Тәжірибелік – индуктивтік әдістеме жасау
Ғылым жолын неше-түрлі елестерден тазалағаннан кейін Ф.Бэконның алдында зерттеу жолдарын жасау мәселесі пайда болды. Ол үшін ең алдымен сол кездегі философиядағы абстрактлы – схоластикалық әдістемелерді сынау кажет болды. Олар – нәтижесіз. Белгілі бір жалпы ұғымдарға негізделген ой-пікір солардың шеңберінен шыға алмайды. Ол үшін “Ұлы мәртебелі” Табиғаттыңөзіне, сондағы құбылыстарға назар аудару керек. “Табиғаттың нәзік сырлары көп тұжырымдардан анағұрлым терең”,- дейді Ф. Бэкон.
Әрине, ойшыл жалпы ұғымдар керек емес деп оларды толығынан теріске шығарды деген пікірден біз алшақпыз. Әңгіме – сол жалпы ұғымдар қалай шығарылды – сонда. Егер олар кездейсоқтық деректерді жалпылаудың негізінде пайда болса, онда олардан шығарылған тұжырымдар бізді жалған жолға түсіреді, адастырады.
Жалпы ұғымдар тәжірибеден шығуы керек. Бірақ, біз оны әрқашан сынап, ой елегінен өткізіп отыруымыз қажет. Ғалым адам жолында жатқанның бәрін жинай беретін құмырсқаға (сол кездегі алхимиктер), сонымен қатар, бәрін өз ішінен шығарып өзінің торын тоқитын өрмекшіге (сол кездегі схоластар) ұқсамауы керек. Ол әрбір гүлге қонып оның нәрін жинап, оларды қайта өңдеп балға айналдыратын араға ұқсас болуы қажет деп қорытады Ф.Бэкон.
Жекеден жалпылыққа өрлеуді – индуктивті әдістемені – алғаш рет Ф.Бэкон дүниеге келтірді десек, онда ол шындыққа лайықты болмас еді. Өз заманында ұлы Аристотель жалқыдан жалпыға көшу әдістемесін жасаған болатын. Орта ғасырда да бұл әдістемені мүлде ұмыт болған жоқ-ты.
Ф.Бэконның бұл әдістемеге еңгізген негізгі жаңалығы – тек қана белгілі бір ұғымды дәлелдейтін деректерді ғана емес, сонымен қатар оған қайшы келетіндерді де зерттеу, олардың себебін табу болды.
Жалқыдан жалпыға жету жолында үш таблица жасау керек. Олар – деректердің болу таблицасы, екінші – деректердің болмаған таблицасы, үшінші – деректердің азды-көпті болуының деңгейін көрсететін таблица. Зерттеу жолында бұл таблицалар толтырылғаннан кейін соларды салыстыру арқылы белгілі бір ұғымдарды тудыруға мүмкіндік пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |