Тамшы сөз: Қарыздан қорқам, қарыздан қорқам ағайын, жазым боп
кетсем өтей алмаймын ба деп талайын ...
Азаматтарымыз мықты болса, ел азбайды
Тіреуі мықты қараша үйді дауыл құлатпайды. Азаматтарымыз мықты
болса, ел азбайды. Біздің бала кезімізде нағашы атамыз биесін ерттеп мініп,
бір күндік жол жүріп, ауылға, біздің үйге келетін. Балалар біздер үшін ол
68
күн – үлкен мереке. Үлкен кісілер де қауқылдасып, атама келіп сәлем беріп,
бір самауыр шайды әңгімелесіп отырып ішетін. «О, бәрекелді, Әбдірахман
құда келген екен ғой» деп, біздің ауылдың екі-үш шалы келеді.
«Ассалаумағалейкум» деп амандасқандарының өзінде бір-бірлеріне деген
құрмет байқалады.
–
Балалардың жағдайын біліп кетейін деп келдім, оның үстіне ел
жақсылары құдалар сіздермен көрісіп қайтайын деген ой болды,
қалайсыздар, бақуатсыздар ма, мал-жан аман ба? – дейді менің нағашы атам.
–
Жақсы-ы, - деп, даусын созып, біздің қарттар амандық-есендік сұрайды.
Иықтарында орамал, қолдарында құмған суы бар ағаларымыз үлкен
кісілердің қолдарына су құяды, үлкен кісілер батасын береді. Екі сөздерінің
бірінде : «құдайға шүкір, тәубе» деп отырып, бір-бірлерінен екі жақтың бар
жанұясының амандығын сұрап-біліп, өткенге иман айтып, болғандарының
жақсылығына «жақсы болған» екен десіп отырғаны.
Жиендерінің малдарының қомдылығын, жем-шөптерінің жетер-
жетпесін, қора-қопсының жай-күйін, тіптім қашаның бүтіндігі мен аула
тазалығына дейін қарап, тексеріп шығады. Кешке бәрінің бастары
қосылғанда көргенін, байқағанын сабырлы қалпымен, қоңыр үнімен
салмақтап айтады.
–
Малдарың азбапты, үнемдесеңдер жем-шөптерің де жетіп қалатын
сияқты. Ішкі қораларың қойға тар болып тұр. Қозылы қойларды бөлек
қамаңдар, бөлек ас-су беріңдер. Қозыларын емізеді ғой, обал болмасын.
Күндіз сыртқы қораға қамаңдар, мал екеш мал да кеңдікті, еркін қозғалғанды
жақсы көреді. Қашаларың күзде келгенде қисайып тұр еді, өзіңмен
салыстыршы, үнемі еңкейіп тұрған жақсы ма, әлде еңсеңді көтеріп тік
тұрғаның жақсы ма? Әкел, балта әкел, шеге әкел, – деп, азамат болған менің
әкемді жұмсайды. Әкеміз ол кісінің алдында жас баладай құрақ ұшады.
«Болды ата, қазір өзім-ақ, жөндеп тастаймын» деп, атамды үйге кіргізіп
жіберіп, атам шыққанша жап-жақсы етіп жөндеп қоятын. Атам тағы
жиендеріне: «Сендер соқталдай азаматсыңдар ғой, анау Омаш ақсақалдың
отыны (көмірі) далада жатыр, ішке тасып кіргізуге өзінің де, кемпірінің де
қауқары жоқ. Ертең күн аязда, жаңбыр, қар жауса, қатып қалады ғой.
Қарақтарым, барып тасып тастаңдар, үлкен кісі батасын береді. Сұм соғыс
балаларын жұтпаса, олар да сендер құсап арқа-жарқа болып отырар еді»,–
деп, Омаш атам туралы жақсы-жақсы естелік әңгімелерін айтып береді. Атам
асықпай біздің үйде үш-төрт күн жатып, біздің ауылда тұратын өзімен
тетелес әпкесінің үйіне барып, ол үйдің де қуанышын көбейтіп, қайтарында
үйге соғып, бір самауыр шайын ішіп, қайыр-қош айтысып кететін. Біздер ол
кісі ұзап кеткенше артынан қарап тұратын едік. Бұрылысқа барғанда атам
артына қарамай-ақ, біздің қарап тұрғанымызды сезіп, қамшысын жоғары бір
көтеріп, қоштасатын.
Атам келіп кеткен соң біздің үйдің адамдары басқаша өмір сүретін
сияқты болып көрінетін. Атам сонда бәрімізге бір жылылық, ынтымақ-береке
сыйлап, жауапкершілік жүктеп кететін. Басқаша дегенім осыған байланысты
69
сияқты. Осыдан басқа ауылдың адамдарына, жоқ-жітік ағайындарға
көмектесуді аманаттап тапсырып кетеді. Апам болсын, анам болсын:
«әнекүнгі аталарыңның сөзін ұмыттыңдар ма, барыңдар көмектесіңдер,
отынын тасып, шөбін шауып, жинап беріңдер» деген нақты тапсырмалармен
жұмсайды. Сонысымен қоймай, «атаңа, апаңа апарып бер» деп, шайын,
жылы-жұмсағын беріп жатады.
Бұл жағдай – тек біздің үйдегі жағдай емес, барлық ауылдың, елдің
дәстүрі. Тентегін тезге салып, жетпегенін жеткізіп, бір-бірінің жағдайын
білісіп жүргендіктен ауыл іші берекелді болатын. «Көппен бітетін жұмыс»
деп, асарлатып қыш құйып, үй соғып, қыз-келіншектер, біздің шешелеріміз
ақтап, сылап, бір қазаннан ас ішіп, мәз-мейрам болып жатушы еді. Ол кездегі
ер азаматтар салиқалы да салмақты болатын. Олардың мысы басып тұратын.
Ауылдың бала-шаға, қатын-қалашы ол кісілердің алдында артық қимыл
жасауға қорқып, сындырған нандай сызылып тұрушы еді.
Ал қазір қандаймыз? Ер азаматтардың сол мысы, абыройы қайда? Ел
қайда, ер қайда?.. Ел бірлігін, ұрпақтың болашағын ойлай ма? Әй, қайдам?
Күні түскенге құрдай жорғалап, «Бәке, Сәке» деп, көпшік қойып, өзінен жасы
кіші бастықсымағының алды-артын орап, жалпақтап жату, өтірік марапаттау,
«дұрыс, дұрыс айттыңыз, дұрыс істедіңіз» деп, өтірік айту, бәріміздің тегін
көріп жүрген концертіміз емес пе? «Құрсын, не болса, ол болсын, өзім
жұмысымнан айырылып қалмасам болғаны, бала-шағамды асырап отырмын
ғой, мен түзеуім керек пе?» деп, көлеңкесінен қорқып, қарабасының қамын
ғана ойлаған азаматтардың басына ел қамын ойлау қайдан сисын? Ал өзі
бастық болған адам кешегі өмірін мүлдем ұмытқан, бүгін одан өткен кісі
жоқ. Онша-мұнша адамдарды танымай да қалған. Сәлеміңді алмай, немесе
аузын жыбырлатып қана, көрсе де көрмегендей, саған сәлем берсе, тағынан
түсіп қалардай болып қалады. Ал сенің қасыңда лауазымды адам болса,
сенің соған жақындығыңды білсе, кешегі амандаспағаны есінде жоқ, ана
төреге жағымпаздану үшін сені хан көтеруі оп-оңай. Қайран ағаларым-ай...
Сіздер қарабастарыңыздан аспай, жұдырықтай жұтқыншақтарыңызды
тойдыра алмай, кішіні менсінбей, қария-дарияларымызға қарамай кеткен соң,
қараусыз қалған Қазақ-Үй тозбағанда қайтсін? Ағадан тағылым алмаған
ұрпақтың азбағанда несі қалады? Жұмыссыз, мейірімсіз қалған қарындас
көшеге шықпағанда қайтеді? Не қалды? Арымызды аздырып, бетімізге
шіркеу болып, ата-анасының қасіретіне айналған ұрпақтан ұрпақ көбейе ме?
Ол көктей ме? Адам атына лайық өмір сүре ала ма?
Қараңыздаршы, дүние екі жарылып тұр. Ақшасы барлар, ақшасы
жоқтар болып. Барларының барлықтан бастары айналып, дүниені қайда
шашарларын білмей, түнгі клуб, ойынханаларда «адам салып» ойнайтын
дәрежеге жетті. Қыз дегеніңіз қолдан-қолға таратып ойнайтын карта сияқты
құралға айналды. Азған ұл, азған қызда ұлт деген ұғым,тіл деген түсінік жоқ.
Ақшасыздар не істеп жүр? Шамасы келгені базарда арба тасып жүр,
ептілері ұрлық жасап жүр, епсіздері байлардың қарауылы, есік алдын
сыпырушы болып жүр.
70
Зиялы қауым «сен тимесең мен тиме бадырақ көз» деген принциппен
өмір сүріп жатыр. Шолақ белсенді, шаш ал десе бас алатын әпербақан басшы
«зиялыларымызды» жерден алып, жерге салып жатса да, басынан сөз
асырып, ар-намысына тиіп, жұрт алдында бес жасар балаға ұрысқандай
айғайласа да, біздің ағаларымыз жұмған аузын ашпай отыра береді.
Сонда не болдық? Қандай күйге душар болдық? Үлгі етер үлкен
қалмаса, ұрпақ не болды?
Елжанды болып, тіл мен ділімізді түгендеп жүрген кейбір
азаматтардың сөзі мен ісі Жер шарының екі полюсінде. Мысалы, қазақ тілі,
қазақ әдебиеті деп, соның нанын жеп жүрген ағаларымыздың балалары
қазақша білмейді, немерелерімен өздері орысша сөйлеседі. Біреудің мінін
тауып жатады, өз қылмысы, өз міні тасып-төгіліп жатады. Айта берсең,
тауыспайсың.
Аттың басын бұрып отырмасаң, сауырынан анда-санда қамшымен
қағып отырмасаң, барар жеріңе ат та апармайды ғой, сол сияқты
азаматтарымыз елінің тізгінін қолына алып, оңға жол салмаса, елдігімізден
айрылып, адасып қалмасымызға кім кепіл? Қарындас қауым ел өздеріңізге
қарап отыр.
Ер азаматтар, ел-жұрттарыңыз сіздер өмірге келгенде «қамшыгер
келді, батыр келді, елін, жерін қорғайтын жауынгер келді» деп қуанбап па
еді? Азаматтар, еліңді иесіз қалдырма? Бейбастыққа жол бермеңіздер, ол
үшін өздеріңіз шын үлгі бола біліңіздер. Қоғамдағы тиым салатын нәрселерге
алаңдамай тиым салу керек. Көшедегі кіндігін ашып жүрген, темекіні
будақтатып, арақты тартынбай ішіп жүрген қыздар аспаннан түскен жоқ,
сіздер мен біздердің балаларымыз. Той-жиында жартылай жалаңаш билеп,
бөкселерімен ер азаматтардың иығынан соғып, ақша дәметіп тұратын қыздар
да бөтен емес. Немерелеріндей жас балалардың омырауын ашып , немесе
мықынына ақша салып жатқан ер азаматтардың әрекеттері қандай сұрықсыз,
жиіркенішті десеңізші. Қазақ қарамасаң қатын кетеді дейді. Егер сіздер
сондай қыздарға қарамасаңыздар, екінші рет олар билеп әуре болмас еді.
Аға-бауырлар, сіздерге ақыл айтып, елге көрінейін деген ой жоқ. Ана
болған соң, ұстаз болған соң ұрпақ тағдырын ойламай отыра алмайды
екенсің. Ат-атағы бар ағаларымыз, бауырларымыз баспасөз бетінде
бетжыртысып жатқанда, қасиетімізді, ұлық аналарымызды қаралап жатқанда,
«тозған қазды топтанған қарға жейтінін» сезгенде қара жер қара қайғыны
көтере алмай қалар ма екен деп ойлайсың.
Жер көлемі жағынан әлемнің тоғызыншы орнында тұрған
Қазақстанның әлеуметтік те, әлеуеттік те, демографиялық та мұңы
жеткілікті. Оны шеттен келгендер, немесе өзге тарихи отаны барлар
көктетпейді де, көгертпейді де. Бабаларымыз: «өзім дегенде өгіз қара күшім
бар» демеп пе еді? Өзіміз істер шаруаларымыз көп, ендеше есімізді жыйып,
елге бетімізді бұрайық.
Адамзат жанының рухани қамқоршысы, ұлы жазушы Шыңғыс
Айтматовтың мына бір сөзін оқып, үзіндісін өзгертпей беріп отырмын. «Он
71
үш миллионнан астам халқы бар Токио қаласы осыдан он шақты жыл бұрын
ауаның ластануынан аса зор қиыншылыққа тап болғаны есімде. Қала
үйлерінің тығыз орналасқандығы, өндіріс, кәсіпорын мекемелерінің,
зауыттар мен фабрикалардың есепсіз көптігі, автомобиль, автобустардың легі
күндіз-түні бір тыншымай, тоқтаусыз ағылатыны ұлы мәдениет пен озық
технологияның алып орталығын мүсәпір халге душар еткен. Тіпті
тұрғындарының біразы кеуде керіп еркін тыныс ала алмай, таза ауа
толтырылған маска киюге мәжбүр болған. Туабітті еңбекқор жапондықтар
бұл азапты тірліктен қалай құтылды дейсің ғой? Ең алдымен астана мэрінің
орнына конкурс жариялаған. Негізгі шарты: «кім ауаны жедел тазалайтын
озық жоба ұсынса, сол қала әкімі болсын» деген. Сонымен сан мыңдаған
талапкер арасынан суырылып, ғылыми сарапта жеңіп шыққан азамат билік
басына келеді. Ол өзінің берген уәдесіне сәйкес Токионы алты айдың ішінде
әлемдегі ең таза қалалардың қатарына қосқан. Осындай қатаң бәсекеде
іріктелген жаңашыл да жігерлі басшы өркениеттің орталығына айналған қай
қалаға да артықтық етпес еді».
Сондай иесін күтіп тұрғантүтінге, улы газдарға тұншыққан қала,
далалар біздерде де бар емес пе?
Сөзіміздің басын нағашы атамның әрекетінен бастап едім, соған қайта
оралайын. Азаматтар – елдің тірегі, қорғаушысы, қалқаны. Олар түзелмей ел
түзелмейді. «Елім» деп шын мейірленетін азаматтар ел тауқыметін
шешпейінше, ел-жер көктемейді. Жер бетінің байлығы мал да емес, дүние де
емес, Адам. Бір-бірлеріміздің қадірімізді біліп, бауыр жүрекпен, бауыр
тілекпен, сәлемді түзу беріп, түзу алып жүргенге не жетеді. Қаумалаған
қарапайым бауырларыңды, олардың дариядай дархан көңілін түкке
тұрмайтын, кеудесі бос кеуек бөтендерге айырбастамасаңыздар етті. Басыңа
күн туып, балтырың сыздаса, теріс қарамайтын, өкпеге қиса да, өлімге
қимайтын сол ағайының болады.
Бұрынғы ата жолын бәріңіз көргенсіздер, менің нағашы атамдай
кемеңгерлер бәріңізде болды. Ол кісілердің салып берген жолына, елдік,
бірлік жолына қайта түсейік, адассақ, қайта айналып табайық. «Сәлем
бергелі келдім, қарғам, елден шыққан азаматтың бірісің ғой, атбасын әдейі
бұрып келдім десе, «аға, ініңізбін ғой, қарындасыңызбын ғой, пәленшенің
баласымын ғой» деп келсе, кісі болмай кіші болыңыздар.
Қалада жүрген зиялы қауым, бәріміздің шыққан жеріміз – Ауыл-Кіндік
бар. Ол – біздің тамырымыз. Тамырымыз қураса, жапырағымыз солып,
күндердің күнінде бәйтерек боп аспан тіреп тұрған өзіңіздің құламасыңызға
кім кепіл?
Ауылдың суы тартылса, жаныңның ағзасы кеппей ме? Ауылға тіршілік
көзін, рухани жан азығын сыйлайық. Ел азаматтары жиналып, ақылдасып,
бірлесе көмек көрсетейік, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген еді ғой
бабаларымыз.
Ел азаматтары, қоғамда өріс алып бара жатқан, сүйегімізге таңба
салатын, дәстүрімізге жат жастардың азғындауына шара қолданып, тыйым
72
салу керек. Тәрбие мәселесін шындап ел болып қолға алуымыз керек. Ертең
бәрі кеш болады.
Елдегі ағайын-жұрт, сіздер де бұрынғы ата-баба дәстүрін қалпына
келтіріп, үдере ауылды тастап көшпей, барды ұқсатып, жоқты жасап,
балаларыңызға туған жердің қадір-қасиетін ұқтырып, Абай дананың: «Өзіңе
сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен білімің екі жақтап» деген өсиетімен
тірлік етсеңіздер екен. Ауыл-қазынамыз сақталса екен деген тілек қой.
Қайдан шыққан данагөй демеңіздер, мен де елдің баласымын.
Халқымды, туғандарымды, аулымды жанымдай жақсы көремін.
Достарыңызбен бөлісу: |