Иісова эльмира әділханқызы идеографиялық оқу сөздігінің тілдік жүйені меңгертудегі орны



бет1/4
Дата02.07.2016
өлшемі488.25 Kb.
#172027
түріДиссертация
  1   2   3   4


ӘОЖ 811.512.122374 Қолжазба құқығында


ИІСОВА ЭЛЬМИРА ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

Идеографиялық оқу сөздігінің тілдік жүйені меңгертудегі орны

10.02.02 – қазақ тілі


Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтында орындалды.




Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы

М. Малбақов
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор А. Қ. Жұбанов

филология ғылымдарының

кандидаты Г. Бүркітбай



Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар

педагогикалық университеті

Диссертация 2009 жылы 29 мамырда сағат 14.00-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 - түркі тілдері және 10.02.02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).

Автореферат 2009 жылы 29 сәуірде таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы,

профессор Ж.А.Манкеева

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Кез келген ғылым саласының дамуы барысында, оның басты кезеңдерінің ауысуы кезінде ғылыми ұғымдар мен түсініктер жүйесі тереңдетіледі, жаңаланады, қайта қарастырылып отырады. Егемен еліміздің мемлекеттік тілі ретіндегі қазақ тілінің ғылыми негіздерін нығайту, оны орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында оқыту ісінде аса күрделі, кезек күттірмей шешуді талап етіп отырған көптеген мәселелер бар. Солардың бірі – тілдік жүйені, оның грамматикалық құрылысы мен лексикалық құрамын, семантикалық құрылымын меңгеру үшін аса қажетті оқу құралдарының бірі ретіндегі оқу сөздіктерін түзу. Тіл білімі ғылымы мен лингводидактиканың ара жігінде пайда болған жаңа саланың – оқу лексикографиясының қазіргі таңдағы ең өзекті де күрделі міндеттерінің бірі – лингвистика мен лингводидактиканың даму деңгейін танытатын, белгілі бір оқу кезеңіне, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, оқыту мақсатына бағдарланған идеографиялық оқу сөздіктерін түзу болып табылады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып, қоғамдағы әлеуметттік қызметінің артуына байланысты оқу лексикографиясы да қарқынды дамып келеді. Идеографиялық оқу сөздіктері қазақ тіліндегі түсініктер мен ұғымдардың жіктелім жүйесін айқын көрсетуге жағдай жасайтын, оның мүмкіншілігін, әлеуетін ұлғайтатын, лексикалық жүйені семантикалық байланыстар тұрғысынан сипаттайтын, тілүйренім үшін ерекше маңызды оқу құралдарының бірінен саналады.

Түсіндірме сөздіктердегі әліпбилік түзілім тәртібі тілдің лексикалық құрамын бейнелеудің сан ғасырлар бойы қалыптанып, тұрақтанған, ыңғайлы әдісі болып табылады. Алайда әліпбилік сөздіктерде лексикалық бірліктердің арасындағы жүйелі семантикалық байланыс толық көрініс таба алмайды. Сөздерді әріптердің орнына сәйкес әліпби, графика және орфография заңдылықтарына орай тізбелеп беретін сөздіктердің бір кемшін тұсы осы мәселеге байланысты. Сол себепті қазақ тілін тез меңгеру ісінде идеографиялық сөздіктердің қосар үлесі зор. Алайда идеографиялық оқу сөздіктері қазақ лексикографиясында әлі де ғылыми-теориялық тұрғыдан жеткілікті түрде қарастырылмай отыр. Идеографиялық оқу сөздіктерінің құрылымы, ондағы сөздердің берілу тәртібі, сөз мағыналарының ашылу заңдылықтары, сөзтізбенің түзілу ерекшеліктері өз дәрежесінде зерттеу нысанына айналмай келеді. Қазақ лексикографиясының өткен ғасырлардағы тарихында түзілген алуан түрлі қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздіктерде қолданылған идеографиялық принциптер құрамы айқындалмай отыр. Оның үстіне, қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде жасалған түрлі тілашарларлар мен оқу құралдарында, жолсілтегіштерде, анықтамалықтарда келтірілген тақырыптық топтамаларда берілген лексиканың құрамы мен құрылымы осы кезге дейін зерделенген емес. Осындай себептерге байланысты қазақ лексикографиясындағы идеографиялық оқу сөздіктерінің негізгі ерекшеліктерін ашудың, ол сөздіктерді сапалы етіп жасаудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін айқындаудың қажеттілігі осы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.


Зерттеу жұмысының нысаны – идеографиялық оқу сөздігінің құрылымдық ерекшеліктері.

Зерттеу пәні – оқу лексикографиясы.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - қазақ лексикографиясындағы идеографиялық оқу сөздіктерінің түзілім ұстанымдарын белгілеп, олардағы сөз мағынасын ашудың заңдылықтарын айқындау, олардың басқа сөздіктерден ерекшелігін анықтау болып табылады. Осы мақсатқа жету жолында төмендегі міндеттерді шешу көзделді:

-лексикалық бірліктерді идеографиялық оқу сөздіктерінде лексикографиялаудың теориялық негіздерін анықтау;

- идеографиялық сөздіктерді басқа сөздік түрлерімен салыстырып,

олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындау;

- идеографиялық оқу сөздіктерінде сөздердің берілу сипатын анықтау;

- идеографиялық оқу сөздіктерінің жасалым тарихына шолу жасау;

- қазақ лексикографиясындағы қазан төңкерісіне дейінгі сөздіктерге, сөздікшелерге талдау жасай отырып, ондағы идеографиялық сөздік үлгілерін анықтау;

- идеографиялық оқу сөздіктерге қойылатын ғылыми-теориялық талаптарды нақтылау;

- сөздіктің макроқұрылымы мен микроқұрылымын зерттеу.

Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу жұмысындағы басты дереккөздер ретінде қазақ лексикографиясы тарихындағы қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде тілүйренім мақсатында жарық көрген Н.И.Ильминский, Ж.Кушербаев, М.Бекчурин, И.Букин, Н.С.Жетпісбаев, В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы еңбектеріндегі, сөздіктер мен сөздікшелердегі, тілдеткіштер мен жолсілтегіштердегі тақырыптық топтамалар, сондай-ақ, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (10 томдық), «Русско-казахский словарь» (2005), «Қазақ тілінің сөздігі» (2000), «Қазақша-орысша сөздік» (2002), екі тілді орысша-қазақша және қазақша-орысша терминологиялық сөздіктер, идеографиялық сөздіктер алынып отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет