«Халықаралық экономикалық қатынас»


Өзін-өзі бақылау сұрақтары



бет5/10
Дата11.06.2016
өлшемі0.86 Mb.
#128286
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Әлемдік шаруашылық байланыстардың дамуы.

2.Капиталдың халықаралық қозғалысының қазіргі кездегі масштабтары және динамикасы.

3.Капиталдың халықаралық қозғалысының формалары.

4.Тікелей инвестициялардың себептері және құрамы.

5.Портфелдік инвестициялаудың себептері.


Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Байгисиев М. Халықаралық экономикалық қатынастар. – Алматы., 2006

2.Доғалова Г. Халықаралық экономика. – Алматы., 2010

3. Мамыров Н.Қ. Халыкаралық экономикалық қатынастар. – Алматы., 2009


Дәріс №9. Жұмысшы күшінің халықаралық миграциясы

1.Халықаралық еңбек миграциясының мәні және себептері.

2.Миграцияның экономикалық тиімділігі.

3.Жұмысшы күші миграциясын мемлекеттік реттеу.



Тақырып бойынша басты түсініктер:. халықаралық еңбек миграциясы, миграцияның экономикалық тиімділігі, жұмысшы күші миграциясы.

1.Халықаралық еңбек миграциясының мәні және себептері. Еңбек миграциясы - адамзаттың өмір сүруі сияқты көне құбылыс. Тарихымыздың басында әскери жаулау сипатында болған халықтардың көшіп-қонуы байқалған. Миграция тарихы адамдардың жаппай көшуінің әр түрлі түрлерін енгізді. Алғашқы қауымдық құрылыста бос жерлерге көшіп-қону, ең алдымен, өмір сүруге қажетті заттарды табу, оның ішінде мал бағу, аңшылыққа негізделген еді. Жер өңдеудің дамуы да адамдарды құнарлы, ауылшаруашылыққа жарамды жерлерді іздестіруге мәжбүр еткен.

Кұл иеленушілік және феодалдық құрылыс кезінде территориялық қозғалыстар шектелген ауқымда болды. Ол өндірушінің жеке тәуелді болуына байланысты болды. Соған қарамастан, құлдар еңбегі мен құлдар саудасы, мысалға Америкаға құлдық плантациялық шаруашылық үшін жеткілікті жұмыс күшін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Капиталистік құрылысқа дейін кеңістіктегі еңбек мобильдігі әр түрлі формалар - отарлау, құл саудасы - арқылы жүзеге асырылды.

Капитализм жағдайында халықтың территориялық орын ауыстыру сипаты күрт өзгерді. Жұмысты іздеуге байланысты көшіп-қонудың жаңа түрі пайда болды. Капитализм мен нарықтық экономиканың осы жағдайларында экономикалық мәжбүрлікке негізделген жұмысшы күші миграциясы халықаралық деңгейге шығады,

Территориялық мобильдіктің күшеюі бір жағынан жұмысшының өндіріс құралдарынан бөлініп, заңды еріктілігіне негізделген жұмысшы күшінің тауарға айналуы болса, екінші жағынан капитал қорлану процесі жұмысшы күші қозғалысының объективті себебі болды. Сөйтіп, капитализм кезіндегі өндіргіш күштердің өсуі мен дамуы жұмысшы күшінің миграциясын күшейтуді меңзейді. Капитализм дамуымен миграциялық процестегі жұмысшы күші миграциясы, басқаша айтқанда еңбек миграциясы кең өріс алды.

Капитализм дамуының әр сатысында еңбек миграциясы ұғымына өзіндік түсінік болған.

1880 жылға дейін Батыс Еуропа, Англия, Германия және Швецияның бір бөлігінде ескі имиграция деп аталатын миграция басым болды. Осы кезеңде ірі машина индустриясы дамуына байланысты ағымдағы халықтың тығыздығы, әсіресе аграрлық халық тығыздығы басым болды. Сөйтіп миграциялық ағымдар АҚШ-қа, Австралияға, Канадаға бағытталды.

Жаңа миграция кезеңі американдық өндірістің артта қалған Шығыс және Оңтүстік Еуропадан, Австро-Венгрия, Италия және Россиядан жұмысшыларды әкелуінен басталды.

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін бұрынғы әлемдік шаруашылық байланыстар күрт өзгеріп, ғылыми-техникалық прогресс күш ала бастап, еңбек күші рыногының интернационализациясы жұмысшы күшінің миграция процесіне елеулі өзгерістер әкелді.

Сөйтіп. енбек миграииясы - бұл еңбекке жарамды халықтың қандай да бір қоғамның экономикалық қажеттілігіне айналған, еңбек күшін қажет ететін орындарға байланысты қозғалысы.

Халық миграциясының басты функциясы әр түрлі елдердегі, аудандардағы және елді мекендердегі жұмысшы күшінің түрлі мамандану мен бағытталуының, ұсынысы мен сұранысының сандық және сапалық сәйкестігін қамтамасыз ету болып табылады.

Миграцияны ішкі және сыртқы миграцияға бөледі.

Халықаралық миграцияға иммиграция, эмиграция, рэмиграция, білімділердің кетуі, миграциялық сальдо ұғымдары тән.



Иммиграция - жұмысшы күшінің басқа елге, жұмысқа немесе оқуға белгілі мерзімге орналасу мақсатымен келуі немесе жұмысшылар импорты.

Эмиграция – жұмысшы күшінің экспорты, басқаша айтқанда шетелде жұмыс орындарын алу мақсатымен елден кетуі.

Реэмиграция - эмигранттардың Отанына тұрғылықты өмір сүру үшін қайтып келуі (оралмандар).

"Милардың ағымы" -жоғары білімді мамандардың халықаралық қозғалысы.

Миграциялық сальдо - кетіп қалған және келген мигранттар арасындағы айырма. Егер эмиграция иммиграциядан көп болса, миграциялық сальдо теріс болып, елден жұмысшы күшінің кетуі байқалады. Ал егер эмиграция иммиграциядан аз болса, миграциялық сальдо оң болып, елге жұмысшы күшінің келуі байқалады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының топтастыруына сәйкес, сыртқы миграцияның төмендегідей түрлері бар:



  1. Қайтпайтын -тұрғылықты мекендеуге бағытталған миграция.
    Миграцияның бұл түрі белгілі бір жағдайларда АҚШ, Канада,
    Австралия, Германия, Израильде рұқсат етілген.

  2. Маусымдық - қабылдаушы елде бір жылдан кем уақытқа
    төлемді жұмыс табу үшін келген, уақытша немесе маусымдық
    мигранттар болып табылады.

  3. Маятникті мигранттарды "фронтальерлер" деп атайды.
    Жұмысшы-фронтальер-мигранттар күн сайын көрші мемлекетте
    жұмыс істеу үшін шекарадан өтеді.

  4. Амалсыз миграция. Амалсыз миграция экономикалық емес
    себептерден болса да, ол эмиграция мен иммиграция елдерінің
    дамуына әсер ететін еңбек ресурстарының қайта бөлінуіне әкеледі.

Соғыстан кейінгі жылдары болған ірі миграциялық ағымдар жаңа мемлекеттік шекаралар орнауы, әлемдік социализм жүйесінің пайда болуы және отарлық жүйенің күйреуімен байланысты болды.

КСРО, АҚШ, Ұлыбритания арасындағы Потсдам келісіміне сәйкес Германия шекарасы халықтың басым бөлігі ГДР мен ГФР территориясына көшуіне әсер ететіндей өтті. Шығыс Азияда Қытай мен Кореядан Жапонияға 6 млн. адам көшірілді.

Израиль, Вьетнам, Куба, Эфиопия, Ауғаныстандарда саяси өзгерістер, басқаша айтқанда әскери агрессия мен азаматтық соғыстар халықтың ірі көшіп-қонуына әсер етті.

XX ғасыр босқындар ғасыры деп аталуда. 1999 жылы әлемде олардың саны 27,4 млн. адамнан асып кетті. (1980-9,6 млн.) Амалсыз миграция көптеген елдерге әсер етіп, әлемдік сипат алды. Амалсыз мигранттардың басым бөлігі - 83 пайызы - дамушы елдерде орнықты.

Мигранттардың заңды статусы бойынша, халықаралық миграция Ресми және заңсыз болып бөлінеді.

Заңсыз мигранттар - елге жұмыс іздеу барысында, заңды (жеке шақырулар, турист ретіне) немесе заңсыз негіздерде келіп, жұмысқа орналасқан адамдар. Рұқсатсыз орналасқандар заңсыз деп саналады.

Халықаралық миграцияға бірқатар заңдылықтар тән:



  1. Миграция процесінде басты орынды еңбек миграциясы
    алады. Мемлекетаралық миграцияда, қазіргі еңбек күші рыногында
    еңбек детерминантасы басты болып табылады.

  2. Халықаралық миграция қоғамның әлеуметтік-экономикалық
    өмірінде күнделікті құбылыс болды. Бұл процесс қалыпты түрде
    дамуда. Әлемдік миграция айналымына көптеген елдердің
    жұмысшылары қатысуда. Сондықтан капитал, тауар рыноктарымен
    бірге халықаралық еңбек күші рыногы пайда болып, оның негізгі
    қозғаушы күші еңбек миграциясының процесі болды.

  3. Заңсыз миграцияның кең ұлғаюы байқалуда

  4. Мигранттар арасында жоғары маманданғандардың үлесі өсуде.

2.Миграцияның экономикалық эффектілері. Халықаралық еңбек күші миграциясы көптеген ғасырлар бұрын пайда болды, осы уақыт ішінде жұмысшылардың қозғалысын түсіндіретін теориялық негіздерде елеулі өзгерістер болды. Экономистер арасында еңбек күші миграциясы анықтамасында, оны зерттеудің тәсілдерінде біраз қайшылықтар бар.

Бірқатар ғалым-экономистердің пікірінше, халықаралық еңбек миграциясы - бұл басқа елдің территориясындағы еңбек іс-әрекетімен байланысты халықтың территориялық қозғалысының барлық түрлерінің жиынтығы. Бұл жерде территориялық халық қозғалысы оның басқа түрлерімен - табиғи және әлеуметтік-қозғалысымен - тығыз байланыстылығы түсіндіріледі.

Зерттеушілердің бір бөлігі миграцияны еңбек рыногында ішкі тепе-теңсіздікті жою әдісі ретінде қарастыруда. Егер елде еңбек күшінің тапшылығы болса, шетел жұмысшы күші тартылады, ал артықшылығы болса, жұмысшыларды шетелге жұмысқа орналастыру ынталандырылады.

Батыс экономикалық әдебиеттерінде еңбек күшінің территориялық қозғалысы экономикалық ғылымның дәстүрлі тақырыбы болып табылады.

Белгілі ғалымдар Е.Ли, Р.Харрис, М.Тодаро, М.Тапинос еңбектерінде миграция донор-елдер мен рецепиент-елдердегі жағдай теңсіздігі салдары немесе осы екі топ елдердің ішкі теңсіздіктер нәтижесі ретінде көрсетілген. Бұл авторлар миграцияның қозғаушы мүдделерін нақтылап, жекелеген факторлар арасындағы сандық тәуелділігін анықтап және миграция ағымдарының қарқындылығын нақтылауға талаптанды. Көрсетілген авторлар халықаралық миграцияны рецепиент-елдің экономикасына мигранттардың еңбегін пайдаланудың салдары негізінде қарастырды.

А.Льюис пен К.Кандлебергер2 экономикалық өсу мен шетелдік еңбекті шексіз пайдалану мүмкіндігі арасындағы тікелей байланыстылық туралы тұжырымды алға шығарды. Осы теориялық негіздемелер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ОЭСР елдерінің ресми доктринасының негізіне кірді. Осы доктрина тұрғысынан шетел еңбегін тарту экономикалық өсудің ынталандырушы құралы ретінде қарастырылды.

Неокейнсшілер миграция нәтижесінде, әсіресе жоғары маманды жұмысшылар эмиграциясы елдің экономикалық жағдайының нашарлануына әкелу мүмкіндігін мойындаған.

Соңғы жылдары миграцияны талдауда негізгі көңіл экономикалық өсудің эндогендік факторы ретіндегі адам капиталының шоғырлануын зерттеуге ауды. Өйткені жинақталған адамзаттық потенциал экономикалық дамудың алғышарты болып табылады. Миграция теориясында бұл тәсіл елдер арасындағы экономикалық өсу қарқынындағы айырмашылықтың бір түсініктемесі болуда.

Осы көзқарасты бірқатар зерттеушілер де ұстанып, жұмысшы күшін шеттен тарту экономикалық тоқыраудан құтқармайтындығын, өйткені шетел жұмысшыларының санын реттеудің бұрынғыдай кең мүмкіндіктері жоқ болмағанымен түсіндіруде. Сондықтан, миграцияны капиталистік экономиканың трансұлттандырудың жалпы заңдылықтарының көрінісі ретінде қарастыру концепциясы алға тартылды. Шетел еңбегін пайдалану ішкі отарлау терминімен сипаттала бастады. Басты назар мигранттардың алдын ала еңбек рыногының екіншілік сегменті шеңберінде жұмысқа душар болатындығына аударылды. Ол еңбектің ауыр және зиян жағдайлары мен, кәсіби өсу мүмкіндігі жоқтығымен сипатталады.

Айта кететін жағдай, бар концепциялардың біреуі де іс жүзінде дәлелденбей, миграция жолында қабырғалардың және онда есіктердің неліктен болуын түсіндірмеді.

ХХ-ғасырдың 80-90 жылдары неолиберализм тұрғысынан халықаралық миграцияны зерттеу кең тарады. Бұл жерде миграция адам капиталының қозғалысының моделі ретінде көрсетілді. Бұл концепцияның негізгі қағидасы Дж.Саймонның "Иммиграцияның экономикалық салдары" еңбегінде көрсетілді. АҚШ-ты мысал ретінде ала отырып, Дж.Саймон мынаны дәлелдеді:


  1. Иммигранттар отбасы - инвестиция үшін тиімді объект.
    Иммигранттар жанама (сұранысты кеңейту арқылы) және жаңа
    бизнесті дамыту арқылы тікелей, жаңа жұмыс орындарын
    жасақтауға ықпал етеді.

  2. Иммиграция жалақы мен табыс бөлінудің орта деңгейіне
    елеулі әсер бермейді. Тек жекелеген жағдайларда белгілі кәсіптік
    топтар ішіндегі бәсекелестіктің күшеюіне, кейде жалақының
    төмендеуіне әкеледі. Бәсекелестік күшеюінен бір мамандық өкілдері
    ұтылса да, жалпы алғанда, қоғам ұтыста болады.

  3. Халықаралық еңбек миграциясы өндіріс факторларының
    тиімді пайдалануына әсер етеді.

  4. Донор-елдерде ақша аудару түріндегі мигранттардан түсетін
    валюталық қаржылар оң әсерін береді.

Бірақ, миграцияның жалпы теориясы әлі де толық жасақталған жоқ, ал өндіріс факторлар теориясы миграция құбылысын толық түсіндіре алмайды. Арзан жұмысшы күші мен жоғары пайда мүмкіндігі, еңбек күші молдылығымен сипатталатын елге капитал тартылу үшін жеткіліксіз.

5.1.3. Еңбек күшінің халықаралық миграциясындағы еңбек рыногының орны

Еңбек рыногынсыз әлемдік экономикалық жүйенің толық іс-әрекет етуі мүмкін емес. Бұл жүйенің қозғаушы және өзгертуші күштерінің бірі болып еңбек күші миграциясы табылады. Әлемдік еңбек күші рыногы шетел жұмысшы күшіне ұсыныс пен сұраныс механизмі жұмыс істеген жағдайда пайда болады. Сонымен қатар, ұсыныс пен сұраныс абстрактылы емес, жұмысшы күшінің оның пайдалану жеріне қозғалысының нақтылығы арқылы жүзеге асырылады.

Енбек күші рыногының үш типі болады: жергілікті (аймақтық), ұлттық және халықаралық, жергілікті (аймақтық) еңбек рыногына мыналар тән:

- Енбек ресурстарының бір бөлігінің шетелге кетуі жергілікті деңгейде өте қатты білінеді. Ол жекелеген кәсіптік-мамандық топтар, салалар, территорияда білініп, енбек ресурстарының құрылымдык тапшылығының пайда болуына әкелуі мүмкін.

2. Иммиграция жаңа жұмыс орындарын жасақтауға көмектеседі.

Миграцияның оң және теріс әсері ұлттық еңбек рыногында жақсы байқалады:



  1. Еңбек күші миграциясы жергілікті еңбек рыноктарындағы шиеленісті жоя алады.

  2. Сыртқы еңбек миграциясы еңбек күшінің сапалық құрылымының өзгеруіне әсер етеді.

  3. Миграция маманданған және маманданбаған жұмысшы күші тапшылығын жоюдың көзі ретінде табылады. Ұлттық еңбек рыногының тиімді дамуы тек еңбек күшінің еларалық қозғалысының еркіндік жағдайында болуы мүмкін;

4. Жоғары білікті мамандардың шетелге "ауып кетуі".
Халықаралық еңбек рыногында:

  1. Миграция ұсыныс пен сұраныс механизмінің тәсілі ретінде көрінеді.

  2. Миграция жергілікті рыноктарды мамандық, кәсіп, мамандық
    деңгейі бойынша қамтамасыз етеді.

  3. Ол ұлттық рыноктарда жұмысшы күші санын реттеу функция-
    сын атқарады.

Халықаралық еңбек рыноктарын зерттеу барысында қазіргі уақытта еңбек қатынастарының негізгі модельдері айқындалғаны белгілі болды. Ол модельдерге еуропалық (құрлықтық), англосаксондық, қытайлық, скандинавтік, жапондық және тағы басқалары жатады.

3.Жұмысшы күші миграциясын мемлекеттік реттеу. Кез келген елдің миграциялық заңы екі негізгі бөлікке белінеді: миграциялық және эмиграциялық.



Донор ел - бұл жұмысшы күшінің белсенді экспорты бар мемлекет. Миграциялық сальдосы теріс болады.

Реципиент ел - жұмысшы күшінің белсенді ағымы келіп, оның импорты байқалатын мемлекет. Миграциялық сальдо оң болып табылады.

Донор елдердің қатарына дамушы елдер, ал реципиент-елдерге жоғары дамыған елдер тобының кіруі жалпы әлемдік тенденция болып табылады.

Қазіргі экономикалық әдебиетте еңбек миграциясының түрлі елдердің экономикасына әсер етуінің нәтижелері белсенді түрде зерттелуде. Ел экономикасына экспорт-импорттың әсерін ашатын теориялар аса көп қызығушылық тудыруда. Донор елдің экономикасында миграция нәтижесі бірден көрінбейді, әсіресе теріс жақтары біраз мерзімнен кейін байқалады, ал реципиент -елдің нәтижелері, керісінше, бірден көріне бастайды.

Донор елдің экономикасына миграция әсері туралы 80-жылдары өткізілген зерттеулер нәтижелері сыртқы халық миграциясы көбінесе осы елдердің еңбек рыноктарының қалыпты жағдайға келуін көрсетті.

Мысалға Пәкістанда 80-жылдардың екінші жартысындағы миграция елдегі жұмыссыздық деңгейінің 1/3 бөлігіне азаюына әкелді. Осындай жағдайлар Бангладеш пен Үндістанда да байқалды.

Көптеген мамандардың пікірінше, миграция процесінің дамуы донор елден ең маманданған, белсенді еңбек ресурстарының кетуіне әкеліп соғады. Олар шетелге білімділердің кетуі, ел экономикасына толтырылмайтын зиян әкеледі деп есептеуде. Соңғы онжылдықтардағы зерттеулер бұл көзқарастарды растады. Миграция нәтижесінде ел өз жұмысшы күшінің қаймағы болатын адамдарынан айырылып, босаған жұмыс орындарына дайындығы мен белсенділігі төмен жұмыскерлермен толықтырылатын жағдайлар болған. Мысалға Египетте құрылыс жұмысшыларының Парсы шығанағына жаппай эммиграциясы елдің құрылыс саласындағы еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкелді. Иордания да осыған ұқсас жағдайда, басқа елдерден агроөндірістік салалар мен ауыл шаруашылығына жұмысшыларды тартуға мәжбүр болды. Еңбек миграцияның ауқымдылығына байланысты, Йемен де елеулі экономикалық қиындықтарға душар болды.

Сонымен бірге 80-жылдардағы зерттеулер жағдайлардың тек осындай сызба бойынша дамымайтындығын айқын көрсетті.Көптеген жағдайларда, миграция белсенділігі маманданбаған, жартылай маманданған еңбек ресурстарының кетуіне байланысты екені белгілі болды. Халықаралық еңбек ұйымы деректері негізінде жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша, Таяушығыстық экономикалық өрлеу кезінде негізгі азиялық донор-елдерден шыққан еңбек мигранттарының көбі аз маманданған немесе маманданбаған болғаны анықталды.

Қазіргі уақытта бұл елдерде кәсіптік-мамандану құрылымы сақталып, олар үй қызметшілерін экспорттауға мамандануда.

Маманданған жұмысшылардың кетуі барлық жағдайда орны толмас зиян әкеле бермейді. Оның салдары еңбек рыногындағы жағдай мен сыртқы миграцияға қай кәсіптік топтар енетініне байланысты. Бірқатар Оңтүстік Азия елдерінде, маманданған еңбек ұсынысы сұраныстан көп болғандықтан, еңбек миграциясы жұмыссыз жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін жоғарылатты.

Эмиграциялық мәліметтерді зерттеу миграцияның орта табыс пен жалақының орта деңгейінің көтерілуіне әсер ететінін көрсетті. Тіпті халықтың ең кедей топтарының табысы мен жалақысының деңгейін аз дегенде кемітпей, жоғарылауына әкеледі. Сондықтан әлеуметтік салада миграцияның оң әсерін көбінесе қоғамның барлығының болмаса да, бір бөлігінің әл-ауқатының жоғарылауымен байланыстырылады.

Оның кері салдарына, көбінесе, әлеуметтік теңсіздіктің өсуі мен осы негіздегі қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің өсуін жатқызады. Бірақ бүгін эксперттердің көпшілігі бұл көзқарасты, бірқатар зерттеулерге жүгініп, қолдамайды.

Азия миграциясын ДЕҰ-БҰҰ жобасы шеңберінде жүргізілген зерттеулер осы елдердің мигранттарының көбісі шетелге жұмысқа орналасуына дейін әлеуметтік сатысының ең төменгі топтарынан, маманданбаған еңбекшілер екенін анықтады. Сондықтан еңбек миграциясы әлеуметтік теңсіздікке емес, қайта әлеуметтік теңсіздіктің төменделуіне әкеледі.

Экспортер ел мен импортер ел үшін ең үлкен мәселе қабылдаушы елдегі жұмысқа алу, елге келу мен еңбек жағдайын реттейтін заңдарды бұзумен байланысты заңсыз миграция болып табылады.

Заңсыз миграция мәселесі барлық елдерге тән. Бұл құбылысқа теріс көзқарас, елде ресми рұқсатсыз болудың ішкі еңбек рыногында бәсекелестікті шиеленістіре түсуімен байланысты, өйткені заңсыз мигранттар ең төменгі ақыға жұмыс істеуге келісіп, әлеуметтік төлемдерді талап етпейді. Оған қосымша, олар мемлекетке салық төлемейді, өйткені жұмыс берушілер заңсыз жұмысшыларды пайдалануын барынша жасыруға тырысады. Басқа жағынан бұл жұмысшылар салық төлеушілер арқасында жасалған әлеуметтік игіліктерді пайдалануға мүмкіндік алады, сондықтан олар қоғам үшін масылға (өз жағынан ешқандай шығын шығармай қоғамдық игіліктерді пайдаланушы (экономикалық, саяси, психологиялық және тағы басқадай) айналады.

Заңсыз эмиграцияны, көбінесе еңбекке жарамды халықтың артық мөлшері бар, дамушы елдердің төмен маманданған жұмыскерлері қолданады. Соңғы уақытта бұл мәселе ұшықтырыла түсті. Мысалға АҚШ-та 1 млн. заңсыз мигранттар бар, ал Германияда елге келгендердің 1/Ззаңсыз осы елде қалып қояды.

Донор-елдердің экономикасы үшін мигранттардың валюталық қаржыларының келуінің өте маңызды мәні бар. Олар көптеген елдерде қаржы жағдайының жақсаруына көмектеседі.

Төлем балансының статистикасындағы еңбек күші миграциямен байланысты көрсеткіштер ағымдағы операциялар балансының бір бөлігі болып табылып, 4 баппен топтастырылады:

Еңбек табысы, жұмыстыларға берілген төлем - ел резиденттеріне мигранттардың (жекелеген резидент емес тұлғалар) жасаған жұмысы үшін алынған еңбекақы, нақты ақша немесе заттай басқа төлемдері. Жеке резидент емес тұлғалар қатарына бір жылдан кем болған шетел жұмысшыларының бәрі, оның ішінде маусымдық жұмысшылар, шекаралас мемлекеттерден келген жұмысшылар, уақытша табысқа келген жұмысшылар, шетел өкілдіктеріндегі жергілікті персонал кіреді.

Мигранттар ауысуы - мигранттардың басқа елге көшкендегі өзімен бірге алынатын мүліктің ақшалай құнының бағалау көрсеткіші. Бұл жердегі эмигранттың мүлігін шығару елдің тауар экспорты ретінде көрсетіледі.

Жұмыскерлердің аударулары - мигранттардың отанында қалған туыстарына ақша мен тауарды жіберулері. Жіберу кезінде олардың бағалық құны есептелінеді.

Жеке төленбеген аударулар - мигранттардың кетер кездегі алынған мүлік пен келесіде отанына тауар жіберулерінің ақшалай эквивалент бағасы.

Экономистердің есептеулері бойынша, еңбек күшінің экспорттық тиімділігі тауар экспортының тиімділігінен бес есе көп. Мысалға, жұмысшы күшінен алынған табыс ұлттық төлем балансындағы барлык валюта түсімдерінің 20-30 пайызын құрайды.

Бірқатар ел үшін, әсіресе кішігірім елдер үшін эмигранттардың ақшалай аударулары валюталық түсімдердің маңызды көзі ретінде болуда- Мысалға, Буркина-Фасода тауар экспортынан түсетін түсімдердің 31-42 пайызын, Капо Вердеде -39-54 пайызын, Йеменде 28-72 пайызын қүрайды.

Үндістан, Пәкістан сияқты ірі елдерде оның мөлшері экспорт түсімдерінің 10-27 пайызын құрайды. Еңбек ресурстарының экспорты бойынша 1 орынды иеленетін Филиппинде бұл саладан жыл сайын 3 млрд АҚШ долларына дейін ақша түсіп, тауар экспорты табысы тек 9 млн. АҚШ долларын құрауда. Эмигрант-жұмысшылар үшін қор жинау нормасының жоғары болуы тән. Қор жинаудың орташа нормасы түрік эмигранттарында 35 пайызға, пәкістандықтарда 70 пайызға дейін болуда.

Ақшалай аударулар өндірістің өсуі мен жұмыстылық деңгейіне әсер ете алатын ішкі сұранысты ынталандырады. Бірқатар ішкі еңбек рыноктары тар елдерде олар инфляциялық қысымды күшейтіп, импорттың кеңеюіне әсер етуі мүмкін.

Теориялық тұрғыдан, еңбек күші экспортер-елдің табысының, басым бөлігі эмигранттардың ақша аударулары болса да, онымен шектелмейді. Басқа да төлем балансына оң ықпал ететін табыстар - шетелде жұмысқа орналастыратын фирмаларға салынған салықтар, эмигранттардың өз еліне жасаған портфельді және тікелей инвестициялар, оқытуға, денсаулық сақтау мен басқадай әлемдік шығындардын азаюы т.б. Эксперттердің есебі бойынша, отанына қайтқанда мигранттар өзімен бірге, алдында банктер арқылы жасалған аудармаларға тең мөлшерде қаржы әкеледі деп саналуда.

Экспортер - ел үшін болатын оң салдарға еңбек рыногындағы жағдайдың жақсаруы, әлеуметтік шиеленістің әлсіреуі, елге валюта қаржы ағымының ұлғаюын жатқызуға болатыны сөзсіз. Отанына Қайтып келетін реэмигранттар өзімен бірге жоғары өндірістік және техникалық деңгейдегі кәсіпорында істеген тәжірибесін, кәсіпкерлік дағдыларды ала келеді. Бұл елге құрал-жабдық, машиналар әкелінеді. Осы елді әлемдік шаруашылық және экономикалық мәдениетке, тартылуына мүмкіндік беріп, оған сауда-экономикалық серіктес ретінде қызығушылықты жоғарылатады. Осының нәтижесінде экспортер ел маманданған жұмысшыларды ақысыз алады. Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, еңбек миграциясының теріс және оң салдары бар екенін айтамыз. Оны 1-кестеде көрнекті түрде көруге болады.

Теріс жақтары

Оң жақтары

1. Активті эмиграция экономика, ғылым техниканың кейбір бағыт-тарының дамуын баяулатады.

1. Кәсіби ұтыс: кәсіби білімнің жо-ғарылауы, нарықтық экономикамен танысып, оны басқару әдістерін білу.

2. Қоғам халықтық ең интел-лектуалды тобы, жоғары кәсіби, іс-әрекет белсенділігі бар ғылыми-еңбек потенциалын жоғалтады.

2. Экономикаға валюта қаржыларының келуі.

3. Халықтың кетуі елдегі демо-графиялық жағдайға әсер етіп, оның қартаюына әкеледі.

3. Еңбек рыногында шиеленісті төмендету.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет