымша мәліметтерді (деректерді) тасымалдаушы инфрақұрылым операторынан сұрау салу келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтінімді беруге қойылатын талаптарды сақтай отырып, ұсынуға тиіс.
24. Инфрақұрылым операторы тасымалдаушылардың қарауға қабылданған өтінімдерін және инфрақұрылым учаскелерінің өткізу қабілетін барынша пайдалануды ескере отырып, пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын жасайды.
Инфрақұрылым операторы тасымалдаушының өтінімін қараудың нәтижелері туралы оны инфрақұрылым операторы айқындаған мерзімдерде хабардар етеді.
25. Тасымалдаушылар өтінімді қараудың бастапқы нәтижелерімен келіспеген жағдайда, инфрақұрылым операторы келіссөздер жүргізу арқылы мүдделі тасымалдаушылар арасындағы келіспеушіліктерді (қақтығыстарды) шешуге бағытталған келісудің үйлестіру рәсімдерін ұйымдастыра алады, соның барысында инфрақұрылым операторы тасымалдаушыға графиктің өтінім берілгендерден ерекшеленетін басқа тармақтарын ұсынуға құқылы.
26. Инфрақұрылым операторы осы бөлімде көзделген барлық рәсімдер өткізілгеннен кейін тасымалдаушы берген өтінімнің түзетулерін (болған жағдайда) ескере отырып, өтінімнің келісілгені (келісілмегені) туралы тасымалдаушыға хабар береді.
VIII. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигін және
пойыздардың қозғалыс кестесін қалыптастыру, әзірлеу және бекіту
27. Инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының нормативтік графигін және пойыздардың қозғалыс кестесін тасымалдаушылардан қабылданған өтінімдерді және келісудің жүргізілген үйлестіру рәсімдерін ескере отырып, аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасында белгіленген тәртіппен бір жылдық кезеңге әзірлейді және бекітеді.
28. Инфрақұрылым операторы:
1) пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
2) инфрақұрылым учаскелерінің өткізу және тасу қабілеті мен теміржол станцияларының қайта өңдеу қабілетін неғұрлым тиімді пайдалануды;
3) инфрақұрылым учаскелерін күтіп-ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, пойыздар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастырады.
29. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигін әзірлеу басымдылық (кезектілік) қағидаты ескеріле отырып, жүзеге асырылады.
30. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигі күнтізбелік жылғы мамыр айының соңғы жексенбісінің 00 сағат 00 минутынан бастап қолданысқа енгізіледі және келесі күнтізбелік жылғы мамыр айының соңғы сенбісінің 24 сағат 00 минутында қолданысын тоқтатады.
31. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигі мен пойыздардың қозғалыс кестесі жүк пойыздары үшін инфрақұрылым операторы белгілеген тәртіппен түзетілуі мүмкін.
ІХ. Инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге
арналған шартты жасасу
32. Инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт тасымалдаушының өтінімін инфрақұрылым операторы келіскеннен кейін, бірақ пойыздар қозғалысының нормативтік графигі қолданысқа енгізілетін күнге дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірілмей жасалады.
33. Инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт Қызмет көрсету қағидаларында көзделген ережелер ескеріле отырып жасалады.
Қосымша өтінімдер бойынша инфрақұрылым қызметтерін көрсетуге арналған шарт тасымалдар жүзеге асырылатын күнтізбелік ай басталғанға дейін 1 айдан кешіктірілмей жасалуға тиіс.
34. Инфрақұрылым операторы тасымалдаушының инфрақұрылым операторының алдында инфрақұрылымдық көрсетілген қызметтер бойынша берешегі болған кезде, сондай-ақ аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, тасымалдаушыға шарт жасасудан бас тартуға құқылы.
Х. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигі қолданылған
кезеңде инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтерге
қол жеткізуге арналған қосымша өтінімдер
35. Тасымалдаушының қосымша өтінімі осы Қағидалардың 17 – 19-тармақтарының талаптарына сәйкес ресімделеді.
36. Қосымша өтінім инфрақұрылым операторының тасымалдаушыға қосымша өтінімнің реттік тіркеу нөмірі, қабылданған күні және қабылданған құжаттардың тізбесі көрсетілген құжатты бере отырып, тіркеуіне жатады.
37. Қосымша өтінім тасымалдар жүзеге асырылатын күнтізбелік ай басталғанға дейін 2 айдан кешіктірілмей беріледі.
38. Қосымша өтінімдер келіп түскен кезден бастап бір ай ішінде осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қаралады, оларды қарау қорытындылары бойынша шарт жасалуы не жасалған шарттарға қосымша келісімдер жасалуы мүмкін.
39. Тасымалдаушылардың қосымша өтінімдері бойынша инфрақұрылым операторы графиктің қосымша тармақтарын бөлу мүмкіндігі туралы мәселені қарастыруы мүмкін.
40. Осы Қағидалардың 16-тармағында белгіленген мерзімнен кешігіп түскен өтінімдер пойыздар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастыру кезінде ескерілмейді және қосымша өтінімдер ретінде қаралады.
41. Қосымша өтінімдер бойынша график тармақтарын бөлу – аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
42. Қосымша өтінімдерді ішінара қанағаттандыру немесе қабылдамау тәуекелдерін тасымалдаушылар көтереді.
ХІ. Ақпарат ұсыну тәртібі
43. Инфрақұрылым операторы өзінің Интернет желісіндегі ресми сайтында инфрақұрылым учаскелерінің техникалық ерекшеліктерін, нормативтік құқықтық актілердің тізбесін, сондай-ақ инфрақұрылым операторының аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекет заңнамасының талаптарын ескере отырып, инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу тәртібін регламенттейтін актілерін орналастырады.
44. Инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылар аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекет заңнамасының талаптарын, оның ішінде мемлекеттік құпияға жататын немесе таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын ақпаратты таратуға қойылатын шектеулерді ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын сақтауға тиіс.
ХІІ. Дауларды шешу тәртібі
45. Осы Қағидаларды іске асыру кезінде тасымалдаушы мен инфрақұрылым операторы арасында туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
46. Егер тасымалдаушы мен инфрақұрылым операторы келіссөздер барысында өзара келісімге қол жеткізе алмаса, барлық даулар мен келіспеушіліктер аумағында инфрақұрылым орналасқан мүше мемлекетің заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
Еуразиялық экономикалық одақ
шеңберінде Теміржол көлігі
инфрақұрылымының көрсетілетін
қызметтеріне қол жеткізу қағидаларына
қосымша
Нысаны
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде теміржол
көлігі инфрақұрылымының көрсетілетін қызметтеріне қолжетімділік алуға арналған
өтінім
______жылғы « » ________ №_________
_________________ жыл мен __________________ жыл аралығындағы кезеңге.
Инфрақұрылым операторы ______________________________________
_____________________________________________________________
(атауы, заңды, пошталық мекенжайы)
Тасымалдаушы ________________________________________________
(атауы, заңды, пошталық мекенжайы)
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде теміржол көлігі инфрақұрылымы қызметтерін көрсетуге арналған шарттың нөмірі мен күні (болған жағдайда) _________________________________________
Осы арқылы өтінімге қоса беріліп отырған ___ парақтағы __ данадағы мынадай құжаттардың (ақпараттың)* толықтығы мен анықтығын растаймын:
1) ________;
2) ________;
…) ________.
__________________ _________________
Тасымалдаушының қолы Мөрге арналған орын
*Ескертпе: Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде теміржол көлігінің инфрақұрылымдық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу қағидаларының 17-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі.
Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда,
теміржол көлігінің қызметтеріне
қол жеткізуді реттеу тәртібіне
№ 2 қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |