Шығармалары :
Жароков Т. Шығармалар жинағы.- Алматы: Қазмембас,1959.
Жароков Т. Таңдамалы шығармалар: Төрт томдық.- Алматы: Жазушы,1972-1975.
Жароков Т. Таңдамалы шығармалар: Бір томдық. Өлеңдері мен поэмалары.- Алматы: Жазушы,1978.
Жароков Т. Таңдамалы.- Алматы: Ана тілі,2008.
Жароков Т. Күн тіл қатты: Өлеңдер мен поэмалар. –Алматы: Атамұра,2007.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Бекхожин Қ. Сағындырған ақын:(Т.Жароков) // Бекхожин Қ. Өлең өткелдері.- Алматы,1986.
Х х х
Әбединова С. Осы жұрт Жароковты біле ме екен...// Айқын.-2008.-3 желтоқсан.
Дәуітұлы С. Халқының еркесі: (Ақын Тайыр Жароковқа- 100 жыл) // Әдебиет айдыны.-2008.-18 желтоқсан.
Жұмағалиев Қ. Қайран, Тәкең!..(Т. Жароков) // Егемен Қазақстан.-2009.-14 ақпан.
Жұмағалиев Қ. Тайыр Жароков ескерткіші: (Ақынның шығармашылығы жайында) // Жаңа Сарыарқа.-2009.-№5.
Көшенов Ғ. Жетібайдың Қанаттыкөгі: Ақын Тайыр Жароковтың туғанына -100 жыл // Ана тілі.-2008.-27 қараша.
Таубаева А. Дәуір жыршысы // Жұлдыз.-2008.-№10.
Таубаева А. Тайырдың тұңғышы: Қазақ поэзиясының тасқыны Т.Жароковтың туғанына 100 жыл толуына орай // Ана тілі.-2008.-27 қараша.
Жармағамбетов Қайнекей
(1918-1974)
Ақын шығармалары өз көзімен көрген, өзі талай куә болған оқиғалардың тірі шежіресі іспеттес. Қоғамда осындай өзіндік өрнегімен, өзіндік кескінімен шығармашылық әлеміне келген тұлғалардың бірі-белгілі ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі, педагог, қоғам қайраткері Қайнекей Жармағамбетов 1918 жылы Торғай облысының Жанкелдин ауданына қарасты «Шилі» деп аталатын жерде шаруа отбасында дүниеге келді.Екі жасында шешесінен айрылған оның 1934 жылы әкесі де қайтыс болады.
Ақын жеті жылдық мектепті Торғай қаласында бітірген соң 1934-1938 жылдары Қазақ педагогикалық училищесінде оқиды,одан соң Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетіне түсіп,1941 жылы үздік бітіреді.1941-48 жылдары ол партия- комсомол жұмыстарында,1948-58 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Әдебиет тарихынан дәріс оқып, студенттерге білім ұрығын сепкен ұлағатты ұстаз болды.1958-64 жылдары «Жұлдыз», «Ара», «Шмель» журналдарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы, әдеби кеңесші қызметтерін атқарды.
Әдебиет саласында өз қабілеті мен дарынын поэзия, проза, публицистика саласында анық танытқан Қайнекей Жармағамбетов бастапқы қадамын өлеңнен бастады. Оның қаламынан жыр боп туған алғашқы өлеңдерінің бірі – «Ана хаты» деп аталады. Соғыс жылдарында ол «Кекті бала», «Ана мен бала», «Солдат хаты» тәрізді өлеңдері арқылы қаламы төселіп қалғанын байқатты.
Ақын қазақ поэзиясында жемісті еңбек етті.Қайнекей шығармашылығы десе, ең алдымен, айтатынымыз , ақынның баллада жанрына қосқан үлесі.Қайнекеидің балладаға баруына алдымен орыс классиктері С.Маршак, В.Гусев тәрізді кеңес ақындары тікелей түрткі болды. Дегенмен, Жуковский, Лермонтов балладалары оған әлеуетті әсерін тигізгені күмән келтірмесе керек. Оның осы жанрда жазған бірнеше өлеңі бар.Олардың қатарында : «Шыңдағы шамшырақ», «Сырлы тал», т.б. балладаларын айтуға болады.
Жармағамбетовтың жазушылық қызметі 1941 жылдан басталады. Оның алғашқы да «Біздің заман»(1950) және «Адам туралы аңыз» (1951) деген жинақтары шыққан.1951 жылы Әміре Қашаубаев туралы «Әнші азамат» деген повесть жазған. Ол бірнеше поэма, өлең, баллада жинақтарының авторы.
Ақын, жазушы, әдебиет зерттеушісі боп танылған Қ.Жармағамбетов аударма саласында И.С.Тургеновтің «Әке мен бала» романын, Пабло Неруданың бес поэмасын, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, сондай-ақ совет ақындарының бірқатар туындыларын қазақ тіліне аударған.
Шығармалары:
Жармағамбетов Қ. Шыңдағы шамшырақ. / Құрастырып, алғы сөзін жазған Б.Сахариев.- Алматы: Жазушы,1976.
Жармағамбетов Қ. Мұғалима: Поэма.- Алматы: Жалын,1982.
Жармағамбетов Қ. Азамат жолы: Прозалық шығармалары мен әдеби мақалалары.- Алматы: Жазушы, 1983.
Жармағамбетов Қ. Сәмбі тал: Балладалар мен өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1988.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Жәрімбетов Н. Сағыныш тойы : ақын Қайнекей Жармағамбетовтің 90 жылдығы туған жерінде кеңінен аталып өтті // Егемен Қазақстан.-2008.-26 қыркүйек.
Мұқатов Н. Оқырманы көп оқиғалы өлең: Көрнекті ақын Қайнекей Жармағамбетовтың балладалары туралы сыр // Жұлдыз.- 2006.-№11-12.
Мұқатов Н. Өрнегі бөлек өлеңдер: Ақын Қайнекей Жармағамбетов лирикалары туралы сыр- толғам // Ақиқат.-2006.- №10.
Жұмабаев Мағжан
(1893-1938)
Халқымыздың от- жалынды , зор таланттарының бірі, ескі күйреп, жаңа туған, аума- төкпе заманда өмір сүрген, ауыр тағдырды басынан кешкен, ақыры сталиндік репрессия кезінде мерт болған есіл боздақ ақын Мағжан Жұмабаев Солтүстік Қазақстан облысында іргелі, әйгілі шаңырақта 1893 жылы дүниеге келген. Алдымен Қызылжар медресесінде төрт жыл оқып, орталау білім көлеміндегі әртүрлі пәндерді игере келе арнайы араб, парсы, түрік тілдерін үйреніп, Шығыс әдебиетімен түпнұсқадан таныса бастайды. Одан әрі 1910 жылы Уфаға барып, білім беру деңгейі жөнінен сол кездегі жоғары оқу орны саналатын Медресе- Ғалияға түсіп,онда ұстаздық ететін атақты татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен, медресе шәкірті кәдімгі Бейімбет Майлинмен танысады. Бұлар үлкен- кіші демей бір- бірімен етене ұғысып, өзара пікірлес, мақсаттас, мүдделес тіршілік етіп, ғұмыр кешеді. Мағжанның талантын анық танып, келешегінен үлкен үміт күткен ұстазы Ғалымжан Ибрагимов оған Медресе- Ғалиямен қанағаттанбай оқуын әрі қарай жалғастыруға ақыл-кеңес береді. Мағжанның 1912 жылы Қазанда басылып шыққан «Шолпан» атты тұңғыш жинағына демеуші болған да осынау татар әдебиетінің классигі еді.
Мағжан Жұмабаевтың өз кезіндегі, өз келесіндегі, өз қатар- құрбыларының арасындағы әдеби оқу- білігі терең, эстетикалық талап- талғамы биік ақын болып қалыптасуына, біріншіден, Медресе- Ғалиядан кейін орыстың Сібір университеті атанған Омбы мұғалімдер семинариясында (1913-1917), одан әрі араға бірнеше жыл салып, Мәскеудің әйгілі В.Брюсов жетекшілік ететін әдебиет-өнер институтында оқуы (1923-1927) себеп болса, екінші жағынан, 1909 жылы Петербургте жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағымен танысуы, аса білімді қаламгер әрі қайраткер Міржақып Дулатовтан дәріс алып, үлгі- өнеге үйренуі- орыс әдебиетіне, жалпы Еуропа мәдениетіне қанығуы шешуші себеп болғаны сөзсіз.
Мағжанның көзі тірісінде барлық көркем шығармалары жинақталып,тұтас топталып басылып көрген емес.Бұл шаруа Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта іске асырыла бастады.Ақынның ең көлемді кітабы, канонды нұсқа деп қарауға болатын еңбегі-1923 жылы Ташкентте « Мағжан өлеңдері» деген атпен шыққан жинақ. Жинақта «Батыр Баян», «Қорқыт», «Ертек» поэмалары, «Тоқсанның тобы», әр түрлі басылымда шыққан өлеңдері бар.
Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағар-
тушылық, ұлт- азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны «хакім» деп атады, ұлы ақынның «мың жыл жұтса дәмі кетпес» сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабаев ел ішін-
дегі әлеуметтік мәселелерді көтерді («Шын сорлы»), халқын өнер білімге шақырды («Ләззат қайда?», «Жазғы таң», «Өнер- білім қайтсе табылар», «Балалық шақ», «Қазағым», «Қарағым», «Осы күнгі күй», «Мен сорлы»). Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады («Жас келін», «Зарлы сұлу», «Сүйгеніме», «Алданған сұлу»). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан демі біткенге дейін Мағжан ұлт- азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті.
Ақын шығармасының үлкен бір арнасы – халыққа білім беру, педагогика саласы. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика» (1922,1923), «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» (1925) еңбектерін жариялады.
Жұмабаев аударма саласына да үлкен мән берді. И.Гете, Г.Гейне, Әбу Фирас,А.В.Кольцов, М.Ю.Лермонтов, А.А.Фет, А.А.Блок, т.б.өлеңдерін, А.М.Горький, В.В.Иванов, Д.Н.Мамин- Сибиряк, т.б. әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Таңдаулы прозалық шығармалар аударумен қоса Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді.
Кеңестік жүйенің қуғын- сүргінінің құрбаны болған Мағжан Жұмабаев есімін ақтау ісі 1958 жылы қолға алынды. Осы жылы ресми комиссия құрылып, ақынның таңдамалы лирикаларын жариялау жөнінде ұйғарым жасалды.Бірақ одан нәтиже шықпай, Мағжан шығармалары басылмай қала берді.1960 жылы Түркістан әскери округінің әскери трибуналының алқасы шешімімен Жұмабаев толығымен, біржола ақталды. Жұмабаев есімі ақталса да ол жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы мен ғылыми мекемелерге хабар-
ланбады. Осылайша, Қазақстан халқы ұзақ уақыт бойы Жұмабаев шығармаларымен жете таныса алмай келді.Түркияда ақын кітаптары жарық көргенімен, олар қазақ оқырмандары қолына тимеді.Сөйтіп Мағжан шығармалары 1989 жылы ғана жарық көре бастап, туған халқының қолына тиді. Жұмабаев есімін мәңгі есте қалдыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылды. Алматы және Петропавл қалаларында бір- бір көшеге ақынның есімі берілді. Петропавл қаласында және ақынның туған аулында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстанның бұрынғы Булаев ауданы 2000 жылдан Мағжан Жұмабаев ауданы болып аталды.
Шығармалары:
Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы.-Алматы: Жазушы,2002.
Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы.-Алматы: Жазушы,2008.
Жұмабаев М. Шығармалар жинағы.-Алматы: Жазушы,2002.
Жұмабаев М. Таңдамалы: Өлеңдер, поэмалар, зерттеулер, аудармалар.- Алматы: Ғылым,1992.
Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер.- Алматы: жазушы,1989.
Жұмабаев М.Педагогика: (Баланы тәрбие қылу жолдары).- Алматы: Рауан,1993.
Жұмабаев М. Шығармалар: 3 томдық.- Алматы: Білім,1995.
Жұмабаев М. Батыр Баян: Өлеңдер, поэмалар.- Астана: Елорда,1998.
Жұмабаев М. Сен сұлу: Махаббат жырлары.- Алматы: «Ол-Жас Баспасы»ЖШС,2009.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Елеукенов Ш. Мағжан: Өмірі мен шығармагерлігі.Оқу құралы.- Астана: Астана –полиграфия, 2008.
Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан: Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы хақында.- Алматы: Ана тілі,1998.
Қаһарманұлы Ғ. Жәжеке: Естеліктер мен деректер.- Алматы: Қазығұрт, 2005.
Оразбек М. Ақындық тұлға табиғаты. –Астан: Фолиант, 2002.
Тайшыбай З. Мағжанның қызылжары : Зерттеу.- Астана: Астана- полиграфия, 2008.
х х х
Жанұзақова Қ. Ақынның көңілінің көкжиегі: М.Жұмабаев прозасындағы романтика- символистік сарын // Жалын.-2010.-№5.
Күмісбаев Ө. Мағжан Жұмабаев және араб поэзиясы // Қазақ әдебиеті.-2008.-4 сәуір.
Қабдолов З. Мағжан Жұмабаев (1893-1938) // Таң-Шолпан.-2007.-№1.
Қамарова Н. Мағжан поэзиясының бейнелілігі // Ұлағат.-2008.-№3.
Қанарбаева Б. Шығыс және Европа символизмі Мағжан поэзиясында
//Қазақ өркениеті.-2008.-№3.
Мүтиев З. М.Жұмабаевтың қазақ лирикасын зерттеудегі ізденісі //Жұл-
дыз.-2010.-№1.
Сүлейменов Ж. Мағжанның бойында біртұтас қазақ халқының рухы тұр //Айқын.-2009.-26 маусым.
Жұмаділов Қабдеш
(1936)
Қазақ прозасы тарихында өшпестей із қалдырған қаламгерлер қатарында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділовте бар. Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі Малдыбай бұлағы деген жерде дүниеге келген. 1944 жылы Малдыбай қыстауына жақын Сібеті деген жердегі әкесі Жұмаділ салдырған төрт сыныптық бастауыш мектепке сегіз жасынан барғанымен, емтихан алғанда әліппені тақылдап оқып, қисса, дастандарды жатқа соққан баланы бірден екінші сыныпқа қабылдайды.Үшінші сыныптан бастап дін сабағын да қосымша оқытады.Сөйтіп, Сібеті мектебін 1947 жылы үздік бағамен бітіріп, әрі қарай оқуды 1949 жылы Шәуешек қаласында жалғастырады.
Қ.Жұмаділов әдебиетке өлеңмен келген қаламгер.Болашақ жазушының «Шыңжаң»газетіне жіберген алғашқы шығармасын сол тұстағы газет қызметкері, қазіргі белгілі ақын Оразақын Асқар ұнатып, газетке дайындап береді. Тұңғыш жарияланған осы өлеңнен кейін аймақтық «Тарбағатай» газеті мен өлкелік «Шұғыла» журналына үзбей өлеңдері жарияланып тұрады.Ал тұңғыш прозалық шығармасы 1956 жылы «Шұғыла» журналына жарияланған «Жамал» атты әңгімесінен басталады. 1956 жылы шетелге оқуға жіберу үшін Шәуешек қаласына екі орын бөлінеді.Соның бірі үздік оқушы болғандықтан Қ.Жұмаділовке бұйырады. Сөйтіп, арнайы өкімет жолдамасымен Қазақстанға келіп оқуға түседі. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 2-курсын аяқтаған бетте 1958 жылғы елдегі науқанға байланысты шетелдегі студенттерді де Қытай өкіметі қайта шақыртып алады. Қытай қазақ әдебиетінің талантты ақын- жазушылары түгелге жуық «ұлтшыл», «оңшыл» болып аталып, жер аударылып, «улы» кітаптар өртеліп, газет- журналдар жабылды. 1949 жылдан басталып, оқтын- оқтын жүргізілген жоғарыдағыдай әрекеттер енді «стиль түзету» науқанына ұласып, соңы жаппай коммуналастыруға тіреді.Қызу науқан кезінде болашақ жазушы өзіне жабылған жаланың бәріне дәлелді жауап айтса да оны «еңбекпен өзгерту лагеріне» жібереді.Сөйтіп, жазушы өмірі 1958-1962 жылдары қуғын-сүргінге айналады.
Осы уақытта ол Кремльге жүздеген адамның қолын қойғызып, өз атынан және Шәріп Ақышев деген нағашысы атынан оншақты рет хат жолдайды. Шәуешектегі орыс консулдығына кіріп, оған келген жауаптармен танысады. Сол кезде Қ.Жұмаділовке елдің сенім артуының бір себебі оның жас жазушы деген атағына қоса, екі жыл Алматыда оқып, кирилица мен орысшаны жақсы меңгеруі себеп болады.1962 жылы шекара ашылған бетте бас- аяғы жиырма күннің ішінде Шәуешек маңындағы қалың ел үдере көшіп Қазақстанға өтеді. 1962 жылы ол өлкені біржола тастап, шекара маңындағы тұтас көтерілген елді бастап, бергі бетке өтіп кеткеннен кейін Қ.Жұмаділов Қазақ ұлттық университетіндегі үзіліп қалған оқуын қайта жалгастырады. 1965 жылы университетті бітірген соң, әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде, сосын 1967 жылы «Жазушы» баспасының проза бөлімінде аға редактор болып жұмыс істейді,1976-1981 жылдар аралығында мемлекеттік баспасөз комитетінде қызмет атқарады. Ал 1981 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін тек шығармашылық жұмыспен ғана айналысып келеді.
Әдеби қызметін Шәуешек гимназиясында бастаған жазушының жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шықты.Осыдан кейін жазушы бірыңғай проза жазуға ойысқан. «Қаз-
дар қайтып барады» алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман туды.
Романдарының дені тарихи тақырыптарға арналған. Бірақ Қ.Жұмаділов романдары тарихи құжаттарды тізбелеу емес, қазақ тарихының алмағайып кезеңдерінің көркем шежіресі іспетті деуге толық негіз бар.Мысалы, екі томдық «Дарабоз» романында ХҮІІІ ғасыр, яғни Ш.Уәлиханов «қаһармандық дәуір» деп атаған кезеңнің бұрын сөз болмаған шындығы бас кейіпкер Қабанбай батыр бейнесі арқылы анықталса, «Прометей алауы» атты романында жоңғар шапқыншылығынан кейін дағдарысқа түскен дін уағыздаушыларының қайраткерлік жолы Ақтайлақ би арқылы сомдалады. «Тағдыр» романында Шыңжаң өлкесіндегі (Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары) қазақтардың ежелгі атамекеніне қоныстану тарихы Қытайдағы екі мың жылдан аса уақыт өмір сүрген монархиялық патшалық өкіметтің 1911 жылға дейінгі тарихи жағдайларымен байланысты күрескер тұлға Демежан арқылы өрбісе, «Соңғы көш» романында 1911 жылдан кейінгі қазақтың тәуелсіздік жолындағы алашшыл идеясы негізге алынады.
Жазушының үлкен аталары- тарихта болған адамдар. 1690 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлікпен қаза тапқан Бұқа батырдың жазушы оныншы ұрпағы екен.Ал Бұқа батырдың немересі, төртуыл еліне ұран болған Баймұрат батыр жазушының немере ағасы болады. Сондықтан жазушы шығармаларындағы өзек болған тақырыптың көпшілігі өз басынан өткен шытырман оқиғаларды қамтыса, бірқатары өз ата- бабалары да тікелей қатысқан жоңғарға қарсы азаттық соғысына, сондай- ақ Қытай жеріндегі қазақ руларының Маншың әскери бақыншыларымен және де сондағы ойраттардың қалдығымен үздіксіз шайқасы, Ресей мен Қытай Қазақстан жерін еншілеп, шекара бөліскен кездегі тарихи оқиғалар жазушы құлағына жастайынан сіңісті болғандықтан, тарихи романдарының негізгі өзегіне айналған.
Кейінгі кездері жазылған «Тұл дүние», «Тозақ оты», «Найман- Ана ескерткіші», «Абылайдың ақырғы батыры», «Аранға түскен арулар» атты тарихи хикаяттарында да қамтылатын оқиғалар қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға көркемдік қызмет атқарып тұрғандығын айту ләзім.
Қ.Жұмаділовтің 2003-2005 жылдары жарық көрген 12 томдық таңдамалы шығармаларының құрамын 10 роман, бір том әңгіме- повестері, бір томын проблемалық мақалалары құрайды. Он романның «Көкейкестіден» басқасы таза тарихи тақырыптарға арналған, басқа шығармаларында қазіргі дәуір дидары, замандас бейнесі, дүниетаным иірімдері әр қырынан ашылады.Жазушының «Саржайлау» (1977), «Бір түп тораңғы» (1981), «Сәйгүлектер» (1982), «Қарауыл» (1983), «Бір қаланың тұрғындары» (1984), «Тұл дүние» (2003) сияқты повесть- хикаяттары мен «Көкейкесті» (1968), «Соңғы көш»(1974,1981), «Тағдыр» (1988), «Дарабоз» (1994,1996), «Таңғажайып дүние» (1999), «Прометей алауы» (2001), «Қылкөпір» (2002), «Атамекен» (2003) атты романдары қалың жұртшылыққа кеңінен танымал.1960-1990 жылдары жазылған алпыстан астам әңгімелері мен жүзден астам мақалаларының орны бір төбе.
Шығармалары:
Жұмаділов Қ. Он екі томдық шығармалар жинағы.-Алматы: Қазығұрт, 2003.
Жұмаділов Қ. Екі томдық таңдамалы шығармалар.- Алматы: Жазушы,1989.
Жұмаділов Қ.Саржайлау: Повесть және әңгімелер.- Алматы: Жазушы,1978.
Жұмаділов Қ. Соңғы көш: Роман.- Алматы: Жазушы,1981.
Жұмаділов Қ. Шарайна: Роман, повесть және әңгімелер.- Алматы: Жалын,1982.
Жұмаділов Қ. Сәйгүлектер: Повесть.- Алматы: Жазушы,1984.
Жұмаділов Қ. Атамекен: Роман.- Алматы: Жалын,1985.
Жұмаділов Қ. Тағдыр: Роман.- Алматы: Жазушы,1988.
Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние: Ғұмырнамалық роман.- Алматы: Тамыр,1999.
Жұмаділов Қ. Қалың елім, қазағым... Пікірлер,ойлар, толғаныстар.- Алматы: Қазақстан, 2000.
Жұмаділов Қ.Прометей алауы: Роман және әңгімелер.- Алматы: Атамұра, 2002.
Жұмаділов Қ. Бір ғана ғұмыр: Әңгімелер.- Алматы: Атамұра, 2004.
Жұмаділов Қ. Мәңгілік майдан: Хикаяттар, әңгімелер, сыр- сұхбаттар.- Алматы: Полиграфкомбинат ЖШС, 2008.
Жұмаділов Қ. Дарабоз: Тарихи роман- дилогия.-Алматы: Ан Арыс, 2009.
Жұмаділов Қ. Аранға түскен аққулар: («Алжирде» жазықсыз жапа шеккен арулар жайлы тарихи хикаят) // Жұлдыз.- 2011.-№1.
Жұмаділов Қ. Абылайдың ақырғы батыры: (Бердіқожа батыр туралы) //Жұлдыз.-2010.- №2
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Ақатаев С. Ақыл мен айла айқасып: ( Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы туралы) // Ақатаев С. Тереңнен тартқан тамырлар.- Алматы,1988.
Қазыбеков Н. «Соңғы көштің» қара нары // Қазыбеков Н. Ой таразысы: Сын мақалалар.- Алматы,1991.
Сыдықов Т. Жүк ауырын нар көтерер немесе «Дарабоз» романы қалай аяқталды // Сыдықов Т. Өңінде тұлпар мінгендер.- Алматы, 2004.
х х х
Егеубай А. Ұлттық тарихи сана әліппесі //Әдебиет айдыны.-2006.-29 маусым.
Жұмаділов Қ. Ол да бір қызық: Жазушының өзінің шығармашылығы мен замандастары туралы естелігі) //Әдебиет айдыны.-2007.-25 қазан.
Зайкенова Р. Зарлы шындық жыршысы // Жұлдыз.-2011.-№ 4.
Зайкенова Р. Қарасаз дарабозы: (Жазушы Қабдеш Жұмаділов) //Егемен Қазақстан.-2011.-23 сәуір.
Сағындықұлы Ә. Қазақ қара сөзінің дарабозы Қазақ әдебиеті.-2011.-22 сәуір.
Ілиясұлы Қ. Қаламгерге төнген қатерлер: (Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов-75 жаста) //Жас алаш.-2011.-26 сәуір.
Жиенбаев Сағи
/1934-1994)
Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт аулында туған.1955 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, Жезқазған қаласында мұғалім болып қызмет істеді.Сол кезде өлеңдері республикалық баспасөзде жариялана бастады.1956 жылдан бірыңғай әдеби жұмыспен айналысты. «Қазақ әдебиеті», « Қазақстан пионері» газеттерінде, « Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болды. Көп жылдар «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарды.
Тәкәппар таулар жол бөгеп,
Тотықпай жүзің жел, күнге,
Көкала шыңнан өрмелеп,
Көктемім, аман келдің бе?
Қолына қалам ұстаған ақынның көктем туралы тебіренбегені кемде- кем шығар- ау. Сағи Жиенбаевтың көктемге деген сағынышы, ілтипаты тіпті бөлек.Көктемнен күтері де көп еді. 60 жылдық ғұмырында 60- қа тарта кітап жазған ақынның кез- келген жинағында көктем туралы кемінде оншақты өлең бар.
Көктем- табиғаттың жастық шағы.Жастықтың жігерлі келетіні, жалынды болатыны, өршіл екені, алапат күшке иелігі рас. Мұндай қасиеттер Сағидың бойында да бар еді. Ол өрлік пен тәкәпарлықты азаматтықтың аясынан асырмады. Бойындағы тасып тұрған тасқынды жырға берді.Көктемнің қытымырлығы мен өрлігін өлеңіне сіңіріп, шуағын оқырманға сыйлады. Сағи жырлары жасындай жарқыл қағып, оқырман жанын нұрға бөлеп, сырға кенеп тұрады.Көктем мен Сағиды бөле- жарып қарауға болмайды. Сағи өмірдің өз жыршысы. Өмірді әлем- жәлем етіп боямай, осылай болады- ау деп болжамай қаз- қалпында жырлайды.
1959 жылы Сағидың тұңғыш кітабы «Қарлығаш» жарияланды. Оның алдында шыққан «Жас қанат» деген жас ақындардың кітабында Сағидың жуық өлеңдері жарық көрген болатын. Соған, одан кейінгі «Жырға сапар» кітабына заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп болашағынан үлкен үміт күткен бес- алты ақынның бел ортасында Сағиды да атады.Оның өлеңдеріне зор сүйіспендік білдірді.
Сағи өлеңге мол біліммен, көп дайындықпен келді. Арзанға қол созбады.Маржан жырларды көп жазды.Оның көкірегінен тек қана шуақты, қуатты, сәулелі,мәуелі жырлар төгілді.Ол кітаптан кітапқа өсті.Елдің махаб-
батына дер кезінде бөленді.Өз замандастарының жақсы көріп оқитын ақыны болды.Өзі көзі ашып көрген өмірдің бәрін жырына қосты.Әсіресе , Отан соғысы кезіндегі ел тұрмысын ерекше бір сезіммен тебірене жырлады.
Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,
Талпындырып сәбиді,серпілдіріп.
«Келер ме екен көкешің, құлыншағым,
Оң аяғын көтерші»- дейтін күліп.
Көзін алмай барлығы тынып іштен,
Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.
Қыбыр етсе баланың башпайлары,
Кетіндей жуылып күйік іштен.
...Әлгі бала талпынып тұрған күліп,
Жалғыз өзі маңайын нұрландырып.
Көтеретін бір кезде оң аяғын,
Үйдің ішін мәз- мейрам, думан ғылып.
Бұл өлеңде елдің сол сұрапыл соғыс кезіндегі көңіл- күйі әсем жырланады. «Соғысқа кеткендер аман келсе екен» дейтін халықтың арман –тілегін осы бір елдің ертеден келе жатқан ырымымен Сағи соншалық әдемі үйлестіріп еді.
Сағи өлеңдері салиқалы ойға, терең тебіреніске, ыстық сеззімдерге толы. Өз оқушысын Сағи жыр сиқырымен баурап ала жөнелетін.Өзі сүйінген , өзі құптаған дүниесіне оқырманын да сүйсіндіретін.Құлын сезімді жырлар, тас бұлақтай таза көңіл, атаның мейірі,ана махаббаты- Сағи жырларының үзілмейтін арқауы, алтын діңгегі.
Сағи тек ақын ғана емес,Сағи эпикада да поэзия көшінің алдыңғы жағында жүрген дүлдүл еді.Оның лирикалық поэмалары ерекше айтылар дүние.Сағи поэмалары көлемі жағынан үлкен болмағанмен, айтары мол ләззаты көп, кісіні тереңге немесе биікке қарай жетелейтін тәлімді дүниелер. Оның «Ұста», «Орамал», «Ат тұяғын тай басар», «Алтын қалам», «Әлия», «Ән туралы аңыз», «Ақын» атты лирикалық поэмалары әрқайсысы бір зерттеуді күтіп тұрған маржан дүниелер.
Сағи Жиенбаев драма саласында да еңбек етті. Оның қаламынан туған «Еңлік- Кебек», Б.Аманшин ақынмен бірігіп жазған «Махамбет» либреттолары да кесек дүниелер еді.Осы оқшау шығармаларымен де Сағи абырой тұғырына көтерілді. Сағидың аса бір ізеттілікпен ынта қойып істеген еңбегі оның аудармалары.Ол Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Туманянның, Ғамзатовтың көп шығармаларын ана тілімізге аударды.Оның аудармалары өзі жазған өлеңдеріндей сыңғырлап тұратын.
Өлеңнің хас шебері Жиенбаев Сағи туралы айтқан кезде оның әндерге жазылған өлеңдерін де ерекше құбылыс деп бағалаған жөн. Композитор М.Маңғытаевтың музыкасына жазылған «Қазақстан» атты және «Қарттарым аман – саумысың» деп басталатын ( музыкасы Д.Жолжақсыновтікі) жырларын әнге жазылған өлеңдердің үлгісі есебінде қарауға болады.
Оның поэзияны өркендету, өсіру жолындағы қайратқа толы қызметін елі әр кезде шапағатпен еске алады. Иә, Сағи- ХХ ғасырда өткен біртуар поэзия өкілдерінің қатарынан ойып орын алатын ақындарымыздың- бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |