ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Мәжіннің әке-шешесінің қалай қайтыс болғаны, бұл жағдайды
оның түсінде көруі және марқұмдардың басына баруы хақында.
Қозғаса ішкі дерті жанын кімнің,
Төгеді зарға толы әнін бір күн:
Таң ата жұрт дүрлігіп айғайлады,
Шошынып ата-анасы қайғы ойлады.
Естіді жай түскендей ашық күнде,
Мәжіннің кеткендігін қашып түнде.
Өлімнен тірі жанға ұят күшті,
Еңіреп екі бейбақ құлап түсті.
Кеткендей лапылдаған отқа кіріп,
Әкесі қалды содан қатты ауырып.
Жан тері қиналғаннан сорғалады,
Секілді ажалының сол хабары.
Жиналды бәлігер де, дәрігер де,
Болмады ешбір көмек бәрінен де...
Бір пенде құлап түсіп қатардағы,
Айналды таусылуға татар дәмі.
Дәріге ауыр дерті дес бермеді,
Аяқтан алған ажал төске өрледі.
Айқасып, арпалысып өмір-өлім,
Қап-қара түнек басты төңірегін.
167
Ем-домның жасаса да не түрлісін,
Кетеуін бейшараның кетірді шын.
Ол кезгі дәрілердің дәрмені жоқ,
Сырқаттың жазылғаннан өлгені көп.
Келді де әзірейіл жанын алды,
Бес күндік боқ дүниенің бәрі қалды.
Бір күні сөне қалса жанған шырақ,
Таппайды адам жаны тәннен тұрақ.
Қалың ел қала берді қара тұтып,
Тірі өлік кемпірі отыр қайғы жұтып.
Қойғандай тағдыр басын тасқа тіреп,
Қосылып күйдіреді қос қасірет.
Жұбатып шашы ағарған сол жесірді,
Сұңқылдап жоқтауына жел қосылды.
Бақытсыз байқұс ана сыртқа шығып,
Қоштасты бұл пәнимен жіпке асылып.
Соңынан күйеуінің ол да кетті,
Өмірден ұлын жоқтап зарлап өтті.
Қос өлім қалың елге ауыр тиді,
Қайғының күйген иісі қоңырсиды.
Үңірейіп соңдарында төрі қалды,
Мәңгілік тыныштықтан орын алды.
Демеген қаңғыса да қажып жүрмін,
Түс көрді ұйықтап жатып Мәжін бір күн:
Түсінде қос көгершін кез келіпті,
Шығарып бір балапан мәз болыпты.
Жетілді қанаттанып асыл көркі,
Сонда тек ата-ананың есіл дерті.
168
Өмірде сан мыңдаған зарлы құс бар,
Жас кептер шөл далаға болды құштар.
Қиырға қанат қағып бұл адасты,
Соңынан ата-анасы қуаласты.
Ұқпады айғай салып «тоқта!» деді,
Зарлады қос көгершін жоқтап оны.
Қарасын көрсетпеді жоғалғалы,
Сағынып ұясына оралмады.
Сандалып іздеп жүрген ата-ананы,
Мерт қылды түздің жыртқыш жапалағы.
Шошынып мына түстің сыңайынан,
Сұрады Мәжін медет құдайынан.
Көшті де ойдың тура төтесіне,
Жорыды шешесі мен әкесіне.
Қарамай аттай шауып тау мен тасқа,
Еңіреп екі етегі толды жасқа.
Жалынып, жалбарынып жалғыз Хаққа,
Жолықты келе жатып көп зиратқа.
Көре сап қос қабірді жаңа көмген,
Көрісті құшақтасып қара жермен.
Жамылған топырақтан қалың қайғы,
Марқұмдар енді ешкімге жалынбайды.
Қаптаған қаралы шөп көрдің басы,
Суарған сорғалаған көздің жасы.
Басында шешесінің қайғылы гүл,
Білмейді өсіп шықты қай күні бұл?
Мүлгиді екі бірдей сөнген шырақ,
Тірілер кетпесін деп дандайсырап.
169
Зираттың өлгендерге керегі не,
Тірілер еске алады көреді де.
Мәңгілік көрдің іші тас қараңғы,
Есіктен кіргізбейді басқа адамды...
Маңдайын жерге Мәжін ұрғылады,
Бір тұрып, бір отырып, бір құлады.
Қысылып күрсінеді көкірегі,
Булығып, бармақ тістеп өкінеді.
Сол сәтте жер сілкініп, тау жарылып,
Кеткендей бүкіл дүние аударылып.
Қайғысы қара судай жардан асты,
Басында әкесінің зарға басты:
«Арабта бір өзіңнен жан асқан ба?
Қол жетпес шығып кеттің көк аспанға!
Атыңды өмір бойы салып өрге,
Қамқор боп қайыр қылдың қалың елге.
Сен үшін жоқ мейірім шекарасы,
Риза Мекке менен Шам арасы.
Пір тұтты жақсы-жайсаң қасыңдағы,
Мен болдым қасіретің басыңдағы.
Көп үміт күтіп едің шыныменен,
Кешіргей, жеттім сенің түбіңе мен.
Мен үшін қазынаңды шашып-төктің,
Мен сені азапқа сап қашып кеттім.
Мен саған күткен бақыт бола алмадым,
Айналды белгі тасқа ол арманың.
Қайғырдың мен қашты деп сен далаға,
Тұз септім дуылдатып жан жараңа.
170
Тоқ болғың келіп еді, ашықтырдым,
Көңіліңді жұрт алдында жасыттырдым.
Іздеп ең алмас қылыш таптырмады,
Тағдыр ол талабыңды жақтырмады.
Қаңғырдың қараңғыда шырақ іздеп,
Жып-жылы жарық үйде тұрамыз деп.
Іздедің басқаны емес мені ғана,
Қайғыдан күйіп кеткен жаны қара.
Түнекке өміріңді айналдырдым,
Өртедім, ошағыңды ойран қылдым.
Дүниеде екі бірдей күнәлімін,
Алдыңда айыбымды жуады кім?
Жолыңды ұлың болып қуа алмадым,
Қайтемін, жазғаны осы бір Алланың?»
Бұршақтап жанарынан жас төгілді,
Өз басын өзі жұлып таспен ұрды.
Басында анасының еңіреді,
Бақида жатқан адам не біледі?
Соқты да қара дауыл қасіретті,
Үстінен зілдей қайғы басып өтті.
Ойламай амандығын өз басының,
Көлінде өзі жүзді көз жасының.
Аңсаған, сағынышы жан ананы,
Балықтай шыжылдатты табадағы.
Түскендей аспан құлап басына тап,
Зарлады шешесінің атын атап:
«Сен едің жүрегімнің жұбанышы,
Сен едің көңілімнің қуанышы.
171
Бақша едің, шөл дала ғып құлазыттым,
Қағба едің, шіркеуге мен туа зыттым.
Рахат өміріңді азап еттім,
Қағбаны сағат сайын тозақ еттім.
Қағбамды өртеп тындым ақырында,
Уа, Құдай, зауал төндір пақыр ұлға?!
Сен – ұлутас
15
! Гауһардай көріп мені,
Ішіңе құдай салып дәріптеді.
Кінәрат болса сенің құрсағыңда,
Сөнер ем, туа шөгіп сол шағымда.
Мен сенің аспандағы болдым айың,
Жете алмай көкірегіңе толды уайым.
Тербетіп бесігімді өзің менің,
Төрт бөліп түн ұйқыңды көз ілмедің.
Мен үшін ғұмырыңды сарп қылдың,
Білмедім қадіріңді зарықтырдым.
Жылыттың мұздай қалса аяқ-қолым,
Жаныңды көрмедім-ау аяп сенің.
Түсірмей от пен суға бағып-қақтың,
Мен бірақ тіліңді алмай лағып бақтым.
Мені ойлап ас өтпеді тамағыңнан,
Ешнәрсе аямадың жаман ұлдан.
Беліңді азапқа сап бүгілдірдім,
Жалғаннан жаныңды ерте түңілдірдім.
Мен үшін тамағыңды жаттың ішпей,
Ағарттым шашыңды да ақ күмістей.
Сен мені аяладың, мәпеледің,
Арқалап өмір бойы өтер едім,
15
Ұлутас - раковина
172
Амал не, арман болып қалды бәрі,
Мен сені көре алмаймын ендігі әрі.
Аспаннан әр күн сайын төгіп шуақ,
Рухыңа мен жүремін жағып шырақ.
Адасқан өз жолынан жалғыз ұлың,
Болады бұдан былай мәңгі құлың.
Қаусаттым, қартайттым да, қалжыраттым,
Күш бермей өскен сайын зар жылаттым.
Секілді қызған темір салған отқа,
Мен саған бола алмадым қолқанат та.
Перзенттік парызымды мен ұмыттым,
Ақыры көрге тығып, сені жұттым.
Зая боп ақ сүтіңді емізгенің,
Көзіңнен қан сорғалап мені іздедің.
Құдай-ау, жақсылықты қанат берген,
Қалайша зұлымдықпен тонап келгем?
Соншама саңылаусыз болғаным-ай,
Соңыңда иттей ұлып қалғаным-ай?
Бағаңды біле алмаған нақұрыспын,
Отына жанам енді өкініштің.
Дертіңе ешбір дауа таба алмадым,
Мәңгіріп өзімді-өзім сан алдадым.
Жаныңда бола алмадым бір күн, шіркін,
Тентіреп өміріңнің бұздым шырқын.
Өлшеусіз бұл пәниде көрдің азап,
Бақиға аттандың да болдың азат.
Бұйырды маған тозақ, саған жұмақ,
Өзіңнен мәңгі-бақи болам жырақ.
173
Мен енді қорғансыздың күнін кешем,
Рақым қыл, разы бол ұлым десең!
Шықпадым көңіліңнен алдымды ойлап,
Өмірі ем қонбайтын мен бір бейбақ!»
Сұлады әлі құрып жылай-жылай,
Кім білсін не боларын бұдан былай?
Бет-аузы ісіп кеткен, көз бұлаудай,
Күйінді енді ешкімді жазғыра алмай.
Тарылды өмірінің енді өрісі,
Сырты сау көрінгенмен өлген іші...
Уа, достым, махаббатты шындап жырла,
Үлестен үмітімді құр қалдырма!
Құлымын құдай берген құдіретіңнің,
Өзіңсіз тентіреген тұл жетіммін!
174
Достарыңызбен бөлісу: |