ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ
Ұзақ талқыдан кейін Мәжіннің әкесі ұлын Науфалдың қызына
үйленуге көндіргені, әрі тойдан кейін Науфалдың сарайынан
Мәжіннің қашып кетуі хақында.
Таптырмас іздегенге кезген бақыт,
Былайша төгілдірді сөзден жақұт:
Қайтадан ес жиғанда қашқын ұлы,
Әкенің одан сайын асты мұңы.
Әкесі ақыл айтты сөзбен орап,
Баласы сүмірейді жерге қарап.
Жалынды: «Жалғызыңды жазғырма көп,
Мейірім қыл, мына мендей азғынға?» – деп.
Тағы да мойындады қателігін,
Кешірді қылған ісін әке мұның.
Әкесі былай деді: «Кешірем мен,
Азабың аз емес қой осы көрген.
Ұққайсың, кешірмеймін кінәңді жай,
Шықпайсың айтқанымнан бұдан былай!»
Ақ жүрек, адал Мәжін көңіл жықпас,
Ешқашан шылбыр үзіп сөзден шықпас.
Жайдары, жайсаң еді сау кезінде,
Болмайтын оғаш қылық мінезінде.
Дақ салмай адалдардың сеніміне,
Айналды жақсылардың серігіне.
144
Қақ жарған әділ еді қара қылды,
Ерекше елден бөлек дара жүрді.
Ойланып әкесіне былай деді:
«Ұл қылған ұлы жанға Құдай мені!
Десең де құлмын, қайда жетектеймін,
Екінші айтқаныңды екі етпеймін».
Қуанып әке байқұс арқа-жарқа,
Ойысты құдалыққа сөзге тарта:
«Ішінде жалғызсың сен бүкіл араб,
Ол емес дүние тұр саған қарап.
Науфал да сені сыйлап қорғаштайды,
Әрдайым жақсылыққа жол бастайды.
Тілектес болды саған, Ләйліге де,
Қайтесің енді оған көп қайғы жеме.
Тағдырдың ісін қайтіп өзгертемін,
Басқаны маңдайыңа жазған сенің.
Науфалдың көңілін тап шамаң келсе,
Сен оған қарыздарсың өле-өлгенше.
Алдына басыңды иіп жығыл барып,
Мен сонда шаттанармын күлім қағып.
Әкеңді шын сыйласаң ерлегенің,
Тастама тілегімді жерге менің!
Ал, кәне, қол жаямын антыңды бер,
Науфалдың баласы бол ертіп жүрер!
Болатын жанның бәрі көрсе құмар,
Оның бір жарқыраған жауһары бар.
Ұқсайды үлбіреген пәктігі де,
Жайнаған Иранбақтың ақ гүліне!
145
Ажары көкте құсқа ән салдырған,
Жердегі жан иесін тамсандырған.
Батыр да, балуан да, мырзалар да,
Жанына жолай алмас шындағанда.
Сен көнсең, сөзімді кім сырғытқандай,
Көнбесең тұншығамын у жұтқандай.
Иліксең отым менің мәңгі жанар,
Шынымен мен қуансам, ел қуанар!»
Ұл көнді, әке осылай салды шідер,
Бойына ішкен асы енді сіңер!
Шаншылтып қуаныштан айға мұртын,
Шақырды ұлы-дүбір тойға жұртын.
Құйылды балдай шарап көл-көсір боп,
Шашылып төгілгені жерге сіңбек.
Шалқыды тойдағы жұрт сусап ішіп,
Шетінен кигендері сусар ішік.
Мәжіннің жалтылдаса алтын тоны,
Көз қадап қызықтайды әркім соны!
Құдалар керуендетіп жолға шықты,
Науфалдың ауылына енді асықты.
Науфалдан құда келіп уайым қалды,
Дүбірлі ұлы тойға дайындалды.
Өткізіп дырду-думан қызықты ойын,
Жасады алдыменен жүзік тойын.
Сөнбестен ошағының оты күнде,
Жалғасты жеті күнге, жеті түнге.
Желініп қазан-қазан дәмді тамақ,
Босады сансыз кесе, сансыз табақ.
146
Есіктің жібек байлап тұтқасына,
Қалың жұрт екі жасты күтті асыға.
Бақыттан айдай ару шырын жұтқан,
Шықпақшы тоғыз қабат шымылдықтан.
Күйеу де асқан сұлу күн келбетті,
Көркіне ынтықтырған жер мен көкті.
Жұбайлар келді ортаға қол ұстасып,
Қарсы алды жұрт шуылдап шашу шашып.
Қараса құр келмепті әркім мұнда,
Шашылды уыс-уыс алтын ділдә.
Қалың жұрт төңкерілді-аударылды,
Құдайдың бергеніне тәуба қылды.
Көктегі қарағандай күн мен айға,
Бақ тілеп, бата берді қос жұбайға.
Күндей боп жарық сәуле төккен келін,
Астынан жарқырайды бетперденің.
Қызықтап асып-тасқан шүлен тойды,
Қызарып көкжиекке күн еңкейді.
Жеті қат көктен саулап төгілгендей,
Жер беті асыл тасқа көмілгендей.
Әдеппен жеңгелері есік ашты,
Кіргізді ақ шатырға екі жасты.
Ақ төсек күтті оларды күлімсіреп,
Дегендей хош келдіңдер бірінші рет.
Сыр бермей бір-біріне қасындағы,
Қабағы екеуінің ашылмады.
Пәниде ешнәрсе жоқ Алла білмес,
Шынайы махаббатқа сауда жүрмес.
147
Ойланып жан-жағына қарап көрді,
Шалқыған тойын Науфал таратты енді.
Жолатпай маңайына жан баласын,
Күн бата тас бекітті айналасын.
Отырды шарап ішіп шала қызып,
Көңілі әлденеге алақызып.
Орнынан көтерілді көп отырмай,
Күтпеген бір оқиға болатындай.
Ұрыдай тұрған үйдің сыртындағы,
Жабықтан сығалады, тың-тыңдады.
Қызының отырғанын көрді көзі,
Мәжіннің аяғында жалғыз өзі.
Тартынып тұрған жіпсіз қазығынан,
Қызының естілді анық сөзі бұған:
«Жүрегің махаббаттың құжырасы,
Көзіңнен шашырап тұр шұғыласы.
Тек Ләйлі сәуле төккен санаңызға,
Сондықтан айналдырған ел аңызға.
Кетсең де өз үйіңнен қашып тіптен,
Сендерге табынады ғашық біткен.
Өзіңді-өзің мейлі естен тандыр,
Сыймайды бір жүрекке екі тағдыр.
Өксумен өмір бойы өтемісің,
Өзіңді отқа салып әкем үшін?
Ғашықтық жас жүрекке шамын жақса,
Мәңгілік махаббатқа жастар патша.
Аз емес мына өмірде жылағандар,
Менің де жүрегімде бір адам бар.
148
Деміне зар боламын шөлдегенде,
Шығарда жаны басқа мен дегенде.
Серттескем айнымасқа, айрылмасқа,
Алайда жан білмейді менен басқа.
Естісе ол бейшара тірі өледі,
Мәжінге тиді десе мына мені.
Сүйіскен ғашықтарға сын жүре ме,
Өтінем, жүрегімді тілгілеме.
Мен оның айтқанынан шыға алмаймын,
Мойнымды басқа жаққа бұра алмаймын.
Ләйлі деп екі көзің жасын тыймас,
Қалғанмен білем мұнда басың сыймас.
Аман бол, жолың болсын қайда жүрсең,
Қатерге мен деп басты байладың сен.
Кім білсін қару алып білгіштер кей,
Қуалар қыр соңыңнан қылмыскердей.
Бөледің жүрегімді сен бақытқа,
Тілеймін тілегіңді әр уақытта!
Сөзіме жүрме менің сірә сенбей,
Адам жоқ адамзатта мына сендей!
Түңіліп орта жолда тоқтай қалма,
Сеземін Ләйліңді де сақтайды Алла!
Жаратқан жәрдем қылып тірлігіңе,
Қосады қос жауһарды бір-біріне!».
Бүй деді толқып тұрып Мәжін сонда:
«Адал, пәк махаббаттың жолын таңда!»
Сенімді бірге жаса серігіңмен,
Қолдасын періштелер сені білген.
149
Түсінем жанғандарды күйініштен,
Мен-дағы махаббаттың уын ішкем.
Жасқанба суық сөзден табалаған,
Қашанда қорған болар саған ағаң.
Қош енді, қуат бердің сөздеріңмен,
Ағыттың шідерімді өз қолыңмен!»
Осылай танытқан соң кең пейілді,
Қамыққан қыз басынан мұң сейілді.
Ағалы-қарындастай ажырасып,
Шықты да кетті Мәжін жылдам басып.
Бақытты қайдан тапсын бұйырмаған,
Құмына қайта тартты шиырлаған.
Сенделіп Науфал тұрды соққан сеңдей,
Өзінің құлағына өзі сенбей.
Бір суық өкініштің соқты желі,
Толқытып, тебірентіп естігені.
Ішінде алай-дүлей боран ұлып,
Үйіне әрең жетті дымы құрып.
Қаусатты кенет басқа түскен бейнет,
Байқамай улы шарап ішкендей боп.
Жылжыған дүние кері дөңгелемек,
Айтады жариялап елге не деп?
Қызының бұл түрімен бағы жанбас,
Жасырып қалуға да тағы болмас...
Жігіт те келіп бұл түн қызды сүйген,
Ашудан жарылардай жанып-күйген.
Екеуін өлтірмекке қанға малып,
Тұрыпты үй сыртында қанжар алып.
150
Алдымен екеуінің қанын ұрттап,
Өзінің сонан кейін көзін құртпақ.
Жетелеп құштарлыққа қыздың лебі,
Ашуын махаббаты тізгіндеді.
Мәжіннің таң қалды да пәктігіне,
Өзіне үлгі-өнеге етті, міне.
Тәнті қып оны қыздың адалдығы,
Қалпына қайта келді адамдығы.
Сөзбенен жеткізе алмас сүйсінгенін,
Білгенде құлап түсті шын сүйгенін.
Бақ керек бұдан асқан сірә қандай,
Шатырға кіріп келді шыдай алмай.
Жігіт тұр, сүйгені оның отыр жалғыз,
Көре сап айғай салды шошынған қыз.
Қалыпты сағынысып көптен көрмей,
Табысты құшақтасып көк пен жердей.
Күйдіріп ыстық демі шоқтай жанды,
Екеуі лапылдаған отқа айналды.
Шаттықтан көңілі тоқ, көзі жасты,
Таң ата құшақтары ажырасты.
Ару таң киген шақта ақ көйлегін,
Таулардың нұрмен жуды беткейлерін.
Қара жер көңілін тауып жайлап оның,
Алдына тоса қойды айна көлін.
Ұйқыдан елдің ерте оянғаны,
Бақытты ақ шатырға аяңдады.
Мұндайда кім тоқтатар қалың жұртты,
Көрмекші Мәжін менен қалыңдықты.
151
Күйеу жоқ, қыз сопайып жалғыз отыр,
Басталды ию-қию, ойран-топыр.
Екі жақ отыра қап еңіреді,
Күңіренді кісі өлгендей төңірегі.
Қалғандай бар ғұмыры бүгін бітіп,
Мелшиіп отыр Науфал тілін жұтып.
Күрсініп тілге келді не заманда:
«Шара жоқ Құдай өзі қалағанға.
Алған соң өз қолына жанның бәрін,
Көлденең тұра алады тағдырға кім?
Дәрменсіз пенде, шіркін, бұл арада,
Ешкімді енді, ағайын, кінәлама?!»
Күй кешіп көп алдында бет күйгендей,
Үйге кеп құлап түсті оқ тигендей.
Сырты сау, іші жалын түтіндеген,
Сөгілді қабырғасы бүтіндеген...
Білемін көп қой сенің кемшін жерің,
Дертімді жаза алмайсың, емшім менің!
Пендемін құдай өзі зарлы қылған,
Айықтыр мүсіркесең бар мұңымнан!..
152
Достарыңызбен бөлісу: |