Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары 18 маусым 2010 ж



бет2/23
Дата23.02.2016
өлшемі6 Mb.
#10320
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

ЛИТЕРАТУРА
1. Современный философский словарь. Ред. Кемеров В. Бишкек. С.153-157

2. Ибраева Г., Куликова С. История развития и современное состояние

СМИ в Кыргызстане. Бишкек. 2002. С.2-3

3. McLuhan M., Fiore Q. The Medium is the Massage, an Inventory of Effects.

N-Y.Wired Books. 1996. Р.160

4. Бурдье П. Социология политики. М. Socio-Logos. 1993. С. 202

5. Миясаров А. Как обеспечить развитие рынка СМИ в КР?

«Открытый Кыргызстан». 2009. 2 февраля

6. Ибраимова Г. Журналистика и языки. Бишкек.2002.С. 25-26

7. Муратов Р. СМИ КР - на грани профессиональной деградации.

«Белый пароход».2006.17 марта

8. Анохин М., Павлютенкова М. Информационно-коммуникативные

технологии в политике. Вестник РУДН. Серия: Политология. 1999. №1

9. Засурский И. Масс-медиа второй республики. М. Изд-во МГУ. 1999. С.87


ИНТЕРНЕТ РЕСУРСЫ

1. http//www.monitoring.kg/?pid=139



2. http//www.ia-centr.ru/archive/public_details3ebc.html?id=64

3. http//www.monitoring.kg/?pid=139

4. http//www.report.kg/.../print.page,1,588-zavisimykh-smi-v-

nezavisimojj-kirgizii.html



5. http://www.media.kg/?pid=6&nid=20

6. http//www. akipress.kg




Қамзабекұлы Д.,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқу-әдістемелік

жұмыс бойынша проректоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор



АЛАШ ТҰСЫНДАҒЫ ЕЛДІК САЯСАТТЫҢ БАҒДАРЫ
Қазір Алаш тарихы кеудесінде – жаны, бойында қаны бар кез-келген отандасымызды ойландырады, толғандырады. Неге? Біріншіден, олар бүгінгі болмысымызды, қасиет-қадірімізді сол кезбен салыстырады. Екіншіден, сапалы жаңаруда ұлттың «алпыс екі тамырына» әсер беретін Алаш жолын қалайды. Біз әлеуметтанушы емеспіз, бірақ қарапайым байыпқа салсақ, байқайтынымыз: ұлт тарихын жақсы білетін 10 адамның 9-ы Алаш десе «ішкен асын жерге қояды». Бұған, әрине, қуанамыз. Үзілмеген үміт үшін, жалғасқан рухани-тағылымдық сабақтастық үшін!

Дәл бүгін Алаш бізге неге жақын және неге алыс?

Мемлекетті маңызды істерге, шешімді қағидаттарға жұмылдыратын – саясат болса, біз содан Алаш тағылымын байқай алмай жүрміз. «Алаш тағылымы» деген не? Ол – иман мен тазалық, ой мен істе бірлік.

Елшіл барша ғалым айтып-жазып жатқандай, біздің бар салада отарсыздандыру үдерісі жүру керек еді. Алаш – осы жолдағы біздің әрі әліппемізге, әрі нұсқаулығымызға жарар темірқазық-тын.

Қоғамның ең жанды, ең мәнді буыны мен тетігі – білім. Күнде сөз болып жүрген тазалық та, отарсыздандыру да, идеология да осы білімнен басталып, біліммен аяқталады. Өкінішке қарай, аталған салаға Алаш рухы, тәжірибесі, мұрасы жетпей тұр.

Бүгінгі есін жиып, етегін жапқан азаматтардың бәрі кеңес кезеңінде туып, сол шақтың шындығымен суарылғандықтан, бірер мысал айтайық. 1920 жылы большевиктер өкіметі толық орнағанда, мынандай сұмдық жағдай байқалған: азық-түлікке, әлеуметтік мәселелерге байланысты ірілі-ұсақты жауапты орындардың бәрінде халықты бұрын сүліктей сорған адамдар отыра берген. Біз Қазақстанды айтып отырмыз! Жеке қауіпсіздігі үшін олардың басым көпшілігі коммунистік партия қатарына өтіп те алған. Осы жағдай 1921 жылы Қазақстанды алапат ашаршылыққа алып келген (бір қызығы аштық десе, біз 1932 жылғы қырғынды ғана айтамыз). Сонда әлгі қой терісін жамылғандар титықтаған қазақты сұраушысы, жоқтаушысы жоқтай қолдан қыруға себепші болған. Сенбесеңіздер, өжет, елшіл қайраткер Смағұл Садуақасұлының «Қостанай-Торғай» атты еңбегін оқып көріңіздер.

Осы тұста тағы да «қызық» жағдай қалыптасқан. Ұлт ахуалын көріп, шырылдаған Алаш қайраткерлері «аштарға жәрдем» (помгол) комиссияларына кіріп, қиналған өңірлерге сәл бақуаттау өңірдің малын апарып көмектесіп жүргенде, олардың үстінен «ішіп қойды, жеп қойды» деген арыздар түсірілген. Мысалы, 1926 жылы жазушы Ж.Аймауытұлы осы жағдаймен «істі» болған. Ол ашық сотта мықты дәлелдің арқасында ғана әупірімдеп аман қалған.

Көрдіңіздер ме қара суды қалай теріс ағызуға болатынын? 1921 жылы Смағұл Семейдегі отаршылдардың сарқыншағын тыйям дегенде, Орынборға бірден шақырылып, әуре-сарсаңға түскені тағы да бар...

Біз мұны неге айтып отырмыз? Қазақтың ғасырлар бойы аңсап, күресіп қол жеткізген азаттық нәпақасын біреулердің жырым-жырым етуді көздегенін сезген соң айтып отырмыз.

Қазақстанда Алаш жолы орнаса, біз әрбір шараны жүзеге асырмас бұрын «осыны Әлихан, Мұстафа, Ахметтер қалай жасар еді?» деп ойланар едік. Олар да құдайы көршілерімен санасқан, алайда толық теңсіздікке жетпеген ұлтының мүддесін жоғары қойған.

Енді аз-кем тарихқа үңілейік. Тарихи оқиғаларға параллель жүргізсек, 1917 жылдың оқиғаларын 1991 жылдың оқиғаларымен салыстыруға болады. Деректерді сөйлетейік:

1917 жыл, 22 сәуір – Закавказье Федеративтік республикасы жарияланды.

1917 жыл, 13 маусым – Украина халық республикасы жарияланды.

1917 жыл, 27 қараша – Қоқанда Түркістан автономиясы (мұхтарият) жарияланды.

1917 жыл, 29 қараша – Башқұрт автономиялық республикасы жарияланды.

1917 жыл, 18 желтоқсан – Белоруссия тәуелсіздігін жариялады.

1917 жыл, желтоқсан – Финляндия, Литва, Латвия тәуелсіздігін жариялады.

1918 жыл, ақпан – Эстония тәуелсіздігін жариялады.

1917 жыл, 13 желтоқсан – Орынборда Алаш Орда үкіметі жарияланды. Қазақ зиялылары осы күні Сырдария облысының съезінен (1918 жыл, 6-9 қаңтар) кейін Түркістан қазақтарымен қосылған біртұтас Алаш автономиясын жариялаймыз деп шешеді.

Жоғарыдағы хронологияны 1991 жылға түсіріңіз. Жүз пайыз болмаса да, реті мен үрдісі аумайды. Бағы да, соры да күрделі Башқұртстан амалсыз жер ортасында қалып кетті. Финнің айы сол кезде-ақ оңынан туған. Ұзағынан! Балтық бойы сол шақта да, фашизмнің алды-артында да тәкаппар күйінде қалған. Өздеріне пайдалы елдік тәкаппарлық! Эстонияның 1918-дің ақпанына қарай жылжуының объективті себебі бар. Қазақ сол жолы да, кейін де тәуелсіздігін соңыра жариялаған. Тәуекелсіздігі дей алмаймыз, ойланғаны һәм байыптағандығы. Абзалы, жарияланғаны! Мәселе оның мазмұнында ғой.

Дұрыс-ақ! Біз мұнымен не айтпақ болдық? Жаңа тәуелсіздігіміздің 16 жылында тақыр жерге шықпағанымызды қайта-қайта сезінуіміз қажет. Тарих деген, өткеннің сабағы деген – жай бір нәрсе емес, ол – тәжірибеміз бен білігіміз. Біреу ұмытып жатса, есіне салайық! Біреу әдейі бұрмаласа немесе қасақана білгісі келмесе «мырза, қай елде тұрып жатырсыз?!» дейік.

Соңғы 10-15 жылдың ішінде Алаш мұрасы біршама жарияланды, халыққа жетті. Бірақ мұраны тану, бүгінгі өмірде қолдану, олардың тағылымын алу жағынан үнемі біржақтылыққа ұрынып келеміз. Мысалы, Алаш зиялыларына «жансыз портрет ретінде қарау» көзқарасы берік орныққан. Олардың мұрасын «кезеңдік дүние» есебінде бағалаудан арыла алмай жүрміз. Егер біз «Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Смағұл Садуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы мұрасы ХХ ғасырдың басындағы шындықтың ғана ауқымын танытады, бүгінге жарамайды» десек, онда біз ол арыстарымызды, тіпті тарихтың өзін қажетсінбеген болып шығамыз. Ал егер олардың шығармаларындағы сол күннің мұнарасынан қарағанда да, бүгіннің биігінен шолғанда да ұлт тіршілігін ілгерілететін негіздерді байқасақ, мәселеге түпкілікті, әлеуетті күшпен оралуымыз қажет. Мұстафа Шоқай өз естеліктерінде Ақмешіттегі бір қайраткер туралы: “Ол исламға, мұсылман дініне имандай сенетін. Бүгінгі күнгі жасаған күнәларым ертең алдымнан шығады деп есептейтін” дейді. Мұстафа Шоқай осы арқылы бір жағынан, сол кезеңдегі адамдардың тазалығын айтса, екіншіден, ұрпаққа аманат жүктеп, жалпы адамдардың сөзі мен ісінің бір жерден шығуын міндеттеп отыр. Ал соны құлағына іліп жатқан қай шенеунік бар? Әлихан Бөкейхан: «Бәріміз бұл сұм дүнияға қонақ. Артыңда орынбасарың табылсын!» деп жазады.

Жалпы, Әлихан мен Мұстафалардың аңсаған тәуелсіздігі - біреудің есебінен, тарихи тұлғаларды мансұқтап жеткен немесе ағымдағы бір коньюктураға қызмет ететін тәуелсіздік емес, ол - ұлттың нақ өзіне қызмет ететін тәуелсіздік. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, қайраткерлеріміз күнделікті өмірде, қызмет барысында Алаш зиялыларын ауызға алмайтын болды. Мысалы, Парламент депутаттарының сөзін сабақтаған кезде “Әлихан Бөкейхан былай деп айтқан еді, Мұстафа Шоқай бүй деген, Ахмет Байтұрсынұлының мынандай тұжырымдамасы бар, Халел Досмұхамедұлы бұл жөнінде төмендегідей ой айтқан...” дегенін естіген жоқпыз. Сонда бүгін өзін «қайраткер» санап жүргендер тарих мойындаған қайраткерді ауызға алмаса кім болғаны? Бұдан бір-ақ қорытынды шығады: мұндай сабаздар өз бетімен кітап оқымайды немесе ұлт тарихын мүлде білмейді. Осыдан соң халыққа, өзімізге қаратылып айтқан ауыр сұрақ алдымыздан шығады: саяси қайраткерлер арасындағы тарихи сабақтастық қайда қалды? Тарихтың түзігінен, қателігінен сабақ алу деген ұғым бар емес пе?

Алаш зиялыларының портретін іліп, кітаптарын сөреге тізіп қойып, сонымен шаруаны шектегеннен не ұтттық? Кітап ашылған жоқ. Портрет портрет күйінде тұр. Бұрынғы өткен бабаларымыздың суретшілер ойша кескіндеген көркем бейнесін тұсымызға іліп қойып жүрміз ғой. Алаш тұлғаларының портреттері де сол дерегі аз тұлғалардың бейнесіне ұқсап барады. Ал шындығында бұлар – отаршылдықпен, әділетсіздікпен бетпе-бет келіп күрескен, азат рух пен тазалық туралы ұшан-теңіз үлгі-өнеге, мұра қалдырған теңдессіз қабілет иелері, тіпті тәуелсіз мемлекет құру идеяларының авторлары емес пе! Олардың шығармаларындағы барлық дерлік ой-тұжырымдар бүгінгі күнмен берік сабақтасып жатыр. Мысалы, Смағұл Сәдуақасұлы жиырма жасында үлкен саясаттың биігіне көтерілді. Жастар одағын басқарды. Жиырма бес жасында оқу-ағарту комиссары (министр) болды. Оның сол кезде жазған еңбектерінде бүгінгі күннің талғамы мен талабына сай келетін көп нәрсе бар. Қазіргі білім реформасына, дін мәселесіне қатысты негізгі тұжырымдардың барлығы да сол тұста айтылған. Смағұл дінге байланысты былай дейді: “Орыстың поптары ертеңнен қара кешке дейін шоқынудан басқаны білмеді. Қазақтың молдалары бір жағынан дінді үйретсе, екінші жағынан балаларға хат танытуды үйретті (Соңғы жұмыс үшін орыстарда учитель дегендер болушы еді)”.

Көрдіңіз бе, дінге деген көзқарастың қай бағытта өрістегенін? Жалпы, қазақтың арғы танымындағы “Аңқау елге - арамза молда” дегендегі молда — “учитель” ұғымындағы мұғалім деген сөз. Ел аңқау болса, оған көп тәлім-тәрбиесі жоқ, ниеті бұзық мұғалім сабақ үйретеді, сөйтіп қате бағытқа салады деген мағынада айтылып отыр.

Осы Смағұл - ұлттың ары мен иммунитеті еді. Кремль функционері Ф.Голощекин Қазақстан басшылығына келіп, «кіші октябрь» экспериментін бастағанда көп қазақ атқамінерлері «Сіздік дұрыс!» деп құрдай жорғалап, табанын жалаған. Сонда бір С.Садуақасұлы тұтас қазақ арының кейпінде оған қарсы тұра алды. Оның елшіл жүрегі – арыстанның жүрегі еді демей-ақ қояйық, Кенесары жүрегінің бір бөлшегі еді. Айтпақшы, осы Смағұл 1922 жылы И.Сталиннің қабылдау бөлмесінде тұрып, бұл басшының қабылдауынан шыққан орынборлықтарды (қазағы да бар) көріп, кіру ниетінен бас тартқан. Досына жазған хатында Кене ханның рухтас ізбасары: «Жүрегінде титтей таза еті болса, қазақ ішкі кикілжіңі туралы бөтенге тіс жармауы керек» дейді. Әне, ұлтқа адалдықтың бір белгісі. Тағы бірде өздерінің түк бітіргеніне қарамай халықты орынсыз сынайтындарға қаратып: «Бұлар сол «жаман қазақтан» байқаусызда туып қалғандар ғой» деп жазады.

80-жылдардың соңына таман кеңес қоғамында «қайта құрудың» әсерімен әртүрлі бастамалар көтерілді. Тарихты қайта қарап, көп жамандықтан арылуымыз керек деген ыңғайдағы ой-пікірлер үстем тұрды. Кеңес дәуірінде екі саланың (мәдениет, сыртқы істер) министрі болған Мүсілім Базарбаев осы мәселені жиі айтатын. “Кеңес тұсында жазған көп кітаптарымдағы ойларды мен қазір сызып тастауға бармын. Қайтадан жазуым керек” дейтін. Өмірінің соңғы кезінде ол төрт-бес кітабын қайта жазды. Мүсекең арылу, айығу дейтін ұғымдарға қатты көңіл бөлді. Бұл шақта грузин киношебері Тенгиз Абуладзенің «Покояние» атты фильмі жұрт аузында жүретін. Ал бізде алғаш «Ф.Голощекин - Қазақстанды дамытқан қайраткер» деп мақала, 1986 жылғы Желтоқсандағы жастар ұстанымын «А.Байтұрсынов құйыршықтарының әсері» деп кітапша жазған үлкен лауазымды тарихшылар ләм-мим деместен «тәуелсіздік құрылысшыларына» айналып кете барды. Сонда дағдарған халық іштей тынып, Мәшһүр Жүсіпше: «Түзуліктің заманы оянды ма? Бұзылғандар әдетін қоя алды ма?..» деп жүрді.

Біз, бәріміз де, тәуелсіз жаңа қоғамға бір ыңғайда, бір ниетпен өттік деп айту қиын. Көптеген қайраткерлеріміз комсомолда, партияда қызмет істеді. Олардың біразы қазіргі тәуелсіз қоғамды құруға психологиялық жағынан да, моральдық жағынан да даяр емес еді. Бірақ бәрі де «бір кісідей» кірісіп кетті. Әрине, оларға мұндай жаңа қоғам құру үшін арнайы даярланып, басқа бір жерде жетіліп кел деп айту да қиын. Уақыт оны күтпейді. Әр азамат іштей соған даяр болып, жан-жүрегімен жаңа қоғамға қызмет етсе, қателіктерін мойындап, арыла білсе, тәуелсіздіктің негізгі қағидаттары, жақсы мен жаманды айыратын ұстанымы тезірек орнығар еді. Бірақ бүгінгі күннің іс-әрекетіне, мінез-құлқына қарап, кейде тәуелсіздіктің кірпішін түзу қалап жатырмыз ба, жоқ па – ойланып қаламыз. Обыр коррупция билік былай тұрсын, ақ парақтай болуға тиіс жас балалардың да жүрегін жаулап алған сыңайлы. Тәуелсіз әлеуметтанушылар жүргізген зерттеулерге сенсек, 14-16 жастағы мектеп оқушыларының 65 пайызы «бәрін ақшамен шешуге болады» деген көзқараста жүрген көрінеді. «Әділет» деген атқа ие сала әділетсіз болса, басқа салалардың атын да, затын да тексеріп жату артық шығар. Діннің айналасында да кіршіксіз тазалық болмай тұр. Мемлекеттің дінге қатысты анық, мүдделі ұстанымы болуы тиіс. Жастар арасындағы отаншылдық, белгілі бір саяси ұйымдарға кіру кеңес тұсының науқаншылдығындай қалыпқа түскені де ойлантады.

Сонда қастерлі нәрселердің мансұқталғаны қалай? Алаш зиялылары мұндайға жол бермес еді. Бұл ретте амалсыз тарихтағы жас алашшылдар құрған «Жас азамат» ұйымының ісін еске аламыз. Бұл – патша тұсында жасырын қызмет жасаған «Бірлік» ұйымының жалғасы болатын. «Жас азамат» адал ағаларындай «ұлт ісі жолында өлсек – бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде табылармыз» дейді. Үлкен Алаш та, жас Алаш та ақжүректік деген ұғымды қатты қастерледі. Яғни, Отанға, ұлтқа шексіз берілді. Халықтың есебінен күн көру, білімсіз-ақ бедел һәм ақша табу дегенді білген жоқ. Қандай лауазым иеленсе де ағартушылық қызметін (миссия) қатар алып жүрді. Мысалы, сол кезде өзімен бірге кітапханасын көшіріп жүрген зиялылар туралы аңыздар айтылған. Ә.Бөкейхан сол шамада кітапханасының бір бөлігін «Бірлік» ұйымының жастарына сыйлаған. Ал қазір кейбір шенеуніктердің ұлттық мүддені қорғамақ түгіл, балаларын қазақ мектебіне де бермейтіндігі туралы баспасөз жиі жазады. Лауазымға қолы жеткен қазіргі қазақ азаматы бала-шағасына «бұйыртқан» материалдық игіліктерін көрсетуге әуес. Халық бәрін көріп отыр. Бұл да Алаш тұлғаларының өмірлік ұстанымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрсе.

Әрине, бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің арасында оқығаны мен тоқығаны, білімі мен білігі, адамшылығы мен жауапкершілігі байқалып тұратын азаматтар да бар. Бірақ, ұятымызға қарай, солардың қатары аз ба деп қаламыз. Бұрын (кеңес тұсында) баспасөзді оқып, мәдени-әдеби өмірді байыптай алатын шенеуніктер кездесетін. Қазір «керек кезде мақаланы тапсырыспен жазғызамыз» деген түсініктегі сабаздарға – «бәрі бидай» немесе бәрі ақша! Тазалығың да, салт-санаң да, ғылымың да, тарихың да – көк тиын. Әрине, өкінішті әрі қорқынышты! Қалай дегенде ел мен иманға күзетші зиялының саны «шешуші салмақтан» (критическая масса) төмен болмауы тиіс. Ұзын-сонар тарихымызды таразыға салып жіберсек, «шешуші салмақты» арттыратын – Алаш жолы болып шығады. Ендігі біздің бүкіл үмітіміз бен іс-әрекетіміз, әсіресе БАҚ-тың күші сол азшылықты көбейтуге, Алаш жолын насихаттауға бағытталғаны жөн.



Омашев Н.,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

журналистика және саясаттану

факультетінің деканы,

филология ғылымдарының докторы, профессор
Саяси институттар жүйесіндегі «төртінші билік»
Қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары – төртінші билік деген ұғым қалыптасқан. Оның негізі жоқ емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының басты қаруы – қоғамдық пікір. Мемлекеттік деңгейден бастап жекебастық мәселелер алдымен теледидар мен газетте жарияланып, кейіннен шешімін табатындығының күнделікті куәсі болып жүрміз. Бұқаралық ақпарат құралдары әділдік пен шыншылдықтың жақтаушысы ретінде қабылданады. Мұның сыры неде? Ең бастысы – журналистердің қоғамда қалыптасқан имиджінде, азаматтық ұстанымында. Әрине, БАҚ тарапынан қолдан жасалған шабуылдар мен «қара пиарлар» туралы әңгіме басқа. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен маңызын Ахмет Байтұрсыновтан асырып ешкім айтқан жоқ: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Көзсіз, құлақсыз, тілсіз адамның өмір сүруінде мән жоқ сияқты, қоғамның да онсыз тіршілігі қараң. Сондықтан БАҚ төртінші билік қана емес, басты қажеттілік!

Кеңес Одағы тұсында Лениннің: «Баспасөз – үгітші, насихатшы, ұйымдастырушы» деген қағидасы басшылыққа алынатын. Бірақ кімді, нені насихаттап, үгіттейтіні ашық айтылмаған. Біз оның жауабын «Партияны құру үшін жалпыорыстық «Искра» газетін ашу керек. Ол партияның үгітші, насхатшы, ұйымдастырушы қызметін атқарады» деген сөзінен таптық. Яғни ол партияның ғана құралы болған, функциясы сонымен шектелген.

Бұқаралық ақпарат құралдары шын мәніндегі демократиялық идея кезінде ғана төртінші билікке көтеріледі. Қазір Қазақстанда демократия салтанат құрған деп айту қиын. Сондықтан баспасөз кейде бірінші билікке де шығып кетеді, кейде билікке киліге алмай қалуы да мүмкін. Кейде төртінші билікке тұрақтайды. Оның негізгі заңдылығы былай ғой: заңды шығарушылар – бірінші, оны атқарушылар – екінші, сот – үшінші, қоғамдық пікірді бастаушы баспасөз – төртінші билік. Әлгінде айттым, шын мәніндегі демократиялық елдерде солай болуға тиіс. Ондай елдер тым аз. Ресейде 1991 жылғы, 1993 жылғы көтерілістер кезінде неге алдымен Останкиноны қоршап алды? Осы жай біздің журналистерді немесе басқаларды ойландырды ма? Өйткені ол ел шын мәніндегі демократиялық ел емес. Себебі қалың бұқарамен байланыс орталығы Останкино екенін анархиялық билікшілер біледі. Бұл жерде журналистика бірінші билікке шығып кетіп отыр. Міне, мына билік құлады деп ақпаратты тарата қоюға Останкино телеорталығы керек болды. Бұл жерде Парламент Үйі де, Министрлер Кабинеті де оның көлеңкесінде қалды. Шын демократиялық ел болса, билік иесі мынау деп заң шығару арқылы куәландырар еді. Әрі Заң Президентке де, халыққа да ортақ бірінші билік болар еді. Көтерілісшілер Останкиноны басып алып, міне, билік иесі бізбіз деген хабар тарату арқылы билік жүргізгілері келді. Әр елде билік әр түрлі. Бір елде әскер күші басым, бір елде Президенттік билік бар. Бір елде шындығында Парламент, заң шығарушы орган билікте. Болгарияда, Швецияда бөлек. Бізде Президенттің өзі айтқан: қазір даму жолына түсіп, әбден қалыптасып алғанша Президенттік билік керек, - деп. Ол, әрине, дәлелді.

Біз егеменді ел боламыз десек, ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін қызғыштай қорып сақтауымыз керек. Онсыз тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болу қиын. Бұл – ақиқат.

Қазір әлемдік ақпарат құралдарына қатысты "ақпараттың еркін ағымы ("свободный поток информации") деген теория дәуірлеп тұр. Ол қағиданың тоқ етері мынаған саяды: "Адам баласы – жарық дүниенің иесі. Сол себепті ол әлемдегі жаңалық атаулыдан хабардар болуы керек. Сондықтан ақпаратқа шекара қойылмауы тиіс". Бір қарағанда бұл теорияда мін жоқ секілді. Бірақ, сол ақпаратты таратуда жер шарындағы барлық елдің мүмкіндігі бірдей ме? Осы жағы бізді ойлантуы тиіс. Бұл тұжырым шындығында адамзатқа деген шынайы қамқорлықтан туған ба, әлде көкейінде өзге де пиғылы барлардың ойлап тапқаны ма? Мысалы, АҚШ пен Ауғанстанның, Ресей мен Чешенстанның ақпаратын өзге елге таратудағы мүмкіндігі бірдей емес қой. Тіпті салыстыруға келмейді. Гәп осында.

Осы жерде дүние жүзіне белгілі қолбасшы Наполеон Бонопарттың: «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Яғни ол әскербасы бола тұра қару-жарақтың күшінен бұқаралаық ақпарат құралдарының күшін 100 есе артық деп бағалап отыр. Олай болса алпауыт елдердің әртүрлі пиғылдағы ақпарат құралдарының басқа елге баса-көктеп еніп, жүргізіп отырған жұмысын қалай бағалауға болады? Оның үстіне өзге елге тікелей соғыс ашып, материалдық үлкен шығынға ұшырап, жауынгерлерінен айырылып, халықаралық қауымдастықтардың наразылығына қалудан гөрі, аз шығын жұмсап, көзге анық көріне бермейтін идеологиялық соғыс арқылы басып алу әлдеқайда тиімді емес пе.

Сонау 1960-жылдардағы Чехословакия мемлекетінің іргесін шайқалтқан жағдайды, немесе 1970-жылдардағы Чилидегі төңкерісті, сол сияқты, 1980 жылдардағы Польшадағы қоғамдық өзгерістердің қай-қайсысы да мемлекеттің БАҚ құралдарынан ажырап қалуынан болған. Олар өзге елді былай қойғанда өз елдерінің ақпарат құралдары қарсылығына тап болған. Сонда Чили президенті Сальвадор Альенде: "Мені тақтан тайдырған әскерилер емес. Менің қолымнан бұқаралық ақпарат құралдары кетіп қалды ғой. Түбіме жеткен солар", - деп еңірегенде етегі жасқа толған еді.

Атышулы американдық идеолог Збигнев Бзежинский жетпісінші жылдардың соңына қарай Польшаға жиі ұшып келіп, сол елдің бұқаралық ақпарат құралдарын өз мақсатына еркін пайдаланды. Ешқандай тосқауылсыз жүргізілген осындай БАҚ-тың қарсылығы әсерінен армияның күш-қуатына сенген социалистік Польшаның қалай құлағаны тарихтан белгілі.

Бұдан шығар қорытынды – егер ақпарат құралдарының алар орны мен арқарар қызметінің мәнін толық бағаламайтын болсақ, оның аса нәзік тұстары мен әрі өте күрделі құрылымын жете игермесек, қиын тосқауылдарға кезігеріміз анық.

Демократияға берілген көптеген анықтамалар ішінде Англияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилльдің мына сөзі айрықша орын алады: "Демократияның көптеген кемшіліктері бар екендігін мойындай отырып, бір ғана артықшылығын ескерте кеткенді жөн көремін. Ол артықшылық мынада: бүгінге дейін ешкім де демократиядан асып түсетін ештеңе ойлап тапқан жоқ". Не нәрсенің болсын шынайы келбетін айқындауда, әрбір оқиға-құбылыстың әлеуметтік тегін тануда сыни көзбен қараған дұрыс.

Сөз бостандығын ұлтпен ойнауға пайдаланып, елдің рухани-мәдени болмысына қайшы айқай-шуға тиісті тосқауылдың болмағы шарт. Сондай-ақ, бұл мылтықсыз майданда жауапкершілікті мемлекеттің мойнына алуы – жеңіске апарар жалқы жол.

Демократия, жариялылық туралы сөз бола қалған кезде еркіндік туралы айтылмай қалмайды. Бірақ ең дамыған деген АҚШ, Еуропадан да шексіз еркіндікті көре алмайсың. Жанымыздағы Ресейді алып қарасақ та сондай. Сондықтан да, ақпарат еркіндігі жөнінде айтқанда, әңгіме сол еркіндіктің не үшін, қандай нәрсеге берілетіндігінде болса керек.

Мысалы: Американың мемлекеттік мүддесі мен жеке адамдардың мүддесінің ара жігін анық білуі.

Жасыратыны жоқ, бізде сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі дегенді кейде әртүрлі жолмен өз пиғылдарына пайдаланушылық кездеседі. Біреулер мемлекеттілігімізге зияны тиіп, соған нұқсан келтіретіндей материалдар жариялап, хабарлар шығарып жатады. Көбіне ол білместіктен болуы мүмкін. Ал енді кейбіреулер әдейі қиямпұрыстықпен, біле тұрып, білмеген болып, көре тұрып, көрмеген болып, жаны ашымастың ісін істейді. Ұлттық мәселелерге келгенде бұра тартып, жарға итеріп жібергісі келіп тұратындар, өкінішке қарай кездеседі.

Қазақстан журналистикасының айналасында кейінгі кездерде саяси капиталға байланысты да көп мәселелер айтылып жүр. Сондай-ақ БАҚ магнаттары пайда болуының алғышарттары және мұндай алпауыттардың қоғамға тигізетін қандай әсері бар деген секілді тақырыптар күн тәртібіне қойылып келеді. Шындығында, біз мұны қалайық, қаламайық, оларды қоғамның өзі туғызды. Оның үстіне, Қазақстан – жариялылық құндылықтарын құптаған ел. Яғни, ақпаратқа қысымшылық жоқ. Бірақ БАҚ магнаттарын мемлекеттік мүддеге жұмыс істеуге шақыру әсте дұрыс. Өйткені, олардың қолында үлкен идеологиялық құрал бар екенін естен бір сәт те шығаруға болмайды. Қайта БАҚ иесінің қайдан шыққанын, оның тәуелсіз елімізге қаншалықты дәрежеде жаны ашитынын, "қаражатын өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсай ма, жоқ көкейінде жүрген бір дара пиғылына шашады ма?" деген мәселелерді зерттеудің ешқандай артықшылығы жоқ. Несін жасырамыз, бізде осы жағы жетіспейді. Мұндай игілікті іс-шаралар мемлекеттік тұрғыда жасалынуға тиісті. Әрі тәуелсіз елімізді мұратына жеткізетін асыл құндылықтарды айқындауымыз керек. Себебі, тағы да айтам, дамыған елдердің тұрмыс-салтына көз жіберсек, олар әлдеқашан өздеріне лайықты идеологиялық негіз жасап алған. Мысалы, Оңтүстік Кореялықтар өздерін «Тау самалы елі» деп дәріптейді. Ал испандықтар ағылшын тілін білуге құштар емес. Испан тілінен сұлу тіл жоқ деп есептейді. Француздар өнер, білім, ғылымның ортасы екенін мақтаныш етеді.

1999 жылы Канаданың Монреал қаласында дүниежүзілік коммуникация мен журналистика ұйымы – ОРБИКОМ-ның үлкен конференциясы өтті. Әлемге аты тараған, аузымен құс тістеген небір жұлдыздар қатысты. Сол сыйлы қонақтарды қала мэрі бір ағаш үйде қабылдады. Сонда қонақасы берілді. Көкке бой тіреген небір зәулім ғимараттар тұрғанда бұнысы несі екен деп ойладық. Сөйтсек әлгі жайда кезінде үкімет үйі орналасқан екен. Міне сізге, елдің тарихын қастерлеудің үлгісі. Оның жанында біздің тарихымыз дария емес пе? Қазақ – тарихы терең, табиғаты таза халық. Ғасырларға кететін тарихында біреудің алажібін аттамаған, көршілеріне көз алартпаған. Өзгенің жерін жаулап, біреудің қанын жүктемеген. Ол ақкөңіл, кеңпейіл, аса қонақжай дара халық. Ауыз әдебиеті өте бай, сөз қадірін түсінген, тарихын тасқа қашаған дана халық. Әлем өркениеті алдында беті ашық, жүзі жарқын. Сондықтан мақтан етер, үлгі тұтар қасиеттері жетіп-артылады. Сондай брэндтерді айқындап аламыз десек, ешкім қолымыздан қақпайды.

Өткен ғасырдың басында ірі державалар қару-жарақ шығаратын зауыттарды көптеп салып, соғыс қамына мықтап кірісті. Осы мақсатқа ұлттық қордағы қаржының жартысынан астам бөлігін жұмсап, бұл әрекет сырттан төнер қауіптен қорғану үшін керек болды деп ақталып жатты. Әйтсе де, одан соғыс қаупі өрши түспесе, басылған жоқ. Одан кейін барлық қаржыны халықаралық саясатты дамытуға төкті. Түрлі ұйымдар құрылды. Бірақ, әр ел өзіне ылайықтап саясат жасап алды. Бір байламға келу күн өткен сайын қиындай берді. Сондықтан өткен ғасырдың соңында Парижде ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен білім берудің дүниежүзілік бірінші конференциясы өтті. Екі жүзге тарта елдің білім министрлері мен түрлі делегациялар қатысқан осы салиқалы жиында адамзатты жақындастыратын тек қана олардың білімі мен рухани қазынасының бірлігі деген тұжырымға тоқтады. Яғни, білім беру жоспарының тең жартысы әр елдің өзіндік ерекшелігіне: тарихына, тіліне, діліне, дініне т.б. толып жатқан өзгешеліктерін орайластыра жасалып, қалған бөлігі жалпы адамзат ақыл-ойының озық үлгілерімен толығуы қажет деген бір байламға келді. Сонда бір стандартпен білім алғандардың рухани жақындығы артып, бірін-бірі тез түсінеді. Оның үстіне әр ел ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қалады деп шешті. Бірақ, сонда да шортандардың майда шабақтарды жұтып қою қаупі әлі де күшті болып тұр.

1995 жылы тәжірибе алмасу мақсатында Американың Оклахома мемлекеттік университетінде болғаным бар. Сонда ғалым әріптестерімізбен пікір алмасу кезінде мынадай бір әңгіме болды. «Шындығын айтсақ, сіздердің Қытай, Ресей сияқты алпауыт елдермен шекаралас болуларыңыз – жұтылып кету қаупін жоққа шығармайды» деді. «Онда Қазақстанда орналасқан атом қаруларын құртқанша неге асықтыңыздар?» деген сұрағымызға былай деп жауап берді: «Сіздер атом қаруымен де ол елдерді қорқыта алмайсыздар. Атом сіздердің тәуелсіздіктеріңізді қорғап қала алмайды. Сіздерді дүниежүзілік қауымдастық қабылдайтын бір ғана жол бар. Ол – өшпейтін тарихы, өнегелі мәдениеті бар, өркениетті ел ретінде дүниежүзін мойындату» деп, мысалға Балтық жағалауындағы елдерді келтірді. Американдық әріптестерімнің айтқанын түгелдей қабылдамағаныммен, бір шындықтың бар екені ойға қалдырды.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының қамы үшін талай құрбандықтарға барған арыстарымыз: А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Шоқайларды тоғыстырған – рух бірлігі, ел мүддесі болатын. Қазір қарап отырсақ, біздерге солардың парасаты мен патриоттығы жетіспейтіні күн өткен сайын анық көріне бастады. Білгір маман бола тұра бойында елжандылық жоқ, ұлтын сүйетін қасиет дарымаған, жеке басының қамын көбірек күйттеген адамдардың қатары аз емес екендігі ойлантуы керек. Дәл бүгінгі күні елімізге іс тетігін білетін азамат қана емес, әр нәрсені елдік мүдде тұрғысынан ойлайтын, адамгершілігі мол, өткен тарихымызға құрметпен қарайтын ұлтжанды тұлғалар керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет