Шығармалары:
Досжан Д. Шығармалар: Хикаяттар мен естелік- эссе.- Алматы: Жазушы, 2007.
Досжанов Д. Таңдамалы шығармалар: 2 томдық.- Алматы: Жазушы,1990.
Т.1. Жібек жолы: тарихи роман және повестер.-432 б.
Т.2. Әңгімелер.-400 б.
Досжан Д. Таңдамалы шығармалар.-Алматы: Білім, 2002.
Т.1. Әңгімелер.
Т.2.Хикаяттар.
Досжан Д. Таңдамалы шығармалар.-Алматы: Өлке,2009.
Досжанов Д. Жусан мен гүлдер: Повестер.- Алматы: Жалын,1981.
Досжанов Д.Мұхтар жолы: Роман- толғау.-Алматы: Жазушы,1988.
Досжан Д. Абақты.- Алматы: Қазақстан,1992.
Досжан Д. Алан: Он бір тарау және түйінді роман.- Алматы: Қазақ-
стан,1993.
Досжан Д. Абай айнасы: Ғұмырнамалық зерттеу- эссе.- Алматы: Қазақ-
стан, 1994.
Досжан Д. Құланшыда қалған із: Мектеп оқушыларына арналған әңгімелер.- Алматы: Рауан,1994
Досжан Д. Құм кітабы: Хикаяттар, әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1995.
Досжан Д. Отырар.- Алматы: Өнер,1995.
Досжан Д. Келіншек асуы: Әңгімелер.-Алматы: Атамұра,2002.
Досжан Д. Жизнь на кончике иглы: Ине ұшындағы өмір: Повесть.- Алматы: Білім, 2003.
Досжан Д.Ақ орда: Төрт бөлімді роман.- Астана: Елорда, 2005.
Досжан Д. Жан құмары: Роман.- Алматы: Глобус,2009.
Досжан Д. Терезенің жарығы: Таңдаулы әңгімелер.- Астана: Фолиант,2009.
Өмірі мен шығармашылығы:
Мекебай А. Талап пен талғам: (Д.Досжанов туралы) // Мекебаев А. Мың жарым жылдық қате.-Алматы, 2003.
Қаупынбайұлы Т. Өмір оты өшпейді: Белгілі жазушы Д.Досжанның «Ақ орда» романы туралы ой // Ана тілі.- 2006.-6 шілде.
Мағауин М. Ғайбат пен былық: уәж: (Д. Досжанның «Жан тәтті» кітабы хақында) // Әдебиет айдыны.-2006.-5 қазан.
Мұсылман әлеміне жабылған жала: (Д.Досжанның «Жан тәтті» кітабы туралы) // Түркістан.-2006.-21 қыркүйек.
Ұлағат Х. Жазушы жазбаларындағы жаратушы: немесе Дүкенбай Досжанның діни сауаттылығы қаншалық? // Жас Алаш.-2009.- 19 наурыз.
Дөнентаев Сәбит
(1894-1933)
Қазақ әдебиетінің көкжиегінде Қазан төңкерісінің алдында көтеріліп, кеңес дәуірінде де қалам тартқан көрнекті ақындарымыздың бірі- Сәбит Дөнентаев. Оның көркем шығармалары ХіХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің елеулі бір буыны.
С.Дөнентаев 1894 жылы Павлодар облысының Ақсу ауданында кедей- шаруа отбасында туып өскен. Әкесі өз заманының көзі ашық адамы болған. Ол жалғыз баласына жас кезінен білім, тәрбие беруді мақсат тұтып, алдымен ауыл молдасы, 1908-1912 жылдары Павлодардағы татар және Қасым медресесіне беріп, дін жолына әзірлемекші болады. Қасым медресесі төте оқуға негізделген еді. Сол себепті онда дін ғана емес, арифметика, география, тарих, ана тілі пәндері де оқытылған.Мұны аяқтаған Сәбит әкесі ойлағандай молда емес, төте (жәдит) оқудың мұғалімі болып шығады.
Қасым қажы медресесін бітірген соң Сәбит 1913-1916 жылдары Павлодар облысының Ұрық болысында мұғалім болып қызмет істейді. Қала тұрмысын көріп, 1905 жыл оқиғасынан нәр алған ақынның көркем әдебиетке қызығуы осы жылдары күшейе түседі. «Айқап» журналын , «Уақыт» газетін оқыған Сәбит замана жайын, саяси оқиғалардың сырын ұғына түседі. «Айқапта» істеген өзінің досы әрі ауылдасы С.Торайғыровпен де хат арқылы ( «Досыма жазғаным») пікірлесіп тұрған.Осы кезеңде Абай, Тоқай шығармаларын оқып, ел тағдырын суреттейтін өлеңдерін жаза бастайды. «Қиялым» деген тұңғыш өлеңдерінің бірі 1913 жылы «Айқаптың» 22- санында басылған. Жас ақынның халықты прогресс, азаттыққа жеткізуге қалай талпынғанын білдіру ретінен бұл өлеңнің өзгеше мәні бар:
Таза жүн, түсі әдемі бір құс болсам,
Бұтаққа көңілім сүйген ұшып қонсам.
Зарымды жұртқа айтарлық сайрағыш боп,
Уа, дүние, шағып мұңым, көрсем шолпан.
Бойда күш,жанда қанат болған күнде.
Кім тұрсын құмдық, таулық жерде сортаң.
Жүзсем- көл, қонсам- орман, ұшсам- дала,
Не қажет маған байлық, патша, сұлтан.
Мұнда қазақ халқының басындағы ауыр жағдай, олардың азаттық аңсаған талабы жинақталған. Бұл туындысын С.Дөнентаев 1905 жыл оқиғасының әсерімен жазған еді.
1915 жылы ақын «Уақ- түйек» деген атпен екі бөлімді өлеңдер жинағын бастырып шығарады. Онда барлығы 44 өлеңі жарияланған.Көбісі ағартушылық рухындағы саяси лирика, ескілік сыны, бірқатары көңіл-күй жырлары болып келеді.
1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыстан соң патша өкіметі жарлық шығарып, қазақтан майданға қара жұмыскер алуды ұйғарады. Оған 19 бен 43 жас аралығындағы адамдар ілігуге тиіс болған. Бұл кезде 20 жасар Сәбит Екібастұзға барып жұмысқа орналасады. Бірақ ауыр жұмысқа жарамай, Семей уезінің Сейтен болысында мұғалім болады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі күндері ол патшаның тақтан кетуін қолдап, өзінің «Бостандық» деген өлеңін жазған. Бірақ билік уақытша буржуазиялық Өкімет қолына көшіп, елге шын мәнінде бостандық тимеген еді. 1917 жылдың мамыр айында ақын Семейдегі « Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетінің жұмыстарына араласады. 1919 жылдың соңына қарай еліне оралып,үйленіп, оқу-ағарту ісімен шұғылданады. Сібірдегі Колчак өкіметі құлаған кезде Сәбит Павлодар ревкомының қаулысымен аудандық сот болып қызмет атқарады.
1924 жылы С.Дөнентаев Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде қызмет атқарған. Ақынның кеңес әдебиетіне келуі де осы кезеңмен тұтасып жатады.1929 жылы ол Қазақстан Жазушылар ұйымының мүшелігіне алынады. «Қазақ тілі» газетінде жаңа тақырыпқа жазған көптеген өлеңдері, фельетон, әңгіме, очерк, мақалалары жарияланады. Соның бәрі де кеңес құрылысының сан алуан мәселелеріне арналған еді.
1930 жылы С.Дөнентаев тағы да өз ауылына оралып, мұғалім болады. Келесі жылы Семейге қайта келіп, «Жаңа ауыл» ( Бұрынғы «Қазақ тілі») газетіне орналасады. 1932 жылдың қазан айында көптен қалмай жүрген безгек ауруы қозып, айықпас дертке шалдығады. Біраз уақыт төсек тартып жатады да, 1933 жылдың 23 мамыр күні қайтыс болады.
С.Дөнентаев Қазан төңкерісі алдындағы қазақ әдебиеті мен кеңес дәуіріндегі көркем әдебиетте бірдей көрінген, жазушылық жолы әр алуан ақын болғандықтан, оның шығармашылығын біз үш кезеңге бөлеміз:
1. 1913- 1917 жылдар арасында ақын өзінің пікірі жағынан ағартушы- демократ, әдеби әдісі жағынан сыншыл- реалист болып көрінеді. Мұның екеуі де Абайдан бері бар дәстүр еді. Бұл кездері ақынның қаламынан саяси тәртіпті, екі жақты қанауды, дін, әйел басындағы теңсіздікті сынайтын., жастарды оқу- білімге үндеп, елді прогреске, азаттыққа шақыратын « Заман кімдікі», «Замандастар», «Қазақтың білгендеріне», «Жәмила қыз», «Екібаста», «Бозторғай» секілді алуан тақырыпты өткір саяси лирикасы жазылады. Сол себепті бұл С.Дөнентаев шығармашылығының жемісті бір кезеңі болды.
2. 1917- 1924 жылдар арасы ақын, шығармашылығының екінші кезеңін құрайды. Бұл тұста ол 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің мәнін жете ұғынбай «Бостандық» сияқты өлеңдерін жазып, буржуазиялық- демократиялық төңкерісті шын бостандық деп ұғынады. Одан кейін буржуазия үстемдігіне қарсы бағытталған социалистік революция туғанын болжап білмейді.
Тілекті бүкіл халық берген күні...
Көл, дария көздің жасын көрген күні.
Талайдың тіршіліктен қол сермеген,
Қайғысын тас- талқан ғып бөлген күні...
«Ә,құдай, ұзағынан жаза көр» деп,
Іркіліп көзге жастың келген күні, - дейді ақын.
Сөз жоқ, патшаның тақтан құлауының зор тарихи мәні болды. Оған бұрын патшалық тәртіптің ортасында болған қазақ, қырғыз сияқты езілген елдер қатты қуанды. Бірақ ақпан оқиғасынан кейін үкімет билігі буржуазия табының қолына көшіп, ақын күткен армандардың бірде- бірі орындалмайды.
Алғашқы кезде С.Дөнентаев та осы ұранға елігіп, «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының бетінде «Алдаспаспыз», «Сарыарқа-анам», «Қазидың өліміне» деген 4-5 шығармасын жазады, ол 1917-1924 жылдар арасын қамтиды. Басты себебі ақынның сыншыл реализм, әдебиеттің халықтығы, идеялылығы сияқты Абайдан қалған дәстүрді жете ұғынбауында еді.Ал әдебиет өмірмен, халық мүддесімен тығыз байланысып жатпаған кезде талант, поэзия өз биігіне көтеріле алмақ емес. С.Дөнентаев творчествосының бір қайшылығы осында.
3. 1924- 1933 жылдар арасында ақын кеңес идеясын түсініп, қайтадан халықпен бірлеседі. Енді оның көзқарасы кеңестік, әдеби әдісі- социалистік реализм болып шығады. Бұл С.Дөнентаев творчествосының айрықша бір жемісті кезеңі болды. Осы кезеңде ол «Ұмытылмас», «Бір жыл өтті», « Тарих таңы», «Ерікті Айша», «Азат жетті», «Бай мен комсомол» деген өлеңдер жазып, ескіліктің ел санасындағы сан алуан көріністерін үлкен пафоспен жырлайды. Көптеген саяси лирика, әңгіме, фельетондар жаза бастайды.
Шығармалары:
Дөнентаев С. Шығармалары.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас,1957.
Дөнентаев С. Өлеңдер Алматы: Қазмемкөркемәдеббас,1950.
Дөнентаев С. Бозторғай: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1972.
Дөнентаев С. Мысалдар.- Алматы: Жалын,1985.
Дөнентаев С. Бозторғай: Өлеңдер.- Алматы: Мектеп,1989.
Өмірі мен шығармашылығы:
Ахметов Ш.Сәбит Дөнентаев(1894-1933) // Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті.-Алматы,1974.
Қазақ өлеңінің бозторғайы: (С.Дөнентаев) //Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар.- Алматы,2003.
Қоңыратбаев Ә. Сәбит Дөнентаев // Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы: Оқу құралы.- Алматы,1994.
Сәбит Дөнентаев ( 1894-1933) // ХХ ғасыр басындағы әдебиет.- Алматы,1994.
Сәбит Дөнентаев- сатиралық өлең шебері // Шабжантайқызы М. Қазақ халқының тағдыры – поэзия тілінде.- Көкшетау, 2003.- (Емтихан-2003)
Ысқақов Б. Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы.-Алматы: Мектеп,1966.
Қабатай Б. Сәбит Дөнентаев- мысал жанрының шебері // Қазақстан мектебі.-2008.-№4.
Дубицкий Андрей (А.Федоров)
(1915-1998)
Андрей Федорович Дубицкий 1915 жылы Акмолинская станциясында туған. 1936 жылы Омбы көркемсурет училищесін бітіріп, мектепте ұстаздық еткен. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары А.Дубицкий «Акмолинская правда» газетінде жауапты хатшы болып, кейін «Целинный край», «Целиноградская правда» газеттерінде істеді.
Жазушының әдеби қызметі 1938 жылдан басталды, оның алғашқы әңгімелері республикалық мерзімді басылымдарда жарияланды. А.Дубицкийдің жеке кітап болып шыққан алғашқы «Донин садик» (1958) әңгімелер жинағынан соң «Кованный шлем» (1961), «Улыбка»(1965), «Знойное междуречье» (1978), «Заслон» (1985), «Малиновый благовест» (1982), «Лихолетье» (1996) шығармалары жарық көрді.
Отан соғысының тауқыметін басынан өткізген, Сталинград шайқасына қатысқан жазушының көзімен көргені оның біраз шығармаларының тақырыбына арқау болды. Оның ішінде « Знойное междуречье», «Заслон» т.б. «На грозовом ветру» кітабында 29-шы (кейінгі 72 гвардиялық) Қызылтулы атқыштар дивизиясының ерен ерлігі баяндалады.
Жазушының кейінгі шығармашылық жолы «Акмолинская правда» газетімен тығыз байланысты, ол осы қызметте құрметті демалысқа шыққанша істеді.
А.Дубицкийдің шығармашылық жолындағы көзге түскені- оның өлкетану саласындағы еңбектерімен ерекшеленеді. Оның Ақмола қаласы туралы кітаптарының өзі бір төбе. «Акмола-город славный», «Где течет Ишим», «Город на Ишиме» кітаптары өз өлкесінің шежіресі іспеттес. 1970 жылы А.Дубицкийге «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдени қызметкері атағы берілсе, 1995 жылы Ақмола қаласы тарихын зерттеуге қосқан үлесі, әрі өлкетану жұмысындағы қол жеткен табыстары үшін «Ақмола қаласының құрметті азаматы» атағы берілді /қазіргі Астана қаласы/. А.Дубицкийдің саяси- қоғамдық, әдеби- көркем «Нива» журналында әңгімелері жарияланып тұрады, ол осы журналдың редакция алқасы құрамында, әрі тұрақты авторы.
Шығармалары орыс тіліндегі мәліметте берілген.
х х х
Дубицкий Андрей //Советтік Қазақстан жазушылары: Биобиблиографиялық анықтамалық .- Алматы,1987.
Дулатов Міржақып
(885-1935)
Дулатов Міржақып 1885 жылы 25 қарашада Торғай уезіндегі Майқара болысының 3- ші ауылында туған. 1935 жылы 5 қазанда айдауда, лагерьде жүрген кезінде ауырып, қайтыс болады. Әкесі Дулат қарапайым іскер, қол шебері, етікші болған.
Міржақып 8 жасқа толған кезінен бастап екі жылдай ауыл молдасынан сабақ алады. Одан соң ауылдағы орыс мектебіне, ал 1897 жылы Торғайдағы орыс- қазақ мектебінде оқиды. 1904 жылы ол Омбы қаласында жасырын ұйымға қатысады, қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен жақындасады. 1905 жылы орыс революциясы кезінде Қарқаралыда ереуілшілердің арасында болады.
1907 жылдан бастап оның бірлі- жарым өлең, мақаласы да жариялана бастайды.
Міржақып Дулатов бірден- ақ қазақ халқының арман мүддесін терең түсіне білетін, қазақ қоғамында жаңадан өріс алып келе жатқан демократия-
шыл идеялардың жаршысы екенін айқын танытты.
Міржақыптың «Серке» газетінің («Ульфат»газетіне қосымша) 1907 жылы 2-нөмірінде басылған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы кешірім жасауға болмайтын саяси үгіт деп саналып, бұл газет конфискеленсін деген шешім қабылданады. Оның осы мақаладағы пікірлері «Оян, қазақ!» кітабында әсіресе айқын , әсерлі айтылады.
«Оян, қазақ!» 1909 жылы тұңғыш рет жарық көріп, кітап 1911 жылы екінші рет жарияланады. Осы жылы патша үкіметінің, бақылау орны «Оян,қазақ!» елді бұзатын, дүрліктіретін, революцияға үндейтін кітап деп тауып, М.Дулатовты қамауға алады, кітапты таратуға, оқуға үзілді- кесілді тыйым салынсын деген сот шешімін шығартады. Кітаптың қолдан- қолға тарап жүрген қаншама данасын таптырып, жиғызып, жойып жіберуді қатты қадағалайды.
«Оян,қазақ!» кітабын оқығанда Міржақыптың халықтың мұң- мұқтажын өз мұңындай көретін әр сөзінен айқын сезіліп тұрады. Ақын өзінің халық алдындағы жауапкершілігін толық сезінеді. Ол өз замандастарына, көзі ашық зиялыларға тарих, қоғам қандай міндет жүктеп отырғанын анық аңғартады, халықты ескіліктен, мешеуліктен, зорлық-зомбылықтан, қанау- езушіліктен құтқаратын күшті құрал оқу- білім, өнер, ғылым, адал еңбек, әділдік, адамгершілік үшін күресу екенін ұға білді.
Міржақып Дулатов патша үкіметінің қазақ даласын билеу ісін жүргізудегі саясатының кемшіліктерін, кертартпа сипатын анық аңғарды. 1916 жылғы оқиғаны,1917 жылғы ақпан көтерілісі мен Қазан төңкерісі, азамат соғысы кезіндегі саяси- әлеуметтік жағдайды көзімен көріп, дұрыс бағалай алды.Сол дәуірдегі тарихтың, уақыттың өзі қазақ қоғамының алдына тартқан , күн тәртібіне қойған ең маңызды, түбегейлі мәселе-елдің азаттығын қорғау, сол үшін ұлттық мемлекет құру болатын. Қазақ еліне автономия беру мәселесін ашық қойған Әлихан Бөкейханов,1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін бұл үміттің ақталмайтынын байқап, ұлттық партия құру ісіне кіріседі. Қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері «Алаш» партиясын құрып, «Алаш-орда» үкіметін орнатқан кезде Міржақып Дулатов алаш туын көтерген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардың қатарында болды.
Ақынның «Алашқа» атты өлеңі «реквием»(қазалы жыр) деп аталғанымен, оны тек өткен заманды аңсау сарынына құрылған демесек керек.Қазақтың бұрынғы өздері ақ киізге көтеріп сайлайтын хандары, әділ билері, ел намысын қорғай алатын батырлары болған кең сахарада малын бағып, еркін көшіп қонып жүрген дәуірі артта қалды дей отырып, Міржақып ол заман өкінгенмен енді қайтып келмейді, сондықтан уақыттың, қоғамдық жағдайдың өзгергенін түсініп, соған сәйкес әрекет қылып, қазақ көшін оңға бастайтын адамдар қажет деген ойын аңдатады.Ежелгі көшпелі дәуірдегі өмір- тұрмыстың жақсы, жарасымды жақтары, өз артықшылығы аз емес екені ақынның басқа өлеңдерінде де шебер бейнеленіп көрсетілген.
Міржақып ақындық, жазушылық еңбегін журналистік қызметімен ұштастыра білді.1911 жылы «Айқап» журналында ,1913-1918 жылдарда «Қазақ» газетінде қызмет етті. Ол «Қазақ» газетін шығаруға бас редактор Ахмет Байтұрсыновпен бірге аянбай ат салысып, осы газеттің жарық көрген алғашқы күндерінен бастап оның бетінде әдебиет пен мәдениетке, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелеріне арналған мақалалар жариялап отырды. Сөйтіп, ол талантты публицист, әр түрлі әлеуметтік, мәдениеттік мәселелерді толғайтын мақалалардың, очерк, фельетондардың авторы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылады. Солардың ішінде әдебиет мәселелерін сөз ететін мақалалар аз емес екенін еске сала отырып,1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Абай» деген мақаласын бөліп айтуға болады. Мақала «Абай секілді атымен қазақ халқы мақтанарлық ақынымызды арамыздан жоғалтқанымызға 10 жыл толуын еске түсіріп» атап өту үшін жазылғанын автор өзі де айтқан. Міржақып Абайды «қараңғы заманда шыққан басшымыз» деп атап, оның қазақ әдебиетін, ой- санасын дамытуға қосқан үлесін аса жоғары бағалап, артына қалдырған мұрасының қадірі барған сайын арта береді деген терең пікір айтады.
Әдебиет пен өнер жайын баяндағанда Міржақып Ш.Уәлиханов пен А.Байтұрсыновтың, және шығыстанушы Г.Потанин мен атақты татар ақыны Ғ.Тоқайдың еңбектерін ауыз толтырып айтады.
Ахмет Байтұрсынов туралы айтқанда Міржақып оның ақындық өнеріне тұжырымды сипаттама береді, өлеңдерінің басты қасиеті шыншылдық пен сыршылдық екеніне, әдеби еңбектерінде патша үкіметінің саясатын әшкерелегеніне назар аударады. «Қазақ» газетін шығарудағы, қазақ тілін зерттеудегі,оны оқыту ісін жүйеге келтірудегі Байтұрсыновтың шексіз зор еңбегін де айрықша атап өтеді.
Сонымен қатар Міржақыптың Қожа Ахмет Яссауи есіміне байланысты тарихи деректерді, Абылай хан туралы тарихи мағлұматтармен қатар, халықтың аңыздарын, ақын, жыршылардың айтқанын да жақсы білетіні сүйсінерлік. Міржақыптың Қожа Ахмет Яссауи мешітінің тозып, бұзылмай сақталуын, «Мәңгіге қалуын» қажет деп санағаны, осы мәселеге арнайы тоқталып өткені де біліктіліктің, парасаттылықтың белгісі.
Абылай ханның қазақ тарихындағы алатын орны жайында сөз қозғағанда, Міржақып оның өз басын қастерлей отырып, Кенесары мен Абылай ханды қазақ үшін күш- өнерлерін жұмсаған деп атап өтеді.
Міржақып қазақ ғұламаларының, орыс , европа шығыстанушыларының еңбектерін еркін меңгергені оның қазақ пен қырғыздың шыққан тегі туралы жазған тарихи шолуы секілді жазбаларынан анық байқалады.
1925 жылы Міржақып «Еңбекші қазақ» газетінде Анненковты, Колчакты әшкерелеп мақала жазды. Ол орыс классиктерінің шығармаларынан басқа саяси әдебиетті аударумен де шұғылданды. «Балқия» атты пьеса жазды. Педагогтік қызмет істей жүріп, оқулық жазуға да күш жұмсады («Есеп құралы», «Қирағат кітабы»).
Міржақып Дулатов 1928 жылы сталиндік репрессияға ұшырап, Соловецк лагерінде Ақ теңіз- Балтық каналының құрылысында азапты ауыр жұмыста жүріп ауруға шалдығып, 1935 жылы емханада қайтыс болды.
Шығармалары:
Дулатов М. Шығармалары.-Алматы: Жазушы,1991.
Дулатұлы М. Шығармалары.- Алматы: Ғылым.
Т.1: Өлеңдер, мысал, айтыс, баллада, прозалық шығармалар, аудармалар.-1996.
Т.2: Мақалалар мен зерттеулер.-1997.
Дулатов М. Бес томдық шығармалар жинағы.-Алматы: Мектеп,2002.
Дулатов М. Шығармалары: өлең- жырлар, әңгімелер, пьеса.- Алматы: Ана тілі, 2010.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Ахметов З. Жаңа идеялар жаршысы // Дулатұлы М. Шығармалары.- Алматы,1996.
Әбсеметов М. Азамат ақын // Бес арыс.- Алматы,1992.
Дулатова Г. Алаштың сөнбес жұлдыздары: Естелік- эссе.-Алматы: Мектеп,2010.
Қожакеев Т. Ел деп еңіреген ер // Қожакеев Т. Көк сеңгірлер.-Алматы,1992.Майтанов Б. «Бақытсыз Жамал»: (М.Дулатовтың романы жайлы) //Май-
танов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау.-Алматы,1996.
Міржақып Дулатов (1885-1935) // Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім- тәрбиесі.-Алматы,1995.
х х х
Әлім Қ.Қазағын оятып, ойлантқан!: (Алаш қайраткерлерінің жер, дін, діл, тіл , жалпы хал-ахуал хақындағы ойларының өміршеңдігі туралы. Міржақып Дулатов туралы) // Егемен Қазақстан.-2010.- 24 қараша.
Жұртбай Т. Міржақып Дулатов // Егемен Қазақстан.-2008.-20 қараша.
« Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш»..: Міржақып Дулатов-125 // Қазақ әдебиеті.-2010.-27 тамыз.
Негимов С. Жасын: (Міржақып Дулатұлының әдеби- ғылыми шығармашылығы туралы) // Егемен Қазақстан.-2010.-8 қыркүйек.
Пірәлиева Г. Қазақ прозасының көшбасшысы // Әдебиет айдыны.-2007.-15 қараша.
Ысмағұлов Ж. Міржақып (Дулатов) // Егемен Қазақстан.-2007.- 19 маусым.
Дүзенов Мұхамеджан
(1924-1979)
Мұхамеджан Дүзенов 1924 жылы Қостанай облысының Жанкелдин ауданында туған.1947 жылы Қостанайға барып, облыстық газетке қызметке тұрған.1949 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына түсіп, оны 1952 жылы тәмамдаған соң қазақ радиосында істеген.Бірнеше жыл Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әдебиет бөлімін басқарған, Қостанай облыстық газетінің меншікті тілшісі болып істеген. 1960 жылы Қазақстан Жазушылар одағына ауысып, әдеби кеңесші болып істеген. Кейін «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарған. Бұдан кейін Қазақ радиосы комитетінде бас редактор, Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінде репертуар- редакция коллегиясында бас редактор секілді жауапты қызметтерде болған.
М.Дүзеновтың алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1949 жылдары баспа бетінде жарық көре бастаған. Содан кейінгі шығармашылық жолында бірнеше повесть, романдары, драмалық шығармалары дүниеге келді. Оның «Аралдың алтын балығы» атты пьесасы кезінде екінші бәйге алды.
Мұхамеджан Дүзеновтің пьесалары республикалық, облыстық театрлар сахнасында, сондай- ақ Мәскеу театрында /1974/ қойылды.
Прозалық шығармалары бірнеше рет «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. «Сердце матери» /1971/, «Сын Тлектеса» /1974/, «Хочу быть отцом» /1983/ т.б. Ол В.Василевскаяның «Пламя на болотах», С.Маршактың «Умные вещи» пьесасын, Л.Кассильдің «Ход белой королевы» туындыларын қазақ тіліне аударған.
Шығармалары:
Дүзенов М. Шығармаларының екі томдығы.- Алматы: Жазушы,1985.
Дүзенов М. Ақ әже: Таңдамалы повестер.-Алматы: Жазушы,1975.
Дүзенов М. Әже: Повесть.- Алматы: Жазушы,1968.
Дүзенов М. Ұзақтың жолы: Повесть.- Алматы: Жазушы,1971.
Дүзенов М. Астана түбіндегі ән: Пьесалар.- Алматы: Жазушы,1969.
Дүзенов М. Ұзақ жол үстінде: Повесть; Әке болғым келеді: Роман.-Алматы: Жазушы,1970.
Дүзенов М. Әке болғым келеді: Роман.- Алматы: Жазушы,1971.
Дүзенов М. Ант: Роман.- Алматы: Жазушы,1975,1980.
х х х
Дүзенов Мұхамеджан //Советтік Қазақстан жазушылары: Биобиблиогра-
фиялық анықтамалық.-Алматы,1987.
Дүйсенбайұлы Есенбай
(1940-2011)
Жетпісінші жылдардың басында қазақ поэзиясына өз үнімен келіп қосылған ақын Есенбай Дүйсенбайұлы шығармашылығы туралы көрнекті қазақ ақыны Сағи Жиенбаев былай деп айтқан еді: «Есенбай ешқандай қоспасы жоқ, табиғаттың аузынан түсе қалған ақын. Әр өлеңінен көктемгі даланың жұпар иісі келеді. Дүниені сезінуі бөлек, оны өзгеге де сезіндіре біледі».
Бозбауыр аспан иіп бір,
Рахат жаңбыр құйып тұр.
Тобықтай ғана бозторғай
Тобылғыдан аласа,
Тораңғыдан биік тұр.
Тылсым тартып дүние,
Тыңдай берді ұйып қыр.
Мықты болсаң бозбала,
Өмірде сен де ой аулап,
Бозала таңдай бояу жақ.
Бозторғайдай күй ұқтыр- деген жыр жолдарынан көк аспанның төсіне шығып алып, шырқырап тұрған бозторғайдың үні естіледі, туған жерге деген перзенттік сезімі айқын көрінеді.
Есенбай Дүйсенбайұлы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында 1940 жылы 16 мамырда туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
Алғашқы еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдігінен бастаған. Темір және Байғанин аудандық Һәм Ақтөбе облыстық газеттерінде әдеби қызметкер, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, аға тілші болды. 1978- 1995 жылдары республикалық «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі» баспаларында аға редактор қызметін атқарды.
Е.Дүйсенбайұлының тұңғыш жыр жинағы 1971 жылы «Бозала таң мен бозторғай» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Кейін қазақ поэзиясына бозаңдағы бозторғай сазымен бозала таңның бояуын әкелген, ұлттық бояуы қанық суреткерлік поэзия мен төкпе жыр дәстүрін жете меңгерген «Ақпейіл» /1974/, «Ұланғайыр»/1977/, «Ашық аспан» /1979/, «Ақ желкенді ағыстар» /1979/, «Біздің толқын» /1981/, «Ашық хат» /1982/, « Таң торғайы» /1988/, «Үшбұлақ»/1990/ атты жыр жинақтары жарық көрді.
Есенбай Дүйсенбайұлы Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне тұңғыш рет өткізілген республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдесінің иегері. Сондай-ақ 1996 жылы Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлық алды.
1990 жылы «Үшбұлақ» жыр кітабы үшін ақынға Жазушылар Одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығы берілген. Байғанин ауданының құрметті азаматы /2000/.
Ақын балалар тақырыбына да қалам тартып, «Әліппе- тілашар», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты кітаптар шығарды.
Ақын аударма саласында да жемісті еңбек етіп, 2 томдық орыс поэзиясы антологиясын, М.Горькийдің «Әдебиет туралы», академик Г.Ломидзенің «Ұлы достық ұлағаты» кітаптарын , палестин ақыны Әл- Хамиси лирикасын, қырғыз шайыры Б.Аубакиров жырларын қазақ тіліне аударды. 1998 жылы Е.Дүйсенбайұлы тәржімалаған Қожа Ахмет Иассауи хикметтерінің қазақша көркем аудармасы Түркияның Измир қаласында жеке кітапша болып шықты. Сонымен бірге ол Бұқар жырау өлеңдерінің текстологиялық салыстырма нұсқасын жасап, оны алғаш рет жариялады. Е.Дүйсенбайұлы – тоғыз томдық «Қазақтар», сондай-ақ «Екі мыңжылдық қазақ поэзиясы антологиясы» деген кітаптарды құрастырушы. Есенбай Дүйсенбайұлы- ел- жұрты, әдебиет сыны елеуге татырлықтай, ізденгіш қаламгердің қатарынан көрініп жүрген, татым-
ды туындылар берген байсалды ақын.
Достарыңызбен бөлісу: |