Әскери-ғарыш және сынақ кешендерi полигондарының әсерi. Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери сынақ полигоны және "Байқоңыр" кешенi жұмыс iстейдi. Зымырандардың жерге түскен және құлайтын бөлiктерi, аса улы отынның төгiлуi және қоршаған орта мен тiкелей жақын жерде тұратын халыққа қолайсыз әсер ететiн басқа да факторлар нақты экологиялық қауiп төндiредi.
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымыран тасығыштарды ұшыру бөлiнетiн бөлшектер құлайтын жалпы ауданы 12,24 млн. гектар аудандармен қамтамасыз етiлген. Осы жағдайларда қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау ғарыш құралдарын, әскери техниканы және әскери объектiлердi шығару, сынау, сақтау және пайдалану орындарында, сондай-ақ өнеркәсiп ұйымдары орналасқан, зымыран-ғарыш қызметiн жүзеге асыратын әскери бөлiмшелер мен құрылымдар тұрған орындарда техногендiк ықпалдың алдын алу мен оны жою проблемасын шешуде маңызды орын алады.
Қазiргi уақытта "Қазақстан Республикасы аумағының зымыран-ғарыш қызметiмен байланысты учаскелерiнiң экологиялық жай-күйiнiң мониторингi" бюджеттiк бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргiзiлуде.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 1449 қаулысымен бекiтiлген Елдiң минеральдық-шикiзаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберiнде әскери-сынақ полигондарының аумақтарын кешендi гидрогеологиялық және геоэкологиялық зерттеулер басталды.
Бiрқатар мiндеттердi шешуде ғарыш құралдарына балама жоқ болғандықтан, зымыран-ғарыш қызметiнiң қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерiн азайту, зымыран-ғарыш кешендерiнiң экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету барған сайын өзектi болуда.
Осыған байланысты 2005 жылы полигон аумақтарының экологиялық жай-күйiнiң мониторингi жөнiнде бағдарлама әзiрлеу қажет.
Жергiлiктi экологиялық проблемалар
Әуе бассейнiнiң ластануы. Атмосфераның негiзгi ластануы түстi металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия, мұнай-газ кешенi кәсiпорындары мен көлiк шығарындыларымен байланысты. Атмосфералық ауаның ластануынан қатердiң нақтылығы халық денсаулығының нашарлауына да және қоршаған ортаның тозуына әсер етедi.
Атмосфералық ауаның ластану проблемасы негiзiнен республика халқының жартысына жуығы өмiр сүретiн iрi қалалар мен өнеркәсiптiк агломераттарға тән.
Барынша ластанғандар қатарына 10 қала, оның iшiнде 8 қала - ауасы жоғары деңгейде ластанған қалаға жатқызылады. Қалаларда ауа ластануының жоғары деңгейiнiң себебi - өндiрiстiң ескiрген технологиялары, тиiмсiз тазартқыш құрылыстар, қолданылатын отынның төмен сапасы, қуаттың жаңғыртылатын және дәстүрлi емес көздерiнiң аз пайдаланылуы болып табылады. Кәсiпорындардың 20%-тен астамының нормативтiк санитарлық-қорғау аймағының болмауы себептi өндiрiс орталықтары халқының басым бөлiгi зиянды шығарындылардың әсерi жоғары аймақта тұрып жатыр.
Автомобиль санының күрт көбеюi iрi қалаларда (Алматы, Өскемен, Шымкент) көмiртегi оксидi мен азот диоксидi жиналуын ұлғайтады, мұндай заттардың орташа жылдық шоғырлануы бұл қалаларда шектi мөлшерден асып түседi.
Ауа бассейнiнiң ластануы, сондай-ақ көмiрсутегi шикiзатының бұрынғы кен орындарын дамытумен және жаңа кен орындарын игерумен де байланысты, бұл атмосфераның күкiртсутегiмен, меркаптандармен ластануын ұлғайта түседi. Алауларда iлеспе газдың жағылуы қызған газдардың, күкiрт пен азот оксидтердiң едәуiр көлемiн атмосфераға шығарумен қатар жүредi, кен орындарының төңiрегiнде жоғары жылу аясы қалыптасады.
1993 жылдан 2000 жылға дейiн зиянды заттардың атмосфераға шығарылуы негiзiнен өндiрiс құлдырауының есебiнен 5,1 млн. тоннадан 3,2 млн. тоннаға дейiн кемiдi. Соңғы жылдары экономиканың өрлеу жағдайларының өзiнде атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 3,2 - 3,4 млн. тонна деңгейiнде тұрақтандыруға мiндеттi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың жаппай енгiзудiң және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылау жүргiзудiң нәтижесiнде қол жеткiзiлдi. Мұндай тетiктердi одан әрi жетiлдiру 2010 жылдан кейiн қоршаған ортаны мөлшерден тыс ластайтын кәсiпорындарға қойылатын экологиялық талаптарды күшейту арқылы шығарындыларды жоспарлы түрде төмендетуге кiрiсуге мүмкiндiк бередi.
Aуa бассейнi ластануының жоғарылау қаупiн болдырмау жөнiндегi қажеттi шаралар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi қысқа мерзiмдi бағдарламаларда көзделетiн болады.
Достарыңызбен бөлісу: |