Инклюзивті оқу ортасын құру
Қарым-қатынас
Білім беруде қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұғалімдер балалармен, балалар мұғалімдермен және басқа балалармен қарым-қатынас жасап, араласуы керек. Мұғалімдер қарым-қатынас барысында балаларға түсінікті тілде сөйлеу керек. Оқушылар әртүрлі болғандықтан олардың оқу стилі де бір-бірінен өзгеше болады: кейбір оқушылар оқу материалын көру арқылы қабылдаса, кейбір оқушылар есту арқылы немесе істеп көру барысында жақсы қабылдайды. Шебер мұғалім қарым-қатыснастың түрлі құралары мен жолдарын қолданады және оқу материалын қайталау арқылы оқушыларға қолдау жасайды.
Мұғалім қарым-қатынас барысында төмендегі ұсынымдарды ескергені жөн:
анық және дауысын сәл көтеріп сөйлеу;
қарапайым сөздерді қолдану;
орындықта отырып емес, барлық оқушы көретіндей тұрып сөйлеу;
оқушылардың назарын аудару үшін «мұқият тыңдаңыз» т.с.с сөз орамдарын қолдана отырып, олармен визуалды байланыс орнату, маңызды ақпаратты қайталау;
хабарламаны түсінікті ету үшін сөйлеу кезінде ым-ишара мен мимиканы қолдану;
балаларды сұрақтар қоюға тарту, егер түсініксіз нәрсе болса, балалардың барлығының дұрыс түсінгенін тексеру;
ауызша қарым-қатынасты көрнекі суреттермен және жазбаша хабарламалармен толықтыру;
ақпаратты нақты жеткізу үшін балаларды мимика немесе ым-ишараларды қолдануға шақыру.
Сынып бөлмесінің жабдықталуы
Сыныптың жабдықталуы оқушылардың оқуына көмектесуі немесе керісінше кедергі келтіруі мүмкін. ЕБҚ бар балалар мұғалімге және тақтаға жақын отыруы керек. Сынып бөлмесі балалар еркін жүре алатындай етіп ұйымдастырылады (әсіресе қозғалыс немесе көру проблемалары болса). Кейбір балаларға жарық көбірек қажет болса, ал кейбір балалар жарыққа сезімтал болуы мүмкін екенін ескеру керек.
Оқушылардың орындықтары немесе парталарын топта бірге жұмыс істей алатындай орналастыруға болады. Егер сынып бөлмесі үлкен болса, сыныптағы парталарды уақытша кейбір балалармен жеке немесе шағын топтарда жұмыс істей алатындай орналастыруға болады.
Өз тапсырмаларын басқаларға қарағанда ертерек аяқтаған оқушыларға арнап түрлі тапсырмаларды дайындап қойған дұрыс. Бұл оқылым материалдары, жұмыс парақтары және ойындар болуы мүмкін.
Графиктер мен плакаттар (көрнекі құралдар) барлық балаларға жақсы көрінетін тұсқа, үлкен қаріптермен, суреттер және символдармен беріле отырып, ілінгені абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |