№3(51), 2022 ҚӘӘИ ХАБАРШЫСЫ ISSN – 2617-6319
65
рет жоғары деңгейде екіжақты қатынастардың кең ауқымды мәселелері
талқыланып, бірлескен декларация мен басқа да келісімдерге қол қойылды.
Солтүстік пен Оңтүстіктің бүкіл корей халқының күш-жігерін біріктіру
арқылы бірігу мәселесін дербес шешуге келіскендігі саммиттің басты
нәтижесі болды [3]. Сонымен қатар, екі Кореяны біріктіру және Оңтүстік
Корея мен жалпы Шығыс Азияда демократия мен адам құқықтарын
нығайтудағы жемісті қызметі үшін Оңтүстік Корея президенті Ким Дэ Джун
2000 жылдың қазан айында Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығымен
марапатталды.
2000 жылғы саммиттен кейін Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен
Ирдің Сеулге уәде етілген жауап сапары 7 жыл бойы орындалмады. Оңтүстік
Корея президенті Ро Му Хен (2003-2008) өзінен бұрынғы президенттің «күн
жылуы» саясатын жалғастыра отырып, қандай жағдай болмасын саммит
өткізуге Оңтүстік Кореяның әрқашан дайын екенін білдірді.
Осылайша, Пхеньяндағы екінші корейаралық саммит 2007 жылдың 2-4
қазан аралығында өтті. Пхеньянға жолға шыққан Оңтүстік Корея президенті
Ро Му Хен жұбайымен бірге «қырғи-қабақ соғыстың» символы болып
табылатын демаркациялық сызықтан өту арқылы әлемге Корей түбегіндегі
жағдайдың қалыпқа келуіне үміт сыйлаған болатын. Саммит барысында
Корея мен КХДР басшыларының екі кездесуі өтті, сонымен қатар
корейаралық ынтымақтастықтың түрлі маңызды мәселелері талқыланды
және «Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы қарым-қатынастарды дамыту
және бейбіт гүлдену туралы декларация» қабылданды.
Алайда Ро Му Хеннің президенттік мерзімінің соңына таман «күн
сәулесі» саясатының аралас нәтижелері Оңтүстік Кореяда үлкен сын
толқынын тудырды. Ал, одан кейін президенттікке келген Ли Мен Бак (2008-
2013) және Пак Кын Хенің (2014-2017) корейаралық жағдайға қатысты саяси
бағыттары алдыңғы президенттердің саясатынан мүлдем өзгешеленді. Егер
де Ли Мен Бактың әкімшілігі «күн жылуы» саясатынан бас тартып,
солтүстікпен қарым-қатынастарын қайта қараған болса, Пак Кын Хенің
президенттік мерзімінің соңына қарай Оңтүстік пен Солтүстік Корея
арасындағы байланыстар толығымен үзіліп, корейаралық қарым-қатынастар
терең дағдарысқа ұшыраған болатын.
Екіжақты ынтымақтастықтың қайта жаңғыруы, 1990 жылдардың
аяғындағыдай, президент Мун Чжэ Ин (2017-2022) бастаған солшыл-
либералдық Оңтүстік Корея әкімшілігінің бастамасы және Солтүстік Корея
басшылығының өзара әрекет етуге келісуінің нәтижесінде орын алды. Соның
ішінде, Пхенчхан Қысқы Олимпиадалық Ойындары корейаралық диалогты
қайта бастауға тамаша мүмкіндік берді. Ким Чен Ынның Оңтүстік Кореяда
өтетін Олимпиадаға спортшылар командасын жіберуге дайын екенін
жариялаған жаңа жылдық жолдауынан кейін тараптар КХДР-ның Ойындарға
қатысуына дайындық бойынша келіссөздер жүргізуге бастамашы болып,
корейаралық ынтымақтастықты жандандыру кезеңін ашты [4].
2018 жылы 27 сәуірде Панмунджомда өткен кездесуде Солтүстік Корея
басшысы Ким Чен Ын мен Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин үш
|