Адамдар ақиқаттан неге жалтарады?
Қолында билігі немесе байлығы бар адамдарды жалған мақтау арқылы одан бірдеңе түсіп қала ма деген жалған үмітке бой алдырады. Сондай-ақ, өзін өзгелерге сыйлы етіп көрсету үшін жалған сөйлеп, жоқты бар деп айтатындар көп. Ең соңында, біреулердің көңіліне тиіп кетпейін, нем кетіп барады дейсің, иығынан қағып, өтірік мақтап қоя салайын, болмаса бассыздығын көрсем де «үндемеген үйдей бәледен құтылады» демекші, көрмегенсіп жүре берейін деген жымысқы ниеттен туған қадам бұл.
Ақиқатпен өмір сүру қиын, бірақ игілікті.
Қазақта «өтірікшінің құйрығы бір-ақ тұтам» деген сөз бар. Өтірік өрге баспайды дейді. Жалғандықты серік еткен, өтірік сөйлеуге дағдыланған адам қысқа мерзімдік пайда тапқандай болғанымен, негізінен үлкен залалға ұшырап жатады. Бірақ, ақыл-санасын шел басқан ондайлар қателіктерін түсінуге қабылетсіз.
Ақиқат жолын ұстану адамға не береді?
Шындықпен өмір сүру қиын сияқты сезілгенмен, ол түбінде сізге игілік әкеледі. Өйткені, ақиқатты Алла жақтайды. Ал бар нәрсенің негізі Алла екендігі белгілі. Егер құдай ақиқатты жақтайтын болса, онда ақиқат жолын ұстанған пенденің екі дүниеде де игілікке кенелері даусыз.
Жалғандық деген жанған от,
Жандырады арыңды,
Жалған айтып жалынсаң,
Жан тыңдамас зарыңды
-деп ақын айтқандай, жалғандықты серік етсеңіз ақырсында үлкен өкініште қалып, ар-ұятыңызға сызат түспек. Жалғандықты серік еткен жан жалтақ, әрі әлсіз болып келеді. Ондай жан адамдардың бетіне тура қарай алмайды. Жалғандықты серік еткен жалтақ, әлжуаз пенделердің о дүниені былай қойып, осы дүниеде жолы болып, биіктерге жетуі екіталай. Сондықтан әрдайым ақиқатты ұстаныңыз және ақиқат жолымен жүруге тырысыңыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Бикенова К. , Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. – Алматы: Сөздік-словарь, 2007.- 344бет.
Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруана» ЖШС,2010
Достарыңызбен бөлісу: |