70-бап. Келісімшарт қолданысының аумақтық аясы
1. Келісімшарттық аумақ шегінде жер қойнауының бір учаскесі немесе жер қойнауы учаскелерінің сабақтас та, бөлек те бірнеше учаскесі болуы мүмкін. Келісімшарттық аумақ шегінде бөлінетін жер қойнауының учаскесі (жер қойнауының учаскелері) белгілі бір тереңдікпен шектелуі мүмкін.
2. Бір келісімшарттық аумақ шегінде әртүрлі келісімшарттар бойынша екі немесе одан да көп жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген жағдайда келісімшарттық аумақ шегінде жұмыстар жүргізудің тәртібі осындай жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісіммен айқындалады.
Егер бір келісімшарттық аумақ шегінде әртүрлі келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осы мәселе бойынша келісімге келе алмаса, келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің тәртібін белгілеу құқығына құзыретті органмен жасалған келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы ие болады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен жасалған келісімшарт бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен жасалған келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы белгілеген келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің тәртібін сақтауға міндетті.
Бір келісімшарттық аумақ шегінде құзыретті органмен жасалған әртүрлі келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны екі немесе одан да көп жер қойнауын пайдаланушы жүргізген жағдайда келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің тәртібін белгілеу құқығына келісімшарт онымен бұрынырақ жасалған жер қойнауын пайдаланушы ие болады.
Келісімшарт онымен кешірек жасалған жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің келісімшарт онымен бұрынырақ жасалған жер қойнауын пайдаланушы белгілеген тәртібін сақтауға міндетті.
Бір келісімшарттық аумақ шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүргізудің осы тармаққа сәйкес айқындалған тәртібі жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
3. Егер жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүргізу мүмкін болмаса немесе қиындық туғызса не жер қойнауын пайдаланушыға аралас немесе өзге де жер қойнауы учаскесіне сервитут берусіз оны шамадан тыс шығынға ұшыратуы мүмкін болса, сервитут алуға мүдделі тұлға (сервитут алуға үміткер) жер қойнауы учаскесіне сервитут белгіленуге тиіс жер қойнауын пайдаланушыға сервитут белгілеу туралы шарт жасасу ұсынысымен жүгінуге құқылы.
Сервитут алуға үміткер мен жер қойнауын пайдаланушы арасында сервитут белгілеу мүмкіндігі туралы немесе сервитут белгілеу туралы шарттың талаптары туралы келісімге қол жеткізілмесе, мүдделі тұлға сотқа жүгінуге құқылы.
Сервитут - құзыретті органда, ал егер жер қойнауы учаскесі кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған болса, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органында тіркеуге жатады.
Егер сервитут белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға қатер төндіретін, сондай-ақ жер қойнауы учаскесінде барлауды және (немесе) өндіруді жүргізудің мүмкін болмауына әкеп соғатын жағдайда, сервитут белгілеуге тыйым салынады.
Жер қойнауы учаскесіне сервитут белгіленген кезде, егер сервитут белгілеу туралы шартта немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сервитуттың құқық иесі жер қойнауын пайдаланушыға сервитутпен байланысты залалды өтеуге міндетті.
Сервитут белгілеу туралы шартта немесе сот шешімінде сервитуттың құқық иесі жер қойнауын пайдаланушыға сервитут үшін төлейтін төлем көзделуі мүмкін.
Сервитут ол белгіленген мерзім өткеннен кейін не солар бойынша ол белгіленген негіздер тоқтатылған кезде не сервитуттың құқық иесі бас тартқан жағдайда тоқтатылады.
Сервитут мәмілелердің, оның ішінде сатып алу-сату және кепіл мәмілелерінің дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға оны қамтамасыз ету үшін осындай сервитут белгіленген құқықпен бірге ғана ауысуы мүмкін. Сервитут жер қойнауын пайдалану құқығын берген және жер қойнауын пайдалану құқығы сервитутпен жүктелген жер қойнауы учаскесіне қатысты әмбебап құқық мирасқорлығы тәртібімен басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сақталады.
Жер қойнауы учаскесінің бір бөлігіне сервитут белгілеу Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес, жер учаскесіне сервитутты алу қажет болған жағдайда осындай сервитуттың туындауына негіз болады.
4. Егер пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүргізу кезінде табудың немесе кен орнының географиялық шекараларының (құрлықта немесе теңізде орналасуына қарамастан) геологиялық немесе тау-кендік бөлуде көрсетілген келісімшарттық аумақ шегінен шығып кеткені байқалса, онда оны кеңейту туралы мәселені құзыретті орган немесе кең таралған пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүргізу кезінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы, егер бұл аумақ жер қойнауын пайдаланудан бос болған жағдайда, келісімшарт жобасын келісу және оны жасасу үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен және мерзімде конкурс өткізілмей-ақ, келісімшарт талаптарын өзгерту жолымен шешуге тиіс.
5. Келісімшарттық аумақты қайтарудың талаптары мен тәртібі осы Заңда және келісімшартта айқындалады.
6. Келісімшарттық аумақтың бөліктерін қайтару келісімшарттық аумақтың қайтарылатын бөліктері тиісті геологиялық бөлуден шығарыла отырып, геологиялық бөлуді қайта ресімдеу жолымен жүзеге асырылады.
71-бап. Келісімшартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға тараптардың келісімі бойынша жол беріледі.
2. Тараптардың бірінің талабы бойынша келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға Қазақстан Республикасының заңдарында және келісімшартта көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жол беріледі.
3. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге әкеп соғатын жағдайда, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде бұрын жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
72-бап. Келісімшарттың қолданылуын тоқтату
1. Егер тараптар осы Заңның 69-бабында белгіленген тәртіппен келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы келісімге қол жеткізбесе, келісімшарт қолданылу мерзімі өткеннен кейін тоқтатылады.
2. Келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға тараптардың келісімі бойынша, сондай-ақ тараптардың бірінің талабы бойынша осы Заңда көзделген жағдайларда жол беріледі.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта не жобалау құжаттарында белгіленген міндеттемелерді екі реттен көп бұзуды құзыретті органның хабарламасында көрсетілген мерзімде жоймаса;
2) осы Заңның 36-бабының 5-тармағына сәйкес мұндай рұқсат ету талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, құзыретті органның рұқсатынсыз осы Заңның 36-бабының 1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді берген кезде келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның хабарламасында белгіленген мерзімде толық жойған келісімшарт талаптарының бұзылуы келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
4. Осы Заңның 71-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда құзыретті орган, егер:
1) құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша түрде растамаса не оларды жүргізуден бас тартса;
2) жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөніндегі келісімге келмесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөніндегі келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарттың талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға қол қоймаса, біржақты тәртіппен келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган келісімшарттың, оның ішінде бұрын жасалған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы.
Келісімшарттың қолданылуы аталған негіз бойынша біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган ол жөнінде жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта не жобалау құжаттарында белгіленген міндеттемелерді екі реттен көп бұзуды құзыретті органның хабарламасында көрсетілген мерзімде жоймаған кезде кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының хабарламасында белгіленген мерзімде толық жойған келісімшарт талаптарының бұзылуы келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушының нақты шығыстары нарықта қолданылатын бағалардың өзгеруі салдарынан, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының еркіне тәуелді емес басқа да мән-жайларға байланысты келісімшарт жасасу, жұмыс бағдарламасы мен жобалау құжаттарын бекіту кезінде ескерілгендерден кем болып шықса, бірақ бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің келісімшартта, жұмыс бағдарламасында және жобалау құжаттарында көзделген нақты көлемі толық көлемде орындалса, жер қойнауын пайдаланушының нақты шығыстарының мұндай азаюы келісімшарт талаптарын бұзу және келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
8. Жер қойнауын пайдаланушы келісімшартты сот тәртібімен мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге немесе келісімшартта белгіленген негіздер бойынша келісімшартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.
9. Келісімшарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың зардаптарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
10. Құзыретті орган келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатқан кезде ұлттық компания келісімшарттық аумақты сенімгерлікпен басқаруға қабылдайды. Технологиялық процестің үздіксіз болуын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылыстар мен жабдықтарды бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлік берілгенге дейінгі мерзімге ұлттық компанияның уақытша иеленуі мен пайдалануына беруге тиіс. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол мүлікті ұлттық компанияға беруден бас тартқан жағдайда құзыретті орган осындай мүлікке қатысты оның сенім білдірген адамы ретінде іс-қимыл жасайды.
Құзыретті орган келісімшартта көзделген жер қойнауы учаскесін конкурсқа шығаруға немесе тікелей келіссөздер өткізуге міндетті.
73-бап. Барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданылуын қайта жаңғырту үшін негіздер
1. Құзыретті орган мынадай жағдайларда:
1) келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдауға елеулі әсер еткен дәйексіз деректер негізінде келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдау фактісі анықталғанда, оның ішінде, егер келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдау күні жер қойнауын пайдаланушыда дәлелді себептер бойынша келісімшарттық міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжаттар болмаса;
2) келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалмауы не тиісті түрде орындалмауы, жер қойнауын пайдаланушының еркіне тәуелді емес себептер салдарынан, оның ішінде еңсерілмейтін күштің әсерінен болған себептер, яғни осындай жағдайлар кезінде келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалмауына не тиісті түрде орындалмауына тікелей әсер еткен төтенше және еңсерілмейтін мән-жайлар (дүлей зілзала құбылысы, әскери қимылдар және тағы сондайлар) анықталғанда және расталғанда келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдау және құзыретті органның бастамасы бойынша бұрын қабылданған келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы шешімнің күшін жою жолымен өз бастамасы бойынша бұрын тоқтатылған барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын сот қарауынан тыс тәртіппен қайта жаңғыртуға құқылы.
2. Өзімен жасалған келісімшарт тоқтатылған тұлғаның өтініші не құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап алты ай ішінде құзыретті органның келісімшартты қайта жаңғырту негіздерін дербес анықтауы құзыретті органның бастамасы бойынша бұрын тоқтатылған келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту туралы мәселені құзыретті органның қарауы үшін негіз болып табылады.
3. Құзыретті органның келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту және құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жою туралы шешімі өзімен жасалған келісімшарт тоқтатылған тұлғадан өтініш келіп түскен не құзыретті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайларды анықтаған күннен бастап бір ай ішінде қабылданады.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту және құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімді жою туралы шешім қабылданған жағдайда құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы осындай шешім қабылданған күннен бастап үш ай ішінде келісімшартқа қосымша келісімді белгіленген тәртіппен келіседі және жасасады, онда келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту мәселелері, оның ішінде келісімшарт бойынша қызмет үзілісімен байланысты мәселелер және жауапкершілік мәселелері реттелуге тиіс. Құзыретті органның шешімі бойынша келісімшартқа қосымша келісімді келісу және жасасу үшін осы тармақта көрсетілген мерзім ұзартылуы мүмкін.
5. Құзыретті органның барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын жаңғырту және құзыретті органның бастамасы бойынша келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімнің күшін жою туралы шешімі қабылданған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде онымен жасалған келісімшарт бұрын тоқтатылған тұлғаның назарына жеткізіледі және осы баптың 4-тармағына сәйкес келісімшартқа қосымша келісімге қол қойылғанға дейін жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт бойынша қызметті қайта жаңғыртуына негіз болып табылады.
6. Осы баптың ережелері облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын қайта жаңғырту туралы шешім қабылдаған кезде қолданылады.
74-бап. Келісімшартты жарамсыз деп тану
1. Мыналар:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жарамсыз деп танылуы;
2) осы Заңда белгіленген міндетті талаптардың келісімшартта болмауы;
3) құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оның осы тұлғамен келісімшарт жасасу жөніндегі шешіміне әсер еткен көрінеу дәйексіз ақпарат берудің анықталуы;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер келісімшартты жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.
2. Жарамсыз деп танылған келісімшарт, оның жарамсыздығымен байланыстыларды қоспағанда, құқықтық салдарға әкеп соқпайды және оны жасасқан кезден бастап жарамсыз болады.
Келісімшартты жарамсыз деп тану жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың зардаптарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресімдеу соның негізінде жүзеге асырылған шартты сот тәртібімен жарамсыз деп тану не бұзу нақ сол келісімшарттың емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай беруге байланысты келісімшартқа қабылданған өзгерістер мен толықтырулардың жарамсыздығына әкеп соғады.
4. Келісімшартты жарамсыз деп тану осындай келісімшарттың негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығы солардың нысанасы болып табылатын барлық кейінгі мәмілелердің жарамсыздығына әкеп соғады.
7-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
75-бап. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары
Жер қойнауын пайдаланушының:
1) келісімшартта көзделген талаптарға сәйкес өзіне берілген келісімшарттық аумақ шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі іс-әрекетті дербес жасауға;
2) егер келісімшартта не Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өз қызметінің нәтижелерін, оның ішінде минералдық шикізатты өз қалауынша пайдалануға;
3) келісімшарттық аумақта, ал қажет болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушыға белгіленген тәртіппен берілген өзге де жер учаскелерінде жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік және әлеуметтік сала объектілерін салуға, сондай-ақ шарттар негізінде келісімшарттық аумақта да, одан тысқары жерлерде де жалпыға ортақ объектілер мен коммуникацияларды пайдалануға;
4) келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы келіссөздерге бастамашылық жасауға;
5) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге байланысты жұмыстардың жекелеген түрлерін орындау үшін мердігерлерді тартуға;
6) осы Заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып, құқықтарды немесе олардың бір бөлігін басқа тұлғаларға беруге;
7) осы Заңда немесе келісімшартта айқындалған жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға құқығы бар.
76-бап. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері
1. Жер қойнауын пайдаланушы:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды келісімшартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға қойылатын талаптарды сақтауға;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде адам өмірінің, денсаулығының және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) келісімшарттық аумақты тек қана келісімшартта көзделген мақсаттарда пайдалануға;
4) жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне негізделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің неғұрлым тиімді әдістері мен технологияларын таңдауға;
5) егер келісімшартта өзге мерзім көзделмесе, келісімшарт тіркелген күннен бастап барлауды немесе өндіруді жүргізуге кірісуге;
6) жерасты сулары мен кең таралған пайдалы қазбалар жөніндегі келісімшарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы Өндіруші салалар қызметі ашықтығының бастамасын іске асыруға қатысты Өзара түсіністік туралы меморандумның талаптарын сақтауға;
7) персоналдың және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін, жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары мен технологиялық схемалардың ережелерін сақтауға;
8) егер бұл қауіпсіздіктің ерекше жағдайларымен байланысты болмаса және мұндай қызмет жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге кедергі келтірмесе, келісімшарттық аумақ шегінде басқа адамдардың еркін жүруіне, жалпыға ортақ объектілер мен коммуникацияларды пайдалануына кедергі жасамауға;
9) Қазақстан Республикасында өндірілген жабдықтарды, материалдарды және дайын өнімді, олар конкурстың және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы
Достарыңызбен бөлісу: |