1 АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕРДІ ТРАНСКРИПЦИЯЛАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ
1.1 ЖАЛҚЫ ЕСІМДЕР МЕН ЛАКУНАЛАР БАЛАМАСЫЗ ЛЕКСИКА ТҮРІ РЕТІНДЕ
Аударматанудың теориялық және практикалық мәселелері талданатын еңбектердің барлығында да екінші тілде мағыналық-ұғымдық көлемі жағынан сәйкес келмейтін және аударылуы қиындық тудыратын, сондықтан да оларға тек қана сипаттау, түсіндіру арқылы аударуды қажет ететін сөздер тобы бар, олар «баламасыз лексика» деп аталады.
Баламасыз лексика – көркем шығарманың тақырыбына, мазмұнына байланысты бір халықтың мәдени-тұрмыстық тіршілігіндегі ұғымдар мен түсініктердің, заттардың атаулары; адамдардың арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастар мен діни, саяси көзқарастарға қатысты терминдер, стандартты қалыптар. Мұндай лексикалық бірліктер, сөздер мен сөз тіркестері сөздіктерге тіркелмейді, тіркелген жағдайда да суреттеу, шамаластыра аудару амалымен жүзеге асырылады. Лексикографиялық рәсімделмегендігі өзге тілдегі мәдени-ұлттық ерекшеліктерге тән атауларды аудару мүмкін емес деген пікір тудырмайды; дәл, тұрақты лексикалық сәйкестігі көрсетілмегенмен де, аударма мәтіндерге жүргізілген талдау көркем әдебиеттегі реалий атауларын эстетикалық функцияға нұқсан келтірмейтіндей дәрежеде қазақшалауға болатынын дәлелдейді.
Белгілі бір халыққа, ұлттық, тілдік ортаға арналғандықтан, классикалық көркем әдебиетте реалийлер тобы мол және олар тақырыптық, мәдени ерекшеліктері жағынан да сан алуан. Осы күнде баламасыз сөздер, әсіресе көркем аудармада, жан-жақты зерттеледі. Ғалымдар баламасыз лексикаға мыналарды жатқызады: этнографизмдер, терминдер, одағайлар және еліктеуіш сөздер, аббревиатуралар, туыстық атаулар, сөз әдебі формулалар және қаратпалар, жалқы есімдер, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, теңеулер, діни атаулар, көнерген сөздер, тарихаяттар, эмоционалды және экспрессивті бояуы бар сөздер, фольклор элементтері. Демек, фондық айырмашылықтарға байланысты сөздердің көбісі аударылмайды. С.С.Аверинцевтің айтуы бойынша, «тілдегі ең жақсы сөздер аударылмайды». Тәржімашы сол ұлттың мәдениетін (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық бітім) толық меңгермегенше, басқаша айтқанда фондық білімі болмаса, сапалы аударма жасай алмайды деген тұжырым шығаруға болады.
Баламасыз лексика аудармадағы сөз таңдау мәселесіне қатысы бар топтың бірі. Ал аудармада, әсіресе көркем аудармада, екінші тілден сөз таңдаудың бірнеше себебі бар, олардың негізгілері мыналар:
екі тілдің лексикалық-грамматикалық құрылымы әр түрлі;
белгілі бір ұғым, зат, түсінік халықтың тұрмыс-тіршілігінде жоқ, демек ол тілде де белгіленбеген;
қоршаған ортадағы әрбір ұғымының, түсініктің, зат пен құбылыстың атауы екі тілде де бар, алайда олардың ұғымдық-мазмұндық көлемі әр түрлі;
сөздіктегі сәйкестіктердің стильдік қызметінде айырмашылықтар бар;
шығарма авторының стилі мен тілі де функционалды сәйкестіктер жасауға ықпал етеді.
Халық орналасқан географиялық аймақтың, климаттың, халық айналысатын кәсіп пен шаруашылықтың ерекшеліктеріне орай бір халық тіліндегі дербес атау, алуан түрлі ассоциация беретін лексеманың екінші тілде болмауы – заңды құбылыс. Бұлар – тіл жүйесіндегі бос орындар – лакуналар, «тілдің семантикалық картасындағы ақтаңдақтар». Айталық, Азия мен Африка құрлықтарын мекендейтін кейбір халықтардың тілінде қар сөзі жоқ, мұның себебі халық өмір сүретін географиялық ортада климаттың өзгеруі – жаз бен қыстың ауысуы тән емес. Ал жылдың белгілі бір бөлігі қыс мезгілі болатын аймақтардағы халықтардың тілінде қар сөзі әр қилы ассоциацияға, ұқсастыруға, ойды бейнелеп айтуға тірек болатын ұғымдардың бірі.
Сондай-ақ әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне, кәсібі мен шаруашылығына, тарихи қалыптасқан әлеуметтік-қоғамдық қарым-қатынастарына байланысты орныққан атаулар да басқа тілдің құрамында болмайды.
Жұмыстың «Ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне берілу процесіндегі аударма теориясының негіздері» атты бірінші тарауы үш тараушадан тұрады. Оның «Аударма мәселелерінің теориялық негіздерінің бағыттары» деген бірінші тараушасында аударматанудың қалыптасу тарихына шолу жасалып, Кеңестік дәуірдегі ғалымдар мен Отандық ғұламалардың зерттеу еңбектері тақырып айналасында сарапталады. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының өзінде М.М.Морозов, Я.И.Рецкер, А.В.Федоров сынды осы саланың білгір мамандары аударма бойынша маңызды жұмыстар атқарып, олардың ізімен Н.Б.Аристов, И.М.Берман, Л.С.Бархударов, С.И.Кауфман, Т.Н.Михельсон, Э.Ф.Скороходько т.б. ғалымдар 50-60 жылдарда аударматанудың іргесін бекіте түскені нақты деректермен дәйектеле түсіндірілген. Ал кейінгі жылдарда орыс және қазақ тілдерінің аударма мәселесі жөнінде отандық ғалымдардан Ө.Айтбаев, А.М.Алдашева қалам тартса, герман тілдері мен қазақ тілі аудармасының кейбір мәселелері М.Ш.Құрманов, Р.Нұрғалиев еңбектерінде сарапталды. Ағылшын, қазақ аударма теориясы бойынша ұлттық-мәдени реңдегі сөздерді беру мәселелері А.С.Ермағамбетованың, А.Исламның еңбектерінде қарастырылады.
Аударма саласында еңбек еткен ғалымдардың әрқайсысы оны әр қырынан қарастырған. Мәселен, А.М.Алдашева аударматану ғылымының негізгі міндеттері мен “аударма”, “баламалылық” ұғымдарының мәнін ашып, аударма мәтінге қойылатын талаптарды анықтап, аударма сапасының көрсеткіштерін белгілеп берді [1, 74 б.].
Аударма әдеби шығарма арқылы бір халықтың өмірін келесі бір халыққа таныстыру арқылы екі ел арасында рухани көпір орнатуға ат салысады. Демек аударманың мақсаты-түпнұсқа тілді білмейтін оқырманды аударма арқылы өзге елдің әдет-ғұрпымен, мәдениетімен етене таныстыру. Л.С.Бархударов аударма ұғымына “белгілі бір мәтіннің мағынасын сақтай отырып қайта құрылуы” [2, 3 б.] деп, А.В.Федоров: “аударма дегеніміз-өзге тілдің құралдарымен баяндалған тексті екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу” [3, 15 б.] деп анықтама берген. Олай болса, аударма – түпнұсқаның басқа тілде қайта өңделіп жасалуы, тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас процесі, тіларалық трансформация, сөз жасау өнері.
Ғалымдар аудармаға өзіне тән ерекше талаптар қойып, оның қыры мен сырын аша түсу бағытында еңбек еткен. Мәселен, көркем аударманың өз мәтініне сөз қосып, негізгі ойдан ауытқып кетуге, ал түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз сірестіріп қоюға болмайтындығына ғалымдар бірауыздан келіседі. Бастапқы шығармадағы тілдік, стильдік ерекшеліктерді ескере отырып, оның көркемдік, идеялық қасиеттерін толық жеткізу аудармаға қойылар талаптардың бірі. Осыдан келіп, аудармашыға қойылатын түпнұсқаның мағынасы мен көркемдігін қатар беру талабы туындайды.
Е.В.Бреус аударманы тек екі тілдің байланысы ғана емес, сонымен бірге екі мәдениеттің арасындағы байланыс та көрініс табатын тіларалық қатынас әрекеті деп санайды [4, 19 б.].
Аударма туралы толығырақ және нақты теорияны В.Н.Комиссаров ұсынды. Ғалымның пікірінше, төрт лингвистикалық теория бар, соған сәйкесінше, ол аудармаға төрт анықтама береді: денотативті теория бойынша, “перевод есть процесс описания при помощи языка перевода денотатов, описанных на языке оригинала” деген анықтама берген [5, 32 б.]. Трансформациялық теория бойынша, “перевод есть нечто иное, как преобразование единиц и структур языка оригинала в единицы и структуры языка перевода” деген анықтама берген [5, 38 б.]. Семантикалық теория бойынша, “перевод “заключается в раскрытий сущности эквивалентных отношений между содержанием оригинала и перевода” деген анықтама берген. Баламалық деңгейлері теориясы тұрғысынан: “модель переводческой деятельности, основанную на предположений, что отношения эквивалентности устанавливаются между анологичными уровнями содержания текстов оригинала и перевода” деген анықтама ұсынған болатын [5, 62 б.].
И.Н.Гарбовский былай деп анықтама береді: “Аударма дегеніміз- түпнұсқаның басқа тілде қайта өңдеп жасалуы; тіларалық және мәдениетаралық коммуникация процесі; тіларалық трансформация; сөз жасау өнері” [6, 9 б.].
А.И.Федоров аударма барысында мынадай жағдайларға баса көңіл бөлу керек деп есептейді:
1 Түпнұсқа тілде кездесетін сөздердің барлығы дерлік аударма тілдің сөздік қорында кездесе бермейді;
2 Түпнұсқа тіл мен аударма тілдегі сөздердің мағынасы тек жартылай ғана сәйкес келуі мүмкін;
3 Түпнұсқа тілдегі көп мағыналы сөздің берер мағынасы аударма тілде әр түрлі сөздер арқылы берілуі мүмкін [7, 133 б.].
А.Поповичтің анықтамасына сүйенсек: “В переводе существует “мера”, которую нельзя нарушать. Нарушение этой “меры” ведет к тому, что перевод становится адаптацией” [8, 143 б.].
Қазіргі уақытта аударма теориясында бірнеше үлгі (модель) жасалған. Олардың негізгілеріне денотаттық, семантикалық және трансформациялық үлгілер жатады. Денотаттық үлгіде аударма тіл мен өмір шындығының байланысы басты назарға алынады. Кейде аударманың жағдаяттық үлгісі деп те аталатын бұл модель өмір шындығының әлдеқандай құбылыстарының атаулары аударма тілде жоқ болса да, тілдік заңдылықтардың көмегімен салыстырудың мүмкіндігі әрқашан болады деген заңдылыққа саяды. Семантикалық үлгі аударма үдерісінде сөздің ең кіші мағыналық бөлшегі саналатын семаларға мән берумен байланысып жатады. Ал трансформациялық модельді сөздердің орындарын ауыстыру, сөйлемнің құрылымын өзгерту, сөз таптары мен сөйлем мүшелерін өзгерту, сөз қосу, сөздерді түсіру сынды әдістердің негізіндегі аударма деп түсінуге болады. Аударма теориясының зерттеу нысанының бірі болып табылатын грамматикалық трансформация жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Аударма процесі осы трансформация кезіндегі орын алар өзгерістер негізінде қаралады.
Достарыңызбен бөлісу: |