Қазақ мұғалімдер мектебі (Ор қаласында жұмыс істеп тұрған кезеңі). Орынбор өлкесінде
ашылған уездік және жоспарда ашылатын болыстық мектептерге мұғалімдер дайындау мәселесі
өлке басшылығының тарапынан 1870 жылдан бастап қолға алынады. 1870 жылдың 3 сәуірінде
Орынбор губерниясындағы мектептердің директоры Колесниковтың төрағалығымен өткен Комиссия
жұмысында аталмыш мәселе арнайы талқыланып, қазақ және башқұрт мектептеріне мұғалімдер
дайындау үшін арнайы пансионат ашу, оған уездік орталықтардағы бастауыш мектептерді бітірген
оқушыларды қабылдау, егер ондай мүмкіндік болмаса пансионат жанынан дайындық бөлімдерін,
ал уездік мектептер жанынан педагогикалық курс ашу мәселелері көтеріледі. Комиссия талқылаған
аталмыш мәселені Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Крышановский Қазан оқу округінің
басшысы (попечитель) Шестаковқа жолдайды. Шестаков жобаға пікір білдіру үшін Қазан
университетінің профессоры Н. Ильминскийді тартады (Васильев, 1896: 105-107).
Н. Ильминский жобаға қатты қызығушылық танытып, оған өз пікірі мен көзқарасын 1871
жылдың 7 наурызында «Орынбор өлкесінде бөгде жұрттарға арналған мұғалімдер мектебі туралы
пікір» (Мнение об учительской школе для инородцев Оренбургского края) деп атаған жазбасында
білдіреді. Онда ол бөгде жұрт арасында жүргізілетін халық ағарту ісінің түпкі мақсатына «жалпы
адамзаттық және саяси мүддеге» тоқайласуы тиіс екенін айта келе, мұғалімдер мектебінің оқу
үрдісі қазақтарды татарлық-мұсылмандықтан сақтауға, орыс мәдениетіне деген ынтазарлықты
қалыптастыруға құрылуы қажет екенін, аталмыш мақсатты жүзеге асыру үшін қазақ тілінде
кітаптар шығаруды, араб әліпбиін орыс алфавитіне көшіру мәселелерін алға тартады. Мұғалімдер
мектебін Орынбор қаласындағы қазақ мектебінің ғимаратына орналастыруды ұсынады
(Ильминский, 1891: 165-180).
1870 жылы көтерілген аталмыш бастама бөгде жұрттар арасындағы ағарту ісі «Халық ағарту
министрлігінің» қарауына көшуіне байланысты әкімшілік-бюрокарттық кедергілерге кезігіп көп
жылдарға созылып кетеді. 1882 жылдың 10 маусымында 12 жыл бұрын Орынбор әкімшілігі тарапынан
көтерілген мәселе жүзеге асып, Ор қаласында мұғалімдік мектеп ашу туралы шешім бекітіледі.
Инженер Корф дайындаған мектептің жобасы қаржы тапшылығына байланысты жүзеге аспай,
ғимарат жалға алынады. Мектеп 1883 жылдың 10 сәуірінде ашылады. Мектептің басшысы болып
А.Г. Безсонов бекітіледі (Васильев, 1896: 113-117).
Мектеп 1888 жылы Ор қаласынан Орынборға көшіріледі. Себебі мектеп ғимараты өртке
ұшырайды. А. Васильев 1888 жылды өртке және кейбір шәкірттердің бұзақылық көрсетуіне
байланысты келеңсіз көріністер жылы деп көрсетеді. Мектептің 4 сынып оқушылары бұлғақ
шығарып, тәртіпсіздік жасайды. Бұл оқиғаға оқу округінің басшысы арнайы келіп қызметтік
тесеріс жүргізеді. Соның нәтижесінде 4 сынып оқушысы Битен Ботабаев оқудан шығарылады
(Васильев, 1896: 122-124).
Бұрынғы оқу инспекторының «келеңсіз көріністер» деп бағалап, оның жай-жаспарын баяндамай
отырған оқиғасы – мектеп басшысы А. Безсоновтың 3-4 сынып оқушыларына провославия дінінің
кітаптарын насихаттауына байланысты туындайды. Бұл оқиғадан Ы. Алтынсарин де шет қалмай,
мектеп басшысының ісін сынайды (Ильминский, 1891: 22-23).
Ор қаласында жұмыс жасап тұрған кезде мұғалімдік мектепті 20 қазақ шәкірт бітіреді.
Олардың ішінде Ы. Алтынсаринның Торғай мектебінен бітірген Ғ. Балғымбаев, Д. Тоқтабаев,
И. Тоқмұхаммедов, Ж. Тобылбаев, Н. Дәулеткалиев, А. Әлімбаев (Алимбаев), Е. Үсенов сынды
шәкірттері де бар еді (Васильев, 1896: 122-124). Мысалы, Ғ. Балғымбаев 1886 жылы Ы. Алтынсаринның
шақырумен Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебінің мұғалімдік қызметіне орналасады.
1889 жылы ол төсек тартып ауырып жатқан ұстазының күні-түні қасында болып күтіп бағады, оны
ақтық сапарға шығарып салады (Центральная научная библиотека, 397-1: 213-214).
Достарыңызбен бөлісу: |