19-бап. Мұнай өнімдерін өткізу шарттары
1. Қазақстан Республикасының аумағында құрамында металл қосындылары бар (дизель отыны үшін статикаға қарсы қосындылардан басқа, темір, марганец, қорғасын және басқалары) бензин мен дизель отынын және қанықпаған мұнай өнімдерін әкелуге және өткізуге, оның ішінде оларды одан әрі өңдемей сақтауға тыйым салынады.
2. Осы Заңның талаптарын ескере отырып, мұнай өнімдерін өткізуге, тек қана:
1) мұнай өнімдерін өндірушілерге;
2) мұнай өнімдерін берушілерге;
3) мұнай өнімдері базаларынан мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілерге;
4) мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға жол беріледі.
3. Мұнай өнімдерін өткізуді және (немесе) жөнелтуді:
19-бабының 3-тармағының 1) тармақшасы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1) мұнай өнімдерін өндiрушiлер, мұнай берушілер, мұнай өнімдері базасынан немесе резервуарлардан мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер немесе мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілер;
19-бабының 3-тармағының 2) тармақшасы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) мұнай өнімдерін жылжымалы үлгідегі автожанармай құю станцияларында бөлшек сауда арқылы өткізуді қоспағанда, мұнай өнiмдерiн автожанармай құю станцияларында бөлшек сауда арқылы өткізушілер мұнай өнiмдерiн міндетті түрде есепке алатын бақылау аспаптары арқылы өткізе отырып, жүзеге асырады.
4. Мұнай өнімдерін көтерме сауда және бөлшек сауда арқылы өткізу кезінде, сондай-ақ мұнай өнiмдерiнің экспорты кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес ілеспе жүкқұжаттар ресімделеді.
Мұнай өнімдерін автожанармай құю станцияларында бөлшек сауда арқылы өткізу кезінде ілеспе жүкқұжаттар ресімделмейді.
5. Екі және одан да көп жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мұнай өнiмдерiн кейіннен өткізу мақсатында резервуарды өткізу, сондай-ақ сақтау үшін пайдалануына тыйым салынады.
20-бап. Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдау шарттары
1. Қауіпті жүктерді тасымалдауға Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасымалдауға рұқсат етілген көлік арқылы шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдауға жол беріледі.
2. Мұнай өнімдерін өткізу және (немесе) жөнелту кезінде, сондай-ақ темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде міндетті түрде ілеспе жүкқұжаттар ресімделеді.
Мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер, мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілер, мұнай өнімдерінің ішкі тасымалдануын жүзеге асыратын тұлғалар алушыларға мұнай өнімдерімен бірге ілеспе жүкқұжаттарын көлік арқылы беріп жіберуге міндетті.
Осы тармақтың мақсаты үшін:
1) мұнай өнімдерін сатып алушы болып табылатын заңды тұлға, ол алушы ретінде көрсеткен осы заңды тұлғаның филиалы;
2) ішкі тасымалдау кезінде мұнай өнімдерін алушылар болып табылатын заңды тұлға, оның филиалы;
3) мұнай өнімдерін, сондай-ақ ішкі тасымалдау кезінде мұнай өнімдерін сатып алушы болып табылатын жеке тұлға алушы болып танылады.
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын бір жеке тұлға немесе заңды тұлға ішінде мұнай өнімдерін тасымалдауға байланысты тасымалдау ішкі тасымалдау болып танылады.
Ілеспе жүкқұжаты интернет-ресурс арқылы электронды түрде ресімделеді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ішкі тасымалдауды жүзеге асырған кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу талап етілмейді.
3. Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдауға байланысты құжаттар қауіпті жүктерді тасымалдау үшін көліктің әрбір түріне белгіленген талаптарға сай болуға тиіс.
4. Темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін сақтау және тасымалдау құралдарының конструкциясы және пайдалану шарттары техникалық регламенттердің талаптарына сай болуға тиіс.
21-бап. Мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы өткізу
21-бабының 1-тармағының бірінші бөлігі алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мұнай өнiмдерiн көтерме сауда арқылы өткiзуді мұнай өнiмдерiн көтерме сауда арқылы берушiлердiң тізіліміне енгізілген өнім берушілер ғана жүзеге асырады. Осы тармақтың күші осы Заңның 17-бабының 5-тармағында аталған мұнай өнiмдерiн көтерме сауда арқылы берушiлерге қолданылмайды.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талаптарын сақтаған кезде мұнай берушілер мен мұнай өнімдерін өндірушілердің, сондай-ақ мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілердің мұнай өнімдерін өткізуін қоспағанда, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер басқа мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілерге мұнай өнімдерін өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.
Басқа мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілерден мұнай өнімдерін сатып алатын мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер тек мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілерге ғана мұнай өнімдерін өткізуге құқылы.
2. Мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыратын мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыру басталғанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға сәйкес мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесіне дербес сәйкестендіру нөмір-кодының берілуіне өтінім жіберуге тиіс.
3. Мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер мұнай өнiмдерiн тек мұнай өнiмдерiнің базаларында және (немесе) резервуарларда сақтауды жүзеге асыруға міндетті.
22-бап. Мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізу
1. Осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғалардың өздері меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде иеленетін автожанармай құю станциялары және (немесе) резервуарлар арқылы мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуіне жол беріледі.
2. Тұрғындарының саны он мың адамға дейінгі елді мекендерде контейнерлік үлгідегі автожанармай құю станцияларынан мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге жол беріледі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде дала жұмыстарындағы ауыл шаруашылығы техникалары жинақталған орындарда жылжымалы үлгідегі автожанармай құю станцияларынан мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге жол беріледі.
3. Бір мезгілде екі және одан да көп мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізушілердің мұнай өнiмдерiн сақтау және бөлшек сауда арқылы өткізу үшін автожанармай құю станцияларын пайдалануына тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына сәйкес адам саны он мыңнан астам елді мекеннің немесе әкімшілік ауданның аумағында бір мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушінің не адамдар тобы деп танылған мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілердің нарықтық үлесі осы нарықтың жалпы көлемінің отыз бес пайызынан аса алмайды.
23-бап. Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингі
1. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мынадай мониторингті жүзеге асырады, оған:
1) Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдері көлемінің, олардың түрлері бойынша мониторингі;
2) Қазақстан Республикасында мұнай өнімдерін өткізудің, оның ішінде мұнай өнімдерінің экспорты мен импортының мониторингі;
3) Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерінің көтерме саудадағы және бөлшек саудадағы бағаларының мониторингі;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мұнай өнімдерін қажетсінуінің мониторингі кіреді.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға:
1) көтерме сауда арқылы өткізу бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген;
2) жылу беру кезеңінде жылумен қамтамасыз ететін ұйымдардың мұнай өнімдерін тұтыну жөніндегі болжамды ұсынады.
3. Мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға мұнай өнімдерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына импортталған мұнай өнімдерін өткізу туралы мәліметтерді ұсынады.
4. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингі деректерінің негізінде:
1) алдағы күнтізбелік жылға Қазақстан Республикасының аумағында мұнай өнімдерін тұтыну, өндіру және өткізу балансының болжамын жасайды;
2) мұнай өңдеу жоспарларын бекітеді;
3) Қазақстан Республикасы ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушыларға арналған мұнай өнімдерін өндірушілерге шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын беру кестелерін бекітеді;
4) мұнай өнімдерін беру жоспарларын бекітеді;
5) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге шекті баға белгілеу үшін табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға тиісті мәліметтерді жібереді.
24-бап. Көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстары кезеңдерінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді және жылу беру кезеңінде жылумен жабдықтау ұйымдарын мұнай өнiмдерiмен қамтамасыз етуге байланысты мұнай өнiмдерiнің айналымын мемлекеттік реттеудің ерекшеліктері
1. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жыл сайын облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарының межелі көлемдерін ескере отырып, мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға мұндай көлемдерді мұнай өңдеу жоспарларында ескеру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мұнай өнімдерін беру көлемі туралы ұсыныс енгізеді.
2. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өңдеу жоспарларында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге беру үшін қажетті мұнай өнімдерінің көлемін ескереді.
3. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган мұнай өңдеу жоспарларында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған, алдағы жылғы жылу беру кезеңіне жылумен жабдықтау ұйымдарына беру үшін қажетті мұнай өнімдерінің көлемін ескереді.
4. Мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер және мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілер жыл сайын, мұнай өнімдерін өткізу кезінде 1 наурыз - 31 мамыр және 1 тамыз - 31 қазан аралығы кезеңінде - ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, ал 31 қазан - 1 наурыз аралығы кезеңінде - жылумен жабдықтау ұйымдарына басымдық беруге міндетті.
25-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мұнай өнiмдерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң мыналарды:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 17-бабының 1-тармағын, 2-тармағының 1) тармақшасын, 3, 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарын және 21-бабының 1-тармағының бірінші бөлігін;
2) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 17-бабының 2-тармағының 2) тармақшасын және 19-бабының 3-тармағының 1) тармақшасын;
3) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 19-бабының 3-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 1-бабының 26) тармақшасындағы «есепке алатын бақылау аспаптарымен» деген сөздер «мұнай өнімдерін есепке алуды қамтамасыз ететін өлшеу құралдарымен» деген сөздер болып есептелсін.
2012.12.01. № 538-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының екінші бөлігіндегі «сәйкестендіру нөмірі» деген сөздер 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін «салық төлеушінің тіркеу нөмірі» деген сөздер деп есептелсін.
4. «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» 2003 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 6, 33-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 95-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 19, 148-құжат; 2010 ж., № 20-21, 119-құжат; № 22, 128-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы шілденің 20-ы.
№ 463-IV
Достарыңызбен бөлісу: |