Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт


Үкіметаралық кеңестің шешімдері және өкімдері



бет2/45
Дата13.06.2016
өлшемі3.03 Mb.
#131251
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45

Үкіметаралық кеңестің шешімдері және өкімдері

      1. Үкіметаралық кеңес шешімдер және өкімдер қабылдайды.


      2. Үкіметаралық кеңестің шешімдері және өкімдері консенсуспен қабылданады.

18-бап


Комиссия

      1. Комиссия Одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы болып табылады. Комиссия Кеңестен және Алқадан тұрады.


      2. Комиссия шешімдер, өкімдер және ұсынымдар қабылдайды.
      Комиссия Кеңесінің шешімдері, өкімдері және ұсынымдары консенсуспен қабылданады.
      Комиссия Алқасының шешімдері, өкімдері және ұсынымдары айқын басым көпшілік дауыспен немесе консенсуспен қабылданады.
      Жоғары кеңес әсер ететін мәселелер тізбесін айқындайды, олар бойынша Комиссия Алқасының шешімдері консенсуспен қабылданады.
      Бұл ретте айқын басым көпшілік дауыс Комиссия Алқасы мүшелерінің жалпы санының үштен екісінің дауысын құрайды.
      3. Комиссияның мәртебесі, міндеттері, құрамы, функциялары, өкілеттіктері мен жұмыс тәртібі осы Шартқа № 1 қосымшаға сәйкес айқындалады.
      4. Комиссияның болатын орны Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады.

19-бап


Одақ Соты

      1. Одақ Соты Одақтың тұрақты жұмыс істейтін сот органы болып табылады.


      2. Одақ Сотының мәртебесін, құрамын, құзыретін, жұмыс істеу және қалыптастырылу тәртібін осы Шартқа № 2 қосымшаға сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың Сот Статуты айқындайды.
      3. Одақ Сотының болатын орны Минск қаласы, Беларусь Республикасы болып табылады.

IV бөлім


ОДАҚ БЮДЖЕТІ

20-бап


Одақ бюджеті

      1. Одақ органдарының қызметін қаржыландыру Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті туралы ережеде айқындалған тәртіппен қалыптастырылатын Одақ бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.


      Кезекті қаржы жылына арналған Одақ бюджеті мүше мемлекеттердің үлестік жарналары есебінен ресейлік рубльмен қалыптастырылады. Мүше мемлекеттердің Одақ бюджетіне үлестік жарналарының мөлшерін (шкаласын) Жоғары кеңес белгілейді.
      Одақ бюджетінің кірістері мен шығыстары теңдестірілген болуға тиіс. Қаржы жылы 1 қаңтарда басталып, 31 желтоқсанда аяқталады.
      2. Одақ бюджетін және Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті туралы ережені Жоғары кеңес бекітеді.
      Одақ бюджетіне және Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті туралы ережеге өзгерістер енгізуді Жоғары кеңес жүзеге асырады.

21-бап


Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне ревизия жүргізу

      Одақ бюджетінің атқарылуын бақылауды жүзеге асыру үшін Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне кем дегенде 2 жылда бір рет ревизия жүргізіледі.


      Кез келген мүше мемлекеттің бастамасы бойынша Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметінің жекелеген мәселелері бойынша тексеру жүргізілуі мүмкін.
      Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне ревизияны мүше мемлекеттердің мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өкілдерінен тұратын ревизорлар тобы жүзеге асырады.
      Одақ органдарының қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген ревизиялардың нәтижелері белгіленген тәртіппен Үкіметаралық кеңестің қарауына енгізіледі.

22-бап


Сыртқы аудит (бақылау)

      Одақтың бюджетінің қаражатын қалыптастыру, басқару және оған билік ету тиімділігін, Одақтың мүлкі мен басқа да активтерін пайдалану тиімділігін айқындау мақсатында сыртқы аудит (бақылау) жүргізіледі. Сыртқы аудитті (бақылауды) мүше мемлекеттердің жоғары тұрған мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өкілдерінен құралған инспекторлар тобы жүзеге асырады. Сыртқы аудиттің (бақылаудың) стандарттары мен әдіснамасын мүше мемлекеттердің жоғары тұрған мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлесіп айқындайды.


      Одақтың органдарында жүргізілген сыртқы аудиттің (бақылаудың) нәтижелері белгіленген тәртіппен Жоғары кеңестің қарауына енгізіледі.

ЕКІНШІ БӨЛІК


КЕДЕН ОДАҒЫ

V бөлім


АҚПАРАТТЫҚ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ СТАТИСТИКА

23-бап


Одақ шеңберіндегі ақпараттық өзара іс-қимыл

      1. Одақтың жұмыс істеуіне қатысы бар барлық салаларда интеграциялық процестерді ақпараттық жағынан қамтамасыз ету мақсатында Одақ шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен трансшекаралық сенім кеңістігін пайдалана отырып, ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар әзірленіп, іске асырылады.


      2. Одақ шеңберіндегі ортақ процестерді іске асыру кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл уәкілетті органдардың аумақтық жағынан бөлінген мемлекеттік ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ Комиссияның ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ететін, Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің тиімді өзара іс-қимылын және олардың үйлестірілуін қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттер ақпараттандыру және ақпараттық технологиялар саласында келісілген саясат жүргізеді.
      4. Бағдарламалық-техникалық құралдар мен ақпараттық технологияларды пайдалану кезінде мүше мемлекеттер өзара іс-қимыл процесінде пайдаланылатын немесе алынған зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз етеді.
      5. Ақпараттық өзара іс-қимылдың және Одақ шеңберінде оны жүзеге асыруды үйлестірудің негізін қалайтын қағидаттары, сондай-ақ интеграцияланған ақпараттық жүйені құру және дамыту тәртібі осы Шартқа № 3 қосымшаға сәйкес айқындалады.

24-бап


Одақтың ресми статистикалық ақпараты

      1. Одақтың тиімді жұмыс істеуі және дамуы мақсаттарында


Одақтың ресми статистикалық ақпараты қалыптастырылады.
      2. Одақтың ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру:
      1) кәсіби тәуелсіздік;
      2) ғылыми негізділік және салыстырымдылық;
      3) толықтық және анықтық;
      4) өзектілік және уақтылылық;
      5) ашықтық және жалпыға бірдей қолжетімділік;
      6) шығындардың тиімділігі;
      7) статистикалық құпиялылық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Одақтың ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру және тарату тәртібі осы Шартқа № 4 қосымшаға сәйкес айқындалады.

VI бөлім


КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ

25-бап


Кеден одағының жұмыс істеу қағидаттары

      1. Мүше мемлекеттердің кеден одағы шеңберінде:


      1) тауарлардың ішкі нарығы жұмыс істейді;
      2) Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі және үшінші тараптармен тауарлардың сыртқы саудасын реттеудің өзге де бірыңғай шаралары қолданылады;
      3) үшінші тараптармен қатынастарда тауарлар саудасының бірыңғай режимі қолданылады;
      4) бірыңғай кедендік реттеу жүзеге асырылады;
      5) осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, мүше мемлекеттердің аумақтары арасында тауарларды кедендік декларациялау және мемлекеттік бақылау (көліктік, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік фитосанитариялық) қолданбастан, еркін өткізу жүзеге асырылады.
      2. Осы Шарттың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
      «кедендік әкелу бажы» - тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелуге байланысты мүше мемлекеттердің кеден органдары алатын міндетті төлем;
      «Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы» (ЕАЭО СЭҚ ТН) - Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарлары сипаттамасы мен кодталуының үйлестірілген жүйесіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына негізделген Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы;
      «Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифі» (ЕАЭО БКТ) - Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген, үшінші елдерден Одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) тауарларға қолданылатын кедендік баждар мөлшерлемелерінің жиынтығы;
      «тарифтік преференция» - Одақпен бірге еркін сауда аймағын құратын елдерден шығарылатын тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын төлеуден босату немесе кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін азайту не дамушы елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан және (немесе) неғұрлым төмен дамыған елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан шығарылатын тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін азайту.

26-бап


Кедендік әкелу баждарын (баламалы қолданылатын өзге де
баждарды, салықтар мен алымдарды) есепке жатқызу және бөлу

      Төленген (алынған) кедендік әкелу баждары мүше мемлекеттер бюджеттері арасында есепке жатқызылуға және бөлінуге жатады.


      Кедендік әкелу баждарының сомасын есепке жатқызу және бөлу, оларды мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару осы Шартқа № 5 қосымшаға сәйкес тәртіппен жүзеге асырылады.

27-бап


Еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар мен
еркін қоймаларды құру және олардың жұмыс істеуі

      Мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу, инвестициялар тарту, жаңа технологияларға негізделген өндірістер құру және оларды дамыту, көлік инфрақұрылымын, туризмді және санаториялық-курорттық саланы дамыту мақсаттарында, сондай-ақ өзге де мақсаттарда мүше мемлекеттердің аумақтарында еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар мен еркін қоймалар құрылып, жұмыс істейді.


      Еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар мен еркін қоймаларды құру және олардың жұмыс істеу жағдайлары Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен айқындалады.

28-бап


Ішкі нарық

      1. Одақ осы Шарттың ережелеріне сәйкес ішкі нарықтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады.


      2. Ішкі нарық экономикалық кеңістікті қамтиды, онда осы Шарттың ережелеріне сәйкес тауарлардың, тұлғалардың, көрсетілетін қызметтер мен капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі.
      3. Өзара тауарлар саудасындағы ішкі нарықтың жұмыс істеуі шеңберінде мүше мемлекеттер, осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік әкелу және әкету баждарын (баламалы қолданылатын өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды), тарифтік емес реттеу шараларын, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолданбайды.

29-бап


Тауарлардың ішкі нарығының жұмыс істеу тәртібінен ерекшеліктер

      1. Мүше мемлекеттер өзара тауарлар саудасында шектеулер қолдануға (мұндай шаралар ақталмаған кемсітушілік құралы немесе сауданы жасырын шектеу болып табылмайтын жағдайларда), егер мұндай шектеулер:


      1) адамның өмірі мен денсаулығын сақтау;
      2) қоғамдық моральды және құқықтық тәртіпті қорғау;
      3) қоршаған ортаны қорғау;
      4) жануарлар мен өсімдіктерді, мәдени құндылықтарды қорғау;
      5) халықаралық міндеттемелерді орындау;
      6) елдің қорғанысын және мүше мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда, құқылы.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша ішкі нарықта осы Шарттың XI бөлімінде айқындалған тәртіппен санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар да енгізілуі мүмкін.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша тауарлардың жекелеген санаттарының айналымы шектелуі мүмкін.
      Одақтың кедендік аумағында мұндай тауарлардың қозғалысы немесе айналымы тәртібі осы Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

VII бөлім


ДӘРІЛІК ЗАТТАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫҢ АЙНАЛЫМЫН РЕТТЕУ

30-бап


Дәрілік заттардың ортақ нарығын қалыптастыру

      1. Мүше мемлекеттер Одақ шеңберінде тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына сәйкес келетін дәрілік заттардың ортақ нарығын құрады, ол мынадай:


      1) дәрілік заттар айналымы саласында мүше мемлекеттер заңнамасының талаптарын үйлестіру және біріздендіру;
      2) Одақтың аумағында айналымда болатын дәрілік заттардың сапасына, тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптардың бірлігін қамтамасыз ету;
      3) дәрілік заттардың айналымы саласында бірыңғай қағидаларды қабылдау;
      4) дәрілік заттардың сапасын, тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау кезінде бірдей немесе салыстырымды зерттеу және бақылау әдістерін әзірлеу және қолдану;
      5) дәрілік заттардың айналымы саласындағы бақылау (қадағалау) саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру;
      6) мүше мемлекеттердің тиісті уәкілетті органдарының дәрілік заттардың айналымы саласында рұқсат беру және бақылау-қадағалау функцияларын іске асыруы қағидаттарына негізделеді.
      2. Одақ шеңберінде дәрілік заттардың ортақ нарығының жұмыс істеуі осы Шарттың 100-бабының ережелері ескеріле отырып, Одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

31-бап


Медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар
мен медициналық техниканың) ортақ нарығын қалыптастыру

      1. Мүше мемлекеттер Одақ шеңберінде медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) ортақ нарығын құрады, ол мынадай:


      1) медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) айналымы саласында мүше мемлекеттер заңнамасының талаптарын үйлестіру;
      2) Одақтың аумағында айналымда болатын медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) тиімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптардың бірлігін қамтамасыз ету;
      3) медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) айналымы саласында бірыңғай қағидаларды қабылдау;
      4) медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) сапасын қамтамасыз ету жүйесін құруға бірыңғай тәсілдерді айқындау;
      5) медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) айналымы саласындағы бақылау (қадағалау) саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру қағидаттарына негізделеді.
      2. Одақ шеңберінде медициналық бұйымдардың (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың) ортақ нарығының жұмыс істеуі осы Шарттың 100-бабының ережелері ескеріле отырып, Одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

VIII бөлім


КЕДЕНДІК РЕТТЕУ

32-бап


Одақтағы кедендік реттеу

      Одақта Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне сәйкес және Одақтың құқығын құрайтын, кедендік құқық қатынастарын реттейтін халықаралық шарттарға және актілерге сәйкес, сондай-ақ осы Шарттың ережелеріне сәйкес бірыңғай кедендік реттеу жүзеге асырылады.

IX бөлім
СЫРТҚЫ САУДА САЯСАТЫ

1. Сыртқы сауда саясаты туралы жалпы ережелер

33-бап
Одақтың сыртқы сауда саясатының мақсаттары мен қағидаттары

      1. Одақтың сыртқы сауда саясаты мүше мемлекеттердің орнықты экономикалық дамуына, экономикаларды әртараптандыруға, инновациялық дамуға, сауда мен инвестициялардың көлемін арттыруға және құрылымын жақсартуға, интеграциялық процестерді жеделдетуге, сондай-ақ Одақты жаһандық экономика шеңберінде тиімді және бәсекеге қабілетті ұйым ретінде одан әрі дамытуға жәрдемдесуге бағытталады.


      2. Одақтың сыртқы сауда саясатын жүзеге асырудың негізгі қағидаттары:
      мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметіне қатысушылары үшін Одақтың мақсаттарына тиімділікпен қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажеттіден гөрі оншалықты ауыртпалықты болып табылмайтын Одақтың сыртқы сауда саясатын жүзеге асыру шаралары мен тетіктерін қолдану;
      Одақтың сыртқы сауда саясатын жүзеге асыру шаралары мен тетіктерін әзірлеудегі, қабылдау мен қолданудағы жариялылық;
      Одақтың сыртқы сауда саясатын жүзеге асыру шаралары мен тетіктерін қолданудың негізділігі және объективтілігі;
      мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметіне қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді шығарушылар мен тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
      сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың құқықтарын сақтау болып табылады.
      3. Сыртқы сауда саясаты Одақтың өз бетінше не Одақтың органдары мүше мемлекеттер үшін міндетті шешімдер қабылдайтын салаларда мүше мемлекеттермен бірлесіп, үшінші тараппен халықаралық шарттар жасасу, халықаралық ұйымдарға қатысу не сыртқы сауда саясатының шаралары мен тетіктерін дербес қолдануы арқылы іске асырылады.
      Одақ өзі жасасатын халықаралық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалуы үшін жауаптылықта болады және осы шарттар бойынша өз құқықтарын іске асырады.

34-бап


Барынша қолайлылық режимі

      Барынша қолайлылық режимін қолдану Одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында, сондай-ақ мүше мемлекеттердің үшінші тараппен халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда және шарттарда, тауарлардың сыртқы саудасына қатысты 1994 жылғы Тарифтер мен сауда бойынша бас келісімнің (ТСБК 1994) ұғымындағы барынша қолайлылық режимі қолданылады.

35-бап
Еркін сауда режимі

      Үшінші тараппен саудада ТСБК 1994 ұғымындағы тауарлардың еркін саудасы режимі Одақтың осындай үшінші тараппен халықаралық шарты негізінде, осы Шарттың 102-бабының ережелері ескеріле отырып белгіленеді.


      Одақтың үшінші тараппен еркін сауда режимін белгілейтін халықаралық шарты сыртқы сауда қызметімен байланысты өзге де ережелерді қамтуы мүмкін.

36-бап


Дамушы елдерден және (немесе) неғұрлым төмен дамыған елдерден
шығарылатын тауарларға қатысты тарифтік преференциялар

      1. Осы Шартқа сәйкес Одақ дамушы және неғұрлым төмен дамыған елдердің экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында дамушы елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан және (немесе) неғұрлым төмен дамыған елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан шығарылатын тауарларға қатысты тарифтік преференциялар бере алады.


      2. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін, дамушы елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан шығарылатын преференциялы тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің 75 пайызы мөлшерінде кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
      3. Одақтың кедендік аумағына әкелінетін, неғұрлым төмен дамыған елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан шығарылатын преференциялы тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі кедендік әкелу баждарының нөлдік мөлшерлемелері қолданылады.

37-бап


Тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары

      1. Одақтың кедендік аумағында Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылуын айқындаудың бірыңғай қағидалары қолданылады.


      2. Кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолдану (тарифтік преференциялар беру мақсаттарын қоспағанда), тарифтік емес реттеу және ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, тауарлардың шығарылу таңбалануына қойылатын талаптарды белгілеу, мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуларды жүзеге асыру, тауарлардың сыртқы саудасы статистикасын жүргізу мақсаттары үшін Комиссия белгілейтін, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары (тауарлардың шығарылуын айқындаудың преференциялы емес қағидалары) қолданылады.
      3. Дамушы елдерден немесе неғұрлым төмен дамыған елдерден - Одақтың бірыңғай тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланушылардан Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференциялар беру мақсаттары үшін Комиссия белгілейтін, дамушы елдерден және неғұрлым төмен дамыған елдерден тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары қолданылады.
      4. Өздерінің Одақпен сауда-экономикалық қатынастарында еркін сауда режимі қолданылатын мемлекеттерден Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференциялар беру мақсаттары үшін Одақтың үшінші тараппен еркін сауда режимін қолдануды көздейтін тиісті халықаралық шартында белгіленген тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары қолданылады.
      5. Егер Одақтың үшінші тараппен еркін сауда режимін қолдануды көздейтін халықаралық шартында тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары белгіленбеген немесе олар мұндай шарт күшіне енген кезге дейін қабылданбаған жағдайда, осы елден шығарылған, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты тауарлардың шығарылуын айқындаудың тиісті қағидалары қабылданған кезге дейін осы баптың 2-тармағында көзделген тауарлардың шығарылуын айқындау қағидалары қолданылады.
      6. Тауарлардың шығарылуын айқындау (растау) саласында үшінші тараптың бірнеше бұзушылық жасау фактілері болған кезде Комиссия мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің нақты елден әкелінетін тауарлардың шығарылуын айқындаудың (растаудың) дұрыстығына мониторинг жүргізуі туралы шешім қабылдауы мүмкін. Тауарлардың шығарылуын айқындау (растау) саласында үшінші тараптың жүйелі түрде бұзушылықтар жасауы анықталған жағдайда, Комиссия мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің тауарлардың шығарылуын растайтын құжаттарды қабылдауын тоқтата тұруы туралы шешім қабылдай алады. Осы тармақтың ережелері әкелінетін тауарлардың шығарылуын бақылауға және оның нәтижелері бойынша шаралар қабылдауға қатысты мүше мемлекеттердің өкілеттіктерін шектемейді.

38-бап


Көрсетілетін қызметтермен сыртқы сауда

      Мүше мемлекеттер үшінші тараптармен көрсетілетін қызметтер саудасы саласын үйлестіруді жүзеге асырады.


      Үйлестіруді жүзеге асыру Одақтың осы саладағы ұлттықтан жоғары құзыреті барын білдірмейді.

39-бап


Үшінші тараптармен саудадағы шектеу шараларын жою

      Комиссия үшінші тараптардың нарығына қол жеткізу кезінде жәрдем көрсетеді, үшінші тараптың мүше мемлекеттерге қатысты шектеу шараларына мониторинг жүргізеді және үшінші тарап Одаққа қатысты қандай да бір шара қолданған немесе Одақ пен үшінші тараптың арасында сауда дауы туындаған жағдайда, мүше мемлекеттермен бірлесіп тиісті үшінші тараппен консультациялар жүргізеді.

40-бап
Үшінші тарапқа қатысты жауап шаралары

      1. Егер Одақтың үшінші тараппен және (немесе) мүше мемлекеттердің үшінші тараптармен халықаралық шартына сәйкес жауап шараларын қолдану мүмкіндігі көзделген жағдайда, Комиссия Одақтың кедендік аумағында жауап шараларын енгізу, оның ішінде кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің деңгейін арттыру, сандық шектеулер енгізу, преференциялар беруді уақытша тоқтата тұру немесе Комиссияның құзыреті шеңберінде тиісті мемлекетпен сыртқы сауда нәтижелеріне әсер ететін өзге де шараларды қабылдау арқылы енгізу туралы шешім қабылдайды.


      2. Мүше мемлекеттердің үшінші тараптармен 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасасылған халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, мүше мемлекеттер жауап шаралары ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифімен салыстырғанда кедендік әкелу баждарының жоғарылатылған мөлшерлемелерін біржақты тәртіппен қолдануға, сондай-ақ мұндай жауап шараларын әкімшілендіру тетіктері осы Шарттың ережелерін бұзбау шартымен тарифтік преференциялар беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.

41-бап


Экспортты дамыту жөніндегі шаралар

      Одақ халықаралық шарттарға, Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен қағидаларына сәйкес мүше мемлекеттер тауарларының үшінші тараптар нарығына экспортын дамыту жөніндегі бірлескен шараларды қолдана алады.


      Бірлескен шаралар, атап айтқанда, экспортты сақтандыру мен кредиттеуді, халықаралық лизингті, «Еуразиялық экономикалық одақтың тауары» деген ұғымды ілгерілетуді және Одақ тауарларын бірыңғай таңбалауды енгізуді, шетелдегі көрмелік-жәрмеңкелік және экспозициялық қызметті, жарнамалық және имидждік шараларды қамтиды.

2. Кедендік-тарифтік реттеу және тарифтік емес реттеу

42-бап



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет