2.Германиядағы қараша революциясының (1918ж.3.XI-1919ж.13.IV.) себебі, қорытындысы. 1918 жылдың күзінде Германияның дүниежүзілік соғыста жеңілгені айқын болды. Неміс әскерлерінің жазғы шабуылдары сәтсіз аяқталды. 1918 жылдың қыркүйегінде Антанта әскерлері теңізде Маас өзеніне дейін созылған кең майданда шабуылға шығып, немістерді Бельгия мен Франция жерінің көп бөлігінен қуып тастады.
Соғыстағы жеңіліс Германияның ішкі саяси жағдайын да шиеленістіріп жіберді. Қазан айының басында үкімет ауысып, ханзада Макс Баденский канцлер болып тағайындалды. Жаңа канцлер 5 қазанда АҚШ Президентіне дереу уақытша бітім жасауды өтінген жеделхат жіберді.
Революцияның басталуы. Германияның жеңілгендігін әскери басшылар мойындағысы келмеді. Қазан айының аяғында олар Герман флотын ағылшын флотына қарсы шайқасқа шығармақшы болды. Өздерінің күшінен әлде-қайда асып түсетін ағылшын флотына қарсы шабуыл жасау, теңізшілерді мағынасыз өлімге айдау болар еді. Бірнеше әскери кемелер бұйрықты орындаудан бас тартты, ал әскери басшылар оларды жаппай тұтқындауға бұйрық берді. Осыған жауап ретінде 3 қарашада Киль қаласында бұқаралық шеру басталды. Қала комендатурасы шеруді күшпен тоқтатуға әрекет жасады. Бұл әрекет қалада көтерілістің басталуына әкелді. Кемелерде және казармаларда кеңестер құрылды.
Берлиндегі бас көтеру 9 қарашада басталды. Сол күні жүздеген мың жұмысшылар астананың орталығына қарай шеру жасады. Көтерілісшілер түске қарай Берлинді өз қолдарына алды. Кайзер II Вильгельм тақтан бас тартты, ал Макс Баденский канцлер қызметін рейхстагтың ең ірі фракциясының — социал-демократтардың жетекшісі Ф.Эбертке тапсырды. Социал-демократгар елде республика құрылғанын жариялап, уақытша үкімет құрды. 10 қарашада құрылған бұл уақытша үкімет Халық өкілдерінің кеңесі (ХӨК) деп аталды. Кеңесті екі төраға — Ф.Эберт (ГСДП) және Г.Гаазе (ГТСДП) басқаратын болды. К.Либкнехт үкіметке кіру жөніндегі ұсыныстан бас тартты. Ол Германиядағы революция әрі қарай дамып, социалистік сипатқа ие болатындығына сенімді еді. Ол Кеңестердің бүкілгермандық съезін шақырғанға дейін билікті Берлин кеңесіне беруге шақырды.
1918 жылы 16—21 желтоқсанда Берлинде Кеңестердің I бүкілгермандық съезі етті. Съезде ұзақ айтыс тартыстан кейін Құрылтай жиналысы сайлауын қолдау жөне Германияның болашақ мемлекеттік құрылысын анықтау мәселесін Құрылтай жиналысының қарауына беру туралы шешім қабылданды. Ұлттық жиналысты шақыру 1919 жылдың 19 қаңтарына белгіленді.
1919 жылдың қаңтарындағы революциялық өрлеу.Тәуелсіз социал-демократтар желтоқсан айының аяғында Халық өкілдері Кеңесінен шығып кеттті. Осыдан кейін дереу мемлекеттік аппараттың барлық буындарынан тәуелсіздердің өкілдері шығарыла бастады. Осыған наразылық ретінде Берлин жұмысшьшары шерулер мен жиындар өткізе бастады. Бұл бірқатар жерлерде шерушілер мен полицияның арасында қақтығыс туғызды. Осы шерудің әсерімен 5 қаңтарда ГТСДП мен ГКП басшылығы жұмысшыларды Эберт үкіметін құлатуға шақырды.
6 қаңтарда Берлинде жапппай ереуіл басталды. Қаруланған жұмысшылар вокзалды, социал-демократиялық "Форвертс" газетінің үйін басып алды. Алайда революциялық әрекетті одан әрі жалғастыруды басқаруға тиіс революциялық комитет ішінде алауыздық басталып, коммунистер мен тәуелсіздер ортақ шешімге келе алмады.
Бавар кеңестік республикасы. Астанадағы көтеріліс талқандалды, бірақ Германияның бірқатар аудандарында әлі де революциялық қозғалыс жалғасып жатты. Ақпан-мамыр аралығында көптеген қалаларда ереуілдер толқыны болып өтті. Революциялық өрлеудің ең шыңы — 1919 жылдың 13 сәуірінде Бавар кеңестік республикасының жариялануы болды. 13 сәуірде монархистер Мюнхенде мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, Бавар үкіметінің басшысы тәуелсіз социал-демократ К.Эйснерді өлтірді. Революцияның жетістіктерін қорғап қалу үшін әрекет Комитеті құрылды, оған социал-демократтар тәуелсіздер және коммунистер кірді. Комитетті коммунист Евгений Левине басқарды.
Революцияның қорытындылары және маңызы. Веймар республикасының құрылуы.Қараша революциясының басты қорытындысы және маңызы монархияның жойылуы, саяси және әлеуметтік салада демократиялық өзгерістердің іске асырылуы, республиканың құрылуы, Германияның соғыстан шығуы болды. Германиядағы революцияның ерекшелігі мемлекеттік құрылыстағы түбірлі өзгеріс бейбіт сипатта іске асуы еді. Бүл өзгерістерді іске асыруға социал-демократия жетекшілік жасады. Парламентгік күрес тәжірибесін әжептәуір меңгерген бұл партия демократиялық республика құру міндетін конституциялық-құқықтық қайта құрулар жолымен іске асыра алды.
1919 жылдың 31 шілдесінде Ұлттық жиналыс конституция қабылдады, бұл Веймар конституциясы деп аталды. Бұл 1871 жылғы конституциямен салыстырғанда нағыз демократияшыл заң болды. Конституция Германиядағы республикалық құрылысты заңдандырды; жалпыға бірдей тең сайлау құқығын, азаматтардың заң алдындағы теңдігін жариялады; сөз, баспасөз, жиналыс, одақтар құру мүмкіндігі берілді. Кәсіподақтардың құқықтары кеңейтілді, әлеуметтік заңдылықтар қабылданды. Алайда конституция парламенттің (рейхстаг) құқықтарын шектеп, президентгің өкілеттігін кеңейтті.