Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



бет3/15
Дата23.02.2016
өлшемі1.08 Mb.
#8504
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Ескіқамыстыбас – қыстау. Арал қаласынан оңтүстікке қарай, Қамыстыбас көлінің аңғарында.

Ескіұра – ауыл. Әйтеке би кентінен солтүстік-батысқа қарай 40 км жерде. «Ескі жерден қазылған жабық көмбе» мәніндегі атау.

Жақас – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұм өңірінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жақсықылыш – жота ( қыратты тау жұрнағы) . Солтүстік Арал маңында орналасқан. Абс. биіктігі - 110 м, ұзындығы - 28 км, ені - 5-10 км. «Жақсы мекен» ұғымындағы атау. «Жақсыға» қосарланған «қылыш» сыңары: «тар өткел» , әйтеуір сондай бір тар, қысалаң, қылталы жерге тән ұғым. Қазақша қылы сөзіне кішірейткіш - ша қосымшасы жалғанған тұлға (диал.), келе-келе аяққы а дыбысының жартылай естілуі немесе соңғы ы дыбысы әсерінен, мүлде естілмей (айтылмай да) қалуы заңды құбылыс. Қылыш (а) – «тар арық».

Жақсықылыш – көл. Сырдария өзеннің сағалық алабында, Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағында, Арал Қарақұмы мен Жақсықылыш тауының аралығында орналасқан. Көл Арал ауданының 74, 5 км аумағын алып жатыр. Көл негізінен қар, жауын-шашын және грунт суымен толысады. Арал теңізінің тартылуына байланысты көлдің аумағы күрт қысқарды, тек көктемде ғана суы болады, шілде айынан бастап бетін тұз басып, құрғақ ойысқа айналады. Бұл жерде Қазақстандағы сульфат және ас тұзын өндіретін ірі кен орны орналасқан.

Жақсықылыш – кент, кенттік округ орталығы. Арал қаласынан шығысқа қарай 25 км жерде, өзімен аттас көлдің оң жағалауындағы құм-жусан аралас көкпек, бидайық, еркекшөп өскен құмайтты сор топырақты шөлдік белдемде орналасқан. Бұрынғы атауы – Аралсульфат кенті.

Жалағашкөл – көл. Сырдария алабында, Сырдарияның сағалық арнасының оң жағалауында, теңіз деңгейінен 58,3 м биіктікте жайласқан. Кезінде Сырдарияның жайылмасымен толысатын, көршілес ірі Қамыстыбас көлімен ұласып жататын. Батыс және оңтүстік жағалауы жайпақ, батпақты, шығысы көтеріңкі. Арал теңізінің тым шегініп кетуінен Жалағашкөлдің шарасы жазда мүлдем кеуіп қалатын болды. Көктемгі қар ерігенде ғана аздап су жиналады. Алабы көктемгі шабындық.

Жалаңаш – ауыл, Мергенсай ауылдық округінің орталығы. Бұл жерді Жамбыл, Бірлестік деп те атайды. Бұрын Жамбыл, Бірлестік балық колхоздары бірігіп, осы жерде Жамбыл колхозы құрылған. 1997 жылы Жамбыл өндірістік кооперативі болып қайта құрылған.

Жалаңашқа Мергенсайдағы, Үшшоқыдағы, Сарықұмдағы тұрғындар көшіп келіп, Жалаңаш ауылы болып қайта құрылған. Арал қаласынан оңтүстік–батысқа қарай 55 км жерде. Ауыл маңында ешқандай ағаш, өсімдік өспейтіндіктен, «жалаңаш жел өтіндегі мекен» мәнінде қойылған атау.



Жалаңаш – қойнау. Арал теңізінің солтүстік–шығыс бөлігінде.

Жалғызағым – темір жол бекеті. Арал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде.

Жалжанқазған – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. «Жалжан есімді кісі қазған құдық» мәніндегі атау.

Жалмұрат – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жалпақсор – жер атауы. Кіші Борсық құмының солтүстігіндегі ойыс. Арал және Ақтөбе облысының Шалқар аудандары жерінде орналасқан. Ұзындығы – 35 км, ені – 20 км-ге жуық, теңіз деңгейінен 67-70 м биіктікте жатыр. Сор және сортаң қоңыр топырағында бұйырғын, тасбұйырғын, бұзаубас, сораң, сарсазан, сарықаңбақ, ақтікен, кермек, қаражусан сияқты сораң шөптер өседі.

Жаман ақай – төбе. Арал теңізінің солтүстігінде. Абс. биіктігі - 124 км. Беткейінде өсімдік, ағаш өспейтін жалаңаш, не мүлде аласа, жатаған, көзге қораш, Ақай руының атымен аталған төбе атауы.

Жаманшығанақ – жер атауы. Арал теңізінің Тұщыбас қолтығының батыс жағында орналасқан. Арал қаласынан 180 км батыста. Климаты континентті. Қаңтар айының орташа температурасы – 9-13 С, шілде де 25-27 С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері – 115-130 мм. Өсімдік жамылғысы бұталар аралас еркекшөп, жусан, қоянсүзек, жүзгін, эфермерлерден тұрады. Мұнда кезінде Шығанақ атты қой фермасы орналасқан.

Жанқожа – құдық. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Тереңдігі - 3м, шығымы - 40 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Жантақты – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Бұл жерде жантақ көп өскендіктен қойылған атау.

Жанту – тақыр. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. Кісі есімінен не ру атынан қойылған атау.

Жанысбике – бұлақ. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында. Кісі есімінен қойылған атау.

Жаңақоныс – ауыл, Қаратерең ауылдық округі құрамында. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 212 км жерде, Сырдарияның шағын көлдер қоршаған атырауында орналасқан. Ауылда балық аулаумен айналысатын бірнеше шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Жаңақұрылыс - ауыл, өзімен аттас ауылдық округінің орталығы. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 135 км жерде, Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында орналасқан. «Жаңадан басталған құрылыс, жаңа құрылысшылар аулы» мәніндегі атау. Ауыл 1973-1996 жылдары Қазалы ауданындағы өзімен аттас кеңшардың орталығы болған. Кеңшар негізінде Жаңақұрылыста бірнеше шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Жаңаталап – ауыл орны. Арал қаласынан солтүстікке қарай 42 км жерде.

Жарлыпес – бұлақ. Арал теңізінің солтүстігінде. «Суы аз бұлақ» мәніндегі атау.

Жаршағыл – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде.

Жаураған – төбе. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұм өңірінде. Абс. биіктігі - 103 м.

Жаураған – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұм өңірінде.

Жетікөл – құдық. Арал қаласынан батысқа қарай 41 км жерде.

Жиделі – шығанақ. Арал теңізінің солтүстігінде. «Жидесі көп, жиде ағашы қалың өскен жер» мәніндегі атау.

Жиделісай – сай. Арал теңізінің солтүстігінде. Сайда жиденің көп өсуіне байланысты қойылған атау.

Жойбар ата – жер атауы. Бөген ауылынан 7-8 шақырым оңтүстік беттегі төбенің және бейіттің аты. Бейіт құлпытасындағы жазуды әзірге ешкім оқи алмаған. Бірінші пікірде Жойбар ата 1743 жылға дейін осы маңда қазақтармен бірге аралас-құралас отырған қарақалпақтардың бірі, дін иесі, араб Әзіреті Әлінің 3-әйелінен тараған жұрағаттар ізінен.

Жуаныш – бұлақ. Құланды түбегінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жұлдыз – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзеннің бойында. Ру атынан қойылған атау.

Жұмбас – тау. Арал қаласынан батыс қарай 53 км жерде. Абс. биіктігі - 178 км.

Жүзгенді – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде. Басында жүзген көп өсетін құдық болғандықтан қойылған атау.

Жыланбас – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршықұмның батыс бөлігінде. Басында көп өсетін өсімдік атынан қойылған атау.

Жыланды – құм. Арал теңізінің солтүстік–шығыс жағалауында. «Жыланы көп, жылан жиі кездесетін (құм)» мәніндегі атау.

Жыланды – төбе. Арал теңізінің солтүстік–шығысында, Баршақұм өңірінде. Абс. биіктігі - 102 м.

Жыланды – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде.

Жыңғылды - көл. Арал Қарақұмының оңтүстік–батыс бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында. «Жыңғылы көп, жыңғыл қалың өскен жер» мәніндегі атау.

Жыңғылтүбекжер атауы, Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі түбек. Арал теңізінің шығыс жағалауында, Қасқақұлан аралынан шығысқа қарай 21,0 км жерде орналасқан. Аумағы – 17854 га. «Жыңғыл қалың өсетін түбек» мәніндегі атау.

Жігер – қыстау. Баршақұмның оңтүстік–батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жіңішкеқұм – құм. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Жіңішке және құм сөздерінен жасалған атау. «Жіңішке алқапты алып жатқан жер, құм» мәніндегі атау.

Жіңішкеқұм – ауыл, Жіңішкеқұм ауылдық округінің құрамында. Арал қаласынан шығысқа қарай 130 км, округ орталығы – Тоқабай ауылынан 110 км жерде, Жіңішкеқұм құмды алқабының шығысында орналасқан. Ауыл 1976-1996 жылдары өзімен аттас кеңшар бөлімшесінің орталығы болып келді.

Илеубай – құдық. Арал теңізінің солтүстік шығысында, Баршақұм өңірінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Изендіарал – мүйіс. Құланды түбегінің оңтүстік-шығыс бөлігінде. Өсімдік атынан аталған атау.

Кенділібауыр – бұлақ. Қаратүп түбегінде. Бұлақ маңайында, баурайында кендір өсімдігі көп өсетіндіктен қойылған атау.

Кенжембай – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Кердері мазары – Арал теңізінің табанындағы нысан. 2001 жылы «Арал – 2001 жыл» археологиялық экспедициясының (жетекшісі археолог Т. Мәмиев) зерттеуі барысында Қаратерең қыстағынан 75 км оңтүстік-батыстан табылған. Археологиялық барлаудың нәтижесінде жәдігер – мавзолей екендігі анықталды.



Кержығылған – жер атауы. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Ерте заманда бәйгеге қосқан кері аттың жығылған жері. Сондықтан осы жер «Кержығылған» деп аталып кеткен.

Керішқұдық –құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршықұм өңірінде. «Қатты тас грунттан қазылған құдық» мәніндегі атау.

Кесеқұм – төбе. Арал қаласынан солтүстікке қарай 83 км жерде, Баршақұмның батыс бөлігінде. Абс. биіктігі - 106 м. «Төңкерілген кесеге ұқсас құм төбе» мәніндегі атау.

Кетіксуат – темір жол бекеті. Арал қаласынан оңтүстік – шығысқа қарай 54 км. жерде. «Бір жағы жырылған суат» мәніндегі атау.

Кіші Арал – жер атауы. Арал теңізінің шағын солтүстік бөлігі, бұрынғы Көкарал түбегі мен Берг бұғазы арқылы бөлінген. Жер аумағы – 0,9 мың шаршы км. Кіші Аралдың Шевченко, Сарышығанақ, Бутаков атты шығанақтар бар.

Кіші Борсық – құм. Арал теңізінің солтүстігінде, Ақтөбе облысының Шалқар және Қызылорда облысының Арал аудандары аумағында орналасқан. Құм Арал теңізінен Торғай үстіртіне дейін 100 км-ге созылған, ені – 10-25 км, абс. биіктігі – 150-170 м. Ру атынан қойылған атау.

Кіші дария - өзен. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Сырдария алабында.

Кішітүбек – ауыл орны. Арал Қарақұмының оңтүстік - батыс бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында.

Комсомольское - қоныс. Возрождения аралының солтүстігінде. Комсомол жастарының құрметіне қойылған атау.

Көзжетпес, Құсжетпес – жер атауы, Арал теңізінің шығыс бөлігіндегі бұрынғы арал. Жыңғылдытөбе және Қосарал аралығында. Теңіз суы тартылғанға дейін ол теңіз жағасынан батысқа қарай 19 км жерде, ауданы – 3 шаршы км, ұзындығы – 7 км, ені – 0,8 км , теңіз деңгейінен 3-6 м көтеріңкі болған. Құмайтты топырағында бұта, түйетайлы жағалауында шалғынды сораң өседі. Қазір арал құрлықпен бірігіп кеткен.

Көкарал – ауыл орны. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде. «Жасыл шөп өскен жер» мәніндегі атау.

Көкарал –жер атауы. Үлкен Көкарал мен Кіші Көкаралды бөліп тұрған бөгет. Кіші Арал теңізінің суын (су деңгейін) сақтап қалу мақсатында бұрынғы Көкарал түбегі мен Берг бұғазы аралығында жасалынды. Құрылысы 2005 жылы аяқталды. Көкаралдың дәл ортасында Кіші Арал теңізінен артық су ағатын бетоннан салынған 9 торапты қақпасы салынған. Ол секундына 295 куб метр суды Үлкен Аралға еркін жібере алады. Көкарал бөгеті арқылы Арал теңізінің шығыс және батыс жағалауларында төте жол өтеді.

Көкаша – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде.

Көкжиек – төбе. Арал қаласынан солтүстікке қарай 95 км. жерде, Баршақұмның батыс бөлігінде. Абс. биіктігі - 112 м.

Көккөл - қоныс. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзеннің аңғарында. «Тұнық көл» мағынасындағы атау.

Көкқабақ – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде.



Көктем – ауыл. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 40 км. жерде, Арал Қарақұмының батыс бөлігінде.

Көктырнақ – түбек. Арал теңізінің солтүстігінде орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 30 км-ге созылып, теңізге сұғына еніп жатыр. Осы бағытта 60 м-ден 180 м-ге дейін биіктейді. Түркі тілдеріндегі көк және тырнақ терминдерінен құралған атау.

Көкшекөл – қоныс. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында.

Көкшоқалақ – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Тереңдігі – 3 м, шығымы – 500 л/с.

Көлжаға – ауыл, Қаратерең ауылдық округінің орталығы. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 225 км жерде, Сырдарияның атырауындағы шағын келген Қартма көлінің жағасында орналасқан. 1996 жылдан ауылда балық аулайтын бірнеше шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Көлқара – құдық. Арал теңізінің солтүстігінде. Мұндағы сөз тәртібі қазіргі тіл тұрғысынан Қаракөл болу керек. Алацда анықтауыш сөздің анықтайтын сөзден кейін келуі атаудың көнелігін көрсетеді, өйткені ерте кезде түркі тілдерінде сөз тіркесімнің осындай түрі басым болған. Бұл туралы Қ.Жұбановтың еңбектерінде кездеседі. «Терең, суы мол құдық» мәніндегі атау.

Көлқарашоқы – төбе. Арал теңізінің солтүстігінде. Абс. биіктігі– 240м. «Көл жағасындағы қара шоқы» мәніндегі атау.

Көлқұдық – қыстау. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Көл және құдық сөздерінен жасалған. Құдықтың суы мол болуына байланысты, яғни «көлдей құдық» деген ұғымға байланысты қойылуы ықтимал немесе «көл жағасынан қазылған құдық» деген мағынаны білдіреді.

Көне Бөген – елді мекен атауы. Патша заманы кезінде саудагер орыс-татар байлары (мәселен Темірке Ярлогаев) қазіргі Көне Бөген беттен (Бөгеннен 4-5 шақырым жер) жаз кезінде ауланған бекіре балығын күзгі қара суыққа дейін тірілей ұстай тұратын су қоймасын жасаған. Оны жергілікті тұрғындар «Қамау», «Бекіребасат» немесе «Бөген» су қоймасы деп аталған. Кеңес өкіметі орнаған соң ол жер «Кеңес мектебі» аталып, оның бұрынғы «Бөген» атауы қазір 15 шақты отбасы тұратын «Көне Бөгенге» көшкен.

Көнту – темір жол бекеті. Арал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 25 км жерде.

Күлгірт – қыстау. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде.

Күршек – жер атауы. Ермек шегені деген құдық осы жерде болған. Бір жағында Сазды, бір жағында Октябрь колхозы. 1958 жылдан бері Күршек деп аталып кеткен. Бір орыс көпестің көшіп бара жатқанда кувшині (құмырасы) түсіп қалған. Күршекке кіре берістегі түйенің үш өркеші сияқты үш төбені Күршек төбе

Қазанғап – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қаленқазған – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. «Қален деген кісінің қазған құдығы» мәніндегі атау.

Қалыш – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қамыстыбас, Қамбаш – Арал ауданындағы ең ірі көл. Сырдария өзенінің оң жағалауында, Қамыстыбас темір жол бекетінен батысқа қарай 2 км жерде орналасқан. Қамыстыбас Сырдария алабындағы ең ірі көл. Ол ендік бағытта 30 км-ге созылған, ені – 5-8 км, ең терең жері - 10 м, аумағы – 178,0 шаршы км, жағалауының ұзындығы – 115,6 км, теңіз деңгейінен 58,1 м биіктікте жатыр. Шарасына 980 млн. куб метр су жиналады. Көл Тәуіп – Жарма каналы арқылы толығады. Оның айналасында Лайкөл, Қаязды, Жалаңаш, Райым сияқты бірнеше көлдер тізбегі бар.

Қамыстыбас, Қамбаш – ауылдық округ орталығы. Орталығы – Қамыстыбас стансасы, Арал қаласынан оңтүстікке қарай 75 км жерде, Қамыстыбас көліне таяу жерде орналасқан. 1918 жылы құрылған, жер аумағы – 21 664 га.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Хиуа хандығының жаугершілігіне қарсы Сыр бойы қазақтарының ұйымдастырушысы Жанқожа батырдың сарбаздарына қару-жарақ соғушы темір ұсталарының мекені болған. 1904 жылға дейінгі атауы – Темірші. Теміршіден дайындалған қару-жарақтарды Хиуа хандығына ғана емес, орыс отаршылдарына да қарсы сілтеген. Орыс отаршылдары 1904-1905 жылдары Орынбор – Ташкент теміржолының ашылуына байланысты іргелес Қамысты көлінің жағалауындағы Қамыстыбас көлінің жағалауындағы Қамыстыбас қонысының атауымен атауды жөн көріпті.



Қанды – бұлақ. Құланды түбегінде. «Төңірегінде қанды шөп қалың өсетін бұлақ» мәніндегі атау.

Қараалып – төбе. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. Абс. биіктігі – 180 м. «Топырақ, тасы қара түсті үлкен төбе» мәніндегі атау.

Қараарық – канал. Арал теңізінің шығысында, Сырдария алабында. «Үлкен, ескі арық» мәніндегі атау.

Қарабиік – қыстау. Арал Қарақұмының оңтүстігінде.

Қаражиде – төбе. Көкарал түбегінде. Абс. биіктігі – 148 м.

Қаракөл – көл. Әйтеке би кентінен солтүстік-батысқа қарай 38 км жерде орналасқан. Қаракөлдің ұзындығы – 4,5 км, ені – 1,8 км, ең терең жері – 10 м, аумағы – 10,70 шаршы км. Көлге 32 млн. куб метр су жиналады, жағалауын биіктігі 1,5-2,0 м қамыс басып кеткен. Қара және көл сөздерінен жасалған. Зерттеуші Е.Қойшыбаев «көзді көл» мағынасындағы атау дейді. Ал Т.Жанұзақтың пікірінше, атау «жер асты суы, бұлақ сөздерінен бастау алған көл» мәнін береді.

Қаракөл – батпақ. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің бойында.

Қарақұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. Т.Жанұзақтың айтуынша, атау «мөлдір қара су» мәнінде қойылған. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қарақұдық аталатын объектінің бәріне тән ортақ қасиет, сол арада «мөлдір қара судың» бар екендігімен байланысты қойылған.

Қарақұм ауылдық округі, округ орталығы – Абай ауылы. Ауданның қиыр солтүстік-шығысында, Арал қаласынан 110 шақырым қашықтықта, Баршақұм құмының орталық бөлігінде, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1930 жылы қаланған. 1957 жылға дейін қаракөл қойын өсіретін Қарақұм кеңшары мен ауылдық кеңестің орталығы болып келді. Ауылда және округке қарасты Ерімбетжаға, Көкаша, Қаратерең ауылдарында шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Қарамыс – ауыл орны. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, Арал Қарақұмында. «Мыстың көп жері» мәніндегі атау.

Қаратас – төбе. Баршақұм өңірінде. Абс. биіктігі – 187 м. Сол жердегі үлкен қала тастың бағдар, белгі болуына байланысты қалыптасқан атау болуы мүмкін.

Қаратас – маяк. Көкарал түбегінің шығыс бөлігінде.

Қаратерең – ауыл. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 110 км жерде, Сырдарияның сағасында.

Қаратерең – Арал теңізінің шығыс жағындағы түбек. Қаратереңнің шығыс жағындағы жарқабақты биік бөлігін «Тастақ» деп атайды. Ертеректе Сырдария өзені осы Тастақ шыңына тірелгенде арнасын оңға жылжытып, Қаратерең қыратын солтүстік жағынан кесіп өтіп, батыс бағытпен Арал теңізіне құйған. Сол тұста Сырдария өзенінің бір тармағы оңтүстікке бұрылып, Ақкөл және Кәртіма қолтықтарын суға толтырып, Қаратерең қыратының оңтүстік-батыс мүйісін айналып, солтүстікке қарай «Құйылыс» өзегі болып аққан. Сөйтіп қырат Сырдария өзенінің атырау ішіндегі аралы болған. Бертін келе Арал теңізінің деңгейі төмендеген соң түбекке айналған.

Қаратөбе – мүйіс. Қаратүп түбегінің оңтүстігінде. Тау, төбенің түсіне байланысты қойылған атау.

Қаратұма – шығанақ. Арал теңізінің шығысында, Қазақстан және Өзбекстан шекарасында орналасқан. 1980 жылға дейін шығанақ құрлыққа 23-25 км сұғына еніп жатқан. Сол кездегі суының тереңдігі – 1-3 м болған. «Жер астынан шығып жатқан су» мәніндегі атау.

Қаратүп – ауыл орны. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Арал теңізінің аңғарында. Бұрынғы Қаратүп колхозының орталығы болған, қазір онда ел жоқ, құмды алқап. Теңіздің толық кезінде ол маңда теңізге сұғына еніп жататын қара түбек болған. Кейін Қаратүп аталған. Түбек атынан қойылған атау.

Қаратүп – түбек. Арал теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан. Түбек Сарышығанақтың оңтүстік-шығысында, теңізге 42 км сұғына еніп жатыр. Абс. биіктігі – 190 м, жағасы тік, құлама жар, салыстырмалы биіктігі – 123 м. «Теңізге кіріп жатқан түбектің түбі» мәнінде қалыптасқан атау. Ол Арал қаласы мен Бөген елді мекенінің арасында жатыр. Аумағы – 15,1 мың га. Түбектің табиғаты өте қатаң, сусыз жер. Бұрын Арал теңізі толық кезінде «Қаратүп» балық ұжымшары болған. Жергілікті тұрғындар балықшылық кәсібімен айналысты, мал өсірді. Қазір халық тұрмайды.

Қарашалаң – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің бойында. Өсімдік атынан қойылған атау.

Қарашалаң – ауыл. Ауылдық округтегі үлкендігі жағынан 2-елді мекен. Арал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 110 км жерде, Сырдария өзенінің атырауына таяу. Бұл – төл сөзімізден жасалған көне тұлғалы ескі атау. Оның құрамындағы шалаң сөзі осындағы жергілікті тұрғындар тілінде «теңіз түбінің ұзын-ұзын құрақ шөбі, балдыры» мағынасында қолданылады. Осы шалаңның қара және сары түсті болып келетіні бар. Міне, осындай түр-түсіне байланысты сол жер Қарашалаң аталып, кейіннен елді мекен атына ауысқаны байқалады.

Екінші бір нұсқасы: Ілгеріде Арал суының толық кезінде Қарашалаң тұрған жер теңіздің Шалаңды шығанағы болған. Шалаңды шығанағы теңізді картаға түсірген Бутаковтың да жасаған картасында болған. Қарашалаң атауы содан қалған деседі.



Қарашеген – жылқы шаруашылығы. Арал қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде. Қара және шеген сөздерінен жасалған. «Қалың шегенделген» мағынасындағы атау.

Қарашолан, Қарашалан – ауыл, Бөген ауылдық округі құрамында. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 150 км, округ орталығы – Бөген ауылынан 20 км жерде Сырдария атырауында орналасқан. Ауылда 1996 жылдан балық шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Қаржаубай – жота. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Қартма - көл. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 86 км жерде, Сырдария алабында.

Қасқақұлан – жер атауы, Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі бұрынғы арал. Теңіздің шығыс жағасындағы Жыңғылтүбек телімінен батысқа қарай 21 км жерде орналасқан. Аумағы – 0,93 мың га. Арал «Үлкен тау» және «Кіші тау» деп аталатын екі қыр төбеден тұрады. Қасқақұланда халық тұрмайды. Жағалауымен ұласып кеткен Қасқақұланда суы жылы, кермек татитын екі ұңғыма ғана қалды.

Қатаңкөл – көл. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 46 км жерде, Сырдария алабында.

Қатынқазған – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Халық аузында мынадай аңыз сақталған: «Ертеде түркімендер қазақ ауылына шабуыл жасап елдегі ересек адамдардың бәрін қырып, құдықтарды көміп кетсе керек. Бұл шапқыншылықтан далада тезек теріп жүрген бір әйел ғана тірі қалыпты. Шабылған жұрт орнына келген әйел бірлі-жарым тірі қалған жаралы адамдар мен балаларды ғана көреді. Су болмаса бұлардың қырылатынын білген әйел жалғыз өзі құдық қазуға кірісіп, бірнеше күнде одан су шығарады. Осылай, «қатын қазған құдық» кейін де талай жыл адамдарға қызмет етіп, маңайына ел үйіріліпті».

Қашқансу – шығанақ. Арал теңізінің шығыс бөлігінде, Сырдария атырауының оң жағында орналасқан. Кезінде шығанақ құрлыққа 20 км сұғына кіріп жатқан. Теңізге шыға берістегі жалпақтығы 7 км, ауданы 160 шаршы км, солтүстік-батыс жағасы жарлауытты (5 м) болған. «Суы тартылған жыра» мәніндегі атау. Арал теңізі суының тартылуына байланысты Қашқансу өңірі шөл далаға айналған.

Қаязды – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария алабында. Балық атынан қойылған атау.

Қиясқұдық - құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. «Қияс есімді кісінің құдығы » мәніндегі атау.

Қобыкөл - көл. Арал теңізінің солтүстігінде. «Құм арасындағы қолатта орналасқан көл» мәніндегі атау.

Қоғалы - қыстау. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Бұл жерде қоғаның көп, қалың өсуіне байланысты қойылса керек.

Қонысбай – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қоңды – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында. Тереңдігі - 3м, шығымы - 100 л/с.

Қоржынды – түбек. Арал теңізінің солтүстігінде.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет