Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Тәуке хан тұсындағы шекаралық қақтығыстардың себебін түсіндіріңіз.
2. Тәуке ханның көрші елдерге жіберген елшілігінің тарихи маңызын
көрсетіңіз.
3. Ресеймен және көрші халықтармен сауда қарым-қатынасына баға беріңіз.
252
4. Тәуке
хан
тұсындағы
геосаяси
фактордың ықпалына
қатысты
тұжырымдамаларды сипаттаңыз.
ІІІ тарау. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ (XV-XVIII Ғ. БАСЫ)
§1. Қалалар мен елді мекендер
Бүгінгі таңда кешенді археологиялық-тарихи зерттеулердің нәтижесінде
Қазақстан аумағы Евразияның байырғы және ортағасырлық тарихында аса
маңызды роль атқарған орталықтардың бірі болған қалалар анықталып отыр.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстан аумағын ортағасырлық
дәуірде мекен еткен халықтың бір бөлігі көшпенділікпен қатар отырықшы,
жартылай отырықшы болғаны, Қазақстанның едәуір бөлігінде ортағасырда
қалалар мен тұрақты елді мекендердің болғаны жөнінде материалдар көптеп
жинала бастады. Әрине, әр қаланың қайталанбас өзіне ғана тән тарихы бар. Бірақ
қазақ даласындағы кез-келген қала өзі орналасқан аймақпен, жалпы Қазақстанмен
тығыз байланыста дамыды. Қалалар - сауда, қолөнер, діни, әкімшілік, мәдени,
рухани орталықтар болды, ал Қаялық, Отырар, Сарайшық, Сайрам, Сауран,
Сығанақ, Тараз, Түркістан және т.б. қалалар - қазақ жеріндегі жеке хандықтардың,
ірі феодалдық иеліктердің астаналары қызметін атқарды. Аталған қалаларда
Еуразия аумағы үшін маңызды шешімдер қабылданып отырды.
XV-XVІІІ ғасырлардағы қалалық мәдениет мәселелерін зерттеуді бастап
берген ғалымдардың қатарына Ш.Ш. Уәлиханов, ал кейіннен В.В. Бартольд,
А.Ю. Якубовский, М.Е. Массон, А.Н. Бернштам, А.Х. Марғұлан, К.М. Байпақов,
Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич, К.А. Пищулина, У.Х. Шәлекенов, С. Жолдасбаев,
Б.Б. Кәрібаев және т.б. зерттеушілердің ғылыми еңбектерінде қалалар мен елді
мекендер тарихы ортағасырлық деректер мен археологиялық деректердің негізінде
жан-жақты зерттелініп, нақты қорытындылар жасалуымен де құнды.
XІV-XVI ғасырлардың жазбаша деректерінде - Муин ад-дин Натанзидің
«Мунтахаб ат-таварих-и Муини», Шараф ад-дин Йаздидің «Зафар-наме», Ибн
Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бухара», Камал ад-дин Бинаидің
«Шайбани-наме», Мырза Мухаммед Хайдар Дулаттың «Та'рих-и Рашиди», Хафиз-
и Таныштың «Ша-раф-наме-йи шахи», Зайн ад-дин Васифидің «Бадай әл-Вакаи»
деген еңбектері және т.б. ортағасырлық қалалар туралы көптеген құнды
мағлұматтар кездеседі.
Түркістан деп аталатын тарихи-географиялық термин орта ғасырлар
деректерінде Мауареннахр (Сырдария және Әмудария өзендерінің аралығы
осылай аталған) мен Шығыс Дешті Қыпшақ (Қаратаудан Сырдарияның төменгі
ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай кесіп жатқан далалық кеңістік) арасында
253
жатқан Орта Сырдария алабына қатысты айтылады, яғни оңтүстік-шығысында –
Сайрам қаласынан оңтүстікке таман (Шымкент маңайында), Шыршық және Бадам
аңғарларының су айырығымен және солтүстік-шығысында – Қаратау жотасымен
шектелетін Сырдарияның сол жағалауын бойлай созылып жатқан тар өңір мен сол
жағалауын бойлай жатқан кең өңірдің жері Түркістан деп аталған. XVI ғасырдағы
автор Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфахани оңтүстіктен, Самарқанд пен Бұхарадан
осы аймаққа баратын жолдағы Түркістанның алғашқы бeкінісі немесе
«Түркістанның шекаралық мекені» деп Аркөк қаласын атайды, ал Сығанақты ол
солтүстіктегі «Түркістанның шекаралық мекені», Дешті Қыпшақ шeгi сол жерден
басталады деп санайды .
Аймақты бipiктipiп жатқан негіз Сырдария (сол кездің деректері бойынша –
«Сейхун») өзені болған. Ибн Рузбихан XVI ғасырда пайда болған ертедегі Сыр
атауын да көрсеткен: «Өзбектер мен монғолдар оны «Сыр өзені» деп атайды».
Қаратау беткейлерінен ағып шығатын көптеген шағын өзендермен қатар
Сырдария аймақты сумен жабдықтаудың негізгі көзі болған. XVI ғасырдың
басында аймақта қала және егіншілік өмірдің жоғары даму деңгейін аймақта
болған Ибн Рузбихан Исфахани көзімен көрген адам ретінде былай деп
куәландырған: «Түркістан елі белгілі өлкелер мен жерлердің бipi болып
табылады... Түркістан Сейхун жағалауын бойлай орналасқан отыз бекіністен
тұрады. Оның салалары мен тармақтарынан үлкен арықтар тарап жатыр, олармен
өңделген жерлер суарылады. Сейхун өзенінен шығарылған арналардың
жағаларында аса биік қамалдар сияқты биік бекіністердің асқақтап тұратыны
сонша, өзендер жарып ағатын жұмақтың қуаныш-шаттығын паш eтiп тұрғандай».
Ибн Рузбихан Исфахани Түркістан жазирасының құнарлығына, су мен көкөністің
молдығына, «ауасы жұмсақ әpi жан сергітетін» тамаша климатына басқа да
көптеген сүйсінген сөздер арнаған.
Ибн Рузбихан осы аймақ пен «қазақтар елінде» болған кезінде, атап
айтқанда, XV-XVI ғасырлар шебінде, Қазақ хандығының нығаюы дәуірінде ол
айтқан «Түркістанның отыз бекінісінің» ең ipілері Сырдарияның оң жақ жағалауы
мен оның салалары бойындағы Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран,
Сығанақ, Икан, оның сол жақ жағалауындағы Аркук, Үзкент, Аққорған, Қожан,
Қаратаудың теріскей беткейіндегі Созақ, Құмкент қалалары болған. Сол кездің
деректемелерінде қалалар мен қалашықтардың, бекіністер мен қыстақтардың
жиырмадан астам атауы ауызға алынады (археологтар тапқан қала жұрттарының
саны бұдан артық). Мәселен, Ясы қаласының төңірегіндегі үлкен егіншілік
жазирасында орта ғасырлардағы авторлар Иқан, Қарнак, Йунка, Қарашоқ, Сура
қалалары мен қыстақтарын айтады. Отырар өңірінде XV ғасырға дейін белгілі
Шілік қыстағы болған. Сайрамға жақын жерде көптеген қыстақтар арасынан
Шымкент қалашығы (XVI ғасырдың аяғында Қарийа Шымкент «Зафар-намеде»
аталған), төменіректе Арыста – Халадж-Қараспан (ол да XIV ғасырда белгілі,
кейініректе, XVI ғасырда Қараспан деп аталған), Жақанкент (Йақанкент)
254
көтерілді. Жазбаша деректер Қаратау беткейлерінде Қарақұрым қонысы мен
Жылан-Қарауыл бeкініci болғанын біледі. Орта ғасырлардағы авторлардың ізімен
қaзipгi зерттеушілер өткен ғасырларда Қазақстанның оңтүстік аймағында өмip
сүрген бұл елді мекендерді бірде қалалар, бірде қыстақтар қатарына қосады.
Солай бола тұрса да, белгілі бip қонысты сол кездің авторлары бірде парсы тілді
және түрік тілді деректерді қала немесе бекініс («шахр», «қала»; бұл соңғы сөз
жергілікті түpiк говорына неғұрлым сәйкес келеді) дегенді білдіретін
терминдермен, бірде шағын қалашыққа немесе қыстаққа неғұрлым лайықты
терминдермен (қасаба, балада, қарийа, дих) атаған. XIV-XVII ғасырлардағы
Түркістанның елді мекендерінің мәртебесін анықтаудағы бұл бұлыңғырлықты
олардың тіпті ең елеулілерінің көлемі шағын болумен де, қала мен қыстақ
арасындағы шаруашылық міндетінің межеленбеуімен де түсіндіруге болады.
«Түркістан бекінісерінің» жоғарыда аталғандарынан алғашқы бес-алтауын ғана
нағыз қалалар, аймақтың мәдени және экономикалық орталықтары деп атауға бо-
лады. Егер орта ғасырлардағы экономиканың шектеулілігін, оның өзіндік
сипатын, пайдалануға енгізілген табиғи ресурстардың, атап айтқанда егістіктің,
сумен жабдықтау көздерінің жeткiлiкciздiгiн, оның үстіне халық санының біршама
аз екендігін ескерер болсақ, мұндай шағын аймақ үшін бұл да аз емес.
Археологтардың анықтауы мен жазба деректердің мәліметтері бойынша
Түркістан деп аталатын аймақта XIII-XVIIІ ғғ. 30-ға жуық қалалар болған. Олар -
Сығанақ, Сауран, Яссы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Аркук, Үзгенд, Оксук-
Зернук, Құйрық төбе, Қойған ата, Мейрам, Ишқан-Қарнақ, Құмкент, Баба-Ата,
Тамды-Паркент, Шартөбе, Қарасман, Шауғар, Саудакент, Иқан Бұзық-Аркук,
Шаға, Бұзық-Шілік қала-қамалдары.
Солардың ішінде Сығанақ қаласы Ибн Рузбехан Исфаханидің «Михман
наме-Бухаре» еңбегіне сүйенсек Дешті Қыпшақ пен Түркістан аймағының
түйіскен жерінде орналасқан. Моңғол шапқыншылығы кезінде бүлінген қала,
өзінің географиялық орналасу жағдайына байланысты тез қалпына келтіріледі
және XІV ғ. Ақ Орданың астанасы болады. Ақ Орда билеушілері Ерзен мен Орыс
хандарының тұсында қалада көптеген жаңа ғимараттар салынып, көркейеді. Олар
қалада мешіт-медреселер, тұрғын үй-жайлар салғызған. Абд ар-Раззақ
Самарқандидің мәліметтеріне қарағанда, Барақ хан XV ғасырдың 20-жылдарында
Teмip ұрпағы Ұлықбекке өзiнін Сығанаққа құқығы барын білдірген, өз дәмесін ол
өзінің атасы Ұpұc хан қалада құрылыс салдырды деп дәлелдеген. Абд ат-
Тамдахидің мәлімдеуінше, нақ әлгі Барақ хан Сығанаққа «жақсы қаруланған және
қамал бұзғыш қару - тас атқыштармен жарақтандырылған қисапсыз көп әскер»
апарған. Деректерде XV-XVI ғасырлардағы Түркістан қалаларының дамыған
әскери құрылыстар жүйесі туралы хабарланады. Ұзақ уақыт қоршауға төтеп бере
алатын бекініс құрылыстары соғыстар кезінде қиратылып, шеберлердің еңбегімен
қайтадан қалпына келтіріліп отырған. XV-XVІ ғғ. да ол саяси және экономикалық
маңызын жоғалтпайды. 1446 жылдан бастап қала «Көшпелі өзбектер»
255
мемлекетінің құрамына кіріп, астанасы болған. Әбілхайыр хандығы ыдырағанға
дейін өзінің мәртебесін жоғалтпаған. Ибн Рузбиханның жазуы бойынша
Әбілхайыр хан 1468 жылы осы Сығанақтың жанында жерленген. Оның сипаттауы
бойынша, хан күмбезі өте биік және күшті безендіріліп жасалған. Бұл кесенені
зерттеушілер көк-кесене мовзолейі - Әбілхайырдың қабыры деп айтады.
Үзтемір тайшының 1457 Әбілқайыр хандығына жасаған жорығы*
Қазақ хандығы мен Орта Азиядағы Шайбанилер әулетінің Сыр бойындағы
қалалар үшін болған ұзақ уақытқа созылған күрестерінен кейін Сығанақ өзінің
бұрынғы күш-қуатынан айырыла бастайды. Сығанақ 1598 ж. түпкілікті Қазақ
хандығының құрамына өтеді. XV ғ. Сығанақ қаласының төңірегінде егіншілік пен
бау-бақша өсіру жақсы дамыған. Сонымен қатар қала ірі сауда орталығы ретінде
халықаралық және жергілікті маңызы зор болды. Ибн Рузбеханның жазбалары
бойынша Сығанақ Еділ бойынан Түркістан аймағына дейінгі аралықтағы жалғыз
сауда пункті.
Сығанақ қаласы Қазақ хандығы үшін үлкен әскери-стратегиялық мәнге ие
болды. Дешті қыпшақ тайпалары үшін Сығанақтан айырылу жартылай
тәуелсіздіктерінен айырылумен бірдей болды. Біріншіден, Сыр бойындағы жақсы
қыстаулардан айырылар еді. Екіншіден, оларға жау тарапынан үнемі
шапқыншылық қаупі төніп отырады. Үшіншіден, бүкіл аймақтағы сауда айырбас
256
Мауеренахр билеушілерінің қолына көшкен болар еді. Қорыта келе Сығанақ
қаласы өзінің пайда болуынан бастап ірі саяси оқиғаларды бастан өткізеді. Ол
өзінің тарихында қаңлылардың, Қыпшақ хандығының (XI-XII ғғ.) Ақ Орданың
(XV ғ.) Қазақ Ордасының (XVI ғ.) астанасы болған. XV-XVI ғғ. Қазақ хандығы
үшін экономикалық, саяси-әкімшілік орталық, әскери-тірек пункті ретінде ерекше
маңызды болып саналады.
Сауран (Сабрам) ортағасырларда Қазақ хандығы үшін маңызы зор
қалалардың бірі болды. Ол Сығанақтан оңтүстік-шығысқа қарай, ал қазіргі
Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 км. қашықтықтағы темір жолдың сол
жағында орналасқан. Оның көлемі оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай
800 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығыска қарай 550 м жерді алып жатыр. Оның
сақталған қабырғаларының биіктігі – 6 м. Сауран қаласы ХІХ ғ. ІІ-жартысынан
бастап зерттеушілер назарынан түспейді.
Сауран қорғаныс құрылыстарының тұтас жүйeciмeн белгілі болды, олардың
iшiнен Хафиз Таныш мұнаралары бар биік бекініс дуалдарын, бекiніc жалын,
«өзен сияқты» терең орын атайды. Басқа бip деректерде бұл қала онда XVI
ғасырда «аса көрнекті сәулет құрылысы» – медресе салынуына, сондай-ақ ерекше
суландыру құрылыстары – кәpiздep салынып, пайдалануына, олардың бipeyiндe
бауы мен жүзiмдiктepi бар қала сыртындағы қоныс-шаһарбақ орналастырылуына
байланысты аталып өткен. Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында
орналасқандықтан, халықаралық сауда қатынасында өзіндік рөл атқарған.
Зерттеуші К.М. Байпақов қаланың Дешті Қыпшақпен байланысын былай
көрсетеді: «... Сауран мен Сығанақтан шыққан жолдар Орталық Қазақстанның
далаларын шарлап, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл өзендері жағалауларына
жетіп жатты».
«Күшті бекінген қамал» - Сауран бeкінісін қоршау үшiн Шайбанилық
Абдаллах хан да Бұхарадан жеткізілген тас ататын қаруды қолданған. Бeкiнicтi
қоршап тұрған өзбектер солардың көмегімен «ауыр тастар атып, бeкiнic
тұрғындарының үйлерін, құрылыстарды және құдық шегендерін қиратқан»,
бeкiнic дуалдарының астын қазып, оларға толтырылған суды ағызып жіберген.
Солай бола тұрса да, саурандықтар бекіністерді әлі ұзақ уақыт қорғап тұра алған.
Хафиз Таныштың хабарлауынша, қоршау кезінде дуал бұзатын және тас ататын
қарулармен қатар оқ ататын қару да қолданылған, ал бекініс құрылыстарын өртеу
үшін мұнай пайдаланған. Мылтық атушылар (туфакандазы, атешбазы) бекіністі
қоршап алған Абдаллах ханның өзбек әскерлері арасында да, бекіністегі қоршауда
қалғандар арасында да болған.
XIII ғ. орта шенінде Сауран Ақ Орданың алғашқы астаналарының бірі
болған. XІV ғ. аяғында бұл қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. XVI
ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның
ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала
мен оның айналасын сумен қамтамассыз еткен кәріздерді – жердің астынан
257
салынған каналды ерекше атаған. XVIІ ғ. соңы-XVIІІ ғ. басында әлсіреп, ХIХ ғ.
басында біржолата күйреген.
Қаратаудың теріскей бeткeйіндегі Созақ Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігі
билeyшiлepiнiң, әyeлi Ақ Орда, сонан соң Қазақ хандығы хандарының дала
аудандарындағы билік үшін, сондай-ақ Түркістандағы қалалар үшін де күресінде
үнeмi басты тiperi болып келді. Созақ жақсы бeкiнic қана емес, сонымен қатар
далаға жақын жатқан сауда, қолөнер орталығы да болатын. Созақ маңайындағы
қазақтардың басқа да отырықшы қоныстары: Күлтөбе (жоғарыда айтылған
Қарақұрым сол деп саналады) қала жұрты, Раң, Тастөбе, Тасқорған, Көктөбе
деректерде атап өтiлiп, оларды археологтар зерттеген. Олардың біреулері -
бекіністер, басқалары eгiншiлiк қоныстар болға
Деректерде Отырар – Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб деген атаулармен
VІІ-VІІІ ғғ. аты аталған бұл қала Шыңғыс ханның шапқыншылығынан кейін
қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшыраған. 1219 ж. апаттан кейін қала
қайта жанданып, дүниежүзілік саудада бұрынғысынша делдалдық рөл атқарды.
Онда Ақ Орда хандары медресе, мешіт, ханакалар мен кесенелер салған. Жошы
ұлысы құлағаннан кейін Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді.
Кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани әулеті арасындағы көп жылға созылған
күрестің нәтижесінде XVІ ғ. ІІ-жартысында қазақтардың билігіне толық көшіп,
XVІІІ ғ. басына дейін өмір сүрді.
1969 ж. Қазақстан Ғылым Академиясы К.А. Ақышев басқарған Отырар
археологиялық экспедициясы ұйымдастырылды. Онда қаланың тарихы, мәдени
қабаттары мен архитектурасы археологиялық және жазба деректердің негізінде
қайта қалпына келтірілді. Бұл қала туралы зерттеу еңбектері өте көп.
Отырар Оңтүстік Қазақстан жepiнiң ipi сауда-қолөнер орталығы болып
қалыптасты. Ол ұзақ уақыт бойы өздepiнiң даладағы дұшпандарынан Отырар
бeкінісінің бepiк дуалдарына кipiп жасырынған, Teмip ұрпақтарының, содан соң
Шайбани ұрпақтарының Түркістан уәлаятында әкiмдepi отырған жер болды.
Замандастары Отырардың басымдық жағдайын жақсы түciндi. Отырарды иелену
бүкіл аймаққа билiк жүргізуді қамтамасыз eттi: «Отырар тағы да Мұхаммед
Шайбани ханның қолына түсті», – деп хабарлайды «Тава-рих-и гузидаи нусрат
наме» авторы. Енді ол бүкіл уәлаятты басып алады». Камал ад-дин Бинаи қазақ
ханы Бұрындықтың XV ғасырдың аяғында Мұхаммед Шайбани ханның қолында
болған Отырар бекінісін ұзақ уақыт қоршап, табысқа жете алмағанын жазады.
Ибн Рузбихан отыз мың әcкepi бар Бұрындық ханды «осы бepiк қамалды жаулап
алуға жан салды» деп атап өткен. XV ғасырдың соңында аймақтың әкімшілік
орталығы болған қаланың әскери-саяси маңызын сол дәуірдің тарихшылары
түсіне білген.
XV-XVІ ғғ. Қазақ хандығы үшін саяси, экономикалық, мәдени маңызға ие
болған қала – Яссы (Түркістан) болды. XVІ ғ. соңында қала түпкілікті Түркістан
деп аталады. Ол Қаратаудың оңтүстік бөктерінен 30 км жерде, Сырдария өзенінен
258
шығысқа қарай 35 км қашықтықтағы тегіс жерде орналасқан қала. Түркістан XV-
XVІ ғғ. Мауреннахр билеушілерінің әкімшілік орталығы болды. XVІІ ғ. бастап
қала Қазақ хандығының астанасына айналады да, онда бүкіл саяси және мәдени,
экономикалық өмір шоғырландырылады. Ұлы Жібек жолының бойында
орналасқан бұл қала аймақтағы ірі сауда орталығы болды. Сонымен қатар Яссы
ауқымды егіншілік өңірдің орталығы болды.
Әмір Темірдің XIV—XV ғасырлар шебінде таңғажайып ғимарат —
Түркістанда Қожа Ахмет Йассауи кесенесін салдырғаны туралы материалдар көп.
Кесене XVI ғасырда да адамдарды қайран қалдырған. Ибн Рузбиханның
айтуынша, бұл «төбeci көк тіреген күмбез тәрізді құрылыс» -«дүние жүзінде
салынған керемет ғимараттардың және адамзат баласының ғажайып
туындыларының бipi». «Қасиетті жер», «Екінші Мекке» деп саналған Түркістанда
Дешті Қыпшақ хандары мен олардың отбасыларының мүшелері жерленеді.
XIV-XV ғғ. Темірдің бұйрығымен салынған бұл кесенені ЮНЕСКО әлем
ескерткіштерінің тізіміне 2004 жылы енгізілді.
Сайрам қаласы өзенінің оң жағалауында, әкімшілік басқару жүйесі бойынша
қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Сайрам селосының
орнында орналасқан.
Қаланы зерттеу ісі ХІХ ғ. соңынан қолға алынған. 1893-1894 жж.
В.В. Бартольд, 1923-1936 жж. П.П. Иванов, 1947-1951 жж. Оңтүстік Қазақстан
экспедициясының жетекшісі А.Н. Бернштам зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Тарихшылардың көпшілігі Сайрам қаласын ежелгі Испиджаб қаласымен
сәйкестендіреді.
ХІІІ ғ. дейін Сайрам (Испиджап) туралы мәліметтер өте көп кездеседі.
Саяси, экономикалық, сауда-қолөнер орталығы болумен қатар, қала Х ғасырда
мұсылман дінін сол аймаққа және Дешті Қыпшаққа тарату орталығы да болған. Ол
Сыр бойы арқылы өтетін сауда жолының Моғолстанға кірер жеріндегі ірі сауда
орталығы ретінде де маңызға ие болады.
Археологиялық материалдар Сайрам өңірінде XV-XVI ғасырларда
егіншіліктің дамығандығын дәлелдесе, жазба дерек мәліметтері бұл өңірдің
аймақты астықпен және басқа да дәнді дақылдармен қамтамассыз еткендігі
жөнінде қосымша деректер келтіреді.
Сайрам өңірінің тамаша ауа-райы мен табиғатын ибн Рузбехан былайша
суреттейді: «Қала тегіс, ашық жерде орналасқан, өте сұлу және жаңа көрінеді.
Ауасы өте таза, жүрекке тек қуаныш пен күш-қуат береді. Қала төңірегінде
әртүрлі жеміс ағаштары өседі».
Сайрам тұрғындарының басым көпшілігі қолөнершілер болды. Онда түрлі
шеберханалар, тоқыма және зергерлік заттар жасайтын ұстаханалар жұмыс істеді.
Түркістан аймағының солтүстік-шығысында, қазіргі Оңтүстік Қазақстан
облысы, Созақ ауданыныңорталығы Шолаққорған селосынан солтүстік-батысқа
қарай 100 км. жерде Созақ қаласы орналасқан. Ортағасырлық Созақ қаласының
259
тарихын А.Х. Марғұлан, Л.Б. Ерзакович, Агеева Е.И., Г.И. Пацевич және т.б.
зерттеушілер зерттеген. Созақ қаласы мықты бекініс, әскери-стратегиялық маңызы
ерекше болып есептелді.
XV-XVI ғасырларда Аркук қаласының тарихын жазба деректердің негізінде
қалпына келтіруге болады. Ол Сырдың сол жағалауында, өзеннен 6-7 км жерде,
аймақтың оңтүстігінде орналасқан.
Ибн Рузбеханның «Михман наме-ий Бухара» еңбегінде «Аркук қамалының
сипаттамасы» деген тарауда қала тарихын, географиялық орналасуын сипаттап
берген.
Қала көлемі жағынан кішігірім болғанымен, егіншіліктің орталығы болды.
Дерек мәліметтері бойынша Аркук ұзақ уақыт қоршауға шыдарлық мүмкіндігі бар
қамал болған. Бұдан басқа Өзкент, Аққорған қала-қамалдарының Қазақ
хандығының тарихында маңызды рөл атқарған.
Қорыта келгенде XV-XVIІІ ғасырларда Қазақстан территориясында өмір
сүрген қалалар Қазақ хандығының тарихында маңызды орынға ие болды. Осы
қалаларды иеленіп, саяси және экономикалық тұрақтылықты сақтап отыру
мақсатында Қазақ хандары Шайбани, Аштархани әулетімен бірнеше ғасырлар
бойы соғысты. Әр қаланың тарихта өзіндік орны мен ерекшелігі, атқарған қызметі
болды.
Достарыңызбен бөлісу: |