Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1
Алтын Орданың әкімшілік-саяси құрылыммына қатысты кеңестік
және қазіргі кезеңдегі ресейлік зерттеушілердің еңбектерін салыстыра отырып
талдаңыз?
2
Алтын Орданың әкімшілік құрылымын сипаттаңыз және «беклербек»
қызметіне баға беріңіз?
3
Алтын Орданың ұлыстық басқару жүйесінің ерекшелігі неде және
ұлыстардың әкімшілік басқару жүйесіндегі орны қандай?
ІІІ тарау. ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫ ШАҒАТАЙ ҰЛЫСЫ ҚҰРАМЫНДА
§ 1 Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі бағыт
Зерттеушілер жаулап алудан кейін монғол хандары мен билеуші тобының
жаулап алған елдерге қатысты жүргізген саясатында анық, бір-біріне қарама-
қарсы екі ағымның болғандығын көрсетеді.
И.П. Петрушевский бұл екі ағымға мынадай сипаттама береді: «Бірінші
бағытты монғолдың көшпелі-әскери тобының көп бөлігі және аздаған түрік
тайпаларының көшпелі-әскери тобы қолдады. Монғолдық дәстүр мен көшпелі
өмірді жақтайтын бұл топ отырықшы өмірдің, егіншілік пен қалалардың жауы
болды, отырықшы шаруалар мен қалалардың төменгі тобын шексіз қанауды
жақтады. ... Бұл бағытты жақтайтындар отырықшы шаруаларды қорғамақ түгілі,
оларды сақтап қалуға мүдделі болмады».
Бірінші бағытты қолдайтын топтың жүргізген саясатының нәтижесін Иран,
Қытай елдері мен Мауереннахр, Жетісу аймақтарындағы ХІІІ ғ. екінші
жартысында қалыптасқан жағдайдан байқауға болады. В.В. Бартольд «Жетісудың
Шығыс Түркістанмен бірге монғолдарға еріктерімен берілгенін көрдік, сол себепті
де Қытайға, Мауереннахрға және Батыс Азияға қарағанда бұл аймақ монғол
жаулап алушылығының зардабына ұшырамады. Монғолдарда кейін көп ұзамай
Жетісуға келген саяхатшылар бұл өңірді мәдениеті гүлденген ел деп жазады», -
дей келе, ХІІІ ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы Жетісудағы жағдайды
былайша жазады: «Іле өзенінен өткен Рубрук, қираған бекіністің саз
қабырғаларын көрді, қирандылардың маңында егістіктер болды. ... Келесі күні
Рубрук онша үлкен емес таулы асудан өтіп, өзені көп, өзендері таудан бастау
алып, Балқаш көліне құятын үлкен бір жазықтыққа келді. Мұнда көп саудагерлер
тұратын Қайлақ қаласы болды. Жазықтықта бұрын көп қалалар болатын, бірақ
56
қалалардың көп бөлігін татарлар жайылымдар үшін қиратып тастапты», - деп
жалғастырады. Одан ары атақты шығыстанушы ғалым ХІІІ ғасырда Жетісуда
отырықшылық мәдениеттің құлдырап кетуінің басты себебіне Жетісудың керемет
жайылымдарының көшпелілерді үнемі қызықтырып отыруынан деп түсіндіреді.
И.П. Петрушевский монғол билеуші тобы арасындағы бірінші бағыттың
салдарына Иран, Қытаймен қоса, Жетісуды да жатқызады.
Профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Т.Омарбековтың деректер негізінде салған портреті
Монғол билеуші тобы арасында қалыптасқан екінші бағытты сарайдағы
қызметтері арқылы хан әулетіне жақын болған көшпелі әскери топтың аздаған
бөлігі мен орталық мемлекеттік биліктің жергілікті өкілдері, сондай-ақ мұсылман
дін басылары, саудагерлер тобы қолдайды. Екінші топтың мақсатына хандық
билігі бар күшті орталықтандырылған мемлекеттік жүйені құру, сол арқылы
көшпелі-әскери топ арасындағы орталықсыздану, шеттеу ниетті жою жатты. Ол
үшін де хандық билік бағындырылған елдердегі феодалдық топтың жоғарғы
бөлігімен жақындасуы, қалалық өмірге, саудагерлерге, сауда-саттыққа қолдау
көрсетуі, монғол жаулаушылығы кезінде қираған өндіргіш күштердің, әсіресе
ауыл шаруашылығын қалпына келтіруі, тұрақты салық пен міндеткерлікті
сақтауы, әртүрлі талан-тараждардан сақтауы қажет болды. Бірінші бағыт
монғолдар үстемдігінің алғашқы кезеңінде жетекші орынға ие болып, оны
Шыңғыс ханның өзі, Гүйік қаған, ұлыс билеушісі Шағатай хан қолдаса, екінші
бағытты қағандар арасында Үгедей қаған (1227-1242), Мөңке қаған (1251-1259)
жақтап отырған. Ұлыс билеушілері арасында Дешті Қыпшақтың билеушісі Жошы
57
хан екінші бағытты қолдағанын Джузджанидың дерегінен көруге болады. Ол
бойынша Жошы әкесінің бағындырылған елдердегі жаппай қырулар мен
тонауларды жүргізуін сынға алған, мұсылмандарға көмектесуді ойластырған. Екі
бағыт арасында жабық түрде болса да үнемі күрес жүріп отырады.
И.П. Петрушевскийдің көрсетуі бойынша екінші бағыт Хулағу мемлекетінде
Газан хан тұсында, ал Шағатай мемлекетінде Кебек хан тұсында (1318-1326)
жеңіске жетеді.
Шағатай, Жошы ұлыстары*
Моңғол билеушілері арасындағы екі бағыт жөнінде пікір айтушылар,
негізінен Иран, Мауереннахр, Хорезм аймақтарындағы тарихи жағдайларға
сүйенсе де, екі бағыттың Жошы ұлысының, оның ішінде сол қанатқа жататын
Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы тарихи жағдайға қатысты екендігін де
мойындауымыз керек. Бірақ та Шығыс Дешті Қыпшақтағы географиялық,
шаруашылық, қоғамдық қатынастардың аталған аймақтардағы қатынастармен
өзіндік ерекшеліктердің болуына байланысты екі бағыттың арасалмағында да
өзгешеліктер байқалады. ХІІІ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін монғолдың Ұлы
қағандарының жергілікті халықтарға қатысты жүргізген саясаты бүкіл империяға
ортақ болып, екі ағым арасындағы айырмашылықтар бірден байқалса, Жошы
ұлысындағы хандардың саясатынан біз, алғашқы кезден-ақ екінші бағыттың
басымдылықта болғанын аңғарамыз. Оның басты себебіне Жошы ұлысындағы
жергілікті тайпалардың шаруашылық өмірінде көшпелі мал шаруашылығының
жетекші орында тұруы жатса керек.
58
Парсы тарихшысы Джузджани осы жөнінде Жошының көзқарасын
мынадай дерекпен көрсетеді: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Туши (Жошыны айтып
отыр – Б.К.) Қыпшақ жерінің ауасы мен суын көріп, жер бетінде бұл жердің
жерінен артық, ауасынан таза, суынан дәмді, жайылымдарынан кең жер жоқ деп
білді. Оның басына әкесіне қарсы тұру туралы ойлар келіп, жанындағыларға
былай дейді: «Шыңғыс хан ақылынан ауысып, соншама халықты қырып, соншама
елдерді жойып жатыр. Менің ойымша, ең тиімдісі әкемді аң аулауда көзін жойып,
Мұхаммед сұлтанмен жақындасу, бұл елді гүлдендіру және мұсылмандарға
жәрдемдесу болып табылады». Джузджанидың бұл дерегі Жошының қандай
бағытты ұстанғандығын бірден-ақ байқатып тұр.
Жошы ханның мұрагері болған Батый туралы парсы тарихшылары
Джузджани де, Джувейни де екі түрлі дерек айтса да, біз одан Батыйдың
бағындырылған халықтарға қатысты екінші бағыттың ұстанғандығын байқаймыз.
«Ол (Бату) өте әділетті адам және мұсылмандардың досы болды; оның
қамқорлығы арқасында мұсылмандар өмірін еркіндікте өткізді. Оның ордасы мен
жұртында мешіт салынып, имамы, муэззины, намазға жығылатын қауымы болды.
Оның патшалығы тұсында және оның тірі кезінде мұсылман елдеріне оның
жағынан, оның қоластындағылар, тарапынан, оның әскері тарапынан ешқандай
жаманшылық болған жоқ. Түркістан мұсылмандары оның қорғаштауы арқасында
тыныштық пен қауіпсіздікте өмір сүрді. Монғолдарға бағындырылған Иран
жерінің белгілі бір бөлігі оған қарады, ол жерлерге (Батый) өзінің
басқарушыларын тағайындады. Барлық монғол басшылары мен қолбасшылары
оған бағынды, оған әкесі Жошы секілді қарады», - деп сипаттама береді «Табакат-
и Насири» кітабының авторы. Ал келесі бір парсы тарихшысы Джувейнидың
Батый жөніндегі пікірі өзгешелеу. Соған қарамастан оның пікірінен де Батый
ханның жергілікті бағындырылған халықтарға байланысты әкесі Жошының
жолынан ауытқымағандығын көреміз.
59
Шағатай ұлысы*
Ол былай деп жазады: «Ол ешбір дінге, ешбір сектаға кірмеген билеуші еді,
ол оларды тек құдайшылықтан танудың жолы деп түсінді, сөйтіп, ешбір секта мен
діни ағымның жолын құшады. ... Өзіне берілген сыйлықтарды қазынаға
түсірместен бұрын тұтасымен монғолдарға, мұсылмандарға және басқаларға
таратып берді. Әр жақтан келетін саудагерлер оған әртүрлі заттар әкелетін, ол не
алса да, әрбір затқа бағасынан артық құн төлейтін». Бұл дерек Батыйдың діни
ұстанымы жөнінде Джузджанидың мәліметінен өзгеше болғанымен, қол
астындағы халқы мен саудагерлерге қатысты көзқарасының ұқсас болғандығын
көрсетеді.
Батыйдың жүргізген саясаты туралы деректі парсы авторларымен қатар
армян деректері де қостайды. ХІІІ ғ. армян тарихшысы Киракос Гандазакеций
Батый ханнан сауда жасауға жеңілдік алған Рабан Ата туралы айта келе, «оның
адамдары, саудагерлері хан атынан тамғаны, яғни хат пен белгіні алып, барлық
жерде емін-еркін жүрді, олар өздерін Рабанның адамдары екенін мәлімдегеннен
кейін, оларға ешкім де тиіспеді. Тіпті татар қолбасшылары оларға өз олжаларынан
сыйлықтар беріп тұрды». Одан әрі армян тарихшысы Батый ханға патшалар мен
ханзадалардың, княздар мен саудагерлердің келіп, өз өтініштерін білдіргенде,
ханның оларды әділдікпен шешім шығарып, оларға өз иеліктерін қайтарып
бергендігі жөнінде баяндайды.
Одан кейін Алтын Орда тағында 10 жылдай отырған Берке ханның
мұсылманшылдығы ислам дініне көзқарасы туралы жазба деректердің бәрі бір
ауыздан мақұлдап, оң баға береді. Жошы, Батый, Берке хандар ұстанған бағытты
одан ары Алтын Орданың кезекті ханы Мөңке Темір де жалғастырады. 1269
жылғы Талас және Кенджек өзендерінің бойында өткен құрылтайдың шақырылуы
60
мен ондағы қабылданған шешімдерге Жошы ұлысы жағынан Мөңке Темір хан
мен Жошының ұлдарының бірі Беркечардың тікелей қатысы бар. Құрылтайда
қабылданған шешімдердің саяси аспектісін қарастырмай-ақ экономикалық жағына
назар салсақ, онда Алтын Ордалықтардың ұстанған көзқарасын анық байқаймыз.
Құрылтайда қабылданған шешім туралы Рашид ад-Дин былай деп жазады:
«Өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша олар алтынмен анттасып, болашақта таулы
жерлер мен далалы жерлерде қоныстануға, қалалар маңында жүрмеуге,
егістіктерге мал жаймауға және де раийаттарға (егіншілерге) әділетсіз талаптар
қоймауға уәделесті». Жалпы алғанда, жоғарыда келтірген дерек мәліметтері
Жошы ұлысындағы жоғарғы билеушілердің жергілікті бағындырылған халықтарға
қатысты жүргізген саясатында екінші ағымның үстемдікте болғандығын
көрсетеді. Ал ол дегеніміз өз кезегінде сырттан келген аз санды монғолдық
этнокомпоненттердің қыпшақ тайпалары арасына тез сіңісіп кетуіне өте қолайлы
жағдайлар жасауға мүмкіндіктер берді деген тұжырымға әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |