3-тарау. Құлыншақтың айтыстары мен салт өлеңдері үлгісіндегі шығармалары
З.1. Айтыстары.
Құлыншақ ақынның шығармашылығында айтыс жанры мен сөз қағысулары да елеулі орын алатындығы жоғарыда айтылған болатын. Әдетте ақынның ақындық өнері, суырыпсалмалық шешендігі, әсіресе осы айтыс өнерінде байқалатын болған. Құлыншақ та белгілі сөз шеберлерімен сөз сайысына түсіп өнер жарыстырған сөз шеберлерінің бірі. Молда Мұсаның айтуы бойынша Құлыншақ ақын айтыста ешбір ақыннан жеңіліп көремеген, суырыпсалма ақындық өнердің қыр-сырын айтулы игерген айтулы өрен жүйріктің бірі.
Құлыншақ ақын кезінде көптеген ақындармен айтысқан болуы әбден мүмкін. Қанша ақынмен айтысқаны жөнінде дәл тап басып айта алмаймыз. Бізге белгілісі Майлықожа ақынмен ауызша, жазбаша түрде айтысқаны, Молда Мұсамен айтысы, Бұдабай ақынмен, сондай-ақ аты белгісіз бір ақын қызбен айтысы, белгілі айтыскер Шөже, Майлықожа ақындармен сөз қағысулары.
Құлыншақ ақынның айтыскерлік ерекшелігі туралы әдебит зерттеушісі ғалым Х.Сүйіншәлиев: "Айтысқан ақынға мін таққыш, табан астында сөз тапқыш Құлыншақ халық ішінде беделді болған. Оның шешендігіне, шыншылдығына ел риза боп ардақтаған" - деп айтыскерлік ерекшелігін айрықша атап көрсетеді. [30.635]
Құлыншақ ақын шығармашылығының, айтыстарының бір ерекшелігі - өзінің замандас ақындарымен жазбаша хат түрінде де айтысып, сонымен бірге хат жазысып шығармашылық байланыста болып тұрғандығы. Молда Мұсамен, Шәді төремен өлеңмен жазысқан хаттары осыған делел болады.
Құлыншақ ақын айтыстары туралы айтқанда оның Майлықожамен айтысын ерекще айтуға болады. Бұл айтыс ақынның бізге белгілі болып жеткен айтыстарының ішіндегі бірден-бір көлемдісі әрі толығырағы болып саналады.
Құлыншақ ақын айтыстарының ішінде Майлықожамен айтыстарының ақын шығамашылығын зертеген ғалымдардың ерекше көңіл аудартуының себебі онда ақынның дүниетанымы, ақындық шеберлігі біршама кеңірек көрініс тапқандығынан болса керек. Құлыншақ ақын Майлықожамен ауызша айтысумен қатар оңтүстік ақындарында бар дәстүрмен жазбаша хат арқылы да айтысқан деген дерек болғанымен, жазбаша айтысы бізге жетпеген.
Майлықожамен осы айтысының бір ерекшелігі туралы ғалым Р.Бердібай кезінде былай деген болатын: "Аз сөзі сақталған Майлықожамен айтысында әлеуметтік дертті ашудан гері, ру мен руды
салыстыру, байлық, көптік, бектік санасу сарыны басым. Бұрыннан дос екі ақынды елдің "игі жақсылары" қымыздың қызуына желігіп, еріксіз қолқалап айтыстырғаны, бір-бірімен себепсіз жамандасуға бұлардың зауқы болмағандығы байқалады". Ғалым бұл пікірін мысалдар келтіре отыра дәлелдейді [22.320].
Құлыншақтың Майлықожамен бізге жеткен айтысының жалпы көлемі 200-ден аса өлең жолынан тұрады.
Мұнда екі ақынның айтысы бір-бірімен сәлемдесуден басталып, бір-бірінің ақындық өнердегі ерекшеліктерін, бір-бірінің жақсы қасиеттерін тілге тілек етумен жалғасып, содан кейін екеуінің айтысқа түсулерінің, жоғарыда ғалым Р.Бердібай айтқандай себеп, жағдайлары сөз болады. Бұл айтыстың бас жағында ақындардың бір-біріне деген сыйластық сезімдері, талант, дарындарына деген құрмет, ізеттілік сезімдері айрықша көрініс тауып отыраған. Оны Майлықожаның Құлыншаққа, Құлыншақтың Майлықожаға берген мінездемелерінен айқын аңғаруға болады. Майлықожа ақынның Құлыншаққа "Менімен кім айтысар сенен өзге", "Ақын ең бағың қалың, озған атың", "Бар едік екі жүйрік құдай берген", "Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің", " Бар едік екі ақын мақтап жүрген", "Аузыңның қыдыры бар кісі едің" деген сөздері мен Құлыншақтың Майлықожаға "Қара дауыл өлеңге дүрсің, қожам", Қосылдық екі жүйрік сайымызға", "Қожеке, сөзіңе жұрт тоймас ұсайд" деген өлең жолдарынан бір-бірінің ақындық өнерін бағалауы, сыйластығы айқын көрінеді.
Құлыншақ Майлықожаға бұл теріскей өлкесіне келгеніне қош келіпсіз дей келіп, оған Қоңырат еліне құрмет қылсаң жарасады, өзің шеттен келген қожа едің, қоңсы қонып тіршілік етіп жатырсың дегендей ойды:
Қошемет қылсан қоңыратқа жарасады, Ежелден қоңсым едің ауқат көрген,-
деп айтқанда, Майлықожа бұл елді өзінің өзге елден кем санамайтынын айта келіп, ақындық өнерімен елдің құметіне ие болып сый-сияпат алып жүрғенін де жасырмайды. Құлыншақ ақынның сөзіне орай "несін ап ем сен кедейдің?" деген уәжін айтады. Осы айтыста бір байқалатын нәрсе екі ақынның да өрташа ғана күнкөрістік дәулеті бар жандар екендігі сезіледі.
Екі ақын да өздерінің күнкөрісі сол өлкені жайлап жатқан елге тікелей тәуелді екенін түсініп қана қоймайды, өздерін сол ел-жұртқа барынша қарыздар, міндеткер өнер иелері деп ұғады. Бұл Құлыншақ ақынның:
Қожеке сөзіңе жұрт тоймас ұсайд,
Бозбала бір-бірімен ойлас ұсайд,
Бірінен ат, бірінен тон киюші ек,
Шамасы, кеп боршымыз қоймас ұсайд,
-деген өлең жолдарынан, сондай-ақ Майлықожаның:
Бай қоңырат, бар қоңыраттан алғам шығар,
... Туғаныңа айт жолымды мықтап қылсын,
Саған берген болады маған берген,-
деген сияқты өлең жолдарында көрініс табады.
Айтыс Құлыншақтың Майлықожаға:
«Қоңсым едің ежелден ауқат көрген», «Ежелгі қоңсылықпен күнің кешіп»,
деген түрде айтылған сөздерінен кейін шиеленісе түседі. Майлықожа Құлыншақ ақынға адамды адам асырамайды, әркім Алланың берген несібесімен күнін көреді деген сияқты ойларын айтып, одан әрі қарай екі ақын әрқайсысы өз елінің артықшылық, кемшіліктерін теріп айта бастайды.
Құлыншақ қоңыраттың қалың іргелі ел екенін, қожаның азшылығын айтып Майлықожаны мүдіртпек болады. Ал Майлықожа өзінің қожа екендігін, тектілігін айтып, Құлыншақты ислам діні қағидаларымен сүріндірмек болады. Сонда Құлыншақ:
Қожаның да ішінде бар-ды қожа, Кей қожаның үйінде арақ, боза. Арақ ішіп айтасың өтірікті, Кереметің қожа боп жоқ қой маза.
Қожаның қараңыздар қожасына, Ішіп жүрген арақ пен бозасына. Арақ пенен бозасын мойнына алды, Қараңдар шайтан пірдің мазасына,-
деп дін насихатшысы болып халыққа жақсы көрініп жүретін кейбір қожа-молдаларда байқалып қалатын жағымсыз іс-әрекеттерді жасырмай айтып өтеді. Майлықожа өзінің ондай іс-әрекеттерден таза екенін айтқанда, Құлыншақ:
Бір сөзді айтпайтұғын айттың маған,
Мен де лайық сөз айттым тақсыр саған.
Арақ пенен бозаны бірдей ішер
Қасындағы жолдасың Мәделі ағаң,-
деп мін таға сөйлейді. Сонда Майлықожа Құлыншаққа Мәделі ақынның ондай кемшілігі болса өздеріңнен - нағашыларынан келген жайт дегендей қылып:
Шешесі Мәделінің апаң Қойқаң,
Келе сап Апақайды қылған сойқан.
Нағашысы арамқор сен болған соң, Жиендерің қылып жүр ойпаң-тойпаң,-
деп өзіне жабыса кеткенде, Құлыншақ «сүйегіңді маған жапсырдың» деп:
Бұзығыңды итеріп құтылмақсың, Бұралқы ішімдегі қоңсым қожам,-
деген уәжін айтады.
Майлықожа да өзінің "ақ сүйек таза екенін" артықшылығым,
тектілігім деп:
Арапта құрайыш дер, атам Әшім,
Отыз үш ата туған, кәрі-жасым.
Тіріде - пір, өлгенде - туың едім,
Құтылар қоңсылықтан қайдан басың?
...Әуелі - палуан өткен Үрістем Дастан, Екінші - Әзіретәлі дінді ашқан. Қылышынан қорыққаннан мұсылман боп, Сен маған қоңсы едің әуел бастан, -
деп осы жайттарды артықшылығым деп көрсеткенде, Құлыншақ ақын айтыстарда іркілмей сөз табар әдетімен тоқталмастан:
Құлыншақ сөйлер сезден ұялмайды, Жалғанда жаннан айыл жия алмайды.
Мыңға бір үй келмейтін аз қожаға, .
Көп қоңырат қоңсылыққа сия алмайды,-
дей келіп, қожалығың таза емес деген ыңғайдағы ойларын сездіре:
Қазан атты қаңтарғын терін жесін,
Үш күн, үш түн шапса да ерінбесін. Қазақының жүгенін сыпырып ал,
Онан-мұнан шөгіртек теріп жесін,-
деп елге сөз келтіре сөйлегені үшін тиісті жазасы сол болсын дегендей ойларын айтады.
Белгілі ғалым Ә.Оспанұлы бұл айтыс Майлықожаның пайдасына шешілген деп көрсете келіп: "Құлыншақ пен Майлықожа айтысы", түптеп келгенде, өткендегі айтыстардың ортасынан ойып орын алмағанымен, тапқырлық-шешендік өнердің өнегелі ескерткіші ретінде ерекшеленетін шығарма екені даусыз. Айтыс өнеріне тән бар асыл қасиетті жинақтаған, тәлім-тәрбиелік мәні бар елеулі еңбек»,- деп бағалай өз пікірін білдірген болатын [24.31].
Құлыншақ ақынның Майлықожамен бұл айтысы қазақ халық әдебиетінің көп томдығының айтыс өлеңдеріне арналған томдығының 1988 жылы басылған екінші кітабында тұңғыш рет жарық көрді. Бірақ онда жарияланған нұсқа көлемді-көлемді қысқартулармен, өлең тармақтары бұзылып, жалпы айтыстың мән-маңызын, мазмұнын айқындай алмайтындай деңгейде жарияланғанын айта кетуіміз керек. Айтыстағы дінге қатысты айтылатын жолдардың қалдырылып кетілуі немесе өзгерістерге ұшырата жариялануы айтыстың кей тұстарын мағынасыздыққа ұшыратқанын байқауға болады. Айтыстың бұлайша қысқартулар мен өзгерістерге ұшырауын сол кездегі саясаттың әсерінен болған құбылыс деп түсінуімізге болады. Бұндай қысқартулардан бөлек жекелеген сөздермен қатар сөз тіркестерінің де бұрмаланғаны
байқалады. Ақын шығармалары мәтінінің дұрыс жарияланбауы 1984 және 1989 жылдары «Жазушы» баспасы басып шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының екінші кітабында жарияланған шығармаларында да бар. Мысалы, Майлықожамен Құлыншақтың сөз қағысуындағы:
Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен бай болмадың,
-деген өлең жолдары:
Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Ат пен түйе алсаң да бай болмадың,-
деп беріледі. Сондай-ақ Майлықожаның Құлыншаққа табан астында суырып салып айтатын:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды,
Иә құлын, иә жабағы, тай болмадың,
-деген жауабы:
Сен Құлыншақ атандың небір заман,
Не жабағы немесе тай болмадың,-
деп берілген. Бұлайша қатерлермен берілуін ғалым Ә.Оспанұлы кезінде көрсетіп жазған болатын [24.34-35].
Құлыншақтың Шөже ақынмен айтысы сол айтыстағы айтылған жайттарға қарағанда оның Арқаға барған сапарында болған сияқты. Шөже Құлыншаққа:
Қаратаудың қатпасы,
«Көкпар шаба келік» деп,
Бір-бір атты жетектеп,
Ішкендерің көк кебек,-
деп тиісе, кемсіте сөйлегенде Құлыншақ Қаратау өлкесінің күнгейі мен теріскейіндегі әулиелі дейтін жерлерінің қазақ халқы үшін Меккеден кем, құрметтелмей, киелі жер деп есептелінетінін, жемісі менен жидегінің мол, шуақты өлке екенін айта келіп:
Баба түкті шашты әзіз
Ұлсыздарға ұл берген,
Айналайын Қаратау
Әулиенің кені едің,
Қырық бір мың машайық
Мекен еткен өтенім,
Кәлима келтір тіліңе,
Алжаспағын сен Шөже,
Алдыма салып кетермін,
Артыңа теуіп кетермін! -
деп аты Арқаға кеңінен мәлім болған айтулы, ақындармен айтысында ешкімге дес бермейтін Шөже ақынға сес көрсете сөйлеп, ұшқыр да ұтымды жауап береді.
Құлыншақтың кейінгі кезде табылған бір қызбен айтысы 2001 жылы жарық көрген "Жыр мұра" жинағында жарияланды. 30-дан аса жолдан тұратын бұл айтыстың өзіндік ерекшелігі бар.
Бірде жолаушылап келе жатқан Құлыншақты сырттай таныған бір ауылдың тойына бара жатқан ақын қыз Құлыншаққа әзілдей тиісе:
Құлыншағым,
Төбеңде салпылдайды тұлымшағың. Домалап той дегенде тұра алмайсың, Құрысып шапқыш аттай ұрыншағым,-
деп сөз бастайды. Құлыншақ ақын да әзіл сөзге әзілмен ұтқыр жауап беріп айтыса кетеді. Бұл айтыста терең қоғамдық саяси-әлеуметтік мәселелер көтерілмегенімен қыз бен жігіт арасындағы астарлы түрдегі әзілдің бір түрі көркемдікпен көрініс табады. Бұл сияқты астарлы түрде әзілдесе айтысу, сөз қағысу өзге ақындар шығармашылықтарында да жиі кездесіп отыратын құбылыс.
3.2. Сөз қағысулары.
XX ғасырдың басында өмір сүрген Сыр бойы, Қаратау өңірі ақындарында өлеңмен айтысып ақындық өнер жарыстырумен қатар қысқа түрде сөз қағысу, өлеңмен әзіл айту дәстүрі де болған. Осындай дәстүрдің бір көрінісін Құлыншақтың Майлықожамен әзілді сөз қағысуынан көруге болады.
Құлыншақ ақын Майлықожаға:
Майлы, Майлы десе де май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен бай болмадың,
-дегенде, Майлықожа:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды,
Иә құлын, иә жабағы, тай болмадың,-
деп іліп ала жөнелген екен. Ақындардың бұл өлеңмен қағысуы, кейде аздаған өзгерістермен, ел ішіне кең тарап белгілі болған. Бұл қағысудан екі ақынның да суырып салғыштығымен қатар тапқырлық қасиеттерін де көреміз.
Құлыншақ ақынның Майлықожамен сөз қағысуының бірі мынандай оқиғамен байланыстырыла айтылады: "Шымкенттегі ояз ордасында істейтін Кенесарының кенже баласы Ақымет төренің алдында Құлыншақ пен Майлықожа кездескенде, Ақымет тұрып "Екеуіңіз бір-бір ауыз өлеңмен сөз сынасыңыздаршы" депті. Сонда Құлыншақ:
Қожаның бөлек болған ауылы жоқ,
Қазаққа қоңсы болып өмірі өткен,
-дей бергенде, Майлықожа оның сөзінің аяғын аяқтатпай:
Ей, Құлыншақ,
Арғы атамды сұрасаң,
Үрістем, Дастан,
Бергі атамды сұрасаң,
Ақ пайғамбар, Әлі Атыстан,
Сен қазақ қожаға қоңсы емес пе ең әуел бастан?!
деп тоқтатып кеткен екен" дейді Ә.Оспанұлы [14.55]. Біздің ойымызша, бұл сөз қағысудың соңғы жағы, жалғасы бар болуы мүмкін. Бұндай сөзден кейін Құлыншақ ақынның сөзден тосылып қалуы бізге мүмкін еместей сезіледі.
Осындай өлеңмен сөз қағысуының бірі мынадай болып келеді. Құлыншақ ақын мен Майлықожа кейінірек тағы бір кездескенде Құлыншақ өзі бір өлеңнің басын бастайтынын, аяғын ойланбай жалғастыруын Майлықожаға айтады да:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
-деп бастағанда Майлықожа ақын ақын:
Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ, Біреуге ерте, біреуге кеш келеді,-
деп өлеңінің соңын жалғастырып тоқтаған екен. "Бұны Құлыншақ "бұлай емес еді ғой":
Ажал тағдыр ешкіммен ақылдаспас,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді,
-деп қорытындылапты. Сонда Майлықожа "жөн екен" депті" [14.55].
Осы сияқты бір-бірінің ақындық өнерлерін сынау мақсатында ақындар бас қосқан кездерде өлеңнің басын бірі шығарып, екіншісі ортасын, келесісі өлеңнің соңын шығаратын дәстүр болған.
Ақындар өлеңнің мағынасын сақтай отырып, кідірмей ұйқастыра отырып жалғасын табуы тапқыр импровизаторлықты керек ететіндігі белгілі.
1991 жылы шыққан «Өсиетім» деген атпен шыққан жинақта «Алты ақын мен Ұлбике» деген атпен жарияланған шығармада Оңтүстік, Сыр бойы ақындары шығармашылығында жиі кездесетін бір ақындық дәстүр көрініс тапқан. Бір құбылысқа арнап бірнеше ақынның өнер жарыстыра өздері табан астында суырып салып өлең шығаруы ақындық сынасудың бір жолы сияқты болған құбылыс.
Алты ақын - Құлыншақ, Мәделі, Майлықожа, Бұдабай, Жанкел, Күдері ақындар Ташкент, Шыршық жақтан келе жатып Мұсабай деген бай датқаның үйіне түседі. Бай да, оның бәйбішесі де үйінде жоқ болып шығады да, датқаның келіні қонақтарға ас даярлау қамына кіріседі. Келін тамақтың қамымен қамыр илеп отырып, байқаусызда жел жіберіп қояды да, ұялғанынан әміркен мәсісін шиқылдата береді. Бұл жайтты байқаған ақындар"әрқайсысы өзінше сол құбылысты әзілмен өлеңге қосады.
Жолға аттанып кеткен ақын қонақтардың соңынан қайтаруға, болмаса тіл қатысып қалуға қуа келген Ұлбике ақын мен Мәделі сөзбен шарпыса, болған оқиғаға байланысты айтылған әзілді жалғастыра, сабақтастыра ақындық өнер жарысына түседі. Бұндай айтыс түрін де қазақ ақындар айтысының тағы бір қырын аша түсетін сөз үлгісі ретінде қарастыруға болады.
Құлыншақтың ақындық өнері, ақындық өнерді бағалауы мен құрмет тұтуы оның Бұдабай ақынға өлеңмен сәлем беруі мен Бұдабай ақынның Құлыншаққа өлеңмен берген жауабынан да айқын көрініс тапқан деуге болады.
Сыр өңіріне белгілі Әйеке болыс дұшпандарының қолынан мерт болғанда қартайыңқыраған Бұдабай оның өліміне жоқтау шығарып, оны қыздарына айтқызғаны әдебиет тарихынан белгілі. Құлыншақ та осы оқиғаға байланысты елге, оның туыстарына көңіл айта келіп, қайтар сапарында Бұдабайға сәлем беруге барады.
Сонда Құлыншақ ақын Бұдабайдың ақындық өнерін:
Озып бәйге алған ең,
Жарыстарда сен талай.
Өрт едің қаулаған,
Өлең едің заулаған.
Аузыңмен құс тістеген,
Қыран ең ілмей түспеген.
Көндіруші едің талайды,
Өлеңдете күшпенен.
Мерген едің жасындай,
Оғың жерге түспеген.
Кәрілік шіркін, бұл күнде,
Өз айтқанын істеген,-
деп бейнелей жырлап, оның жоқтауын да жоғары бағалаған екен. Бұдабай ақын да өзінің жауап өлеңінде разы көңілмен Құлыншақты ақындық өнердегі өрен жүйріктердің қатарына қоса, олармен салыстыра келіп:
Ең озығы Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалықты бұрын сап,
Айып бізге болмай ма
Сөзден тайып тығылсақ?-
деп өлеңмен жауап беруді жөн санағанын айтады. Осыдан кейін өсиет мәнді сөздері мен ер, ел амандығын тілек еткен Бұдабай ақын Құлыншаққа ақ жол батасын бере:
Жолың болсын қайтсаң,
Сәлем де Қаратау еліне.
Ажал, шіркін келмейді,
Көзіңе сенің көріне.
Жөнеп бір кетсең бір күні,
Қияметтің өріне,
Дұғаңды бізге арнай жүр,
«Кетті -деп, - барар жеріне ,
-деп жырмен сөзін аяқтаған екен.
Құлыншақ пен Бұдабай ақындардың бұл 72 жолдан тұратын сәлемдесу, жауап түріндегі айтысын Ә.Оспанұлы Е. Өмірбековтің тұңғыш рет "Шежірелі өлке" деген еңбегінен алып «Шымкент келбеті» газетінде жариялады [16.19].
Бұл да Құлыншақ ақынның ақындық өнерін танып-білудегі маңызды шығармаларының бірі болып саналады.
XIX ғасырдағы Оңтүстік ақындарында хат жазысып бір-бірімен шығармашылық жақтан байланысты болу, хатпен айтысу дәстүрі де болған. Бұған көптеп мысалдар келтіруге болады. Бұндай құбылыс Құлыншақ ақынның шығармашылығында көрініс тапқан. Соның бірі ақынның Молда Мұсаға (Мұсабек Байзақовқа) жазған хаты. Ақын бұл хатында Молда Мұсаның амандық-саулық жайын сұрай келе ақындық өнерін, білімін құрметтей отырып бұдан бұрын жазған хатына жауап ала алмағанын айта келіп:
Мұсабек өзің ақын, өзің молда,
Мұсабек өлеңщі деп болдым ойда.
Ілгері нұсқалардан таратып сал Таласқанда қалмайтын қалың жолда.
Мен де бір дуанамын елді кезген,
Сендегі үміткермін шырын сөзден.
Көр боп өскен ағаңа көрсетіп қой
Қисық ағаш шықпас деп жақсы тезден,-дейді.
Ақынның бұл өлең хатынан оның үнемі өзінің білімін жетілдіру жолында ізденісте болғандығы аңғарылады. Құлыншақтың осындай ізденіетегі ой-мақсаты Шәді төремен өлеңмен жазысқан хаттарында да айқын байқалады.
Құлыншақ Шәді төреге:
"Төреден ақын Шәді шығыпты" деп ,
Мақтап жүр сыртыңыздан жұрттың бәрі,-
деп сәлем жолдай келіп, оның Қазан қаласында баспадан шыққан "Сияр Шәріп " қиссасын сұрайды.
Шәді сонда інілік ізгі ниетпен ақын сұрауын қабыл алып:
Жақында иОрқа - Күлше" тағы шықпақ,
Келген соң тағы келіп аласың да, -
Ақындық бұл да бір қасиет қой,
Осындайөлең жүрсе арасында...-
деп жауап хатын аяқтайды.
Құлыншақ ақынның жоғарыда келтірілген айтыстары мен сөз қағысулары оның өз заманында айтулы суырып салма сөз зергерлерінің бірі болғанына нақты дәлел болады.
3.3. Жоқтау, көңіл айту, бата түріндегі өлеңдері.
Құлыншақ ақынның шығармашылығында халықтың ежелден келе жатқан дәстүрлі салт өлеңдері үлгісіндегі туындылары да едәуір орын алады. Бізге ақынның жоқтау, көңіл айту, бата түріндегі біраз өлеңдері жеткен.
Жоқтау - қазақ фольклорында ежелден келе жатқан жанр. Ежелгі түркілік дәуірлерден бастау алатын бұл жанр қазақтың ұлттық ерекшелігін, сонымен бірге суырып салмалық өнерін де көрсетеді. Қазақ ақындарында кісісі қайтыс болған үйдің әйелдеріне, қыздарына жоқтау шығарып беріп, оны сол қайтыс болған адамның анасы немесе жары, апа, қарындастары зарлы әуенге салып жоқтап айтатын дәстүрі осы күнге дейін сақталған. Ал ақынның өзінің ең жақындарының бірі қайтыс болғанда ақынның оған жоқтау - азалы жыр шығармауы қазақ салтында сирек құбылыс. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Енді Құлыншақ ақынның шығармашылығындағы жоқтау өлеңдерге тоқталайық.
Құлыншақ ақынның анасы қайтыс болғанда айтқан жоқтауынан бізге үзінді жеткен. Онда ақын аяулы анасын былайша:
Тал бесігін таянған шешем,
Түнде тұрып оянған шешем.
Тар құрсағын кеңіткен шешем,
Тас емшегін жібіткен шешем.
Өлеңдетіп әндеткен,
Айналасын сәнді еткен.
Уақыты жетіп демі біткен,
Айналайын ақ шешем,
-деп егіле жоқтайды.
Ақынның әкесі өлгенде айтқан "Алпыс бір жанның атасы" деп басталатын өлеңін де осы сипаттағы туынды деп тануға болады. Ақын:
Алпыс бір жанның атасы,
Тоқсанға жасы келгенше,
Ажалы жетіп өлгенше
Мойнында еді ботасы,
"Ата екем " деп жоқтасам,
Болмас-ау сөздің қатасы,
-деп жоқтау жырына қосады.
Салт жырлары дәстүрінде шығарған туындылары ішінде көңіл айту түріндегі шығармасы да бар. Дәулет деген кісінің баласы қайтыс болғанда айтқан көңіл айтуында:
Өшкен қайта жанбайды,
Өлген қайта келмейді. Артында қалған ата-ана, Қайғырса да өлмейді.
Алланың ісі дұрыс-ты,
Қарсы тұрар шама жоқ,
Ақ сұңқарың ұшыпты, -
дей келіп, өлмейтін адам болмайтынын, қазаға да көңілді бекіте білу керектігін айтып көңілін білдіреді.
Құлыншақ ақынның халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетін жақсы біліп игергендігі оның бата үлгісіндегі өлеңдерінен де байқалады. Бір қауыншы кісінің әйеліне берген батасында:
Ірімшік, құрт жиналып қапқа түсті, Есесіне сарғайып қауын пісті.
Бірінен соң біреуін үйлестірген
Құдіреті құдайдың әбден күшті.
Тәтті қауын кем емес бағланыңнан, Мұқалтпайды уылжып жеген тісті.
Рахмет, келінжан, пейіліңе,
Дихан ата оңғарсын бар жұмысты! -
деп, келіншектің шын пейіл, ықыласымен берген дәміне өлеңмен ризалығын айтып, игі тілегін білдіреді.
Ақынның осындай дәстүрлі өлеңіне тағы бірер мысал келтіре кетейік. Қазақ халқының күнкөріс шаруашылық кәсібінің бірі аңшылық, саятшылық болғандығы белгілі. Құс салып, ит жүгірту, қақпан басып аң ұстау қазіргі кезде де дәстүрін үзе қойған жоқ. Осындай саятшылық кезінде ұстаған аңның үстіне түскен жолаушының немесе жүргіншінің қанжығасына түскен аңды байлау, яғни ұсыну, сондай-ақ қақпанға түскен аңға кез келіп қалған кісінің қақпанға ақша немесе бір зат қыстырып, қақпанды бос қалдырмай, аңды өзіне алу дәстүрі болған. Аңшының аң ұстаған үстіне түскен жолаушы "майлансын" дегенде, аңшы да "байлансын" деп аңын оның қанжығасына байлайтын дәстүрі қазақтың қонақжайлылық, кісіні сыйлауға деген құрметтен шықса, қақпанды бос қалдырмау да қақпан иесіне деген ризашылығы мен құрметімен қатар, тағы да олжалы бола берсін деген ырымды көрсетеді. Бұл өзі қазақ халқында жазылмаған заң сияқты бір дәстүр. Бұл дәстүрді бұзған адамның аты жақсы аталмаған. Осындай дәстүрге орай шығарған Құлыншақ ақынның бірнеше өлеңдері кейінгі кезде табылып, жарияланды [25.19].
Бірде Құлыншақ ақын жолаушылап келе жатып Таңат деген кісінің құс салып түлкі ұстаған кезінің үстіне түсіп қалады да, "майлансын" айтады.
Ер жігіт тазы қосып, түлкі алады,
Кейбірі қолға үйретіп, құс салады.
Көк атты көлденеңнен кездескенде,
Майлансын деп түлкіні байланады, -деп, ежелден келе жатқан жоралғыны айта келіп:
Үш тоғыз үйірімен болсын-дағы,
Аңшының жолы болып жансын бағы.
Батасы Құлыншақтың қабыл болып,
Түлкіні ала берсін талай тағы,
-деп батасын береді.
Осы тақырыптағы ақынның бір өлеңінің тарихы мынандай оқиғаға байланысты туған. Жарқынбек деген кісінің қақпанына түскен түлкіні Икен деген бір кісі алады да, ырымын жасамай кетеді. Осыған орай халықтық дәстүрді сақтамаған Икенге ақын жөн-жоралғыны айта келіп, қатаң ескертумен оның көргенсіздік қылығын бетіне баса айтып:
Икен, сен қақпаннан,
Көріпсің де апсың түлкі,
Ырымын жасамастан,
Қақпанды бос тастап кетіпсің,
Көргенсіздік етіпсің,
Анау-мынау демейсің,
Мұнан былай қақпаннан,
Сырт айналып жөнейсің, -деген екен.
Құлыншақтың бұл сипаттағы өлеңдері ақынның халықтық дәстүрлердің ел ішінде орнығып, ұлттық әдет-ғұрыптарымыздың, ерекшеліктеріміздің, әлеуметтік қарым-қатынастарымыздың үйлесімді сақталуына қосқан өзіндік орны болғандығына айғақ болады.
Қорытынды
Біз ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әр кезеңдерде жарық көрген зерттеу еңбектермен, ой-пікірлермен таныса келіп Құлыншақ ақынды танып білудің әлі де маңызды жақтарының бар екенін байқадық. Ақын шығармалары кезінде хатқа түспей ауызша тарағандықтан көбісі бізге жетпей қалған деген пікірдеміз. Замандас ақындары сөз жүйрігі, айтулы ақын деп бағалаған ақынның шығармалары бұл қазіргі қолдағы бар мұраларынан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Жарық көрген шығармаларын оқып, талдай отырып Құлыншақ ақынның халықтың салт-дәстүрі мен өз заманының шындығын тани біліп, оны шығармаларында бейнелей білген, жырына адамгершілік асыл қасиеттерді арқау еткен көрнекті ақын екендігін көреміз. Ежелден келе жатқан әдеби дәстүрді терең игергендігі оның салт өлеңдері үлгісіндегі шығармаларынан, арнау, толғауларын, сыншыл туындыларынан айқын аңғарылады.
Сөз өнерінің мәні мен мақсатын терең түсіне білген ақын ақындық өнер арқылы тәлім-тәрбие беруді басты мақсат етті. Күнделікті өмірде кездесетін құбылыстарды, адамдар бойындағы әр түрлі мінез-құлық, қасиеттерді өмір шындығымен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста бейнелей білді. Қазақ қоғамындағы Қоқан хандығының зорлығымен Ресей патшалық отарлау саясатының елдің тұрмысы мен рухани әлеміне, дініне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне тигізген кері әсері де ақын назарынан тыс қалмады.
Ақын ауызша әдебиеттен ғана нәр алып, сол дәстүрмен әр түрлі жанрларда туындыларды жасап қана қоймай, шығыс әдебиеті дәстүрінің сарындарын да әдебиетімізге біршама енгізгені оның өсиет мәндес өлеңдері мен шығыстық қиссаларды («Шырын - Шекер» дастаны) жыр еткенінен байқалады.
Қазіргі кезге дейін үзілмей келген халқымыздың айтулы өнерінің бірі болып саналатын айтыстың дамуына да өзіндік қосқан үлесі, орны бар екендігі анық.
Халықтың мұңы мен арманын, асыл қасиеттерін жыр ете толғаған ежелден келе жатқан жыраулық дәстүрдің де ақын шығармашылығында біршама көрініс тапқаны оның толғаулары мен термелерінен байқалып отыратынына көз жеткіздік. Сондай-ақ әдебиетіміздегі халықтың рухын көтеріп, жан әлемін сусындатып, сана-сезімін тербетіп отыратын эпостық, батырлық жырларды жатқа айтып отырған үлкен жыршы да болғанына деректер негізінде көзіміз жеткендей болды.
Құлыншақ ақынның шығармаларының көркемдік сипатына келетін болсақ ақынның халықтың дастүрлі ауыз әдебиетін жан-жақты біліп, терең игергеңіне оның дәстүрлі халық әдебиеті үлгісімен көптеген жанрларда туындылар жасағаны да дәлел болады. Ақынның халықтың ауыз әдебиетінен сусындап өскенін оның өлеңдеріндегі сөз қолданыстарынан да байқалады. Мысалы, ақынның шешесін жоқтауындағы:
Тал бесігін таянған шешем,
Түнде тұрып оянған шешем.
Тар құрсағын кеңіткен шешем,
Тас емшегін жібіткен шешем.
Өлеңдетіп әндеткен,
Айналасын сәнді еткен.
Уақыты жетіп демі біткен,
Айналайын ақ шешем,
деген өлең шумақтарының алдыңғы шумағының әр қатарындағы соңғы сөзді қоспай алғанда, әрбір жолдардағы сөз тіркестері халқымыздың тілінде сол күйінде қолданатын сөз тіркестері болып саналады. Халықтың жиі қолданатын бейнелі сөз тіркестері мен сөздерін ауызша көркем әдеби туындылар жасайтын сөз шеберлерінің көркемдік қолданыста пайдалануы олардың барлығына да тән деп айтуымызға болады. Суырып салмалық дәстүрде фольклорлық бейнелеу тәсілдерін қолдану қазақ хандығы тұсындағы ақын-жыраулардың барлығының да шығармаларында кездеседі. Құлыншақ ақынның да шығармашылығында сол фольклорлық дәстүрді жиі қолданып отырғанын көруімізге болады. Жоғарыда келтірілген жыр үлгісіндегі сөз тіркестері мен кейбір өлең жолдары Майлықожа ақынның шығармаларында да сол қалпында қолданылғаны байқалады. Бұл құбылыс сол тұстас ақындардың ақындық өнерінің осалдығынан емес, олардың ауызша әдеби дәстүр аясында шығармалар тудыруынан болған дәстүрліліктің көрінісі деп тануымыз керек.
Құлыншақ ақынның сөз қолданудағы шеберлігі оның образ жасауынан да айқын көрініс тапқан. Ақын айшықты сөздерді молынан қолданады. Мысалы, Қисықты жамандайтын өлеңіндегі "Тәрізді шөлдеу жердің масасындай", "Пішінің диуананың асасындай" деген өлең жолдарындағы теңеулері айқындығымен ерекшеленеді.
Дінін илам деп танып, мұсылмандық жолын берік ұстанған ақынның шығармаларында дінге қатысты сөздердің көрініс тауып отыруы заңды құбылыс деп түсінуге болады. Сондай-ақ, шығыстық әдебиетпен де танысып, шығыстық сюжеттерге құрылған дастандарды жырлауы да шығыс классиктері шығармаларында жиі қолданылатын көркемдеу тәсілдері мен сөз қолданыстарын пайдалануға әсерін тигізген.
Ақын шығармалары негізінде 7-8 буынды жыр және 11-12 буынды қара өлең үлгісінде жасалған. Бұл ақынның барлық шығармаларына тән құбылыс.
Қорыта айтқанда Құлыншақ ақынның шығармалары ақынның өз заманындағы айтулы сөз шеберлерінің бірі болғандығын көрсетумен қатар XIX ғасырдағы әдебиетіміздің даму деңгейінен де мәліметтер беретін құнды рухани мұра болып саналады.
Х.Сүйіншәлиев: «Асылы, Құлыншақ шынында да заманының көрнекті ақыны болған. Сондықтан оның қазақ поэзиясының өсуіне, ақындық өнердің жетілуіне қосқан үлестері басқалардан кем түспейді», -деп қазақ әдебиеті тарихындағы ақынның алатын орнын, қосқан үлесін орынды көрсетеді [30.644.].
Сандаған жылдар бойы халық арасында шығармаларының ауызша сақталып жетуі ақын шығармаларының өміршеңдігіне дәлел болады. Құлыншақ ақынның әдеби мұрасын зерттеуде, ақын өнерін насихаттауда өзіндік орны бар ғалым Р.Бердібаев: «Сөз меруертін қалдырған кемел ақынның мұрасы ұзақ жасай бермек» деген тұжырым жасаған болатын [8.204.].
Иә, «Әдебиет - ардың ісі» деп көрнекті ғалым ағамыз З. Қабдолов айтқандай шығармаларына адамгершілік асыл қасиеттерді, ар-ұят, иманды, өмір, заман шындығын арқау етіп көркем бейнелеп, сөз маржанын өрнектей білген ақынның әдеби мұрасы әдебиетіміздің тарихында өзіндік орнын алып, ұрпақ тәрбиелеудегі өз қызметін атқара береді деген сенімдеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
-
Айтыс. 3 томдық, 2-том Алматы: «Жазушы», 1964.
-
Айтыс. Көптомдық. 2-кітап. Алматы: «Жазушы», 1988.
-
Ахметов 3. Өлең сөздің теориясы. Алматы: «Мектеп», 1973.
-
Әбдікәрімұлы Ә. Қазақстан тарихы. Алматы: 1975.
-
Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құрастырған және бас
редакторы 3. Ахметов. Алматы: «Ана тілі», 1998.
-
Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: «Ана тілі», 1991.
-
Әуезов М. Уақыт және әдебиет. Алматы: 1962.
-
Бердібай Р. Жұлдыздар жарығы. Алматы: «Білім», 2000.
-
Бердібаев Р. Гүлістан бұлбұлдары. Алматы: «Жазушы», 1970.
-
Бес ғасыр жырлайды. екі томдық. Том 2. Алматы: «Жазушы»,
1989.
11.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: «Санат», 1992.
-
Жолдасбеков М. Жүрегі жүз жыл жырлаған. «Егемен
Қазақстан», 2006, 28 ақпан.
-
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы: «Мектеп», 1960.
-
Жыр мұра. Астана: «Ел орда», 2001.
-
Кемелұлы Қ. Өсиетім... Шымкент: 1991.
-
Қабдолов 3. Сөз өнері. Алматы: «Қазақ универеитеті», 1992.
-
Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Алматы: «Қазақ
университеті», 2001.
-
Қазақ совет энциклопедиясы. 7-том. Алматы: 1975.
-
Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы: «Дәуір», 1994.
-
Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: «Ана
тілі», 1991.
21.Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Алматы: «Анатілі», 1992.
-
XIX ғасырдағы қазақ ақындары. Алматы: «Ғылым», 1988.
-
Оспанұлы Ә. Қаратау атырабының ақындары. Алматы: 1983.
-
Оспанұлы Ә. Қаратау шайырлары. Алматы: «Қазақ
университеті», 1991.
-
Оспанұлы Ә. Құлыншақ ақын қазынасы молықты. «Шымкент
келбеті», 2003, 24 қаңтар.
-
Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. Алматы: «Ғылым», 1983.
-
Өмірбеков Е. Шежірелі өлке. Алматы: «Ғасыр - Ш», 2003.
-
Сүйіншәлиев X. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері.
Алматы: «Қазақстан», 1967.
-
Сүйіншәлиев X. XIX ғасыр әдебиеті. Алматы: «Ана тілі»,
1992.
30. Сүйіншәлиев X. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: «Санат»,
1997. З1.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы: «Ана
тілі», 1993.
-
Төреқұлов Н. Алатау асқарынан жыр асырған. Алматы:
«Ғылым», 1966.
-
Уақатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. Алматы: 1974.
Достарыңызбен бөлісу: |