Атмосфера ауасын ластайтын көздер. Атмосфера - бүкіл әлемнің тіршілік тынысы. Ол Жер шары халықтарының ортақ байлығы болғандықтан, оның сапасы, тазалығы адамзат үшін ешнәрсеге теңгерілмейтін биосфераның құрамдас бөлігі. Оның массасы 5,157×1015 тоннаға тең. Атмосфера бірнеше қабаттан - тропосфера, озон, стратосфера, мезосфера, термосфера және экзосферадан тұрады. Тропосфера мен озон қабатының тіршілік үшін маңызы ерекше. Атмосфера ауасының шекарасы болмайды. Шекарасы болмайтын атмосфера ауасының ластануы оп-оңай, әрі ластану барлық жер бетіне тез арада-ақ таралады.
Ауаның ластануы - табиғаттан және адамның іс-әрекетінен болады. Табиғи ластану жанартаулар атқылауынан, тастардың үгілуінен, дауылдан, орман, дала өрттерінің әсерінен болады. Ірі жанартаулар атқылағанда шыққан түтін мен күл Жер шарын қоршап, атмосфераның едәуір кеңістігіне жайылып кеткендігі болып тұрған.
Атмосфераның табиғи әсерлермен ластануының бір белгісі сол, онда бактериялар, саңырауқұлақтардың споралары, өсімдіктерді тозаңдары, тағы басқа адам ағзасына зиянды заттар кездеседі. Атмосфера табиғи әрекетімен қандай дәрежеде ластанса да, ондағы газдардың тепе-теңдігі бұзылмайды. Жер бетіндегі ауа үнемі қозғалыста болады. Сол арқылы бір ауданда пайда болған улы заттарды шалғай жатқан екінші ауданға таратады. Ауаның төменгі қабатының ластануы тау жыныстары мен топырақтың беткі қабатының бұзылуынан да пайда болады. Мәселен, жер бетінен он шақырым биіктікте шаң-тозаңның болуы тек жер бетінен көтерілген заттар екені дәлелдеуді қажет етпейді. Кейде ұйытқып соққан қатты жел жердің беткі қабатынан мыңдаған тонна топырақтың ұсақ бөлшектерін ауаға көтеріп әкетеді. Сол себепті бір текше сантиметр ауаның құрамында ондаған мың түйір шаң-тозаң болады.
Атмосфералық ауа үшін ең қауіптісі адам қызметінің нәтижесімен ластану. Ластайтын заттар өндірістен, автокөліктен және тұрмыстық қалдықтардан таралады. Осы лас заттар атмосфералық ауаның төменгі қабатына күнде қосылып отырады. Қазақстанда ірі-ірі өнеркәсіп орталықтары, зауыттар мен фабрикалар көп шоғарланған қалалар, мұнай-газ және т.с.с. өндірістерді айтуға болады. Оған ғарыш айлағынан ұшатын зымырандар мен автокөлік санының арта түсуін қоссақ, сонда ауаны негізгі ластаушылар белгілі болады. Ауаға шығатын заттардың химиялық құрамы пайдаланылған отынның түріне, өндірілетін өнімнің құрамына, өндірістегі технологиялық процестерге, тағы басқа жағдайларға байланысты. Мәселен, жылу электр стансалары ауаға шаң-тозаңдарды, түтіндер мен күйелерді көп мөлшерде қосады. Қуаты орташа жылу электр орталығы тәулігіне 2 мың тонна сапасы төмен көмір жағып, ауаға шамамен 400 тонна күл және 120 тонна күкірт тотығын (SO2) шығарады.
Мамандардың есебі бойынша, жыл сайын ауаға орасан көп мөлшерде зиянды газдар мен шаң-тозаңдар таралып жатады. Әсіресе, өндірістер шоғырланған жерлерде ауадағы ерекше қара түтін көзге көрініп тұрады. Оның ауаны ластаумен қатар басқа қосымша зияндары да бар. Атап айтқанда, атмосферадағы қара түтін күн сәулесінің жер бетіне дейін жетуіне кедергі жасайды, жер бетін қорғайтын озон қабатының жұқаруына үлес қосады, әр түрлі қышқылды жауындарға себепші болады.
Қазіргі заманда табиғат компоненттерінің толық дерлік өзгеруіне ықпал жасап, негізгі экологиялық проблемаларды туғызып отырған мұнай мен газ өнеркәсіптік кешендері және елді мекендер. Қоршаған ортаға бүкіл әлемде жыл сайын 3,0 млрд тоннадан астам өнеркәсіптің қатты қалдығы және бір миллиард тоннадай шаң-тозаң (аэрозоль) шығып тұрады. Сонымен бірге адам денсаулығына зиян 800 түрлі зат қоршаған ортаға тарайды. Кей жерлерде олардың шектік рауалы концентрациясы (ШРК) тіпті бірнеше есе асып түседі. Адам өміріне, жалпы тірі әлемге қауіпті осынша зиянды заттарды қоршаған ортаға орасан көп мөлшерде бөліп шығаруда. Ең үлкен үлес - мұнай мен газ, тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі. Мұнай мен газ өндірісінде ортаны ластаушы заттар ұңғымалар мен оларды жалғаушы құбырлардан, жер астынан шыққан мұнай мен газды қоспалардан алғашқы айыру кезінде, мұнай қоймалары мен басқа да пайдаланылатын заттар, сондай-ақ құрал-жабдықтардан бөлініп шығады. Ластаушы заттардың құрамына көмірдің тотығы (52 %), күкіртті ангидрид (18 %), көмірсутегі (12 %), жеңіл бөлшектер, шаң (10 %) және азот тотықтары (8 %) кіреді. Көмір тотығынан басқа барлық ластаушы заттардың қатысуымен фотохимиялық тұман (смог) пайда болады. Күкіртті ангидрид пен азоттың тотықтары атмосферадағы суда еріп, өзі аттас қышқылдар түзеді. Ондай жаңбырлар адамға, жалпы тірі әлемге, топыраққа, суға зиянды әсерін тигізеді. Есеп бойынша жалпы Жер атмосферасын күкіртті ангидридпен ластауда мұнай-газ өнеркәсібінің үлесіне 40 % тиетін көрінеді. Өнеркәсіптік өндірістерден шығатын зиянды заттардың түрі өте көп. Солардың ішінде төмендегі түрлерді атап кетуге болады:
Шикі мұнай өзінің табиғатқа әсері жағынан бензинге жақын. Мұнайдың буы онша зиянды болмағанымен, сұйық мұнай адам денесіне тисе әр түрлі тері ауруларын қоздырады (мысалы, экзема);
Бензин мен керосин адам ағзасына тыныс жолдарымен кіріп, онан ішек-қарын арқылы қанға өтеді, сөйтіп орталық жүйке тамырына әсер етеді, уландырады, кейде аяғы өлімге апарады (ШРК-дан асып кетсе);
Көмірдің тотығы (СО) - иісі мен дәмі жоқ түссіз газ. Жұмыс істейтін аймақта оның ШРК мөлшері - 20 мг/м3. Егер концентрациясы 300-ден 600 мг/м3 болса, онда адам жеңілдеу уланады, 1800 мг/м3-де қатты уланады, ал 3600 мг/м3-де 2-3 рет тыныс алғанда-ақ адам өліп қалады.
Көмірдің қос тотығы (СО2) реакцияға аз түсетін ауыр түссіз газ. Сәл ғана қышқыл иісі мен дәмі бар. Ауадағы концентрациясы 1 % болғанда зиянды әсері байқалмайды. 4-5 % болса, тыныс жолдарын жыбырлатады, ал 10 %-ке жеткенде қатты уландырады. Ауадағы ШРК 1 %.
Құрамында көмірсутегі бар (Н2S) табиғи газ орасан улы. Күкіртті қосылыстардың улылығы бөлініп шығатын улы ангидридтерге байланысты. Көмірсутек ауадан гөрі сәл ауырлау, өте жағымсыз иісі бар түссіз газ. Көбінесе ой жерлерде, шұңқырларда, құдықтарда, траншеяларда жиналады, суда тез ериді, ерітіндіден оп-оңай газ түріне көшеді. Ауадағы концентрациясы 1000 мг/м3 болғанда қас-қағымда уландырады.
Күкіртті ангидрид өткір иісті, түссіз газ. Адамның тыныс жолындағы ылғалмен қосылып, қышқыл түзеді, тыныс жолын жыбырлатады. Ауадағы концентрациясы 20-60 мг/м3 болғанда, тыныс жолы мен көзді қышытып, жыбырлатады. Мұндай концентрацияда адам 3 минут қана шыдайтын көрінеді. Осы газдың ауадағы концентрациясы 300 мг/м3-қа жеткенде адамды естен тандырады. ШРК 10 мг/м3. Оның ауадағы концентрациясы 1,82-5,2 мг/м3 болса, барлық өсімдіктерді айықпайтындай етіп уландырады.
Азот тотығы қанды улайтын түссіз газ. Орталық жүйке тамырына тікелей әсер етеді.
Азоттың қос тотығы - тұншықтыратын иісі бар, қоңыр түсті газ. Ауадағы концентрациясы 10 мг/м3 болғанда иісі сезіледі, 80 мг/м3-қа жетсе, тамақты жыбырлатып, ауыздан су ағады, 200-300 мг/м3 концентрациясы адам өміріне қауіпті. ШРК - 5 мг/м3.
Достарыңызбен бөлісу: |