Этнографиялық лингвистика. Лингвистика тарихында тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрпымен байланыстыра зерттеушілік те болды. Бұл жөніндегі алғашқы пікір 18ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген неміс жазушысы және әдебиетшісі Иоганн Бердердің (1744-1803) поэзияға байланысты зерттеулерінде, одан кейінгі кезде Гумбольдт еңбектерінде кездеседі. Бірақ тіл мәселелерін мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санамен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлу, оны тіл білімінің күрделі проблемасы ретінде қарау 20ғасырдың 20-30-жылдарында белең алды. Қазіргі тіл білімінде осы негізде туып қалыптасқан екі бағыт бар: оның бірі – Америкада, екіншісі – Германияда.
Бұлардың екеуі де этнолингвистика деген шартты атаумен аталады. Оны Америкада қалыптастырушылар – Эдуард Сепир (1884-1939) мен Бенджамин Уорф (1897-1941). Америкалық этнолингвистика мектебінің теориялық негізі Эдуард Сепирдің «Тіл» (1921), «Лингвистиканың жайы» (1929), Бенджамин Уорфтың «Тіл, ойлау және шындық» (1956) деп аталатын жинаққа енген мақалаларында баяндалған.
Эдуард Сепир көтерген проблемалар тек этнолингвистикалық шеңберде ғана қалып қоймайды, ол үндістердің бірнеше тайпаларының тілдерін зерттеген, 20 ғасырдың 20-жылдары аяғына дейін тілдің құрылымы жөніндегі проблемалармен де шұғылданған, тілдердің типологиялық жіктелуі, әр түрлі әлеуметтік құбылыстармен байланысты мәселелері де Сепир еңбектерінің өзекті салалары.
Германия этнолингвистикалық мектебінің (кейде неогумбольдттық этнолингвистика деп те атайды) құрамына қазіргі неміс тіл ғалымдарының көпшілігі енеді. Мектепті қалыптастыруда Лео Вайсгербер көрнекті рөл атқарған. Бұл мектептің ұстаған жолы, теориялық негізі Л.Вайсгербердің 1950 жылы шыққан «Неміс тілінің күші туралы» деп аталатын төрт томдық еңбегінде баяндалған.
Бұл екі мектептің бір-бірімен жақы, ортақ жағы – екеуінің де тіл проблемаларын мәдениетпен, халықтың рухани өмірімен байланыстыра қарайтыны, екеуі де зерттеулерінде В.Гумбольдтың дүниені тану, білу процесінде тілдің атқаратын рөлі жөніндегі ілімін басшылыққа алады, соны әрқайсысы өз тұрғысынан дамытуға тырысады. Америка мектебі, Германия мектебі болсын біраз мәселелерде эстетизм, неолингвизм ағымдарымен, Г.Шумахер, К.Фосслер пікірлерімен үндеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |