ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПТАУ КОМИССИЯСЫ
|
3-кесте.
ҒЫЛЫМИ ПОТЕНЦИАЛДЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
|
ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
|
|
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТТАРДЫ ДАМЫТУ
|
ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒЫТТАР
|
|
ҒЫЛЫМНЫҢ ЖЕТІСТІГІН ӨНДІРІСТЕ ТОЛЫҚТАЙ ҚОЛДАУ
|
ЖОҒАРҒЫ ҒЫЛЫМҒА ҚАЖЕТТІЛІК ПЕН ӘДІСТЕМЕЛІКТІ ҚАТАР ДАМЫТУ
|
|
ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ӘЛЕМДІК ТАЛАПТАРҒА САЙ БОЛУЫ
|
Нанотехнологияның Қазақстанда қалыптасуы мен болашағы туралы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Жаңа Қазақстан-ұлттың ұлы идеясы атты сұхбатында бұл бағыттардың Қазақстан үшін саяси стратегиялық маңыздылығын тұжырымдап көрсеткендей, 10-15 жылдан кейін нанотехнологияларды пайдалану арқылы триллион доллардың өнімдері шығарылады. Бүгінде дүниежүзінің көптеген елдері нанотехнология мен биотехнологияны дамытуға кірісті. Ресей үкіметі нанотехнологияны дамытуға миллиард қаржы бөліп, жаңа лабораториялардың негізі қаланса, Қазақстанда нанотехнологияны игеруге кадрлар дайындау туралы жаңа бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Демек, елімізде нанотехнологияны дамытудың іргетасы қаланды.
Келесі ғылыми-техникалық дамудың жаңа бағыттарының бірі биотехнология болып табылады. Биотехнология әлемде ерекше саяси сипат алып отыр. Дүниежүзінің көптеген елдерінде биотехнология ғылым мен саясаттың басын қосатын жаңа салалардың бірі, ғылыми-техникалық саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Автордың пайымдауынша Қазақстанда биотехнология бағытын дамыту перспективалы болып табылады, себебі біздің елімізде бидай және басқа да дақылдар көп өсіріледі. Ғылыми-техникалық дамудағы биотехнологияны дамытудың саяси стратегиялық маңыздылығын елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге және қайта қалпына келмейтін энергия қорын үнемдірек пайдалануға мүмкіндік береді»–деп тұжырымдағанындай биотехнология стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Ұлттық биотехнологиялық орталық Қазақстанда алғаш рет құс тұмауына қарсы «Қазақстан – 15» ауыл шаруашылығы вакцинасын жасап шығарды[53]. Бұл қазақстандық ғалымдарымыздың ғылыми саладағы үлкен жетістіктерінің бірі болды. Биотехнологиялық орталықтың ендігі мақсаты – ғасыр дерті болған туберкулез, қатерлі ісік тағыда басқа аурулардың алдын-алу, одан адамдарды сақтандыру мақсатында жұмыс істейді. Ұлттық Биотехнологиялық Орталық отандық ғылымды әлемдік деңгейге жеткізуге өзіндік үлес қосатын халықаралық маңызы бар ғылыми зерттеу орталығы ретінде қалыптасып келе жатыр. Автордың пайымдауынша Қазақстан үшін биотехнология саласын дамытудың саяси стратегиялық маңыздылығы зор. Себебі бұл сала адам денсаулығынан бастап, азық-түлік, қоршаған орта, жанар-жағармай тағыда басқа тұрғындар қажеттілігін өтеуге керек өнімдерді өндірумен айналысады. Біздің елімізде биотехнологиялық саланы әрі қарай дамыту үшін – қомақты қаржыландыру, осы заманғы құрал-жабдықтар ең бастысы сауатты ғылыми потенциал керек.
Қазақстанда ғылыми-техникалық дамудың жаңа бағыттарының бірі ғарышты бейбіт мақсатқа игеру, ғарыш кеңістігін зерттеу болып отыр. Ғарышты игеру де – осы заманғы ғаламдық мәселелердің бірі. Қазақстан әлемдік косманавтикада сирек кездесетін ғарыш кешенінің иесі, оны жалға беруші ғана емес өзінің ғарышкері, ғылыми-ғарышты игеру бағдарламасы бар ел. Ғарыштық қызметті дамыту – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Дүниежүзіндегі ең ірі ғарыштық кешен болып саналатын Байқоңыр Қазақстанның ғылыми-техникалық дамуына үлкен жол ашады [54]. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Байқоңыр айлағында төрт ірі кешенді ғарыштық зерттеулер жүзеге асырылған. Отандық ғарышкерлердің қатысуымен қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды бақылау, ауыл шаруашылық дақылдарының жаңа түрлерін өндіру мақсатында ғарыштық кең көлемді ғылыми бағдарламалар жасақталып жүзеге асырылуда [55]. Қазақстандағы ғарыштық қызметті дамытудың саяси стратегиялық мәні зор. XXI ғасырда Қазақстан ірі ғарыштық державалардың қатарынан көріне алатын зор мүмкіндікке ие.
Диссертацияның «Ғылыми - техникалық саясатты дамытудың дүниежүзілік тенденциялары мен болашағы» атты екінші тарауында өркениетті елдер мен индустриалды елдердегі ғылыми-техникалық саясатты дамыту үлгісін салыстыра отырып, дамыған елдер тәжірибесінің Қазақстан үшін тиімді жақтарын көрсетеді. Бұл тарауда АҚШ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея елдеріндегі ғылыми-техникалық саясатты ұйымдастыру, басқару, қаржыландыру саласындағы ерекшеліктеріне тоқталдық. Автордың пайымдауынша осы елдердегі ғылыми-техникалық дамудағы басты жетістіктерінің бірі, аталған елдерде мемлекет тарапынан ғылыми салаға қомақты қаржы бөлінетіндігінде және басқару саласына дербес ғылыми қоғамдастықтың, саяси институттардың, үкіметтік емес ұйымдардың белсене араласатындығында деп көрсетеді. Жекеленген елдерде экономикалық өсімге ғылым жетістіктерінің қосатын үлесі 50 %-дан асады. Әлемдік аса дамыған жеті ел 46 макротехнологияға ие бола отыр, жоғары технология рыногының 80 % өз уысында ұстап отыр. АҚШ ғылыми өнімдер экспортынан жылына 700 млд доллар, Германия 530 млд доллар, Жапония 400млд доллар табады. Тұтастай алғанда қазіргі кезде ғылыми өнімнің әлемдік рыноктағы ауқымы 2,3 трлн. АҚШ долларын құрайды. Осы соманың 39 % АҚШ үлесіне тиеді. Автордың пайымдауынша жоғары ғылыми технологияның көмегімен үлкен экономикалық жетістіктерге жетіп қана қоймай, мемлекет қазынасын мол қаржымен толтыруға болады.
Осы тараудың 2.1 «АҚШ-тағы ғылыми-техникалық саясатты дамытудың үлгісі» атты тақырыпшасында дүниежүзінде ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы көшбасшы ел ретінде танылып отырған АҚШ-тың осы саясатты дамытудағы тәжірибесі сарапталған. АҚШ-тың ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы басты ерекшелігі ғылыми саланы қаржыландыруға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп ғалымдардың материалдық қамтамасыз етілуінің жақсы жолға қойылуы. АҚШ-та ІЖӨ-нің 5% тек ғылыми саланы дамытуға жұмсалады [56]. Сондай-ақ ғылыми-техникалық салаға ұзақ мерзімді салықтық жеңілдіктердің берілуін де АҚШ-тың тәжірибесінен білеміз. АҚШ-тың ғылыми-техникалық саясатты дамыту тәжірибесі әлемнің көптеген елдеріне үлгі болып отыр. Осы елдің ғылыми-техникалық саясатын зерттеу барысында, ғылымды басқару барынша демократиялық принциптерге негізделгендігін, мемлекеттік органдар тарапынан өктемдік пен әкімшілікке жол берілмейтінін байқауға болады.
Автордың пікірінше өркениетті елдердегі ғылыми-техникалық саясатты дамытудың тәжірибесін таразылай келіп, ғылымды дамыту экономикалық өркендеудің басты кепілі деген қорытынды жасауға болады. Дамыған елдердегі және Қазақстандағы ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыру механизмдерін салыстыра келіп, кейбір айырмашылықтарды атап көрсетуге болады. Өркениетті елдерде іргелі және қолданбалы зерттеуді қаржыландыруда мемлекет үлкен белсенділік танытады. Мемлекеттік сектор мен жеке сектордың өзара байланысы жақсы жолға қойылған.
Осы тараудың 2.2 «Индустриалды елдердегі ғылыми-техникалық саясаттың дамуы (Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай)» - атты екінші тақырыпшасында ғылыми-техникалық саясатты дамытудың өзіндік үлгісін қалыптастырып отырған индустриалды елдердің тәжірибесіне жан-жақты талдау жасалған. Индустриалды елдердің ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы басты ерекшеліктері: ғылым мен өндірісті ұштастыру мақсатындағы технополистердің көптеп құрылуы, ғылымды қаржыландыруда жеке сектор үлкен белсенділік танытады.
Жапониядағы ғылыми-техникалық саясат.
Екінші дүниежүзілік соғыста кеңестік және американдық әскердің соққысынан күйрей жеңілген Жапония ес жиюды ғылыммен білімге ден қоюдан бастаған болатын. Бүгінде бұл ел әлемдегі ең бай мемлекеттердің алдыңғы қатарында дамып келе жатыр. Жерінде бір тамшы мұнай, бір кесек қымбат тасы жоқ Жапонияның ғылыми-техникалық дамуы дүниежүзін таң қалдырып отыр. Әлемдегі экономикасы дамыған елдердің ішінде Жапония ғылыми-техникалық потенциалы бойынша АҚШ-тан кейінгі 2-орында тұр. Ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінен Жапонияның басты ерекшілігі ғылыми-техникалық саланы қаржыландыруда көбінесе жеке секторға иек артады. Жапонияның ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы негізгі ерекшеліктері:
- дүниежүзілік ғылым мен техника жетістіктерін тез меңгеруі;
- Батыс Европа мен Америка елдеріндегі патент, лицензияларды алғашқы сатысында сатып алып өндіріске тез енгізуі;
- әскери шығындардың болмауы.
Ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы позитивті жақтарының бірі Жапонияның адам ресурстарын тиімді пайдалана білуінде. Табиғи, жерасты қазба байлықтарына өте кедей әрі аумағы тар аралдық мемлекет ғылыми-техникалық саясатты өз мүмкіндіктерінен әлде қайда жоғары дәрежеде дамытып отыр. Автордың пікірінше Жапония және өндірісі дамыған басқа да елдердің экономикалық гүлдеуінің негізін жаңа технологияларды өндіріске енгізудегі осы екі сала арасында тиімді байланыс орната білуінде деп қорытындылауға болады.
Қытайдағы ғылыми-техникалық саясат.
Ғылыми-техникалық саясатты инновациялық негізде дамытып отырған елдердің бірі - Қытай Халық Республикасы. 1970 жылдары Қытай әлемдік көшбастаушы елдердің алғы шебінен тым алыста болатын, ол кезде Қытай елі үшін өз халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету басты мәселе еді. Бүгінгі таңда Қытай әлемдік рыногта ауқымды тауарлар өндіру мен қызмет көрсетуде елеулі бәсекелеске айналды. Қытайдың мұндай іргелі жетістікке қол жеткізуінің басты себебі ғылымға негізделген өндірісті дамытуында. 1970 жылдары Қытай Ғылым Академиясы қайта құрылған болатын. Бұл өзгеріске бір академия, екі жүйе деген атау берілген еді [57]. Қытайда академиялық зерттеулер коммерциялық табыс пен бірлестік жағдайында жүзеге асады. Бұл елде ғылыми-зерттеу институттары негізінде жұмыс істейтін фирмалар мен корпорациялар өте көп. Мұндай фирмалар тек ірі қалаларда ғана емес елдің барлық аймақтарында бар. Қытайдың әртүрлі аймақтарында осындай жүзден аса фирма жұмыс істейді. Жергілікті басшылықтың қолдауымен ғылыми зерттеу орталықтары негізінде жыл сайын 50 кәсіпорын құрылады. Автордың пікірінше Қытайдағы ғылыми-техникалық саясатты дамытудың басты ерекшелігі ғылым мен өндірісті ұштастыру мақсатында құрылған технологиялық парктер мен жеке шағын кәсіпорындардың Ғылым Академиясы мен жоғарғы оқу орындарының жанынан құрылуында. Қытайдың ғылыми-техникалық саясатты жедел дамытудағы басты тетіктерінің бірі - ғылымға негізделген шағын және орта кәсіпорындар мен фирмалардың көп болуында.
Оңтүстік Кореядағы ғылыми-техникалық саясат
Жапония сияқты Азия аймағында ғылыми-техникалық дамуда үлкен жетістікке жеткен елдің бірі – Оңтүстік Корея. Бұл мемлекеттің дамуында ғылыми-техникалық саясаттың рөлі зор. Жапония сияқты Оңтүстік Корея да өз ғылыми-техникалық саясатын алғашқыда басқа мемлекеттердің ғылыми жетістіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырған болатын. Ол кезде Оңтүстік Кореяда ғылыми-техникалық саясатты басқа жолмен дамыту мүмкіндігі де болмаған еді. Бұл елде алпысыншы жылдардан бастап ғылым мен техника экономикалық өрлеудің басты құралы ретінде экономикалық жоспарлармен бірге қарастырылған болатын. Ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарына елді индустриаландыруға толықтай атсалысу міндеті жүктелген еді. Бұл саясат сексенінші жылдарда аса күшті қарқынмен жүргізіледі. Ғылыми зерттеу орталықтарына бөлінетін қаржының үлесі 1991 жылы 5,5 миллиард АҚШ долларына жеткен. 2001 жылы Кореядағы ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы бұл елдің жалпы ішкі өнім өндіру көрсеткішінің 5 % құрап, 11 миллиард АҚШ долларына жеткен. Автордың пайымдауынша ғылыми зерттеулерге мұндай қаржының бөлінуі Оңтүстік Кореяның ғылыми-техникалық өркендеудегі лидер елдердің қатарына қосылуына мүмкіндік берді.
Автордың пікірінше индустриалды елдердегі ғылыми-техникалық саясатты дамытудың басты ерекшелігі білім мен ғылымды, өндірісті ұштастыруға мемлекет тарапынан ерекше мән берілуінде. Осы процесті ұтымды ұштастырудың негізгі механизмі технологиялық орталықтардың жоғарғы оқу орындары мен ғылым академияларының негізінде құрылуында. Бұл елде технологиялық парктердің құрылуы мен қалыптасуына мемлекет тарапынан және жеке сектор тарапынан мықты қолдау көрсетілген. Индустриалды елдерде ғылымды қаржыландырудың өзіндік ерекшелігі бұл елдерде көбінесе жеке сектордың көмегіне жүгінеді. Жеке кәсіпорындар мен ғылыми зерттеу институттарының арасында жақсы ынтымақтастық орныққан.
Екінші тараудың 2.3 «ТМД елдеріндегі ғылыми-техникалық саясаттың дамуы (Ресей, Украина, Беларусь)» атты тақырыпшасында, осы елдердегі ғылыми-техникалық, инновациялық саясаттың дамуына аталған елдердегі ғылыми-техникалық саланы басқару мен ұйымдастырудың, ғылымды қаржыландырудың өзекті мәселелеріне жан-жақты талдау жасалған. Автордың пайымдауынша ТМД ауқымында ғылыми-техникалық саясатты инновациялық негізде дамытуға бет алған елдер Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан мемлекеттері. ТМД елдерінде бұрын бір орталықтан басқарылған ғылыми-техникалық саланы дербес құру мен дамыту көптеген қиындықтар мен кедергілер арқылы жүзеге асырылды. Кеңестер Одағы кезінде әскери салаға бағытталған өндірістік технологиялық құрылымды қайтадан өзгерту, инновациялық дамуға бағыттау біршама уақытты қажет етті. Аталған елдердің барлығына тән кедергілердің бірі КСРО ыдырағаннан кейін, ғылыми-техникалық саланы нарықтық қатынастарға бейімдеп қайта құрудың мемлекеттік бағдарламасы бұл елдердің ешқайсысында да болған жоқ, бұл кемшілік осы елдердің технологиялық артқа қалуына әкеліп соқтырды. Автордың пікірінше 2000 жылдардан бастап экономикалық дағдарыстан шыққан ТМД елдерінің ішінде: Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь мемлекеттері ғылыми-техникалық дамудың дүниежүзілік тенденцияларына сәйкес, жаңа бағыттарын анықтап, осы салаларды дамытуға бар күш жігерін жұмсап отыр. Қазіргі кезеңде осы төрттік арасында ғылыми-техникалық салаға ҰІӨ-нің 2 % жұмсап отырған Ресей ғылыми саланы қаржыландыруда алда келе жатыр. Ғылыми потенциалдың еңбек ақысы да басқа елдермен салыстырғанда Ресейде бірнеше есе көп. Дәл осындай алға жылжу Украинада да байқалады. Соңғы жылдары Украина аэроғарыштық технологияны меңгерген бес елдің қатарында болса, дүниежүзілік құрылыс материалдарын шығаруда алдыңғы ондықтың қатарына кіріп отыр. Осы елдердің ішінде ғылыми-техникалық саясатты дамытудың саяси-құқықтық негіздерін қалыптастыруда Қазақстан алдыңғы орында келе жатыр. Инновациялық дамуға бағытталған құжаттар бойынша бұл елдерде бір-біріне ұқсастықтары да бар, алайда біздің еліміз «Қазақстан – 2030» стратегиясы бағдарламасымен ерекшеленеді. Мұндай ұзақ мерзімді бағдарламаны ТМД кеңістігінде ешқандай ел әлі қабылдаған жоқ. Автордың пікірінше ТМД елдеріндегі 90 жылдардағы экономикалық дағарыс ғылыми-техникалық дамуға кері әсерін тигізді. Алайда 2000 жылдан бастап осы аталған елдерде ғылыми-техникалық дамуда айтарлықтай алға жылжу басталды. Ресейде ғылымды инновациялық негізде дамытудың 2010 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, ғылыми-техникалық салада халықаралық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылды [58].
Автордың пікірінше ТМД ауқымында осы елдерге ортақ ғылыми кеңістік қалыптастыру керек. Ол ең алдымен ғылыми-технологиялық дамуда ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға, кадрлық әлеуетті күшейтуге өз ықпалын тигізеді. «Ғылыми-техникалық-инновациялық саясат мәселелері» атты халықаралық ғылыми қоғамдастық құруда басты қажеттілік болып табылады. Сондай-ақ, «ғылыми-техникалық-инновациялық саясатты дамыту мәселелері» атты жыл сайын ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып отырылуы тиіс.
«Қазақстанның демократиялық қоғам орнату жағдайындағы ғылыми-техникалық саясаты» деп аталатын 3-ші тараудың 3.1 «Қазақстандағы демократияландыру үрдістерінің ғылыми-техникалық дамуға әсері» атты тақырыпшада Қазақстандағы демократияның дамуының ғылыми-техникалық саясатқа оң әсері зерттелінген. Автордың пайымдауынша еліміздегі либералдық-демократиялық дамудың нәтижесінде Қазақстан тәуелсіздік алғанның алғашқы күнінен-ақ отандық ғылым неғұрлым ашық және демократиялы бола түсті. Ғалымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың әртүрлі халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысуы кеңейді, ғылыми салаға мемлекет тарапынан идеологиялық шектеу мен қатаң әкімшілік бақылау жойылды. Елімізде нарықтық экономикаға тән ғылыми салалардың жаңа тетіктерінің қалыптасуы басты демократиялық қадам болды, оларға ең алдымен зерттеумен әзірлемелерді конкурстық негізде қаржыландыру жатады, отандық ғалымдарымыз халықаралық жобаларға қатысып өзіндік идеялармен ерекшелене бастады. Қазақстанның либералдық-демократиялық дамуының басты белгісі - әлемдік қауымдастықтың жоғары бағасына ие болған конституцияға енгізілген демократиялық өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның ашық қоғам қалыптастырудағы басты қадамы болып табылады. Демократияның дамуы Қазақстанда өзіндік ерекшеліктерімен жүзеге асып отыр. Соның нәтижесінде әлемнің көптеген елдерімен тұрақты саяси және экономикалық байланыстар орнығып, отанымыз халықаралық қоғамдық институттардың беделді қатысушысына айналды.
Еліміздің нарықтық - демократиялық жүйеге өтуі ғалыми саланың дамуына көптеген қолайлы жағдайлар туғызды. 1991жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуы еліміздің ұлттық қазынасы ретінде отандық ғылымның жаңа даму кезеңіне бастау болды. Ғалымдар ең алдымен кеңестік кезеңдегі идеологиялық шектеуден арылып, ғылыми зерттеулердің басымдықтары мен бағыттарын еркін айқындаудың, өздерінің шетелдік әріптестеріменен идеялар алмасудың мүмкіндігіне ие болды. Демократиялық даму ғылымның сыртқы ортаменен өзара байланысын күшейту мақсатында ғылыми қоғамға, ғалымдар одағына басқа да сол сияқты ұйымдарға бірігуінің маңыздылығын көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұйғарым жасағанындай «демократиялық дамуды жеделдете отырып, біз ұлттық болмыстан ешқашан ауытқымауымыз керек», либералдық-демократиялық дамудың басты көрінісі саяси институттардың әлеуметтік мәселелерді шешуге араласуы. Қоғамдағы беделді саяси институттардың бірі Нұр-Отан партиясының ғылыми саланың өзекті мәселелеріне көңіл бөлуі. Партияның тікелей ұйымдастыруымен 2007 жылы сәуір айында «Қазақстанның бәсекеге қабілетті ғылыми әлеуеті үшін» атты республикалық ғылыми форум өткізілді [59]. Бұл форумда отандық ғылыми-техникалық саланың қордаланып қалған өзекті мәселелері ғылыми жұртшылықпен саяси партияның өкілдерімен бірге талқыланды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ғылыми форумның қатысушыларына жолдау хатында атап көрсетілгендей: «Бұл ынтымақтастық отандық ғылымның алдында тұрған мәселелерді шешуге және қазақстандық ғалымдардың беделін көтеріп, жетістіктерін насихаттауға ықпал ететін болады». Демек, демократиялық үрдістердің дамуы ғылыми-техникалық салаға айтарлықтай оң әсерін тигізіп отыр. Автордың пікірінше Нұр-Отан партиясының ұйымдастыруымен өткен ғылыми форумның саяси мәні зор, тұңғыш рет еліміздегі ғылыми–техникалық саланың өзекті мәселелері биік мінбеде ашық айтылды, мұның өзі демократиялық дамудың басты жетістіктері.
Осы тараудың 3.2 «Қазақстандағы ғылыми –техникалық саясатты дамытудың саяси-құқықтық негіздері» атты тақырыпшасында еліміздегі ғылыми-техникалық саясатты дамытудың саяси құқықтық негіздерінің қалыптасуы қарастырылған. Автордың пайымдауынша Қазақстанда ғылыми-техникалық саясаттың саяси-құқықтық негіздерін әлі де инновациялық дамудың талаптарына сәйкес жетілдіру қажет. Ғылым туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар, Инновациялық қызмет туралы заңға да біршама түзетулер енгізілуі тиіс. Қазақстандағы ғылыми-техникалық саясатты дамытудың саяси-құқықтық негізін қалайтын басты стратегиялық құжаттар – «Қазақстан – 2030» стратегиясы (1997 ж. қабылданған), «Қазақстан Республикасының конституциясы» (2007 ж. өзгертулер мен толықтырулар енгізілген), «Қазақстан Республикасының Ғылым туралы Заңы» (2001 ж. қабылданған), «Қазақстан Республикасының инновациялық қызмет туралы заңы» (2002 ж. 9 шілдеде қабылданған), «Қазақстан Республикасының Ғылым және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы» (2000 ж. 12 шілдеде қабылданған), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» (2007 ж. 20 маусымда қабылданған), «Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық стратегиясы» (2003 ж. қабылданған) болып табылады [60]. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы халыққа жолдауында жаңа технологияларды игеру үрдісіне қолдау көрсету қажеттілігімен ғылыми әлеуетті дамыту, ғылыми-техникалық дамудың саяси–құқықтық негіздерін жетілдірудің қажеттілігін баса айтқан болатын. Азаматтық қоғаммен құқықтық мемлекеттің бастапқы белгісі ғылыми-техникалық дамуды саяси–құқықтық реттеу болып табылады. Ғылыми-техникалық саясаттың саяси-құқықтық негізін қалайтын басты құжат - Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады. Қазақстанның тәуелсіздік алуы, еліміздің либералдық-демократиялық даму жолына түсуі, ғылыми-техникалық саланың саяси-құқықтық негізін қалыптастыруда да жаңартулар енгізді. Осы мақсатта елімізде «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Қазақстанның дүниежүзілік ғылыми кеңістікке неғұрлым тезірек және өркениетті жолмен енуіне саяси-құқықтық реттелудің әсері зор. Отандық ғылымды басқарудың жаңа үлгісі ғылым саласын сапалық деңгейге көтерудегі бірқатар міндеттерді орындауға, халықаралық деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді.
Осы тараудың 3.3. «Қазақстандағы ғылымның саяси - әлеуметтік мәртебесі және ғылыми саланы қаржыландыру мәселелері» атты тақырыпшасын ғалымдарымыздың қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәртебесін көтерудегі кемшіліктер мен кедергілер, ғылыми саланы қаржыландырудағы шешілмеген мәселелер қарастырылған. Автордың пайымдауынша отандық ғылыми саланы дамытудағы басты кемшіліктер:
-
қоғамдағы ғалымдар мәртебесінің төмендеуі;
-
ғылыми саланы қаржыландырудың мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілмеуі;
-
жеке сектордың, шетел инвестициясының ғылыми саланы қаржыландыруға қатыспауы.
Ғылымды қаржыландыру қоғамдағы әлі күнге дейін толық қанды шешімін таппаған күрделі мәселелердің бірі. Ғылымның ұзақ уақыт бойы экономикадан алшақ дамуы, 90 жылдардағы дағдарыс қысқартулар, талантты мамандардың ғылымнан кетіп қалуы осы саладағы басты кедергілер болды. Соңғы жылдарға дейін ғылымды басқару саласындағы жүргізілген реформалар қоғамның саяси-әлеуметтік өмірімен нашар байланыстырылды, мұның өзі ғылымның қоғамдағы мәртебесін төмендетті. Соңғы жылдары ғылыми салаға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қолға алынып отыр. Ғылымды дамытудың жаңа бағдарламасында көрсетілгендей 2012 жылға қарай ғылыми саланы қаржыландыруды бірте–бірте 25 есе көбейту көзделіп отыр. Әрине бұл игі істердің барлығы да енді қолға алынған жаңа бастамалар, ұлттық экономикасын дамытып саяси тұрақтылықтылығын нығайтқан Қазақстан үшін бұл заңды құбылыс та шығар. Соңғы мәліметтерге сүйенсек ғылымға бөлінген қаржы 2000 жылмен салыстырғанда бірнеше есе өсіп отыр [61]. Алайда мұның өзі ғылыми саланың инновациялық негізде дамуын толық қанды қамтамасыз етпейді. Автордың пайымдауынша ғылымды қаржыландыруда мемлекеттік сектормен қатар жеке сектордың ұлттық холдингтердің, еліміздегі мұнай-газ саласының барлық мүмкіндіктерін ғылыми саланы қаржыландыруға жұмсау керек. Қоғамда осы саладағы қызу пікірталас туғызып жүрген Ұлттық Ғылым Академиясына қоғамдық бірлестік мәртебесінің берілуі де күрделі мәселе. Ғылым Академиясының жаңа мәртебесі елімізде ғылымның серпінді дамуына мүмкіндік туғыза алатын іргелі ұйымға айналатындығы сөзсіз. Автордың пікірінше қазақстандық ғылымның отаны мен ошағы болған - Ұлттық Ғылым Академиясы XXI ғасырдың талаптарына сәйкес мемлекеттік мәртебеде қайта құрылуы тиіс. Сондай-ақ, ғылым мен жоғарғы білімді интеграциялау мақсатында ғылымды дамыту жоғарғы оқу орындарының жанына топтастыру ұйғарылып отыр. Автордың пайымдауынша бұл ұзақ та күрделі процесс. Қазақстан ғылымды дамытудың батыстық үлгісіне бірте-бірте көшуі тиіс, алайда ғылыми саланы басқару мен ұйымдастырудың бүрынғы үлгісінде дамып отырған Ресей елдерінің ғылыми-техникалық саладағы жетістіктері де жаман емес. Еліміздегі ғылымды қайта реформалаудың күрделілігі және ұйымдастыру жұмыстарының ұзаққа созылуы да, ғылыми-техникалық саланы дамытудағы негізгі кедергілердің бірі. Диссертанттың пікірінше ғылымның қоғамдағы мәртебесін көтеруді ғылымды қаржыландырудан бастау керек. Отандық ғылымның қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында жасалынып жатқан басты қадамдарының бірі ашық үлгідегі зертханалардың ашылуы, онда отандық ғалымдарымыз ешқандай кедергісіз жұмыс істей алады. Технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша инженерлік саладағы 15 университеттің зертханалары ашылатын болды [62]. Автордың пайымдауынша Қазақстанның технологиялық артта қалуын еңсеру үшін, ғылым мен өндірісті ұштастыруды жеделдету қажет. Ғылыми саланы ұйымдастыру құрылымында шешімдер қабылдауда, жеке сектор ресурстарын пайдалануды бір жүйеге келтіру осы мәселелердің шешілуіне мүмкіндік туғызады, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен орындалатын ғылыми зерттеу бағдарламаларына жетекшілік жасайтын, әкімшілік органдардың санының көп болуы оны іске асыруды қиындатады. Қорыта келгенде елімізде ғылыми саладағы көптеген кемшіліктерді түзетуге мемлекет тарапынан жаңа бет бұрыс басталды.
Осы тараудың 3.4 «Инвестициялық саясат ғылымды қаржыландырудың басты көзі» деп аталатын тақырыпшасында «Қазақстан – 2030» стратегиясындағы дамудың басты басымдықтарының бірі болып отырған, инвестициялық саясатты дамыту - ғылыми-техникалық саланы қаржыландырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылған. Автордың пайымдауынша ғылымды қаржыландыруға шетел инвестициясын тарту оң шешімдердің бірі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «ел экономикасын өрістетіп халықтың тұрмыс деңгейімен әл-ауқатын арттыру үшін, тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыру керек»-деп ұйғарым жасағанындай Қазақстанда инвестициялық саясатты дамыту саяси-әлеуметтік экономикалық өркендеуге өзіндік үлес қосатыны анық. Осы мақсатта елімізде 2004 жылы «Инвестициялар туралы» заң қабылданған болатын [63]. Бұл заңның қоғамдағы саяси мәні зор, ұлттық табыстың өсуіне, экономикалық саяси-әлеуметтік рухани дамуға да үлкен серпіліс береді. Автордың пікірінше инвестициялық саясатты дамыту-Қазақстан капиталының сыртқы рыноктағы имиджін нығайтуға, ғылыми-техникалық саланы тиімді дамытуға қомақты үлес қосады. Қазіргі кезеңде Қазақстан кең ауқымды шикізат көзімен дүниежүзіне белгілі елдердің бірі. Осыған байланысты бүгінде шетел инвесторларының Қазақстанға ерекше қызығушылықпен қарап отырғаны бәрімізге белгілі. Инвестиция саяси-экономикалық категория ретінде қоғамда көптеген маңызды функциялар атқарады. Қазақстанның ғылыми-техникалық саясат тұжырымдамасында көрсетілгеніне қарамастан бұл мәселе ғылыми-техникалық саланы қаржыландыруда белсенді түрде қолға алынбай отыр. Автордың пікірінше Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға шетел инвестициясын тарту ғылыми саланы қаржыландырудағы қосалқы механизмдердің қалыптасуына ықпал етеді. Өндіріске енгізуге дайын инновациялық жобаларды қаржыландыруға жаңа тың технологияларды игеруге мүмкіндік береді.
«Қазақстандағы ғылыми-техникалық саясатты дамытудың стратегиялық басымдықтары» деп аталатын 4 тараудың 4.1. «Индустриалдық-инновациялық дамудағы ғылыми-техникалық саясатты өркендетудің саяси стратегиялық маңыздылығы» атты тақырыпшасында индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы маңыздылығы жан-жақты талданған. Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы, инновациялық дамудың басты міндеттері мен негізгі механизмдерін анықтайтын саяси стратегиялық құжат болып табылады. Бұл қабылданған стратегияның мәні зор, еліміздің экономикасын әртараптандыруда ғылымның дамуы арқылы өндірісті іске қосу инновациялық дамудың деңгейін көтеру Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі. Бұл стратегияда еліміздегі ғылым мен білімнің, технологиялық дамудың негізгі механизмдері анықталған. Автордың пайымдауынша индустриалдық-инновациялық дамудағы ғылыми-техникалық саясатты өркендетудің саяси стратегиялық маңыздылығы жоғары. Қазақстанның индустриалдық-инновациялық стратегиясын қабылдауы кемел келешекке ұмтылғанның белгісі. Қазақстанның технологиялық дамуда артта қалуының басты себептері:
1.Экономиканың шикізаттық бағыттылығы.
2.Әлемдік экономикаға ықпалдасудың әлсіздігі.
3.Ғылыммен өндірістің арасында ұтымды байланыстың болмауы.
4.Өндірістік және әлеуметтік инфроқұрылымның белсенділігінің төмен болуы. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қазақстанда 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Автордың пайымдауынша индустриалдық-инновациялық даму демократиялық және экономикалық жағынан мықты дамыған білімді Қазақстан құрудың басты баспалдағы. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасын дамыту, халықтың әл ауқатын көтеру, еліміздің технологиялық артта қалуын жою мақсатында қабылданған стратегия ғылыми-техникалық саясатты дамытудағы шешуші қадамдардың бірі. Стратегияның даму динамикасы 3 кезеңді қамтиды:
Достарыңызбен бөлісу: |